Қазақ тәуелсіздігінің үш тұғыры

– Әр елде түрлі-түрлі жағдайлар болып жатады. Осы тұрғыдан келгенде Батыстың ақпараттық кеңіс­тігінде Қазақстанның бет-бейнесі қалай жасалады?
– Батыстық ақпаратта қазіргі таңда Қазақстан жаңалықшыл, болашағы жарқын, халқы оқымысты ел ретінде сипатталуда. Әсіресе, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төра­ғалық етуі Қазақстанның иммиджін көтерді. Осы қызметімен Қазақстан еуропалық деңгейде саяси қадрларға ие екендігін дәлелдеді. Қазақстан республикасының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та тәжірибелі де білікті лидер ретінде аталады. Осы орайда Елбасы, әсіресе, бірқатар халықаралық ұйым­­­дарда көтерген ұсыныстары әлемдік бей­бітшілік пен қауіпсіздікке қосылған қомақты үлес­терімен көзге түсті. Осы орайда Назарбаевтың әлемде яд­ро­лық қаруларға тоқтау салған бірінші жетекші ре­тінде тарихи бағасы беріліп, ядролық қарусыз әлем үшін символдық тұлға ретінде дәріп­те­леді. Түркияда Н.Ә.Назарбаевты осы ерек­шеліктерімен қатар, Түркі дү­ниесіндегі ынты­мақтастықты нығайтушы президент ретінде ерекше бағалайды. Түрік зиялылары «бүгін­гі таңда бірлескен бір түркі мемлекеті болатын болса, оның жетекшісі Назарбаев болар еді» деп санайды.
– Еуропа қазақтарының рухани болмысы туралы не айтасыз? Есенғали ақын айтпақшы: «Әлгі дауыс әкемнің дауысы ғой, әкем даусын танымай, не көрінді?», – дегендей, ішкі шер-шеменге тұншығатын кездеріңіз бола ма? Жалпы Еуропадағы қазақ жас­тары­ның ұлттық, елдік сана-түйсігі қай деңгейде?
– Еуропа қазақтарының рухани болмысы әрі бай, әрі жұтаң дер едім. Олардың рухани жақтан бай болатыны еркін және дамыған елдерде жақсы білім алып жатқан жастары. Бірақ олардың ұлттық рухани болмысы осыған сай емес. Ендігі жасөспірімдер, әсіресе, қазақ тілін ұмыта бастады. Ұлт­тық салт-дәстүр мен мәдениеттен хабарсыз. Тіпті, кей­бі­реу­ле­рінің Қазақстан туралы түсініктері де аз. Бұл әри­не, олардың кінәсі емес. Оларға ұлттық рухани байлықтарды жеткізетін тетіктер болмай отыр. Сондықтан шетел қазақ жастарының қазақы болмыстарын қалпына келтіру туралы Қазақстан Ғы­лым және білім министрлігінің арнайы бағдарла­малар жасауы қажет сияқты. Егер батыс елдеріндегі қазақ жастарына өз орталарында алған білімдеріне қоса ұлттық ерекшеліктері туралы білім де берілетін болса, олар қазақтық қалпын сақтап қана қалмай, атамекендеріне де әртүрлі салада өзіндік пайдаларын тигізер еді. Атамекенін танымаған, ана тілін білмеген диаспорадан туған елдеріне пайда жоқ. Ең өкініштісі, шетел қазақ жастарының елдік сана түйсігін жоғалтпай сақтап қалуға бағытталған іс-шаралар жоқ. Бұл жағдай бізді алаңдататын ең бас-
ты мәселе.
– Қазақстанның қазіргі даму бағытын қай мәдениетке жатқызар едіңіз?
– Меніңше, қазірге дейін Қазақстан көбінесе батыстық үлгіде дамып келе жатқан сияқты. Бұл солай да болу керек еді. Өйткені, 1991 жылы тәуел­сіз­ді­к алған уақытта Қазақстан әр салада қиын жағ­дай­да еді. Қазақстанның ес біліп, етек жабуы үшін әлемдегі дамыған батыс елдерінің моделінде реформаларға бет бұруы заңды құбылыс. Мұны табысты жүргізді. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азияның жарқыраған жұлдызы деген атаққа ие болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан көптеген проблемаларын реттеген жерде. Бұдан былайғы саясат Қазақстанның өзіндік жағдайларына қарай, яғни батыстық және шығыстық бағыттың арасында қазаққа тән болатын сияқты. Мен мұны «этносаясат» деп атап отырмын. Яғни, қазақ халқының бодандық дәуірде бұзылған этномәдениетін өзге халықтарға қысым жасамастан қалпына келтіру саясаты. Бүгінге дейін Қазақстан экополитикалық және геополитикалық саясаттар жүргізді. Экономикасы мен аймақтық қауіпсіздігін қалпына келтірді. Енді кезек қазақ халқының ұлттық және мәдени ерек­шеліктерін қалпына келтіруде. Сонда Елбасы Назарбаевтың экополитика, геополитика, этнополитикадан құ­ралған үш тұғырлы еге­мен­дікті нығайту саясаты тәмамдала түседі. Өйт­кені, мосының үш бұтындай, осылардың біреуі түгел болмаса, егемендік ақсап қалады.
– Тәуелсіздігімізге жиырма жыл толды. Осы даталы күнге деген Сіз жақтағы қазақтардың көңіл-күйі…
– Құдайға мың да бір шүкіршілік айтамыз. Қазақстан 20 жылда көптеген жұмыстарды атқа­рды. Бір түрік ғалым ағамыз айтқандай, 20 жылда 80 жылда атқарылуға тиіс жұмыстар істелді. Азаттық радиосында істеген уақытымда, 1991 жы­лы, 16 желтоқ­сан күні Қазақстан тәуелсіздігін жа­рия­ла­ғаннан кейін батыстық саяси сарап­шылардың жазған мақалалары есімде. Олардың басым көп­ші­лі­гі Кеңес Одағының тәуелсіздігін жариялаған 15 рес­пу­блика ішінде Қазақстанның ең нәзік жағдайда еке­нін, оның тәуелсіз мемлекет құрылы­мының ұзақ­қа бармауының ықтимал екенін айтқан еді. Өйт­кені, көп ұлтты және басқару тәжірибесі жоқ Қазақстанның өз ішінде бүлінуі мүмкін деді. Құдайға шүкір, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білікті саясаттарының арқасында елде ешқандай эт­никалық жанжалдар, қантөгістер болған жоқ. Қайта әлемге ұлтаралық, тіпті, діндер аралық тату­лық­тың үлгісін көрсетіп берді. Міне, осындай жағ­дайлар шетел қазақтарын қуанышқа бөлейді. Қазақстанның қазіргі таңдағы Түркия мен батыс елдеріндегі жоғары беделі Еуропа қазақтары үшін мақтаныш болып отыр. Сондықтан 20 жыл­дықта Түркия қазақтарының көңіл-күйі көтеріңкі. Мұны Қазақстан мен Түркия арасындағы достық бай­ланыстарға үлгі боларлық дәрежеде тату қарым-қатынастар еселей түсті.
Сұхбаттасқан

Ырысбек Нұрсал. http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=98&CURENT&ARTICLE=2917

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *