Әбдіуақап Қара: Ислам мәселесінде Қазақстанда ғалым жоқ

Міне бұл жағдай шетел қазақтарының тарихы Қазақстан тарихнамасына неліктен кірмей жатыр деген сұраққада жауап бола алады. Өйткені Кеңестік идеология атамекен қазақтарына шетел қазақтарын байдың тұқымдары деген сияқты сөздермен жау етіп көрсеткен еді. Тағы бір оқырман тарих мақсатына жетті ме? Әлі өтірік тарих жазылып жатыр ма деген сұрағынада бұл жауап.

Екіншіден ұлттық тарих тек қазақ, Қазақстан тарихын зерттеп жазумен де іске аспайды. Сонымен қатар көрші елдердің тарихын қазақ таришылар өздері зерттеп жазулары керек. Өкіншке орай, мәселен біз де әлі қазақ тарихшылары жазған Ресей тарихы болмай отыр. Кейбір таришылар “ол не керек, Мәскеуден дайын тарихтарды алып оқытып отырмыз ғой” дегенді айтады. Әлбетте оларды оқу керек. Бірақ ең негізгісі көрші елдердің, тіпті бүкіл дүниежүзі тарихын қазақ ғалымдары, қазақи ой-сана, дүниетаным тұрғысынан жазып шығу керек. Мәселен Қазақстанға көрші болмағанмен, АҚШ тарихы да бізге керек емес пе? Әлемді билеп отырған елдің тарихы кімгеде болса қызықты, әрі ғибратлы. Құр қазақ тарих жазып өз өзімізбен мақтана бермей, дәуір-дәуір басқа елдердің тарихтарымен қазақ тарихын салыстырып отыру керек. Сонда мақтанарлық па, даттанарлық па тарихмыз бар екенін шынайы түрде көретін боламыз.

Халыққа ұлттық тарихи сананы беруде музейлердің орны зор. Қазақстанда керемет музейлер бар. Түркияда да бар. Қайсысынікі мықты деген сұрақ түсіп отыр. Екеуінің де мықты және артық болған жағдайлары бар. Бір-бірінен алулары керек. Мәселен Еуразия университетінде жазу тарихы музейі бар. Маған қатты ұнайды. Бұл түріктерге де қатты ұнап отыр. Бірақ ондай музей Түркияда жоқ. Ал Ыстамбұлда панорама музейі бар. Фатих Сұлтан Мехмет Ханның Константинополды 1453 жылы қалай жаулап алғанын көрсетеді. Керемет. Қалай шеберлікпен жасаған! Ішіне кірсеңіз дәл соғыстың ішінде жүргендей сезінесіз. Мәселен қазақтың жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген Аңырақай шайқасын осылай істеуге әбден болатын сияқты.

Өзім Түркияда архивте жұмыс істедім. Бірақ Қазақстанда архивтерде болмадым. Сондықтан бұл турасында салыстырма сұраған сұраққа жауап бере алмаймын.

Шыңғысхан да менің зерттеу тақырыбым емес. Өйткені мен көбіне 20- ғасыр тарихы мен айналысамын. Шыңғысхан орта ғасыр тарихын, атап айтқанда 12 және 13 ғасырларды зерттейтін тарихшылардың жұмысы. Сондықтан ол туралы менен гөрі маман тарихшылардың айтқаны дұрыс.

Шетел қазақтары мәселелеріне келейік, көш тоқтады, бұған қалай қарайсыз дейді бір оқырман. Бұл үлкен өкініш. Біз қазақтар мақтанды жақсы көреміз. Нақты жұмыс кейінге ысырылып қалады. Көптен бері “Қазақстанның дияспора саясаты, жоқ тек көші-қон саясаты бар” деп жазып келемін. Көштің тоқтауы менің осы ойымды нақты дәлелдеп берді.

Қазақстан мемлекетінің мүддесінде дияспора қандай рол атқарады? Оның қаншасын көшіру керек, қаншасын орнында сақтап әлемде Қазақстан мүддесіне пайдалану керектігі туралы саясаттар белгіленбеген. Дүниежүзі қазақтары құрылтайлары, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “құрылтайлар тойлау үшін емес ойлау үшін”деп қадағалап айтуына қарамастан тойлар ғана өткізілуде.

Шерхан Мұртаза ағамыз кезінде “оралман мұнайдан қымбат” деп дұрыс айтқан. Иә, егер Қазақстан халық санын шетел қазақтарымен толықтырмайтын болса, ертең осы қолдағы бар байлықтардан айрылып қалуымыз ғажап емес. 76 миллион халқы бар Түркиядан жер көлемі 3,5 есе үлкен Қазақстанда не бары Ыстамбұлдың халқындай 16,5 миллион халық өмір сүреді. Бұл санмен Қазақстанның ұзақ уақыт ел болып қалуы екіталай. Сондықтан шетелдерде өмір сүріп жатқан 5 миллион қазақты елге көшіріп алу бірінші кезектегі стратегия болуы керек. Ататүрік Түрік республикасын құрғанда Түркияның жан саны 13,5 миллион екен. Ұлы мемлекет қайраткері бірінші осы мәселені қолға алып көрші елдердегі бүкіл түріктерді елге көшіріп ала бастапты. Оны да жеткіліксіз көрген түрік саясаткерлері туысқан халықтардың өкілдерінде көшіріп алды. Міне сол саясаттың арқасында 1952 жылы қазақтарды Түркияға қабылдады. Бүгін Түркияның адам саны 76 миллион. Мызғымас әлемдік елге айналып отыр. Қазір әлемнің экономикасы ең күшті 16 елдің қатарында.

Шетел қазақтарының елгек өшіріп алу тек демографиялық үлес емес, сонымен қатар оның ұлттық мемлекет болуына да үлкен үлес қосады. Бүгінгі таңда Қазақстанның ең көкейкесті мәселелерінің бірі қазақ тілі болып отыр. Басқасын былай қойғанда, Қазақстандағы қазақтардың төрттен бір бөлегі әлі қазақша сөйлей алмай келе жатыр. Президент биылғы жолдауында 2020 жылы бүкіл Қазақстан қазақша сөйлейді деді. Міне президенттің осы мақсатын орындалуын іске асыруға үлкен демеу шетел қазақтары. Өйткені бүгін Қазақстанға көшіп келіп жатқан қазақтардың басым бөлігі орысша білмейді. Сондықтан олар тек қазақша сөйлейді. Міне бұл жағдай Қазақстанның тіл проблемасын шешуге үлкен қолдау.

Түркия қазақтары неге келмейді? деген сұраққа, бүгінгі таңда қай қазақ Қазақстанға келіп жатыр? деген сұрақпен жауап бергім келеді. Көш тоқтап отыр емес пе?

Осы жерде бір мәселе маңызды, Қазақстан мемлекеті шетел қазақтарын көшіріп алатын болса, оларға жаны ашығандықтан емес, Қазақстан мемлекетінің мүддесінің талабы болғандықтан көшіруге тиіс.

Өйткені Қазақстанда қазақ халқының саны артатын болса, онда бұл оның тәуелсіздігін баянды етуге, тіл мәселесін шешуге, шетелдерден инвестиция мен технология әкелуге, шетелдерде имиджін көтеруге т.б. қызмет етеді.

Түркия қазақтары басым көпшілігі үлкен қалаларда орналасқандықтан мал бақпайды. Шағын ғана бір ауыл Анқараның шығысындағы Нигде қаласына қарасты Алтай ауылында өмір сүреді. Солар ғана мал шаруашылығымен айналысады. Ең жоғары қызмет қазақтар арасында консул, аудан әкімінің орынбасары, ғалымдар десек болады.

Мен өзімді Құдайға шүкір толық қазақ деп сезінемін. Өйткені қазақ көшін бастаған жетекшілер мен ақсақалдардың соңын көрген ұрпақпын. Олардың дастарқанында болдым, сарқытын іштім. Бірақ бізден кейінгі ұрпақ өзін қалай сезінеді, ол туралы ешнәрсе айта алмаймын.

Қазақстанда қазақты түрік, монғол, қытай деп бөлушіліктің бары рас. Бұл қашан аяқталады? Бұл Қазақстан мемлекетінін дияспора саясаты болғанда ғана аяқталады. Ол болмайынша бұл жағдай жалғаса береді.

Өйткені дияспора саясаты болса, қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы саясатын белгілеуші азаматтар шетел қазақтарының Қазақстан мемлекеттік мүддесі үшін қаншалықты маңызды екенін халыққа түсіндіретін болады. Шетел қазақтары мен жергілікті қазақтар арасындағы ынтымақтастықты күшейту үшін іс-шаралар белгілейді.

Мәселе тек қазақты атамекенге көшіріп әкелгенмен шектелмейді. Олармен жергілікті халық арасындағы береке-бірлікті күшейту үшінде жұмыстар жүргізу қажет. Бұл турасында республика көлемінде үгіт-насихаттар болу керек. Қазір бұл жоқ, сондықтан оралман азаматтық алғанға дейін тиісті орындарда түрлі қиыншылықтармен бетбе бет келеді. Өйткені сол орындардағы қызметкерлер оралмандардың мемлекет мүддесі үшін мәнін түсінген емес. Олар көбінесе бұрынғы “қашқын” қазақтардың Қазақ елі байыған кезде пайда іздеп, мүдде іздеп елге келіп жатқан “арамтамақтар” екен деп біледі. Бұл бұрынғы Кеңестік идеологияның үгіт-насихаты еді. Бұның әсері әлі де болса бар. Міне дияспора саясаты болғанда, мұндай солақай саяттың туындысы орынсыз идеологиялық әсер-ықпалдары жою үшін арнайы жұмыстар атқарылар еді.

Шетел қазақтарының бөлек-бөлек менталитеті бола ма деп сұралыпты. Әлбетте болады. Өйткені өмір сүрген орта адамның санасын қалыптастырады. Сондықтан әр елде тұратын қазақтың дүниетанымы, көзқарасы, менталитетінің бір-біріне ұқсамауы заңдылық. Кейде бұл біздерді қателікке ұрындырады. Бір-бірімізді түсінбей, менсінбей қалатын жағдайларымыз болады. Сол себепті басқа елде туып-өскен азаматтармен байланыс жасағанда мұны, яғни олардың тұрған елдеріне байланысты басқаша менталитеттерінің болғанын ескергеніміз жөн.

Өзімнің жеке басыма сұралған сұрақтардың бірінде TurkBirDev деген хабар тобы сұралыпты. Мен бұған мүше емеспін. Сондықтан ешқандай түсінігім жоқ.

Менің әкелерім Қытайдан шығып Түркияға барған. Сондықтан бір оқырман Алтайға ат басын бұрып бұрмағаным сұрапты. Жоқ бармадым. БірақҮрімші қаласына барып қайтқанмын. 1993 жылы сол қалаға барып15 күн жүріп қайтқаным бар. Менің туыстарым қазір осы қалада тұрады. Кейін баруға сәті түспеді.

Түркияда оқу үшін Түркияның елшіліктеріне бару керек. Түріктер жыл сайын шетелдерден оқушы қабылдайды. Ресми жолмен келсе жақсы болады. Онда оларға стипендия төленеді, жатақхана беріледі. Әйтпесе бүкіл шығындарды өзі көтеру керек. Біздер балалардың оқуға түсуіне көмек бере алмаймыз. Заң көтермейді.

Қандай кітап оқисыз деп сұралыпты. Оқитыным тарихқа қатысты кітаптар көбінесе. Өз мамандығым 20-ғасыр түркі тарихы болғанымен, түркі тарихына қатысты әрқилы кітаптарды оқимын. Айталық, Исламға дейінгі ғұндар, көктүріктер, исламнан кейінгі қараханиттер, селжұктар, алтын орда, осман патшалығы. Ислам тарихына да қатысты еңбектерді оқығанды жақсы көремін. Тарих философиясымен ислам философиясы да қызықтырады. Одан кейін әдебиет зерттеу кітаптары. Осы салаға қатысты романдарды оқимын да, жақсы кітаптарды іздеп жүріп сатып алып үйіме алып қойғанды ұнатамын. Дереу оқымасамда, кейін қол тигенде, немесе бір зерттеу барысында көңіліме сұрақ келгенде, сол тақырыптарды кітаптарды оқып шығамын.

Келер ұрпақтан күтер көп және олардан күтетіндей жаңа, атап айтқанда қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жақсы уақыт болып отыр. Бүгінгі ғылым, білім және мүмкіншіліктерді бүгінгі ұрпақ тиімді пайдаланып түркі мұсылман өркениетін биік белестерге көтереді деген сенімдемін.

Мені ауызша Қазақстанға шақырғандар көп. Бірақ ресми түрде әрқандай шақыру болмады. Өз ойым осында жүргізген зерттеулерім (бірнеше жылдың көлемінде) аяқталғаннан кейін Қазақстанға біржолата көшіп бару. Ондағы негізгі мақсатым шәкірт тәрбиелеу. Әрқандай бір университетте қызмет алып қазақ жастарын тарих ғылымында баулып түркі және мұсылман елдер тарихында мықты тарихшылардың шығуына өз үлесімді қоссам деймін.

Менің ұстазым айтқан еді: “Ғалымдар үш түрлі болады. 1. Жақсы зерттеуші ғалымдар. Бұлар шәкірт тәрбиелеуге мән бермейді. Өзінен кейін ғылымы тоқтап қалады. Артында әрқандай бір мектеп қалмайды. 2. Жақсы ұстаздар. Зерттеуге онша мықты емес болғанымен жастарды жақсы көреді де, жастардың ғалым болуына үлкен көмек жасайды. 3. Әрі жақсы зерттеуші әрі жақсы ұстаз.” Өзім мына осы соңғысы болғым келеді. Құдайға шүкір бүгінгі таңда 20-ға жуық зерттеу және аударма еңбектерім жарық көрді. Зерттеулерім жоғары бағаланып отыр. Енді осы тәжрибелерімді жастарға берсем деген ой бар. Мақсат – түрік және қазақ елінде мықты таришылардың шығуына үлес қосу.

Қазақстандағы тіл мәселесіне көңіліңіз тола ма деген екен. Әлбетте толмайды. Қазақ бола отырып қазақ тілін сөйлей алмайтын адамдарды көргенде жаным ашиды. Мұндай құбылысты, яғни өзінің атамекенінде, өзінің ұлттық мемлекеті болған жерде туып өскен адамдардың ана тілін білмеуін бірінші дүркін 1992 Қазақстанға барғанда көріп таңқалдым. Түркия және Еуропа елдерінде мұндай нәрсе жоқ. Түркияда түрік тілін білмейтін түрік, Германияда неміс тілін білмейтін неміс, Францияда француз тілін білмейтін француз табу мүмкін емес. Мұндай жағдайды тек бұрынғы Кеңестік елдерде ғана көруге болатын сияқты. 1992 жылы Алматыда болғанымда қазақша сөйлеуден ұялатын қазақтарды көрген едім. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы қыркүйек айында Түркияға келіп Ыстамбұлда қазақтармен өткізген кездесуінде бұл ащы шындыққа бір әзілмен ишара жасаған еді.

Президент Түркиялық қазақтармен болған осы тұңғыш кездесуінде “Айтыңдар, Қазақстан мемлекетіне қандай өтініштер бар?” деп сұрағанда бір азамат, қателеспесем қазір Қазақстанда атақты ғалым болып жүрген Ислам Жеменей “Құрметті Президент, Түркияда балалар қазақ тілін ұмытып барады. Солар үшін мектептер демалыс болған жаз айларында Алматыда тіл курстары ұйымдастырылса” деп өтініш айтты. Сонда Президент “Әй сендер Алматыға келіп осы білген тілдеріңнен айрылып қалмаңдар” деген еді. Құдайға шүкір одан бері өткен 20 жылда көп нәрсе өзгерді. Қазір ешкім қазақшадан ұялмайды. Көп адам қазақша үйренді. Дегенмен қазақ халқы толық қазақшаға әлі жеткен жоқ. Міне осыған көңіліміз толмайды.

Ұлт болып қалыптастық па? Деген сұраққа жоғарғы сөздер жауап бола біледі. Қазақ халқы толық қазақша сөйлемеген жағдайда толық ұлт болып қалыптаса алмайды. Ұлт болу үшін тілден басқа діл және дін бірлігі де болу керек. Өкінішке орай бұл туралы да әлі көп жұмыс істеуімізге тура келіп тұр. Әсіресе дін саласында. Қазір басқа дінге кіріп кеткендерді айтпай-ақ қояйық. Мұсылманшылығымыздың өзі әрқилы болып кетті.Зайырлы ел боламыз деп бұл мәселені өз бетінше еркіне қоя беруіміз дұрыс болмаған сияқты. Қазақтың дәстүрлі мұсылманшылығына мемлекет тарапынан күшті қолдау керек еді. Қалай тілдер ішінде қазақшаға қолдау бар болса, (халық басқа тіл үйренем десе оған шектеу жоқ), халықтың өзінің атадан келе жатқан дәстүрлі мұсылманшылығының кең тарауынада (басқа дінге кірем деушілерге де шектеу жоқ) мемлекет тарапынан күшті қолдау болу керек.

Бір оқырман Қазақстандағы дін мәселесі сізді бейжай қалдырмайтын шығар депті. Өте дұрыс. Мені қалай қазақ тілінің мәселесі бейжай қалдырмаса, дін мәселесі де солай бейжай қалдырмайды. Өйткені Қазақстанның ұйтқысы, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерін бір цемент сияқты бір-біріне ынтымақтастықта берік ұстайтын халық – қазақ халқы. Алдымен осы халық өз ішінде мықты бірлік, ынтымақтастықта болуы керек. Сол үшін тіл, діл және дін бірлігі қажет.

Кеңестік басқару міне біздің аталған сол үш діңгегіміздің тамырына балта шауып қазақты жоюға тырысты. Бұл үшеуі жойылғаннан кейін қазақ халқы жойылып “тобырға” айналатын еді.

Біз осы орайда тіл деп қазақшаны, діл деп түркілік тегімізді, дін деп мұсылманшылықты айтып отырмыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жойылудың аз алдында тұрған осы үш діңгектің алғашқы екеуін қалпына келтіруге күш жұмсады. Құдайға шүкір бұл салаларда үлкен жетістіктерге жетті. Бірақ, үшіншісінің, яғни мұсылманшылык дәстүріміздің маңыздылығын енді-енді байқап келе жатырмыз.

Мәселен түркология ғылымында Қазақстан қазір үлкен ғалымдармен еңбектер шығарды. Қаншама универсиетте бұл салада дәрістер оқылып зерттеулер жүргізілуде. Бүкіл дүниежүзінде түркітану орталығы болуға лайық Түркі академиясы Астанада құрылып отыр.

Мұсылманшылық, яғни ислам мәселесіне келсек бұл салада Қазақстанда ғалым жоқ десек қателеспейміз. Неге? Өйткені ешбір универсиетте исламтану жоқ. Тек дінтану бар. Дінтану дегенде бүкіл діндерді зерттейсіз де, бір өзі ұшаң-теніз болған ислам ғылымына жеткілікті көңіл бөле алмай қаласыз. Сол себептен қазір Қазақстанда қаптап кеткен түрлі исламдық ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс ақ-қарасын ажыратып беретін бір ғалым болмай отыр.

Түркиядан діни білім алу қаншалықты дұрыс деп сұралған. Бұған жүз пайыз дұрыс деп жауап беремін. Кеңес Одағы біздің діни мәдениетімізді тілімізден ары жойып жібергені ақиқат. Қазір соны қалпына келтіруде үлгі алатын бірден-бір ел Түркия.

Осы орайда мынадай қателікке ұрынбау керек. Ислам діні Арап елдерінен шықты, олай болса, негізгі жерінен алған дұрыс деп Арап елдеріне бұрылмау керек. Себебі, діннің талаптарын әр халық өзінің ұлттық салт-дәстүрлерімен біте қайнастырады. Кейде қайсысы ұлттық салт-дәстүр, қайсысы діни ғибадат ажырата алмай қаласыз. Сондықтан бүгінгі таңда парсылардың, араптардың, түріктердің дін орындауларында көптеген айырмашылықтар бар. Бұлар ғасырлар бойына орнығады.

Сондықтан егер біз Сауд Арабиясындағы дінді үлгі етер болсақ, қазақ қоғамына үйлеспейді. Неге? Себебі араптар заңды түрде Исламның кей ережелерін өздерінің ұлттық дәстүрлеріне қарай бейімдеп алады. Мәселен, олар аруақты көп сыйламайды. Сондықтан бейіттерді жояды. Ал түркілер аруаққа көп мән береді. Сондықтан оларда бейіттер сақталады әрі құрметтеледі. Ал, Ислам дінінде аруақты сыйлауға қарсылық жоқ. Сондықтан түркілер маңызды күндерде, қасиетті күндерде бейіттерге барып аруақтар еске алынып, Құран бағышталады. Бұл түріктеде осылай, қазақта да осылай. Сондықтан алғашқы кезде дін ғылымын түріктерден алған дұрыс. Содан соң барып өзімізден ғалымдар шығып қазақи мұсылманшылықты одан әрі қалыптастыра береді.

Өзім дін ғалымы емеспін. Бірақ, өзімше жеке адам ретінде мұсылманшылықтың шарттарын орындап келемін. Бір оқырман дін талаптарын қаншалықты орындайсыз деп сұрапты. Қолдан келгенше орындаймын. Намаз оқимын. Арақ ішпеймін. Өтірік айтпауға, әр қандай пара алушылыққа жоламауға, біреудің адал еңбегін ұрламауға т.б. тырысамын. Дін дегенде тек намаз оқу, сақал-мұрт қою деп қана ұқпау керек. Дін бізге сонымен қатар адалдық, еңбек сүйгіштік, отан сүйгіштік, ысырап етпеушілік, ата-анаға құрмет, жақсы бала тәрбиелеу сынды ізгіліктерді де міндеттейді. Сонда ғана толық мұсылман бола аласыз. Сырт көріністе сақал қойып одан кейін үш-төрт қатын алып жан рахатын бағып жатушылық мұсылманшылық емес. Ол мұсылманшылықты теріс пайдаланушылық болып табылады. Өйткені пайғамбарымыздың бір хадисі “көршісі аш,өзі тоқ болған, бізден емес” деген.

Сонымен сұрақтарды тәмәмдадық. Барлық оқырмандарға және «Қамшы» порталына рахмет айтамын.

Әбдіуақап Қара – Стамбул

Автордың жазу мәнері сақталды

http://www.qamshy.kz/?p=1309#comment-614

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *