Кеңестік идеология және Мұстафа Шоқай

Өйткені бұл азаматтардың пікірлері мен шығарған үкімдері Кеңестік идеолгияны еске салады. Кеңес билігі әсіресе Шоқайға қатаң саясат ұстанды. Неге? Өйткені, өздеріңізге белгілі, Шоқайдың саяси күресінің басты мақсаты – Түркістандағы кеңес билігінің орнына тәуелсіз ұлттық басқару жүйесін орнату еді. Сол себепті Кеңестер үшін Шоқайдан асқан жау болған жоқ. Сондықтан да Мәскеу Шоқайды «халық жауы» деп жариялап оның өмірімен идеялары туралы мәлімет таратуға тиым салды.

Соңсоң Шоқайдың шығармаларының басылуына, таратылуына және тіпті оқылуына қатаң шектеулер қойылды. Бұл тиым-шектеулерге мойынсұнбағандар, сірә оның атын атағандар аяусыз түрде жазаланды. «Халық жауы» деген желеумен Шоқайға қатысты мәліметтерге оқулықтар мен энциклопедияларда орын берілмеді. Сол себепті Қазақстан мен қазақ халқына қатысты барлық мағлұматтарды қамту үшін үлкен еңбек сіңіріліп дайындалған 12 томдық Қазақ Совет энциклопедиясында Шоқай туралы ешқандай мәліметті кездестіре алмайсыз.

Ал Шоқайдың аты амалсыз тарих кітаптарында аталатын жағдайлар болса, онда Шоқай міндетті түрде отанын сатқан опасыз ретінде көрсетілді. Кеңес дәуірінде Қазақстанның ресми тарихы болып саналған “Қазақ ССР” тарихы атты еңбекте Түркістан автономиясына байланысты оқиғалар баяндалып жатқанда Шоқайдың қарсы төңкерісшіл элемент екендігіне баса назар аударылды. 1961 жылы Алматыда жарық көрген “Қазақ ССР тарихы” атты еңбекте Шоқайға байланысты мына жолдарды кездестіреміз: “…Сонымен қатар ағылшын империалисттерінің нұсқауларымен 1917 жылдың қараша айының соңында Қоқанда Қоқан автономиясы деген бір автономия құрылды. Бұл кертартпа-төңкерісшіл өкіметтің ішінде өзбек буржуазияшыл ұлтшылдарымен қатар қазақ ұлтшылдары М.Тынышбаев пен М.Шоқаев орын алды.[1]

“Қазақ ССР тарихындағы”  әрқандай бір бағалау аса маңызды. Өйткені ол еңбек кеңестердің Қазақстан тарихы туралы ресми көзқарасын байқатады. “Қазақ  ССР тарихы” сынды ресми тарих кітаптары Компартияның көзқарастары мен принциптерін көрсету барысында, партияның мұқият бақылауында дайындалады.

Кеңес идеологиясын коммунисттік партия белгілегендіктен партия басшылары өзгерген сайын идеологияда да өзгерістер болып отырды. Соған мезгілдес Қазақ ССР тарихы да өзгертіліп тұрды. Тұңғыш “Қазақ ССР тарихы” 1943 жылы жарық көрді. Бірақ дүниежүзілік екінші соғыстан кейін бұл кітапта жаңсақ пікірлердің орын алғаны алға тартылып, қайта жазуға шешім қабылданды. Сөйтіп 1948 жылы “Қазақ ССР тарихының” екінші нұсқасы жарияланды. Бірақ кейіннен бұл кітап та зиянды деп табылды. 1978 жылы үшінші және соңғы нұсқасы жазылып, оқырмандардың назарына ұсынылыды. “Қазақ ССР тарихы” секілді маңызды кітаптардың мазмұнын Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті идеология хатшысы тексеріп отырды. [2]

“Қазақ ССР тарихында” жағымсыз пікір білдірілген Шоқай туралы әрқандай бір адамның зерттеу жүргізіп, әрқандай бір материалды жариялауы мүмкін емес еді. Өйткені Кеңестер Одағының мүшесі  болып саналатын бір елдің тарихына байланысты Кеңес идеологиясы бойынша жазылған тарих кітаптары зерттеушілер мен  тарихшылар үшін жол көрсетуші бір компас қызметін атқарады. Оған қарай тарих бағалануға тиісті еді. Сондықтан, айталық, Қазақстанға қатысты шығарылатын тарих кітаптары мен зерттеу еңбектерінің нәр алатын бұлағы “Қазақ ССР тарихы” еді. Қазақстан азаматтары, әсіресе ғалымдар мен өнер қайраткерлері сондай-ақ, ақын-жазушылар мен коммунизмнің болашақ құрушылары деп айтылған жастар сол кітаптың көзқарастарымен санасуға мәжбүр еді. Сол себепті “Қазақ ССР тарихында” кертартпа-төңкерісшіл деп сипаттама берілген Шоқай туралы сөз қозғау әсте мүмкін емес еді.

Кеңестік Қазақстанның ресми тарихында тиым салынған тек Шоқай мен Түркістан автономиясы емес еді. Алашорда қозғалысы мен өзге жетекшілеріне де тиым салынды. Алайда, Алаш қозғалысының өзге жетекшілері большевиктер үстемдік орнатқаннан кейін Шоқай секілді шетке шығып күрес жүргізудің орнына, олармен бірге істесуді  таңдап, Қазақстанда кеңестік басқару жүйесінің ұлттық сипат алуына маңызды үлес қосты. Олар әсіресе оқу-ағарту, ғылым және өнер секілді салаларда орасан зор еңбек етті. Міне бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықта тиісті орнын алуда осы жағдайдың рөлі жоқ деп кім айта алады?

Кеңестер билігі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулат сынды Алашорда жетекшілері мен мүшелерін 1925 жылдан кейін қудалай бастады. 1930-1932 жылдары жүргізілген әртүрлі соттарда Алашорданың белсенді мүшелері халық жауы және шетелдердің тыңшылары деген айыптар тағылып бас бостандығынан айыру, жер аудару немесе өлім  жазасына кесілді. Бұл соттардың қармағына ілікпей аман қалғандары 1937-1938 жылдардағы репрессиялар кезінде қырғындалды. Алашорда қозғалысы мен оның жетекшілері туралы зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазуға да 1935 жылдан бастап тиым салынды. [3]

Шоқай бұл жағдайды тосырқамайды. Оның ойынша Кеңес билігіндегі халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын кеңес тарихшыларының бейтарап жазуы мүмкін емес еді. Өйткені олар, жалпы алғанда,тарих ғылымында бейтараптылықты қабылдамайды. Сондықтан олар тарихты тап күресі үшін бір құрал ретінде пайдаланды. Шоқай тарихтың тек өткеннен сыр шертетін ғылым ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағыт-бағдар беруге жарайтын бір құрал екендігін кеңестік тарихшылардың өте жақсы білгендігіне баса көрсетеді. [4]

Саяси қызметтері мен көзқарастарына байланысты Кеңестер Одағында ат-айдар тағылып қылмыскер атанған Шоқай ғана емес еді. Оның туыстары да режим үшін күдікті адамдар санатына жатқызылды. Ол үшін олардың Шоқайдың көзқарастарын қолдап-қолдамау қажетті емес еді. Оның, яғни халық жауының туысы болу әртүрлі жазамен қысымға ұшырау үшін жетіп жатты. Сол себепті Шоқайдың туыстары да кеңестік орындардың қысымына тап болды. [5]

Кеңестер Одағында қандай да бір себепке байланысты Шоқайдың аты атала қалса, артынан міндетті түрде жағымсыз сипаттарды бірге қосарлау әдетке айналды. Оған көбінесе ол кезде Кеңестік түркі тілдес республикаларында ауыр айыптаулар болып табылатын “түрікшіл”, “исламшыл”, “ұлтшыл” немесе “әлем буржуазиясының тыңшысы” секілді теңеулер жапсырылды. [6]

Өскемендік журналист Данилевский де Кеңес Одағы келмеске кетуіне және Қазақстан тәуелсіз ел болуына 20 жылдан астан уақыт өткен болса да, Шоқайды түрікшілдікпен айыптауда. Ол туралы бір газеттің жазғандарын келтірейік:

“Данилевский говорит, что возведение Шокая в ранг национального героя противоречит политике президента Назарбаева и государственной политике Казахстана, потому что Шокай боролся за свободу тюркских народов, стало быть против России. Назарбаев ставит целью интеграцию бывших советских республик, и в такой обстановке возвеличивание таких героев ведет к возведению напраслины на Россию, идет вразрез с геостратегическим направлением Казахстана, говорит Данилевский.”[7]

Яғни оның пікірінше, Шоқайды ұлттық қаһарман тұлғалар арасында көтеру Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан мемлекетінің саясатына қайшы екен. Неге? Өйткені Шоқай түркі халықтарының тәуелсіздігі үшін күрескен екен!

Оның ішінде Қазақстан тәуелсіздігі жоқ па? Бар және бүгін Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігінде Шоқайдың сол арманына жетіп отыр. Сол үшін де орысша айтқанда “герой” болуға лайықты болып отыр.

Соңсоң Қазақстан Президенті Назарбаевтың саясаттарының оған қайшы екенін алға тартады. Керісінше, Елбасының саясаттары Шоқайдың пікірлерімен сабақтасады. Шоқайдың “бір тұтас Түркістан” идеясын Президент 2005 жылы “Орталық Азия Одағы” деп ресми түрде жариялады. Оның үстіне Назарбаев бұгінгі таңда түркі елдер ішінде түркі халықтарының ынтымақтастығына ең көп еңбек сіңірген мемлекет қайраткері болып отыр. Сондықтан Түркия президенті Назарбаевты “Түркі елдерінің лидері” деп жоғары бағалап отыр. Міне осы үшін де, сонау 1930- жылдары көрегендікпен ойлар тастағаны үшін Шоқай ұлы тұлға болуға әбден лайық. Сонымен қатар журналист Данилевский  түрікшіл Шоқайдың ұлы тұлға болуының Қазақстанның Ресеймен достық қарым-қатнастарына  зақым келтіретініне меңземек болады. Біз бұған қосылмаймыз. Қазақстан да, Ресей де өзара тығыз қарым-қатнастарда болуға мүдделі. Бұл халықаралық саясат.

Сонымен қатар Қазақстанның бұрынғы Кеңес елдерімен де тығыз қарым-қатнаста болуы мүддесіне сай келеді. Екінші жақтан Қазақстан түркі елдерімен де ынтымақтастықта болады. Бұл бүгінгі таңда “көп бағытты” саясат деп аталады. Бұлардың ешбірінде қайшылық жоқ. Егер Шоқай тірі болса, ол да осы саясаттарды жүргізер еді.

Данилевский өзі 2012 жылы өмір сүріп отырғанмен көзқарасы, саясат білімі Кеңес одағының ыдыраған 1991 жылы тоқтап қалған сыяқты. Түркі дүниесімен ынтымақтастыққа болу бүгінгі таңда Мәскеудің де саясаттарына қайшы емес. Қазір Түркия мен Ресей өзара бұрынды соңды болмағандай жақсы достық қарым-қатнаста. Екі ел арасында виза шектеулері әлдеқашан жойылған. Екі елдің азаматтары ерсілі қарсылы емін еркін саяхат жасауда. Сонымен қатар Қазақстан Президенті алғаш рет 1994 жылы ортаға салған, өткен жылдан бастап Мәскеудің сыртқы саясатының негізгіне айналған “Еуразиялық одақтың” славян және түркі халықтарының одағы екені жөнінде Ресейлік және Түркиялық зиялылар арасында пікір таластары жүріп жатыр. Келешекте бұл одақта Түркияның да орын алуы ғажап емес. Бұның барлығы тек Кеңес одағының ыдырауымен болып отырған өзгерістер емес. Бұл сонымен қатар бүгінгі жаһандану дәуірінің талаптары.

Жаһандану дәуірі сонымен қатар ұлттардың әлем өркениетімен қабыса отырып өзінің ұлттық мәдениетін қастерлеуді талап етеді. Егер олай болмай бір жақты тек әлемдік өркениетке бет бұрғандар өзге басым мәдениеттердің әсер ықпалы астына кіріп жойылып кету, керісінше әлемдік өркениетке есігін тас бекітіп өзінің ұлттық мәдениетімен қана шектеліп қалғандар жаһандық дамушылықтарға ілесе алмай түрлі қиыншылықтарға душар болу қаупімен бетбе бет келетінін ғалымдар айтуда. Сондықтан бүгінгі таңда, сыртқы саясат сыяқты, мәдениет саласында да көп бағытты мықты саясат жүргізген ұлттар ұтатын болады.

Біз негізгі әңгімемізге оралып одан әрі жалгастырар болсақ, Шоқайға қарсы кеңестік үгіт-насихат 1968 жылы шарықтау шегіне жетті. Сол жылы КГБ офицері Серік Шәкібаевтың Шоқай туралы жазған “Үлкен Түркістанның күйреуі” атты повесі жарық көрді. Деректі повесть екені алға тартылған бұл шығарма Шоқайды шен-шекпен үшін елін нацисттерге сатқан опасыз ретінде көрсетуге бағытталды. Кеңес дәуірінде Шоқай туралы тиым салынбаған дара басылым болып табылатын және 1972 жылы “Падение большого Туркестана” деген атпен орыс тіліне, 1976 жылы “Чоң Туркестанның қирашы” деген атпен қырғыз тіліне де аударылған бұл повесть Шоқайдың нацисттердің түрмесінен Фашистік Германияның Шығыс министрі Альфред Розенбергке хат жазуымен басталады. Хатында Шоқай Түркістанды тек Германияның құтқара алатындығына сенетіндігін, сол себепті тұтқынға түскен түркі тектес кеңес әскерлерінен көмекші отрядтар жасақтап, неміс армиясына көмектескісі келетіндігін білдіреді. Осылайша Шоқайды фашисттік билік астындағы Түркістанға басшы болу үшін елін нацисттерге бодан етуге тырысқан сатқын ретінде көрсетуге бағытталған оқиғалар тізбегі өрбиді. Повесть бойынша Шоқай жақын серігі Уәли Каюм Хан берген у салдарынан өліп “сазайын” тартады. [8]

Мұстафа Шоқайға “сатқын” деп отырған әлгі Өскемендік журналист Данилевский газеттерге берген сұхбатында өзінің көзқарасын дәлелдеу барысында атаған кеңестік еңбектер ішінде Шәкібаевтың осы романы  да баршылық. Алайда тарих ғылымы бойынша, роман, тіпті деректер негізінде жазылды деген ешбір повесь дерек көзі саналмайды. Қанша деректерге, шындықтарға негізелді десе де, повестің аты повес. Онда автордың шындыққа сай келмейтін ойдан құрастырған дүниелер де болады. Әйтпесе ол повесь емес, тарих зерттеу еңбегі болар еді.

Сонымен қатар төменде ашып көрсететініміздей, ол романдағы фактилердің барлығы үш қайнаса шындыққа сорпасы қосылмайтын жалған дүниелер.

Негізінде Шәкібаевтың повесін құжаттарға сүйене отырып жаздым дегенін толықтай теріске шығармаймын. Мүмкін солай шығар. Бірақ, пайдаланған деректеріндегі мәліметтердің қате екенін нақты айта аламын. Өйткені зерттеулерімізде байқағанымыз Кенес дәуірінде Түркістан легионына қатысты құжаттар делінгеннің көпшілігі соғыстан кейін кеңестерге қайтарылған Түркістан легионы мүшелерінің КГБ тергеуінде берген жауаптарының хаттамалары. Белкім Мәскеудің қолында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия мен Польшадан алып кеткен архив деректерінің ішінде Түркістан легионына қатысты құжаттар бар шығар. Бірақ Кеңестік дәуірде бұлар емес, аталған хаттамалар көбірек қоланылатын.  Өйткені, архив деректерінде Кеңестік идеологияның мақсатына сай келетін мәліметтер, қазірде анықталғандай, болмаған. Сондықтан тергеуде қысым астында легион мүшелерінен алынған жаңсақ мәліметтер дерек көзі ретінде қолданылған. Легион мүшелерінін Шоқай туралы білмесе де, тергеудегі азаптау мен қинаудың салдарынан  ойдан құрастырып айтқан сөздеріне негізделген хаттамаларды Шәкібаев дерек ретінде бағалаған. Сөйтіп оның деректі повес деген еңбегі дүниеге келген. Өйткені повесте шындыққа қайшы келетін мәліметтерді көптеп кездестіруге болады.

Енді соларға қарап шығайық:

1. Повестің басында Шығыс министрі Розенбергке хат жазған Шоқай бір жылдан бері түрмеде отырады. [9] Алайда, Шоқай ешқашан түрмеге отырмаған. Шоқайдың өмірінде тек үш аптадай Париж маңындағы Компиен лагерінде тұтқында қалғанын көреміз. Ол жер де түрмеден гөрі бір оқу лагері секілді еді. Сондай-ақ бұл жердегі орыс эмигранттары және басқа тұтқындармен болған пікірталас ортасы Шоқайға өте ұнайды.[10] Сонымен қатар ол кезде әлі Шығыс министрлігі құрылмаған болатын және Розенберг де министр емес еді. Ол министірлікті құру шешімі, 1941 жылы 16 шілде күні Гитлердің қатысуымен өткен жиналыста шығарылды. Бұл жиналыста, Кеңестер Одағынан басып алынған аймақтармен айналысатын жаңа бір министрліктің құрылуы мен өкілеттіліктері туралы шешім қабылданды. “Басып Алынған Шығыс Елдері Министрлігі” деген ат берілген осы жаңа министрлікке ертеңіне Розенберг министр болып тағайындалды. Сөйтіп, қысқаша Шығыс министрлігі (Остминистериум) деп аталған бұл жаңа министрлік 1941 жылы 17 шілдеден бастап өз жұмсын бастады.[11]

2. Повесте Шоқайдың Петербургте Заң факультетінде Керенский мен бірге оқығаны айтылады.[12] Шындығында екеуінің бір уақыттарда студент болулары мүмкін емес. Керенский оқуын бітіргеннен кейін Шоқай Петербургке келді. Өйткені, 1881 жылы 22 сәуір күні туылған Керенский Шоқайдан 11 жыл бұрын Петербург университетіне түскен.[13]

3. Шакібаевтың кітабында Шоқайдың ағылшын тыңшыларымен жұмыс істегені алға тартылады. [14] Шоқайдың ешбір елге тыңшылық істемегені, мұндай сөздердің Кеңестік идеологияның әдетке айналдырған тәсілдері екенін жоғарыда атап өттік.

4. Шәкібаев Шоқайдың Еуропаға жұбайы Марияның қалауы бойынша келгенін алға тартады.[15] Шоқайдың Еуропаға өз ықтиярымен саяси күрес жүргізу үшін қалай келгендігін кітабымызда жан жақты баяндадық.[16]

5. Аталған кітапта Уәли  Каюмның Шоқайға “ЯшТүркістан” журналын шығаруға көмектескені аталып өтіледі.[17]. Бұл тура емес. Өйткені, Шоқай “ЯшТүркістан” журналын шығарып тұрған жылдарында (1929-1939) Уәли Каюмды танымайтын еді. Олар екінші дүниежүзілік соғыс басталып сол себептен журнал тоқтағаннан кейін танысады. Шоқайдың зайыбы Мария естеліктерінде Шоқайдың Уәли Каюммен алғашқы кездесуінің, оның 1941 жылы күз айында Паридегі үйлеріне болғандығын жазады. Бірақ бұл кездесу одан да бір неше ай бұрын, атап айтқанда 1941 жылдың көктемінде болуға тиіс. Марияның өзі де кейіннен Уәли Каюмның екі аптадан кейін сәуір айында екінші рет келгендігін жазады. Соған қарағанда Уәли Каюм алғаш рет 1941 жылы, наурыз айының екінші жартысында келген болуы керек. Уәли Каюм да Шоқаймен алғаш рет 1941 жылы ішінде танысқандығын жазады.[18]

6. Түркістан легионын құру туралы пікірді алғаш Шоқай айтқан екен. [19] Шоқайдың бұл пікірді айтқандығы туралы ешқандай мағлұмат пен дерек жоқ. Қайта керісінше Шоқайдың тұтқын әскерлердің майдандардан қайтарылуы және оқуларға жіберілуі туралы ұсыныстар жасалғандығы жөнінде мәліметтер бар. Ал сонда бұл идея алғаш кімнен шықты деген сұрақ болса, онда біз мұның түріктерден шыққаны жөнінде деректер барын айта аламыз. Олар Стамбул Соғыс Академиясының қолбасшысы (командирі) генерал Али Фуад Эрден, ал, екіншісі – “Жумхуриет” пен “Сон Поста” газеттерінің ұлтшыл жазушысы, зейнеттегі генерал Хүсни Эмир Эркилет еді. Олар 1941 жылы қазан айында Германияға барып Берлинде Сыртқы Істер министрлігі қызметкерлерімен кездескеннен кейін, соғыстың шығыс майданына сапар шекті. Сол жерде олар Гитлердің қабылдауында болды.  Бұл қабылдауда екі паша Гитлерге Түркістан легионың құру керектігі жөніндегі пікірлерін білдірді. Гитлердің бұл екі пашамен болған кездесуден үлкен әсер алғандығын айта аламыз. Өйткені, зерттеушілер Гитлердің тұтқын әскерлерден көмекші отрядтар жасақталуына осы кездесуден кейін келісім бергендігін айтады.[20]

7. Шәкібаевтың алға тартуына қарағанда, Шоқай ағылшындар мен келісе алмағандықтан тұтқындалған. [21] Шоқайдың тұтқындалу себебі тек Кеңестерге қарсы болуы еді. Нацистер Кенес Одағына шабуылдаған 1941 жылы 22 маусым күні Шоқайды Париждегі үйінен тұтқындап әкетеді. Нацисттердің мақсаты Шоқайды Кеңес Одағына қарсы пайдалану еді. Бірақ ол ұсынысты Шоқай қабылдамайды.[22]

8. Шәкібаев романында Шоқайдың легионерлерді ұйымдастыру ісіне жан-тәнімен кірісіп, бұл істің жауапкершілігін мойнына алғанын алға тартады.[23] Бұл пікір шындыққа толықтай қайшы келеді. Өйткені, Шоқай Түркістан легионына қатысудан үзілді-кесілді бас тартты. Чағатай Шоқайдың немістердің тұтқын жерлестерін орыстарға қарсы өз шептерінде соғысуға ынталандыру туралы талаптарына келіспегендігін атап өтеді. Оның айтуынша, Шоқай мұндай бір іс-қимылға үлес қоспайтынын ашық түрде білдірген. Шоқай немістерге түркі тілдес кеңестік тұтқындарды майданға жібермеуге кеңес берді. Оның орнына оқуларын аяқтамай жатып, Кеңес армиясы қатарында соғысқа айдалып, тұтқынға түскен жастарды білім алуларын жалғастырулары үшін оқуға жіберулерін, ал, басқа тұтқындардың болса майдан тылында жұмыс істетілуін ұсыныс етті.[24]

9. Повесть бойынша Зәки Уәлиди Парижге алғаш рет 1937 жылы келеді және оны Берлинге алып барып, Ғалимжан Идриси мен бірге “Яш Түркістан” журналын шығару ісін тапсырады. Уәлиди Стамбулға кеткенге дейін Идриси екеуі журналды шығару ісіне жәрдемдеседі. [25] Бұл сөздердің қай бірін түзетесіз. Уәлиди Парижге алғаш  рет 1937 жылы емес, 1923 жылдың соңында келеді.[26] Ғалимжан Идриси мен Зәки Уәлиди ол журналда істеген емес. Яш Түркістан журналы 1937 жылдан емес, 1929 жылдан бастап жарық көрді.[27] Ғалимжан Идрисидің Шоқайға қарсы адам екенін Шәкібаев білмеуде. Өйткені Сыртқы Істер министрлігінің Ресей Комитетінде жұмыс істеп жүрген Идриси Шоқай туралы министрлікке жазған баяндамалары мұны көрсетуде. Неміс архивтерінің бірінде сақтаулы ондай баяндамаларының бірінде Идриси, Шоқайдың нацисттерге қарсы “Прометей Одағының” белсенді мүшлерінің бірі болғандығын ескертіп, оған қарсы сақ болуға шақырады.[28] Міне архивтегі бұл материал да Шоқайдың нацистермен біргестпейтінін көрсетсе керек.

10. Романда сонымен қатар Шоқайдың өлімінен кейін Түркістандық босқындардың Зәки Уәлидиді Түркістан Ұлттық Комитетіне жақындатпағаны туралы пікір айтылады және 20 мамыр күнгі (жылы көрсетілмейді) ТАСС хабар агенттігінен үзінді алынып, түрік полициясының фашистік ұйым мүшелері Нихал Атсыз, Оғуз Түрккан және Зәки Уәлидидің үйлеріне тінту жүргізгеніне тоқталады.[29] Жазушы бұл жерде де шындықтан алшақтап кетеді. Уәлиди соғыс кезінде Германияда ешқашан болмаған. Сол себепті оның Түркістан Ұлттық Комитетіне кіру секілді әрекеті туралы айта алмаймыз. Екінші жағынан жазушы әдейі жылын көрсетпей тек 20 мамыр деп атаған оқиғасы Түркияда 1944 жылы болған. Жазушы оқиғаның жылын көрсетпеу арқылы оқырманға Түркистан Ұлттық Комитетімен Зәки Уәлиди арасында бір байланыс болғандығын көрсетуге, сөйтіп ол Комитетті түрік заң орындарының да фашисттік ұйым ретінде қудалағанына меңземек болады.

11. Бұлардың барлығы, егер деректерге негізделген болса, легионда қызмет атқарған әскерлердің өзара ойдан шығарған аңыз-әңгімелерінен басқа ештеңе емес. Бұл әскерлер Шоқайдың қашан өлгендігі туралы да нақты білмейді. Сол себепті 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болған Шоқай Шәкібаевтың романында 1942 жылдың наурызында әлі тірі болып көрінеді. [30] Өйткені, тұтқын лагерлеріндегі әскерлер Шоқайдың 1942 жылы сәуір айында қайтыс болған деп сенетін. Тұтқын лагерлеріндегі түркістандық әскерлерден Қарыс Қанатбай Шоқайдың өлімі туралы хабардың өздеріне сәуір айында жеткендігін айтады.[31]

Қорытындылағанда деректі повесть деп көрсетілген шығармада оқиғалар желісінің, пайдаланған материалдарының жалған болуына байланысты, шындықтан алыстап кеткені анық. Сондай-ақ жазушының Шоқайдың қызметтеріне кеңестік идеология тұрғысынан баға беруге тырысуы оның адасуын одан әрі тереңдете түседі.

Мысалы, повесть бойынша Розенберг Шоқайға Түркістанның неміс отары болатындығын және ұлттық армиясы мен мемлекеттігі болмайтындығын айтады. Шоқай болса, бұған қарсылық білдірместен келіседі. Жазушының Розенбергпен Шоқай арасындағы кездесуді әрқандай бір дерекке сүйене отырып жазбағандығы анық. Бұл жерде оның толықтай кеңестік идеологияға сай қиялдан бір бейнелеу жасауға тырысқандығы даусыз.

Шәкібаевтың кейіннен орысшаға да аударылған повесінің Шоқайдың нацисттермен ауыз жаласқан сатқын екендігі жөнінде тек Қазақстан азаматтаары емес, бүкіл Кеңес халықтары арасында кең тараған жаңсақ ұғым қалыптасуына елеулі қызмет атқарғаны күмәнсіз. Міне біз сондықтан жазушылар, киногерлер ұлттық тұлғалар, ұлттық тарих туралы көбірек туындылар берсе екен дейтініміз осыдан. Ғалымдардың жазғандары халыққа көп тарамайды. Бірақ көркем өнер саласының қайраткерлерінің туындалары халық санасының қалыптасуында көбірек әсерлі болады. Бұған Шәкібаевтың біз әңгімелеп отырған осы еңбегі дәлел.

Сонымен Шоқайдың саяси қызметтерімен басылымдарынан туған халқына қарсы ешқандай бір мін таба алмаған кеңестердің үгіт-насихат құралдарының Шәкібаевтың жалған деректерге негізделген повесі арқылы діттеген мақсатына қол жеткізуге тырысқан айтуға негіз бар.

Шәкібаевтың Кеңестік идеологияға берілгені соншалық, тәуелсіздік кезеңінде Мұстафа Шоқай туралы шындықтар айдай ортаға шығып оның “халық жауынан” халық батырына көтеріліп әділеттің салтанат құруын көргенде қайтерін біле алмай қалды. Оның ой-өрісі бір кезде «халық жауы» атандырылған Шоқайдың тәуелсіз Қазақстанда қалайша ұлттық қаһарманға айналғанын түсінуге жетпеді.

Сол себептен Шәкібаев Шоқай тұлғасының тәуелсіз Қазақстан үшін ұлттық қаһарман болып шыға келе жатқанына қарсы болды және бұл туралы ойларын көпшілікке таратқан мақаласын жазуда да кешікпеді. “Қазақ әдебиеті” газетінің 1992 жылы шілде айындағы санында жарық көрген мақаласында Шәкібаев бұл наразылығын былай деп ортаға салады:

Бұл мақаланы жазу  менің парызым болып табылады. Шоқай менің қаһармандарымның бірі болғандықтан ол туралы мерзімді баспасөз беттерінде түрлі пікірлер алға тартылып жатқанында, әсіресе оның фашисттермен ауыз жаласуын кейбіреулер шүбәлі жәйт секілді көрсетіп, тіпті терістеуге тырысып жатқан кездерінде менің үнсіз қалуым оқырмандарым үшін түсініксіз жәйт болатын еді.[32]

Шәкібаев “Құрғақ долбар – дәлел емес” атты осы мақаласында Қазақстан баспасөзінде соңғы кездері Шоқаймен  оның шығармалары туралы жиі мақалалар шығып тұруына деген мазасыздығын тілге тиек етті. Шәкібаевтың пікірінше, мұндай мақалалар халықтың Шоқайдың ұлттық қаһарман екені жөнінде “жаңсақ” пікір қалыптастыруына себеп болуда. Ал, шындығында Шоқай әсте қаһарман емес еді. Ол “фашисттердің қолжаулығы болған сатқын“еді. Ол құрған “Түркістан легионы” Германияның фашисттік армияларымен бірге Түркістанды жаулапалып, Германияның бір отарына айналдыруды көздеген еді. Шәкібаев осылайша Түркістан халқын немістердің боданына айналдыруды көздеген адамды қаһарман мәртебесіне көтеруге болмайтындығын атап өтеді.

Байқалғанындай, Шәкібаев Қазақстан Кеңес Одағынан тәуелсіздігін жариялаған кездің өзінде, ол өзінің санасы Кеңестік идеологиядан тәуелсіздігін ала алмағандықтан, бұрынғы кеңестік дәуірде Шоқайға бағытталған айыптауларды қайталауда.

Шәкібаев сөйтіп мақаласында Шоқайдың отан қаһарманы еместігін, “фашисттермен ауыз жаласқан сатқын” екендігі туралы кеңестік айыптаулардың растығын дәлелдеуге тырысып бақты. Оның бұл мақаласына жауап қазақтың белгілі қаламгері Әнуар Әлімжановтан келді. Әлімжановтың мақаласы “Қазақ әдебиеті” газетінің Шәкібаевтың мақаласы басылған санында және сонымен бір бетте жарияланды.

Демек, “Қазақ әдебиеті” газетінің редакция алқасы Шәкібевтың мақаласы өздеріне келіп түскеннен кейін, онымен Әлімжановтың танысып шығуына мүмкіншілік берген, сөйтіп, оған жауап боларлық бір мақаланың жазылуын қамтамасыз еткен еді. “Ұлы адамның аруағымен алыспайық” деген мақаласында Әлімжанов Шәкібаевтың мақаласын КГБ-ның әдеттегі күйе жағу әдісі ретінде бағалады. Оның пікірінше, Шәкібаев не осы мақаласында, не “Үлкен Түркістанның күйреуі” атты повесінде Шоқайдың нацисттермен елінің мүдделеріне қарсы одақтасқандығын көрсететін ешқандай сенімді дәлел ұсына алмаған еді.

Әлімжанов мақаласының соңында Шоқайдың отаны үшін жасаған қызметтерінің айдан анық көрініп тұрғанын және ешкімнің қорғауына мұқтаж еместігін мына сөздермен атап өтеді:

Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығармаларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде.” [33]

Әнуар Әлімжановтың бұл мақаласы Шәкібаев үшін қанағаттандырарлық жауап болмады. Кеңестік дәуірде көптеген медальдармен сондай-ақ Қазақстан Жоғары Кеңесінің грамотасымен марапатталған Шәкібаев Шоқаймен байланысты кереғар жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Сол кезде Қазақ тарихшыларынынан ӘбуТәкенов оның Шоқайға қатысты шындықтардың зерттеліп толықтай ортаға салынбаудан туындаған тұманды ортаны пайдаланып қалуға тырысқандығын айтады.

Шәкібаев “Үлкен Түркістанның күйреуі” атты шығарманы қайтадан бастырды. Қазақстанда оқырманын көбейтіп көбірек кірім келтіру мақсатында даулы мәселелерді күн тәртібіне қоюымен танылған Караван атындағы газетке Шоқайға байланысты пікірлерін тілге тиек етті. Шоқайдың немістердің жыртысын жыртқан “Түркістан легионының құрушысы” екендігін, сондықтан генерал  шенімен марапатталғандығын және Гитлермен әскери одақтастық жасағандығын т.б. алға тартты.

Тәкенов оның осылайша Шоқайды бейбітшілік пен ізгі ниетті жандардың жауы етіп көрсетуге тырысқандығын айтады. Бірақ Шәкібаев бұл істерінен көздеген мақсатына жете ала алмады. Сол себептен басқа амалдар іздеп Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасына қылмыстық іс қозғатуға дейін барды.[34]

Сонымен қорыта айтар болсақ, Кеңестік идеологияның қазақтың ұлы мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайды туған халқына құбыжық етіп көрсету барысында оған таңған “халық жауы, қарсы төңкерісшіл элемент, буржуазияшыл ұлтшыл, кертартпа-төңкерісшіл, шетелдердің тыңшысы, ағылшын тыңшысы, әлем буржуазиясының тыңшысы, түрікшіл, исламшыл, ұлтшыл, шен-шекпен үшін елін нацисттерге сатқан опасыз, фашисттермен ауыз жаласқан, фашисттердің қолжаулығы болған сатқын, Түркістан легионын құру туралы пікірді беруші, фашисттік билік астындағы Түркістанға басшы болуды көксеуші, Қазақстанды Германияның отарына айналдыруды көздеуші, Түркістан легионының құрушысы” секілді  бүкіл қылмыстық атаулар мен айыптаулардың толығымен негізсіз екенін нақты айта аламыз.

Кеңес Одағы 1991 жылы тарих сахнасындан бір жолата келмеске кетті. Бірақ идеологиялардың адам санасындан шығып кетуі бір күнде бірден болмайды. Ол бірте бірте іске асып ұзақ уақыт алады. Кейде ол үшін ұрпақтардың ауысуы да қажет бола біледі. Сондықтан Кеңестік иделогияның жан беру алдындағы соңғы тұяқ серпуі ретінде кейде елес ретінде бой көрсетіп қалуы ғажап емес. Кеше ол Өскеменде Денис Данилевский мен Сергей Михеев бейнесінде көрініп Шоқайға шабуылын жалғастырды. Бұл шабуылдардың тағы да қайталануы мүмкін.

Бірақ, елестің аты елес. Ақиқат, Қазақстанның тәуелсіздік тарихының көрнекті тұлғасы Шоқайдың күн өткен сайын асқақтай беретіндігі.

Әбдіуақап Қара – Ыстамбұл

 


[1] “Қазақ ССР тарихы. Социализм дәуірі”. Алматы, 1961, ІІ т., 40-бет.

[2] Мағауин М.. “Қазақ тарихының әліппесі”. Алматы, 1995.

[3] Нүрпейісов К. “Алаш һәм Алашорда”. Алматы, “Ататек”, 1995, 9-14-бет.

[4] Шоқай М. Bir “İlmi” Yalganga Karşı (Hokand Muhtariyetinin 14nçı Yıldönümü Münasebtiyle). “Яш Түркістан”. 1931, Желтоқсан, No 25, 5-bet.

[5] Сарбұлақ И. Мұстафа Шоқайұлы. “Жас Алаш”. 1991, 28 маусым.

[6] “Мұстафа Шоқай. Түркістанның қилы тағдыры”. жин. Байбота Серікбайұлы Қошым Ноғай. Алматы, 1992, 3-4-бет.

[7] Мустафа Шокай пособник фашистов или герой? http://shymkent.kz/?previd=29008&type=mnen&start=30

[8] Шәкібаев С. Үлкен Түркістанның күйреуі Документальды повесть. Алматы, “Жазушы”, 1968, 36-бет.

[9] Сонда, 7, 14-бет.

[10] Қара, А. Мұстафа Шоқай Өмірі Күресі Шығармашылығы. Алматы, 2004, 196-198-беттер.

[11] Қара, 199-bet.

[12] Шәкібаев, 1-бет.

[13] Kerensky, A. The Kerensky Memoirs, Russia and History’s Turning Point. London 1965.

[14] Шәкібаев, 9-бет.

[15] Сонда. 12-бет.

[16] Қара, 94-151-бет.

[17] Шәкібаев, 13- бет.

[18] Қара, 194-195; Хан У. Қ. Mustafa Çokaybekni Eslab. “Halk Sozi”. 27 Şubat 1992.

[19] Шәкібаев, 15-бет.

[20] Қара, 205-206-бет.

[21] Шәкібаев, 18-бет.

[22] Қара, 196-198-бет.

[23] Шәкібаев, 19-бет.

[24] Шоқайдың легионға қатыспағаны, тіпті үзілді кесілді қарсы болғаны жөнінде көптеген фактилер мен деректер күшін қараңыз: Қара, 206-210-бет.

[25] Шәкібаев, 21-22-бет.

[26] Тоған З. У. “Hatıralar Türkistan ve Diğer Müslüman Doğu Türklerinin Milli Varlık ve Kültür Mücadeleleri”. İstanbul, 1969,  538-бет.

[27] Яш Түркістан Берлинде қалай шығарылғаны, кімдер жұмыс істегені туралы қараңыз: Қара, 263-277-бет..

[28] Mühlen P. “Gamalıhaç ile Kızıl Yıldız Arasında İkinci Dünya Savaşında Sovyet Doğu Halkları’nın Milliyetçiliği”. Ankara, 1984, 92-bet.

[29] Шәкібаев, 206-бет.

[30] Сонда, 49-бет.

[31] Чокай М. “Я пишу вам из Кокана (Воспоминания, письма, документы). Алматы, “Қайнар”, 2002, 140-бет.

[32] Шәкібаев С. Құрғақ долбар – дәлел емес. “Қазақ әдебиеті”. 1992, 24 шілде.

[33] Әлімжанов Ә. Ұлы адамның аруағымен алыспайық. “Қазақ әдебиеті”. 1992, 24 шілде, 7-бет.

[34] Тәкенов Ә. Мұстафа Шоқай өмірінің кейбір қырлары. “Қазақ тарихы”. 1996, қыркүйек-қазан, Nо: 5, 56-57-бет.

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *