Қазақтар осыдан 60 жыл бұрын құшағын жайып қарсы алған Түркия қайраткерлерінің аруақтарына тағзым етті

“Осыдан 60 жыл бұрын 1952 жылы Түркияға көшіп келген Қазақ азаматтарын қиын-қыстау кезеңде жылы қабылдап, үлкен қонақжайлық көрсетіп, көмегіңізден аянбай қолдау көрсеткендеріңіз үшін Сіздерге Қазақстан халқы мен басшылығы атынан үлкен алғыс және ризашылығымды білдіремін”, делінген құттықтау хатта.

Көптеген қазақ және түрік азаматтары, баспасөз өкілдері қатысқан жиналысқа Түркиялық қазақтардың 1960 жылы құрылған саяси ұйымы Шығыс Түркістан Босқындар қоғамының төрағасы Жақып Жан, 1986 жылы құрылған мәдени ұйымы Қазақ қорынан Абдуахап Қылыш, 1992 жылы құрылған діни оқу ағарту ұйымы Қожа Ахмет Яссауи қорының төрағасы Иса Қалқа, Зейтінбұрын ауданының қазақ әкімі Иляс Сақа көпшілікке арнап сөз сөйлеп, Түрік халқына және оның мемлекет қайраткерлеріне деген алғыстарының шексіз екенін атап өтті.

Мимар Синан Көркемөнер университетінің ғалымы Әбдіуақап Қара қазақтардың Түркияға көшіп келулері жайында мәлімет беріп былай деді: “1952 жылы наурыз айында қаулы қабылданғаннан кейін Пәкістан, Үндістан және Кәшмірдегі 1850 қазақ топ- топ болып Түркияға келе бастады. Алғашқы топ Құсайын Тәйжі жетекшілігіндегі Кәшмірдегі қазақтар болды. Олар 1952 жылы қазан айында Ыстамбұлға келді. Осыдан кейін келулер екі жыл, атап айтқанда 1954 жылдың күзіне дейін жалғасты.

Сол кездегі қазақ аталарымыз Пәкістаннан қиыншылық көрген жоқ. Бірақ ұрпақтарының қазақтық болмысын жоғалтып кетулерінен алаңдады. Олар ұлттық ерекшеліктерін сақтау барысында ең ұрымтал елдің тілі, діні, ділі бір Түркия елі екенін білді. Сөйтіп олар Түркияға көшіп келді.”

1952 жылы Түркияға 9 жасар бала болып келген Мансұр Тәйжі болса: “1952 жылы 20 қазан күні Түркияға келген едік. Біраз уақыт өткеннен кейін Басминистр Аднан Мендерес мырза келіп хал жағдайларымызды сұраған болатын. Және бізге, балаларға дәптер қарындаш берген еді. Сол кезде Басминистр мырзаның қолынан дәптер қарандаш алған баланың бірі мен едім. Осыдан 60 жыл бұрын Түркияға көшті бастаған аталар, ағалар бүгінде жоқ. Қазір осындағылардың барлығы олардың ұрпақтары. Олар сол аталарының атынан да, өз аттарынан да түрік халқына алғыстарын айту үшін осында келіп отыр”, деді.

Осыдан кейін кесенеде жатқан Басминистр Аднан Мендерес және оның әріптестері Сыртқы істер министрі Фатин Рүшті Зорлұ мен Қаржы министрі Хасан Полатқан аруақтарына бағышталып құран оқылды. Сөйтіп қазақтар осыдан 60 жыл бұрын өздерін Түркияға қабылдаған мемлекет қайраткерлерінің аруағына тағзым ету арқылы бүкіл Түрік халқына деген шексіз алғыстарын атап өтті.

18.03.2012, http://www.inform.kz/kaz/article/2449261

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *