МҰСТАФА ШОҚАЙ ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫН ҚОЛДАМАҒАНЫ ҮШІН ӨЛТІРІЛДІ

Бүгінге дейін Мұстафа Шоқай неміс басқыншыларымен бірге жұмыс істеді деп айыпталып келгенін білесіз. Осы дерек бойынша көп жылдар бойы мұрағат қопарған ғалымдар ештеңе таппады. Соңғы кездері Польшаның мұрағаттарына көбірік көңіл бөлінді. Алайда ол жерден де Мұстафа Шоқайдың сатқындығын көрсететін, яғни неміс басқыншыларымен бірге жұмыс істегенін дәлелдейтін ешбір құжат табылмады. Керісінше ғалымдар ол кісінің неміс басқыншылығына қарсы болғанын дәлелдейтін деректерге кезігіпті. Біз 2002 жылы осы мәселені көтеріп едік. «Мұстафаның нацист болғанын дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ» деген едік. Енді міне, араға тура 10 жыл салып барып, бұл пікіріміз дәлелденіп отыр. Көптеген деректер шығып жатыр. Мұстафа әлеміне қатысты ең үлкен жетістігіміз осы. 
Алайда сол қол жеткізген деректерді халыққа жеткізу жағы қиын болып отыр. Әлі де болса қоғамда М.Шоқайға қатысты түсінбеушіліктер бар. Бұрынғы, ескі пікірде жүрген адамдар да жетерлік. Том-том мұрағат ақтарып жүріп қол жеткізген құнды деректеріміздің кең көлемде таралмауы салдарынан еліміздің өткен жиырмажылдық мерейтойында Мұстафа Шоқайға қатысты ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жұмыстар атқарылған жоқ. Жиырма жылдықты тойлауға қатысты жасалған ұлттық жоспарда да ештеңе айтылмады. Тек, бір-екі жоғарғы оқу орындарында ғылыми конференциялар өткені болмаса. 
– Бұл нені көрсетеді? Бәлкім, Мұстафа Шоқай туралы шындықты әлі білмей келе жатқан шығармыз? Әлем таныған тұлғаны өз елімізде таныта алмауымызға не кедергі? Өз елінде – қазақ топырағынан шыққан зерттеушілері жоқ па?
– Зерттеушілер бар. Басында айтып өттім, тек халық арасында насихатталмай жатыр. Халықтың таным-түсінігі кеңестік идеялогиядан арылмай отыр. Әрине, оған уақыт керек. Бірақ уақыт керек деп қарап отыруға тағы бомайды. Зиялыларымыз жұмыс жасауы керек. Олар ұлттық сана, ұлттық тарих үшін жұмыс істеуі қажет. Мұстафаға Қызылордадан басқа жерге ескерткіш қойылған жоқ. Мектеп оқулықтарына да кіргізілгенін байқай алмай жүрміз. Расында, әлем таныған Мұстафа Шоқайды қазақтың өзі танымайды деуге болады. Мысалы, 2010 жылы Парижде Мұстафаға арналып аллея ашылып, алып мүсін қойылды. Сондай мүсін Қазақ елінің астанасында неге жоқ? Әлде лайық емес пе? Өткен 20 жылдықта осындай мәдени шара болама ма деп күткен едік. Өкінішке қарай, олай болмады. Азаттық идеясын ту етіп ұстаған осы бір азаматтың есімін Алаш даласында жаңғырту үшін қазақ зиялылары, ақын-жазушылары қалам тербеуі керек. Телеарналардан жиі айтылып, деректі фильмдер көрсетілуі қажет. 
– Өткен жылдары М.Шоқайдың өмірінен сыр шертетін көркем фильм түсірілген жоқ па?
– Иә, түсірілді. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мұстафа Шоқай атты жақсы фильм жасады. Бірақ ол да жеткіліксіз. Бір ғана көркем фильммен, айналасы бірнеше сағаттық лентамен өмір жолы өте бай тұлғаның тарихын түгел көрсету мүмкін емес. Оның үстіне режиссердің өз көзқарасы, шығармаға беретін реңктері болады. Тарихи фактілерден ауытқулар болады. Ол көркем туынды болып шықты. Тарихи фильм емес. Мұстафаның өмір жолы, күресі, таным-түсінігі қазақтың санасын ашады. Осыны түсіне алмай келеміз. Тәуелсіздік деген ұғымның қасиетін түсіндіреді. Ұлттық сана дүркіретіп той өткізумен оянбайды, қалыптаспайды. Тәуелсіздіктің басы сонау ата-баба арманында жатқанын, берісі М.Шоқай мен Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларында жатқанын түйсінбейінше, ештеңе өнбейді. Олар не үшін құрбан болды? Не үшін, кім үшін күресті? Әрине, қазақтың азаттығы үшін. Шетте жүрсек те біз осыны түйсініп өстік. Олай болмаған күнде, ұлттық сана мен сана тәуелсіздігі қалыптаспайды. 
– Жалпы, сіз сана тәуелсіздігі жайында көп айтасыз. Бұл өзі сонда нені білдіреді?
– Кез келген ұлттың болашағы жастарға аманатталады. Мұстафа Шоқай да «Жас Түркістан» деп атқа қонып, елдің болашағын жастардың қолына аманат еткісі келді. Ол үшін жастардың, болашақ ұрпақтың санасы тәуелсіз болуы тиіс. Қазақ халқы жеке ел болып, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болып отыр. Осыдан 20 жыл бұрын Кеңес Одағынан босап шықтық. Сөйтіп, саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бірақ сана тәуелсіздігіне әлі қол жеткізе алған жоқпыз. Сана тәуелсіздігі дегеніміз – халықтың өз-өзіне сенуі, болашағына сеніммен қарауы. Өз халқының басқа ешбір халықтан төмен емес екенін сезінуі. Халық өзіне толық сенген жағдайда ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Өйткені өзіне сенген халық тіліне, діліне, мәдениетіне, ғылымына, салт-дәстүріне, тіпті елдің экономикасына ерекше қарап, оны әлемдік деңгейге көтеруге тырысады. Ал сана тәуелсіздігі болмаған халықта өзіне сенбеушілік пайда болып, болашағын өзге халықтардан, өзге елдерден іздейтін болады. Айталық, ондай жағдайда халық өз ұрпағын қаршадайынан ана тілінде емес, шет тілдерінде тәрбиелей бастайды. Сөйтіп, ұлын, қызын немесе немересін жат тілдегі балабақшаларға береді. Тіпті бұғанасы қатпаған баланы Лондонға апарып тәрбиелегісі келеді. Біз бұл жерде ана тілін судай білген жеткіншек балалардың шет тілінде немесе шет елдерде білім алуын айтып жатқан жоқпыз. Біз ана тілін білмей жатып, өзге тілдерге елігіп жатқандар туралы айтып отырмыз. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың дені осындай деңгейде. Жастарды ояту керек. Санасы тәуелсіздік алған халық бүкіл күш-қайратын тек өз елінің өркендеуіне ғана жұмсайды. 
Санамыз ғана емес, төл тарихымыз да тәуелсіздік алған жоқ. Әлі күнге дейін ұлттық иедеялогияға негізделген қазақ тарихы жазылған жоқ. Сол кеңестік сүрлеумен келеді. Бір ғана мысал, біз Екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы отан соғысы дейміз. Бұл – кеңестік көзқарас. Ол – Ұлы Отан соғысы емес екінші дүние жүзілік соғыс. Күллі әлем осылай дейді. Кеңес Одағы біздің Отанымыз емес. Оны мойындау керек. Кеңестер Одағы біздің Отанымыз болса неге жеке ел болып, тәуелсіздік алып, бөлек шықтық? 
Сонау 1917 жылы Алаш арыстары Алашорда үкіметінің негізін қалады. Кеңестер Одағы оны белінен басты. Кейін Мұстафа Шоқай Түркістан муфтариатын құрды. Оны да жоқ қылды. Кеңес билігі бізге зорлықтан таңылған үкімет. Оны біз ешқашан мойындамаймыз. 
– Сонда кеңес армиясында жүріп, шахид болған азаматтарымыз босқа қаза тапты ма? Олар сонда кім үшін жанын қиды?
– Олай емес, олар босқа өлген жоқ. Алғы шепте жүріп, ажал құшқан боздақтарымыз – нағыз батырлар! Кезінде Кеңес Одағын «Отанымыз» деп санадық. Майдан даласында жүрген боздақтарымыз да: «Отан үшін алға!», – деп жан тапсырды. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Ол соғысты кейінгі ұрпаққа Ұлы отан соғысы емес, екінші дүние жүзілік соғыс деп оқытуымыз керек. Еліміз жеке ел болып, тәуелсіз болған тұста кері шегініп, қанау мен тонаудан аса алмаған сол бір қоғамды аңсап, бодандықты қайта дәріптеудің қажеті қанша? Соғыс қазақ даласына жеткен жоқ. Орыс халқымен бірге қазақ жауынгерлері соғыс оты шарпыған мемлекеттерді азат етті деп тануымыз қажет. Болашақ ұрпақты кеңестік жүйенің қазіргі қалдығы – Ресей мемлекеті осы ерлігіміз үшін түркі халықтарына қарыздар деп оқыту қажет. Керек болса, фашизм лаңынан құтқарғанымыз үшін күллі Еуропа халқы қарыздар деп сезінуіміз керек емес пе?
– Тарихи қателіктер дегеннен шығады, Түркістан легионы туралы, әлі де болса, түсініксіз жайттар көп. Легионда болған азаматтар Отанына сатқындық жасады деген түсініктен арылмай келе жатқандаймыз…
– Сіздің не айтқыңыз келіп отырғанын жақсы түсініп отырмын. Соғыс кезінде күллі одақ аясында болған 17 мемлекеттен барлығы екі миллионнан астам адам немістердің тұтқынына түсті. Олардың тең жартысы немістің өлім лагерьлерінде азап пен аштықтан, әр түрлі аурудан ажал құшты. Ал тірі қалғандары амалсыздан Түркістан легионына кірді. Легионда қазақтан басқа да көптеген халықтардың өкілдері болғанын білесіз. Легионға қатысқандар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қылышынан қаны тамып тұрған Сталин билігі кезінде кеңестік армия қатарына алынып, өз туған жерінен мыңдаған шақырым алыста жүріп соғысты. Бақайшағына дейін қаруланған неміс әскерлеріне қарсы болды. Қырылғаны қырылып, тірі қалғаны немістің тұтқынына түсіп жатты. Ал одан кейін немістер оларға: «неміс әскері боласыңдар, Түркістан легионына қатысып, туған елдеріңе тәуелсіздік алып бересіңдер. Жеңіске жетсек, Түркістанға тәуелсіздік алып береміз», – деп Кеңес өкіметіне қайта қарсы салды. Ақырында соғыс аяқталды. Әлемде тыныштық орнады. Бірақ легионға қатысқандардың азабы онымен бітпеді. Олар соғыс тұтқыны емес, сатқын атанып, Сталиннің құрығына ілінді. Тірі қалу үшін шет елде қалудың жолын іздеп, шарқ ұрды. Адам айтқысыз жағдайларда өмір сүрді. Оларды ұлтына қарсы соғысқан адамдар деп қарауға болмайды. 
Шындығына келгенде, неміс басқыншылары оларға тәуелсіздік бермейтін еді. Оны тарихи деректер де растап отыр. Германияның Сыртқы істер министрлігінің мұрағаттарында Гитлердің Орталық Азия халықтарын ешқашан тәуелсіз ел қылмау туралы құжаттары сақтаулы тұр. Олардың мақсаты – Орталық Азия халқын қызыл жүйеден де әрмен қанау еді. Бірақ кейбір азаматтар бұл уәдеге сенбеді. Солардың бірі – Мұстафа Шоқай болды. Оған немістер Түркістан легионының қолбасшылығын ұсынды. Бірақ ол бас тартты. Өйткені фашизмнің жымысқы саясатын білді. Легионға қатыспады. Бас тартып, үйіне қайтып бара жатқан тұста уланып қайтыс болды. Өкінішке қарай, кеңес уақыты кезінде М.Шоқай бабамызға орынсыз күйе жағылды. Оны халық жауы ретінде насихаттап жатты. Ол Түркістан легионын қолдамағаны үшін өлтірілді. 
– Тағы да сол Мұстафа Шоқай туралы. Ол кісі Анадолы елін «Түркия – түркітілдес халықтардың екінші отаны» деп бағалаған екен. Екінші отанында тұрып жатқан қазақтардың қазіргі жай-күйі туралы айта кетсеңіз?
– Шет елдегі қазақтар дегенде, оларды екіге бөліп қарауға тиіспіз: Жақын шет ел қазақтары және алыс шет ел қазақтары деп. Жақын шет ел қазақтарына Қазақстанмен шекаралас – Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан сияқты елдердегі қаракөздер жатады. Алыс шет ел қазақтары деп Иран, Түркия және Германия, Ұлыбритания, Франция сияқты Еуропа елдеріндегі қандастарымызды айтамыз. Соның ішінде Түркиядағы қазақтар да бар. Бұлардың проблемалары, кемшіліктері немесе артықшылықтары да екі түрлі. Атап айтқанда, жақын шет ел қазақтарының сан басымдығы жоғары. Олар жүз мыңдап, тіптен миллиондап саналады. Сол себепті олардың тілдік проблемалары аз болады. Алайда экономикалық және саяси қиыншылықтары да жетерлік. Олар үшін Қазақстанға барып-келу де кейде қиынға түсіп жатады. Ал алыс шет ел қазақтарының ондай проблемалары жоқ деуге болады. Қазақстанға қашан, қай уақытта келем десе, жол ашық. Емін-еркін келіп-кетіп жүр. Олар дамыған демократиялық елдерде тұрады. Бірақ қазіргі уақытта олардың ана тілі мен ұлттық мәдениетіне қауіп төніп тұр. Бұл Түркия қазақтарына да қатысты болып отыр. Жас ұрпақ ана тілінен жұрдай болып өсіп келеді. Түркиядағы қазақтардың саны аз. 70 миллион халқы бар елде небәрі 10-15 мың қазақ өмір сүруде. Тұрмыс-тіршіліктері жақсы дегенмен, бұл жақтағы қазақтардың саяси рөлі көздеген деңгейден көп алыста жатыр. 
– Шеттегі қандастарымызды жақын арада Отанына әкелмесек, олардың ертеңгі тағдыры қалай болуы мүмкін?
– Ал алыс шет ел қазақтарының бірін қалдырмай көшіріп әкелгеннің өзінде де олардың ұлттық демографияға қосар үлесі жоқтың қасы. Одан Қазақстанға пайда жоқ. Керісінше, сол орынды қазақ ретінде сақтап қалу үшін күресу керек. Олардың барлығы дамыған еуропалық елдерде тұрады. Ол жердегі қазақтарды сол елдің саясатына ықпал ететін жағдайға, Қазақстанның имиджін көтере алатын деңгейге шығарудың бағдарламалары жасалуы керек. Бұл тұрғыда жақын арада нақты шаралар қолға алынбаса, айналасы бес-он жылда сол елдерде аты мен келбеті қазақ болғанымен, заты мен рухы бөлек еуропалықтармен айналысуға тура келетін түріміз бар.
Бүгінде әлемде 15 млн. қазақ бар болса, соның 10 миллионы өз елінде, 5 миллионы шет елдерде жүр. Халқымыз бір Стамбулдың халқындай ғана. Ал жеріміз Түркиядан үш жарым есе үлкен. 300 млн. халық сыятын атамекеніміз бар. Сөйте тұра шетте жүрген бес миллионы қазақты көре алмаймыз. «Анау» дейміз, «мынау» дейміз. «Олар байдың тұқымы, қашқындар» дедік. Оларда бай жоқ. Мысалы, Түркияда тұратын қазақтар аш-жалаңаш, ауру-сырқаудан қырылып әрең жеткен екен Анадолы еліне. Ал келген қазақтың өзін «оралман» деп ат қойып, айдар тағып бөліп отырмыз. «Моңғолдық, қытайлық, өзбектік» деп. Қазақтың қазақтан айырмасы жоқ. Қазақ халқы – меймандос халық. Тіптен өңі түгілі түсіне де кірмеген халықтарды бауырына басты. 1953 – 1956 жылдары аралығында тың игеру деген желеумен екі миллионға жуық славян халықтарын әкеліп төкті. Солардың бәрін бауырымызға бастық. Солар үшін жағдай жасалды. Бас-аяғы бірнеше жылда осыншама адамды үймен қамтамасыз еттік. Ал жеке ел болған тұста, сол қазақ халқы бір миллион қазақты бауырына баса алмай отыр. Бұл аса өкінішті жағдай. 
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Бүркіт – НҰРАСЫЛ (Halyksozi Gazeti, 19.02.2012)

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/1261

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *