ТАЯУДА ТҮРКИЯДА ТОҚСАННАН АСЫП ДҮНИЕ САЛҒАН КӨПТІ КӨРГЕН САНСЫЗБАЙ АТАНЫҢ ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНДЕРІ

Осы аптада Астанаға қайғылы хабар жетті. Түркияда тұратын 91 жастағы ақсақал Сансызбай Қыдырханұлы қажы қаңтар айынын 31 күні дүниеден өтіпті. Оның жаназасы мүбарак жұма күні намаздан соң Ыстамбұлда жерленіпті. Марқұмның жаны жаннатта болсын. Отбасына және жақын туыстарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Мен 2018 жылдың күзінде Мимар Сінан көркем өнер университетінің профессоры, құрметті үстазым Әбдіуақап Қараның шақыруымен Ыстамбұлға барған едім. Зерттеуім Халифа Алтай және Түркиядағы қазақ диаспорасы болғандықтан 2018 жылы, 25-ші қазан күні Зейтінбұрында өмір сүріп жатқан және Түркиялық қазақтар Чанан ата деп білетін Сансызбай атаның үйіне барып сұхбат алған едім:

«Елден шыққанда 70-72 кісі болдық. Кансин жерінде екі жыл тұрдық, одан Ласаға көштік. Жолда Гималайда біраз адам өлді. Үндістанға Кашмирге келіп, Кашмирде үш ай тұрдық. Қайтадан Қытайға қайтармақшы болды. Осы кезде «Қолара» деген ауру шығып, біраз кісі осы аурудан өліп кетті. Кашмирде 1941 жылдан 1943 жылдың маусым айына дейін сол жерде тұрдық» -деп өткен күндерін еске алып отырды.

«1952 де Түркияға көштік. Қазақтарды Кайсарға, Манисаға, т.б. қалалардағы ауылдарға орналастырды. Елде жүргенде негізгі кәсібіміз мал шаруашылығы болған соң, бізге жерге егін салу қиынға соқты. Бірде егін шықса, бірде егін шықпады. Содан күн көре алмай Ыстамбұлға сауда жасауға келдік. Түркияға келгелі міне, 66 жыл өтті. Теріні құрап, саудамен айналыстық»-деп сөзін жалғастырды.

Сансызбай атаның айтуына қарағанда, ол 1938 жылы Елісхан тәйжі бастаған көштін ішінде болғанда небары 10-ақ жаста екен. Сансызбай ата 1928 жылы наурыз айында Баркөлдің Мори деген жерінде дүниеге келген. Әкесінің аты Қыдырхан. Анасы – Сара, руы найман. Анасы оны 40-нан шығарғаннан кейін Мориде қайтыс болған. Қыдырхан атадан тараған жалғыз ұл екен. Анасы қайтыс болғаннан кейін әкесі жеңгесіне үйленеді. Екінші анасы Сағынған Сарбасқызы. Бұл кісіден төрт бауыры болды. Қабдылманап, Нұрсипа, Жанымхан, Нүрила.

Сансызбай атаның тартпаған азабы, көрмеген қиыншылығы жоқ екен. Шынқайдан шығып Гималай тауынан асып Үндістан шеқарасына көшіп келе жатқанда әкесі Қыдырхан, екінші анасы Сағынған және осы төрт бауыры қайтыс болады. Содан Сансызбай алты ағайынды болған әкесінің үшінші ағасы Ахмет Шаңияның қолында қалады. Бірақ, қтын көш жолында тағы да Сансызбай ауыр қайғыға душар болады. Тибеттің жолында Ахмет Шаңия атасы, оның әйелі және баласы дүние салады. Оның қалған жалғыз қызы бар еді. 1946 жылы Пакістанда ол да қайтыс болады.

Сансызбай атаның өмірінің ең бақытты күндері Түркияда өткен екен. Ол 1973 жылы Гүлжәми апаға үйленді. Одан алты ұрпақ, атап айтқанда төрт ұл, екі қыз сүйген: Нәзірамет, Мәмет, Мұстафа, Гүлбар, Ибраим, Айша. Олардан 13 немере көрген. Бүгінгі таңда оның балалары тері өңдеу және саудада үлкен табыстарға жетіп Сансызбай атаға жағдай жасап жақсы бағып отыр екен.

Өмірде аса ауыр тауқыметтер тартса да Сансызбай ата Аллаға шүкіршілігін етіп бес уақыт намазын қаза жібермей отырады екен. Ол Түркияда туған анасы Сараның туыстары болған Мұқамади, Қайса, Тиянақ, Орынбасар, Қанағат, Насихат сынды нағашыларын құрмет және сағынышпен еске ала отырып, бастарынан өткен ауыртпашылықтарда туыс болғандар бірбірлеріне жанашырлық танытып, бауырмалдылық көрсетіп, қиын сәттерде бір–біріне қол ұшын беріп, азаматтық қасиеттерін көрсете білгенгерін айтқан еді.

Сансызбай ата ұрпағын тәрбиелеуде үнемі ата-бабаларымыздың мақала сөздерін, яғни «Астам сөйлеме, бәсең сөйле», «Көкке қарап шіренбе, бойың көкке жетпейді, жерге қарап мықындама жер ойылмайды», «Бетегеден биік бол, жусаннан аласа бол» деп үнемі балаларына тәрбиелік мағынада айтып отырады екен. Сондықтан отбасында «ата» «әке», «ана», «бала» және «немере» арасындағы мейрімділік пен сыйластық қарым-қатынастар жақсы сақталған.

Осыдан екі-үш ай бұрын Ыстамбұлда үстазым профессор Әбдіуақап Қараның тағлымдамасында жүргенде міне осындай сұхпаттасып терең ойлар түйген көне көз, көпті білген қария Сансызбай атаның панидан бақиға аттанғанын естіп қабырғам қайысып қатты күйзеліп отырмын. Дегенмен бір күнде болса, осындай тірі тарих атамызбен танысып, әңгімелесіп қалғанымды өзіме үлкен бақыт санаймын.

Қош бол ата, барған жерің торқа, жатқан жерің ұжмақ болғай!

Айнұр Алиақбарова

Л.Н.Гумилев Еуразия Ұлттық Университеті Докторанты

brazzers