Шетел Қазақтарын ақпараттық органдарда айтып түсіндіріп беретін қауымдастық қайда?

Құрметті апайым Ботагөз,

Э-майл жіберіп Ахан Отыншынын жүрек ұстамасынан өлгенін айтып қауымдастықтың ақпарат құралдарына көңіл айтқан хатын жариялайтынын мәлімдепсіз. Хатыңыздан кейбір үзінділер келтірсек былай депсіз:

“ Университеттен марқұмның әйелі мен екі баласын, әке-шешесін қонақ үйге орналастыратын болып шешті. Бірақта, олардың жол шығындарын өтей алмайтындарын жасырмады. Менің түсінгенім бойынша бұл жақта ұйымдастыру істері қолға алынғанмен, қаржылай шығындарды туысқандары көтеруі керек.

Қауымдастық тарапынан Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы марқұмның отбасына көңіл айту берілетін болады.

Құрметті Әбдіуақап!

Өзің нәрсенің байыбына барып алмай, біздің мына жақта не атқарып жатқанымыздан хабарсыз отырып, Қауымдастық не қарап отыр, «құр» ғана көңіл айтты т.т. деп жазғыратын жөнің жоқ еді. Үлкен ғалым адамсың, отқа май құйып, адамдарды арандататын нең бар? Саясатқа тіреп, марқұмның артын шуылдатудың өзі ұят деп ойлаймын. Марқұм өте байсалды, білімді жан еді ғой. Аруақты құрметтесек, артық ауыз сөзге бармайық. Бірлік бар жерде тірлік бар, сыйласып жүргенге не жетсін!

…Сәлеммен, апайың Ботагөз”

Бірақ біздің Ахан Отыншы қайтыс болған күнгі жағдайымызды білсеніз. Не істерімізді, қайда барарымызды біле аламдық. Оның қазасы туралы ешбір мәлімет алалмадық. Бұл мәселемен Ұлы Британия қазақтарының Ыстамбұлда жүрген өкілі Бәшір Жаналтай айналысты. Ахан қалай қайтыс болды? Не болып қалды? Тіпті өлі тірісін біле алмай қалдық. Себебі оның өлім хабарын Лондондағы әйеліне Лондон полициясы хабарлапты.

Біз айттық бұл өтірік шығар. Егер Ахан қайтыс болса, Қазақстан елшілігі бар, универсиетте мұғалымдар бар, әйтеу қайткен күнде бір қазақ хабарлау керек еді дедік.

Сөйтіп істің анық қанығын білу үшін Бәшір Жаналтайдың телефон соқпаған жері қалған жоқ. Ақыры Астанадағы Түркиялық қазақтарға хабар беілді. Олар ертесінде университетпен хабарласып мәлімет алып беретін болды.

Сонымен хабар сенбі түнде ғана анықталды. Ахан, өкінішке орай, расында да дүние салған екен. Ертеңіне, яғни жексенбі күні Түркиялық және еуропалық қазақтар оқитын интернет сайттарына қайғылы қаза туралы хабар беріп естірттік. Сонда сіз де сол хаттардан хабардар болдыңыз немесе одан алдын естігенсіз.

Сөйтіп жексенбі күні сол сайттарда сіздің көңіл айтқан хатыңыз келіп түсті.

Ахан Отыншы қарапайым адам емес. Еуропа қазақтарынан сурылып шыққан ғалым. Екіншіден туристік сапарпан қыдырып жүріп қайтыс болып отырған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі құрған, өзінің атын берген Қазақстанның басты білім ордасына ат салысам деп қайтыс болып отыр.

Сонда сіз жексенбі күні құр хатпен көңіл айтып осында ұйымдастыру жұмыстарына көмектесем дедініз. Басқа не істедіңіз? ҚазАқпаратқа, басқа баспасөз органдарына хабар таратып міне осындай алыстан елім деп келген баурымыз Ахан ел үшін шәйіт болды деп хабар тараттыңыз ба? Мұндай іске ұмтылыс жасадыңыз ба?

Екіншіден қайғылы хабарды ести сала Ахан Отыншының отбасына телефон соғып көңіл айтатын жанашырлық танытатын жөндеріңіз бар ма еді? Қауымдастықтың Қазақстан халқы атынан, Назарбаев университетінің құрушысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Президент Нұрсұлтан Назарбаев атынан сол қайғылы отбасыға көңіл айтып қайғысына ортақтасу адамгершілік, қазақтық, тіпті мәдени борыш емес пе еді?

Үшіншіден бүкіл шетел қазақтарына ауыр тиетіні әлі бүгін “Шетел қазақтары алам деп емес берем деп Қазақстанға келіңдер?” “Қазақстанға шетел қазақтары не берді?”, “Бұлар кезіне аталары байлардын тұқымдары қашып кетіп еді, енді Қазақстан байығаннан кейін қайта келіп жатыр?” деген сөздер айтылады. Міне осының салдарынан үкіметтік орындарда шетел қазақтарына жанашырлық көрсетілмеуінің, атамекенге көшіп келген қазақтардың азаматтық қағаздарын түгендеу барысында қиыншылық көретінін бір себебі осы. Өйткені шетел қазақтары жөнінде дұрыс насихат болмай жатыр.

Бүкіл Қазақстан халқы демейік, бірақ кейбіреулер назарында бейне олар арамтамақ, бас мүддесін ойлаған мүддеқорлар. Мұндай жағдайда, қалай атамекен мен шетел қазақтары арасында ынтыматастық, сүйіспеншілік болады?

Шетел қазақтары отаным деп қолдан келгенін атамекеніне беріп жатыр. Оның да басты міндеті тәуелсіз Қазақстанды көркейтіп екені айдай анық. Бұған кім шек келтіре алады? Бірақ мұны ұдайы халыққа айтуымыз керек. Міне ең озық азаматтарынан бірі Ахан Отыншы Қазақстан үшін жанын берді. Әйтпесе Лондонда тұра берсе болмас па еді? Қазір Қазақстанда көп адам Лондонға жете алмай жатқанда, Ахан сол Лондонды тастап “өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын” деп Қазақстанға барып отыр. Міне отансүйгіштік, міне патриотизм. Мұны туған халқына жеткізбейміз бе? Бұл үлгілі әрекет емес пе? Әйтпесе сіз Қазақстанда патриотизмді қалай насихаттайсыз?

Міне осыны бүкіл Қазақстанда айтатын жеткізетін бір де бір орын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. Ахан қайтыс болуын естігеннен кейін бүкіл интернет хабар сайттарына қарадым. Бір де бір бұл туралы хабар жоқ. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ресми сайтыңда әліге дейін жоқ. (http://kazaktar.kz/қазір мұны жазып отырғанда да 2012 жылы, 24 көкек, Ыстамбұл уақты бойынша сағат 14.05. Сайтқа Ахан Отыншы туралы ешбір хабар жоқ. Еншалла бұдан кейін қойылатын болар.) Шетел қазақтарының отандары үшін істеген қызметтерін көпшілікке хабарламасақ, осылай асыл азаматтардың Қазақстанға жанын беріп жатқанын айтпасақ, онда “шетел қазақтары Қазақстанға не беріп жатыр?” деген астарлы сұрақ әрине талай жылдар айтыла береді. Мұны айтқандарда кінә жоқ, шетел қазақтарының отандық жұмыстарын насихаттамағандарда кінә бар.

Осындай жағдайда амал жоқ, Дүниежүзі қазақтарының жұмысын өзіміз істедік. Бүкіл ақпарат құралдарына хабар тараттық. Шүкір бүгін бүкіл Қазақстан естіп біліп отыр.

Осы орайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмыс істемегені де айтылды.  Бұл өтірік пе? Осындай сындар айтылғаннан кейін міне сіз де бүгін хабарлама жазып отырсыз. Рахмет.

Қауымдастық мұндай хабарламаны енді қазақ баспасөзіне де берсін. Қазақстан халқына шетел қазақтарының да атамекен қазақтары сынды туған отандарына қызмет етіп жатқанын, мұның айқын және соңғы дәлелдерінен бірінің Ахан отыншы екенін естіртсін.

Құдайға шүкір жаназа Қазақелінде, қазақ бар жерде көмусіз қалмайды. Қауымдастық болса да, болмаса да ол жерленеді. Мәселе Ахан Отыншының жерленуіне қауымдастықтың көмектесуінде емес. Мұндай ер азамат, жанын отанына пида қылған азамат туралы Қазақстан халық біліп жатыр ма? Білмесе Қауымдастық білгізуге жұмыс істеп жатыр ма. Міне мәселе осында болып отыр.

Өкіншке орай қауымдастық осы орайда жұмыс істеп отырған жоқ.

Сын жасалмай, мін түзелмейді дейді қазақ атамыз. Егер жақсы көретін апайым сізді, сыйлайтын ағам Талғат Асылұлын сындарыммен ренжіткен болсам, ол Қазақстан мүддесі үшін екенін түсініңіз. Дүшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады дегендей. Қазақстанның шетел қазақтарынсыз жарқын келешегі жоқ. Өйткені бүкіл қазақтың үштен бір бөлегі, атап айтқанда 5 миллион қазақ шетелдерде. Бүгін адам санын көбейтуге тек орасан үлкен жерімен салыстырғанда азғандай халқы бар болып келетін Қазақстан ғана мүдделі болып отырған жоқ. Бүкіл әлем елдері, тіпті дамыған, күшті ел деген Германия, Франция, Ресей сынды мемлекеттердің өзі мүдделі болып отыр. Олар халқымның санын қалай көбейтсем деп шарқ ұрып отыр. Мәселен Ресей Президенті Путиннің өзі шетелдердегі орыстарды туған отандарына қайтуға шақырып отыр.

Міне осындай жағдайда шетел қазақтары туған отанына тартуға Қазақстан да тіпті олардан он есе, жүз есе көбірек мүдделі. Бірақ жағдай керісінше болып отыр. Бүгінгі таңда шетел қазақтары мен атамекен арасында бұрынығы қызу, толқулы тебіреністі, қуанышты байланыс саябырлаған жерде. Нұрлы көш те тоқтап қалды. Ең басты себеп шетел қазақтары мен атамекен қазақтары арасындағы ынтымақтастық пен сүйіспеншілік көзделген деңгейіне жетпей отырғандығында. Осыған жұмыс істейтін ең басты орын қауымдастық деп білемін. Жұмыс та істеп жатқан шығар. Бірақ жеткіліксіз, мардымсыз болғаны анық. Сондықтан соңғы уақыттары мақалаларымда жиі айтып келемін, Қазақстанда дияспора министрлігі құрылу керек.

Қауымдастық істейтін жұмыстардың бірі Ахан баурымыздың қазасы еді. Ол біріншіден шетелден отаным деп келіп отыр. Екіншіден Президент Нұрсұлтан Назарбаев үлкен үміт артып құрған беделді университетте жұмыс істеп жүргенде қайтыс болды. Сонсон Президент Назарбаев Қауымдастықтың негізгі төрағасы ғой. Қауымдастық сонда Аханға төтенше көңіл бөлуі де керек еді. Егер бұған ұқсас жағдай Түркия немесе Еуропа елдерінің бірінде болғанда, бүкіл ақпарат органдары, теледидар басты хабар ретінде берер еді. Өкінішке орай оны ақпараттық органдарда айтып түсіндіріп беретін қауымдастық қайда!? Тіпті оның осы миссиясын түсініп отырғанына күмәнім бар.

Құрметпен,

Әбдіуақап Қара

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *