Бішкек Саммитінде тәуелсіз түркітілдес мемлекеттердің ортақ жалауы өмірге келді

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің ІІ- Саммитіне қатысқан мемлекет басшылары Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің қар­жы­лық ережелері туралы, Түркі акаде­миясын құру туралы, Түркі мәдениеті мен түркі мұрасына қолдау көрсету қо­рын құру туралы келісімдерді қамтыған Бішкек декларациясына да қол қойды.

Өткен жылы Алматы Саммитінен бері Қазақстанда болған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің төрағалығы Қырғызстанға өтті.

Біздің ойымызша, Бішкек Саммитінің ең маңызды да тарихи шешімі осы Түркі кеңесіне ту белгілеу болды. Кеңеске мүше төрт елдің жалауларынан алынған түс пен белгілерден жасалған осы туды сонымен қатар Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдерінің ортақ байрағы ретінде де көру қателік бола қоймас.

Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы осы жалаудың мақұлдануын Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің институттану барысында жаңа бір қадам ретінде бағалады.Ол, орынды түрде “бұл жалау, Түркітілдес елдерді бірбіріне одан әрі жақындата түседі” деді.

Осы Саммитте қабылданған маңызды шешімдердің тағы бірі, жоғары атап өткеніміздей, Түркі Академиясының халықаралық статус алуы болды. Сонымен екі жылдан бері Астанада тек Қазақстан мемлекетінің мүмкіншіліктерімен қызмет атқарып келе жатқан осы академияның жұмыстарының ауқымының мұнан кейін Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия елдерінің қосатын үлестерімен кеңейе түсері анық.

Белгілі ғалым, түрколог, профессор Шәкір Ыбыраевтың басқаруында екі жылда академия түркі тарихы мен мәдениетіне қатысты бір қатар маңызды еңбектерді жарыққа шығарды. Халықаралық көлемде ғалымдардың қатысуымен, ішінде «Түркі дүниесі» атты халықаралық альманах (көлемі – 724 бет) және түркі әлеміндегі кесек туындылардың «Асыл мұра» атты антологиясын (көлемі – 570 бет) сынды еңбектер де бар, 30-ға жуық еңбек жарияланды. Осындай түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты зерттеулер мен еңбектердің Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия елдерінің белсенді қолдауларымен академияның еселей көбейтіп тереңдете түсері күмәнсіз.

Біздің Бішкек Саммитінің көзге түскен ең маңызды шешімі деп жоғары бағалап отырған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің қабылданған жалауы Түркі халықтарының ынтымақтастық тарихында өзіндік орны болатын маңызды құбылыс. Өйткені Қазақстан байрағынан түсін,  Қырғызстан байрағынан күнді, Әзербайжан байрағынан жұлдызды, Түркия байрағынан айшықты алған байрақ мүше елдердің ортақ туы іспеттес.

Ту осы сипатымен Түркі кеңесіне мүше бүкіл елдердің байрақтарын бір байрақта жарасымды түрде сомдауда табысты жұмыс атқарған. Дегенмен бұл байрақты біз уақытша байрақ ретінде көріп отырмыз. Өйткені бұл жалауда қазірге дейін мүшелікке өтпеген, бірақ Түркі кеңесінің табиғи мүшелері болып саналатын Түркменстан мен Өзбекстан туларының белгілері бұл байрақта орын алмаған. Сондықтан келешекте осы елдерде кеңеске мүшелікке өткен жағдайда байрақтың түр түсінің де өзгертілуі күнтәртібіне енбек. Жаңа байраққа осы екі елдің байрақтарынан да нышандар қою тиіс болмақ. Сонда тарихта алғаш рет тәуелсіз Түркі мемлекеттері үшін бірыңғай байрақ жасалған болады. Бұл, Түркі халықтарының ынтымақтастығының тамырларының әлемнің өзге халықтары арасындағы ынтымақтастықпен салыстыруға келмейтіндей тереңде жатқандығын, атап айтқанда мыңдаған жылдық ортақ тарих пен мәдениеттен нәр алатындығының дәлелі.

Тарихқа көз жүгірткенімізде Түркі мемлекеттерінің бірыңғай жалауын жасау алғаш рет 1920 жылы Самарқанда іске асқанын көреміз. Большевик күштеріне қарсы ұлттық азаттық күресін жүргізген Түркістан ұлттық одағы ұйымы 1920 жылы, 5-7 қыркүйекте Самарқанда өткізген ІІ- құрылтайында бір тұтас Түркістанның ұлттық жалауының түсі мен түрін қабылдаған еді. Осы жалауды жасаған комиссияның құрамында Зекі Уәлиді, Төреқұл Жанұзақов және Мунаууар Қари сынды сол кездің маңызды мемлекет қайраткерлері мен зиялылары бар еді. Комиссия байрақтың түсі үшін Салчұк, Қараханид пен Темір мемлекеттерінің қызыл туларының түсін таңдады. Ортасында айшық пен жұлдыз орын алған байрақта тоғыз жолақ орын алды. Бұл жолақтардың бесі қызыл, төрті ақ түсті еді. Сондай-ақ сабында бөрі басы болған тудың төрт шетіне көгілдір жолақ жүргізілді. Бұл жолақтың түсі болса, Шыңғыс ханның туынан алынған еді.

Белгілі болғанындай, Түркістан ұлттық одағынын негізі қаланған І- құрылтайы 1920 жылдың маусым айында Бұқарада өткізілген еді. Оған Башқұртстан, Қазақстан және Құлжадан зиялылар мен Ферғана Басмашы әрекетінің өкілдері шақырылған. Жиналысқа қатысқандар арасында башқұрттардан Зәки Уәлиди, Сейіткерей Мағазов, Ферғана басмашыларынан Ширмәмет Бек, Елдерхан Мутин, Харис Игликов, Рахманкұл Корбашы, Мұстафа Шахкули, түрікмендерден адвокат Какажан Бердиев, қазақтардан Алашорда өкілі Хайреддин Балғынбаев, Мұхтар Әуезов және Дінше бар еді.  Сондай-ақ Бұқара мен Ташкент зиялылары атынан Мунаууар Кари, Абдулкадир Мухиддинов, Файзуллах Хожаев және Садреддин Айни секілді тұлғалар да жиналысқа қатысты.  Талқылаулар нәтижесінде Өзбекістанның “Жадиттер” партиясы мен “Ерк” партиясы және Қазақстанның “Алашорда” партиясының тізе қоса отырып жұмыс істеуі жөнінде шешім қабылданды. Бұл үшін Уәлиди ұсынған жеті баптан тұратын ортақ платформа мақұлданды. Бұл платформаға “Орта Азия Мұсылман Ұлттық Бұқарасы Төңкеріс Қоғамдарының Одағы” деген ат берілді.  Бұл платформаның аты кейін Түркістан ұлттық одағы болып өзгерді. Бағдарламаға төмендегі жеті бап енгізілді:

1. Азаттық,

2. Демократиялық республика,

3. Ұлттық армия,

4. Экономикалық басқарудың, темір жол құрылысы мен каналдар құрылысының Түркістанның тәуелсіздігіне сәйкес жүргізілуі.

5. Ағарту ісін жаңашылдандыру және батыс өркениетімен тікелей байланысып арадағы орыс дәнекерлігін жою,

6. Ұлт мәселесінің, халық ағарту мен табиғи байлықтарды пайдалану секілді мәселелердің, этникалық топтардың халық санына қарай шешілуі.

7. Дінге толықтай бостандық берілуі және дін мен мемлекеттік істерді бір-бірінен ажырату.

Түркістан ұлттық одағы Большевиктердің елде үстемдік орнатуынан кейін күресін шетелдерде жалғастырды. Осы кезде, ІІ- құрылтайда белгіленген туға жаңа түс пен пішін беруге тура келді. 1927 жылы Мұстафа Шоқай, Тахир Шағатай және Междеддин Дәлел сынды қайраткерлер қатысқан жиналыста Түркістан ұлттық жалауының түр-түсі өзгертілді. Бұған, бұрынғы тудағы өрнектердің күрделі болуы себеп болды. Ал мұның болса туды жасап алуды қиындастырғаны аталып өтілді. Бұрынғы туды жасаудың шетелдегі тұрмыстың ауыр жағдайында одан әрі қиындасып жатқаны ескеріліп, Түркістан ұлттық туының жасап алуға қолайлы болуы үшін қарапайым болуына шешім қабылданды. Сөйтіп, Темір мемлекетінің қызыл түсі мен Түркістан республикасының көк түсінен құралған жаңа тудың ортасында айшық пен жұлдыз болуы ұйғарылды.

Мүмкін келешекте Өзбекстан мен Түркменстанның да мүшелікке өтуімен алты табиғи мүше санына қол жеткізетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің туының соңғы түр-түсі сабының ұшында бөрі басы, ортасында айшық пен жұлдыз және алты тәуелсіз түркі мемлекетті белгілеген алты жолақты болады.

Сонымен қорыта айтқанда, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бішкектегі ІІ- саммиті табысты өтті. Мемлекет басшылары туысқан елдердің ынтымақтыстығы мен бірлік-берекесі туралы маңызды келісімдер мен шешімдерге қол қойды. Енді кезек осы шешімдерді іске асыру барысында тек мемлекет қайраткерлері мен дипломаттардың ғана емес, сонымен қатар зиялылар, өнерпаздар, ғалымдар және іскер азаматтар сынды түркі халықтарының әр саладан, әр касіптен көкірек көзі ояу ұлтжанды азаматтарының белсенді түрде іске кірісуінде болып отыр.

Әбдіуақап Қара – Шоқайтанушы ғалым

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *