Анадолыдағы ағайын

Ол кісі Түркия қазақтары осы күн­ге дейін той-томалақтарын қаза­қы дәстүрде өткізетіндігін баян етіп, сөз арасында баяғы көл-көсір дас­тархан, кеңпейілділік, қазақы ойын-сауықтың мұнда азайғаны турасында қынжылысын да жасырған жоқ. Әбекең қазақтың аса дарынды ұлдарының бірі Мұстафа Өзтүрік туралы сөз қозғап, осы өңірде Мұстафаның сөзіне жазылған кең тараған бір ән бар екендігін айтты. Әңгіме қызған шақта, Бешір Ахмет Көсе деген өнерпазды ш­ақыр­ды. Жарты сағат өтпей жеткен Бе­шір­мен төс қағы­сып, басы­мыз­ды екі мәрте түйіс­тіріп аман­дасқан соң, танысып, біраз әңгі­ме­лестік. Сол шай­ханада отырып, ол ыңылдап Мұста­фаның сөзіне жазыл­ған Ғани Макиннің әнін орын­дап берді.

Жақында ғана Бешір Ахметтің қызы қайтыс болыпты, мұндағы дәстүр бойынша үш ай бойы сондағы туыстары марқұмның әкесіне қонақасы беріп, өлгенге құран бағыштап отырады екен. Екі сағаттан соң үшеуміз кезекті шақырған үйге бардық. Ол жерге осындағы қазақтардың ақсақал-қарасақалдары жиналған екен. Кіре салысымен дастархан жайылды да, бірінен соң бірі құран оқи бастады. Бірі оқып бітіре сала, бәрі бірге қосылып: «Аллаху әкбар, Аллаху әкбар. Ләйләхә иллаллах, һуаллаһу әкбар. Аллаху әкбар уәлиллахилхамид» деп екі қайырып, салауат айтып отырады екен. Ақсақалдар шетінен бірінен бірі өткен әңгімешіл, әр сөздерін баппен бағып сөйлейді екен, қал­жыңдары да адам қызығарлық.

Сөз кезегі келгенде мен Астана қа­ласының мәдениет басқармасы­ның қолдауымен Ыстамбұлға Түркия қазақтарының музыкасын зерттеп-зерделеуге келіп, мұндағы естілмеген, ескерілмеген түрлі-түрлі өнерпаздардың болғандығы туралы мағлұмат жинауға келгенім­ді айттым.

Менің мақсатымды естіген қа­риялар ризашылығын білдіріп, барынша ашылуға тырысып бақты. Әңгіме қыза түсті. Бірінен соң бірі өткен-кеткенді әңгімелей жөнелді. Сармолла күйшіні бәрі біледі екен, көргендері аз болса да, ол туралы естігендері көп екен. Сармолланың күй тартуымен қатар суырып салма ақындығы турасында да сөз өр­біді. «Ол «бүркіт ойынын» бі­рін­ші ойлап тауып, ел арасында ой­на­тушы еді, жарықтық» деп, бір ақ­сақал күрсініп қойды. Екі адам ор­­таға шығып, бірі қолдарына қа­нат жасап бүркіт болады, ал екін­­­­шісі – жемтік. Бүркіттің шүйі­рі­ліп, жемтігін басқандығын, оны­мен алысқандығын екі адам театр­лан­дырылған көрініс түрінде көрсетіп, соңында бүркіт биін билеп, халық­тың көңілін көтереді екен. Және тағы басқа да қазақи ойын­дар ойна­­ла­­тын­ды­ғы туралы тамсана айт­ты. Бұның бәрі осыдан отыз жыл бұ­рын бол­ға­нын, ал қазір оның бірі де қал­ма­ған­дығы сөз болды. Сар­мол­ла сияқты өнер­паздардың азай­ған­­дығы, көне­көз­дердің кет­кен­дігі өкініш­пен еске алынды.

Сәлден соң алдымызға ет те келді, қонақ деп мені төрге шығар­ды. Табақтағы ет аса көп болмаса да, әйтеуір бұрынғы салттың жоғалмағанын байқадым. Ет желі­ніп болған соң, шәй келді. Жер­ге жайылған дастарханда бауыр­сағы, тәттілері бар, біздегідей көл-көсір болмағанмен, өзіндік жолы бар. Әйелдер өздері бөлек отыр, байқағаным, бәрінің басындағы орамал қазақи үлгіде тартылған. Бізден бөлек отырған әйелдер жағы сөйлескенде дауыстарын бәсеңдеу шығаруларынан-ақ ер адамға деген құрметтің жоғары екендігі білініп тұрды. Ақсақалдар барынша білгендерін де, Түркияға келу тарихтарын да баян етті. Қазақстандағы болып жатқан жаңалықтарды да мүлт жібермей қадағалап отырады екен. Қазақ елінің аяқ алысын, Елбасының білікті басшы екендігін қашанда алға тартып, осы үрдістің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп мақтанышпен айтып отырғанда, менің де ішім жылып отырды. Кетерде афыз атадан бата сұрадым.

Қазақтардың Түркия жеріне келуі турасында қысқаша тарих

Өр Алтайды мекен еткен қазақтар қытайлықтардан қысым көріп, жер аударуға мәжбүр болады. Ақыр аяғы 1938 жылы қазақтың бір бөлігі Индияға жол тартады (Абдулуақап Қараның айтуы бойынша, 54 мыңнан 18 мыңның шамасындағы адам). Көштің негізгі жұртшылығы керейлер және азын-аулақ наймандар болады. Жолдағы адам шығыны сансыз, тек өлмес үміттің арқасында ғана, діттеген жеріне жетеді. Ол жерде сегіз-тоғыз жыл тұрғаннан соң, 1947 жылы Индия екіге (Индия және Пакистан) бөлінеді. Пакистан жағы мұсылман болғандықтан, қазақтар Пакистан жағына ауады. Ол жерде де халықтың тұрмыс-тіршілігі өте ауыр болып, өмір сүру қиынға соғады. Дегенмен Пакистан елі қазақтарға жанашырлық көрсетіп отырады.

Қазақ ақсақалдары болса, ұрпақтың ұлттық ерекшеліктерін жоғалтпай сақталуы үшін туысқан Түркияға қоныс аударудың қамын ойлаумен болады. Сөйтіп олар “Қазақ босқындар қоғамын” құрады. Сол қоғам арқылы түрік елшілігіне көшу жайлы өтініш хат береді. Осы кезде Шыңжаннан екінші көштің Кәшмір қаласына келгендігі мәлім болады. Бұлар Құсайын тәйжі, Сұлтан Шәріп тәйжі, Қалибек әкім, Дәлелхан Жаналтай және Нұрғожай батыр бастаған қазақ көші екен. Пакистандағы қазақтар солараға хабарласып, Түркияға өтініш берулерін, сөйтіп Түркияда табысуға уағдаласып, кеңес береді. Осы келісім бойынша Кәшмір және Пакистандағы қазақтар Түркия елімен келіссөз жүргізеді. Ақы­рында 1952 жылы Анкара қазақ­тарды қабылдауға келіседі. Алғаш рет Құсайын тәйжі бастаған қазақтар кемеге отырып, Түркияға бет түзейді. Артынан басқа қазақтар да Түркияға барады. Ал, Жармұхаммедтің атасы Рақи молла ақсақал болса, діни мақсатпен Сауд Арабиясына баруды қалайды. Молла: «Мен Араб еліне барам, сүйегім сонда қалсын», – деп, кішкентай Жармұхаммедті және оның анасын алып Меккеге жол түзейді.

Түркияға қазақтар 1952-1954 жылдары келеді. Үкімет оларды Коня, Қайсері, Нигде, Ақсарай сынды Анатолиядағы бірнеше қалаларға бөліп орналастырады, жер береді. Мал шаруашылығымен айналысатындарға мал беріп, сауда істеймін дегендерге дүкен ашып беріп, қазақтарға өте жақсы қарайды. Әбекенің айтуы бойынша, бас-аяғы 1850-ден астам халық Түркия жеріне жетеді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт ішінде өзге жерде жүріп, салт-дәстүрін ұмытпаған қазақтар осында өсіп-өніп жатыр. Қазіргі таңда шалдардың көзін көргендер барынша тіл мен дәстүрді ұмытпай жалғастыруда, ал, кейінгі ұрпақ қалай болары біздің назарымызға тиесілі сияқты. Сол себепті сырт­тағы қазақтардың ұлттық санадан ажырамауына барынша іс-әре­кет жасау – бізге міндет. Қазақ­тың қазақ болып сақталуына, бірін­шіден, қанмен келген ұлттық сана қажет болса, екіншіден, қазақтың ән-күйінің ұмытылмауы керек екені шүбә келтірмейді. Сол себепті Түркиядағы қазақтардың тілі мен музыкасын ұмытпауы жолында жұмыстар жасауымыз керек. Әсіресе, Түркия қазақтарында қара домбыраның орны ерекше, ал, басқа аспаптар мүлдем ұмыт болған. Ондағы қазақтардың домбыраға деген құштарлығы зор.

Сармолла мен Жармұхаммед сияқты күйшілер бір қарағанға жәй күй тартқан өнерпаздар сияқ­ты, ал тереңдей үңілсек, олар – бір халықтың мәдениетін жал­ғастырушы қайраткерлер. Осы өнер үрдісін әрі қарай жалғас­тырып, домбыра шертіп, ән салып жүрген Бешір Ахмет Көсе, Ғани Макин, Зейнел Өзқалып, Мұстафа Бұйырған, Мұстафа Көк, Ержан Тұнжер, Шыншайхан, Мұрат Түркқан, Өмер Қая және тағы басқа өнерге құштарлығы бар азаматтар осы қазақ өнерінің өлмеуіне еңбек етіп жатқандығын қуана біліп, бағасын беруіміз керек. Және Бешір Ахмет Көсе, Седат Солақұлы сияқты өнерпаздарға демеу беріп, қазақ өнерін әрі қарай жалғастыруына, жас ұрпақты тәрбиелеуіне Қазақ елі тарапынан жағдай жасау парыз деп білем.

Қолға түспеген қара домбыра

Ертесіне Әбекең Жармолланың туыстарына телефон соғып, мені кездестіруге жол ашып қойды. Омар тәйжі атты азамат мені таксиден күтіп алды. Оның өзінің кішігірім кәсіпорны бар екен, сол жұмыс орнында отырып, біраз әңгіме өрбіттік. Жоғарыда айтылған Құсайын тәйжі Омардың атасы болып шықты. Құсайын тәйжінің әкесі Әлкенбай мен Төлебай екеуі ағайынды. Төлебайдан Қабден, Қабденнен Мұстафа Өзтүрік. Ал, Құсайыннан Мансұр, Мансұрдан Омар туады. Төлебай қытай жерінде ұлық болған білімді де білгір, елдің қамын ойлаған, қазақтың атқамінер басшысы болған көрінеді. Төлебай ауырып жатқан кезде балаларын жинап алып, ізбасары етіп Құсайынды сайлайды. Құсайын Төлебай атасының сенімін барынша ақтайды. Омардың әкесі Мансұр да қоғамдық жұмыстармен көп араласқан білімді азамат екен, ол қазір Алматыда тұрады. Омар да сөзге шебер, даусы саңқылдаған, өз сөзіне берік, бұрынғының батырлары құсаған алып денелі жігіт екен, қазақтардың Түркияға келген тарихын ол да айтып берді. Бірер сағаттан соң Жармұхаммед афыздың жиені Сәмит мырзаның үйіне келдік, бізді күтіп отыр екен. Қазақы дастарханға шәй даярлап қойған екен. Өзара көбінесе түрікше сөйлеседі, жалпы қазақи қалып бар секілді. Сәмет мырза да әңгімешіл адам болып шықты. Ол: «Жармұхаммед афыз Құранды жатқа айтқан, 16 жасына дейін атасы Рахимолламен бірге Меккеде болған. Кейін анасы мен атасы қайтыс болған соң, үкіметке хат жазып, туыстары Ыстамбұлға алғызады. Домбырада ән салып, күй тартып, ел арасында өнерпаз атанады. Ол кісінің дауысы өте әсем еді. Ән айтқанда халық ризашылықпен тыңдайтын. Кейін ол кісі дін жолымен кетті. 1993 жылы Қазақстанға барып, онда діннен дәріс беріп, мешітте имам болды. 1996 жылы Талдықорған өңірінде қайтыс болды. Зираты Талдықорғаннан шыға берген жерде», – деп әңгімені өр­біте келе, көне суреттерді көр­сетті. Жармұхаммедтің сурет­тері баршылық, оның атасы Рахи­мол­ланың төлқұжатқа деп түсірген бір ғана суреті бар. Ал, Сармолланың суреті табылмады.

Сәмиттің әкесі де тегін адам бол­маса керек, көз жұмар кезінде Сә­митті жанына отырғызып қойып, өзі білетін қазақтың ма­қал-мә­телдерін жаздырыпты, сон­да күніне он-жиырма мақал жаз­ғызады екен, сөйтіп отыз күн бойы үш жүзге тарта мақал-мәтел жазып алыпты. Сол қолжаз­баларын көрсетті, сонымен қатар аздап өлең жазады екен, шығарған өлеңдерін де көрсетті. Жармұхаммедтің өз жанынан шығарған күйлері де бар дейді. Қазақстанға кетерде барлық аудио таспаларын және домбырасын аманат қылып тастап кетіпті. Сәмиттің өзі де, отбасы да өнерге жоқ екен, бірақ Сәмит мырзаның емшілік қасиеті бар көрінеді. Қазақстандағы халық емшілері қоғамында тіркелген, емші деген табақтай қағазы бар. «Маған осы емшілік қасиет сол аталардан қонған сияқты», – деп қояды. Осы сапарымда тағы бір таңқалдырған жәйт, Жармұхаммед афыздың жиені Сәмитке аманат қылып қалдырған домбырасы болыпты. Бұл домбыраның үлгісі қазіргі біз тартып жүрген домбырадан аздап өзгеше.

Домбыраның мойыны шанағы­на дейін бірте-бірте жуандап, шанақпен ұласып кеткен. Ұзындығы да күнделікті тартып жүрген домбырадан қысқалау.

Бұл домбыраны кім жасағанын ешкім білмейді. Не болса да жаса­ған шебердің өте білгір болғандығы байқалады. Тиегі жоқ екен, қарын­­даш­ты тиек орнына қоя са­лып, шертіп көріп едім, кә­дім­­гідей күм­бірлеп тұр, өзім таң­қал­­дым. Себебі көп тар­тылма­ған домбыраның бұрауы келмей, дауысы да құлаққа жағымсыз болып тұрады емес пе, ал мына бір домбырада бір сиқыр бардай, тартқан сайын жүйрік аттай ашыла түседі. Сол шабытпен бір күй тартып бердім де, «Мына домбыраны маған беріңіз» деп қолқа салдым. Өкінішке қарай ол: «Бұл домбыра афыздан қалған мұра, бе­ре алмаймыз», – деп кесіп айтты. Со­нымен, бұл ұсынысымнан түк шық­пай­тынын сездім де, қолыма түс­кен суреттер мен Жармұхаммед афыздың өзі шығарған күйлерінің үнтас­пасын алып, соған рақметімді айтып, қош айтыстым.

Қазақ қоғамындағы кездесу

Қасиетті жұма күні Әбекеңнің (Абдулуақап Қара) үйінен дәм таттым. Жеңгеміз де текті жердің қызы екен, өте жақсы қарсы алды. Үйіне кіргенде-ақ қазақтың иісі шығып тұр: домбыра да тұр, қазақи түрлі-түрлі кәдесыйлар (сувенир) көздің жауын алады. Тамақтанған соң, Әбекең: «Мен көп адамға көрсетпеуші едім, бірақ саған көрсетейін» деп ас­тың­ғы қабатқа түсіп, өзінің жеке кі­тап­ха­насын көр­сетті. «Шіркін-ай, ме­нің де осын­дай кітапханам болса ғой!» деп арман­дайтындай-ақ екен. Іші толған кітап, әлі ашыл­маған жаңа мате­риал­дар­дың да бар екенін де жасырмады.

Сағат сегізде қазақ қоғамына бардық. Бәрі жиылып, бізді күтіп отыр екен. Амандық-саулықтан соң, ән мен күйді бірінен соң бірі айтып, тамаша бір кеш өтті. Бешір Ахмет Көсе өзінің әндерін тоқтамастан айтты, ол кісі өзінің бойындағы бар сезімін, эмоциясын салып, ән айтқан кезде дауысы әсерлене түседі. Ол ән айтқанда оны домбырамен сүйемелдеп отырған жігіт қазақ емес, Сағит Солақұлы деген бұлғар екен. Оның аталары үйінде отырып, алуан түрлі ән айтып, түріктің «саз» аспабында күйлерді шертеді екен. Осылай Сағит бала жасынан түрлі-түрлі күйлерді естіп өседі, есейе келе домбыраны көріп, дыбысын естіп, бірден «мен мына аспапты үйренуім керек» деп, ақыры домбыраны іздеп, Қазақстаннан бір-ақ шығады. Аман-есен оқуын тәмамдап, Түркияға қайтады. Домбыра мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған Сағит қазір үрлемелі аспаптар оркестрінде қызмет істеп жүр. Сол кеште қолына домбыра алып, қазақтың ескіден келе жатқан «Қаражорға» күйін және Нұрғисаның «Аққуын» тартып берді. Сағит Солақұлы Түркістандағы өнер университетін домбыра класы бойынша бітірген және Ыстамбұлдағы қазақтан шыққан жалғыз оқыған музыкант болып шықты. Ол жігіттің өзін өнер жолына салған Бешір Ахмет Көсе Сағит жайлы өте жақсы пікірлер білдірді. Сағит осы кездесу үшін Ыстамбұлға жүз елу шақырым жерден келіншегі екеуі келіп отыр, келіншегі түрік қызы болса да, қазақтың әндерін тамаша орындайтын музыка саласының маманы екен. Сол кеште ол маған күй жайлы жазған өзінің ғылыми диссертациясын табыс етті. Осы кеште Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған Ғани Макиннің «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әні шырқалды. Бұл әнді Түркия қазақтары жақсы біледі екен, мен бірден жазып алдым. Сол қоғамның басшысы да өнерден құр алақан емес екен, ол да қазақтың бір халық әнін орындап берді. Ол кісі маған Ақыт Үрімжіұлының екі томдық кітабын табыс етті. Не керек, сол күні біраз олжаға кенеліп қалдым.

«Сана» жастар интеллектуалды клубы

Ыстамбұлда үш қазақ орталығы бар екен. Соның бірінде Алматыдан келген ғалым Әшірбек Муминовпен кездесу өтеді екен, соған мені де шақырды. Маған жол көрсетіп жүрген Әбекеңнің магистранты, түрік жігіті Енис екеуміз кездесуге бардық. Кездесуді Ыстамбұлда оқитын студенттердің «Сана» атты жастар клубы ұйымдастырған. Бұл клубтың құрылғанына он ай ғана болыпты. Оны құрған Мирмар Синан университетінің докторанты Ержан – нағыз ұлтжанды азаматтың бірі екен. Екеуміз бірден тіл табысып кеттік. Келгеніме қуандым, бұл да бір тамаша басқосу болды. Әшірбек мырза шағатай тілінде жазылған ескі мұраларды зерттеп жүр екен. Ол шағатай тілінде жазылған еңбектердің қазақ жерінде көп екендігін және соған баға берілмей келгендігін алға тартты. Ыстамбұл кітапханаларында қазаққа тиесілі тарихи деректердің баршылық екендігін де жасырмады. «Алтын орда» тарихын көбірек зерттеу керек» деген Әбекеңнің сөзінің жаны бар екенін атап өтті.

Бір қуанарлығы, Ыстамбұл жастарының бойында қазақи рух бар екен. Кездесудің аяғына дейін бола алмай, рұқсат сұрап, жолға шықтым, мені Әбекең шығарып салды. Бірден қонақ үйге келе салып, жүгімді алып, әуежайға тарттым. Ұшаққа отырған соң, бірнеше сағат ұшсақ та, көз ілместен қиялыма қанат бітіп, тамаша бір сезімге бөлендім. Осы сапарым бір көрген түс сияқты өзіме-өзім сенбей, заңғар биікте ұшып келе жатып, терең ойлардың тұңғиығына сүңгідім.

Түйін

Осы бір сапардағы негізгі мақсат Түркия қазақтарының күй өнерін жалғастырған Сармолла мен оның шәкірті Жармұхаммед күйші жайлы дерек жинау болатын. Құдай жарылқап, аса құнды материалдар табылды. Сармолла мен Жармұхаммедті Алтай, Тарбағатай күйшілік мектебінің өкілдері ретінде қарастыруымыз керек. Себебі олардың орындауында сол өңірдің күйлері болған. Олар – орындаушылық шеберліктері қалыптасқан, өз жандарынан күй шығарған нағыз күйшілер. Сармолла мен Жармұхаммедтің орындауында қырыққа жуық халық күйлері мен авторлық күйлер болыпты. Авторлық күйлерінің композиторлық ерекшеліктерінде де өзіндік қолтаңбалары байқалады. Сармолланың орындауындағы «Алагөз аттың жүрісі», «Бұқтырма өзені», «Дежжал», «Делдал», «Қос келіншек», «Телқызыл аттың жүрісі» және Жармұхаммедтің орындауында Міржақыптың «Әуез» күйі, өзінің «Солдат күйі», «Май күйі», «Сандал» халық күйі, «Қабыкен батырдың қубатасының жүрісі» сынды күйлер ұлттық күйшілік өнердің қоржынын толықтыра түсері анық.

Түркия қазақтары ішінде күйшілік өнерді жалғаған Сармолла мен Жармұхаммедтің еңбегі түсінген жанға ұшан-теңіз. Жармұхаммед Қазақстанға имам болып келген соң, қолына домбыра алмаған көрінеді. Ал, Сармолла Ыстамбұл қазақтарының аузында ғана қалған. Алпысыншы жылдары бір отырыста Сармоллаға күй тартқызып, жазы­лып алынған. Жармұхаммедтің күй­лерін болса сексенінші жылдары таспаға жазып алыпты. Осы­ның бәрін жинақтап жүрген ға­лым ағамыз Абдулуақап Қараға алғысымыз шексіз. Ендігі жұмыс – осы күйлерді зерттеп, зерделеу. Елбасының мәдени мұрамызды сақтау саласындағы сындарлы саясатының арқасында қазір етек-жеңімізді жинаудамыз. Енді еліміздегі атқамінер азаматтар Түркия қазақтары жайлы да ойланса екен деймін. Жетпіс жыл бойы елден жырақта жүрген қазақтар басқа елде ата дәстүрін сақтап келеді-ау, дей тұрғанмен, ел екенімізді көрсетіп, тіліміз бен мәдениетімізді дәріптеу, насихаттау бағытында жұмыс жүргізуіміз керек. Ол жердегі қазақтардың домбыра үйренуге деген құлшыныстары өте зор, соны пайдаланып, біз шетте жүрген қандастарымыздың қазақ екендігін ұмытпауына жан-жақты жұмыс жүргізуіміз керек. Түркиядағы қазақ қоғамын жандандыруға, мәдениет саласын дамыту жұмыстарына қаржы бөлінсе, сонда барып жұмыс жасаймын деген музыка мамандары табылары сөзсіз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болса, істелмейтін іс, алынбайтын қамал болмайды.

Нұрлан Бекенов,
Қазақ ұлттық өнер университетінің
аға оқытушысы, Мәдениет қайраткері

http://www.astana-akshamy.kz/?p=7274

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.