Нұрғожай батырдың Естеліктері

(Нұргожай батырдың естелігінің төте әріппен жазылған түпкі нұсқасын оқу немесе түсіру үшін мына бетке барыңыз: http://abdulvahapkara.com/arastirma-konulari/nurgojay-batur-ve-osman-batur/196-azqttyqtyng-oshpes-ruhy-tote-jazu.html)

 

(Сіз оқып отырған осы мәтіндi Pdf форматымен оқу немесе түсіру үшін мына бетке барыңыз: http://abdulvahapkara.com/arastirma-konulari/nurgojay-batur-ve-osman-batur/193-azqttyqtyng-oshpes-ruhy.html)

Мазмұны

Алғы сӨз.

Отбасы жӘне балалық шағым

Монғолияда сауда істеген күндерім

Алғашқы Әскери қызметім

Қозғалыс қарсаңындағы қиын күндер..

Алтайда бізге дейін болған қозғалыстар..

Есімхан қозғалысының басталуы

Көктоғайдың қытай бастығын Өлтіру..

Жауға қарсы соғыс комитетінің құрылуы

Мұса мергеннің шӘйіт болуы

Алтай тауына шығу..

Оспан күш жинауда..

Жауға берілген алғашқы соққы

Алғашқы жеңіс..

Шың Сысаймен тоқтам

Елдің қайта қозғалуы

Сүлеймен батырдың шӘйіт болуы

Оспан қозғалысты бастауда..

Кеңес Одағынан қолдау..

Қалқа жеріне жорық..

Монғолиямен келіссӨз.

ЖӘнібек батырдың туы

Монғолиялық Өкілдер..

Қалың жаудың Оспанға шабуылы

Бұлғында құрылған ақ үй соғыс комитеті.

Оспан батырдың сегіз комиссары

Коминтерннің бізге қолдауы

Чойбалсан мен Оспанның кездесуі.

Монғолияның кӨмегімен жауға соққы

Сұлубай батырдың шӘйіт болуы

ШіҢгілге жорық..

Оспанның балаларының жаудан қаза табуы

Ел айдау саясаты қалай туды?.

Керейді кӨшіру бұйрығы

Моншықтағы құрылтай..

Шың Сысайдан кейінгі жағдай..

Алтайды жайлаған ашаршылық апаты

Оспанмен оңаша Әңгімелесу..

Генерал СүгірбаевтЫ жаудан құтқарғаным

Үрімжі үкіметімен келіссӨз.

Қытай армиясына ауыр соққы

Қосымша айтатындарым

Оспанның Алтайға уӘли болып келуі.

Оспанның үш үймақшылардан безуі.

Үрімжіде Алтай Өкілі ретіндегі қызметім

Алтайда абақтыға қамалуым

Үш аймақшылдар туралы Оспанмен пікірлесу..

Оспанның Алтайдан кетуі.

Басымыздан Өткендерге шолу..

Күресіміздегі қаһарман батырлар..

ДӘлелхан Сүгірбаев жайындағы пікірім

Американ консулымен байланыстар..

Оспан батырдың соңғы күндері.

Оспанның шетелге шығудан бас тартуы

Шетелдерге сапар..

Библиография.

Сілтемелер

 


ПІКІР

 

Казактың күрескерлік тарихындағы аса айбынды тұлғалардың бірі – Оспан батырдың каһармандык һәм адамдык өмір жолын көрсететін Нұрғожай батырдың естелігі осы кітапка еніп отыр. Ұсынылып отырған кітап аркылы окырман кауым Оспан батырдың өмір жолы мен күрескерлігін жаңа, тың кырларынан тани алады. Мұнда келтірілген деректер ғылыми айналымға алғаш рет түсріліп отыр.

Кітап тарихшыларға, студенттер мен магистранттарға, ізденушілер мен аспиранттарға, сондай-ақ Отанымыздың тарихын білгісі келетін көпшілік қауымға арналған.

 

Рымғали Нұрғали

Казакстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академігі,

Филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Тұрсын Жұртбай

Филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Алғы сӨз

Қазақ тарихында елі, отаны үшін қасиетті күреске түсіп, басын бәйгеге тіккен батырлар аз болған жоқ. Солардың ең соңғысы және көрнектілерінен бірі Оспан батыр. 1899 жылы Қытайға қарасты Шынжаң өлкесінің Көктоғай қаласында туылған Оспан батыр саналы өмірін туған халқының азаттығы жолында күреске арнаған. Ол Қытай әскерлеріне қарсы жау жүрек ерлігі, мергендігі және үздік соғыс тактиқасымен көзге түсті.

Шынжаң қазақтарын зерттеп жүрген америкалық тарихшы Линда Бенсын “Қазақтың алтын аңызы” деп атаған Оспан батыр Шынжаңдағы қазақтардың тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды мақсат етіп алға шықты. Ол күрес барысында тек өзінен сан жағынан да, қару жағынан да еселеп үстем болып отырған армиялармен ғана шайқасқан жоқ. Ол, сонымен қатар, сол кездегі әлемдік деңгейде айтулы саясаткерлер болған Сталин, Чан Қайши және Мау Зыдұңның зор саясаттарына да қарсы күресті.

Бірақ Оспан батырдың осы күрес тарихының мән-маңызы арада елу жылдан аса уақыт өтсе де толық ашылды деп айта алмаймыз. Міне осы тарихқа сүбелі үлес Нұрғожай батырдың естеліктері болып табылады. Өйткені Нұрғожай батыр Оспан батырдың күресінің бастан аяқ қасында болған. Сондай-ақ ол, Оспан батырдың алғашқы сегіз комиссарынан тірі қалған дара тұлға. Олардың барлығы шайқастарда қаза тапқан.

Бұл естелікте бізге белгілі көптеген уақиғалардың қазірге дейін бізге белгісіз болған егжей-тегжейі баяндалуда.  Сонымен қатар естелікте күні бүгін ашылмаған кейбір шындықтар да ортаға салынуда. Оның тағы бір құндылығы да Нұрғожай батырдың Оспан батырмен оңашада болған маңызды саяси сырласу, әңгілемесулерінің мазмұнын да атап өтуінде. Осының арқасында біз Оспан батырдың маңызды мәселелердегі ой пікірлерімен таныс болудамыз.

Нұрғожай батыр – жау жүрек батыр және мергендігімен танылған тұлға. Бірақ, өздеріңізге белгілі, көбінесе батырлар шешен болмайды. Сондықтан олар көрген – білгендерін және істеген істерін толық әңгімелеп бере алмайды. Бірақ Нұрғожай батырдың естеліктерінен аңғарғанымыз, ол кісіге Құдай екеуін де аямай берген екен. Естелігінің тілі жатық және көптеген жайлардан хабардар етуде. Басқа сөзбен айтқанда, ол – роман ләззатында оқылатын тарихи естелік.

Естелік 1984 жылы қаңтар айында төте жазумен жазылған. Оны Шынжаңнан Түркиядағы туыстарына қыдырып келген Сұлтан Оспанұлы жазған. Сұлтан Нұрғожай батырға амандаса келіп, естеліктерін жазуды қалайтынын айтқан. Бастапқыда Нұрғожай батыр естеліктерінің еліне қайтқаннан кейін басына пәле болып, ауыртпалық әкелу ықтималы себепті жаздырғысы келмейтінін айтқан. Бірақ, Сұлтан, Қытайдың 1979 жылдан бері әр салада реформалар жасап, есігін әлемге айқара ашып, демократиялық елге айланып келе жатқанын, сондықтан әрқандай шындықтын ашық айтылатын тұсқа жеткендерін айтып, өзіне бұл турасында ешқандай қиыншылық келмейтінін атап өткен. Тіпті елге барған соң естеліктерді кітап қып шығаратынын да тілге тиек еткен.

Осыдан кейін барып Нұрғожай батыр, Сұлтанның естелігін жазуына ұлықсат береді. Бірақ не жазса, екеу қып жазып, біреуін өзіне қалдыруын шарт етеді. Сұлтан бұған келісім береді де, екі дәптерге бірдей естеліктерді жазады. Сөйтіп біреуін өзі алып, екіншісін Нұрғожай батырдың өзіне беріп кетеді.

Біз осы естелікті пайдаландық. Бірақ Сұлтан Оспанұлы көп еңбек сіңіріп жазған еңбегін бастыруға мүмкіндік таба алмады. Елге барғаннан кейін, Алтайдағы Компартияның жергілікті белсенділері Сұлтаннан естеліктерін тартып алды. Қазір оның қайда екені белгісіз. 2004 жылы дүниеден озған Сұлтан Оспанұлына топырағы торқа, барған жері ұжмақ болсын дейміз. Ол осы естеліктерді қағазға түсіру арқылы үлкен еңбек сіңіргені дау тудырмайды.

Нұрғожай батыр естеліктерден соң екі жылдан кейін, атап айтқанда 1986 жылы 29 қазанда дүние салды. Оның отбасы батырдың естелігін көздерінің қарашығындай сақтап жүрді. Бір қанша адам жариялау үшін сұраса да бермеді. Олар естеліктердің жоғалуынан немесе бұрмаланауынан алаңдады. Сөйтіп естелік 2007 жылға дейін сандық түбінде жатты.

Нұрғожай батырдың бұдан тыс бір естелігін Мимар Синан көркем өнер университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, өзімнің ұстазым профессор Гүльчин Чандарлыоғлы 2006 жылы Ыстамбұлда түрік тілінде жарыққа шығарды. Чандарлыоғлы ол естеліктерді Нұрғожай батырмен сұхбат өткізе жүріп, 1973 жылы бірнеше айда жазып алған. Кейін қарбалас жұмыстармен жүріп сол естеліктерді баспаға дайындауға мүмкіндік таба алмаған.

Біз 2006 жылы осы естеліктердің баспа жұмыстарына көмектесіп жүргенде екінші бір естеліктің, тіпті қазақ тілінде бар екенінен хабардар болдық. Сол естеліктердің ешқандай бұрмалаушылыққа жол берместен, тіпті мұның кепілі ретінде қолжазба нұсқасымен бірге бастыруды ұсыныс етіп оны жарыққа шығаруға ұлықсат алдық. Сөйтіп бір жылдан аса уақыт жұмыс істеп осы естеліктерді баспаға дайындадық.

Естелікті баспаға дайындау барысында тек төте жазуды қазақ әріптеріне көшірумен шектелмедік. Сонымен қатар естелікте баяндалған уақиғаларды басқа деректермен салыстырып, оларды сілтемелермен беттердің аяқ жағында көрсеттік.

Естелік ауызекі тілде жазылғандықтан бір сөйлем ішінде қайталаулар жиі кездесуде. Бізді оларды алып тастадық. Аз да болса түрік тілінен кірген сөздердің орнына қазақшасын қойдық. Емледе болған қателіктерді түзетіп отырдық. Бүкіл осы өзгерістерді жасағанда еңбектің мазмұнына ешқандай өзгеріс келтірмедік.

Мәтінде қолжазбаның бет нөмірлерін жақша ішінде көрсеттік. Адам, жер, су және қала аттары тек осы естелікте емес, Шынжаң қазақтары тарихы туралы кітаптарда да әрқилы жазылуда. Біз қазақ емлесіне сәйкес келетін қып оларды реті келгенде өзгертіп отырдық. Сонымен қатар естелікте ай аттары, бірінші ай, екінші ай ретінде жазылған. Бұларды біз қаңтар, ақпан түрінде ай аттарымен өзгерттік.

Нұрғожай батыр тіршілігінде Оспан батырдың күресіне өзіндік үлесін қосқан болса, енді естеліктерімен сол күрестің тарихының толығуына да сүбелі үлесін қосып отыр.

Осы естеліктерді баспаға дайындауымыз үшін бізге сеніп тапсырған Нұрғожай батырдың отбасына және кітапты басып шығаруға қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-мұхаммедке, КР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Дархан Мыңбайға, Рухани ат баспа орталығының директоры Ербол Тілешовке алғысымды айтамын.

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан көркем өнер университеті

Тарих ғылымдарының докторы

Отбасы жӘне балалық шағым

 

Өз өмірімде үлкен оқу оқып ғылыми жетістіктерім болмаса да, бір талай уақиғаларды басымнан өткіздім. Артқы ұрпақтар пайдалансын деген үмітпен өз басымнан өткендерді жазып қалдырайын. Абай “Заман соққан жел, дүние жатқан үлкен көл” деген екен. Дүниенің мәңгі жалғаса беретінін ескергенде, бір адамның өмірінің шекті екені даусыз.  Шектеулі болса да, өз өмір тарихым кейінгі ұрпақтарға қалса деген арманым бар еді. Сол үшін өз тарихымды жазып отырмын.

Алдымен ата тегімді айта кетейін. Мен Орта Жүз, Алты Арыс ішінде Керей боламын. Ал Керей ішінде Абақ Керей, оның ішінде Жәнтекей руынан едім. Жәнтекейден Сүйінбай, онан Сәменбет болады. Ал Сәменбет ішінде алты Есентайдың бірі – Шақабай руынан тараймыз. Ал Шақабайдан таралуымыз болса мынадай:

Шақабай екі әйел алған. Үлкен әйелі Қосбике болып, осы анадан Қосан, Қоске, Жанбала, Балықбай туады. Екінші анадан Халықбай туып, осы бес Шақабай ішінде Қоске боламын.

Қоскеден бес ұл: Шәукел, Матақ, Тарпақ, Естек, Сегіз Сары (бұл кенже атамыз екен) болып, Сегіз Сарыдан Ұлтарақ жалғыз туады. Ал Ұлтарақтан Сәрсембі жалғыз болып, Сәрсембінің үлкені Серікбайдан Молдажан, Әміре тарайды. Менің әкем осы Молдажан болады. Әміреден Кенен, Омардан, Даукесер, Дәбей тарайды.

Өз өмірімде төрт әйелмен үйлендім. Оның екеуінен бала бар. Үлкен әйелім Асылыдан Имам Ахмет[1], Шарбану[2]. Бұлар тірі. Мекенде отыр. Екінші әйелім Жақсыханнан Имам Нұғман, Аюпхан, Qажыхан ұл болып, Қамар, Шолпан, Ғапура, Макбұза, Айгүл қыз болып, жиыны тоғыз бала өмірге келді. Бұлардан басқа бір ұл (Абдолла) бір қыз (Шамшабану) қайтыс болды. (1)

Өзім 1912 жылы 15 мамырда Қу Ертіс Шақабай тоғамында тудым. Жылым Сиыр. Биыл 72 жастамын. Мен туған кезде ұлы әкем тірі еді. Мен қазақ ғұрпы бойынша үлкен әкенің қолында өстім. Үлкен әкем бес жасымда қайтыс болды. Туған кезімде семьямда 300 тұяқ қой бар еді. Төрт айғыр үйір жылқысы бар еді.

Менің шешемнің аты – Қадиша. Нағашы жұртым Жастабан елі, бай ел еді.

Жас кезімде Сүлеймен молладан бір жыл, Қажыбала молладан бір жарым жыл шамасында оқыдым. Онан соң семьяның малын бағып кеттім. 17 жасымда он екі сәудегермен бірге Қобда аймағына сауда істеуге кеттім. Монғолиядағы Шыбарайғыр Үмбет залыңның қолына бардым. Оның бір баласы менімен бажа еді. Монғолияға барып Ыбырайым деген дүңгенмен бірлесіп жасырын сауда істедім. Ол кезде астық сатылмайтын. Сатылатын товарлар апиын мен торғын бұйымдары еді. Бұл заттар монғолдар үшін өте қажетті еді. Екі жыл осы кәсіппен шұғылдандым.

Монғолияда сауда істеген күндерім

Мен 1931 жылы сауда істеп Монғолиядағы Сақсайға бардым. Ол жерде қоршау бар еді. Оның бастығы Ботағара Бақат еді. Сол жылы Ақтышқан тәйжі аудан бастығы болды. Үмбет залың Қошуын таңба алған екен. Ботақара Оразбай Қобданың уәлиі екен. Ботақара Нарын Қобданың сақшы мекемесінің бастығы еді. Дайынкөлде Шеруші мен басқа халық район болып тұрды. Ел ішінде Қоран Дарғы, Кешуін Оспан, Шыбарайғыр Орманбай секілді белгілі адамдар бар екен. Тұлбадағы Гүлдары дейтін әйел сол райондағы Кешуіндердің бастығы еді. Делуіндегі Оразбек үкірдай (Қошуыт Молқы) іс жүргізіп тұрды. Махұн Хай, Сара дейтін екі дүңген Тұлба мен Далакөл арасындағы (2) қашау сәудегер еді.

Мен осы екі дүңгенді тауып алып сауда жүргіздім. Сол районды басқарып тұрған Үмбет залың бізбен құда еді. Қарақас Төтебай менің жездем еді. Бұл адам да қашау сәудегер болатын. Бізбен бірге сауда істеп барған Төтебай, Тайкешкен Сүлеймен, (Молқы) Оспан екі батыр (екеуі күресуге барып балуан атағын алып келді) барып, бұл жолы бір жыл тұрып қайтып келді. Яғни 1932 жылдың тамыз айы еді. Қайта келгенде Үш Дабатыдан асып Ақсаламен Құрымтыға келдік. Ол кезде ол жерде алтын қазатын хансулар[3] мен дүңгендер бар болатын. Бұл кезде Ламаларға өте керекті заттар болған торғын, оқа, әсіресе етік, шапан, ер тоқымға қажетті нәрселер қашау сәудегерлер арқылы Ласадан шығып, 43 қолдан өтетін. Соның ең ақырғы қолы біз болып тұрдық.

Біз осы бұйымдарды Монғолияға апарғанда, Ламалар не сұрасақ соны беріп тұрды. Ол кезде Ұланқонда төрт бай қытай сәудегері бар еді. Ал Қобда қаласында бір ғана бай қытай сәудегері бар еді. Бұл сәудегерлер үнемі апиын саудасының кіндігі болып тұрды.

Мен сол жылдары Қобда кенті, одан шығып Бөкемұрынға, одан Құмшаға бардым. Қайта айналғанда Бұғы Аралмен Қайтуға келдім. Қайтудан шығып Ақ Көлді басып, Ақ Салшыққа дейін барып қайттым. Ақ Балшықтан Баян Өлгейге жүріп кеттім. Өлгейден Саркөлді басып Ресейден,[4] яғни Қазақстаннан келетін машина жолын басып Тұлбаға бардым. Қай жерде Лама болса, соны іздедім. Құдамыз Шыбарайғыр Үмбет залың қолында қошуын таңба болғандықтан, Монғолияның сол өлкесін аралауыма жағдай жасалып тұрды. Сол жылы таңбаны Үмбет залың Ақ Тышқан тәйжіге берді. Олардың тілмашы Зейнолла еді. (3) Монғолия елін аралап сауда істеп жүрген кезімде, Мәскеуден оқып келіп сол ел арасында жұмыс істеп жүрген Кенжебек, Шәріп, Абайлар да бар еді.

Монғолияны жаңаша тәртіп мұқыр толғаны күшті өткізіп жатқан кезі болатын. Тоқтыбайұлы Өзенбай, Үмбет залыңның ағасының баласы Жексенбайлар жаңадан келіп жұмыс жүргізіп жатты. Екі рет барып, 1933 жылы тамызда қайтадан үйге келдім. Өзімнің ауылым Бала Ертістің құйғанында екен.

Алғашқы Әскери қызметім

Сол жылы Күректіге Жанымхан қажы ауылдары үркіп көшіп келген екен. Мені Жанымхан шақырды. Үйіне бардым. Ол  менен

– Қобдода қандай өзгерістер болып жатыр? – деп Монғолияда туып жатқан саяси жағдайды сұрады.

Мен өз білген ахуалымды айтып бердім. Жанымханның тор жорға аты жоғалған екен. Осының жайын сұрады. Мен:

– Алтайдан бір адам Монғолияның Оспан деген дарғысына 500 шайға бір тор жорға апарып сатыпты, – деп естіген бір хабарымды айтып бердім.

Әкелген сауда заттарыма тоғыз жүз қой, алпыс қара мал құрап алып, алдыңғы қатарлы семья болып алдым. Ел етекке түсті. Жанымхан аулы құлдай көшті. Мен ол кезде мырза болып мәдени киім кигендігімнен сырттай қараған елге оқымысты адамдай сезілуші едім. Осы пормама қарап Жанымхан мені алып кетті. Өйткені Шынжаңда Шың Сысай Қожанияз атындағы ұлт бірлік сап үкіметі құрылып оған дүниеде болмаған әділ үкімет делініп Абай айтқандай “Көрмеген жерге болмаған мақтау” айтылып жатты.

– Қара әкім Яң Сеңжың үкіметі жоғалтылды деп дүр-дүр, – етіп жатыпты.

Және Төре Шәріпхан Алтайдың уәлиі болатын болып Керейдің ұлықтарына мың әскер дайындауға бұйрық берген екен. Жанымхан мені Шақабай атындағы әскердің бастығы едіп жібермек болып алып келді. Сөйтіп Қаратай Ақтайлақ екеуміз Төре Шәріпханды қорғайтын әскердің бастығы болдық. (4)

1934 жылы Монғолияның Серин армиясы Шіңгіл еліне басып, кіріп Байқадам елін, ондағы Ханкелді Секелді шауып кетті. Осы жағдайды ұғып, елді реттеу үшін өзімізден Баймолла кеткен екен. Жанында Қаратай Тайқара деген жолдасы бар еді. Біз жиырма[5] әскер осы адамды қорғап Көктоғайдағы Каратүңкеге бардық. Біз Каратүңкеге барғанда Монғолияның елді қуалаған шолғыншы самолеті Каратөнкеге дейін келді. Сол күні кешінде біз Қалым тәйжінің үйіне қондық. Осы үйде қонып жатқанда, артқы елден “Қанафия бейсі өлді” деген хабар келді.

Сондықтан Баймолланың қасына ертіп келген Сейітқазы мұғалім Канафияның жаназасына баруға Каратүңкеден қайтып кетті. Сол күні қашып келген Байқадамды Каратүңкеден көрдім. Кешінде Қалым үйінде қонып ертеңінде Сейітқазыны алып Сарсүмбеге қайтып кеттім. Сарсүмбеге барғаннан кейін әскерлік міндеттен ұлықсат алып босап кеттім. Баймолланың жолдасы Тайқара мәлім себептер арқылы сол түні қашып кетіп еді. Мен 1935 жылы қыркүйекте қызметтен босадым. Осыдан кейін Үсейін, Мәмет, Ғофыр сәудегерлерден Ресейден өткен импорт товарларын алып, ел ішіне апарып сатып, тері, елтірі, қой, жүн, ішек қатарлы заттар жинадым.

1940 жылға дейін саудамен шұғылдандым. Сол кезге дейін өз әкем тірі еді. Әкем мерген болатын. Сондықтан ол аңшылық кәсіп істейтін. Әрі оны сүйетін адам еді. Қосымша тамыр ұстап дәрігерлік те істеп қоятын. Осы кезге дейінгі өмірімге балалық шағы, діни оқу шағы, мал бағу шағы, сауда істеу шағы, әскери міндет өтеу шағы деп қараймын. Сөйтіп ғұмыр мені сүйрелеп 28 жасқа жеткізіп қойды. Бұл кезде үйленген едім. Әйелім, бір балам бар еді. Аты Мафура болып жастай қайтыс болды. Сонымен балалық және жастық шақтар көзді ашып жұмғанша өтіп кетті.

Біз Молдажаннан төрт ұл едік. Оның үлкені мен едім. Бірінші інім Нұрғазы, ол бес жасында өлген. Екінші інім Кәбіл, кенже інім Шаймардан. Бұлардан басқа екі қарындасым бар еді. Қарындасымның (5) бірі менен үлкен еді. Ұзатылып барған жерінде қайтыс болды. Кенже қарындасымыз Бисара қазір тірі, ұрпағы да бар. Жолдасының аты Насихат, руы Қарақас еді.

Қозғалыс қарсаңындағы қиын күндер

Менің ес біліп қоғамдық қызметтерге араласқан кезім бір түрлі күрделі заман болды. Адам айтқысыз, қым-қуыт қоғамдық түзімдер, Ресей жағынан көшіріліп әкелінген өте қорқынышты саяси тәсілдер Шынжаң халқын, оның ішінде Алтай халқын қауіпті жайдайға түсіріп қойды. Монғолия қазақтары мен Қазақстандағы қазақтарға жүргізіліп жатқан орыстардың диктатурасы есіткен елді түршіктірді. Қазақстандағы жаныштаудан қашып келген қазақ туыстардың бізге айтып келген үрейлі сөздері біздің елімізді, соның ішінде Алтай халқын бір түрлі тынышсыздыққа түсіріп қойды. Оның үстіне Шынжаңның өз ішінен Шың Сысай атты бір залым қытайдан шығып алты саясат[6] жариялап, барлық жақта Ресейдің басшысының тәсілімен елді басқаруға ұмтылды. Сөйтіп орыс-монғол басшыларына сүйенген Шың Сысайдың бір апаннан бір күнде шыға келуі халықтың тыныш жатуына жол қоймады.

Шың Сысай ең алдымен оқ, дәрі, мылтық жинады. Көшпелі қазақтарда мылтық завотының жоқ екендігін түсіне тұрса да, оны өзіне қауіпті деген адамдарды қолға алудың бір түрлі саяси тәсілі етті. Ел бастықтарын ұстау, діни адамдарды ұстау, Құран кітаптарды өртеу мұсылман халықтарының қатты қарсылығына ұшырады. Ал орыс, монғол, қытай саяси алаяқтарының іздеп отырғаны болса, осы еді. Олар мұны, елді мекеннен, орманнан қуаң бір жазыққа түсіріп қазақтарды жоюдың бірден бір дұрыс жолы деп таңдап алды. (6)

Менің ержеткен кездерім міне осындай күрделі жағдайға ғана жасауыма жол қойды. Өзім үлкен білімнің иесі болмасам да, көшпелі ұлтымның келешегіне төніп жатқан саяси жағдайларды түсініп тұрдым. Ұлт басына төнген қауіптің барлығы бірдей орыстан болып жатқандығын парықтап тұрдық. Ресейден мұзды мұхиттан соғып жатқан дауылдар қазақтардың үрейін ұшырып тұрды. Жұт жеті ағайынды дегендейін қыстың қатты болуы, малдың жұтауы, жердің жиі жиі сілкініп тұруы, ақыр заман болғандай адамдардың да адам шошырлық кереметтер мен түстерді көруі, түнде аруақтардың шуылдары секілді жағдайлар да болып жатты. Халықтың барлығы жер жерде, ата бабасының басына апарып мал сойып, Құран хатым түсіріп, Алладан ізгіліктер тілеп жатты.

Алтайда бізге дейін болған қозғалыстар

Асса Шынжаң, қала берсе Алтайда болып жатқан жарты ғасырдағы қозғалыстар қазірге дейін аз сөйленіп келген жоқ. Олардың кінәsы мен қылмысы күні бүгінге дейін көшпелі тұрмыста жасап келе жатқан, әлі күнге орта ғасыр дәуірін басып өтпеген немесе орта ғасыр дәуіріне әлі күнге кірмеген натурал тұйыққа, төрт түлік малға сүйенген халықтардың мойнына жазып қойды да, орыс, қытай, монғол халықтарының ішінен шыққан тонаушы саяси алаяқтар өздерін ақтап келе жатыр. Жарты ғасырдан бері қазақтарға жасалып келген фашистік тәсілдер негізінен орыс, қытай, монғол халқының ісі емес, сол ұлттың ішінен шыққан қан құйлы, надан, саяси әккі алаяқтардың ісі болып отыр. Біздің көзіміз бұған бүгінгі күнде әбден жетті. (7) Мен ат жалын тартып мінген кезде, Алтайда болып жатқан уақиғалар мынау болды. Ресейден қашып өткен қазақтар жан түршігерлік хабарларды әкеліп жатты.[7] Орыстар да жанталасып Шынжаңды қолына түсіріп қалуды ойлады. Америкаға сүйеніп, енді тіріліп келе жатқан Нанжиң үкіметі де Шынжаңнан айрылып қалмауға тырысып жатты.

Үрімжідегі орыс консулы Абласов ең алдымен Үрімжі уәлиі Пан Яунанды қолға түсіріп, Шынжаңды Яң Менжын үкіметін аударып тастауға ұрынып 1928 жылы 1 шілде күні зияпат үстінде Пан Яунан, Яң Зышынды атып өлтірді. Істің сәті болмады. Пан Яунанды атып тастап Ян Зынның орнына Жын Шурын отырды. Орыс сайқалдығының сәті болмай қалды. Жын Шурын Алтайды тыныштандыру және Монғолиямен де, Ресеймен де болған тығыз байланысты күшейту үшін Бурылтоғай ауданына Төре Шәріпханды шән етіп тағайындап, Зуқаның басын алдырды. Бұл бұйрықты ол кезде орындаған Алтай уәлиі Уый Жыңғо болатын.

Ал 1930 жылы Монғолияға жолаушылап барған Қабадан Жанат ішінде Тоқай елінен Ыбыке бастық бес семьяны (24 адам, ылғи қатын-бала) Монғолия әскерлері сотсыз, тергеусіз Қалқын көлі жағасында түгел атып тастады. 1931 жылы Буыршын ауданынан сырт Монғолияға жолаушылай барғандардан, ішінде Омар зәңгі, Айтбай бастық бар, тоғыз адамды ұстап алып Шеруші Дүлденбай аулына алып келіп кезеңді асырып Алтай жеріне әкеліп атып тастады. Оның ішінен Сапарғали дейтін адам қашып келді.

1932 жылы 5 көкекте ІІІ Коминтерн[8] “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жарнама жариялағанда Монғолия арқылы 12 адам Қожаниязға 4.000 мылтық әкеліп таратып берді.[9] Бұл екі арада Нанжиң үкіметінің 36 дивизиясының бастығы болған Ма Жұңюң Алтайға Қи Силиңді жіберді. Ма Фұңкөй Шынжаңды дүңген сұрайды деп  еліріп Қи Силиңге (8) қашып келіп әскер бастап Алтайды алып Бұқат бейсіні шән етіп кетті. Қи Силиң армиясы Құмдағы Ақ Орыстар құрған орыс армиясына бармақ болған кезде, орыс армиясы Ресейден қашып өтіп Қом Қанасты мекендеген Қаратай елінен 152 адамды атып кетіп, жөней өткен партизан ретінде көрінген Капитан Қайдармен бірлесіп Қи Силиңге қарсы соғысып дүңген армиясын Шәуешекке аударып жіберді.

Зуқаның өлтірілуі, Қалқын уақиғасының тууы панасында орыстар 1930 жылы Шынжаңға дантай өткізіп, кең көлемде шпиондар әкеп, ел арасында тыңшылар басты орын иелене алды. Уақиғалар бірінің артынан бірі туылып отырды. Мұның үстіне Жантайлақтың өлтірілуі қосылып, Алтай қазағы арасындағы саяси өмір сөзсіз бұзылуға мәжбүр болды.

1931 жылғы дүрбелең кезінде Буыршын ауданында Қуанған қозғалысы пайда болды. Монғолиядан құн даулаған Қуанған сол елден 500 жылқы қуып келді. Шәріпхан Төре таққа шыққаннан кейін Қуанғанды қолға алып түрмеге салды. Сол кезде мен жаңа құрылған әскери бөлімнің бастығы едім. Жақып Амбының күштеуімен Қуанған тобы түрмеден босатылып кетті. 1933 жылы күзде Шіңгіл ауданы қуаңшылық болып қалғандықтан Шіңгіл елі Қобда аймағына барып қыстады.

1934 жылы монғолдар бұл елді қайта жеріне қайтармай, Кенжебек полковникті жіберіп Ұлынғұға жер аударды. Керей, Әкім батырға екі қос атбен Нұрқасымды жіберіп Монғолияға қарсы бұзылды. Олар Кенжебекті өлтіріп, Әкім батырдың бес жүз әскер күшінің көмегімен Шіңгілге қайтып келді. Бірақ, сол жерде 18 мың төл бірақ қалып қойды. Мал төлеуі үшін Керей Монғолиядан қайта мал қуды. Бір қанша ауылдарды Монғолия алып қалды. Бір қанша адамдар қырылды.

Енді сол жылдың күзінде Монғолияның Серин армиясы Шіңгіл ауданына (9) басып кіріп, Ханкелді Секелден 584 адамды қырып, Жылмасбай Үкірқайды кескілеп өлтірді. Осы кезде мен Баймоллаға еріп барып, осы уақиғаларды Қаратүңкеге қашып келген Байқадамның аузынан естідім. Сол жылы шабылған ел сол бойы Бәйтік тауына шығып кетті.

1936 жылы 5 желтоқсанда Бәйтік Ғұң Ан Жүйі қонаққа шақырып алдап Әкім батыр мен Жетібұт батырды қолға алып, Үрімжіге апарып атып тастады. Қыстаубай Қыраубай мергенді (23 жастағы бала еді) сырттан атқызып кетті. 1936 – 1937 жылдары Монғолиядан төрт мың үй Керей Құмыл аймағына қашып өтті. Генерал Серин армиясы Құмылға өткен Керейді әскери күшпен Қобда аймағына айдады. Ақтышқан тәйжі бастаған 84 адамды қолға алып Ұлұлан облысындағы Лауғай алаңында өлтірді. Сол себептен 1938 жылдың басында Монғолиядан Қу Ертіс басына Шегіртайдан Әбден батыр (Базаркұл), Қашкей (Шыбарайғыр Үмбет залыңның інісі) 500 семья қашып өтті. Бұл елді Қалел тәйжі тығып қойды.

Оның үстіне сол жылы Қалелдің ұлы Рахат Көксеркеде отырған Қожамберген аулына барып қалыңдығын алып келеді. Мәнкей, Қалел бастаған Өралтай[10] керейлері Гансуға өтіп кеткен. Олар Адубайға Арғын Темірғалиді жіберіп қоныс дайындауды, жолдың суын көруді, сөйтіп елдің көшуіне көмектесуін сұрайды. Темірғали шолақтың Шың Сысай армиясының қолына түсіп, осы мәселе ашылып қалғандықтан 1938 жылы маусымда Мәнкей мен Қалел тәйжі ұсталды. Ал Қалелдің ұлы Рахатты Бәйтіктен келе жатқанда жолдан ұстап кетті. Шың Сысай үкіметі мен Алтай халқы арасында уақиға барған сайын шиеленісе түсті.

1938 жылы тамызда Нори ауданында, ішінде Сақаба үкірдай, Қожамберген, Қазы, Қақан, Әйкебай, Жеңісхан, Қайдар, Баймолда бар, 17 адамды ұстап кетіп, Үрімжіге апарып атып тастады. 1932 жылы Жемсарыда Ыбырай, Әлімхан, Қанымхан, Пазыл, Дүзелбай, Шәмси, Мамырбай, Ережеп, Байқабыл, Шақан (10) секілді 12 адамды атып кетті. Көбі Уақ азаматы еді. 1933 жылы тамызда Әліптің басы алынып, 10 адаммен қырып тастап Әліптің әйелі және бір жас баласын бандит Шың Сысай олжалап кетті. Бұл үшін Шың Сысай Баймолланы жіберген.

1938 жылы Буратайдың төрт баласының қолға алынуы, Сақаба үкірдай, Қожамберген қатарлы 21 адамның қолға алынып Үрімжіге апарып өлтірілуі – бүкіл Құмыл аймағындағы қазақтардың да тыныш ел болып жатып тұруына жол бермеді.

Сонымен Құмыл аймағынан бес мың үй Керей төртке бөлініп Гансу, Шынқай өлкелеріне кетуге мәжбүр болды. 13 айырпланның ұдайы көшкен елді 11 күн бомбылауы қазақ өмірінде тарихта болмаған қырғынға себеп болды.

Бір миллион қой, алты жүз мың жылқы, бес жүз мың сиыр бомбанын өртінде кетті. Бұл малдың бір бөлімі Монғолия жеріне, бір бөлімі қытай қолына, тіпті Баркөлге дейін қашып келіп Шың Сысай әскерінің азығына айналды. 1928 жылдағы Яң Зышынның өлтірілуінен тартып 1938 жылға дейінгі қу заманда Алтай, Құмыл арасында болып жатқан сұм сұрқия уақиғаларда айналып келгенде сойылдың екі басы бірдей қазаққа тиіп жатты.

Оның үстіне орыс бандиттері Ресейден қашып өткен қазақ азаматтарын сыр табақтай қағыстырып түк қоймай Ресейге алып кетіп жатты. 1935 жылы Қаратай Мұқтарханды ұстап Айдархан Манойлап деген қазіргі Сарсүмбе қаласынын дөң базарында жатқан орыс гарнизоны Саркобыға апарып, сыртынан атқызып тастады.

Орыстын бір батальон армиясы Алтай қаласына 1933 жылдан бастап келіп алды да, біреуді біреуге салып өлтіртіп жатты. Орыстың бір батальоны Бұлғынға түсіп, полковник Зубатов сонда жатып алды. (11) Орыстардың сегіз қызыл белгі генерал Корякский армиясы Құмылға түсіп алды. Орыстар 1937 жылы Мәскеуге апарып Коммунистік Партияға өткізіп алып, Шың Сысайды батыр деп құтыртып алтын орден қадады. Соңында Шың Сысай арқылы Шынжаңда қанды қырғын жүргізді. Орыстар Қожанияз күнше, Шың Сысай күнше, Ма Жұнйың күнше, Ресейден келген ұйымдастырушылар, Жұнго Күң Сандаңның Атқару Комитеті қатарлы бес күшті бірдей қолына ұстап бірін біріне салып “Қашқанда құдай депті, қуған да құдай депті” дегендей, қуып жүргендері де “орыс” деп айғай салыпты, қашып жүргендері де “орыс” деп айғай салыпты. (12)

Есімхан қозғалысының басталуы

“Ойнақтап толқын жел гулеп, Майсар діңгек сықырлап” дегендей үш жерде жасап жатқан қазақтардын басынан өтіп жатқан ауыр күндер менің өз үйімде тып-тыныш мал бағып қымызды ішіп, бағланды жеп, қатын-баламды күтіп, “тек жүрсең тоқ жүресің” дейтін мақалды малданып жасап жүруіме мүмкіндік бермеді.

Өткен өмір, көрген түс. Қыдыртатын талайды “Нені тапсаң соны тап жарамады керекке” дегендей біздің сөйлегеніміз бен істеп келгеніміз түкке жарамады.

Қазақтар үшін “ақиқатты оқпен өлшеуден” басқа жол қалмады. “Қорқақты қуа берсе, батыр болады” дегендей, бандит Шың Сысайдың жоқ нәрсені тап дегендіктен, бұл тәсіл біз үшін өмір мен өлімнің арасын белгілегендей заманды өзінен өзі туғызып жатты. Бізді күшті күрес отында нығайтатын күшті контрреволюцияның болғандығы біз үшін жаман да болмады.

“Басында Қаратаудың бір топ шілік

Айтатын мен ойымнан аз мұңшылық

Шың Сысай жоқты тап деп қысаған соң

Есімхан шәнді өлтіріп салды бүлік.”

деп қажы Ақыт біздің алғашқы төңкерісіміздің шығу себебіне ғылыми түрде тұжырым жасаған еді. Есімхан атты осы қозғалыс, дұшпан мен екі арадағы ақиқатты оқпен өлшеуден басқа әдіс қалмағандығынан туындаған еді.

1940 жылы қаңтар айында Ақыт қажы ұсталды. Дәл осы орайда, Есімхан үкірдай (Иманбай үкірдай ұлы) “Ақытты тартып алып қалалық” деген пікірді ортаға қойды. Біз Өндірқара, Зақоба, Тұрымның Сартерегі болып жиын ашып ақыл құраған (13) 60 адам едік. Соның бірі мен едім. Өндірқарадан – Масғұт Шағалаұлы, Қажақын, Асыл, Рабай, Қауым, Зақобадан – Сартеректен Сүлеймен, менің әкем Молдажан, Байкелең, Зал зәңгі, Қарабұлғыннан Сайып Қалелұлы, Шамғұн Сарбас, Өндірқарадан Оспан, Ителі Уәли, Шағалақ бар еді. Байкелең Үмітбай қатарлы төрт адам тұрып:

– Қазір қыс уақыты. Қыстың өзі бір қиямет болып тұр. Әкетсе әкетсін, орнында баласы Қалман бар ғой. Жаз шыға бұзылалық, – деп жиналған 60 адамды тоқтатып қойды. Ақыт сол кезде Шәкүртідегі қыстауынан қолға алынған еді. Ақытты тартып алып қалу жайында жиналысты Өндірқарадағы Имамбай үйінде ақылдастық. Ақыры дәл сол үйдің өзінде қозғалысты уақытша тоқтатуды мақұл көрдік.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін, Көктоғай ауданының қаласына Қалманды шақырып алып қолға алғандығын естідік. Енді бір жұмадан кейін аудандық үкіметтен Кәрім сарт келіп Ақыт мешітіндегі Құран кітабын жинады. Бір күннен кейін мылтық жинау комиссиясының бастығы Жу Ұянжаң мен Көктоғайдың шәні[11] Шәкүртідегі Ақыт мешітінде жиын ашып сөз сөйледі. “Сартеректен бергі ел таңертеңгі сағат 9-дан қалмай келсін” деп хат жазған екен.

Көктоғайдың қытай бастығын Өлтіру

Ертеңінде біз Сартеректен бергі ел Ақыт мешітіндегі жиынға келдік. Жиналыстың өту ахуалы қауіпті болды. Келгеніміз 200-дей адам едік. Адамдарды дәретке шығармады. Есіктен кірген жерден ауыздан уәде алды.

– Мылтықты береміз, – деп шулап кірдік. Шән сөзінде:

– Сендерде мылтық көп. Тауға да тығып отырсың, үйге де тығып отырсың. Біз білеміз, қолымызда мәлімет бар, – деп соқты.

– Бір атым дәрі, бір жез қалмайды, – деп ұқтырды. Қысым жасай келіп алпыс адамның атын оқыды.

– Осы адамдар бізбен бірге ауданға барады, – деп ұқтырды.

Бұл алпыс адам Ақытты алып қалсақ деген алпыс адам екенбіз. Ішімізде тыңшылар болғандықтан (14) бұл хабар әлдеқашан сақшы мекемесіне жетіп барған екен. Есімхан шәнге барып:

– Бір сұмға құл болдық. Ат көлік азықтарымызды әзірлеп киімдерімізді жөндеп алып арттарыңыздан барсақ, – деп рұқсат сұрап алды.

Сонымен шәнге уәде беріп қалып қойдық. Ал шән кешінде Оқан зәңгінің үйінде қонбақ болып сол жерге адам жіберіп, үйді дайын етіп мал сойғызыпты. Оқан зәңгінің үйінде бір тәуір қыз бар еді. Шән тарбағатайлық жергілікті қытай, қазақ тілін білгендіктен сол қыздан үміт күтеді екен. Шән адамдары бізден айрылып Дүренің Көктем мектебіне барып, онда үгіт айтты. Онда да жоғарыдағы бізге қолданған тәсілдерді қолданып аттанып кетті. Көктем мектебінен шығып, Карабұлғындағы Қалел аулындағы білім мектебіне барды. Ол кезде Қалел ұсталып кеткен еді. Бұл арада Зақобадағы Оқан зәңгінің үйі шәннің бұйрығы бойынша дайындалып қойылды. Қытайлар Жу Ұянжаң, шән болып барлығы 37 адам еді. Негізінен сақшы адамдары болатын. Шән екі мектептегі үгітін аяқтатып, кешінде Оқан зәңгінің үйіне келді. Оқан Әсімбекұлы, Молқы ішінде Машан еді. Ал Машан ішінде Есет еді. Біз өзіміз 60 адам осы кеште Жу Ұянжаңды шәнмен қосып өлтіруге Өндірқарадағы Иманбай үйінде серттестік. Қолдағы мылтықты түгел береміз деп Жу Ұянжаңға көк қасқа тай сойып күтіп, оларды бейғамдандырып тастадық. Жүз адам Оқанның үйінің Құм жағындағы бір керіш тауға бекіндік. Жас балаларды жіберіп Оқанның қызынан хабар алып тұрдық.

Бұл уақыт 1940 жылы 6 ақпан күні[12] болатын. Шән ұйықтаған кезде қыздан хабар келді.

– Маған шән келсін деп адам жіберіп жатыр, – деді. Жер қар еді. Түн қатты суық. Аяқ тықырын білдірмеу үшін етік сыртынан кигіз тұйық тігіп, киіп алдық. Оқтаудай қайынның басын жарып қайың тоз өткізіп алып үйге кіргенде (15) тозды майға малып жарқ етіп кірдік. Өйткені өз адамдарымызды өлтіріп алудан сақтандық. Шән адамдарының қолында екі орыс бесатар, екі қайбан мырыш, екі сарбауыр берен, төрт наған бар еді.

Біз 37 адамды бір жүз он адаммен қамап алдық. Төрт рет оқ атылды. Одан әрі қару қыла алмады. Біздің қолымызда шоқпар, темір күрек, балта бар еді. Осы күшпен отыз жеті адамды өлтіріп тастадық. Дәл осы түні Қалел аулында жатқан Сарноғайды[13] Сайып пен Шамғұн өлтірді. Асыл тұқымды мал бағып жатқан Уан атты бір қытайды, Сүлеймен, Ібіш Машейұлы өлтірді. Бұлар ол кезде Тұрымның Сартерегінде болатын. Осы екі адам ең алғашқы ақылдасылған алпыс адамнын ішінде болатын. Кәрім сарт осы 37 адаммен[14] бірге өлтірілді.

Ертеңінде “мен де осы ақылдың ішіндемін” деп Шәри зәңгіден қағаз келді. Шәри ауылы ол жылы Шәкүрті бойында еді. Екі күннен кейін Сарсүмбеден төрт адам келді: Ноғайбай, Зәтелбай, Ақтеке би, Мұса мерген. Бұл адамдар ел ішіндегі мылтықтарды жинап беруге келіпті. Мұса мерген екі оғым бар депті. Соны әкеліп беруге Ноғайбай ертіп келіпті. Ақтеке Аралда төрт мылтық бар соны апарып бермек. Зәтелбей Құлдың мылтығын жинап бермек болып қайтады екен.

Бұл төрт адамнын сөзі мынау болды:

– Біздің істегелі келгеніміз сол еді. Бұзылудан басқа жол қалмады. Комиссияны өлтіріп жақсы істеп қойдыңыздар, – деп қосыла кетті.

Сонымен Ноғайбай, Зәтелбей, Мұса Шіңгіл елін бұзатын болып жүріп кетті. Біз 300 адам болып Көктоғай Сақшы мекемесін алуға жүріп кеттік. үкірдай Есімхан басшы болды. Оспан екеуміз отардағы малды жинауға жүріп кеттік. Меркіт Тиянақтың ұлы бір орыс бесатар әкеліп берді. Орыс Сарбелі, 200 оғы бар еді. (16)

Сақшы мекемесі біздің комиссар мен шәнді өлтіргенімізді әлден естіп қойған екен. Сол тұңғыш соғыста Сәріш Келеңұлы бастаған төрт адам шәйіт болды. Алты мылтық түсіріп алдық. Сақшы орны алынбады. Дәл осы кезде, Шеруші Сүлеймен Тілеубайұлы[15] сол шақшы мекемесінде жұмысшы екен. Сүлеймен біздің қолымызға түскен соң Есімхан үкірдай алып келіп кісендеп қойды. Бұл кездегі бұзылғанымыз аз адам еді. Елдің көбі әлі бұзыла қоймаған болатын. Қарабұлғын, Шәкүрті маңындағы аз ғана Айтуған, аз ғана Шақабай еді. Аз ауыл Шеруші, аз ауыл Қарақас, аз ауыл Сарбас Үмітбай тобы еді. Есімхандар қайтып елге келгенде, біз де отардан малды көшіріп қайта оралдық. Барлығымыз Өндірқараға жиналдық. Бұзылмаған елдермен арамыз ашылып қалды. Бұл уақытта Шіңгілдегі елден тіл ала алмадық. Осы жағдай кезінде Бимыш деген кемпірді Шатыртастағы Салық тәйжі ауылына жібердік. Кемпір аман барып қайтып келді. Салық тәйжі:

– Сақ болсын. Сарсүмбеден Бұлғындағы Ырысбек Дажұйбаңға әмір жіберіліпті. Барлық әскерді алып Өндірқарадағы шәнді өлтірген бұзықтарды өлтіріп, тірі түскендерді Сарсүмбеге алып келсін деп бұйрық беріліпті дейді, – депті.

Бұл сөздерді естігеннен кейін біз дайындық көріп қаруланып Сартоғайға көшпекші болдық. Ауыр жүк қалды. Кісеңдеулі жатқан Сүлеймен түсімде маған аян берді:

– Мұсылман оғынан қаза болуым мүмкін. Кәпір оғынан қаза болмаймын. Соғысқа шығамын, – деп өтінді.

Сүлейменді босатып алдық.[16] Бұл кезде ел болып ерікті түрде әскери міндет өтеуге 700 адам жазылып қойды. Қапсәмет молла мен Мәлікаждар молланы алғызып бүтін әскерге жаназасын оқыттырдық. Жаназа оқыған күніміз 1940 жылы 19 наурыз күні еді. Дәл сол күні жылаған қатын-баланың даусы әлі күнге есімнен кетпейді. Бүкіл Алтай тауы дүрілдеп иман айтқандай болды. Бүкіл Сартоғайдан (17) Жеті Аралға дейін соншама қашықтағы ағып жатқан Бурылтоғай өзені ақ қырау мұз жамылып, ормандарды сүңгімен тұман басты. Шалқая сырғып ағып жатқан қос Шіңгіл өзені де аза білдіріп тұрғандай сезіліп, ит ұлып, сиыр мөңіреп, күндіз күн тұтылып, түнде ай тұтылып, жылқы жал құйрығын сүзіп, алдағы күнде болатын ауыртпалықтардың барлығын көз алдымыздан өткізіп жатты.

Біз тәуекелдің атына міндік. Иесіз иен жатқан қазақ, құрып алған мемлекетіміз жоқ, жинап қойған қорымыз жоқ, салып қойған қаламыз жоқ, тіпті осындай жағдайда жаратып аларлық жаратқан Құдай бізге экономикалық негіздерде әуелі адамзатқа енші бөлгенде бізге ондай ғылыми кәсіптерді бермеген екен. Құдай тағала әуелі адамзатқа енші бөлгенде бізге ондай ғылыми табыстарды бөлмеген екен. Біздің шаруашылығымыздың негізін құраған төрт түлік мал, Алтайдың сұрапыл суықтарында әр он екі жылда бір ақсүйек болып тұрады. Сол малды отардан шулатып қыс үстінде айдап келдік. Жылқылар жалын тарап, құйрығын сүзеді. Арықтап шыққан малдар саудырап өле бастады. Арық малдар не ішсе іш тастай бастады. Шың Сысай бандиттерімен бірге Құдайдың мол беретін қазаққа еншісі осы болғандай. “Жұтаған жұртын мақтайды” деп қазақ сорлап отырсақ та, әлі де мал кәсібін дүниедегі бар кәсіпке теңемейтін надандығымыз да өзімізбен бірге жасап келе жатыр.

Біз туып ойламаған істерді істеуге жолығып қалдық. Біз қарулы орыспен де, қарулы Шың Сысай бандиттерімен де майданға түсіп алысатын болып қалдық. Бірақ сорға қарай Төре Шәріпханның әскері Ырысбек келетін секілді. Енді қайту керек? Тәуекел, жан аясаң жаралы қаласың. Ол жау ғой, ондай болса тәуекел. (18) Тәуекел атына расында мінуге мәжбүр болдық. Бұл дүние бізге бейнет пен ажалын бірдей әкелді. Орыс пен Шың Сысай бандиттерінің бізді аямайтынын түсініп жаттық. Орыстың мақсаты оларға қазақ керек емес, Алтай керек. Ондағы тас пен алтын керек. Ал қытайдың мақсаты да осы еді. Бізде күш жоқ. Тіпті жәрдем қылатын орын да жоқ. Оның үстіне, орыс пен қытай бізді алғанда, қазақпен алып жатыр. Өзіңді өзіңе салады екен. Ен қорлығы, ең ауыр іс осы болды. Сол заман сол жылы, сол ай, сол күні, біздің қызыл қолымызды еріксіз түрде өз жауымызға қарсы тұруға итермелеп сағым қуғандай апарып осы қанды уақиғаға енгізіп жіберді.[17]

Ежелден Құдайдың қазаққа берген еншісі аз емес еді. Ежелден қазақты жақсы жарылқап келе жатқан Алланың тағы бір қазынасына іліне кеттік. Бұрын тышқан өлтіруден қорқатын қазақ, бандыларды өлтіргенде лақтан бетер әрі оңай, тіспен де, тырнақпен де бауыздай салатын болып алдық.

Жауға қарсы соғыс комитетінің құрылуы

Біз тағы да Аллаға сиындық. Шіңгілді құлдап келе жатқан бандит Шың Сысайдың әскерінің алдынан 150 адамды өрлетіп жібердік. Өзеннің оңтүстік жағымен Сүлеймен батыр мен Шамғұн әскерлері өрледі. Олар 200-дей адам еді. Ал өзеннің солтүстік жағынан Қарақас Көкей мен Сарбас Үмітбай мерген, Қаһарман мерген болып 200 адам өрледі. Ең алдымен соғыстың туған жері Шәкүртінің оңтүстік жағындағы жол үстіндегі қысаңда еді. Осы жерден Шың Сысай әскерлері келіп пулемет қойды. Бізден 60 адам шәйіт болды. Оңтүстік [адам аты жазылмай қалған] (19) батыр мен Шамғұн мерген әскерлері орап келді. Мен осы әскердің ішінде едім.

Біз 30 адам ақ қалпақ, ақ шапан киіп қардың арасынан жүріп, сол әскер жатқан жерге жақын барып атыс бергенде, олардан 30 адам өлтіріп, 13 жапон бесатар түсіріп алдық. Қанды соғыс болып жатқанда, оңтүстік жағымыздан екі қосар атпен Ыдырыш келді. Ол Ноғайбай үкірдайдан “Біз сіздерді тосып тұрмыз, жауды соғыспен алғанда қандай тәсілдер бар. Біз біргеміз. Сендерге Мұса мерген баратын болды” деп жазылған хат әкеліпті. Көп өтпей бізге Мұса мерген 20 адаммен келіп қосылды. Мұсаға олжа мылтықтан мылтық бердік. Олардың қолында мылтық болмағандықтан үш мың оқ әкеліпті. Осы күштердің жәрдемімен бандит Шың Сысай әскерлері жеңілді.

Алғашқы солтүстік бөлікке кеткен әскерлеріміз қайтып өзімізге келіп қосылды. Олар жүрген жақта жау әскерлері болмапты. Бандит Шың Сысай армиясын талқандап, Қайырқын Қадан Сұмнан асырып, Шіңгіл ауданына түсіріп жібердік. Сол күні түнде Өндірқарада бізге бағынбай тұрған Салық елін күшпен көшірдік. Бұл кезде Салық тәйжі Алтай Сарсүмбеге Әбдіқани залыңды жіберіп әскер сұрап жатқан екен. Біз оларды өзімізбен қосып айдап отырып Сартоғайға келдік. Сай аузындағы жазыққа апарып қондырдық. Шамамен 2.800 үй еді. Ноғайбай үкірдай, Нәзір тәйжі елі қыстауынан әлі көшпеген екен. Қаптағай Қарақас Дұғалысының ауылы бізге келіп бірікті. Елмен бірге енді Бұлғынға қарай өрлей көштік.

Алдымыздағы Тарының қыстауының түбіндегі үш төбенің бауырында жау әскерінің қоры бар еді. “Осы қорды алсақ. Тезірек әскер жіберілсе” дегендіктен біздің топтан Есімхан қозғалысындағы Сүлеймен, Ноғайбай, Ырысхан, Мұса мерген төрт адамның басшылығында барып қорды қоршадық. Ақыры жаулап алдық. Ол қорда 30 адам бар екен. (20) Оларда Қашуын жақтағы Қара төбеге жиналды. Күн бойы атыстық. Алдырмады. Ақшамнан кейін ұран салып, төбенің төрт жағынан бірақ бас салдық. Жауды түгел өлтірдік. Бір адам қашып құтылды. 30 бесатар, 300 түйе және әскердің бүкіл азық-түлігі мен киім-кешегін түсіріп алдық. Бірер мың адамдық әскери жабдық түсіріп алдық. Осы жерден барлық ел бастықтары жиналып, кеңес ашып Соғыс Комитетін құрып шықтық.

Соғыс Комитетінің үш бастығы Ырысхан, Есімхан, Кәдірбай болды. Әскери азық-түлік дайындауға Ақтеке, Ноғайбай, Салық тәйжі белгіленді. Төрт жақты күзететін 400 адам қарауыл әскерлері белгіленді. Соғыс армиялары тізімделді. Саны анықталды. Оң жақ қарауылды Сүлеймен батыр, сол жақ қарауылды Мұса мерген, артқы шеп қарауылды Шамғұн мерген, алдыңғы шеп қарауылды Үмітбай, Қаһарман мергендер өз үстіне алды. Қашанда төрт жақтағы қорғаныс күшін басқару осылайша тұрақталды.

Ұйымдастыру істері аяқталғаннан кейін Жәнібектің туы[18] сандықтан[19] шығарылып ту тігіп, ақсарбас сойып, тілеу тілеп, мәуліт оқып, хатым шығарып, көк қасқа тай, ақсарбас қой сойып, бүтін ерлер біртұтас әскери міндет өтеуге тізімделді. Ел адамдары қызыл қанға қол матырып, бұзылмасқа серт берілді.

Біз осындай істеп жатқан кезде Шіңгілдегі жау әскерінен Сарсүмбеге хабар беруге кетіп бара жатқан 10 әскерді Қарасайдан тосып ұстап алып барлығын өлтіріп, Жәнібек туын ең алғаш рет қададық. Әскер бастап барған адам Жәнібек немересі Зарыққан болатын. Осыдан бір жұма өткеннен кейін Насыр Ноғай, Шақабай Шыбар қажының баласы Қасен зәңгі, Жамилиқа мүпти бастық үш адам өкіл болып жетіп келді. Олар бізге Шың Сысайдың сәлемін жеткізді. Залым Шың Сысай былай депті:

– Мен үкіметмін, сіздер бұқарасыздар. Әкелі-балалы қатынасымыз бар. Өткендегі қателік сіздердің емес, (21) Көктоғайдағы мылтық жинау комиссиясының бастығы Жу Ұянжаң мен Көктоғай шәнінің өздерінің қателіктері. Соғыс қылмаңыздар. Тыныш тұрып мекенге келіп орналасып, мал төлдетіп алыңыздар.

Ол кезде Есімхан науқас – сары ауру еді. Сондықтан бүкіл қозғалыстың бастығы Ырысхан болды. Оның орынбасары Кәдірбай еді. Біз “Шың Сысай үкіметімен сөйлесу  керек пе, әлде соғысу керек пе?” деп Ноғайбай үйінде жиын ашып отырғанымызда, Шіңгіл ауданына Көксеген үкірдай, Баянбай 13 адаммен жетіп келді. Біз бұзылғалы 37 күн болған еді. Шіңгіл шәнін қамап тұрмыз. Шонжыға кеткен біздің базаршыларымыз келді. Олардың айтуынша, Шонжы жолымен көп әскерлер келіп Дабысынға түскен. Бұл әскердің бір бөлімі Нармантыны жағалап, Күміске келіп, одан өрлеп Бұлғындағы біздің әскермен соғысып қалған.

Біздің әскеріміздің қолында мылтық жоқ еді. 400-дей адамдық партизан құраған едім. Ырысхан бұл хабарды естігеннен кейін “қырылып қалар ма екен?” деп жылағандай болып дереу қимыл көрсетіп түнімен әскер жүргізді. Сүлеймен басшылығында 400 адам жүріп кетті. Олар Сартоғайды өрлеп Күміс құйғаннан шықпақ болды. Біз де Мұса мерген басшылығындағы 300 адаммен Дөңті жолымен төтелеп жүріп, Күміс құйғанына бардық. Мұса мерген бұл жердің ахуалын әбден біледі екен. Бейітсайы құйғанынан барып түскенімізде сағат 11 мөлшері еді. Жасырын жолдарменен Бейітсайының аузынан кірдік те басына қарай өрледік. Үкімет әскері бөлім-бөлім болып Көксеген әскерін қоршап алып, соғу алдында тұр екен. Біз Бейітсайының басында отырған үкіметтің 50-дей әскерінің жанына жақын келдік. Бұл жердің қорғанысы азырақ жалаң төбе екен. Мұса, Қаһарман мергендер ата бастады. Жау сытырлап құлай бастады. Байлаулы тұрған 50-дей атты Мұса көріп үркітіп атқылап еді. Ат қашып бізге келді. Атқа келген жаяу әскерлерді қырып жібердік. Мен бір әскерді қуып (22) өлтіріп мылтығын алдым. Және бір аскер тұра қашты. Оны қуалап барсам, алдында Ақтайлақ бір әскерді қуалап барады екен. Мен өзім қуған әскерді және атып өлтірдім. Ақтайлақ бір әскерді өлтірді. Үш мылтық олжа алып қайтып келдім.

Дәл осы кезде музика даусы естілді. Әскерлер қопарыла қаша бастады. Біздің әскерлер өкшелей қуалай түсті. Бұл армияның бастығы генерал Балғау Лижан екен. Осы генерал қылышпен бес адамды өлтіріп жіберді. Ең ақыры Қарақас Кішкейді аттан жерге бір-ақ ала түсіп екеуі бірдей өлді. Осы генерал өлгеннен кейін әскер біртұтас шегінді. Оның маузерін Кішкейдің інісіне бердік. Сол күні бес жүз түйе түсіріп алдық. Біз өзіміз жиырма түйе олжаладық. Бұл әскер Күмістен асып Нармантының шығыс тұмсығын басып Дабысынға барып, Бәйтікті бойлап тар жолмен жүріп Шонжыға қайтып кетті. Мыңдаған гранат, 500-ден астам бесатар, 300 жәшік оқ, 300-ден астам  ер тоқым, бес жүз түйе түсіріп алдық.

Біз бұдан бұрынғы барыстарда әскери олжаларды руларға бөлген едік. Ырысхан бұл жолды қате деп өзгертіп “жаудан кім не түсірсе алсын” деп бұйрық жариялады.

Бұдан соң Шіңгіл елімен бірлесіп көшетін болдық. Дәл осы жұртта отырғанымызда Үрімжі жақтан 50 айырплан келді.[20] Бірі төмендей ұшқанда Мұса атып еді, ол айырплан жанып жерге түсті. Ол мың қойдың үстіне келіп түсіп өртеніп кетті. 200-дей қой шығын болды. Біз өрлей көштік. Шіңгілден екі мыңдай үй қосылып Бұлғынға қарай өрлей көшкенімізде екі айырплан келіп қағаз тастады. Қағазда “Гансуге кетпеңдер, жолдың бәрі шөл, сулардың бәрін әскерлер иелеп алды. Қолдарыңа түскен генерал Ли Ғанды азығын беріп Шонжыға жіберіп беріңіздер.” деп жазыпты. Күндіз жатып, түнде көшіп Моншық Қызылдың баурына келіп қондық. Бұл уақыт сәуір айының (23) соңы еді.

Осы кезде Дабысынды басып Үш Қыздың желкесінен шекара әскерлері келді. Бұл әскерлер Үш Қыздың желкесінен жүріп, екі мемлекеттің шекарасына келіп Жарынтыға орналасты. Біз Моншық түбінде едік. Бүкіл ерлерді әскери қызметке алып, Жарынтыдағы үкімет әскерлерімен соғыстық. Алғашқы соғыста екі пулемет, 300 мылтық түсірдік. Үш Қыз жағымен Мұса әскері кірген еді. Жарынты жағымен Сүлеймен әскері кірді. Мұса жағындағы әскерді Ақтеке би айдады. Сүлеймен жағындағы әскерді Ноғайбай үкірдай айдады. Жарынтының Алтай жағындағы төбені тартып алдық. Екі пулемет түсірдік. Жәнібек туын сол төбеге апарып тігіп қойдық.

Ал Үш Қыз жағына өту үшін жол қиын болды. Қалың тоғай, қыр және жерде қатқан мұз болды. Бұл жерде бізді тұзаққа түсірмек үшін жау әскерлері тоғай арасына кіріп жасырынып алыпты. 300 адам Сүлеймен бастауымен ол орманды жарып шықтық. Бізден, ішінде Ноғайбай бастық бар, 20 адам шәйіт болды. Мұса әскерлерімен жаудың үш жүз адамын қоршап алдық. Күн батар алдында басып кіріп, тірідей жүз адамды ұстап алып қырып тастадық. Қытайлар мылтығын тастай-тастай салып таспен ұрды. Бізден де көп адам шәйіт болды. Зателбай, Ноғайбай, Сейілхан (Молқы), Дағыстан (Шақабай) ішінде алпыс адам өлді. Ақтеке ауыр жараланды.[21] Жау әскерлері бұдан кейін тоғайды тастап жазыққа шығып алды да, тоғай бізде қалды. Осы барыста 11 күн соғыстық. Екі айырплан түсірдік. Үш айырплан жаралы болып кетті. 11 күннен кейін Шың Сысай бандиттері Монғолиямен бірлесіп тұзақ құрды. Қалқадан төрт адам өкіл келді. Әлқиса, Балтабай, Түменбай, тағы бірінің атын ұмыттым. Олар:

– Қалқа мен Жапония бірлесіп кетті. Бізде коммунизм қалмады, – дегеннен кейін Сарбұлақ бен Шуырғынның тауына асып Бұлгын жалпағына қарай көштік.

Мұса мерген, Сүлеймен басшылығындағы 750 адам Жарынтыдағы (24) үкімет әскерімен атысып тұрды. Ел бір күн, бір түн көшіп жалпаққа қонды. Біз Жарынтыда тұрғанымызда Үрімжіден 40 танк жәрдемге келген еді. Жау әскері тағы да әлденіп алды. Танктен оқ өткізе алмадық. Ырысхан елді бастап Жалпаққа көшіп кетті. Мен Мұса мергеннің жанында едім. Мұсаның атын да ұстай білемін. Өзім де жаумен атыса білемін. Мұса мергеннің бір оғы жауға зая кетпейтін. Тіпті бір оқпен қабаттап бірнеше адамды түсіріп отыратын. Мұса мерген Бұлғын жазығына бармады. “Монғолдар алдап отыр. Мен әзірге Өкбе тауында тұрайын. Жағдай нашар болса, Ырысхан маған хабар берсін. Онда түйемен Гансуге өтіп кетеміз” деп Ырысханға хат берді. Мен сол хатты алып Ырысханға әкеліп бердім. Мен Жалпаққа жақындағанда алдымнан көш шықты. Бұл Көжебай Сұлтанның көші екен. Ол адам маған:

– Мойнындағы мылтығыңды тығып бар. Қалқа мылтықтарды жинап жатыр, – деді.

Мен мылтығымды Көжебайдың түйесінің қомына тығып кеттім. Жалпаққа түсе қалсам, бес әскердің жанында екі шал отыр екен. Оларды ымдап шегіндіріп алып, Мұсаның қағазын бердім. Мен:

– Мына бес адамды өлтірейік, – деп едім.

– Тұра тұр күн батсын, – деді.

Осыдан кейін мен үйімді тауып алып демалдым. Алты атымыз бар еді. Оларды Кәбілден суға жібердім. Екінті мөлшерінде бас жақтан да, аяқ жақтан да мылтық даусымен бірге өрт шықты. Пулеметтің оқтары көктен де, жерден де бұршақ болып жауып кетті. Біреуді біреу білмейді. Өрттің арасынан Арал Шақабайынан 60 үй қашып шықтық. Ішімізде Шамғұн бар еді. Ол мылтық бермей қалған екен. Түнде қайта барып, қалған жүгімізді алып, шықтық. Ат көлігімізді тауып алып Шұбырғын тауына келдік. Бір жастағы Мафура деген қыз балам қайтыс болды. Сол жерде елді топтап Ырысхан тұр екен. Үркіп шыққан елдің өлгені өліпті, (25) тірісі сол жерге жиналған екен. Ырысхан мен Ақтеке:

– Қатын баланың арасында жүріп соғысу қиын екен. Шетке әсіресе Бәйтік Қаптыққа шығып алып соғысу керек, – деді. Ырысханға еретін еркектер қатын-баласын тастады. Жиыны 600-дей адам болдық. “Ешқандай адам әйел де, бала да алмайды” деп айтылды. Біз Сәрсембінің ұрқынан 40 адам ердік. Бір қысаңнан санап ерлерді өткеріп алдық. Қалелдің қызы Мапаш рұқсатпен алып шығылды. Өйткені ол қыз Қожамбергеннің келіні еді. Тірі алдыңғы елге жетсек, апарып беретін болдық. Сарбас Үмітбай:

– Ұлым жоқ еді, – деп бір қызын еркекше киіндіріп ертіп алды.

Қиямет-қайым болғандай әркім қатын-баласынан тірі айрылып, жыласулар болып жатты. 600 адам түнімен жүріп, Көк Адырға келдік. Одан өтіп Өкпеге қарай жүргенде, алдымыздан Мұса мерген шықты.

– Менің жанымдағы адамдардан да бағынып кеткендері болды. Біз сіздерді тосып жатырмыз. Қытай мен Қалқа әскерлері бірігіп бүкіл елді ортаға алғанда біреуді біреу білмей қалды. Сүлейменнің қайда кеткенін ешкім білмейді. 200 неше адам Адамқұл, Көксеген үкірдай Қапшыққа қашып шығып кетіпті. Мен де арттарыңнан барамын. Бірақ қазір туыстарымды тосамын деп қалып қойдым, – деді.

Өкбе тауынан күн-түн демей жүріп, Ыламжыққа бардық. Онда біздің адамдардан қарауыл бар екен. Оларға біз де:

– Осы жерде тұра берсеңдер, артымыздан тағы да адам келеді, – дедік. Және бір адамның қарасы көрінген соң оған адам жіберсек 30 кісімен қашып келе жатқан Оспан Исламұлы екен. Оларда бес мырыш, бесатар бар екен. Осылармен бірігіп алып  Кіші Қаптыққа бардық. Өзімізбен бірге бара жатып жолда адасып кеткен ағамыз Жақайбайды төрт күннен кейін тауып алдық. (26)

Мұса мергеннің шӘйіт болуы

Үлкен Қаптыққа барсақ, алдымызда Көксеген тобы бар екен. Сонымен мыңға таяу адам болдық. Кіші Қаптықтан Үлкен Қаптыққа бара жатқанымызда, жолдан қашып келе жатқан екі Сарбас жігіт кезікті. Оларды жер шарлауға үкімет жіберіпті. Оларды ұстап алдық. Бірақ, олар шынын айтқандықтан қоя бердік. Үлкен Қаптыққа бардық. Онда аң көп екен. Қорымыз болмағандықтан ашығу шықты. Гансуға бару да қиын болды. Ал тіпті Алтайға барудың өзі де қымбатқа түсетіндей. Сондықтан Баркөл елін бұзуды ойладық. Мұса мерген мынаны айтты:

– Мен Қалқаны шалып келейін. Артымызда не бар екен? Сендер бір күн тұрып біз келген соң кетіңдер.

Осыны айтқаннан кейін ол 60 адаммен жүріп кетті. Ертеңінде ерте Мұсаның әскері мен Қалқа әскерінің соғысып жатқан хабары жетіп келгендіктен Ырысхан біраз адаммен жәрдемге жүріп кетті. Оның артынан біз бара жатқанда, жиырма неше адам бір адамды өңгеріп келе жатқанын көрдік. Мұса мерген оққа ұшып кетіпті. Барлығымыз жыластық. Жыласып жатқанымызда екі айырплан келіп бізді көріп кетті. Біз Мұсаны аманат Қойсу дейтін жерге қойдық. Бұл жер түнкелі, шилі өзен болып кеткен жер еді. Айтылуына қарағанда Мұсаның оққа ұшқаны былай болыпты: “Осы жерге бізді іздеген Монғол қарауылы келіп түседі. Оның үстіне Мұса да қарауыл жібереді. Мұса келіп олармен атысып төрт адамды алып түсіреді.

Монғол қарауылы жатқан жер қалың ши болғандықтан Монғол әскерлері шидің арасына кіріп жатып алады. Мұса мерген қандай жерде ши бүлкілдесе, сол жерді дәлдеп атып отырып барлық әскерді өлтірді. Ең ақырда жас бір бала:

– Ағатай мен қазақ едім. Бағынам, – деп айғайлайды.

– Онда мылтығыңды тастап өзің кел, – деп Мұса кеудесін көтергенде, оның жанында жатқан екінші бір адам Мұсаны атып жібереді. Оқ Мұсаның дәл маңдайынан тиеді.[22] Мұсаның атқан оғы оның мылтығының аузынан кіріп құлағынан шығып кетеді.”

Сонымен Мұса өлді. Орны толмас қайғылы қаза болды. Бүкіл армия болып жер бауырлап жылап аза білдірдік. Тағдырдың ежелден бізді аямағандығын түсінетін едік. Бір Мұса бір дивизия жауды тоқтататын мерген әрі батыр еді. Алланың Мұсаға жіберген қазасының кімді аяғанын түсіну қиын. Жантүршігерлік езгіге ұшыраған біз қазақтарға Алланың тигізген бір көмегі осы болды. Мұсаны жерледік. Жеті қой сойып хатым шығардық. Оның үстіне әскерлер арасында аштық кіре бастады. Біреудің тамағын біреу ұрлап жеді. Семіз малдарды ұрлап сойып жедік. Жағдай ауырлап барады. Ырысхан, Ақтеке “Гансудағы Адубай еліне барсақ” дейді. Екінші біреулер (27) “Ат арық, жолда су жоқ. Азық жоқ. Елге баралық. Ел ішіне кіріп әлденіп алып ат семіргенде, қыста жердің бәріне қар жауғанда кетелік” десті.

Осындай тартыс кезінде Масғұт, Қапсәмет молдалар кітап ашып “Мұндай өлу шәйіт емес, қатын-баланы қорғап жүріп өлсең шәйіт” деп шариғат сөйледі.

Мұса мерген өлгеннен кейін Ырысхан оның орнына Жәметті белгілеп:

– Мұсаның аталарынан тарихтан бері мерген кетіп көрген жоқ. Алда тағы бір мерген туғызып берер. Мына Жәметке дұға қылыңдар деген еді. Көпшілік дұға қылған. Ал енді Мұса өлтірген әскер бар. Артынан жәрдем келсе ол жердегі мылтықты ала алмаймыз. Осындайда мылтықты алалық. Осыған кім барады? – деді.

Бірінші болып мен жазылдым. Онан соң тағы Кәрім, Қинаят, болып төрт жігіт жазылдық. Арғынбек пен Ырайысхан моллалар көздерінен жас ағызып бата берді. Мен қарауылға барғаннан кейін төбеден жауған қардай ыра жөнелдім. Тақыр жыраның үстінде, төбенің ортаң белінде Қалқаның әскері шатыр тігіпті. Жүгіріп барып шатырдың ішіне кіріп кеттім. Қалқаның оғы құйып тұрды. Шатырдың ішінде екі жәшік оқ, бір былғары қоржын оқ бар екен. Шатырға кірген соң оқ атылмай қалды. Шатырда одан басқа зат жоқ екен. Шатырдың іргесінен Қалқаның әскері жатқан шиге қарасам сары жарғағымен (28) теңкиіп өліп жатқан әскерлерді көрдім. Мылтықтары да жанында екен. Біраз ойландым. Мергендердің оғы азайып еді. Соларға Алла жәрдем етсе осы оқты жеткізейін дедім де, қоржынды мойныма салып 1.800 оқты көтеріп алдым. Сөйтіп шатырдан шығып, қайта Ырысханның жанына жетіп келдім. Барлығы шулап:

– Оқ бер, – деді. Ырысхан екі жәшік оқты оларға бөліп берді. 600 оқ өзіме қалды. Ырысхан тағы мынаны айтты:

– Нұрғожай 1.800 оқ әкелді. Өлген әскерлер көп екен. Барлығы мылтығымен жатыр дейді. Қалқадан әскер келіп құтқарып кете ме екен? Осыған тәуекел деп көретіндерің бар ма?

Ырысхан маған қарап:

– Нұрғожай сен қайтесін? – деді.

– Аллаға тәуекел мен кірейін, – дедім.

Сонымен он екі адам жазылдық. Біз он екі адам төрт жақтан бөлініп алып, ұран салып кірдік. Оқ жауып кетті. Сонда да аман-есен шиге барып, ілініп жата қалдық. Талғатбек жаралы болып қалды. Ол маған:

– Бұлардың арасында тірі адам бар көрінеді. Сақ болыңдар, – деді.

Өлген бір әскердің иығына мылтық қойып бір адам бізді атып тұрды. Ол маған жақын жерде тұр еді. Мен тәуекел деп соған ұмтылдым. Арт жағынан жетіп барсам, ол жаралы адам екен. Ол бұрылғанша, қылышпен ұрып қалдым. Құлап кетті. Мойнындағы нағанын, қолындағы мылтығын тартып алдым. Монғолдың бүкіл әскері түрегелгенде, аңдып отырған мергендер бірден бірден атып жібергенде, алдымызда жау қалмай қалды. Шидің арасынан үш бесатар алдым. Оның екеуін ағайындарымыз алды. Жаудың барлығы 46 адам болып біртұтас жойылды. Ішінде екі пулемет, екі миномет, бір автомат, бір маузер бар жиыны 48 құрал түсірдік. Одан 33 құралды біздің Шақабай тобы алды.

Жауды жеңіп, артқы қосымызға қайтып келдік. Екі күннен кейін Ырысхан жеті түйе сойғызып, Мұса мергенге хатым түсіртті. Бүкіл әскерлер жиналып (29) болғаннан кейін Ырысхан сөз сөйледі. Ішімізде ел адамдарынан Ақтеке үкірдай, Шамғұн мерген, Үмітбай батыр, Оспан батыр, Есімхан үкірдай бар еді. Ол кезде Ақтеке мен Есімхан екеуі де сырқат еді.

Ырысхан өз сөзінде:

– Жолдастар қан кештік. Қаза көрдік. Қатын балалардан айрылдық. Сонымен қатар бұл жолы бізге ерекше ауыр тиген жағдай, соғысқа бел шешіп қатынасқан ержүрек батыр, атқан оғы жерге түспейтін Мұса мергеннен айрылдық. Бізге ауыр қаза, тіпті орны толмайтын қаза осы болды. Мұсаның ата-бабасынан мерген бір үзілмеген еді. Сондықтан Мұсаның орнына баласы Жәметті, Мұсаның атына мінгізіп, қаруын асындырып қойдым. Алдарыңыздан өтсін. Дұға қылыңыздар. Осы жолғы, Мұса мерген оққа ұшқан соғыста, өте қиын бекіністе жатқан және осы замандық қарулармен мұздай қаруланған жауды Нұрғожай, Ақтайлақ сынды екі адамның батырлығымен жойып, соншама қару-жарақ түсіріп алдық. Бұл – осы екі адамның батырлығы. Көзбен көрдіңіздер. Сондықтан осы екі адамды батыр деп таныдық. Батырлық атақ бердік. Отырған көпшілік дұға қылыңыздар, – деді.

Хатым аяғында бүкіл халық, бүкіл армия осы үш адамды алдарынан өткізіп бата берді.

Күресуге анттасу

Жау қолынан қашып шыққан адамдар екі ұдай болды. Ырысхан, Ақтеке тобы:

– Гансуге кетеміз, – деді.

Масғұт, Қапсәмет моллалар кітап ашып:

– Қатын-баланы қорғап жүріп өлсең шәйіт боласың. Өз басыңды алып қашып жүріп өлсең, шәйіт болмайсың, – деді.

Ырысхан, Ақтеке:

– Егер біз елге барсақ, жау сендерді үйлеріңе жібереді. Мал-жаныңды әперер. Біраз қарыңды тойғызған соң біз бұқара едік. Біздің үкіметке қарсы шығу оймызда жоқ еді. Бізді құтыртқан Ақтеке, Ырысхан, Қапсәмет, Көксеген деп ұстап бересіңдер. Сондықтан мен елге баруды қаламаймын, – деді. (30)

Олар сөзін одан әрі жалғап:

– Егер сіздер шын ислам ережесі бойынша ұлттық қасиет, адамдық қасиет бойынша іс көретін болсаңыздар, дұшпанмен шәйіт болғанға немесе бандит Шың Сысай үкіметімен белгілі шарт тоқтамға келгенге дейін күресесіздер. Ол үшін “тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда” деп ант бересіңдер. Осындай сенім болса, онда елге қайтып барып соғысу қажет. Барлықтарыңыз көптеген туыстан айрылдыңыздар. Монғол – орыс – Шың Сысай бандит армиясының тұтқиылдан алдап барып жасаған шабуылы салдарынан он мыңдаған туыстардан қапыда айрылдық. Мыңдаған балалар бесігімен өртке кетті. Біздің Абақ Керей тарихында болмаған ауыр жағдайға, өте ауыр қырғынға ұшырадық. Бұл жолғы шабуыл біздің есімізден мәңгі кетпейді. Ұрпақтан ұрпаққа тарих болып қалады. Сөзге сенген сұм басымыз алдауға мықтап түсіп кеттік. Он мыңдаған қатын-баладан айрылдық, – деді.

Олар сөздерін аяқтағанда, бүкіл әскери адамдар:

– Біріміз қалғанша соғысамыз. Алланың атымен ант етеміз, – деді де “Жәнібек” деп ұран салып, бүкіл Қаптық тауын күңірендірді.

Шамғұн мен Үмітбай бастаған он екі елден он екі адам қасем ішіп серт берді. “Тірі болса бір төбеде, өлсе бір шұңқырда” болатын болды.

Ат арық еді. Азық таусылған болатын. Әскерлермен жылжып жүріп Бәйтікке келдік. Бүркіт Ұясынан шығып Шібетіге келдік. Бұл жер өткенде Қожамберген ауылы мен елі шабылған жер еді. Онда көптеген киіз үйлер тігулі күйінде қалыпты да, жылдар өтіп дауыл соғып құлап-құлап жатыпты. Басқан жерлерде сүйегі қурап жатқан адам өліктерінен аяқ алып жүре алмайсың. Қаңқасы бүтін жатқан көптеген сүйектерді жаназалап көмген болдық.

Біз осы жерде біраз демалдық. Сонсоң Ырысхан Оран Бұлақта жатқан үкімет әскерлеріне шабуыл жасап, ат, азық түсіріп келуге әскер жіберді. Біз елу неше адам бардық. Елден ат, азық алдық. Ол ел қашып Шонжыға түсіп кетті. (31) Бандит әскерлерімен соғысып, 14 адамын өлтірдік. Шыбар Керей 200 неше үйден мал алдық. Бандит әскерлерінен бір қанша мылтық, оның қорынан бір қанша қор түсіріп алдық. Ол жерден көшіп Бәйтіктің теріскейіндегі Қарағайты, Құжырты, Нарын Қарағайты қатарлы үш сайға келіп бекіндік. Төрт  жаққа бірдей қарауыл қойып, он күндей тыныш жаттық. Дәл осы кезде Бәйтіктің теріскейін күзеткен өзіміздің қарауылдан хабар келді. Онда “Қарағанды Ұшық дейтін жерге жау келіп түсіп жатыр. Бізге келген жау болуы керек. Дайын тұрсын” делініпті.

Ертеңінде күн шыға екі айырплан жетіп келді. Ұзақтан айналды да, қайтадан Қарағанды жаққа кетіп қалды. Енді бір сағат болмай жатып жеті айырплан келіп бомбалады. Біз аз емес, мыңнан астам адам және ат-түйелеріміз бар еді. Оның үстіне осы көліктердің бәрі де арықтап тұрған кезі еді. Тау-таудың арасына бөлініп кірдік. 50 адам шәйіт болды. Ақтеке үкірдай жеті жерден жаралы болды. Көлік көп қырылды. Жау армиясымен екі күн, бір түн атыстық. Жау саны соншама көп болса да, атап айтқанда бес мыңнан астам қарулы жау болса да, бізге басып кіре алмады. Айырплан әр уақыт келіп бомбалап тұрды.

Екі күннен кейін бастықтар ақылдасып “Жадағай жерден жау бізді алып қояды. Нармантыға барып жиналып алып Алтай тауына шығып кетелік.” деп қарар шығарды. Әскерлермен бөлініп бөлініп түн жастанып көшіп, теріскей Ластыны құлдап Дабысынға келдік. Ол жердегі қалың жаумен екі күн сұрапыл шайқасу болды. Дабысында жатқан он мындаған қытай армияларын басып жаншып өтіп, 300 неше мылтық түсіріп Арманты тауына шығып кеттік. Арманты тұмсығына қонған күні Ақтеке үкірдай қайтыс болды. Армантының Ботамойын жағынан кесіп өткен әскерлердің алдынан тосқан жау әскері шықты. Екі күндік шайқастан кейін жау армиялары шегініп кетті. Ол жерде асқан ерлік көрсеткен Зиядан батыр шәйіт болды. Ырысхан мені Талдысайдың басындағы Ұшықатты кезеңді көріп келуге (32) жер шалғызып жіберді.

Мен сол кезеңге келдім. Менен бұрын жау әскерлері келіп, тастан окоп жасап қойған екен. Менің жанымда інім Кәбіл бар еді. Онан басқа да үш жақсы жолдасым бар болатын. Күн сондай тамаша шыққан екен. Сол күн нұрына қызығып көйлегімді шешіп біраз шуақтадым. Сөйтіп отырғанда айырплан даусы естілді. Қарасам, астындағы жақтан Талдысайды өрлеп бауырлап ұшып бір самолет келе жатыр екен. Нысанаға алып отыра қалдым. Айырплан жетіп келгенде лётчикті дәлдеп атып қалдым. Бір нәрсенің шарқ еткен даусы естілді. Айырплан жалт беріп артқа қарай ылдилап ұша жөнелді. Соның арасында артқы жағымыздан Ырысхан да жетіп келді. Шарқ еткен жерге барсақ, бір сандық түсіп қалыпты. Біз де алды-артымыз жиналғанша кезеңді күзетіп отырған жау әскерлері де сайды өрлей келіп қалды.

Алтай тауына шығу

Осы кезең үшін жау әскерлерімен үш күн атыстық. Төртінші күні өзіне қараған 200 адаммен Көксеген үкірдай бағынып кетті. Оның бағынып кетуі біз үшін ауыр, мұңды жағдай болды. Сөйтіп отырғанда, Тақырбастау, Сарбастау жағынан Сүлеймен батыр өз адамдарымен жетіп келді. Олар қыс бойы тыныш жатып, аттарын семіртіп алған екен. Сүлеймен келгеннен кейін жау әскерлері шегініп Шіңгіл ауданына кетіп қалды. Біз Сүлейменмен бірлесіп, өзеңді құлдап Ақыт мешітіне барып жиналып, сол жерге жұма оқыдық. Шағыролдың аузымен Секпілтайдан кесіп өтіп жайлауға шықпақ болып, мидай жазыққа жүрдік. Жау әскерлері бізді Алтайға шығармаудың барлық тәсілін істеп жатты. Алтайдың жері қиын. Ондағы қалың орманға шығып алсақ, жау үшін қымбатқа тоқтайтынымызды олар да әбден түсінген. Жау жолдың бәрін алып қойған.

Бізге қандай шығын берсек те жауды жарып өту керек болды. Көп адам шәйіт болды. Ақыт ұлы Ибат молла, Кәбіл Шөкеұлы, Нұрнейіс батыр (молқы), Зал зәңгі жаралы болды. Біздің осы хабарымызды естіп үкімет Секпілтай, Шанқаңда отырған елді айдап, Шіңгіл ауданына апарып жинады. Ақыт қажы тұрғын елдерін, Салық елдерін Көктоғай қаласына апарып қамады. Ырысхан әскерімен бірге Шеруші, Қарақас Қалел ауылы еріп бірге шықты. (33) Біздің ішіміздегі доғалы ауылдары Құжырты Доржыға шығып кетті. (Ол жер Тұрғынның басы еді.) Осындай жағдайда Ырысхан:

– Партизан күштерді ел арасына бөліп сіңдіріп, жер-жерден атыс қозғап, жаудың есін шығару керек. Және ел ішіндегі мықты жігіттерді құралдандырып, оларды атысқа тәрбиелеу керек. Алтай тауының жері мықты. Жау болса жер сырын білмейді. Сендер жер сырын білесіңдер. Қаша соғысу, қуалай соғысу, жарды орманға қамап төрт жақтан бірдей жою, жауды шаршату, қажыту керек, – деп жер сырынан мықтап пайдалануды баса көрсетті.

Қолдағы құралдарды теңшеп байланыс жасап отыратын адамдарды белгілеп қоя берді. Біз Ырысхандардан бөліндік. Ағамыз екеуміз Арал Шақабайының ішінде едік. Қарашораға бекініп алдық. Ол жерде сегіз күн жаттық. Сол жылы сол тауды қыстаған Қыбырбай Майтас деген Шыбарайғыр бар екен. Сонан бір қой алып жедік. Тоғызыншы күні түнде жүріп Қалелдің Тасбастауынан өтіп,  Түнкенің арасындағы бір төбеге келдік. Сонда түнеп таңертең тұрсақ күн тұман екен. Жанымызда жақын жерде жаудың қарауылы бар екен. Арғылтай жақтан музика даусы естілді. Бағып қарасам қарауыл төбеден бір әскер бізге қарап түрегеліп сиіп тұр екен. Ағамды оятып көрсетіп едім.

– Атып жібер, – деп бұйырды.

Атып жібердім. Құлап түсті. Арғы жағынан тағы біреу шыға келді. Оны атып жібердім. Екеуі де өлді. Бұл әскер атты әскер екен. Олар мені қуалады. Ағамыз бөлек қашты. Мен қашып отырып Тасбастаудың бас жағындағы Есенқараның бір үлкен жырасына түсіп кеттім. Екі көк атты, бір қарагер атты әскер мені өкшелей қуды. Дәлдеп отыра қалып бір атып едім, қарагер атты құлап түсті.

Жау тоқтап қалған орайды пайдаланып Есенқараға шығып кеттім. Мен бекініске жеткеннен кейін жау тоқтап қалды. Айналып қоршап алған жаумен күні бойы атысып 600 оқ шығардым. Бір әскер батып жаныма келе алмады. (34) Күн бата түн жамылып қаштым. Шұлғау қараның етегімен жүріп отырып Тақырбастаудан шығып, Тұрдыбек бастауына келдім. Бұл жер қамысты, айналасы қара адыр еді. Сол жерден демалып су іштім. Онан соң атымды суарып біраз отқа қойдым. Таң ата ағам да сол жерге жетіп келді.

– Сенің атқан мылтық даусыңды естіп отырдым, – деді.

Ағайынды екеуміз Бұраты ішін құлдадық. Бұл сайдың іші сойыл мен шоқпарға үйіліп қалыпты. Біраз сонда бекініп алдық. Ертеңінде өз алдына қашып бекініс іздеген Қарақас Сасықбай, Имам Ахмет қатарлы төрт адам келді. Олардың айтуынша, ел аман екен. Үйін сағынғандар жауға барып бағынып жатыр екен. Қаһарман, Зал зәңгі бағынды дегендіктен ағам:

– Олармен еріп мен де бағынайын. Сөйтіп елдің ішкі ахуалын білейін, – деп кетіп қалды.

Ертеңінде қарауылдап бір жартасқа шықсам әкем келе жатыр екен. Әкемді көріп айғайлап едім.

– Әміре қайда? деп сұрады. Мен:

– Үйге қайтып кетті, – дедім. Әкем маған:

– Мылтығың болса, бағынба. Сүлеймен, Шамғұн бағынбай Жыраты басында қалып қойды. Соған бар, – деді. Сол жерден бір доғдуадақ атып, алдымен оны пысырып жеп, бетке барып бекініп алып ұйықтадым. Сол түні Сүлеймен Қабдұл деген баласымен, Шамғұн Қопай деген баласымен мен тұрған бастауға келді. Енді қайтадан бес адам болдық. Сонымен Итекке барып бекіндік. Сүлеймен бізге:

– Қапсәмет үш жүз адаммен бағынып кетті. Оспан өз адамдарымен Аралда. Оспан бағынатын емес. Олар Жазықбай Кілби, Мардан сайының аузын және Сарсүмбе мен Көктоғай екі арасындағы жолды тосу үшін Ышқынты, Тұлтыда бекініс алып жатыр, – деді.

Оспан күш жинауда

Мен ертеңінде Оспанды іздеп Жазықбай Кілбиге бардым. Онда елден хабар алып бермек болып төрт хансу мен Қарақас Қалелдің інісі Қаби жүр екен. Оларды тар жолдан аңдып, төрт қытайды  атып өлтіріп, Қабиды қолға түсіріп байлап алдым. Он екі мылтық түсіріп алдым. Қаби:

– Біз қашанда сіздермен бірге өлеміз. Қазір күн үшін осыны (35) істеп жүрміз, – дегенді айтты.

Қабиды қоя бердім де төрт атты әкеліп, бір таудың арасына бекітіп қойдым. Сонсоң Ышқынтыға қарай жүрдім. Алдымнан он кісімен келе жатқан Зейнел Текешұлына кезіктім. Зейнел:

– Жол тосып жүріп көп адам өлтірдік. Көп олжа түсірдік. Айтуғандардан 50-60 адам ғана қалдық. Сіздер бізге келіңіздер. Қуүйден табысалық. Мүмкін болса, Қайыраты Қу Үйдегі өз елдеріңізді айдап келіңіздер, – деп олар жүріп кетті.

Мен олжаға алған төрт атты алып, қостағы Сүлеймен, Шамғұнға келдім. Ол күндерде өзендердің барлығы тасып жатқан кез болатын. Олар бір күн еру болды да Қопай екеумізді “Өртең сайын шалып келіңдер” деп жіберіп қойды.

Қопай екеуміз Сарбұлаққа келсек, көшкен елдің ізі Итек Қызылға қарай кетіпті. Біз осы ізге түсіп қуып келсек, Оқан зәңгі, Сарбас Үмітбай қатарлы сегіз үй екен. Есет Молқы, Қауым, Жазан ағайынды екеу бар екен. Бұлармен табыстық. Біз осы сегіз семьямен бірлесіп алып Қарасумен асып Сұптыны өрлеп Қайыртыға келдік. Ел ішінде өкіметке хабар беріп тұратын тыңшылар бар екен. Олар Қарақас Бұқар, Найман Қиымды делінді. Сондықтан біз оларды барып ұстап алдық.

Елді айдап Қу Үйге алып келсек, Оспандар сол жерде бізді тосып отыр екен. Дәл осы кезде Көктоғайдағы әскерге азық әкеле жатқан 200 түйені бүкіл азық түлігімен түсіріп алдық. Бұл әскердің бастығы Алиюң дейтін қазақ екен. Осы әскерлерді Жебеті басынан Ақбұлаққа асып түскен тақырдан күтіп алдық. Алиюң өзі қашып кетті. 30 әскерді түйесімен алып, Бала Ертіс басына алып келдік. Бұдан соң Әділхан бейсі, Солтікен залың еліне кісі салып, бағынуларын талап еттік. Олар бізге шарт қойды.

– Кілең, Ақбұт, Күректі, Жолты қатарлы төрт жерді бізге босатып беріңдер. Біз сонда сендерге бағынамыз, – деді. Біз 150 адамдық әскери күшпен Кілеңге келдік. Онда 18 сақшы бар екен. (36) Және онда сәудегерлер мен аңшылар да бар екен. Сақшыларды жаулап, Кілеңді тартып алдық. Ақбұт өзінен өзі бос қалды. Күректі мен Жолты екеуі де бос қалды. Күректінің басы Құттыбай Қарақас жайлауы Жіпілікке келдік те Арал елінің ел бастықтарын шақырып жиын аштық. Ол елдің бәріне бағынуды талап еттік. Молқы Әбу, Қани залың, Қарақас Солтікен залың, Тоқтаған зәңгі Сарсүмбеге қашып кетті. Аралдағы Қарақас, Молқы, Ителі, Сарбас, Шақабай елдері біздің талабымызды қабыл етті. Әділхан, Құсайынбай, Сағатай, Әбдірахман, Төлебай, Қажақын, Асыл, Шақабайдан Зал зәңгі, Ителіден Ақмолла, Үмітбай, Оқан елі түгелдей бізбен бірге әскери міндет өтеуді мақұлдады. Біз олардың ең алғашқы  төрт жерін жаудан тартып алдық.

– Енді осы жерлерге қарауыл қоямыз. Сіздер әскер беріңіздер, – дедік.

Сонымен қатар Көктоғайда Салық елі, Машан Молқы аз ғана монғол, Шыбар Керейлер бар еді. Оларды өкімет қолынан тартып аламыз деп уәде бердік. Ел бізге ат жинап берді. Мал семірді, жарамды аттар да толайды, ел де тойынды. Біз ол жерден 500 әскер құрап алып Көктоғайға жүріп кеттік.

Оспан, Шамғұн, Үмітбай, Кәмел батыр, Зейнел, Абзал, Ыбыраһим, Қапас, Кәшапат, Ердіхан қатарлы Айтуғандардан қуатты мергендерді таңдап алдық. Бес жүз адаммен Көктоғайға ақшамда барып кірдік. Темекі Бұлақ арқылы Ақмойнақтайтан көпірдің аузын барып алдық. Көпірді күзеткен он әскерден бесеуін өлтірдік. Бесеуі қашып кетті. Таң атқанша біздің әскерлер Қайырты жағын алған еді. Көктоғай жағында үкімет әскері болды. Салық елін, бес жүз үй мен Көкмоншақтағы 150 үйді үкіметтен тартып алдық. Таң ата көпірді тартып алып, судың арғы жағасына өттік. Үкімет әскерінің екі мыңнан аса атын айдап алдық. Көпірді өртеп жібердік. Қайырты жағындағы партизандар тоғай арасына жасырындық. Үкімет судың ар жағындағы таудағы қарауылдан ұзақтан атып тұрды. Күн шыға Алтай жақтан екі айырплан келді. Оларды Тас төбеден Оспан тосып тұрып (37) атып еді. Оқ тиіп айырплан жаралы болып қашып кетті де қайта айналып қалаға келіп түсіп қалды. Елді алып болған соң қала ішіне кірмей, біз шегініп шығып кеттік. Қайыртыға жетіп барғанымызда он адаммен бізге Сайып келіп қосылды. Ол бізге:

– Біз Үш Құжырты, Доржы да екі айдан бері атысып жатырмыз. Қолымызда 300-дей үй Қарақас, Шеруші бар. Ырысхан мен Ләтіп ішінде 200-дей салт адамдарымыз бар еді. Біз сіздерді іздеп келдік, – деді.

Шамғұн мен Оспан тұрып:

– Ертіс басымен Жінгі Қайыртыны асып бізге қосылыңдар. Біз мына елді айдап Алаайғырға апарып тастаймыз. Сонансоң тіпті алдарыңыздан шығамын, – деп уәде берді. Сайып қайтып кетті. Ырысхан 20 адаммен Есімхан қасынан келді. Олар да ауылдарын тауып алыпты. Сонымен 600-дей семья құрап алдық. Оспан, Шамғұн, Үмітбай, Ителі Сәли тәйжі, Арал елінің азаматтары болып Қарадүрбіннен асып қара жолмен жүріп үлкен Қайыртыны астық. Одан әрі жүріп Жінгі Қайыртының құйғанына бардық. Сол жерге түскен соң сол сайды өрлетіп қарауыл жүргіздік. Шолғыншы өрлеп бара жатса алдынан бір адам кезігіп

– Ел келе жатыр, – деп сүйінші сұрапты.

Жінгі Қайыртының аузынан елді тосып алдық. Ырысхан, Ләтіп, Қадырбай, Қалелұлы Сайып және Сәли, Шеруші Көшербай бастаған 300 үйді Қарадүрбін басынан асырдық. Алаайғыр, Шұлғау Дарасына апарып орналастырдық. Барлық ел бірбіріне қосылды. Біз Жінгі Қайыртының аузында жатқанымызда артта қалған Көкмоншақ елдерін жау әскерлері басып алып, көп күшпен біздің үстімізден түсіп қалды. Кіндік талда бір күн, бір түн атыстық. Ақыры жау Үлкен Қайыртыға барып түсті. Жау басым келгеннен кейін халықтан ат-азығымен 1.500 адам алдық.

Жауға берілген алғашқы соққы

Осы қалың жауға үш төбеден атыс бердік. Бірінші жағы қара жолдың құйғанындағы қыратпен болды. Оған Оспан Шамғұн 300 әскермен жүріп кетті. Ал Алаайғыр шоқысына Ырысхан, Ләтіп, Сүлеймен батыр 300 адаммен кетті. Кәмел басшылығындағы 300 адам болса Жінгі мен Үлкен Қайыртының арасындағы тұмсықтың астына жөнелді. (38) Онда қытай армиялары түскелі төрт күн болған еді. Атыс ұяларының барлығы қытай қолында болса да, биік таулардың барлығы біздің қолымызда еді. Жау екі үлкен зеңбірек әкеліп орнатты. Әр күні 5-6 айырплан орман іштерін келіп атқылап, бомбалап тұрды. Орман қалың болғандықтан бомба көп зиян қыла қоймайды. Төрт күн соғыстық. Бесінші күні үш жақтағы партизандар жаудың ішіне кіруге уәделестік.

Оспан, Шамғұн жақтағылар төбеге жақын келдік. Таң атуын тостық. Бір бірлеп шалғын шөптің арасымен орманға келіп кіріп алдық. Төбенің бауырын жағалап жаттық. Төбенің бауыры үлкен кең қойнау еді, әрі үлкен үңгір бар еді. Жау төбенің үстінде тұрды. Бір қытай бізге қарап сигенде атып қалдық. Адам жығылып қалды. Сол мылтықты барып алам деп Найман Жақыпбек деген жігіт оққа ұшты. Мен үңгірдің аузына шыға келгенімде бір жау әскері желкемнен жетіп келіп “мәлыкіби” деп айтуға мүмкіндік болмай алыса кеттік. Қойындасып барып көк шөппен бірге бірнеше жерге дейін домаланып кеттік. Бір уақытта үстіне шығып алып буындырып талдырып барып қылышымды қолыма алып шауып өлтірдім. Артымнан Сүлеймен келді. Бұл жаудан құтылып тоғай арасына кіріп кеттік. Екінші жақтан Кәмел батыр пулеметті атып тұрған қытаймен бірге ат үстінен жұлып әкетті. Ол пулемет атқан қытайды сүйреп алып өлтіргенде 300-дей адам ұран салып қытайға келіп кірді. Шердиманды тауып алған Оспан екеуміз екінші бір атыс беріп тұрған жау әскерінің сыртынан келіп атып 6-7 адамды өлтірдік. Содан кейін Оспан екеуміз акопқа жақындап келіп ішіне 50-ден астам гранат тастап жібердік. Акопта бұғып жатқан қытайдың көбі қырылып, қалғаны сайды құлдай қашты. Арғы жағынан Сүлеймен, Шамғұн әскері, алдыңғы жағынан Кәмел басшылығындағы Айтуғандар ұран салып кіргенде мыңнан астам қытай мылтығын лақтырып жіберіп тасып жатқан өзенге түсіп кетті.[23] (39)

Ырысхан шыққан төбе аса қауіпті болды. Ол жақтағы жау әскерлері орман ішіне кіріп алды да, Ырысхан адамдары жалаңаш тақыр төбеде қалды. Сүлеймен сол жаққа барды. Оған еріп мен де барып көмек бердік. Сүлеймен сығалап атып жауды түсіріп отырды. Сүлеймен әсте бір оқты бір адамға зия қылмайтын. Ол Мұса мерген сияқты “бір оғым үш қытай” деуші еді марқұм. Дүрбі салып

– Бір қытай тұр. Осыны атам, – деді.

Соны дәлдеп атып еді. Әлгі  қытай қарауылдан ұшып акоптың бір жақ алдына келіп түсті. Оның дүрбісіні барып алам деп Самарқан шәйіт болды. Сол түні Ырысхан жағындағы партизандар ұран салып келіп кіріп еді. Қытай түнімен суға түсіп қырылды. Қалғаны Көктоғайға қарай қашты. Қытай сайдың ішінде жайрап қалды. Ал суға мылтығымен түсіп өлген қытайда сан болмады. Ол кезде су тасулы, әрі лай еді.

Осы соғыс қорытындысында Ырысхан “жаудан түскен олжаны кім түсірсе сол алсын” деп бұйрық жариялады. Соңғы кездердегі соғыстарда, жоғарғы соғыс қолбасшылары ұйымдастырса да, ұйымдастырмаса да әркім талқанды майға араластырып тақыр тұлыпқа салып алып ру-руымен кете беретін болды. Қарауыл жұмыстары да жақсы реттелді. Әр ру өзі отырған жақтағы қарауылды өзі мойнына алды. Алтай, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл аудандарының бәрінің айналасы Монғолиямен шекара және қытай әскерлерінің келетін жолдары болғандықтан, сол жолдардың бәрі тізімге түсіліріп қарауылдары маңындағы руларға жүктелді.

Осы жолғы жаудан 1.500 бесатар, 40 маузер, 50 дүрбі түсті. Ат түйелер мыңдап түсті. Ат пен түйе барлығы төменгі Алтайдағы елдің түйесі, елдің аты еді. Ырысхан маузер мен дүрбілерді ел елді ұйымдастырып жүрген ел бастықтарына берді. Онан соң ерекше еңбегі сіңген Сүлеймен батыр, Оспан батыр, мен [Нұрғожай батыр], Ақтайлақ батыр, (40) Ителі Сәли ақын қатарлы ауытқымай ерекше еңбек сіңірген адамдарға таратып берді де “мұнан соңғы олжаларды түгелімен түсірген жеке адам өзі алсын” деп бұйрық жариялады. Бір дүрбіні маған, бір дүрбіні Үмітбайға, бір дүрбіні дәулетін аямады деп Қарақас Құсайынбайға сыйлады. Үлкен мылтықтарды семья санына қарап руларға берді. Ауыр соғыс құралдары атақты батырлардың қолына өткерілді. Әскери соғыс азығы ру-рулардың өзіне жүктелді. Жау қатты қиратылғаннан кейін біздің адамдарымыз қатты көңілді болды. Ұсақ қарауыл соғыстарын жүргізіп жол-жолдарға аңду қарауылы қойылды да армияның көп бөлімін Ырысхан демалысқа орналастырды. Ел жайлаудан көшіп Таршатының аузына келіп қондық. Нығмет Ырысханды қонаққа шақырып түстеніп жатқанымызда

– Жау келді. Жер қайысып келе жатыр. Бұл жолы Көктоғай Шіңгіл қазағының ұрқын құрыту үшін Ресейден орыс армиялары да келе жатыр екен. Армияның барлық саяси комиссарлары Ресейдің бұрын Шың Сысай тұсында Көктоғай, Шіңгіл жерлерінде тұрған, жер сырын білетін адамдар екен, – деп дүр дүр ете түсті.

Оның үстіне Көктоғайдағы кен районын тексеруге келе жатқан орыс генералы Баненкені Ушаның ішінде Сүлеймен батыр атып тастаған болатын. Генерал Баненкенің құнын да, өшін де аламыз деп Генерал Розбаров деген орыстың батыр генералі келеді деген суық хабар да дүңкілдеп кетті.

Ырысхан бәріміз сол үйден тамақ ішіп шығып Соғыс Комитетіне, ел бастықтары мен батырларға бірін қалғанға дейін және ақтық сертке жеткенше, жан бойдан шыққанша соғысуға бұйрық берілді. Қандай адам бас тартса, сатқындық қылып жауға хабар беретіндер болса, қолға түскен жерде атып таста деп бұйрық шығарылды. Осыған дейін Сүлеймен батыр мұғалім болып жер – жерде шпион болғандардан он екі адамды атқызып тастап ел ішін тазалап алған болатын. (41)

Жер қайысқан 3.000 қарулы армия Сауысқандының жолымен жүріп Тұранды Бұлақтың басынан өтіп Қуқарағайдан асып Қу Үйге келіп түсті. Сүлеймен әскерімен Таршатының аузынан шығып алып жау армиясымен әрі бері соғысқанда панасыз жердегі жау армиясы жайрап қалды. Қытай тамақ ішуге уақыт таба алмай Қуүйдің ішіне қарай кіріп кетті. Жер сырын білмеген дұшпан тағы да Тақыр төбеге шығып “мен міне атсаңдар” деп жап жалаңаш болып еді. Сүлеймен армиясы орман ішіне кіріп кетті.

Біз де жоғарғы жағынан келіп жауды ықтатып атып орманды бекіністі қолға түсірдік. Жауды Қу Үйден қуғанда мергендер 50 неше елу атар пулеметпен ат үстінен атқылады. Олар пулеметті ер тоқымының алдына мінгізіп қойып, өздері ердің артына мініп “Жәнібек, Жәнібек” деп ұран салып лап қойды. Елу пулемет бір құйғанда-ақ мыңдаған жау әскерлері қырылып бірінің үстіне келіп бірі түсті. Сол күні соғыс түстен бастап таң атқанша дамылсыз жалғасып қанды қырғын болды. Әйел әскерлердің барлығы сыртқы қарауылда қалды. Шығын бізде де көп болды. Мәсәли молланың Ерғазы, Серғазы деген екі ұлы бірдей шәйіт болды. Елге жау әскерлерін кіргізбей елді аман алып қалдық. Мыңдаған әйелдер қолына қару алып елді, малды күзетіп тұрды. Қытай шегініп базасын тастап қашып сол сайдың аузына барып кірді.

Ертеңінде әскер күшін және толықтап шәйіттердің орнына таңдаулы адамдар алып қытайды артынан қуып кеттік. Күн әдеттегідей жаумай, күн күркіреп жай түсіп ерден қонақтай ақ бұршақ толассыз жауды. Алтай жақтан келген 3.000-нан астам жауға жәрдемге Көктоғайда жұмысшы деген атпен жасырын жатқан орыс армиясы көмектесті. 2.000-нан астам қарулы орыс әскері келіп жау армиясының (42) өлгендерінің орнын толтырып қойыпты. Жауды Ақбұлақтан бір бөлім армия, Қу Үйден бір бөлім армия жол сайдан басынан да, аяғынан да қоршап алдық. Ырысхан:

– Осы жолғы соғыс ең шешуші болсын. Қыс келе жатыр. Күннің жылы уағында әккі жаудың әкесін танытып жіберіңдер. Біз қытайдың жеріне барып соғыс ашып адам өлтіріп отырғанымыз жоқ. Қытай бандиттері біздің жерлерімізді жаулап алып оның үстіне баса билік жүргізіп бізді өлтіріп жатыр. Қытай бандиттерін өлтірсеңдер қазы боласыңдар, өлсеңдер шәйіт. Егер, осы қытай бізді бізді опықтай жеңеді екен. Онда біздің бұл өңірде жасауымыз қиынға түседі, – деп баса көрсетті.

Алғашқы шайқаста мыңнан астам жау армиясын күйреттік. Бірінші жолғы шайқаста Ақтайлақ батыр, Зиядан батыр бастаған отыз адам қаза болып кетті. Соғыс қыза қыза жер дүние көл болып селдер жүрсе де біз төрт жақтан “Жәнібек” деп ұран салып жаумен араластық.

Екі сағаттық шайқаста, атап айтқанда шоқпармен, қылышпен, автоматпен кіргенде қытайлар бір шетінен Табынбелшірден аса Қара Суды бойлап қашты. Біздің Күртідегі қарауылға елу мергенімен 300 адам жіберілді. Алғашқы қылыштасуда жаудың 2.000-нан астам адамы жайрады. Су қатты тасыды. Қытайлар ат көліктен түгел айрылды. Қай жерде ат тұрса, оны атқылап өлгенін өлтіріп өлмегінін қашырып жинап алып жаттық. Қашқан әскерлерді тұс тұстан атқылап қырып отырдық.

Сүлеймен батыр, Кәмел батыр үшеуіміз қашқан жауды Қара Судың аузынан тосқан едік. Бізге жаудың алды жеткенше жол ортада (43) партизандар бөліп-бөліп алып қалыпты. Сонда оның тамтығы бізге әрең жеткен екен. Бұл жаудан тіл құтқармадық. Жау әскерлері Қара Су аузындағы қарауылға қатты таласты. Біздің адамдарымыз бұл қарауылды бұрын алғандықтан жау жеңілуге мәжбүр болды. Бір қытай командирі төбеге пулеметті қойғызып ең алдымен төбеге шыға келді. Бір бұрымнан мен де шыға келдім. Екі арамызда бір топ үшқат бар еді. Ол атып қалғанда оның оғы жанамалап қабырғамның сыртынан өтіп кетті. Сонымен екеуміз ат үстінде алыса кетіп аттан құлап түстік. Сайға қарай домалап бара жатқанымызда артымнан Сүлеймен келіп қытайды атып мені құтқарып қалды. Қытай маған найза ұрды. Бұл найза киген барқыт шапанымнан өтіп емшегімнің үстіне барып тоқтап, етін жыртып кетті. Қытайдың қара санынан атып тірідей қолға түсіріп байлап қойдық. Сүлеймен аты мен ер тоқымын сұрады. Мен оны Сүлейменге бердім. Бұл Шақабай Сүлейменнің жүйрік қарасұр аты екен.

3.700-ден астам түрлі қару-жарақ, 500 жәшік оқ түсті. Елді аман жаудан айырып қалдық. Елді Қияқты сай, Жебеті, Қу Үй, Томар бұлақ, Шолақ Бұлақ, Қадыраты, Табынбелшір, Шібленге түсіріп орналастырдық. Қарақас Тоқтағанның Нәби деген баласының қытай тілін білетін ұлы бар еді. Оны Сарсүмбеге тіл әкелуге жібердік. Ол барды да қайтып келді.

– Орыс, қытай қатты ашу шақырып жатыр екен. Тағы да 3.000 қызыл армия келе жатыр, – деді.

Сонымен бірге “бүкіл елдің мергендерінен сұрыптап 1.000 адамды төрт тарапқа дайындаған. Бұл армия өте таңдаулы сібе, солаң, монғол, орыс, манчулардан сайланған” деген лақап тарап жатты. Патшасынған бандит Шың Сысай өз армиясына “Көктоғайды бүтіндей тазалап қолға аласыңдар. Кері келуге рұқсат жоқ”, – деп қатал бұйрық берген екен. Осы армия әскерлері атқан оғы жерге түспейтін мыңнан бірі делініп (44) суреттеліп жатты.

Ырысхан 400 адаммен Шіңгілге кетпек еді. Бұл тоқтады да Табынбелшірдегі Сарт Бейітінде жиын ашып ақыл құралды. Бұл жолғы жауды Алтайдың ең қиын жері Ышқытыдан тосып соғыс беруге қарар алдық. Жол бойы қарауыл қойылды да жау армиясын Таңбалыдан өткізіп жіберіп онан соң алдан соғыс беріп қаша-қаша жауды Ышқытыға түсірудің жоспары жасалды. Бұл арада “Үрімжіде жатқан Шың Сысай жарлығы бойынша, орыстың осы армиясына бір батальон әскермен 1.700 түйе киім-кешек, ақ тәтті мен күріш келе жатыр” деп Қарашардан хабар келді. Осы жүкті түсіру үшін Сүлеймен батыр 14 адам беріп Оспанды жіберді. Жау армиясының жолын бақылауға Тілеуге жіберілген жау әскерлері Мезім сайымен жүріп, Бала Ертістен келіп өтіп Қияқты сайды өрлеп Таңбалы тастың жолымен шығып Тұлтының құйғанына келіп түсті. Біздің қарауылдан “жауды алдынан азырақ атыс беріп қарсы алдық” деген хабар келді.

Ішінде өзім де бар, Сүлеймен, Ырысхан, Шамғұн әскерлері Ышқынтының солтүстік жағындағы бұйра-бұйра қыраттарды алды. Таңбалы Тас жағындағы қарауылды Кәмел батыр әскерлері, Айтуған мен Қарақас әскерлері алды. Жау армиялары Ышқынтының екі қыратын иелеп алды. Осы замандық қарулармен әбден қаруланған қызыл армия екен. Бір қыратта біздің әскерлер орналасқан. Осы маңда үш күн, үш түн атыстық. Жау санының молдығы мен қарауылдарының зордығына сүйеніп зеңбіректермен толассыз атқылап, кейбір орманды жерлерді алып көзді ашып жұмғанша жайпап жіберген еді. Пулеметтер зіркілдеп сағат сайын емес, минут сайын миллиондаған ажалды бізге қарай төгіп жатты. Бұл кезде табиғат та нөсер құйып, күн күркіреп, нажағай түсіп, жер сілкініп өзгеше суық мінез көрсетіп тұрды. Бір тұлып талқан тауып алып немесе бір тұлып ақ ірімшік, қызыл (45) ірімшікті тұлыпқа салып алып соғысып жүрген қазақтар үшін де табиғаттың осы мінез-құлқы жақсы болмады. Оның үстіне әр күні дамылсыз 6-7 самолет бізді бомбалап тұрды. Осы соғысқа орыс азаматы Сендиков батыр алты жолдасымен қатысқан еді. Бомбадан мал көп өлді. 50 неше адам өлді. Төрт күн, төрт түн соғыстық. Екі жақ бірдей шаршадық. Соғыстың созылуынан пайдаланып қытайлар акоп жасап көп бекіністі бекемдеп алды. Акоптағы қытайларды сырттан келіп соғу планы жасалды. Бір бөлім адам қосқа жіберілді. Олар азықтанды, азырақ ұйықтап демалды. Олардың жау армиясына сыртынан баратын жолдары белгіленді.

Қарауыл бытыранды жаудың ұстап отырған жерінде кеңірек болып күштердің барлығы теңсіз орында тұр еді. Сүлеймен, Келес, менің әкем Молдажан төрт адам қарауылда қалған болатын. Біз окопты бұзып аламыз деп өрлей-өрлей жауға жақын қалған едік. Қарсы алдымызда бір мерген отыр деп отырғанда, менің әкемнің алдындағы тасқа оқ тиіп тас бытырап келіп әкемнің бетіне тиіп, әкем азырақ жаралы болып қалды. Ол адамның жарасын орап әлгі жау әскерінің өзіне Келес барып оқ ата бергенде оқ Келестің қуыс кеудесінен өтіп кетті. Сөйтіп екі адам жаралы болды. Жаралы адамдар қайтарылып жіберілді. Маған сол қарауылдың солтүстік жағы бос тұрғандай, егер сол жерге барсақ осы қарауылды алғандай сезіліп тұрды. Осы төбені Сүлейменге айтып едім.

– Мен де сол төбені алуға лайық көріп тұрмын, – деді.

Орманның ішімен жүріп отырып сол сайдың баурына жетіп бардық. Сол сайды ақырын өрлеп басына таяп барып атымды байлап қойдым. Қытай Сүлейменге қарап атып жатыр екен. Жердің ахуалын көрдім де қайтадан Сүлейменге мәлімдедім. Сүлеймен:

– Түнде түс көріп едім. Бұл жауды біз аламыз. Сен өз адамыңнан он адам ал, мен он адам таңдап алайын. Жиырма адаммен баралық, – (46) деді. Қайтып қосқа келіп тамақ іштік. Адамдарды іріктеп алдық. Мен Сайпыл, Сөкей, Қалиасқар қатарлы он жігіт алдым. Сүлеймен қасына келсем екі адаммен Кәмел келген екен. Кәмел тұрып тау басындағы дүрбі тартып еді.

– Ол төбеге барып қайтқан кім? – деп сұрады.

– Барған мен, – дедім.

Сонымен 25 адам сол төбені алатын болып жүріп кеттік. Бірден-бірден барып төбенің баурындағы жыраның ішіне түсіп алдық. Сайды өрлеп келіп басына таяғанда төбе баурына атты байлап қойып, 25 адам төбеге келіп шықтық.  Бізге “әр қайсыларын демалмай бір қатар бестен атыңдар” деп бұйрық берілді. 25 адам бірдей бұйрық бойынша атып-атып жібердік. Жау қорғанысының сыртқы жағы иен жатқандықтан, жау әскері қапыда қырылды да, қалғаны акопты тастап қашты. Орнына екі пулемет, екі елу атарды тастап кетті. Атқа мініп алып жауды қуа жөнелдік. Төрт ауыр зеңбірек қалыпты. Сайды бойлап қытайды біз қудық. Қыратты бойлап Сүлеймен қуды. Қытайлар қашты, біз қуа соғыстық. Қытайлар жолда жаралы болып түсіп қалып соғысуда. Сайыпбай оққа ұшты. Алдымыздан қашып 16 қытай келеді екен. Бір ғана автоматпен жайратып тастадық. Олар алты түйе алып келе жатыр екен. Түгел жүгі бар. Оның ішінде үш түйенің жүгін ақ бұлмен жауып қойыпты. Енді аз жүрсек қытай қырылып қашып қор артып келген 2.000 түйе бірақ иен қалыпты.

Қарақас Жанымхан кезігіп еді. Бір мылтық сұрады. Оған бір мылтық бердік. Ақ бұл жапқан жүктер түгел қару-жарақ екен. Қалған түйелер бұл, шай екен. Маған 20 түйе үлес тиді. Үш түйе оқ, дәрі, мылтық тиді. Мылтықтың көбін басқаларға бөліп бердім де, өзімде 16 мылтық қалды. Соғыс комиссарларына мылтық, оқ, дәрі, ат, түйе апарып бердік. Қайтып қосқа келдік. Шамғұн да келген, олжаны оларға бердім. Біздің әскерден Рақадыл, Сайыпбай қатарлы (47) 20 адам шәйіт болды.

Ал бізден басқа Ышқынтыға басып кірген үш қарауылдан да адам шығыны аз болмады. Тек соңғы нәтиже біз де қалды. Төрт ай ішінде үлкенді кішілі 47[24] рет соғыс болыпты. Оның ішінде үш реткі шайқас жан түршігерлік болып жау армияларынан жеті мыңнан астам адам өлтіріп 4.000 түйе, 7.000 ат, 7.000-нан артық әртүрлі қару-жарақ олжаладық. Қазақ қазақ болғалы жүргізілмеген соғыс болды. Оспан 14 адаммен Қарашора қарауылында 1.700 түйені жүгімен бірақ түсіріп, жаудың бір батальон армиясын бірақ жойды. Орыс армиясына әкеле жатқан азық түлік біртұтас түсірілді. Орыс армиясының қалғаны азығы жоқ болып тау-таумен Сарсүмбеге қашып кетті.

Алғашқы жеңіс

Орыс пен монғол арқа сүйеген бандит Шың Сысайдың тұмсығы тасқа тиді. Жеті мыңнан артық армиясынан айрылды. Қару күшімен бізді ала алмаған Шың Сысай енді айырплан мен жер-жерге қағаз тастап келісім жасауды талап ете бастады.

Біздің 47 реткі соғысымыз бізге тісін қайраған қаһарлы жауларды, күшті менен тістіні, бандит Шың Сысайды жеті қабат жердің астына түсіріп жібергендей болды.

Жан қалтасынан саясат шығарып орыс пен монғолға арқасын сүйеп, дәуірлеп, айқұлақтанып жердің миын шығарғысы келіп тұрған бандит Шың Сысай енді сұлу әйел бейнесіне кіре қалды.

1940 жылдың басында ауыр зиян тарттық. Ал оның күзінде зор табысқа қол жеткіздік. Көктемде 4.500 үйден астам семья ауып Бұлғын жазығына бардық. Осында 25 мыңға таяу адам едік. Осыдан 11.000 адам бомбалауменен өртке және үш мемлекет армиясының зеңбірегінің жеміне кетті. 2.400-ден астам бала бесігімен өртке кетті. (48) 1940 жылы 6 ақпан күні Жұ Ұянжаң мен Көктоғай шәнін мылтық береміз деп алдап, көк қасқа тай сойып, 40-тай адамды бауыздап тастадық. Сол күннен бастап бүгінгі ең соңғы шайқас Ышқынтыдағы қанды қырғын 47 реткі шайқасымыз болып жау адамдарынан 7.000-нан астам адамын жойдық.

Осы билікке қол жеткізу үшін елге қайтып келгеннен кейін алдымен ел ішінде мұғалім болып тыңшылық істеген залымдардан 12 адамды атып тастадық. Бұл тәсіл елдің басын қосудың ең тамаша шарты болды. Осылайша ел бірлігін сақтау арқылы ең соңғы күнде үлкен нәтижелерге қол жеткіздік.

Бізден өлген құрбан аз болмады. Осы жолғы шайқаста Сүлеймен әскерінің әр үш адамнан екеуі шәйіт болды. Олардың атын атап отырмадым. Соғыстарда Ырысханның саяси басшылығы, Сүлеймен, Оспан қатарлы жан аямаған жүздеген мергендер мен батырлар шешуші рөл ойнады.

Тыңшыларды тазалау үшін ең алдымен Ырысханның бұйрығымен Оспан Сарсүмбе мен Көктоғай арасын кесіп тастауға кеткен еді. Көктоғай мен Сарсүмбе арасында Қытайдың почта орны болып онда қазақта болып жатқан уақиғаларды қытай бандиттеріне жеткізіп тұрған Саржас дейтін бес үйлік монғол көп рөл ойнап отырған. Оспан ең алдымен осы бес үйді біртұтас қылмысын мойнына артып атып тастады. Өйткені, олар қытайдың сол жердегі қарауылына мәлімдеп бес үйлік ителіні қырғындатқан-ды. Оған қарата осы жауап істелген еді.

Бұлардың сыртында Сартоғай шайқасы, Күмістегі шайқас, Ағашобадағы шайқас (49), Моншықтағы шайқас, Жарынтыдағы шайқас, Бұлғын жалпағындағы шайқас, Өкбедегі шайқас, Көк Адырдағы шайқас, Қаптықтағы шайқас, Бәйтік тауларындағы шайқастар, Дабысындағы шайқас, Бұтамойындағы шайқас, Үш Арғылтайдағы шайқастар болып жау әскерлерінен 1.984 адам өлтірілді. Сонымен бүкіл бандит Шың Сысай армияларынан 8.984 адам жоғалтылды. Бұның ішінде Монғолияның Мұса өлген жерде 47 адамдық бір қарауылын біртұтас қырып тастадық. [Бос][25] айырплан атып түсірдік. Дөңті шайқасында орыстың бір батальон әскерін жойдық. Атақты Сары атты Зубатов полковникті ұрып өлтірдік. Генерал Банке он адамымен оңашада атып тасталды. Соңғы Ышқынты шайқасында Генерал Разборов өлтірілді.

Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан:

– Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер, – деді. Бұл сөз сонымен тынышталып қалған еді.[26]

Соғыста бізден шығын көп болды. Бастапқы кезде біз қызыл қолмен қарсы шықтық. Құрал жүре – жүре қолымызға түсті. Түскен оқ, құрал-саймандар руларға таратып жастардың машықтануына беріп отырдық. Сөйтіп алдыңғы адам өлсе, артқы адам орнын басып отырды.

Соғысты соғыстан үйрендік. Жамандықты жамандықтан үйрендік. Уды умен қайтардық. Құтты Сұлубай[27] айтқандайын:

Аспанда айырплан бытырлаған,

Қайласы бұл қытайдың артылмаған.

Біз қазақ малды баққан момын едік,

Соғысты бұрын көріп жатылмаған. (50)

Соғыс өнерін соғыстан үйреніп алдық. Мал бауыздаудан қорқатын момын қазақтар жауды тырнағымен бауыздауды үйреніп алдық. Бір кезде залым Мадарин Ырысханға:

“Жауға біткен көзің бар, дауға біткен сөзің бар.” дегендей Ырысхан осы жолы жауға біткен көзінің де, дауға біткен сөзінің де пайдасын көрсетті. Орыстар генералдарының басын сұрағанда оған да Ырысхан ғылыми жауап таба білді. Қазақтың ең соңғы бастығы Бөкейханның басын сұрады. Бұл неткен табылған жауап. Дұшпанды он мың баттам шоқпар мен бір салып ұрып жықты. Бірақ біздің жауымыз ұяттан екі мың үш жүз жыл бұрын туғандықтан, қазіргі заманда ондай жауды ұялту мүмкін емес. “Бізге тыныштық болса екен” деген жазуларды айырпланның астына жазып алып қызылды жасыл жалау тағып аспаннан енді қағаз жаудырды. Сол қағаздарда:

“Мылтық комиссарларының, шәндердің өлтірілуі солардың өз қылмысы. Үкімет барлық қылмыстарды өз мойнына алады. Үкімет пен халық болып әкелі балалы адамның қатынасындай тамаша қатынасымыздан айрылып қалдық. Соғысты тоқтаталық. Не тілектерің бар? Елші жіберейік” деп Шың Сысай атты айдаһардың аузынан бал тама бастады.

Оларда одан әрі: “Үкіметіміздің жүргізген саяси іс-шаралары құралды шайқастарға апарып соқтырды. Екі жағымызда орны толмайтын ауыр зияндарға кіріптар болдық. Қандай пікір талаптар болса да шешемін”, деп жазыпты.

Ырысхан барлық бастықтары мен әскер бастықтарын жинап бұл жағдайды оқып берді. Ырысхан:

– Қыс болса таяп келеді. Соғысты жалғасты жүргізіп бүтін Алтайды тартып аламыз ба, жоқ соғысты тоқтатамыз ба? (51) деп сұрады.

Шың Сысаймен тоқтам

Барлық адамдар ақылдаса келіп соғысты тоқтатуға мақұл болды. Шың Сысай таяу жылдар ішінде қойып келген талаптарымызды орындаса делінді. Ол талаптардың бастылары мыналар болатын:

  1. Алтайдың барлық үкімет билігі қазақтардың қолында болсын.
  2. Қару-жарақ өз қолымызда тұрады.
  3. Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл үш ауданда қытай тұрмайды.
  4. Жердің жаратылыс байлығы жергілікті ұлттың өзінде болады.
  5. Қолға алып кеткен ел адамдарының тірісінің өзін, өлгенінің сүйегі берілсін.
  6. Бажы, салықтарды Абақ Керей дәуірінің Шанлұң тұсынан асырмаймыз.
  7. Ұлттық ішкі билік өзімізде болып, экономикалық қимылдарды өзіміз басқарамыз.

Бұл қаулы атақты “Табынбелшір қаулысы” деп аталды. Осы талаптар жазылғанда мен Ырысханның жанында едім.

Ырысхан әскери басшылардан Есімхан, Сүлеймен, Кәдірбай, Оспан төртеуін шақырып алды да:

– Маған 400 әскер шығарып беріңдер. Шіңгіл елін әкелейін. Сонсоң тоқтам жасалық. Барлық ел біздің қолымызда болсын. Сонда біз күштірек боламыз. Мен келгенше елді төртеуіңіз басқарып тұрыңыздар. Қарауылды мықты ұстау керек. Бейғамдық болмасын. Жау тәсілін жақсы түсіну керек. Тоқтам деп бейғамданып қалып жау қапыда қиратып кетіп жүрмесін, – деді.

Ертеңінде Ырысханның басшылығында 400 адам алып жолға шықтық. Ол әскердің бастығы мен болдым. Тұрғынның Ертіске құйған жеріне барып бекіндік. Ол жерден шығып Жалаңаш бұлақтың басына барғанымызда бір айырплан көрінді. Бұл күндері айырпландар таяп ұшатын жағдайдан қалып қойған болатын. Түнделетіп жүріп бір жүз адамды Ушаның маңын шалып келуге жібердік. Ушадан 300 ат айдап келе жатқан 30 әскерді қолға түсірдік. Сол әскердің ішінде келе жатқан бір қытай генералы бар екен. Біз енді жүргелі жатқанымызда арттағы елден Шақабай Жирен (52) ұлы Баттал хабар алып келді:

– Сіздер жүріп кеткеннен кейін, айырплан тағы да келіп қағаз тастады. Ол қағазды Жанымхан жазып: “Мен Көктоғай қаласына барамын. Сол жерге ел бастықтары келсін. Болмаса ат жіберіңдер, мен сіздер тұрған жерге барайын”, депті. Қайтеміз? – деп Сүлеймен батыр мені сіздерге жіберді, – деді.

Ырысхан:

– Ел бастықтарына Ырысханды таба алмадым деп бар. Және ел бастықтарына ақырын көп сәлем айт. Әзірше жауап бермесін. Біз Шіңгіл елін қолға түсіріп алған соң комиссиямен сөйлесеміз, – деп жауап беріп Батталды қайтарып жіберді.

Жаудан қолға түскен аттарды Сұптыға 30 адаммен айдатып жіберді. Сол түні жүріп Қозіке сайының аузынан өрлеп шығып таң ата Табын Сала, Көкбұқаға барып бекіндік. Кешінде Шіңгіл қаласына қарай жүрдік. Түнделетіп үлкен Қобдадан түсіп көпірдің аяқ жағынан өтіп аудандық үкіметті қоршауға алдық. Шәндік үкімет ертеден қорғаныс алғандықтан атыс берді. 100 әскермен жауды қоршап тұрып Шіңгіл еліне айдап қараңғы тоғайға апарып сол жерге елдің бас-аяғын жинадық. Елдің аяғына күзетші қойдық.

Ертеңінде тағы да бір айырплан келіп дорбамен қағаз тастады. Ол қағазда “Мен Жанымхан, келдім. Ел бастықтары Шіңгілдің аудандық үкімет мекемесіне келсін. Немесе маған ат алып келіңіздер”, депті. Біз ат апармай қойдық. Екі сағат өткеннен кейін қытайлар атқа мінгізіп Жанымханды алып келді. Жанымхан түсетін үй тігіп қойған едік. Жанымханмен аман-сәлем қылдық.

Жанымханның қорытынды пікірі мынау болды:

– Ырысхан сенің тілегіңді қабыл етті болып үкімет мені жіберді. Қытай үкіметі болған Шың Сысай маған ант беріп сендірді. Ал мен де Шың Сысайға сенімділік білдіру үшін ант бердім. Қозғалысты ең бірінші болып Есімхан бастаған. Бұл қозғалысты жүргізген Ырысхан сенің бауырың екен. Сен оларды сендір деп мені жіберді, – деді.

Біз жиын ашып әуелдегі ортаға қойылған талаптардың ішінен жеті ірі (53) үлкен пікірді, жиырма неше ұсақ тармақтар етіп ортаға қойдық. Олар мазмұн жағынан алғанда “Алтайдың ерікті үкіметі болуы, онда қазақтардың билік жүргізуі, қазақ тілінде оқу-ағарту болуы, қолға алған адамдардың тірісін, өлісінің сүйегін қайтару, жер байлығын орыстардың қазбауы, оның яғни жердін де, байлықтың да иелік құқығы қазақ қолында болуы, шаруашылық қимылдарды қытай райондарында қытайлардың өзі басқару, ұлттық райондарда қазақтардың өзі жүргізуі, мал бажыларының қысқартылуы, құрал-жарақтардың қазақтың өз қолында тұруы, қытай әкімшілік күштерінің өз білермендігімен ұлт райондарына суық тұмсықтарын тыға беруіне жол берілмеуі, демократиялық отандастықты жолға қою, бейбіт даму, бұқаралық тіршіліктердің үкімет пен халық арасында дұрыс сақталуы, адамдық қасиеттерге құрмет көрсетілуі” сынды пікірлерді барлық ел бастықтары тұс-тұстан келген өкілдерге айтып жатты.

Осы шарттарға Жанымхан қажы Шың Сысайдың қасам ішіп берген уәдесіне қарата қолына құран ұстап мойнына Дәлелхайрат салып ант берді. Сонымен Ырысхан қатарлы басшылардан бірнешеуін Көктоғайға алып жүрді.

Ырысхан кетер кезде әскери құқықты маған берді. Және маған орынбасар етіп Жақсыбай Сағынбайұлы (Шақабай), Әліпби Балғынбайұлын (Құлтайболат) етіп белгіледі. Жанымхан:

– Құралды бермесеңдер, үкімет сенбейтін жағдай туар ма екен? Құрал жоқ заманда да жан баққан едіңдер, құрал түсіру сендерге тым қиын іс емес екен. Құралды берсеңдер, – дегенді айтып жатты.

Ол одан әрі:

– Егер құрал беру мүмкіндігі болса, онда мен белгі беремін. Сол белгі бойынша құралды аяқтап тапсырып мүмкіндік алып қаласыңдар. Өйткені бұл қытай тарих бойғы сөз тұрмайтын арамза жіңішке саясатын қолданып жүруі мүмкін. Неше мың жылдап Қытайдың арамза саясаты қытай халқының қолын жеткізбесе де, ғылым мен өнерге сүйенбей, ұсақ қулыққа сүйеніп жан бағып келе жатқан дүниедегі ақылсыз халықтардың бірі еді, – деді. (54)

Жанымхан Ырысхандарды бірнеше адам лаулап Көктоғайға алып кетті. Сондағы жұртымыз Шіңгілдің Қараңғы Тоғай деген жерінде едік. Өткен жылғы соғыста бандит Шың Сысай үкіметі Ырысханның әйелі Жәукенді, баласы Битанды ұстап Сарсүмбеге алып кеткен болатын. Ырысханды Көктоғайға барған соң қаланың сыртындағы көк жасаңға тігіп қойған бір кигіз үйге түсіріпті. Онда әйелі мен баласы отырыпты. Ырысханнан хабар келген соң Сүлеймен, Есімхан, Кәдірбай, Оспан қатарлы әскери бастықтар да сол жерге келіпті. Көтерілісшілердің бастықтары да жиналды. Ал Үрімжіден Шың Сысайдың қайын атасы Чу Силиң, Бұқат Бейсі, Қалел тәйжі баласымен, Қалман Қазы, Шәри зәңгі, Нәзір тәйжі, Сақсайбай, Жақсыбай қатарлы адамдарды алып жетіп келді. Чу Силиң:

– Шың Сысай сіздердің тілектеріңізді қабыл етті. Алтайды өздеріңіз сұрайсыздар. Алтайды әкім ретінде Есімхан мен Ырысхан екеуің сұраңдар, – деді.

Сонда Есімхан, Ырысхандар:

– Біз екеуміз ондай үлкен үкіметті алып жүре алмаймыз. Алтайға уәлилік міндетін Бұқат пен Жанымхан жүргізсің. Шіңгіл ауданына Нәзір, Көктоғай ауданына Рахат, Бурылтоғай ауданына Нұрмұқамет, Алтай ауданына Қажынәби, Буыршын ауданына Әбілмәжін, Қаба ауданына Көкенай, Жеменей ауданына Мұқаш шән болсын, – деп пікір біллдірді.

Осының арасында Мәнкей, Ақыт, Баянбай, Дөнен, Өнерхан, Байқадам қатарлы адамдардың сүйегін алып келді.

Чу Силиңмен сегіз үлкен шартқа қол қойылды.[28] Жүрерде Чу Силиң тұрып:

– Шың Сысайға не сәлемдеме бересіңдер? – деп сұрады. Біз де

– Сенім күшейе берсін. Шың Сысай дұрысырақ ойласын. Сәлемге мылтық берелік, – деп айттық. Бізден құрал алуға Бұқат, Дәлелхан келді. Ырысхан белгісін жіберіпті. Біз ол кезде Шанқанға келіп жамырай ақ жазыққа қонып ақбоз үйлерді тіккен шат көңілді тұрған едік. Бұқатқа үй тігіп қойғанбыз. Бұқатты күтіп алып (55) көк қасқа тай сойып қонақ қып 200 мырыш бесатар беріп оны Көктоғайға жеткізіп бердік. Ырысхан Чу Силиңге:

– Дубанға көп сәлем айтыңыз. Шың әпенді қорыққанда мылтық, оқ, қара дәріден қатты қорқушы еді. Бұл мылтықты біз жасай алмаймыз. Бірақ біз үшін бүкіл дүние жасап жатыр. Қажетті болған кезде ел қолынан мылтықты түсіріп ала білеміз. Алтайдың орманы түгелдей бізге құрал жабдық. Біз тұңғыш рет қайың шоқпармен жауды ұрып өлтіріп осы мылтықты түсіріп алған едік. Мына құралды Шың Дубанға апарып беріңіз. Біздің сізге берген жолдығымыз осы, – деді.

Ел адамдары да Чу Силиңге мынаны айтты:

– Шың Дубан жеріміздің топырағын иелеп алды. Оған үндемедік. Ел бастықтарын қолға алды. Оған да үндемедік. Алман салықтарды тарихта болмаған дәрежеде ауырлатып жүз қойдан төрт қой  санап алды. Оған да шыдап тұрдық. Ең ақырда дінімізге шабуыл жасады. Бізді қытайландыруды көздеп діни кітаптарды жинап өртеді. Дәл осы жерге келгенде біз шыдап тұра алмадық. Таудағы бұғы мүйізі сырқырап еді, ойдағы бөкен мүйізі де ауырмай тұра алмады. Біз бұзылдық.

Ырысхан да:

– Елді бұзған Есімхан екеуміз. Егер соңғы тарихтарға күнәлі болатын адам қажет болса, онда оған тек Есімхан екеуміз ғана жауаптымыз, – деді.

Чу Силиң қайтып кетті. Ел іші көңілді. Елдің апшысын қуырып тұрған жол хат түзімі де жоғалды. Чу Силиң қарулы соғыстардың барлық зияндарын саламат деп жариялады.

Елдің қайта қозғалуы

Сол жылы недәуір тыныш қыстадық. Бірақ қытайлар әскерлерді жасырын кіргізе бастады. Дабысын Келеңсай, Дөңті, Қаратүнке, Көктоғай кен районы болып тас қазады деген сылтаулармен бандит Шын Сысай өз күшін шоғырландыра бастады. Болып жатқан осындай құбылыстарға қарап мәселенің төркіні болған қазақтардың жерге иелік құқығы деген тармақ бұзыла бастады деп отырғанымызда, Бұқат Бейсі Қалелдің құдасы Қақыш биді жасырын Қалелге жіберді.

– Кешегі қара қойшы Есімхан, Ырысхан (56) қозғалыс бастап көп нәтижеге иеленген еді. Сіздер қарап жатпаңыздар. Мылтық табылатын болды. Қазір орыстар кен қаза бастапты. Орыстар келіп алса, мәселенің соңы жаман болады, – дейді.

Ал Бұқатты түрткен Алтай Консулі Баймурзин болады. Оның себебі, 1940 жылы мамыр айында екінші дүниежүзілік соғыс басталып[29] 1941 жылдың басына дейін[30] Ресейдің көп жерін немістер жаулап алып қояды. Дәл осы кезде Шың Сысай да Ресейден қол үзудің амалын ойлап жатады. Шың Сысайға қарата Шынжаңда әрекет істеу үшін Баймурзин алдымен Жанымханды үгіттеді. Жанымхан бұл жұмыстан бас тартады. Онан соң Баймурзин Бұқатты үгіттейді.

– Біз құрал берелік. Жоғарғы елді қозғаңыздар. Алтайды бөліп әкетіңіздер, – дейді. Бұқат бұған мақұл болып Қақыш арқылы Қалелді түртеді. Бірақ бұл кезде Ресейден шыққан белгілі бір тәуелсіз Шығыс Түркістан жарнамасы болмайды.

Міне осындай әңгімелер ел бастықтары арасында болып жатқанда Көктоғайдағы қытай Силиң Буы бір түнде жасырын Көктоғай сақшы бастығы Кәдірбайды атып тастады.[31] Қалелдің ұлы шән болған Рахатты қолға алмақ болғанда Рахат қаланы тастап қашып үйіне барды. Сөйтіп “Иттің суық тұмсығы” Қалелді бұзылуға мәжбүрледі.

Кәдірбай жайында хабар елге жетіп келген соң Сүлеймен батыр 200 адаммен Көктоғай ауданын қамап алып сақшының 30 адамын өлтіріп 300 атын айдап шықты. Ресейден келіп жатқан орыс инженерлерінің (әйел инженер де бар екен) бес үлкен машина, екі пабиданы Бел Қайыннан тосып Сарбұлаққа жетпей түсіріп адамын өлтіріп машиналарын өртеп жіберді. Онан бұрын Сүлеймен Ушадан Генерал Баненкені атып тастаған болатын. Уақиға міне осылай болып бұрқ ете түсті.

Шың Сысай бандит Көктоғай жеріне батыр армия деп Қашқардың жеті мың армиясын әкеліп түсіріп қойған болатын. Көктоғайда бір үлкен “Шың Зықұй” құрылған еді. Қытай армиялары ең алдымен соғысты Аралдан бастап ең алғаш рет Қу Үйден соғыс берілді. Көк Тұмсықтан жау армиясы келіп кірді. Қолымызда құрал аз, тығулы қалған құралдармен инженерлерден түскен біраз құралдар бар болатын. Бұл жолы Сендиков бар еді. (57) Бүкіл Аралдың Қарақас, Шақабай армиясының бастығына Қалел мені белгілеген. Біздің арамыздағы аса қайғылы хабар Ырысхан ауыр сырқаттан қайтыс болып кетті де[32] бүкіл қозғалысты бастайтын саяси қайраткер болмай қалды. Менің де бұл соғыстағы арманым осындай болды. Ырысханнның басшылығы өте шебер еді. Енді бізге басшылық ететін Ырысхандай адам табылуы қиын көрінді.

Мен өз әскерлерімді алып Қу Үйдің орман жағынан келіп бекініс алдым. Жау армиясы Көк Тұмсықтан келіп кірді. Сендиков менің жанымда еді. Арамызда Қу Үйдің өзені бар болатын. Шолақ бұлақ құйғанында қарауыл ұстап отырған екі қытайды өлтіріп Сендиков екі бесатар алып келді. Сүлеймен және Сәйітғазы отырған қарауылға келдім. Ол жерде Шақабай Сүлеймен де отырыпты. Сүлеймен жау армиясынан көп адамды түсіріп жіберген екен. Оны қарағайды паналап тұрып дүрбімен көрдім. Жау екі жағымызға бірдей жақын жатыр екен. Сейітқазы тұрып:

– Түнде кіру керек. Жау қазір әккі болып еркін тұр ғой. Біздегі қару жарақтың әзірше аз екенін жау біліп отыр, – деді.

Сүлеймен батырдың шӘйіт болуы

Мен жалғыз орман ішімен судың жағасына келдім. Жеңілтек болып алдым. Қылыш бар, бір пышақ бар. Судың екі жағасындағы ұзарып шыққан көк шалғын суды көрсетпейді. Сылдырлап ән салып аққан Алтайдың меруерт сулары біздің жүріс тұрысымызды жауға сездірмей өз заңынша қорғап тұрды. Мен судың ішімен жүріп отырып қабақ үстінде өліп жатқан екі қытайдың екі мылтығын алып қайта судың ішіне түсіп кеттім. Жау атқылай бастады. Орманға аман-есен кіріп кеттім. Сол түні Сүлеймен күшімен жау шегінді. Қытайдан ересен көп мылтық түсірдік. Жүк мүгімен 500-ден астам түйе түсірдік. Екі күн демалдық. Қытайлар тағы да шабуылға өтті. Қытайлар Шолақ бұлаққа дейін орман ішін өрлеп бекініс алып жатып алды. Сүлеймен Көк Тұмсыққа шығып қарауыл ұстады да,

– Бізге қарап астынғы жаққа жау келеді. Орманға енгізбеңдер, – деді.

Дөңбек аттай бергенімде оқ тиіп кетіп жатып қалдым. (58) Қапас батыр әскерлерімен кірмек болып келе жатқанда мені көріп олар да қарауыл ұстап жатып қалды. Сендиков жағындағы бір орыс доктор еді. Ол мені азырақ емдеді. Қайтып кеттім. Жау басым бола бастады. Ел Қара Ертіске қайқая көшті. Сүлеймен ол күні әскерімен Қу Үйдің екі ашасына келіп кешке дейін соғыстық. Оспан, Қапас әскерлері Кәмел батыр, Сұлубай әскерлері жер-жерден қарауыл алып жауды бөліп-бөліп алып тыңбай атысып жатты.

Сол күні түнде Сүлеймен түс көреді. Оған түсінде бір адам келіп:

– Жау басым. Ертең Қу Үйдің ішімен өрлеп шықсаң жеңілесің, – дейді. Сүлеймен осыны айтып маған:

– Мен қор қызын құшақтап жатыр екем. Бүгін шәйіт боламын, – деді.

Мен тұрып:

– Алдыңғы түсіңіз түс болсын. Қам қылмаңыз. Саяси қайраткерлік істеп соғыстың ішінде жүріп басшылық ететін Ырысханнан айрылдық. Бұқат пен Қалел үйінен шықпай қойды да бізді отқа итеріп жіберді,  – дедім.

Ол мені қостап

– Бастаған екенбіз бұл соғысты ақырғы демге дейін көрелік, – дестік. Сонсоң Сүлеймен тұрып:

– Мен қаза болып кетсем, Оспан өте табанды. Барлықтарыңыз Оспанмен бірлесіп, ақылдасып соғыс істеңдер. Намысты бермеңіздер, – деді.

Сүлеймен күн шыға Шыбар Қарағайдан келіп атыс берді де Таршатының ішін өрлей жөнелді. Сүлеймен ол қарауылды тастап жылжығанда теріскейдегі орман ішіндегі Шүршітбай жағындағы  жіңішке жолмен жүрді. Таршатының ел қонатын бір қонысынан жау шыға келді. Қарағай арасында бір үлкен қорым болып жатқан тас төбе бар екен. Осы төбе сол қонысқа жақын екен. Сол жерге Сүлеймен еңкейе келіп 30 адаммен өрлеп келе жатқан қалың жауды тосып атыс берді. Қытай не ілгері кете алмады,  не артқа шегіне алмады. Жазыққа жау армиясын қамап алып Сүлеймен 600-ден артық адамды түсіріп жіберді.

Сүлеймен алдындағы самырсынның еңкейіп тұрған бір бұтағын қайыра бергенде, Сүлейменнің бас жағы көрініп қалды да қарсы алдындағы қарауылда отырған бір сарттың оғы тиіп кетті.[33] Сүлейменнің жанында Қапыш бар еді. Қапырыш Сүлейменді арқасына көтеріп алып артқа шегінді. (59) Дұшпан да ілгерілей алмады. Қайтадан артқа шегініп ирек басынан асып Жебетіге келді. Сайды құлдап келе жатқан елдер Сүлейменнің қаза болғанын естіп жер күңіреніп жылады. Соғысты түртіп қойған месқарындардың барлығы үйінде болатын. Елдің не болып жатқаны, соғыстың не болып жатқанымен Бұқат пен Қалелдің жұмысы болмады. Тарих бізді осындай “мықтылармен” ертеден мол қамдаған еді. Сүлеймен өлді. Елі енді қауіпті жағдайда қалды. Елдің бұл соғыста сенгені жалғыз Сүлеймен ғана еді.

Елді Әділхан бастап Қара Ертістен өтіп Сарсүмбеге қарай көшті. Әділхан ту алып келіссөз талап етті. Үкімет адамдары:

– Біздің халықпен жаушылығымыз жоқ. Осы жолғы қозғалысты түрткен адам бар. Сіздерді орыстар түртіп отыр, – деді.

Есімхан тұрып:

– Бізді орыс түртпеді. Сіздер жақтан тоқтамға опасыздық істелінді. Кәдірбайды жасырын атып тастадыңыздар. Орыстарды өздеріңіз әкеліп Көктоғайға тас қаздырдыңыздар. Көктоғайға өздеріңіз біліп Қашқар армиясын жөткеп әкелдіңіздер. Міне, біз осы себептен бұзылдық, – деді.

Осы кезде Қалел тәйжі, Рахат, Қалман, Құмар, Боранбай тәйжі, Шәри зәңгі тауда 300-дей адаммен қалып қойды. Оспан, Сүлеймен Бектұрұлы, Кәмел, Молдажан бұлар өздеріңе қараған төлестерді алып Қарағанды, Шібеге шығып кетті. Ол жылы ол жерге көл тоқтаған ауыз су бар еді. Ол жер Барқы Шөмішбай үкірдай құдығының астыңғы жағы еді. Қытайға бағынған елден Әбдірахман, Құсайынбай, Әділхан би, Қажақын, Сәлибай, Қажақын Шүкірұлы қатарлы адамдарды жинап қойып, қасына үш кісі ертіп Әділхан Жанымханға барды. Жанымхан оларға уәде берді де оларды ертіп алып үкіметке апарды. Үкіметке кезіктіріп алып қайтадан алып келді. Бір жұма демалған соң Сарбұлақ, Көкебұлақ ортасындағы Меркіт елі салған Қаратас мектебіне елді жинап:

– Шынайы бағынамыз десеңіздер мылтықты тапсырыңдар, – деді.

Бұл кезде үкімет әскерінің аттары, түйелері әбден арыған еді. Ала жаздай жаудың ат-түйесіне оттайтын жер бермей қойдық. Ауысай (60) шықса болды ат-түйесін тартып әкеп отырдық. Сондықтан:

– Мылтық сыртында әскер мінетін 1.500 ат, 500 түйе бересіңдер, – деп соқты. Өйткені олардың түйесінің көбін біз тартып алған едік.

– Егер ат, түйе береді екенсің, онда оның бәрін өзіміз таңдап аламыз. Сонан кейін ғана әскерлер жеріне қайтады, – деді. Сонымен таңдаулы ат, түйені үш күн ішіне жинап әкеліп бердік. Әскерлер қайтты. Қайтарында тау жолы арасында бекініп отырған Қарақас Бәйтіке қажы ауылдарын шапты. Қажы ішінде елу адамды атып кетті. Ал одан шығып жол үстінде қайта көшіп келе жатқан Іргебай, Сіргебай ауылдары бар еді. Бұл елдерді бірақ шауып алып 200-ден астам қатын-баланы қырып кетті.

Жанымхан Қарақас мектебіне келіп жатып алған. Мені шақыртыпты. Мен ол кезде жаралы едім. Мен барып едім.

– Сенің әкең ақыры Оспанға еріп қашып кетіпті. Оның қолында мылтығы бар екен. Мен үкіметке үш мылтыққа кепіл болдым. Ақмолла, Құмар, біреу сенің әкең еді. Сен барып әкеңнің мылтығын әкеліп бер. Болмаса үкімет мені ұстап кетеді. Сен маған Әділхан мен Құсайынбайды кепілдікке бер, – деді.

Бұл екі адам сол мекемеде отырған екен. Маған ол адамдар кепіл болды. Мен екі адам ертіп алып әкемді Шібетіден тауып алып үйге ертіп келдім. Оның мылтығын Әділханға тапсырып бердім. Ел өздерінің мекендеріне тарап кетті. Оның арасында “Алтайға Чу Силиң келіпті. Тағы да тоқтам болады екен. Ел бастықтары барып Шу Силиңге амандасып өз қателіктері үшін кешірім сұрасын”, деген сумаңдаған суық сөздер ел ішін аралып жүріп жатты. Енді екі күн өтпей Қарақас мектебіне айырплан келіп түсіп қалды. Онда Чу Силиң өзі келіп ел бастықтарымен амандасып:

– Сендердің осы жолғы қателіктеріңді мен кешірдім. Енді Шың Сысайға барып амандық білдіріп кешірім сұраңдар, – деп жатыр деп “Иттің суық тұмсығы көтенге келіп кіріп кетті.” Ежелден саяси қайраткер туып көрмеген бұл халықтың соңғы жағдайы міне осындай. (61)

Ырысханның айы өтті. Месқарын Бұқат, Қалелдің азаттық іздейтін хал жағдайының соңы осы болды. Чу Силиң Әпенді,[34] Бұқат мырза, Рахат Мырза, Қалман Мырза, Боранбай тәйжі, Зейнел үкірдай, Құмар тәйжі, Есімхан үкірдай, Қыстаубай Ғакім зәңгі, Нақыштай, Кәріппай, Шәри… қатарлы 13 адамды айырпланға салып алды да кетті. Осылардан Ғакім, Нақыштай, Қалман, Шәри төртеуі тірі келіп қалғанын Шың Сысай Мырза тоқтамды бұзып атып тастады.

Оспан қозғалысты бастауда

Менде бір мылтық тығулы қалған еді. Жанымхан қайта – қайта кісі салып сары ізіме шөп салғандықтан 1941 жылы 3 қараша күні өзім бармай Жанымхан жіберген адамына беріп қоя бердім. Заман қалай болады? деп сонда да мүмкіндік сақтап қалдым.

Ойнақтап толқын жел гулеп,

Майысар діңгек сықырлап.

Ол жүрген жоқ бақ іздеп,

Қашпайды бақтан не бойды ұрлап.

деп Абай айтқандай оқымаған болса да Бұқат пен Қалелден жүз есе артық болып туған Оспан Исламұлы бандит Шың Сысайға сенбеді. Ол әр сөзінде орыстар да, монғолдар да, Шың Сысай да “қойдың басын көрсетіп иттің етін сатады” деуші еді.

Оспан:

– Халықараның бізге көмегі болмайды. Түріктердің бізге көмегі болмайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы екі мемлекеттің пайдасына ғана жұмыс істеп отыр. Біздің істейтініміз “ақиқатты оқпен өлшеу”. Осы ғана дұрыс іс деп қарайтын. Осы жолғы екі қозғалыстың жеңісін Қалел тоздырды. Әділхан бүлдірді. Бұқат бүлдірді, – деді де бірде бір мылтық тапсырмай Құмға кетіп қалды.

Оқымаған деп талай адамдар көзге ілмесе де Оспан көрегенділік істеді. Соңғы нәтиже сөйтіп Оспан қолында қалды. 13 адамды ұстап кетті дегеннен кейін Оспан, Кәмел, Қажақын, бүкіл Тіркештің (62) 11 ұлы, бүкіл Айтуған ішінде Төлестер Жұнғар құмына түсіп кетті. Олар сол жылы Құмдағы Ханобаға және Қаратазға барып қыстады. Қолдарында сап-сары мырыштар бар еді. Ел іші біраз тынышталып қалды. Біз семьямызбен малымызды алып Құмдағы Сарқазанға келіп қыстадық. Ол қыстауда бүкіл Құттыбай Қарақастар, әсіресе, Қасен, Құсайын байлардың тобы бар еді. Сол қыста үкімет Сарсүмбеден Қасен зәңгі, Мәмила зәңгі, Уатқан, Ұянжан, Мағауия Ібішерұлы (бұл адамдар залың еді) қатарлы адамдарды өкіл етіп Оспанға жіберіпті. Ол адамдар Оспандікіне келіп үгіттерін айтып Оспаннан мылтық тапсыруын талап етті. Оспан болса:

– Ырысхан тоқтамын банды, ит Шың Сысай өзі бұзды. Қытай мен орыстың екі мың жылдан бергі жымысқы саясатын қытай тағы бір істетіп алды. Алдау тәсілі қытайларды тарихтан бері кедейліктен көз аштырмай келе жатыр. “Қуға қу жолықса екі құлағы шұнақ болады” дегендей қытайдың құлағы  тарихтан бері шұнақ еді. Қытай Шың Сысай уәдесінде тұратын болса, онда Ырысхан тоқтамы өз күшіне ие болсын. Біз Алтайды қайтадан орналастырайық. Әскери күшін алып кетсін. Ұстап кеткен 13 адамды қайтарып берсін. Сонан кейін біз мылтық тапсырамыз. Болмаса біздің қорытындымыз бойынша, “Ақиқатты оқбен өлшейміз”, – деп келген адамдарды қайтарып жіберді.

Оспан адамдарын жинап алып Қобық ауданын шалып келуге, онда қытай армиялары болса ат түйелерін алып келуге бұйырды. Және ол:

– Тарбағатай елінен тіл біліп келіңдер, – деді. Оспандар қатын-балалармен 300-дей адам еді. Сүлеймен Бектұрұлы Оспанның досы еді. Арал Шақабайы мен Төлестер бірыңғай еді. Сауырдан адамдары да аман келді. Төменгі Алтайдан бандит Шың Сысайдың жиын бар деп әкетіп бара жатқан 250 адамын аман алып қалып еліне қоя берді. Бандит Шың Сысайдың Уаң Жау Уи дейтін атақты шпионың да 30 адамымен атып тастады.

Адамдары қайтып келген соң Сарқазанда жатқан Құсайынбайдың екі айғыр үйір (63) жылқысын айдап кетіпті. Құсайын маған келіп

– Сен Оспан екеуің тату жолдас едің. Көрші едің. Менің ешкімге жаушылығым жоқ. Көптің үйі едім. Қандай адам бір нәрсе сұраса аяғаным жоқ. Ол жылқымен кедей болып қалмаспын. Ағайын едік. Азарымыз болса да, безеріміз жоқ, – деп араша түсуімді сұрады.

Жаныма Қарақас Лұқпанды қосып берді. Мен Оспан ауылына бардым. Қара Сексеуілде отыр екен. Оспан келгенше бені үйіңе кіргізбеді. Оспан келгеннен кейін үйіне кірдім. Оспанға аманнан кейін Құсайынның сәлемін айттым. Оспан отырып:

– Бұл жұмыс қате істелген. Өткен жылы біздің жігіттер жайлауда Құсайынның үйіне барса, қымыз бермеген екен. Соған егесіп төрт биесін алып келіп сойып тастапты. Сенің келгенің жақсы болды, – деді де Текеш, Қажақын, Әбдірахман үшеуін шақыртып әкелді.

– Біз кіммен жау боламыз? Біздің жауымыз бандит Шың Сысай. Біз қашанда болмасын халықпен жау емеспіз. Жауды дұрыс талдап алыңыздар. Сойылған төрт жылқыға төрт жылқы қосып Құсайын жылқыларын мына келген адамына айдатып жіберіңіздер. Тұрмыста қиын істер болса, онда ағайынға адам жіберіп сұратып алыңдар, – деп бұйрық берді.

Мен Құсайын жылқысын аман-есен әкеліп бердім. Үш күннен кейін Кәмел келді. Олар азық сұрады. Құсайын 30 еркек қой, екі мініс ат, төрт бие соғым жіберіп берді. Сонымен сол жылы сол жерде қыстап жата бердік.

Сонымен жыл қандай тез өтті! 1942 жылы туа қойды. Қар кете бастады. Айырплан аспаннан қағаз тастады. Онда “Оспанға ермеңдер. Егер ерсеңіздер аямаймыз. Оспанды да тез арада құртамыз”, деп жазған екен. Мұндай сөзге екі мың жылдан бері үйреніп алған қытай сол шабысына салған екен. Біз Алтайға көше бастадық. Оспандар көшіп Алтайдың Жөргекті деген жеріне барғанда Оспанның артынан 1.200 әскер қуып барды. Оспандар жаумен атысып отырып Өндірқарадан барып түсті. Сырт жағынан өзінің Молқылары, атап айтқанда Мағауия залың барып (64) Оспанның отырған аулын қоршап алды. Осы қамаудан Оспан, Қапас, Сүлеймен, Кәмел, Зейнел, Шертиман алтауы қашып шықса да, үшеуін қолға түсіріп мылтығын алды. Оспан, Шертиман, Сүлеймен үшеуі қашып шығып кетті.

Біз көшіп Қу Ертіс бойына қой қоздайтын жерге келдік. Үкімет Оспан мен Сүлейменнің қатын-баласын Сарсүмбеге әкетпек болды. Осы жылы Қажнәби Көктоғайдың шәні еді. Мен Қажнәбидің үйіне барып

– Оспан мен Сүлейменнің қатын-баласын Алтайға апармай Көктоғайда тұрса екен, – деп пікір айтып едім.

Ол адам мақұл болды. Мен алғашқы қыста Құсайын жылқысына барғанда, Оспанмен келісіп ел ішіндегі мән-жайды жеткізіп отыратын болып уәде берген едім. Сол уәдем бойынша осы істі барып айттым. Қажнәби:

– Бізде почта жоқ. Мен қағаз жазып берейін. Жанымханға апарып беріп олардың семьяларының осы жерде тұруына рұқсат алып кел, – деді.

Мен қос атпен Алтай сақшысына бардым. Атым сонда қалды. Мені ертіп Жанымханға апарды. Менен ол Оспан ахуалын сұрады. Сонымен бірге мені қайтадан тыңшысы етіп белгіледі. Оспанның ахуалын мәлімдеп тұратын болдым. “Олардың қатын-баласы Көктоғайда тұруына болады.” деп қағаз алып келдім. Оспан мұны естіп разы болды. Оспан:

– Семьям Көктоғайда тұрса, бір күн болмаса, бір күн тартып аламын, – деді.

Қажнәби де мені тыңшы етіп белгіледі. Оны да қабыл алдым. Елдің алды қайқая көшуге әзірленді. Оспан бірнеше адаммен қашып Бала Ертіс басына барды. Ел Қу Ертістің етегіне түскенде Қашқырты күнгейінде қашып жүрген Мәлікаждар молла, Келес, Тоқтастарды тауып алды. Сегіз адам болды. Осы мезгілдерде ел ішінде бұрынғы үкіметке мылтық атқандарды ұстайтын өсек аяң тарай бастады. Татай Қалманұлын ұстап кетті. Оны сезген Кәмел, Зейнел, Қапас, Тіркештің барлық балалары Оспанға қайтадан қашып келді. Оспандар тобы молайып Құмға барған соң үкімет әскерлері Қарабұлғын – Дүреге келіп тосып жатты. Ел Ертіске келіп шөп шауып жатқанда өткен жылы әскер бастап келіп Оспанның аулын шапқыздырған Мағауияны Оспандар ауылына барып (65) атып тастады. Мағауияның ауылы Өндірқараға келіп қонған еді.

Оспандар Қыстаубай ішінде Сары Сүлеймен ауылын шауып кетті. Оспандарды ала жаздай жау өкшелеп қуып жүрді. Ел ішінен бізден тіл алып тұрды. Сондықтан олар тұрақтай алмай ойға түсіп кетті. Ал қыстауда Дүреде жатқанда оларды жау әскерлері қоршап алды. Осы кеште Оспандар аман-есен құтылды. Қытайлар Оспанды өлтірдік деп Қарақас Садықтың басын кесіп алып, ағашқа іліп қойды. Осы ауылдың он неше адамын атып кетеді. Бұлар Қарақас елі еді. Оларды Дүренің керішіне апарып өлтіріпті. Оспан әскерді жаңылтып, Сартоғайға қашып кетті. Сартоғайдағы елден ат алып Құмға шығып кетеді. “Із тастау әдісі болды.”

Дүреде жатқан әскерлер ел ішінен Қарақастардан Қаумет шабарман, Халық (үшеуінің атын ұмыттым) қатарлы бес адамды ұстап алып, Қарабұлғындағы Қалел аулына алып келді. Онда Сайып, Қазез, Уақит, Қалелдің қызы Шәпіш бар екен. Он әскер түнде келіп Қалелдің ауылын күзетеді екен. Таңертең он әскер Қарабұлғындағы қалың әскер жатқан жерге барды. Сайып өзінің ұсталатынын біліп, амал таба алмай тұрғанда екі әскер қайтадан Қалел аулына келді. Мәпеш екеуі екі әскерді балталап ұрып өлтіріп екі мылтығын алып, бағанағы байлаулы бес адамның қолын босатты. Оларды алып келген әскермен соғысып, оның біреуін өлтіріп, төртеуі қашып кетеді. Сайып жиыны 15 адам болып (Абшат, Кәгбан, Қазез, Уақит және әлгі төрт адам оның бірін қытай атып кетеді.) Оспанға барып қосылады. Оспандар осы кезде Ханобаның бойында болатын. Әскер өрлеп Сартоғайға кетті. Осы әскерді бастап жүрген адам Ноғайбайұлы Түркістан өзінің елінен 20 адам алып, Сұлубай, Замырқан, Жақсыбай, Жүніс, Жәмет, Сөкей қатарлы мергендерді ертіп Оспанды қуалайды. Және үкімет әскерлерін Қыстаубай Нәсіпхан бастайды. Рамазан Шібішерұлы, мұғалім Шібішерұлы қатарлы жол білетін көп адамды қытайлар жалдап алады.

Кеңес Одағынан қолдау

Оспанды Ханобадан білдіртпей келіп басады. Оспандар азырақ атыс беріп аман-есен қашып шығып кетеді. (66) Оспан Түйе Құмнан қашып Жырадан асып Сарқазанға келеді. Сарқазанда жау әскері келіп тағы да басады. Бұл жерден Оспандар қашып, Бурылтоғайға түсіп кетеді. Сарқазанға үкімет әскері жатқанда айырплан келіп, талмай бомбалап, өз армиясынан 300 ат, 1.000-дай әскерін қырып тастайды. Жау әскерлері арып шаршап суыққа төзе алмай, ақыры ашығып Шонжыға қайтты. Түркістан өзі ертіп жүрген жиырма адамның мылтығын алып, елге қайтарып, өзі Үрімжіге кетіп қалды. Сонымен жаз шығады.

Ел қыстан шығып, бөктерге барып қой қоздатпақ болды. Дәл осы кезде біздің семьямыз Қара Ертістің Көкебұлағына көшіп барып, қой қоздатып жатыр едік. Сарсүмбеден сауда алатын Қасенбайдың баласы Задақанды ертіп Шоқай қажының үйіне келдім. Задақанның қайны болғандықтан әйелін алғалы сол ауылға келіп еді. Күзде бермек болып уәде берді. Мен Сарсүмбеге барып Мамытбек Үсейіннен бұл, шай, сіріңке алдым. Қайтып Көкебұлаққа келсем, ел енді ғана жайлауға көшпек болып отыр екен.

Сарсүмбеден Уаң Силиң шығып, Оспанның жүрген жерін зерттеу үшін Көкебұлаққа келмек екен. Оның жанына Қарақас жүз басы Мұқай келді. Оның бізбен таныстығы, достығы бар еді. Ол маған:

– Сені ұстамақшы. Барлық құйыршық болғандарды ұстайтын болып жатыр, – деді.

– Менің де күмәнім болып дайын жүр едім. Ауылмен Аралға кел, – дедім де өзім қашып, Күртінің құйғанында жатқан Оспандарға барып қосылдым.

Мен барғанда Оспандар 60–тан астам адам екен. Барлығымыз ол жерден жүріп Қарабөгеуге бардық. Ел орта жайлауға келе бастады. Бұл кез маусым айының іші еді. Қарабөгеуде отырғанымызда Ертіс алқымындағы Шақабай тоғамында келе жатқан адамды көрдік. Мәдени киімді шолақ ат мінген қара тоны бар екен. Ол адамды ұстап алдық. Бұл адам бізбен өте жақсы амандасты.

– Мен сіздерді іздеп келемін. Сүйегім Найман. Көктоғайдағы (67) орыс адамы едім. Міндетім кәдір, яғни нәшендік. Атым – Қаражақып, мені сіздерге орынбасар консул Баймурзин жіберді. Біздің Шың Сысаймен достық күніміз біткен еді. Мамыр айында елімізге қайтамыз. Қытай үкіметі “бізден қашып жүрген Оспан банды бар. Егер олар сіздерге залал келтірсе, оған біз жауап бермейміз”, деп ұқтырды. Біз сіздерден қорқып сөйлеселік деп іздеп келдік, – деді.

Оспан, Сүлеймен болып ол адамнан бір қанша сұрақтар сұрадық.

– Ресей деген үлкен мемлекет. Қытаймен тоқтамдарыңыз бар. Қашып жүрген біздер. Сіздерге қандай жұмысты шешіп бере аламыз? Біз сені өлтіреміз. Бәріңді жау деп санаймыз. Сен бізден қалайша қорықпай келдің? – дедік.

Ол адам тұрып:

– Алтай жерін аралап, кен зерттеп жүрген бір топ инженеріміз бар еді. Олар сіздердің адамдарыңызға кезіккенде “Біз қытайға аман-есен қарсымыз. Орыстарға қарсы емеспіз”, деп оларды аман-есен қайтарып жіберіпті. Ол адамдар сіздердің адамдарыңызға бір ағаш күріш, мың оқ беріп кеткен екен. Олардың екі дүрбі, бір наған, екі мылтығын алмай қоя беріпті. Осы ахуалды естіген үкіметіміз сіздердің адамдарыңызға үлкен рахмет айтумен мені жіберді, – деді. Осыдан кейін Қаражақып бізге:

– Сіздерде не мақсат бар? Өз үкіметіңізбен неге соғысып жүрсіздер? – деді.

– Үкіметіміз асқан залым болды. Ол залымдарда ғылым жоқ, надан болды. Ғылым болмаған соң өнер кәсібі жоқ. Елдің әр нәрсесін әскери күшпен тартып жейтін жамандық істеуші, алдамшы алаяқ болды. Ойлайда, сөйлейде, істейде білмейтін тоғышар болып, сүтті суға құйып жатыр. Біз олардан тәуелсіздік талап етіп жатырмыз. Біздің қолымызда құрал жоқ. Сыртқы сүйеніш күшіміз жоқ. Қытайды өлтіріп, мылтық тартып алып жүрміз. Елін құрал беретін болса, біз сатып аламыз. Ондай жолдарыңыз бар ма? – дедік.

– Мен ол пікірлерді Баймурзинге жеткізейін. Маған мал айдап кетуге жол бересіздер ме? (68) 200 машина жүк, он екі мың қой, алты мың сиыр бар еді. Сол малды шығарып әкетсек, – деді.

– Ондай болса, біз Баймурзинмен сөйлеселік. Ортең сайының арасына келсін, – дедік. Ол белгі берді.

– Ең алдымен орыс туы бар үлкен машина шығады. Онан соң бір кішкене машина шығады. Оның артынан тағы да орыс туы тігілген үлкен машина шығады, – деді.

Уәде бойынша 12 маусым күні Оспан, Сүлеймен, Кәмел, Қапас, Зейнел, Абшат, Қазез, мен Нұрғожай қатарлы 26 адам барып тостық. Уәделі күнде үш машина 40 әскермен олар келді. Машина жазықта тұрды. Баймурзин Қаражақыпты ертіп бізге келді. Амандастық. Рахметтерін айтып жатты.

– Неге қашып жүрсіздер? Үкіметпен неге тату болмадыңыздар? Қандай мақсаттарыңыз бар? – деп сұрады. Біз:

– Шың Сысайдан жерімізді тартып алмақ болып жүрміз. Іздегеніміз – тәуелсіздік. Бірақ қолымызда құрал жоқ. Құрал тауып алсақ дейміз. Біз құралды сатып та ала аламыз. Немесе тоқтам жасалып құрал құнын белгілі мерзімге бөліп беруге болар ма екен? – деп жауап қаттық.

– Совет Одағы құрал берсе аласыздар ма?

– Ресейді құрал жайында жаттық етпейміз. Біздің шын тәуелсіздігімізге кепілдік етер болса, ол кезде біздің аянар жөніміз болмаған болар еді. 1932 жылдан бергі Ресейліктердің тәжірибелеріне қарағанда, оның мақсаты басқаша болып келе жатыр, – дедік.

Олардың барлық заттары мен жанды малдарын Көктоғайдан аман шығарып кетуіне біз жол қойдық. Сондықтан осы әрекетімізге олар да үлкен рахмет айта келіп, 11 адамға, әр адамға бір пар костюм, шапан – сым, бірден етік, үш мыңнан оқ, шай, бұл қатарлы нәрселер берді.

– Қолымыздағы мылтықты бермейміз. Еріп жүрсеңдер мылтық берелік, – деді.

Біз еріп бара алмадық. Олар:

– Сіздерді қашанда болса, тауып аламыз, – деп уәде беріп жүріп кетті.

Біз олардан айрылып, жолда келе жатқанымызда алдымыздан Көктоғайға 300 түйе астық әкеле жатқан 30 жау әскері кезікті. Осы жауды түсіріп, астығын жартасқа тығып, түйесін алып кеттік. Адамдарын атып кеттік. (69) Біз енді жайлауға қарай қайқайдық. Осы туралы бір қарар алдық. Жүйрік ат іріктеп алдық. Киетін киімдерді толықтадық. Қарадүрбінге барып орналастық. Ел үстімізге жетті. Ол жерде біраз демалып, елді алдыға өткізіп жібердік.

Қалқа жеріне жорық

Ендігі жоспарымыз Қалқаның шекарасынан кіріп, ат алу болды. Оның 1940 жылы бізді алдап Бұлғынға апарып алып, қытайға қырғызып тастағаны есімізден мәңгі кететін емес.

Барлық адамдарымыздың саны дәл 99 еді. Осыдан 31 адам Оспан мен Сүлеймен қолында қасап болып ат бағып қалды. Мен 1931 – 1932 жылдарда Монғолияға сауда істеп барған едім. Басқаларға қарағанда жолды, жер сырын недәуір жақсы білетін едім. Менен басқа Молқы Садық деген адам да жол біледі екен. Садық екеуміз жол бастадық. Сұлубай, Кәмел, Қапас, Нәби Тоқтағанұлы, Абшат Ақтекеұлы қатарлы адамдар басшылығында Бала Ертіс басынан Нортыға асып түстік. Нортыдан Бүркіт Ұясына бардық. Одан Ыстық Ойға бардық. Бұл жерде мен Бұзай Дүргіннен келетін Сақсайдың бір ашасы Үлкен Сақсайдың құйғанында Көбеш бейіті бар еді. Сорқобыға асатын батыр Ашасының басында Үш Дабаты деген үш кішілеу сай болып Үлкен Дабатының аузында Кәрі Өткел дейтін өткел бар еді. Сақсай өзені қорым тас болып албаты жерінен өте алмайтын, тек қорым тасын теріп тастаған жерінен ғана өтетін. Кәр Өткелге мініп тұрған Бұрғысын жағынан келетін Сұр Тұмсық деген үлкен тұмсық бар еді. Ол жер Қалқаның тарихтан бері қарауыл орны болатын. Осы қарауыл орнынан 40 километр қашықтықта тұратын Қалқаның атақты Сарқобы жастабы[35] бар онда.[36] Әрқашан жүзден екі жүзге дейін армия сонда тұрады.

Сұр Тұмсықтағы қарауылдан шолғыншылар келіп кетіп тұратын Бұзай Дүргіннен ағып келген кішкене Сақсай суының жанында бір үлкен шоқы бар еді. (70) Ол осы жердегі әдет қарауылдың өкілдерінің орны еді. Олар әр күні түске дейін келіп жер шалып, түстен кейін шекара орнына қайтып кететін. Тәңертең келіп Ыстық Ойға түсіп демалып ұйықтап кетсем, екі ақ боз атқа мінген ақ киінген екі ақсақал Жәнібек туын алып келе жатыр екен. “Алла, Алла” деп алдынан жүгіріп шығып едім. Ол туды маған берді. Және төрт ту берді. Оны екі ақсақалдың бірі берді. Оны ұстап түрегеліп айғайлағанда өз дауысымнан шошып оянып кеттім. Барлық адамдар:

– Не болды? – деп сұрады.

– Ілгерілейік алдымызда үлкен олжа бар. Туымыз жоғары көтеріледі, – дедім.

Демалып қарауыл төбеге келдік. Жанды нәрсе көрінбеді. Біз алдыға көз тігіп қарап тұрғанда Сұр Тұмсық астынан ер тоқымды үш ат шыға келді. Адам бары білінбегеннен кейін үшке бөліндік. Кәмел, Қапас батыр Көбеш өткелінен өтетін болды. Кіші Дабатымен Сұлубай өтетін болды. Менің жанымда Нәби қалды. Қолымызда мылтық жоқ еді. Тек Нәби қолында бір мылтық бар еді. 31 адаммен мен қалдым. Жаратып мініп жүрген жүйрік қаракөк атым бар еді. Ертоқымы жеңіл еді. Киімдерімді жеңілдетіп қолымда қылышымды ұстап мен үлкен жол аузында отырмын. Бір жүгірсем әскерлер дәл көрінетін жердемін. Басқа адамдар судан өтіп әскердің жан-жағын қоршағаннан кейін шаппақшы едік. Бұл жерде маған бір ой келді. Таңертеңгі қарауылдар қазір ұйықтап жатыр. Жерді иен деп көріп кетті. Мен басқалар келместен бұрын шауып түсейін деп ойладым. Жанымда бауырым Кәбіл бар еді. Нәбиге:

– Мылтық атпа! – дедім. Үш адам еңкейе шаптық. Төбенің орта беліне жеткенде әскер бізді көріп қойды да тұра атқылай бастады. Адамдарымыз жатып қалды. Мен тәуекел деп Кәр Өткелдің аузына жетіп келдім. Кәбіл мен Дәуітбай да жетіп келді.

– Мынау суыр қараған монғол емес, қарауыл армия, – деді. Мен төбеге шығып қарайын деп жүріп кеттім. Төрт әскер дереу атын мініп кеткелі жатыр екен.[37] Мен араласа кеттім. Олардың мылтық атуға (71) шамасы келмеді. Біреуінің аты семіз болып жүгірмегендіктен, атын тастап жаяу қашты. Мен де қуып жетіп:

– Әкел мылтықты, – деп айғайлап едім, едел жедел екі атса да оғы тимеді. Үшінші рет атқанша қылышпен бір салып өлтіріп жіберіп мылтығын алдым. Қалған үшеуін тұра қудым. Оларды ат үстінен атып едім. Біреуінің аты оққа ұшып кетті. Жау алдынан Қапас шауып келе жатыр еді. Қапастың аты оққа ұшып кетті. Қашқан жаудың алдында екі адамы бар екен. Олар келіп суырдың ініне кіріп кетті. Үшеуі сыйып біреуі симай қалды. Оны қарауылға алып атып жібердім. Бізден екі адам оққа ұшты. (Бірі Молқы еді, бірі Жәдік Әділханның балдызы). Біз суыр ату үшін жасалған бір акоп қалқасына келіп орналастық. Аңдып отырып үшеуін де атып түсіріп алты мылтық түсіріп алдық. Екі адамның сүйегін алып қайтқанша монғол әскері қаптап келіп қалды. Жаудың өзінен түсірген бір елу атар пулемет бар еді. Атты ұстатып қойып жау әбден жақындағанда қойып жіберіп едім. 80-нен астам адам атымен бірақ қырылды. Басқа қарауылдар 20 неше адам түсіріпті. Бұл жолы 110 адамды өлтіріп қару жарағын алып қосқа келдік. Шәйіт болған екі адамды Нортыға әкеліп жерледік. Сол күні Бала Ертіс ішіне келіп қондық. Монғолдан келістіріп отырып кек алдық. Екі қарауылын бірақ талқандап 120 үлкенді кішілі қару олжалап алдық. Ел шеті Сағатай аулының жанына келіп мәуліт оқыттық. Онан соң ақ сарбас айтып мал сойып той жасадық.

Монғолиямен келіссӨз

Бала Ертіс жолына қарауыл қойдық. Оған он адам жіберілді. Менің қарауыл кезегім келген күні, қарауылдан Бала Ертіске дүрбі салсам, бір жетек аты бар бес адам келе жатыр екен. Ылғи Керейше киініп алыпты. Кестелі шалбар, үкілі тымақ киіпті. Қысаңнан аңдып отырып ұстап алдық. Бұл адамдар түсе қалып (72) амандасты. Оспанға алып келдік. Атын сұрасақ Қамқаш деген адам екен.[38] Сүйегі Молқы. Оспандардың туыстары екен.

– Өткен жылдан бері үкіметіміз сіздерді келеді деп күткен еді. Сіздер жақтан хабар болмады. Оның үстіне мемлекетіміздің Ақбұлақ атты жастабын қиратып тастаған екенсіздер. Үкіметіміз сіздермен шынайы сөйлесіп, шынайы дос болуды қалайды. Өткеннен бері екі жағымызда ауыр дәрежеде қарулы қақтығыстар болып келе жатыр. Оның барлығы сол кездегі саясатымыздың қателігі. Үкіметіміз де бандит Шың Сысайға алданып Алтай халқына ауыр зияндар әкелген едік. Іргелес туыстас елміз. Оның үстіне тарихтағы кигіз туырдықты монғол атты туыстарыңыз едік. Біз дағы соларды паналап отырмыз. Енді шынайы бірлессек, не талап айтасыздар? Сіздерге туыс деп үкімет мені әдейі жіберді, – деп бес маузер мен бес дүрбіні сыйға тартты.[39]

– Біздің мақсатымыз тәуелсіз ел болу еді. 1940 жылы бұзылып Монғолияға пана іздеп Бұлғын жеріне барғанымызда бір жақтан Шың Сысайдың армиясын әкеліп, екінші жақтан өз  армиясын салып бомбалап 11 мыңнан астам бауырларымызды қырып тастады. Жүз мыңдаған мал, мыңдаған киіз үй, үй қазыналары өртке кетті. Немесе Монғолдар мен қытайлар олжалап кетті. Сіздер достық іздесеңіздер біздің Монғолия сияқты бір мемлекет болғымыз келеді. Монғолия осы мақсатымызды таныса, оған шынайы жәрдем беретін болса, дүние елі білетін жарнама жарияласын. Тоқтамдар жасайық. Дәл осындай болғанда ғана шынайы сенім орнай алады. Біздің де аузымыз күйген болатын. Бес маузерге сене алмаймыз. Ондай мылтықты Монғолиядан да, Қытайдан да тартып ала білеміз. Монғолияның Байқадам елін шауып, 450 семьяны олжалап кетуі, 584 адам Секелді қырып кетуі, онан соң бандит Шың Сысайға ұстап беріп келе жатқанын ұмытатын емеспіз. (73) Халықаралық заңды құжат арқылы дос болайық, – деп Оспан қайтарды.[40]

– Бізді көріп қайтыңыздар. Кеңес өткізетін жерлерді көріңіздер. Жаңа келген генералдар бар еді, – деді.

Осы сөзге орай, Қапас, Кәбіл, Ислам, Жанәбіл бастық 13 адам жіберілді. [41] Олар қонақ болу барысында Ислам (асылы мұсылман болған орыс еді) арақ ішіп мас болып

– Оспандарда үлкен негіз жоқ. Тоқтам жасауға қандай кепіл болмақ керек? – деп қалады.

Сонда да олар:

– 500 наған алыңыздар, – деген екен. Қапас:

– Оны Оспанмен сөйлесіңіздер. Бізге наған қажет емес, – дегендіктен 13 адамға 13 жапон бесатар мылтық беріпті. Жүзден оғы бар екен. 50-ден оғы бар бес маузер, бес наған беріпті.[42] Олар сонымен қатар:

– Қызыл қыядағы Үш ергеншекте біздің белгілі байланыс комитетіміз бар. Сол орынға Оспан, Сүлеймен, Нұрғожай, Кәмел төртеуі келсін. Ресми кеңес өткізелік, – депті.

Олар мұны айтқаннан кейін, мен (Нұрғожай), Кәмел екеуміз 30 адаммен барсақ, Қамқаш, Дұбдын деген бір әскери полковник пен 20 қорғаныс күші бар екен. Солармен кезігіп амандық білдіріп сөйлестік. Олар бізге:

– Қазір жол бекіліп қалды. Қар жауды. Ендігі байланысты Бұлғыннан жүргізсек, 50 жапон бесатар оғымен, 10 түйедей бұл, шай тарту әкеліп отырмыз, – деді.

Сауда бастығы Күмберік Жымба[43] дейтін адам екен. Олар бізге затын беріп жатқанда Дұбдын:

– Қанша адамдарыңыз бар? Шынжаңды қалай құтқарып қаласыңдар? Қандай шарттар арқылы тәуелсіз ел болып кетесіздер? Қандай жоспарларыңыз бар? – деп сұрады.[44] Біз:

– Бұл жөніндегі пікірлерді Оспанға адам жіберіп сөйлесіңіздер. Біз ат үстінде не айтамыз? Біздің күшіміз бүкіл Шынжаңның мұсылман азаматтары деп сеніп отырмыз. Егер сіздердің халықаралық жәрдемдеріңіз тарихи мазмұн (74) алатын болсын. Тоқтамның болашағын өздеріңіз белгілейтін болсаңыздар, онда оны біз түсіне алмаймыз, – дедік.

– Қандай мемлекет құрмақсыздар? – деп сұрағанда мен тұрып:

– Шын[45] Түркістан Республикасы болсақ дейміз, – дедім.

– Онда Шынға [Қытайға] қарайтын ел болсаңыздар, соғысудың қажеті жоқ. Бізше Шығыс Түркістан елі болсаңыздар ақылға сыяды, – деді.

– Шығыс Түркістан деп 1932 жылы көктемде жарнама жариялап Қожаниязға берілген жәрдемді бандит Шың Сысайға аударып жіберген едіңіздер.[46] Сондықтан біздің ол сөздерден аузымыз күйген болатын. Ол жарнаманың сиясы әлі кепкен жоқ емес пе? – дедім.[47]

– Ендігі кеңес Бұлғыннан болады. Онда Генерал Мәжік[48] деген адам сол жерде дайындық көріп отыр. Сол кезде талқылап көресіздер, – деп хош айтысып жүріп кеттік.[49]

Онан соң барыс-келіс болып алты рет үлкенді-кішілі араласу болды. Үлкен жақтан ұғысулар болмады. Біз төңкерісшілер тау суытып кеткендіктен етекке жөткеріліп келдік. Жебеті басында 300 әскермен мұғалім Ібішерұлы жол бастап келіп бізді тосып аңдып жатқан жау бар екен. Олар алдымен Оспан ауылын көшірді. Қайыңды Бұлақ, Самырсын Сайға асырып кетті деп бізге хабар келді. Біз тауда бекініп жатқан адамдар аттанып сол 300 жау әскерін қоршап алдық. Түнге дейін атыстық. Астымыздағы шұңқырда ел бар, жау қарағай ішін иелеп алды. Оспан бір төбедегі қарауылда отыр еді. Қытай қоршап алып гранат лақтырды. Оспанды атуға таяп қалған бір қытайды мен атып жібердім. Әскерлер қашып кетсе, Оспан сол қарауылда қалып қойыпты. Оспан жаралы болып жау ортасында қалған екен. Маузерді сақылдатып 30-дан астам адамды атып өлтірген Сұлубай Оспанды көтеріп алып қашып келе жатыр екен.[50] Алдынан Кәбіл, Қапас, Кәмел төртеуіміз шығып атқа мінгізіп алып келдік. (75)

Түнде айсыз қараңғыда ұран салып кіріп едік қытайдың бірі қалмай қашып кетіпті.[51] Сөйтіп Оспан ауылдарын жау қолынан айырып қалдық. Ол жерден көшіп Жебетінің ішіне келіп қондық. Жау Шарбақбай ауылынан бір жігіт, Жамшитханның шешесі болып он екі адамды атып кетіпті. Оспан:

– Жәнтекей баласы жанымды алып қалдың, – деп көк қасқа тай сойып той қылды. Жеті күн демалып едік. Мұғалім Шібішер 500 жауды бастап тағы да келіп қамады. Қайыңды Бұлақтағы Сарбейіттен соғыса отырып Қарасуға келдік. Қапас пен Кәмел бір қарауылға кетіп еді. Қапас жаралы болып қайта келді. Кәмелді он екі қытай қоршап алып бір үңгірге қамап отыр екен. Аузы ораза, оғы таусылған не бары сегіз оғы қалған екен. Ол оқты жау дәл алдына келгенде қабаттап атбақ болып отырыпты. Кәмелдің қоршауда қалғанын естіп екі адам ертіп мен келдім.

Жаудың сыртын қоршап алып алтауын өлтіріп жібердім. Қалған жау қашты. Енді атқа мініп жаудың төменгі сай ішінде қалған 40-тай адамын атуға шаба жөнелгенімде арғы жақтағы беттен атылған бір оқ сап ете түскенде аттан ұшып түстім. Домалап барып тоқтап қалдым. Аққан қан тоқтамады. Қара топырақты салып жіберіп көйлегімді жыртып таңып алдым. Сол уақытта төбе жақтан

– Нұрғожай, – деген дауыс шықты.

Бір уақытта Оспан келіп дауыстады.

– Жаның бар ма? – деді.

Мен дағы тірі екенімді білдірдім.

– Адам жібер, – дедім. Әскери міндет өтеген жолдасым Шайза бар еді.

– Соны жібер, – дедім. Ол жүйрік атқа мініп тура шапқанда оқ құйып кетті. Атпен келіп іліп алып қайта шапты. Жануар көк аяқ ат құстай ұшып жаңбырша жауып тұрған оқтан аман құтылып қосқа келдік. Мұғалім “Қапас пен Нұрғожайды өлтірдік”, деп елге хабар таратыпты. (76)

ЖӘнібек батырдың туы

Қапас екеумізді Қоңырқай дарасындағы бекініске апарып бақты. Қапас тез жазылып кетті. Өйткені оқ сүбені тесіп өтіп кетіпті. Әкем алтын салған аю өтімен 31 күн емдеп жазылып кеттім. 30 кісі ертіп беріп Сұлубайды Бұлғындағы Жәнібек аулына Жәнібектің туын алып келуге жібердік. Сұлубай туды алып Зарыққанды ертіп Күртіде отырған Оспанға келді.

Ту келгеннен кейін Арал елін шақырып ат шаптырып той қылдық. Жәнібек туын алып шығып бүкіл әскери адамдар мен ел бастықтары тудың алдында ант берді. Соғысты жалғастыра беруге серт берістік.[52]

Алтай үкіметінің бастығы Гау Бауиға қағаз жібердік. “Біз ұлттық езгіге қарсы күресеміз. Өз тәуелсіздігімізді алмай қоймаймыз. Шынжаң деген бүкіл территорияны босатып аламыз. Өз алдымызға Шығыс Түркістан мемлекетін құрамыз. Бүгіннен тартып бандит Шың Сысай жеріне қайтсын. Шың Сысай өз сөзінде тұрмады. Шың Сысай 1933 жылы таққа шыққаннан бері жазықсыз 15 мыңнан астам қатын-баламызды қырды. Қазақтарды, ұйғырларды езуді бандит Шың Сысай өзінің меншікті мүлкіне айналдырып алды. Шынжаңдағы мұсылман халықтарын құлдыққа айналдырып барады. Сұмырай Шың Сысайдың 1934 жылы жариялаған алты жолы Шынжаң мұсылмандарына пәле мен қаза әкелді. Онан біз әбден сабақ алдық. Біз Шынжаң халқы Жын Шурын атты қасқырды есіктен қуып шығып Шың Сысай атты жолбасырты шаңырақтан түсіріп алғанымызды әбден түсініп болдық. Біздің өлкеміздің негізгі аты Түркістан еді.

1919 жылы Коминтерн құрылғаннан кейін Шығыс Түркістан деп атап кеткенбіз. 1923 жылы Ян Зы Шың Құлжадағы сауда тоқтамын Түркістан – Шынжаң саудасы деп атап Шұй Го Жын қол қойған еді. Сол Түркістанның Шығыс Түркістаны біз едік. 1932 жылы сәуірдің 5 күні Коминтерн “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялап жарнама шығарып Қожаниязға (77) халықаралық үлкен жәрдем берілді. Бандит Шың Шысай 1942 жылы қыркүйекте Коминтерннен қол үздім деп жариялағанда 1942 жылы 20 қарашада Коминтерн “Шығыс Түркістан тәуелсіз халық республикасы” деп жарнама жариялады. Соңғы кезінде Оспан тобы осы жарнаманың негізгі орны болып қалды. Бұның барлығы кешегі тарихта еді. Осы тарихи құжаттардың қазірге дейін сиясы кепкен жоқ.

Сонау өткен заман тарихын алып айтсақ оны қытайдың өзі белгілеп 17 өлкесін кесіп 300 жылдық жасаған ұзын қорғаны бар еді. Осы қорғанның сыртының барлығы Түркістан жері, Шынжаң деген сөз 1738 жылы Манчу Хандығының Шынжаңға жіберілген Генералы Зо Зұ Таң қойып алған есімі еді. Сол кезден бұрын да, және кейін де осы біз айтып отырған Шығыс Түркістан өлкесі Жұнғария – Қашқария болып екі әкімшілік район арқылы іс жүргізіп келді. Қашқария, яғни Алтышар ұйғыр халқының мекені, ал Жұнғария Қазақ халқының атамекені болып келе жатыр. Сонау 552 жылы қазақтардың Үйсін Хандығының орталығы қазіргі Жемсары ауданындағы Қағанбұт қаласы еді. Сондықтан біздер Шынжаң деген жер атын танымаймыз. Ол кездегі Жұнғария – Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі, Құмыл, Гансудың Жу жуан аймағы еді. Біз төңкерісшілер осы жерлерді дауламай тұра алмаймыз. Үкіметтеріңізге жоғарғы қолбасшыларыңызға жеткізіп қоясыздар” деп Момынбай би, Сәдуақас молланы жібердік.

Осы өкілдерді қорғап Бүркітбай батыр алып барып Сарсүмбе қаласына енгізіп жіберді. Қайтарында Ертіс бойлап Шібеті өрлей келе жатып жау қолына түсіп кетіп 13 адамды бандит Шың Шысай 1943 жылы 18 қыркүйекте Сарсүмбе қаласына апарып атты.[53] Осы жылдың жазында 12 адамдық бір шолғыншы жіберілді. Сарсүмбеге дейінгі екі арадағы жер тазалығын тексеруге кетіп еді. Шың Сысай бандылары Алтайдағы монғолдан Бурыл бастық 19 адамды Шаңырақты Қызылдағы қарауылға жіберіп ол жердегі Оспан қарауылын талқандап келуге бұйырыпты. Кәмел, Қапас қатарлы адамдар (78) бұл қарауылды қиратып 18 мылтық, ат-көліктерін түсіріп келді. Тек Бурыл дейтін бір монғол қашып құтылған болатын.

Осы кезде бандит Шың Сысай Үш Арғылтай құйғаны, Келеңсай, Дабысын, Көктоғай қаласы, Қаратүнке, Күміс құйғаны қатарлы алты жерге мыңнан астам армияны әкеліп орналастырды. Қытайлар елдің етекке түсуін күтіп аңдып жатты. Қар жаумай Арғылтайдағы әскерлермен екі рет шайқастық. Алтай жақтан жау келмеді. Осы барыста Шіңгіл елінен Әсеннің шешесі Жәукен келді. Үрімжіден келген екі мың әскер Шіңгілдегі қыстауымызға түсіп алды. Ел ішінен Тілеулінің ауылы, қатын-бала ішінде жүзден артық адамды өлтіріп Ноғайбайға қарасты ел қашып тауға шықты. “Осы жаудан құтқар” деп бұл әйел Оспанға қағаз әкепті. Бұл хатты Әсен жазған екен. Әсен маған Ноғайбай үкірдайдың мөріні жіберіп “әскерді өзіңіз бастап келіңіз”, – деп баса айтқан екен. Оспан жүз әскер беріп мені баруға бұйырды. Ел бастықтарына Сәли Ақын тәйжі, Жанат зәңгіні қосып берді. Мен бес жорға ат, 25 кілем, 30 лаң алтын топтап алып ол нәрселерді халыққа тарту бермек болдық. Менің бір міндетім осы еді. Біз күнді түнге жалғап жол жүріп Шіңгіл ауданына жетіп келдік. Үш Қобыдан келіп өзен бойына түстік.

Монғолиялық Өкілдер

Үш Қобы аяғында Баянбай, Қызыл Шілікіндегі кең қолтықтан қоныс алып отырған 300 үйлік Әсен үкірдай аулына келдім. Соларды сол жерден айдап шығып едік. Қала ішінен 200 әскер шығып еді. Олармен азырақ шайқасып едік. 7-8 адамдары оққа ұшқан соң қашып қайтадан қала бекінісіне кіріп кетті. Елді айдап отырып Бұлғындағы Моншық Қызыл түбіне апардық. Елді әскерге күзеттіріп қойып Әсен, Сәлиақын, Жанаттарды алып 14 кісімен Бұлғынды өрлеп Жарынтының басындағы Қалқа шекарасына бардық. Қызыл қыяға барғанда алдымыздан Қалқа әскерлері пропуска (белгі) сұрады. Біз өзіміздегі белгіні бердік. (79) Белгіні алғаннан кейін қарауыл бізді ертіп Жалпаққа бардық. Ол жерге екі киіз үй (қазақ үйі) тігіп қойыпты. Бізді Монғолия өкілдері қарсы алды. Генерал Мәжік сонда келіпті. Мәскеуден жоғарғы лауазымды адамдар келеді деп сегіз күн тостырып қойды. Олар, қорғаушыларымен келген орыс азаматы Генерал Богдонов пен қасындағы Яман дейтін полковник (бұл монғол) екен. Бұл генерал тегінде Алтайда жұмыс істеген, Көктоғайда бөлік командирі болып тұрған адам екен. Азырақ қазақ[54] тілін де біледі екен. Ол адамды біздің қазақтардың бір талайы танитын болып шықтық. Ол адам бізге:

– Мен қазір Ұланбатырда істеп жатырмын. Чойбалсан сіздерге мені жіберді. Сіздер Үш Бұлақ жастабындағы барған өкілдерге көптеген пікір айтқан екенсіздер. Сол жайында мен екі үкіметтің және Коминтерн қарарларын ұқтырайын деп келдім, – деді. Ол сөзін одан әрі жалғастырып:

– Халықаралық Коминтерн Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп танып жарнамасын жариялап қойды. Шығыс Түркістан Бұлғын, Шіңгіл, Ақ Үй Соғыс Комитеті құрылды. Соғыс Комитеті сіздерге көптеген іс жүргізіп беретін ғылыми қызметкерлерімен көшіп келеді. Соғыс Комитеті жанынан сіздерге қоныс берілетін болды. Шығыс Түркістан азат болғанша қару жарақты Коминтерн тегін береді.[55] Сауда жұмыстары халықаралық заң бойынша жүргізіледі. Шикі заттарыңыз сыртқы Монғолия, сап моңғол-түрік атынан Ресейге өткізіліп малға айырбасталады. Түркістан 9 юаны Ресейдің импорт ақшасына бір сом есептелетін болды. Оспанға көп сәлем айтыңыз. Сіздерге Чойбалсан 30 мылтық бесатар, төрт мауазер сәлемдеме жіберді, – деп ол құралдарды бізге (Сәли, Әсен, Жанат, маған) берді.

Төрт мауазерді жоғарғы төрт адам алдық. Төрт түйе бұл, шай берді. Біз

– Өзіміз құрған соғыс комитетіміз осы жерге көшіп келсе, – деп талап етіп едік.

– Есігіміз ашық, – деп жарнаманы оқып берді. Тоқтамды оқып берді.

– Оспан өкілін жіберсе, тоқтамға қол қойыңыздар, – деді.[56] (80)

Оспанға берген сәлемдемені алып қайттық. 30 мылтықты Әсенге бердік. Олар өзін өзі қорғап тұратын болды. Осы жолы 15 адаммен Шыбарайғыр Қапас бізге еріп жүрді. Күн түн демей жүріп Бурылтоғайға келдік. Оспан осы кезде Бурылтоғайдың Дүресіне көшіп келген еді. Оспан үйінде жиын болып Генерал Богданов, Генерал Мәжік, Генерал Қасеннің барлық пікірлерін жеткіздім.

Қалың жаудың Оспанға шабуылы

300 адаммен Нұрдан батырды  Оспан Арғылтай қарауылына жіберген екен. Мен сол күні түнде семьяма барып қонған едім. Түн ортасында “жау келді” деген суық хабар дүңк ете түсті. Оспан тобының жазыққа түсуін ұзақ күтіп сарғайып отырған қаһарлы жаудың күштісі мен тістісі, кәрлі мен зәрлі қазақтарға неше жүз жылдан бері істетіп келген әккі жау Оспанды бірақ жайпап күлін көкке ұшырып жіберетін болып келген екен. Әккі жау он мың түйеге артқан азық-түлік, оқ, дәрімен қазақтарды зеңбіректің жеміне айналдырмақ болып келген екен. Біздің жіберген үш жүз адамымызды басып жаншыған қытай өз өлігін өзі басып-жаншып, долданып үрейді алып Сібірден аяусыз соққан муссон дауылындай келіп жетті. Жау Қарабұлғындағы Оспан тобын солтүстікте Алтайға, оңтүстікте Жұнғар құмына, батыста Үлінгір көліне, шығыста Арманты тауына жеткізбей жайпап тастау бұйрығын алып келіпті. “Қытайлар қазақтардың жілік майымен мылтығымызды майлаймыз деп бандит Шың Сысайға уәде беріп серт етіпті”, деген суық хабарлар сумаңдап ел ішін аралап кейбір жүйкесі әлсіз адамдарды не өзін өлтіруге, не қашуға әкеп соқтырды.

Жаудың мыңдаған зеңбіректері Өндірқарадан Сартерекке, батыста Қанды Бейітке дейін жер сілкіндіріп атылып жатты. Көкте айғай, жерде айғай қазақ қоралары мен қазақ үйлерінің барлығы өртене бастады. Орман тоғайлар өртеніп жатты. (81)

Күн күркіреп, жер сілкініп, аспаннан нажағай түскендей біреуді біреу білмейтін, балалар бесігімен өртке кетіп жатқан, жан түршігерлік сұрапыл ажал бір сағат ішінде қазақтың басына төніп кетті. Жау бізді, біз жауды әбден түсінетін болғанбыз. Тәуекел атына міндік. Көкте айғай – жерде айғай.

Жер-жерде керіштерге “Жәнібек” деп ұран салғызып бүкіл халыққа жауға тізе бүкпеуді ұқтырдық. Құтты Сұлубай:

Аспанда айырплан бытырлаған,

Қайласы бұл қытайдың артылмаған.

Біз қазақ малды баққан момын едік,

Соғысты бұрын көріп жатылмаған-

деп айтқандай бұл күндерде Шың Сысай бандиттерінің бірнеше реткі шайқастарын бастан кешіріп жаудың сегіз мыңнан астам қарулы әскерін өлтірдік. Сөйтіп дұшпанды өлтіруді де әбден үйреніп алғанбыз.

Жер қайысқан қалың жау Қалшағайдан келіп түсті. Жау ашумен келіп зеңбірек атқанда Молқы Жасанбай елдерін жайпап жіберді. Неше жүздеген қатын-бала, мал-жанымен өртке кетті. Алдынан шығып соғысқан Кәмел батыр қарауыл жаудың көптігінен төзіп тұра алмай төрт адам оққа ұшып, төрт адам жаралы болды. Жау өлгеніне қарамады. Жау біздің әскерлерді басып жаншып қырып отырып Қарабұлғынға келіп түсті. Біз Қарабұлғын Дүре керішіндегі қысаңнан келіп елу неше пулеметпен жауды күтіп алдық. Осы бір қарауылда төрт күн қанды қырғын жүргізілді. Бесінші күні жау көптігімен бізді біртұтас қоршап алды. Түнімен қанды қырғын болды. Қытайдың бір қарауылын атып тұрған пулеметін Кәмел батыр тартып алып өз пулеметімен олардың өзін қырды. Ер Сұлубай бір қарауылды (82) төрт-ақ адаммен ұстап тұрды. Бір қарауылды Оспан екі-ақ адаммен ұстап тұрды.

Осы төрт күнгі сұрапыл соғыста қырылған мыңдаған қытай өліктерінен атпен жүре алмадық. Жаудың қоршауын бұзу үшін жүздей елу атар пулеметті аттың үстіне, атап айтқанда ердің артына бүктеріншек жасап құрып алдық. Жүздей пулеметті бірақ қойып жаудың қоршауын жарып шықтық. Дүренің ақ керішіндегі үлкен қарауылды да тартып алып, жауды өзен бойына айдап түстік. Алтай жақтағы ақ керішті алып сұрапыл соғыс жүргіздік. Жау көптігіне сүйеніп тағы да сыртымызды орамақшы болды. Бөлініп шыққан бір батальон жау армиясын қайтадан қуып өзенге әкеліп тықтық. 120 адам оққа ұшып тақырда сүйегі қалды. Жау ойысып Шаштың қыстауы, Тұғылдардың қыстауы, Көктем мектебі сияқты жерлерге түсті. Жаудың бес күннің алдындағы жер сілкіндіріп келген айғайы енді ойбайға ауыса бастады. Сол түнде соғыс тоқтады. Жау қуатты, әрі көп, әлі де басым жағдайда тұрды. Дегенмен 600 адамдық күшпен он мың адамдық жаудың қарулы күштерін қиратып тұмсығын қайтардық.

Біз жаудан айырған ел Бітеу мен Деңге қарай көшті. Оспан түн ішінде Деңдегі елден әскер жинап әкелуге жүріп кетті. Оспан кетпес бұрын мені шақырып алып

– 300 адамды ал, Қапасты ертіп Мойылтыдан түс. Жау қайда барар екен? – деді.

Мен таң ата жүріп кеттім. Біз сол күні Мойылтыға келіп түнедік. Ел үркіп кеткен. Айнала иең қалған малдар, бомбадан өртенген қоралар, күйіп кеткен адамдар мен малдарға лық толы екен. Әлі күйіп жатқан қазақ қораларын көрдік. Қыстауда қалған отынды жағып иеңде тірі қалған малдардан мал әкеліп сойып жедік. Әскер таяуда екен. Таң ата әскерлер музыка шалды. Мен әскерлерге оқ теңсеп бердім. Әскерлер аттанып Дүренің құм жағында керішке қарай беттеп сеп жайып біздің сол маңдағы әскерлерімізге қарай шабуыл жасады. (83) Алтай жағына қарап бір бөлім жау әскерлері айналып сырттан келіп соғу үшін өздері күткен жерден барып қарауыл алды. Қапас Алтай жақты ораған жаудың алдын тосты. Дүренің құм жағын алған жаудың сыртқы жағынан барып мен де қарауыл алдым.

Жау басым. Біздің санымыз аз болса да, қарауылды біз бұрын алып қойдық. Жау бізді біліп алды да, бізге қарай ойыса жүрді. Жау тұрмаға таяғанда екі жүз елу атар пулеметті қойып жібердік. Жауда өлгеніне қарамай оғы таусылса арт жағынан оқ жеткізіп атып жатты. Бір бөлім жау сыртымызды орады. Шыбарайғыр Қапас пен Сұлубай аз адаммен ол жаудың алдын алды. Жаудың тұмсығын қайтарды. Көп қырылғаннан кейін жау қайтадан шегініп өзенге түсіп кетті. Сұлубай қолынан жараланып артқы шепке кетті. Қапас менің жаныма қайтып келді. Біз қыян-кескі соғыс жүргіздік. Жау басып-жаншып кеткендіктен біз де шегінуге мәжбүр болдық. Қапас батыр ауыр жаралы болып, оны Кәбіл артқы шепке алып кетті. Мен де шегінгелі тұрғанда, Оспан 300 адаммен келіп қалды. Тағы да күш алып соғыс жүргіздік. Жау көптігінен екі қабат болып ту сыртымыздан орап кетті. Түске дейін шыдадық. Оның үстіне Оспан жаралы болды. Оны да қайтардық. 300 адаммен қалдым. Дүрбі салсам Тіркешұлы Қапас батыр да шегініп соғысып барады екен. Оспан:

– Жау өте басым болып барады. Жер қолайлы емес. Мен дайындық көрейін, елдің бір бөлігі бағынып кеткісі келіп тұр. Сен шыдап соғысып тұр, – деп бұйрық жіберіпті.

Бесінге дейін табан тіреп соғыстым. Өлгені, жараланғаны, кеткені болып 300 адамнан 70-тей адам қалдық. Төбеге дүрбі салып байқасам, жау жағындағы қарауыл төбеден әскерлер домалап бізді алу үшін сайдың аяғына түсіп жатыр екен. Ол жауды атып түгесуге де, тоқтатуға да болмады. Сондықтан әскерлерге “шегін” деп бұйрық бердім. Менің жолдастарым азырақ атыс беріп жаудың алдын ұстап (84) шегініп бара жатқанда Зарыққанға оқ тиді. Оны Жолдыбайға алып кетуге тапсырдым. Жолдыбай оны өнгеріп алып кетті. Мен тұрған қарауылды алуға он адам оң жағымнан өрлей келеді екен. Екеуін атып жібердім. Қалған сегізі қашып кетті. Жанымда бауырым Кәбіл қалған еді. Сол екі әскердің мылтығын алдым. Қашып арғы сапқа келдім. Жау көп қырылды. Бірі өлсе, екіншісі орнын басқандықтан жау қаруын ала алмадық. Түнделетіп ауылға келдім.

– Оспан елі бағынатын болды. Әбдірахман, Әділхан, Тиянақ қатарлы ел адамдары ертең әскердің алдынан шығып бағынып қалсын. Әскерлерге “құйыршық қашып кетті” деп барлық мәселені бізге аударып қойыңдар, – дедім.

Ел ішінен хабар беріп тұратын адамдар белгіледім. Оспанның қолы жаралы. Жүздей семьяны алып түнде қашып шықтық. Қарақастан 30 неше адам, Қыстаубайдан 40 неше адаммен Манат шықты. Сұлубай, Зарлыхан, Шыбарайғыр Қапас 40 неше адам, барлығы жүздей семья, 350-ден артық соғысатын әскери азаматтар сайланып қашып шықтық.

Түнде-ақ төбені басып Шайтан қабаққа келдік. Ол жерде алды-артымызды түгендеп алға жол бастайтын қарауыл, артқа қорғаныс жасайтын қарауыл шығардық. Одан жүріп Сарқазанға келіп, жыраның басымен Қамыстыны басып Қарамайлының жіңішке құмына келдік. Онда екі күн демалдық. Одан көшіп Армантыны басып Бұлғынға кетпекпіз. Жіңішке құмнан көшіп Тұрманы кесіп өтіп Қасқыр соққанымен Ебі Қызылды басып түнде Арманты кенересінен өтіп Арманты Шақайды Бастауды басып жол тосқан жау әскерлерін кесіп өттік те Күміс құйғанына келіп түстік. Бұл жерден демалып Бұлғын бойын өрлеп Моншық Қызылга барсақ, ол жерде орналасқан Әсен елін (300 семья еді) жау шауып кетіпті. Ол елден тіл ала алмадық.

Ол күні Жарынтыдан Қалқа шекарасына таяп барып қондық. (85) 1943 жылы қарашада құрбан айт болған еді. Біз сол Жарынтыда құрбан айт намазын оқып құрбан шалдық. Сол жерде Қалқадан хабар келді.

– Әсеннің бір бөлім елін жау айдап кетіпті. Рамазан Шалапұлы, Нұрпейіс Батыр шәйіт болыпты. Құл Молқыдан Жылқыайдар, Токтобай, Жұқай қатарлы жүз неше адам  қашып келді, – деді.

Жаудың екі айырпланы келіп Әсен елдерін бомбалағандықтан малдары көбірек шығын болды деген хабарды естідік. Біз айтты өткізіп алып шекарадан өтіп Бұлғын жазығына барып орналастық. Мен сол жылы Мапқан тастың түбін қыстадым.

Бұлғында құрылған ақ үй соғыс комитеті

Біз енді бір жаңа дәуірдің есігін аштық. Бізден бұрын бұл жерде “Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитеті” атты мекеме әлдеқашан құрылып болыпты.[57] Профессор Қасен деген кісі Қазақстандық (Кенесарының төртінші немересі екен) сол Ақ Үй Соғыс Комитетінің бастығы екен. Төрт жылдың алдында қырқысқан жаумен тағдыр бүгін бізді достастырып қойды. Соңғы күндердің кімнің бағы, кімнің соры екенін білмейміз. Тарихты еске алсақ, біздің сорымыз болар деп межеледік. Өйткені сонау 1932 жылы Коминтерн “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялап Қожаниязға төрт мың мылтық, 12 кәдір әкеліп берген еді. Орыстар сол қозғалыстың артын қалай тоздырған еді? Бүкіл Шығыс Түркістанның жер байлығы мен шикізатын орыстар жалмап жұтып жатқан еді. Орыстар қазір Шың Сысай бандиттерінен айрылды. Енді Шың Сысайға бізді салып айтпақшы болып отыр. Бізді сендіру үшін “Шығыс Түркістан сыртқы Монғолия сияқты мемлекет болып кетеді”, дейді.[58] 1942 жылы 20 қараша күнгі жарнамасы мен 1943 жылы 6 қаңтар күнгі сырттан жар салған тоқтамды көрсетіп жүріп бізді сендірді. (86) Біз өз басымызға төнген ауыр жағдайдан құтылу үшін:

– Ресей-Монғолия тағы сол секілді елдердің көмегін алып көрелік. Оның соңғы нәтижесін қазақтар өзі көзімізбен көргеніміз жөн ғой. Тәуекел, – деп бекіндік.

Сөйтіп өз ішімізде пікір бірлігін сақтап қалдық. “Ақ Үй Соғыс Комитеті” жақсы тынығуды көбірек айтты.

– Елге қай мезгілдерде барасыздар? Қытайға қашан шабуыл жасайсыздар? – деп қояды.

– Оның бәрін сіздер белгілеп беріңіздер. Біз тоқтам бар, жарнама бар деп сіздерге келдік. Ал біздің осы тәуелсіздікті қалай қолға келтіру керек? Бұның саяси басшылығы сіздерден болсын. Әскери міндет өтеу бізден болсын, – дедік.

Ақ Үй Соғыс Комитеті:

– Біз істейтін жұмыс көп. Бірақ, сіздер үкімет құрып алып бізге беріңіздер. Біз оны жоғарғы үкімет басшыларына жіберіп бекіткеннен кейін сол үкіметтеріңіз бізбен халықаралық байланыста іс істейтін болады. Үкімет пен арадағы жұмыстар сонда істеледі, – деді.

Біздің үкімет құрылымы жөніндегі ұсыныстарымыз:

1-    Біз Шығыс Түркістан ең жоғарғы өкімет бастығы Оспан деп белгіледік. Үкімет Зұңлыйы Сүлеймен Бектұр, Шығыс Түркістан әскерлерінін ең жогарғы қолбасшысы Сұлубай, Шығыс Түркістан әскери сот бастығы Көксеген Би делінді.

2-    Төрт соғыс генералы деп Қапас батыр, Келес батыр, Нұрғожай батыр, Манат батырды белгілеп бердік. Осы төрт генералға әкімшілік істерін жүргізіп отыратын кеңсе бастықтарына Қидар, Мұқай, Жақсыбай, Әбшат белгіленді.

3-    Қоғам қауіпсіздік басқармасының бастықтары Кәріп зәңгі, Әсен үкірдай, Тескенбай, Ақбай қатарлы төрт адам сайланды.

4-    Ел бастықтарына Тіркеш, Әбдірасұл, Сақсайбай белгіленді. (87)

Оспан батырдың сегіз комиссары

Біз осы кезде орыстар мен монғолдардың 1932 жылы Қожанияз қозғалысында “Шығыс Түркістан” деп жарнама жариялап соңғы кезде алдап соққаны  біздің есімізде тұрды да қондырманын атын “Шын Түркістаны” деп атап бердік.

Барлық істі жүргізетін тоғыз полковник құрастырылды. Оларға біртұтас батыр атағы беріліп қолдарына құжат та ұстатылды.

Олар Оспан батыр, Сүлеймен батыр, Сұлубай батыр, Келес батыр, Кәмел батыр, Нұрғожай батыр, Қапас батыр, Зарыққан батыр, Қуанышбай батыр болып олардың еңбегі тиянақталып атақ беріліп ең жоғарғы үкімет билігін жүргізетін кеңес, комиссарияттың мүшесі делінді. Комиссарият тоғыз адамның үштен екісі болғанда ғана қаулы шығаруға құқықты деп жазылды. Біздің мемлекеттік туымыз Жәнібек туы деп жазылды. Сонау 1745 жылы бұл тудың атын атақты Хан Абылай (яғни Әбілмансұр Хан) “санжақ” деп атаған еді. Сол санжақтың астына топталдық.

Тұңғыш осы тудың астына Оспан мен Сүлейменді қойып басқа жеті полковник “өзіміздің ақырғы демімізге дейін ұлт үшін күресеміз” деп серт бердік. Халық алдында “Түркістан отанымыздың тәуелсіздігі үшін өз өмірімізді арнаймыз”, – деп уәде бердік. “Басымызға қандай ауыр күндер туса да, жауға тізе бүкбейміз, Құдай аты, Құран сөзі”, – деп ақ сарбас қойды сойып қанына қол матырып тудың алдынан мылтықты серте ұстап өттік. Біз ант беру ісі аяқталган соң, ең жоғарғы басшы деп танылған Оспан мен Сүлеймен:

– Отан мен халық алдында адал қызмет істейміз. Ақтық демге дейін осы қызметті жалғастырамыз. Жауға тізе бүкпейміз. Жәнібек туын ұстап бүкіл Шығыс Түркістан тәуелсіздігі жолында арымай, талмай қызмет істейміз, – деп Жәнібек туының алдынан өтіп қанға қолдарын матырды. (88)

Сонымен ұлт-азаттық қозғалыстарын мәңгі-бақи жүргізуге белді бекем байладық. “Бұлт ала, жер шола” солай болса да тәуекел дедік. Ел ала. Өйткені саяси сатқындар еліміздің ішінде аз болып отырған жоқ. Біреу орысшыл, біреу қытайшыл, біреу монғолшыл. “Болашақ алыс, жол бозаң” бізге түріктен иелік етіп келетін көмек жоқ. Бүкіл Кырым, Кавказ, Түркістандағы 40 миллион түрік тектес халықтар өз алдына қаңғып кетті. Олардың ішінен осынау ұзақ тарих бір саяси қайраткер туғызып бере алмады. Бұл шерміштердің орыстың жемі болып қайта келіп өзіңді алатын болды.

Өз жөнімізден алғанда, қолда қорымыз жоқ. Қару-жарағымыз да аз. Қытайдан тартып алып, келіп беріп кетіп жүрген қаруларымыз бар. Осы замандық соғыс қару жарағымыз да жоқ. Өз арамызда ғылыми жұмыс жүргізетін сауатты адамдар да жоқ. Осы замандық тәртіпті қарулы армиямыз да жоқ. Біздің армиямыз халықтың өзін ру-руға бөліп тізімдеп қойған адамдар ғана. Азығы да, соғысқа мінетін аттары да жеке адамның өзінде.

Коминтерннің бізге қолдауы

Олар, бір тұлып арпа талқанын алып бір ай, екі ай су ішіп кете береді. Қытай жүретін соғыс жолдарын ру-рулардың өзіне бөліп бердік. Тоғыз полковниктің әскерлерді түгелдей өз туысынан, өз руынан, өз елінен құралды. Осындай ұйымдастыру программалық әрекеттерімізді жазып-сызып, “Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитетіне” ұсындық.

Жазған хатымыздың соңында “ақиқатты оқпен өлшейміз” деп жазып қол қойдық. Жағдай бізді орыс пен монғолға сүйенуге мәжбүрледі. Ентернат жіберген жеті профессордың сөзіне қатты иландық.

Біз 1942 жылы 20 қараша күнгі жарнама, 1943 жылы 6 қаңтар күнгі тоқтамға қол қойсақ та сенім байламадық. Ақ Үй Соғыс Комитеті біздің Қытай Түркістаны деген сөзімізге қосылмады. Оны Шығыс Түркістан деп өзгертті. Біз олардан қауіптеніп Қытай мемлекетіне қарасты Түркістан болсақ тәуір болар деп ойлаушы едік. Өйткені орыстардың бұрынғы ондай саяси жарнамаларының барлығының соңы (89) реніш, біртүрлі қайғылы етіп жын ойнатып уақыт күтіп отырғанын болжайтынбыз. Бірақ, сол кездегі халықаралық жағдайда бізге пана болатын басқа мүмкіндік табылмай қалды.

Орыстар Коминтерн жарнамасын Мажұң қозғалысына дайындап жариялаған еді. Мақсатына жеткеннен кейін, атап айтқанда шаян бақаны мініп көлден өтіп алған соң, Шың Сысайды пайдаға жаратып алып Қожаниязды қайтып Шың Сысайдың қолымен өлтіртті. Осы барыстарды біз ол кезде түсінетін едік.

1943 жылдағы тоқтамдар болып кетті. 1943 жылы 6 желтоқсанда Ақ Үй Соғыс Комитеті (әсілінде Шығыс Түркістан Бұлғын-Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитеті) құрылғанда келген адамдар саяси профессор Қасен (Кенесарының төртінші немересі) тарих профессоры Нұрмұхамет, соғыс профессоры Құрмаш, жағрапия профессоры Дүйсебай, сымсыз телеграмма профессоры Алтын Бұлақ Махмұт, ұйымдастыру профессоры Жағпар, атқыштар профессоры Әлихан қатарлы жеті адам еді. Кейіннен олар 28 адамға барып жетті. Алпысбай полковник, Қалқабай полковник, Темірхан полковник, Доскенов полковник, Қаби полковник, Әбділда полковник, Әнуар полковник, Әбдірахман полковник, Есенбай полковник қатарлы адамдар бірінің артынан бірі келіп жатты.[59] Олардың сыртында Богдонов, Мәжік атты екі генерал сыртқы жұмыстарға басшылық жасады.[60]

Осы реткі Ақ Үй Соғыс Комитеті (Бұдан соңгы жазуларда қысқартып осылай жазамыз) 1943 жылы 6 желтоқсанға дейін, яғни көшіп келуіне дейін басынан бір барысты өткізді. 1940 жылғы және 1941 жылғы қозғалыстардағы қимылдарды қоспағанның өзінде, комитетіміз негізінде 1942 жылы сәуір айынан бастап әрекеттенген еді. Басқа сөзбен айтқанда, ол комитет өз басынан бір жыл сегіз айлық барысты өткізіп барып осы дәрежеге жеткен еді. 1940 жылы Есімхан, Ырысхан соғысы бандит Шың Сысайды бір танытқан еді.

Ырысхан мен Шу Силиң тоқтамына қол қойылған болса да, бандит Шың Сысай ата бабасының (90) ескі тәсілін қолданып қазақтарды қайтадан жөнге салып аламын деп ойлады. Қытайлар дүние бойынша өзін саясатшы санайды. Бірақ қытайдың саясатшылары үш мың жылдан бері өз елін өнеркәсіпті елге айналдыра білмеді. Оның саясатшылығы Қытайда көрші болып отырған аз ғана монғол, аз ғана мұсылмандарға өтіп жүр. Басқа дүние жүзінің ешқандай жерінде саясатын кәдеге асырып көрген жоқ. Сонау ғұн түрік тарихынан, Яушылар тарихынан, Үйсін тарихынан, Көктүрік тарихынан, Қараханилар тарихынан, Кидан тарихынан, Шыңғыс тарихынан, Темір тарихынан алып айтқанда, қыз беріп түрік нәсілділерді біріне бірін айдап салып жоғалтып келе жатқан тәсілін қазіргі қытай саяси алаяқтары да өздеріне дұрыс тәсіл деп алып келе жатыр. Бүгінгі түрік, бүгінгі Түркістанның қырық миллион ұрпағы оны әбден түсініп отыр. Ырысхан төңкерісі кезінде, орыстар, монғолдар, бандит Шың Сысайдан қол үзе қоймаған еді. Сондықтан үшеуі бірлесіп Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы бүкіл қазақты қоныс береміз деп алдап Бұлғын жазығына апарып қырып салды. Оның үстіне 2.400 бала бесігімен өртеніп кеткен еді.

Ал 1941 жылғы қозғалыстарда орыс пен Шың Сысай арасында айрылысу себептері туа бастағанда Алтай орыс Консулының орынбасары қазақ азаматы Баймурзин жасырын Бұқатты, Бұқат арқылы Қалелді әрекеттендірді. Олардың қолына берген жарнама жоқ. Тоқтам жоқ. Қару-жарақ жоқ. Қолтықтарына су бүркіп отқа итеріп жіберіп Шың Сысайды құқайлап тұрып қайта қолына түсірмекші болып еді. Бұқат пен Қалел үйде жатып базар іздеп еді. Бұл базарды олар кәдеге жарата алмады. Алдымен Қарақас елі Қытайға адам жіберіп өздері бағынып кетті. Алдыңғы Ырысхан тоқтамынан айрылып қалды.

1942 жылы қыркүйектің басында бандит Шың Сысай Ресейден қолын үзгендігін жариялағаннан кейін 1942 жылы 20 қарашада орыстар Коминтернның тонын жамылып оның атынан “Шығыс Түркістан (91) тәуелсіз Халық Республикасы” деп жарнама жариялауға мәжбүр болды. 1942 жылы мамыр айының басында Коминтерннен Куйшев келіп Алтайдың бас консулы Красилников, оның орынбасары қазақ азаматы Баймурзин, Алтай қаласындағы қазақтардың белгілі адамдарынан ұйым құрып адам тәрбиеледі. Кейін осы ұйымдағы адамнан 1942 жылы 10 қыркүйек күні Дәлелхан Сүгірбайұлын Баймурзин алып кетіп Ресейде тәрбиелеп 1944 жылы шілде айында “Ақ Үй Соғыс Комитетіне” әкеліп берген болатын.

Біздің ІІІ- қозғалысымыз, яғни 1943 жылы 6 желтоқсанда Ақ Үй Соғыс Комитетіне осындай барыстарды басынан өткізіп келген еді. Оқырмандардың бұл істің тарихын түсінуі үшін кейбір тарихи барыстарды әдейі естеріңізге жол жөнекей болса да сала кетейін. Сонда ғана құбылыстардан өтіп мәнді түсінуге, сөйтіп қозғалысымыздың мән мағынасын ғылымдандыруға болады деп үміт етемін.

1942 жылдарда Оспан аз адаммен қашып жүргенде, Коминтерннен талай адам барса да 1940 жылғы Бұлғындағы қырғынның қоламтасы суымаған еді. Және 1940-1941 жылдарда болып өткен шайқастардың бәрі де орыстың, монғолдың, Шың Сысайдың үш жақтан бірдей бірлесіп істеген жұмыстарының салдары еді. Сондықтан үш қолды саяси ұрылардың түпкі мақсаты бір деп қарағандықтан Оспан тобы көп реткі кеңестерге сенбестікпен қарады.

“Жетім қозы тас бауыр, түңілер де оттығар”, деп тұрған едік. 1942 жылы қыркүйекте Шың Сысай Ресейден айрылғандығын жариялады. Оның үстіне орыс-герман соғысы шарықтау шегіне жеткен еді. Монғол-жапон соғысы да ең жоғарғы шегіне келді. Ресейдің көп жерін немістер тартып алды. Орыстар шегініп келе жатыр. Орыстардың өміріне ауыр қауіп төнгенде, “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялап, біз де осы орайдан пайдаланып қалуды мақұл көріп жарнаманы тапсырып алып тоқтамдарға қол қойып, ел болып кетуді ойладық. Оспан тобы да сол кездегі (92) жағдайды пайдаланбақ болды. Бандит Шың Сысайдың Ресейден қол үзген күні, біздің Ресей мен Монғолияны қайта тауып Коминтернты қабылдаған күніміз болып шыға келді.

1942 жылы 1 қыркүйекте Шың Сысайдың Сан Мын Жұйды қабылдап Ресейге қарсы жасаған баяндамасы үгіт қағаз ретінде бізге жетіп келді. Шың Сысайдың бұл шарасымен, біз бен тағы да келісім жасауға болар ма? екен деп у тастап қойды. Қан ішіп үйренген әккі Шың Сысайдың мінез-құлқын бұл баяндамасының өзгерте алмайтындығын түсінген едік. Есіктен Жын Шурын атты қасқырды қуып шығып шаңырақтан түсіріп алған Шың Сысай атты жолбарысқа қайта оралуды қажетсіз деп таптық. Шың Сысайдың осы үгітін үгіттеген шпион Мағауия залыңды Оспан атқызып тастады.

Ресейден келген профессорлар бізге кезек-кезек дәріс өтті. Ең әуелі ел билеудің әдіс амалдарын оқытты. Онан соң соғыс жүргізудің саяси тәсілдерін оқытты. Және сол кездегі халықаралық жақтағы орыс-герман соғысын, жапон-монғол соғысын, Қытайдың ішінде болып жатқан соғыстарды түсіндіріп отырды. Сымсыз телефон әкеліп, теледидар әкеліп орнатты. Оларды қорғайтын әскери қорғаныс күштері келіп түсті. Бізге интернационалды үйретті. Оның халықаралық ұйымдық үлкен күш екенін, оған дүние жүзіндегі елдерден 80 неше ұйым бағынатындығын ұқтырды. Ал Коминтернді халықаралық жақта езілген ұлттардың өзін-өзі билеу, яғни тәуелсіздік құқығын алып беретін ұйым деп түсіндірді. Орыстар:

– 1932 жыл 5 сәуірде Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп жариялап Қожанияз танылған болса да, оның соңғы кезде Шың Сысайдың қолына өтіп кетуі сол кездегі саясат белгілеуші адамдардың қателігі. Оның барлығын жарнамаға да, Коминтернге де артпаймыз. Ал, 1942 жылы 20 қарашада Коминтерн тағы да “Шығыс Түркістан тәуелсіз Халық Республикасы” деп жарнама жариялады. Бұл сіздер үшін үлкен бақыт. Осы ғасыр ішінде сіздерге келген үлкен орай. Осы орайды мықты ұстау керек. Шығыс Түркістан өлкесі (93) осы орайдан пайдаланып өз алдына ту тігіп ел болып кетуі керек. Қазір Коминтерн осы жұмысты Монғолия өкілдігі арқылы жүргізеді. Монғолия атынан халықаралық жәрдем беріледі, – деп үйретті.

Біздің жазып берген үкімет құрылымымызды зерттеп көргеннен кейін біздің жазба мәліметтерімізді қайта өзгертіп ғылымиландырып қайта жазып шықты. Біздің негізгі пікірімізді

– “Шын Түркістаны” болса, – деп ортаға қойған едік. Олар “Шын” деген сөзге қосылмады.

– Коминтерн сіздерді “Шығыс Түркістан Халық Республикасы” деп жариялап отыр. Осы есім сіздерге баянды болады, – деп үйретті.

Ең жоғарғы құқықты органға “Шығыс Түркістан Бұлғын-Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитеті” деп ат қойды. Оны төменде “Ақ Үй Соғыс Комитеті” деп қысқартып айтамыз.

Республика бастығы Оспан Исламұлы,

Үкімет бастығы Сүлеймен Бектұрұлы,

Ең жоғарғы әскери қолбасшы Сұлубай батыр,

Ең жоғарғы әскери сот бастығы Көксеген Би деп белгіленді.

Ақ Үй Соғыс Комитеті бізге:

– Барлық Шынжаңда жүргізілетін Түркістан қозғалысына бірақ жерден басшылық жүргізіледі. Басшылық бір орында болса да, соғыс жер-жерде жүргізіледі. Соғыс Алтайдан, Тарбағатайдан, Іледен бірдей қозғалу керек. Ал Алтай жөнінен алғанда Шығыс Бұлғыннан да, Батыс Жеменей, Қаба ауданынан да соғысты қозғау керек. Қалаларды қоршау, жолдарды кесу, қаша соғысу, өкшелей соғысу төрт жақтан қоршап жою, бөліп-бөліп әкетіп жауды жою торғай соғыстарын жүргізу керек. Өйткені сіздер үшін барлық жақта партизан соғысының осы әдістерін жүргізу тиімді. Сіздер 1940-1941 жылдардағы соғыстардың бәрін осы тәсілмен жүргізіп келдіңіздер, – деп осы тәжірибені еске салды.

Тарихтағы қозғалыстардың барлығы Алтайдан басталып келеді. Тарих бүкіл түрік тайпаларының барлығының дүние жүзіне осы Алтайдан тарағанын көрсетеді. Алтай бүкіл дүние халқына таныс орын. Алтай бүкіл 23 түрік тайпасының атамекені, ана жұрты, ұлы мекені. (94) Ал таяудағы тарихтардан алып айтсақ тағы да барлық қозғалыстар Алтайдан басталып отыр. Соларды еске алатын болсақ, Асылбек қозғалысы, Жарқынбай қозғалысы, Ызғұтты қозғалысы, Далай қозғалысы, Бөке батыр қозғалысы, Көбен батыр қозғалысы, Шөмшекбай қозғалысы, Шөмішбай қозғалысы, Жантайлақ қозғалысы, Зуқа қозғалысы, Әліп батыр қозғалысы. Бұлардың барлығы Алтайдан туған. Дөрбітқан қозғалысы, Қылаң Қиюбай қозғалыстары да осы қозғалыстармен ұштасып жатқан еді.

– Осы қозғалыстардың ең соңғы қортындысын сіздердің орындауларыңызға тарих жүктеп отыр, – деп бізді онан арман шабыттандырып жіберді.

– “Ерікті Алтай” бүкіл Түркістан қозғалысының жаршысы болуға лайықты, – деп қортындылады. Ақ Үй Соғыс Комитеті өзінің қарауында үш соғыс комитетін белгіледі.

1-    Алтай Соғыс Комитеті

2-    Тарбағатай Соғыс Комитеті

3-    Іле Соғыс Комитеті.

Оның сыртында Алтай Соғыс Комитетінің қарауында Жеменей соғыс комитеті ойымдастырылды. Алтай соғыс комитетінің бастығына Әлихан полковник, орынбасарына кейіннен Дәлелхан Сүгірбайұлын әкеп берді. Жеменей Соғыс Комитетінің бастығына Әліпбай полковник, орынбасары Рамазан залың болып белгіленді.

Тарбағатай Соғыс Комитетінің бастығына Әбдірахман полковник, орынбасарына Қалибек үкірдай белгіленді.

Іле Соғыс Комитетінің бастығына Әкбар батыр, орынбасарына Патих, Саяси комиссары Әнуар полковник тағайындалды. Оспан саяси қолбасшы деп Әлиханды бекіттірді. Оспан күш салып өзінің өкілдігінде дербес жұмыс істеп тұруы үшін Әлиханға арнаулы құқық ажыратып берді. Әлихан жөнінде Ресейден келген адамдар арасында талас болды.

– Әлихан біріншіден діни адам, екіншіден Ресейден қашып келген адам. Тілекке сай жұмыс істей алмас па екен? – десе де, Оспан ол пікірлердің барлығын кері қақты. (95) Оспан:

– Әлихан оқымысты адам, өмір көрген адам, оның үстіне халық беделдісі. Қозғалысымыз Әлиханға сүйену керек, – деп ортаға қойды.

Сонымен Оспан пікірі бойынша бұл қарар алынып Ақ Үш Соғыс Комитеті арқылы Коминтерн өкілдігіндегі Чойбалсанның бекітуіне жіберіліп берілді. Оспан мен Әлихан хат алысып тұрды. Чойбалсан біздің ұйымдастыру жоспарымызды бекітіп Монғолияның 6 қарауылында жатып осы істерге көмек беруге Генерал Мәжікті әкеліп орналастырды. Әлихан 1942 жылдың екінші жарымында Оспан тобымен таныстырылған болатын.

Чойбалсан мен Оспанның кездесуі

Біздің құрылысымыз реттеліп болғаннан кейін Коминтерн өкілдік міндетін өз үстіне алып Оспан мен амандасуға сыртқы Монғолия Халық Республикасының І. Секретары Маршал Чойбалсан 1944 жылы 28 ақпанда айырпланмен “Шығыс Түркістан Бұлғын-Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетіне” келді.[61] Біз бүкіл Оспанның тоғыз полкі мен адамдары шығып қарсы алдық.[62] Чойбалсан жанында бір қанша басшы кәдірлері, 30-дан астам қорғаушы күші[63], Авиация генералы атақты батыр, қазақ азаматы Жайсановпен бірге келді.[64] Москваның өкілі ретінде арнайы генерал Богдонов келді. Алдымен 6 жастапқа түскен тоғыз комиссармен ел адамдарынан, Жақсыбай, Кәріп, Сақсайбай Әбдірасұл, Кидар барды. Чойбалсан Оспанға көк қасқа тай әкеліп бата қылғызып соны сойды. Қойлар сойылды. Қонақасылар берілді. Ас үстінде Чойбалсан мінбеге шығып микрофон алдында сөз сөйледі:

– Шығыс Түркістан қозғалысындағы барлық жолдастар, республика жоғарғы қолбасшысы Оспан жолдасқа, барлықтарыңыздың деңдеріңізге саулық, істеріңізге табыс тілеймін. Киіз туырдықты монғол-қазақ баласы едік. Тарихта екі ел кейде жақсы, кейде жаман өткен (96) болсақ та, ата бабаның өз заманында болып өткен бұраңдылықтарына бүгінгі жасап отырған біздер жауап бермейміз. Сонымен қатар Орта Азияны айналып, сенделіп көшіп жүрген ел едік. Коминтерннің зор көмегімен бүгінгі күнде қатардағы іргелі бір мемлекет болып отырмыз. Өзіміздің де басып өткен жолдарымызда бұрандылық көп болды. Кей кездерде біздің де сіздің халықтарды ренжітіп қойған жерлеріміз болды. Бұған өз кезіндегі халықаралық уақиғалар үлкен әсер еткен еді. Бәрінен бұрын айналадағы көп көршілердің ішінде ең алдымен Шығыс Түркістанның ел болып кетуін ойласақ та жағдай бізге жар бермей келді. Осындай тарихи себептер сіздің халықтарды біздің халықтарымызға сенбейтін жағдайға түсірді. Тіпті монғолдар бізге дұшпан дейтін көзқарасқа иландырып келген еді. 1940 жылы Есімхан – Ырысхан қозғалысына үкіметіміз ауыр қателіктер өткізіп алды. 1942 жылы 20 қарашада халықаралық Коминтерн “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жарнама шығарған еді. Бірақ сіздің адамдарыңыз көпке дейін сенбестік істеп келді. Сол жарнамаға сай екі ел арасында жасалған тоқтамға да күмәнді қарап көпке дейін қолдар қойылмады. Осы уақиғаның артқа созылуын өкіметіміз өз үстіне алады. Сіздерге осы реттегі халық жағдайын айту үшін өкіл жіберместен халықарадағы ентернаттың тапсыруы бойынша мен өзім келдім. Сіздерді сендіру, яғни сенім байлау, қозғалысты ақырғы демге дейін жеткізудің негізі екі жақтың, яғни екі елдің ең әуелі бір-біріне сенуі басты шарт болып отыр. Мен 1943 жылы 6 қаңтарда Түркістан тоқтамын түздіріп Мәскеуге барып үш ай жатып бекіттірдім. 1943 жылы 6 қаңтардан бастап Мәскеудегі қару-жарақ жасайтын завотта сіздерге арнап кек қарауыл Сарбел бесатардан он мың мылтық заказ еткізіп келдім.[65] Өткендегі қателіктерді қайталамау үшін сіздермен тіке жұмыс істеуге генерал Мәжік жолдас, Генерал Жайсанов жолдас жауапты болады. Коминтерн өкілдігінен Богданов жолдастар да бұл істі әр уақыт көріп тексеріп отырады, – деді. (97) Сөзін одан әрі жалғастырды:

– Богданов жолдас Мәскеуден келді. Сіздерді өз көзімен көргелі келді. Коминтерн 1943 жылы 6 қаңтардағы тоқтам бойынша, бүкіл Шығыс Түркістан азат болғанша соғыс қару-жарағын тегін береді. Елдеріңіз біртұтас азат болғанша, монғол-түрік есебінде сауда жүргізіліп шикі заттарыңыз өткеріліп қарымтасына тауарлар беріледі. Ресейдің бір сом эмпырт ақшасы сіздердін уақытша өкіметтің 9 сомына тураланады. Бұл тоқтамдарды Ресей жағы бекітті. Ақ Үй Соғыс Комитетіндегі профессорлар оны дайындайтын болады. Оны істеу барысында арнаулы адамдардан пайдаланылатын болады. Осы орайдан мықты ұстауларыңызды үміт етемін. Осы орайдан пайдалану керек. Осы қоғамдық бұзылыс сіздерге келген тамаша орай. Шығыс Түркістан халқы жасасын! Шығыс Түркістан Халық Республикасы жасасын! – деп сөзін тоқтатты.

Ол өзінің сәлемдемеге 1.000 кек қарауыл сарыбел бесатар, 150 елу атар пулемет, 8 зеңбірек, 25 максимом пулемет (250 атар) әкелгенін[66], Оспанға Мәскеудің бір пабида және бір алтын орден беретінін, – айтты. Оспан:

– Біз қазір тау райондарында соғыста жүрміз. Машинаны істете алмаймыз, – деп рахмет айтты. Қалған мылтықтарды генерал Мәжік арқылы ала беруді тапсырды.

Генерал Жайсанов[67] авиация ойындарын көрсетті. Айырплан аспанға барып алып, аунай отырып жерге келіп қонады екен. Оның үстіне оны ұшырған қазақ болғандығынан ба, әйтеуір екі езуіміз жыртылғанша күлістік.[68]

Тоғыз комиссарға тоғыз автомат, оның құндағына тоғыз адамның атын жазыпты. Және барлығында Шығыс Түркістан рет нөмірі жазылған. Оспанның автоматының құндағын оюлап алтын жалатып, өзгеше тамаша етіп жасапты. Тоғыз комиссарға тоғыз наған, тоғыз кек қарауыл бесатар, тоғыз маузер, тоғыз дүрбі әкеліп берді. Ертеңінде Кәри, Қидар, Жақсыбай, Әбдірасұл басшылығында 120 түйе жіберіп,[69] Бұлғын Сартұмсықтағы орта мектептен қару жарақтарды, бұл – шайларды, оқтарды үш рет (98) жүріп әкеліп алды. Оқтың өзі мың жәшіктен асып кетті.

Бір жұмадан кейін Бұлғын жазығына 30 үй тігіп, Чойбалсанды, Богдановты, Мәжік генералды шақырып той жасадық. 200 әскермен Мәжік келді. Ат ойын, балуан түсу, айтыс, қызқуар, көкпар тарту ойындары қызу болды. [70]

Тоғыз жорға ат, тоғыз кілем, әр жорғаның мойнына екіден орман түлкі іліп Чойбалсан ғана сыйлық берді. Кешінде Чойбалсан қайтып кетті. Ертеңінде Монғолия әуе майданы Ығрада Жайсановтың айырплан ойынын тағы да көрдік. Жайсанов ұшып шығып домалап келіп, соншалық еппен жерге қонып жатты.

Монғолияның кӨмегімен жауға соққы

Чойбалсан кеткеннен бір күннен кейін Сұлубай 100 адаммен Дөңтідегі Лу Зыкұй армиясын көріп келуге кетті. Сұлубай соғыс жерлерін тексеріп, 300 ат тартып алып қайтып келді. Екінші рет генерал Мәжік басшылығында Дөңті армиясын бір-ақ жоюды жоспарладық. Бұл армия ұзақтан бері келіп жатқандықтан жер астына түсіп кеткен еді. Мылтықпен айдап шығу қиын болғандықтан, бір рет авиация күшін беруді талап етіп едік. Мәжік генерал Чойбалсанға бекіттіріп алып келді. Мәжік бізге мынаны айтты:

– Тегінде Қытай елі екі рет біздің шекарамызға өтіп бомбалаған еді. Сондықтан екі рет бомбалауға ғана ақымыз бар. Одан асып кетсе, онда Қытай бізге соғыс жариялап қояды, – деді.[71]

Генерал Сұлубаймен екі рет бомбалауға келісім жасады. Мәжік белгі берді:

– Самолет біздікі болса, бірінші рет сары оқ, екінші рет жасыл оқ, үшінші рет қызыл оқ атылады, – деді.

Бір жұмадан кейін 400 адам аттандық. Жүз адамды ауыл қорғанысына тастап кеттік. Ол кезде біздің Маралты тауында қарауылымыз бар еді. Онда Қапас батыр, Сайтанкөз[72], Биғажылар бар болатын. Сыртқы жауапкершілігін әккі Қуанышбай білетін. Екі күн жол жүріп Лу зықұйды қоршадық. Қос арал төбесіне Кәмел батыр, Қапас батыр, Көк Адыр қарауылына 30 адам мен Шыбарайғыр Қапас батыр қойылды. 30 адам мен Жақсыбайды Шіңгіл өзен жолын бағуға тастадық. (99)

Мен Сартоғай жағындағы Шоқы қарауылына шықтым. Сұлубай полкімен маған қараған әскерлер түгел келіп еді. Таңға бірер сағат қалғанда ілгерілеп отырып дұшпан қарауылының жанына таяу келдік. Қардың тықырымен акопта жатқан Қытай біліп қойды да оқ атты. Біз дайындалып келгендіктен окоптан айдап шығу үшін гранат лақтырдық. Бір сағатқа жетпей окоптың тас-талқаны шығып, қытай қырыла бастады. Қытай окопты тастап қаша жөнелді. Төбені тартып алып, оның орта беліне дейін Қытайды еңкейте қуып тастадық. Бұл кезде соғыс жан-жақтан бірдей басталды. Сағат 9-да Үрімжі жақтан екі айырплан келіп еді. Ол біздің үстімізге келмей өте жоғарылап ұшып тайсап кетті. Ол кезде бізде айырплан ататын мылтық бар еді. Айырплан Шіңгіл ауданына қарап тайсап кетті. Енді бір сәтте бізге көмекке Коминтернден 13 айырплан Көк Адыр Өкпені кесіп, Күміс құйғаннан асып, бағанағы екі айырплан асқан жолмен асып, оңтүстік жақтан Армантыны бауырлап келіп, бір сағаттай ғана Лузықұйды бомбалады.[73]

Қытайдың бес жол қазған жеті мың әскері жатқан бұл окоп бір сағатқа әрең шыдады. Жер астынан жау әскері қашып Сартоғайға қарай еңкейді. Қарауылдың барлығын біз тартып алдық. Үш күн қанды соғыс болды. Қытай ең ақырда, атап айтқанда төртінші күні түнде қашты. Коминтерн самолеті алдыңғы жолғы генерал Сұлубай келісімі бойынша екінші рет тағы келіп бомбалады. Олар бағытынан адасып алдыңғы бомбалаған окоптарды қайта бомбалады. Сондықтан оның нәтижесі онша жақсы болмады. Өйткені, бұл уақыттарда окоп иең қалған еді. Қытай окоптан шығып кеткендіктен екінші бомбалар зая кетті. Сұлубай екеуміз жүздей адам Дөңті жолына келдік. Махмұт біздің ішімізде болып, Оспан және Мәжікпен сымсыз телефон арқылы сөйлесіп болған ахуалды баян қылдық.

– Қытай қашты, қуа соғыссақ, – деп едік.

– Қашқан жауды қумай қайтып келіңдер, – деп бұйрық берді. Сұлубай мен Жақсыбай осы өңірде туып өскен адамдар еді. Жердің сырын жақсы білетін. Дөңтіден асатын жер өте қысаң еді. Олар:

– Сол (100) екі төбені алсақ тар жерден жауды жамсатып, енді қайтып келмейтіндей қыламыз, – деді.

Сұлубай батырдың шӘйіт болуы

Сонымен жүз адам екі төбені барып алдық. Сұлубай екеуміз Сартоғай жақтағы төбені барып қолға түсірдік. Жақсыбай, Шыбарайғыр Қапас, Зарыққан басшылығында әскерлер Ұтыбұлақ жағындағы төбені алды. Бір сағаттан соң жау әскерлері құлдап біздің үстімізге жетіп келді. Жер қар еді. Жау қарақұрым болып келе жатты. Алдарынан төрт пулеметті бірдей сақылдатып қойдық. Үш сағат аттық. Отыбұлақ жағындағы төбені қытай өлгеніне қарамай басып шаншып өтіп кетті. Ол төбедегі біздің әскерлерден, ішінде Боранбай бастық бар, жеті адам шәйіт болды. Біз жақтағы төбенің қарауылында жау өліктерінен атты адам жүре алмады. Жерге жарық түсе, жау өлгеніне қарамай алға ілгеріледі. Өйткені оларға ажал таяп тұрды. Біз де бұл төбені босатып, Сартоғай жақтағы адырға шегіндік. Осы қарауылға келген соң Сұлубай батыр осы төбенің астында бір қысаң бар еді. Сол жерден бір тосып қалайын деп 13 адамды алып кетіп қалды. Жанында менің інім Кәбіл бар еді. Бір сағат өтпей Кәбіл жылап қайта шауып келді.

– Сұлубай оққа ұшып кетті, – деді.

Мен де шауып барсам, жау оғы маңдайынан тиген екен. Тілсіз сұлық жатыр екен. Дереу Оспан мен Мәжікке телефон бердік.

– Әскерге шегін, – деп бұйрық бердім. Біз де жиналдық. Қытай әскері де жиналып, Сартоғайға түсіп кетті.

Бұл соғыста Кәмел батыр Көк Адыр шайқасында асқан ерлік істеді. Бір төбенің бауырында қытайлар окоп жасап алып төңкерісшілерді пулемет күшімен жүргізбеді. Жер окоп еді. Кәмел жеңіл киініп, көк аяқ атқа мініп, мауазерді сақылдатып қойып, “Жәнібек” деп ұран салып, окоптағы қытайды пулеметімен арғы қабаққа алып шығып кетті. Кәмелді жаратқан Құдайымның құйып тұрған пулемет оғынан қалай қорғағандығын адамдардың ауызша айтып екінің біріне түсіндіруі мүмкін емес еді. Біз оны көзбен көрдік. Сұлубай өлген соң Кәмел батыр Шығыс Түркістан армиясының ең жоғарғы бастығы болып белгіленді.

Біз Сұлубайды орап алып кетуге дайын болып жатқанымызда екі адаммен жылап еңіреп Кәрет келді.

– Шіңгіл ауданы көшті. Бүкіл елді айдады. Құтқарып қалу керек пе, жоқ па? (101) Елді Шонжыға апармақ. Қазір Тақырбастауға келіп қондық, – деді.

Оны қойып тұрып Сұлубайды машинаға салып, бір күн жарым түнде арқа сапқа жеткіздік. Мәскеуден айырпланмен доктор келіп, дереу тексеріп көріп

– Адам болмайды. Миы ағып кетіпті, – деді.

Сұлубай ертеңінде қайтыс болды. Ол “Біз қазақ малды баққан момын едік, соғысты бұрын көріп жатылмаған” деп қарауылға шыққанда мауазерді қолына жұлып алушы еді. Аса мерген, аса жүректі, Оспанға оқ тигенде жауды қойша қырып көтеріп алып шыққан ерекше күштің иесі болған ер Сұлубай Шығыс Түркістанның ең жоғарғы соғыс Генералы атағына ие болды. Ол “Қайқая шапқан қарагер, қайрылар ма екен қайран ел” деп ұлты үшін шыбын жанын құрбан етті. Мұса мергеннің өлуі, Сүлеймен батырдың өлуі, Сұлубай батырдың өлуі соңғы тарихта біз үшін орны толмайтын ауыр қазалар болды.

Қош Мұса мерген!

Қош Сүлеймен!

Қош Сұлубай!

Қош Бүркітбай!

Алға – алға – алға – алға. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы Сұлубайдың сүйегін Бұлғын қалпағындағы менің әкемнің жанына жерледік. Ол жерге соғыста өлген көптеген шәйіттерді әкеліп жерлеген еді. Сұлубай өлді. Асқар таудан айрылдық. Бүкіл армия Сұлубайға аза білдірді. Сұлубайдың табыты алдында ант беріп, ұлт-азаттық қозғалысын мәңгі бақи жүргізуге серт бердік. Сол күні семьясына естірттік.

Жарқылдап рагит жайды айдар

Жалынды оттың өртіне

Ол жүрген жоқ бақ іздеп

Қашпады бақтан бойды ұрлап

Міне осындай ер еді. (102)

ШіҢгілге жорық

Соғыс Комитеті Шіңгіл елін айырып қашуға бұйрық берді.

– Кім барады? – дегенде,

– Мен барамын, – деген адамнан елу адам таңдап алынып елу қосар атпен жіберілді. Елу батыр, елу қосар атпен елді қуып, Қарамайлының Тақырбастау деген жеріне жетіп елді қайырып алдық. Бұл жер көп судың астынғы жағы еді. Онда Қамысты бастау дейтін тағы бір су бар еді. Ол уақытта Сартоғай Келеңсай аузында жау армиясы жатқандықтан, біз Нармантының шығыс жағындағы кенеремен жүрдік. Қуып жетіп Шіңгіл шәнін барлық әскерімен өлтіріп, елді қайта айдадық. Шәннің аударушысы Жанымхан қарсыласқандықтан оны да атып тастадық. Біз оған қолындағы шән діяласын тапсыруды талап етіп едік. Ол діяланы бермеді. Елді көшіріп отырып Қарасу қайырымынан асырып, Баянбай Қызыл Шілікке әкеп орналастырдық. Келген ел Құл мен Халықбай Шақабай елі еді.

Біз Лузықұйды қуғанда оның тірі қалғаны Сартоғай-Келең сайының аузына жиналып сонда жатыр еді. Ол жерде ол жауды қоршап тұрып елді өткізіп кеттік. Ел ішінде Нәзір, Ләтіп, Жылқыайдар бар еді. Және Көксеген, Уатқан, Қайымғазы бар еді.

Елді айдап келіп Нәзірдің үйіне қондым. Қапас пен Тоқтыбай Молқыларға қонбай, бөлек жатып алды. Олар:

– Көксеген, Уатқан, Жылқыайдарды Оспанға байлап апарамыз. Бұлар туыс тұрып бізге қосылмады. Жауды қамдап отыр, – деп соқты.

Уақиғаны Нәзір маған айтқандықтан

– Біз сіздерді туыс деп жаудан айырып қалдық. Және ауданды босатып алдық. Олармен сөйлесейік, – деп мойнымдағы маузерді Нәзірдің мойнына салдым.

Ертеңінде Баянбайдікіне және бір апайымыздың үйіне барып амандық білдіріп құран оқыдым. Ол үй тай сойды. Қонақасыға Қапас бен Тоқтыбай да келді. Қапасқа “Біз бұл елді туыс деп жаудан айырып қалдық. Ел бастықтары өз еркімен Оспанға барып амандассын. Оспан қамай ма, қоя бере ме? Өзі білсін. Олардың қорытындысын Оспан мен Мәжік өзі шығарсын”, деп едім. Олар да бұл пікірге мақұл болды.

Сол екі арада Ақ Үй Соғыс Комитеті бізге “қайтып келсін” деген бұйрық жіберіпті. Нәзір, Ләтіп, Уатқан, Жылқыайдар, Көксеген қатарлы бес адамды алып жүріп кеттік. Оспан Нәзір мен Уатқанды Шіңгіл ауданына (103) әкім және орынбасар әкім етіп белгіледі. Оларға өздеріңді өздерің қорға деп 200 бесатар берді.

– Сонымен бірге үкіметке жыл сайын беретін бажыларың болушы еді. Сол бажыны бізге тапсырып тұрыңдар, – деп тапсырды. Ел бастықтары бұл пікірге мақұл болып разы хоштық пен аттанып кетті.

Осы кездерде бандит Шың Сысай “Қазақ қолына мылтық түссе, бізді оңдыратын емес. Алтай қазағын Үрімжіге жөткеп алу керек.” деп қарар шығарды. Оспан күшін әлсірету үшін Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай қатарлы үш аудан халқын Үрімжі ауданына айдап әкелуге бұйрық берді. Сол жылы Көктоғай Арал елінен Құсайын Солтыкен залыңның елін айдап, Сарсүмбе қаласынан өткізіп жіберді. Бурылтоғай елін де айдап өткізіп жіберді. Аралдағы бір бөлім Қарақас, Ителі, Арал Шақабай және Жігіт Молқы, Қажыбай, Момынбай елдерін бөліп алып, Қу Ертіс алқымында қалып қойды.

Осы жағдайға байланысты Ақ Үйде төңкерісшілер жиын ашып, Сұлубайдың орнына Кәмел батырды белгіледік. Ал Кәмел батырдың орынбасары етіп мені белгіледі (яғни Нұрғожай). Біздің соғыс құрылысымыз жоғарыдағы тоғыз комиссар, яғни тоғыз полковник өз күшін сақтап қалды. Маған 130 адаммен Аралда қалған елді айдап келуге бұйрық берілді. Кәмел батыр, Қапас батыр екеуіне де өз әскерлерімен Сартоғай Келең сайындағы жау армиясын қоршап жатуға бұйрық берілді. Көк енді ғана шығып, мал енді ғана қоздай бастаған еді. Бұл мезгіл, сәуір мен мамырдың арасы еді. Мен жол жүріп, Сарбастау бөктеріне келдім. Менен бұрын Зейнел 15 адаммен Арал елінен жесір тартып алуға Оспаннан рұқсатсыз кеткен еді. Пішайдың қызы Қажақынның келіні болатын. Ол кезде олардың қызды бермегені рас болатын.

Ал екінші жақтан Манат та Оспаннан рұқсатсыз 20 адам алып өзінің жесірі болған Халықтың қызын алып келуге кетеді. Үшінші жақтан Шыбарайғыр Қапас та Оспаннан рұқсатсыз 13 кісі алып ат тауып алу үшін кетіп қалады. Қапастың ерткен әскерлері менің полкімнің адамдары еді. Біз бұл уақиғаны мәлімдегеннен кейін Оспан:

– Оларды түгел ұстап, мылтығын тартып алып, өздерін маған байлап әкел, – деп бұйрық берген еді. (104)

Мен Сарбастауға барғанда қызды тартып әкеле жатқан Зейнел мен Кәшапат кезікті. Олардың мылтығын сыпырып алып Зейнел мен Кәшапатты байлап, бес адаммен Ақ Үйге жібердім. Зейнел байлауын шығарып алып қашып кетті. Кәшапатты мылтығын алып Нұрданға қосып бердім. Олар барған соң Оспан оларды кісендеп тастапты. Қызды Нұрдан зәңгіге тапсырып бердім.

Біз Есенқарада үлкен қара жолды басып өткен көп аттың ізіне жолықтық. Сол жердегі Тасбастауға келгенде алдымыздан 13 адаммен Қапас кезікті. Одан алдымен ел ахуалын сұрадық.

– Ел Итектің басындағы тақыр мен Тұрдыбек бастауына жиналып, Сарсүмбеге көшеміз деп дайындалып жатыр, – деді.

Қапасты алып 20 адаммен қос атпен елге жүріп кеттім. Әскерді Тасбастауға бекіндіріп, Көктоғай жақтан қарауыл ұстауды бұйырдым. Алдымен елдің қойған қарауыл адамдарына кезіктік. Олар менен шүйінші сұрады:

– Келгеніңіз жақсы болды. Ел кеткелі жатыр еді, -деді.

Біреу шақырып ауылына алып келді. Оның арасында ел адамдары қаптап келіп амандасты. Әбдірахман, Рақыш, Тұғылдың Қасені, Шарбақбайдың Мұштәри, Молқыдан Қажбай, Зал зәңгі Боранбайұлы келгенде “Ал қалай көшесіздер?” деп едім.

Оспанға қарай көшеміз, – деді. Қалың ел өрлей көшті. Есенқарамен жүргізіп Тасбастауға әкеліп түсірдік. Кешінде Қасендікі шақырып бір қой сойып, қонақ қылып, тілеу тіледі.

– Есенқараның үлкен жолында қалың аттың ізі бар. Көктоғайға әскер кеткен секілді, – деп едік.

Олар да:

– Екі мың әскер Көктоғайды көшіруге кетті деп естідік, – деді.

Олар жау болғандықтан жол тосуы мүмкін деп екі жаққа қарауыл жіберілді. Шалғыр Құйғанына 30 адаммен Жәмет кетті. Үш Арғылтай құйғанына 30 адаммен Шыбарайғыр Қапас кетті. Таң ата қойдың етін жедік. Шалғыр жақтан мылтық дауысы дамылсыз атыла бастады. Көктоғай жақтан жаудың бізді іздеп келіп, біздің қарауылға кезіккені мәлім болды. Таң ата елді көшірдік. Біз жауға дайындық көруге Балекең Арғылтайының аузына бардық.

Сайды құлдап келе жатқан жаумен уағдаласқандай кезіге кеттік. Жаудың бір бөлімі Ушаға асып түспек еді. Біз оған да жол қоймадық. Ел ат-азық көмегін беріп кетті. Осы жерде табан тіреп үш күн соғыстық. (104а)[74] Адай және Әли Омарұлы қатарлы төрт адам шәйіт болды. Еренхан жаралы болды. Шалғыр қарауылынан бір адам шәйіт болды. Қара жолдан айрылған жау біздің алдымыздан келіп шықты. Үшінші күні ақшамда бізді алмақ үшін жау армиясы зеңбірек күшін барынша іске салды. 16 полкке біз дағы дәл ме дәл қарсы тұрдық. Олар қарауылды ала алмағандықтан бір қуысқа келіп қамалды. Арамызда бір ғана қырат бар еді.

Күн батып, түн көрпесін жамылғанда, бізден 30 адам гранат күшін істетіп басып кірдік. Қалың қытай айсыз қараңғыда бірін бірі өлтірді. Жау қашып, Көк Құдыққа барып тығылды. Таң ата екі айырплан келді. Жерге жақындай алмай әскер үстіне келіп қағаз тастады. Біздің Сартоғайға жіберген қарауылымыз бар еді. Соның ішінен қос атпен Қажы Кәрім келді. Жау жақын қалды. Оспанға телеграмма бердік.

– Бір бөлім жауды қиратып едік. Сартоғайдан үш мың атты әскер келе жатыр. Оны қайтеміз, – дедім.

– Шегініп келіңдер, – деп әмір келді.

Жаудан 400 түйе, 300 сиыр, 350-дей мылтық түсіріп алып, Теректі Арғылтайына шығып кеттік. Жау мылтығы тайпаң екен, көбі керекке келмеді. Жаудан бір адам қашып келді. Ол Жетпісхан Сәтіпұлы екен. Ол ауылда лаушы екен.

– Неге шегіндіңіздер. Қытайлар бағынбақ болып жатыр еді, – деді. Біз оған:

– Біріншіден, оқ азайды. Екіншіден, Сартоғайдан жәрдемге үш мың атты әскер келе жатыр. Бізге хабар келді. Оның үстіне Оспаннан әмір келді, – дедік.

Лаушы болып бізге қашқан Рабайұлы Қамиланды атып тастаған. Қайтып елге келдік. Онан соң Ақ Үй Соғыс Комитетіне қайта оралдық. Менің жанымда телеграмма беріп отыратын Ақ Үй адамдарынан Ахмет бар еді.

Біз аман-есен қайта келгеннен кейін Оспан бізге мынаны айтты:

– Сіздер өте жақсы істедіңіздер. Егер Сартоғайды қоршаған Қапас шегінбеген болса, сіздер ол жауды біртұтас жоятын едіңіздер, – деді. Қапастан 15 адам шәйіт болды деп ұқтырып қойды. Оспан бізге:

– Бұл жолы үш жақсы іс істедіңіздер. Біріншісі, ел аман құтқарылып келді. (104б) Екіншісі, менің бұйрығымды орындап Зейнелдің мылтығын тартып алып, қызды иесіне бердіңіздер. Үшіншісі, жау әскерін мейлінше қырып жойдыңыздар. Бірақ Қапастың табансыздығынан сіздердің нәтижелерің суға кеткендей болды, – деді.

Маған бір дүрбі, бір пистолет сыйлық берді. Осы кезде Оспан ауылы Көк Үйде еді. Біз барғаннан кейін Үш Көлге көшті. Біздің ауыл және Ноғайбай ауылы Темірті жайлауына бардық. Кәмел батыр жаралы болатын. Ақ Үй Соғыс Комитеті Көктоғай қаласын алу үшін 800 адам аттандырды. Уақытша соғыс жұмыстарын басқару үшін Кәмелдің орнына Ләтіп белгіленді. Құрмаш полковник соғыс планын сызып шықты. Барлық әскер ертеңінде жолға шығып, Шалғырға келіп түстік. Екі күн ерулеп әрбір полк атыс ұяларына қарай бөлінді. Қапас әскерлері үлкен көпір жақтағы тұмсықтан Тапаты жағындағы кезеңнен орын алды. Бұл кезеңге қарасты бес қарауыл төбе бар еді. Олардың барлығы да жау қолында болып окоптарын қазып, мықты иеленіп алған болатын.

Оспанның балаларының жаудан қаза табуы

Мен жанымдағы Тоқтыбай, Қиса батырмен бірге жүз адам бірінші төбені алуға міндет алдық. Белқайын Күректі жақтан келетін жолдың аузына Келес, Әубекір әскерлері барып орналасты. Олар екі жүз адам еді. Біз сол күні жауды ықтырып бірінші төбеге жақындадық. Арамызда бір ғана кішкене Қобы сайы бар еді. Біз айналып келіп, сол Қобыға түсіп алдық. Жарым әскерді артқа қалдырып 50 адам ғана іріктеліп келді. Алдынғы сапқа Тоқтыбай, Жәмет, Қиса үшеуі ілгерілеп кетті. Ол күні қар жауып, бүкіл сол маңды тұман басып қалды. Бұл орын жаудың үлкен бекінісі еді. Тұман ашыла окоп түбіне таядық. Жақындап келіп гранат лақтырып, автоматты құйып едік. Екі жүздей жау бар екен. Қопарылып бір-ақ шықты. Жүзден астамы өліп, 50 адамын (105) тірі ұстап алдық. Төбені келіп тартып алдық.

Максимом пулеметті сақылдатып құйып едік. Қашқан әскермен Жәмет, Қиса, Тоқтыбайлармен бірге араласа қудық. Сөйтіп қуғанда болып, қашқанда болып екінші окопқа жау әскерімен бірге келдік. Төбені бермеді. Қиса аяғынан жаралы болды. Алдыңғы барған адамның қолында гранат болмай қалды. Егер гранат болғанда, окоптың тас-талқанын шығарып, төбені алып қоятын едік. Біз жаралы адамдарды жинап жатқанымызда Ләтіп “шегінсін” деп бұйрық жіберіпті.

Біз қайтып қосқа келдік. Келген соң мен Ләтіпке ренжідім.

– Біздің артымыздан әскерді айдасаң болмай ма? Жауды жапырып бір жағынан тесіп кірмегенде, сонша қалың жауды қайтып алғалы жүрсің? – дедім.

– Бұл жағдайды білмедік. Қателік бізден, – деді. Бірінші қарауылдағы Қапас әскерлері де жауды опырып, қатты қырып жатты. Біз тамақ ішіп алып жиын ашылды. Ләтіп тұрып:

-Үшінші окопқа кім кіреді? – деп сұрады.

– Екінші окопқа 40 адаммен мен кіремін, – дедім.

Үшінші окопқа Сайтанкөз бен жас батыр Мәуітқан 50 адам мен дайындалды. Кеш бата окопқа жақындадық. Окоптың астына 15 кісімен бала батыр Шайза кіретін болды. Төбенің жоғарғы жағынан біз келдік. Астынғы қорғаныс ұран салып келіп, окопты гранатпен тас-талқанын шығарды. Шайза жараланды. Төрт адам шәйіт болды. Үшінші акоптан Сайтанкөз батыр шәйіт болды. Түнімен атыстық. Таң ата Сәмидолда дейтін оқушы бала желкесінен кесіліп қашып келді. Басқалар “Танымаймыз атамыз”, десе, бала “Мені Нұрғожай таниды. Сол адамға көрсетіңіздер”, дегендіктен ол баланы маған алып келіпті. Көктоғайда қамауда болған ол бала мынаны айтты:

– Оспанның қатын-баласы, Қарақас Тоқтаған, Хансұлтан, Қабдұл Сүлейменұлы, Молқы Тәуіп, Ақын Қажет бәрімізді күн батқан соң абақтыдан байлап алып шықты. Сіздер оқ атып отырған төбенің астындағы Тасқазған орға алып келіп, адамдарды қылышпен бір салып сол жердегі үлкен құдыққа тастады. Мен қылыш тигенде (106) жыраға құлап кеттім. Қала ішіндегі қазақтарды әкеліп сол құдыққа өлтіріп тастап жатыр. Екі жүзден астам қатын-баланы қылыштап, сол үлкен орға тастады. Ыңырап жатқан адам өлігіне үлкен бір жыра толып кетті. Менің үстіме талай адам өлігі келіп түсті. Есімді жинаған соң қашып шықтым. Күндіз сіздерді көріп отырдым.

Таң ата біз шегіндік. Қапастар да жауды сілейте соқты. Олар демалуға қарауыл тастап өзен бойына келіп түсті. Дәл осы кезде Оспанның әйелін өлтіргелі бір қанша адаммен айдап келе жатқанда Оспанның әйелі суға қарғып түсіп кетті. Ағып барып Қапастың әскері келіп түскен жерге жеткенде, Қапастар ұстап алып аман-есен шығарып алды. Осы жолы Оспанның бір ұлы, екі қызын дұшпан жағы атып өлтірген.[75] Дұшпан бандылары сонымен қатар Сүлейменұлы Қабдұл, келіні Шолпан, Сүлейменнің әйелі Тайтұяқ, үлкен қызы Ханша және екінші, үшінші қыздарын атып тастаған. Оның сыртында Көктоғай қаласында 200-ден астам қатын-баланы бандит Шың Сысай армиясы қырып кетті.

Бұл арада “Көктоғай қаласын қорғап қалуға үш мыңнан астам атты армия келе жатыр” деген хабар келді. Қарауыл жіберіп, олардың Қаратүнкедегі қытай армиясына келіп қосылғанын бақылап отырдық. Атшығұл, Балекең, Арғылтай сияқты барлық қажетті қарауылдар біздің қолда еді. Атшығұлдан өтетін машина жолы бар еді. Осы жолды мен тосқан едім. Ләтіп қосты басқарып қалған еді. Біз адамдарымызбен жиналып, тамақ ішіп жатыр едік. Кейінгі елден жайсыз бір хабар келді. Оспан Әубекір залыңды кісеңдеп тастапты дегендіктен, Құлдың әскерлері шегініп шығып алып тұрған қажетті қарауылды тастап қайтып кетіпті. Өзінің шағын тобымен Ләтіп қалды. Екі күннен кейін Нұршыбай тобын жер шалып келуге жіберсек “Қытайлар атты жаяу болып тауға қарай өрмелеп келеді”, деген хабар әкелді. Біз осы кезде Көктоғай қаласын қоршап тұрып, Сартоғай – Қаратүнкедегі қытайдың (107) 12.000 адамдық армиясының екі ортасын кесіп тастадық. Менің адамдарым Атшығұл қарауылын келіп алды. Жәнібек туын біз көтеріп келген едік. Сол жерден атыс бердік. Осы кезде жау әскерлерінен біздің қаруымыз өте артық еді. Әсіресе қытайлар автоматтан өлердей қорқады. Алдымен өрмелеп келген жүздей қытай әскерін бір шұнқырға иіріп алып автоматты төгіп жіберіп едік, сексендей адам құлап кетті.

Таң ата қытай армиялары біздің сыртымызды орап кеткен екен. Адам қалың болып бекініс орны жалтаң болғандықтан, негізгі қарауылға 70 адамды қайтарып жібердім. Жоғарғы қарауылдан қытайдың сыртымызды орауынан сақтанудыруды ұқтырдым. 30-дай адам мен бір қойнауда жартасты паналап тұрдық. Алла сақтады. Онан соң бір жартас бізді сақтап тұрды. Қарсы алдымыздағы қыратта жау әскерлері келіп окопты қазып дайындалып, бекініс жасап жатты. Екінші жақтан оқты жаудырып тұрды.

Дүрбі салып отыр едім. Басқы жақтан бір әскери шинель киген генерал келе жатыр екен. Сол бекініс төбеге келіп шинельді шешіп тастап, сап сарала болып жан-жаққа дүрбі салды. Жолдастарға “Ат”, деп бұйырдым. Атып қалдық. Генерал еңкейе келіп жығылды. Он неше мерген Жәмет ішінде мылтық құйып едік. Генералдың сүйегін ала алмай, әскерлер төбені тастап құлдай қашты. Астыңғы жақтан музика дауысы шығып еді. Штабынан тағы бір генерал шығып, әскерлерді қайта айдады. Кәренді қарауылға жіберіп едім. Азырақ ілгерілеп барып, төбе шашын оққа сипатып қайтып келді.

Осы қыратты жауға бермей, жаудың машина жолын кесіп тастап, жауды Көктоғайға өткізбедік. Жау Көктоғайды қорғау үшін атты, жаяу, машиналы өлігін басып-жаншып саймен өрледі. Екінші қарауылдан Әліпби ішінде бізден 15 адам шәйіт болды. Олар да қарауылды ұстап тұра алмады. Кәмел тобынан алты адам, бізден үш адам Әліпби мен Құматайдың сүйегін алып жерледі. Жау түнімен күш көрсетіп, Қараөткелге келіп түсіп алды. Уша жағына қарауыл жібердім.

Осы қалың жаудың бір жерінен кіріп, оққа ұшып шәйіт болған аяулы жігіттердің кегін алайын деп Соғыс (108) Комитетінен рұқсат сұрадым. Олар рұқсат берді. Жәмет, Жүніс, Қасейін, Молдияр қатарлы адамдардың мықтыларынан жүздей адам таңдап алып, жер сырын білгендіктен Бұраты деген бір кішкене жырамен өрлеп, жау жанына таяп бардық. Бейқам отырған жаудың бір қарауылын басып, 40 адамды өлтіріп, мылтық жабдықтарын бір-ақ қолға түсіріп, 40 ат алып қайтып келдік. Молдияр батыр шәйіт болды.

Ел айдау саясаты қалай туды?

Аттанып Шалғырдағы қорға оралдық. Бұл жолы жау армиясының Көктоғайды оңайлықпен бермейтіндігіне көзіміз жетті. Сонымен бұл жолғы мақсат орындалмайтын болғандықтан Үш Көлге қайтып кеттік. Мен жайлаудағы Қарабалшықтағы ауылыма келдім. Оспан Үш Көлдің орта көліне барып орналасты. Ақ Үй Соғыс Комитеті де сол арада болатын. Үш күннен кейін Оспан жиынға шақыртты. Ақ Үй Соғыс Комитетіне жиналдық. Бұл күндерде Соғыс Комитетінің адамдары да молайған болатын. Әріпбай, Дүйсебай, Әлихан, Темірхан, Сұлтан қатарлы саяси комиссарларға лық толы едік. Жиында көп пікірлер ортаға қойылды. Әрі талқыланды. Жиналыстың қорытындысы ел айдау саясатын әкеліп туғызып қойды.[76]

Шың Сысай бандит үкіметі Жиемасу, Қарамайлы, Дабысын, Сартоғай, Қаратүнке, Көктоғай қаласының шығыс жағында Дөңті, Шіңгіл қаласына дейін сегіз орында үлкен соғыс базасын құрды. Бұл соғыс базасының үлкен орны Дабысын болып, оның өзінде жер қайысып 12.000 армия жатты. Сартоғайда 5.000, Дөңтіде 7.000, Қаратүнкеде 9.000, Көктоғай қаласында 3.000, Шіңгіл ауданында 3.000 әскер бар еді. Кейін онан да арман толықты. Ал Бәйтік Өкпеден Жарынтыға дейін сыртқы Монғолия аузын қаратып 12.000 армия төкті. Өндірқараға Бурылтоғайды бақылатып 5.000 армиясын әкеліп төкті. Алтай Сарсүмбе қаласы мен Көктоғай екі ортасында Сұпты Күртіге қарауыл деп 3.000 әскер әкеліп орналастырды. Дабысында жоғарғы Зұң Бу, Дөңті бір Зұң Бу, Қаратүнке Зұң Бу болды да (109) бұл үш аудан халқын айдап Сарсүмбеден төмен алып кетті де Көктоғай, Шіңгіл, Бурылтоғай иен қалды. Қытай 60.000-нан астам армиясының ат көлігі, түйесі, ет азығы, астығы Алтай халқынан айдап әкеліп жатты. Үрімжінің тоғыз ауданындағы астық Шонжы арқылы Көктоғайға келеді. Оны қазақтың мыңдаған, он мыңдаған түйесімен артып жеткізіп жатыр.

Шонжыдан Көктоғайға дейінгі 1.100 километр шалғай жолдар осы азықты қорғайтын жау армиясымен толып алды. Жау армиясы бізді аз ғана жерге, атап айтқанда Монғолиямен шекараға тастап қойды. Әскери қор алатын елден айрылып қалдық.

Қытайлар он мыңдаған қазақтың жалды аты, өркешті түйесін жинап алып жатты. Қытайдың кәдірі, сақшылары, қатын-балалары, армиясы болып 80 мың адамы қазақтардың он мыңдаған қой, сиырларын айдап әкеліп, қырып жеп жатты. Біздің тынысымыз тарылды. Оның үстіне қытай бандиттері қазақтарды қазаққа салды. Қазақтардың мал-жанын жеп, бізбен соғысты. Мыңдаған Қашқар балаларын әкеліп бізбен соғыстырды. Көктоғай, Бурылтоғай елін тұс-тұсынан асырып, Шіңгіл жеріне әкелу үшін Монғолия жол берді. Елдерді айдап әкелу үшін әскери міндет өтегендер ішінде сол рудың өз адамы барсын деп қаулы шығарылды.

Ол кезде Молқы, Қарақастардың ел шабатын жаман әдеті бар еді. “Итті қонақ жараспайды” дегендей, әскерлер ішінде елді шауып олжа алатын адамдар шығарылып тасталды. Сондай-ақ Оспан:

– Ел шаппайсың, бір адамның бір бүлдіргесін алмайсың, егер осындай әрекет туғызғандарды көрсең атасың, – деп баса бұйрық берді. Ол сонымен қатар

– Жәнтекей ең көп ел. Оларды ашуландырып алсаңдар, ұсақ Абақ зиян тартасыңдар, – деп ерекше ескерту жасады.

Соғыс Комитеті елді айдап көшуге 500 адам беріп мені шығарды. Менің жаныма Кәріп зәңгі, Манат берілді. Артқы шепті сақтау үшін Сартоғайдағы Дөңті қарауылдарын бақылап қоршап тұруға Қапас батыр жүріп кетті. Көктоғайды күзетіп тұруға Мәуітқан, Қиса, екі жас батыр 200 адаммен жүріп кетті. Олар Көктоғай, Қаратүнке екі арасын тілсіз тастауды міндетіне алды. (110)

Әріпбай полковник Жылқыайдар, Құрмаш, Мұқай жүз адаммен Жеменейге жүріп кетті. Ол жерде құрылған Алтай Соғыс Комитетінің бір бөлімшесі бар еді. Олар даламен жүріп кетті. Оларға Жеменей, Қобық, Қаба елдерін жаудан арашалап қалу қажет болды.

Мен әскерлерді алып Бұлғыннан асып, Топшын Көлге бардым. Одан жүріп Делуінге бардық. Делуінде Қошақ Молқы Оразбек інісі Тақыр бар екен. Ол адам бізден он бір адам шақырып қонақ қылды. Олар да бізге жәрдем ететін партизан жинап жатты. Ол жерден шығып Шегіртайды кесіп өтіп, Сарқазды өрлеп, Далакөлге барып түстік. Далакөл толған Ботақара екен. Мен сонау 1931 жылы Қобдада сауда қылып жүргенімде Ботақара Бақат деген адаммен таныс болған едім. Сол үйді іздеп барып амандасып қонып қайттым. Кіші әйелі Қаперіштің қарындасы еді. Ол адам бес ағайынды болып, төрт інісі қолға алынып, сотталып кетіпті. Әйелі бар екен.

– Бақат өлген соң екі байға тидім. Оның екеуі де сотталып кетіп өлген соң мына шалға тидім, – деп өз ахуалын қысқаша баяндап өтті.

Ақтышқан, Шәку ұрқы біртұтас сотталып кетіпті. Адам қалмапты. Көне адамнан Ботақарадан Мұстапа, Қаражан қалыпты. Олар Сарқазда отыр екен. Далакөлден шығып, Сақсайды құлдап, екі күн жүріп, он бір күн дегенде Дайынкөлге жетіп бардық. Сол кезде бүтін Шеруші жайлауда отыр екен.

1928 жылы Қобдадан Алтайға бір қанша Шеруші ауып келген екен. Сәдудің жеті ұлы бар еді. Оның Нәжікен деген ұлы менімен тамыр болып, оның бір жүйрік қара атын алып едім. Сол кезде Нәжікен Мәскеуден оқып келген екен. Баян Өлгейдің уәлиі екен. Нәжікеннің үлкен үйлері туыстарымен Дайынкөл жағасында отырыпты. Біздің хабарымызды естігенде:

– Егер келе жатқан Нұрғожай, Шақабай Нұрғожай болса менімен тамыр дос еді. Шақырып қонақ қыламын, – деп Нәжікеннің ағасы және әйелі мені жол үстінде тосып тұрыпты. Олар мені іздеп келіп танысқаннан кейін ертеңінде жиырма адаммен олардың семьясына қонаққа бардым. Көк қасқа тай сойды. Бір түн тамаша өлеңдер мен қызулы сырластық әңгімелер болып өтті. Жеті күн демалдық. Сегізінші күн Алтайға асып түстік. Алдымен Өрмегейті асуынан барып бізден үш адам, Қалқадан үш адам, барлығы алты адам дүрбі тарттық. Шегарада қытай (111) әскерлері бар екен. Бірақ жақындап барсақ әскерлер қытай емес, қазақ партизандары болып шықты. Осылай межелеп қайтып келдік.

Жәнібек туына мал арнап сойып хатым шығардық. Елге қош айтып жолға шықтық. Күндіз келіп, алып түнделетіп үшке бөліндік. Екі шеткі тауға 30-дан 60 адам, орта қарауылда 30 адаммен жүрдім. Әскерге жақындап келіп айғай салдық.

– Қытай болсаң атысамыз. Қазақ болсаң тіл бер, –  дедік.

Жақындап келіп едік. Жер қаратас сылдырлап мен-мұндалап жатты. Олар бізді біліп қойып оқ шығарды. Айғай салып едік, оқ үдемелеп құйып кетті. Азырақ жауын жауды. Аздан соң кеш батып түн болды. Мылтық дауысы тоқтап қалды. Сонда жүгіріп төбеге шығып көрінген төрт адамды атып едім. Біреуі оққа ұшып кетті. Ол қазақ екен. Қалғаны дереу қашты. Артынан қусақ, алдымызда тігулі бес үй иең қалыпты. Бастығы Шеруші Рахым залың мылтықтары перен екен. Біз ел ішіне кіріп алып Саршоқыға дейін бардық. Ел жиын екен. Ел бастықтарын жинадық. Оспанның Жанымханға жазған хатын ақсақ Ыбырай арқылы Сарсүмбеге жіберіп бердім. Манат бүкіл Қыстаубайды Қарағаты басынан асырып айдады. Ел бастықтарын шақырғанда, Жамылиқа келмей қойды. Біз оған:

– Мұбарак ашып бер, – деп едік.

– 40 қара берсең ашамын, – деді.

– Көш, – деп едік.

– 150 үйлік кедейміз. Көлік берсең көшеміз. Үшінші атам өлгенде, жүз жыл ішінде көшер болсаң сүйегімді алып кет деген еді, – деді.

– Көлік берелік, – деп Манатқа тапсырып қойып Ушілікке Бейсінің аулына жүріп кеттік. Сұмдайрық еліне бармадық. Буыршын елін көшуге Қаби полковник Қом басынан асып түсіп кеткен еді. Қаби әскерінің ішінен Қайнолла Капитан Дәлелханның қағазын алып, Арал елінің ел бастықтарына тапсырып беріп, Дәлелхан өз семьясын көшіріп алып жатты. Онда Есағасы Қосай ауылдары, үш-төрт ауыл Шеруші, төрт ауыл Барқылар өз еркімен көшіп асып кеткен болатын. Сондықтан менің әскерім ол елге бармай, Бейсі аулына жүріп кеткен себебіміз сол еді.

Сол жерде Жанымхан хат жазыпты. “Елді айдасаңдар тез айда! Қытай армия шығарғалы жатыр” депті.

Борбыжап әскерлерінің Қыран өзенінен өрлеп шығып, біздің Өрмегейті құйғанына (112) тастап кеткен Құмар бастықты 18 адамымен өлтіріп кеткен хабары жетіп келді. Бұл хабарды Мәнкейдің ұлы Асығат жеткізді. Бір рет жылап сықтасып алдық та алдыға түскен елді Ботамойнынан асырдық. Көктоғай Бурылтоғайдан барған ел түгел кетті. Үш мың үй аман өтіп кетті. Және Борбыжап бандит ел ішінен Әпендіні атып кетті. Ең аяулы атақты мықты қалмақпен бір шайқаса алмай арманда кетті. Елді айдап жыла қонақтатып, 36 күн дегенде Топшын Көлден асырып, Бұлғынға әкеліп түсірдік. Келген ел Үш Көл арқылы Жырғылты, Темірті, Бұлғынның басы, Мерткем, Жандылық, Таушағанқолға тарап орналасып кетті. Тұрғын елімен араласты. Көшіп келген ел ішінде Сүкірбай тәйжі ауылдары бар еді. Дәлелхан үйімен бірге келді. Ол кезде қоғам қауіпсіздендіру жұмысын жүргізіп, Оспан жанында Қалқабай полковник бар болатын. Бұл адам Шеруші еді. Дәлелхан екеуі бір ел болатын. Келген ел бастықтарын Дәлелханды, Мәжік генералды шақырып, тай сойып, қонағасы берді. Жырғылтыда ат шаптырып той жасалды. Біз келсек, Сартоғайдағы Қапас қарауылы қайтып келген екен. Көктоғай қарауылы да қайтып келіпті. Ол жерде Қиса батыр шәйіт болыпты.

Керейді кӨшіру бұйрығы

Екі аудан елін қайтарып алып келдік. Қазірінше қуатты күшке айналдық. Бұл жағдайды көріп онан арман тұс-тұстан данышпандар шығып, Ақ Үй Соғыс Комитетіне пікір ұсынды. Қалған Керейді көшіріп әкеліп, жаудан айырсақ деп гу-гу етіп жатты. Қуатты күшке айналамыз деп қымызға, айранға, етке тойған аламестер үкіметіміздің есін шығарып жатты. Бұл пікірді Соғыс Комитеті тез мақұлдады. Ол “Керей қайда сыяды? Оншалық қалың малды қылышын сүйретіп қыс келгенде қайда апарамыз?” демеді.

– Монғолия қойнын ашып тұр. Ел қыстайтын жер көп, – деп гуілдеп жатты.

Бұл қылығымыз орыстардың да, монғолдардың да қажетіне жарайтындай болып шықты. Ақ Үйдегі Ресейден келген қазақ азаматтарының идеяларынан мұндай  іс істеу өтпеді. Бірақ Богдонов, Мәжіктер бір жерден шығып алды да, оған Қалқабай мен Дәлелхан өмешектеп (113) қосыла кетті. Оспан да қосылмаған еді. Ол:

– Алтайда қыс қатты. Бес аудан бұл жақта сыятын жер табылмайды, – деген болса да Ақ Үйде жоғарғы басымдылықтағы  генералдар бұл пікірді бекітіп жіберді.

Оның соңғы сырын біз кейін түсіндік. Баратын адамның бірі тағы мен болдым. Өйткені Сарсүмбе ауданына қарайтын ел бүкіл Жәнтекей еді. Елдің аяғы Барқы, Есағасы, Қазыбек, Шақабай, Тасбике, Түкбай, Базарқұл, Есіргеп, Жарылқап, Құлтайболат, Елшібай, Таңырық, Елкелді, Есдәулет болып, бүкіл Сүйінбай сонда деп Жәнтекей болғандығым үшін Соғыс Комитеті мені бұйырды. Мен Шағанқолдағы Нәзір, Әсен, Сақсайбай еліне әскер жинап, 300 адамды алып, Қараңғы Тоғайға бардым. 300 адам жинап Молқы жақтан Кәмел батыр келді. 250 әскер жинап Бурылтоғай елінен Манат келді.[77]

Осы жылы шілде айында Үрімжіден Қалман, Қарақас Жолдыбайды алып қашып келген болатын. Оспан Қалманды қажетке жаратпады. Әрі оған сенім байламады. Соңғы кезде Жолдыбайдан тығулы наған шықты. Бандит Шың Сысай өзін атып кел деп жібергендігінен күдіктеніп Оспан Жолдыбайды атқызып тастаған.[78]

Жәнібек туын Зарыққан маған әкеліп берді. Ол туды әкеліп Қараңғы Тоғайға тігіп қойдым. Мал сойып мәуліт оқып, Жәнібек туы алдында бүкіл әскерлер серт беріп, кәлима шаһадат оқыды. Қалманды әкеліп, мәуліт оқыттырып, шариғат сөйлеттірдік. Қалман биік стол үстіне шығып уағыз сөйледі. Ол сөзінде:

– Ислам жолындағы күрестерде қан төгу, ел талау емес. Бірақ басқалар жағынан ұрлық істеліп, жер суыңды тартып алса, адамға жамандық істеліп, халқыңды езетін болса, оған қарсы тұру керек. Мұндай жолда жауды өлтірсең, қазы боласың. Өлсең шәйіт боласың. Қыямат махшарда сұрақсыз иман иесі сол адам болады. Барлықтарыңыз Оспанды басшы деп таныған соң; оның комиссары Оспанға адал болу керек. Ал мына тұрған әскери міндет өтеген азаматтар әр қайсыларыңыз өз комиссарларыңыздың бұйрығына шартсыз бой ұсынуларың керек. Шәйіт шарттарының ең басты ережесі – бұйрыққа шартсыз бой ұсыну. Ең жоғарғы соғыс қолбасшысы болған Кәмелдің әміріне шартсыз бой ұсыну – Алланың әмірі дегендік. Құдай жолы осы дегендік, – деді. (114)

Барлық армия қол жайып бата оқыды. Сол күні кешкісін, атап айтқанда 1944 жылы қыркүйектің басы еді. Соғыс Комитеті барлық істерді жөнге салуға Әлихан полковникті қосып берді. Әлихан, Кәмел үшеуіміз арнаулы бір үй алдық. Бес күн жүріп Қандығатай құйғанындағы Қызылқайынға жетіп келдік. Ол жерде қалған ел бар екен. Есіргеп Бұзай тобы, Тасбике Мәмила тобы, Табын Бейсі елі еді. Түн жастанып тұс-тұсқа бөлініп түсіп алдық. Бір топ әскер Жаңжұн бұлақтан келіп түсті. Бір бөлік адам Күбіні айналып, Буыршын қара жолын кесіп тастадық. Бір бөлім әскерлер Жеті қырқадан айналып келіп, қаланы қоршап тастады. Айтан, Тұлты, Шеміршектегі елді Ертіске айдап түсірдік.

Кескілескен соғыс болды. Қытайдың айналадағы қорын бір-ақ сыпырып алдық. Қытайдың қор бағып жатқан Тұлтыдағы 300 әскерін түсіріп, қырып тастадық. Оның ішінен қазақ тілін білетін бір Қытайды тірі қолға түсірдік. Ол баланы қағаз беріп, еліне жібердік. “Елдеріңіз өрге көшсін. Біз халыққа жау емеспіз. Егер Өралтайға көшу мүмкіндіктеріңіз болмаса, көшіп үлкен қаланың ішіне кіріп алыңыздар. Қаланың сыртында соғыс болатын болғандықтан ол уақытта зиян тартып қаласыздар” деп жазылған еді. Бала қайтып барды. Дүрбі салып көріп отырдық. Құржалар дереу жиналды. Кешке таман екі адам біз айтқан төбеге қарай сөйлесу үшін барды. Біз ұран салып, Тұлты бойына келіп түстік. Өкіл:

– Біз көше алмаймыз. Бұйрықтарыңыз бойынша қалаға кірсек, – дегендіктен біз оларға тимедік. Рұқсат еттік. 20 ат, 20 кілем тарту әкеліп берді. Тартуларын алмадық. 300 жерде жиналған шөптерді от оқпен атып өртеп жібердік. Өртенген түтін Тұлтыдан Сарсүмбе қаласына дейін қаптап, қара тұман басып кетті. Ол жердегі әскерлер қашып шықты. Оларды тірі қоймай, қырып тастадық. Тұлты районын тартып алдық. Онан соң Табын Бейсі еліне “Көшіңдер”, деп едік. Олар “Біз кедейміз. Көше алмаймыз”, дегендіктен оларға рұқсат бердік. Олар да он неше ауыл Жосатыға көшіп түсіп кетті.

Кәмел Ақ Үй Соғыс Комитетімен арада радиомен сөйлесіп, бұйрық алып тұрды. Алдыңғы саптағы соғысқа мен тіке араластым. Әскерлер ішінен Бүркітбай бастық:

– Өлтірілген 13 адамның кегін аламыз. Шоқай залыңды өлтірсек, – деп Кәмелге барган екен. (115) Әпендінің құнын даулау әскер ортасында сөз болып жатты. Үш полк Мамат әскерлері Бурылтоғай, Жеті Аралдағы елді айдап келуге кеткен болатын. Олардан хабар әлі келмеді. Соғыс үйі Төсте Тоғамының көмейінде болатын. Сәрсүмбедегі ел бастықтары шыға алмады. Сырттағы ел бастықтарын сол жерге шақырып жинап алдық. Келген ел бастықтары әскерлер ортасындағы сөздерді естіп, ренжулер болды. Кәмелге өш алу пікірлері жетіп келгенде, комитетке мен де бардым.

– Біз өш алу үшін келмедік. Егер Өгізшібай, Мәмила, Шоқай, Тұрдыханды өлтіретін болса, оны Оспан өзі қолымен істеп көрсін. Оспанның қолында жоғарғы сот мекемесі бар. Ел көшіп барғаннан кейін бұл жұмысты солар басқарсын, – деп тоқтатып тастадым.

Ел адамдарынан 60-тан астам адам келді. Шоқай, Шоратай, Тұрдыхан, Өгізшібай, Мәмила, Наурызбай, Жамылиқа болып, қалғандары ел ішіндегі адамдар, қала ішіндегі жиынға кетіп шыға алмады. Оларға біз мынаны айттық.

– Сіздерді Саржайлауда айдап келуге бұйрық алған едік. Ол кезде жағдай жар бермеді. Қытайдың бізбен соғысу үшін қажетті соғыс қоры сіздер болып отырсыздар. Не бізбен бірге қозгалыс істемедіңіздер. Біз ұдайы он жылға таяу соғыс жүргіздік. Қытай сіздердің аттарыңызды көлік қып мініп, қойларыңызды ішіп жеп бізді де, қазақ момын шаруаларын да аяусыз өлтіріп жатыр. Не ол, не бұл болмадыңыздар. Содан бері санағанда ұдайы соғысқа қазір 13 жыл болып отыр. Енді көшіреміз деп келдік. Көшкілеріңіз келмесе Оспан мен Дәлелханға адам жіберіп ұғысыңдар. Оған дейін біз жаумен соғысып қорғаныс алып тұралық, – дедік.

Олар осы пікірге мақұл болып, Тұрдыхан, Шоратай, Ырысжан, Бектұрсын қатарлы төрт адамды Оспан мен Дәлелханға жіберіп қойды. Біз де Оспанға ел пікірін радио арқылы жалғастырып жатқан едік. Елді Ертіске жинап алып, бұйрық тосып жаттық. Жеті Арал елін айдап Манат келді. Олардан 13 адам шәйіт болған екен. Елді Бура Сарқарынынан әкеліп түсірді. Буыршын елінен Орсақ зәңгіге қараған 30 ауыл көшіп келді.

Сарсүмбені қоршап бір ай жаттық. Оспан мен Дәлелханнан “Елді өрлетіп көшірсін” деген телеграмма келді. (116) Бұйрық бойынша 4.500 үйден артық елді өрлетіп көшірдік. Қу Ертіске келдік. Алдымызда Үш Арғылтайда тосып жатқан қуатты жау бар болатын. Елге белгі беріп Үш Арғылтай аузына күшті қарауыл жібердік. Сарбастау мен Қойбағарға елді аман іліндіріп алу керек еді. Елдің алды Қу Ертіс Шақабай тоғамында, арты Сарбұлақ құйғанында болатын. Үйдің іргесі сыятын жер болмады. Осындайда жылқы айдап келе жатқан Тәукебайды “байлығыңды көрсеттің, жүгімді бастың” деп бір Тасбике жігіт атып тастапты. Осыған бір күн айналып құн белгісін беріп, ертеңінде елді көшірдік.

Елдің алды Сарбастауға барғанда жау қозғалды. Кәмел, Манат, үшеуіміз алдыңғы шептегі жаумен соғыс жүргіздік. Түнде үш қойшы жолдан адасып, 4.000 қоймен қытай қолына түсіп кетті. Жау қарауылынан 40-тан астам адам өлтіріп, елді Шағанқол Қарасу Қойбағар жолымен Секпілтай Шанқанға алып шығардық. Елді бұйрық берген Оспан мен Дәлелханға өткіздік. Біз барсақ Қапас, Жақсыбай басшылығындағы 400 әскер Шонжы, Нори, Жемсары, Пукаң, Сандұя, Құтыби, Санжыдан көптеген елді айдап, Құмға шығарыпты. Бұл жылы қыс ерте түсіп, қар ерте жауды.

Ел қалың, мал қалың. Мал қыстайтын жер жоқ. Кешегі малға қойнын ашып тастайтын монғол үкіметі жалт беріп, “қытайдың бізге пікірі болып жатыр” деп жалғыз күнде Қалқа жеріне малды өткізбей, ондағы Алтай елін қайта айдап тастады. Қобық, Жеменей, Қаба елінің малын Жеменей жолымен Әріпбай полковник, Қаба ауданының малын Қаби полковник Қазақстанға өткізіп жіберді. Қабидың Алтай қазағына тигізген пайдасы осы болды. Оның әскері алақандай Қаба ауданының қаласын ала алмай, жөткеліп қашып кетіп соның зардабынан Қабадағы Қытай әскерлері 120-дан астам бұқараны қырып кетті. Есдәулет Ислам оққа ұшты. Оспан мен Дәлелхан да Қалқа жеріне келмей, Моншық Қызылдың түбіне қыстады. Бұл кезде Ақ Үй Соғыс Комитетінің билігі де, Алтай Соғыс Комитетінің билігі де Қалқабай қудың қолына өтіп кеткен еді. Оспанды Қалқабай аңдып сөйлетпейтін болды. Оспанның үйіне әр кім өзі барып сөйлесе беретін еді. Ал Қалқабай Оспан үйіне адам енгізбей қойды. Бұл жағдайды Оспанның өзі де жақтырмады. Біз де жақтырмадық. Қарт Зұңли болған Сүлеймен Бектұр далада қалды. Осы құбылып тұрған құбылыстар бізге (117) өзгеше жағдайларды сездіріп тұрғандай болды.

Моншықтағы құрылтай

Оспан және Ақ Үй Соғыс Комитеті көшіп келген бүкіл ел бастықтарын шақырып жиын ашты. Пікір сұрады. Ең әуелі, “Ел айдауға барған әскерлердің зорлығы – зомбылығы болды ма? Бір нәрселеріңді тартып алған, ұрдап алған, қымқырып алған, қыр көрсетіп алғандары бар ма?” деп сұрады. Ел адамдары “Зорлық-зомбылық, олжалаушылық болған жоқ, Бірақ қыс келіп қалды. Қыс жылдағыдан ерте түсіп қалды. Біз малға сүйенген халық едік. Мал қыстауы жоқ. Қалың қарға иіре бастадық. Шай жоқ. Бұл жоқ. Астық жоқ. Малсыз кедейлер қазірдің өзінде-ақ қинала бастады. Осынша малды қыстан аман шығарып алатын жағдай бар ма, жоқ па?” дейтін пікірлерді айтты.

Ел адамдарына “Өздеріңді өздеріңіз қорғаңыздар. Бұл біздің қазіргі партизан саясатымыздың негізі осы”, деп 5.000 мылтық және оқ таратылып берілді.

Елден оны екі мың өгіз қой алынып, Ақ Үй Соғыс Комитетіне әскер азығы деп сойылып қатырылды.

Комитет сонымен мынадай бірқатар шешімдер қабылдады.

1.    Көктоғай – Сарсүмбе арасы Қапас әскері, Манат Келес әскерлеріне жүктеледі.

2.    Бәйтік Үрімжі жолын күзетіп, Бәйтікке мал қыстатуға қарауыл алуды Дәлелхан, Кәмел, Қуанышбай өз үстіне алды. (Бірақ ол жылы Дәлелхан Оспанды баса билеп үйден де шықпады.)

3.    Үрімжіден Бурылтоғайға, одан Алтайға келетін құм жолын Сүлеймен, Нұроғажай әскерлері күзетеді.

Осылайша қыстық қарауыл орындары белгіленіп соларға әскери күштер орналастырылды. Ел осы белгіленген шеңбер ішіне барып қоныстансын делінді.

Осы екі арада үш ауыл Қазбек Арғылтайдан көшкенде, адасып Сартоғайға бара жатқан жау әскерінің қолына түсіп кетті. Бұл ауылдарды қытайлардың Шонжыға алып кеткен хабары естілгеннен кейін, Келең сайындағы қытай армиясын құрту жоспарланды. (118)

Алдымен Сартоғайға әскер Дабысынды басып келеді. Шонжы мен Дабысын жау армиясының негізгі базасы болып келеді. Үрімжіден машина келіп жатыр. Жол кесу керек, күн қатты суық болатын.

Оспан, Кәмел, Қапастар жау машиналарын Дабысын жағынан қарауыл алып тосты. Дәлелхан, Манат және менің әскерім болып, біз Келең сайына келетін жолдың аузын тостық. Оспандар шабуылға өткенде, елу машина шегініп артқа қашты. Олар 30 машинаны бөліп алып атысты. Сонда ол машиналар Қасқыр Соққанға қарай шегінді. 15 машина ілгерілеп, Сартоғайға қарай жүрді. Оның алдынан Сартоғайдан бес машина шықты. Машина біздің үстімізге келгенде біз соғысып, 20 машинаны қоршап алдық. Бес машинаның адамын өлтіріп, машинасын өртеп жібердік. Бес машина жаралы болып жолда қалып, адамы қашып кетті. Ол күні түнімен атыстық. Таң атып күн шыққанда, Келең сайынан атты әскер бізді іздеп шықты. Олардан бұрын қарауылды алып қойдық. Әскерлерді араға алып кешке дейін соғыстық. Әскер қашты. Түнде қуып келіп 180 адамды тірідей қолға түсірдік. 1.100 әскер өлтірілді. Он машинаны өртеп жібердік.

Елді қыстауына көшірдік. Қолға түскен әскерлердің көбі ұйғыр екен. Олар Алтышардың оқушылары екен. Осы жолғы 3.000 армияның 2.000 адамы ұйғыр екен. Өлген адам ішінде ұйғырлар көбірек өліпті. 180 ұйғыр баланы бөліп бөліп алып кеттік. Өзіміз белгіленген қарауылға жүріп кеттік. Дәлелхан, Кәмел, Қуанышбай Бәйтікке жүріп кетті. Махмұт полковник Құмға жүріп кетті. Біз Құмның Қызылша Бел деген жеріне барып орналастық. Қапас, Келес, Манат әскерлерімен Өндірқараға барып орналасты. Олар Сарсүмбе жолын күзетті. Көктоғай екі арасын кесті.

Осы жылы қар қалың болып, тарихта болмаған қыс болды.[79] Біздің ісімізге де табиғат осылай көмектесіп жатты. Көшпелі ел, малға сүйенген ел, малды алатын ақсақалды кәр құда келіп қалды. Үрімжінің төрт аудан елі (Санжы, Үрімжі, Пукан, Жемсары) Құмға түсіп алған екен. Біз олардың ел бастықтарының бәрін (119) шақырып алып, оларға қамсыз жатып малды қыстан шығарып алуды тапсырдық.

– Жазда Алтайға шығып жайлайсыздар. Үрімжі жақтағы жолдардың бәріне қарауыл жіберілді, – делініп, олардың қамсыз мал бағуын ұйымдастырып қойдық. Бұл арада 1942 жылы Сүлеймен екеумізге қарасты ел Шонжының Саркөліне ауып барған еді. Бұл жылы қытай өкіметі олардың ат-көлігін жинап алған болатын. Ол кезде олар 80 ауыл еді. Жаз шыққанда Саркөлдің жерлерін қытай құржа бастығы Сең Сен Қудашы дейтін залым қытай біздің сол елден төрт ауылды қамап алып, 150 адамды қырып тастаған. Олар Едіге, Мұса, Сүлеймен інісі Көшербай басшылығындағы төрт ауыл еді. Олардың сүйегін қытай бандиттері өртеп жіберіпті де тірі малдарын бөліп алған еді.

Жемсары Шонжыдан айдап шыққан қазақтармен бірге келген сондағы туыстарымыз өте кедейленіп кеткен екен. Кедей болса да олар да жергілікті елмен бірге көшіп келіпті. Осындай бір шақта тұрғанымызда, Шың Сысай өкіметі Мәмидің Әнуары мен Махметті өкіл етіп жіберген екен. Олар шекара қарауылы болып отырған бізге келді. Бұл екеуін де Оспанға жібердік. Ал Оспан оларды Монғолияға ұстап беріпті. 1944 жылы Оспан ел шаппауды, бүлдірге олжаламауды қатты айтқан. Бүкіл әскерлерге бұйрық түсірген болатын. Біз өзіміздің өлтіріліп кеткен жүз елу туыстарымыз үшін сол қытайдан бір рет өш алуды талап етіп арыз жазған едік.

Оспан және Ақ Үй Соғыс Комитеті бір рет соққы беруді бекітіп жіберген екен. Біз елді жинап, 1.500 адам дайын болдық. Елден шығып тоқтамастан Саркөлге келдік. Саркөлге жақындағанда оң жақтан мылтық дауысы естілді. Ішіміздегі адамдарды түгендесек, Қарақас Құрман, Қағбан басшылығындағы 100 адам жоқ болып шықты. Пақыр Ителі Тондыбай келген екен. Азық жинап беріп қоя бердік. Ел аш. Оларға астық алып бермекші едік. 1.500 түйеміз бар.

Құрмандар көп адам ішінен олжа тимейді деп ауаша кетіп қалыпты. Сең Сен Қудашы, Саркөлге барып, бір құржаны шауып алып жатқанда олардың сыртынан келіп қоршап алып, (120) Әбдіхалық ішінде тоғыз адам оққа ұшып шәйіт болыпты. Қағбан ішінде астық артқан адамдар қашып құтылыпты. 30 неше адаммен атысқан Құрбанды қытай қоршап қамап алды. Біз осы жаудың сыртынан келіп атыстық. Сонымен Құрбанды құтқарып алдық.

Осы кезде өкімет әскері келе қалды. Күн бойы атысып, 200-ден астам адамын өлтірдік. 150 адамын қолға түсірдік. Олар ұйғыр болып Дәуіт деген туанжаңның әскері екен. Сөйтіп құржаны басып алдық. Күн-түн демей құржа астығын артып алдық. Әскер бастап келген құржаның бес адамын атып тастадық. Олар қашып Жемсарыға кетті. Сең Сен Қудашаның батырларын жойып тастап,  өлтірілген 150 туысымыздың кегін асырып алдық. Жемсарыдан бізді қуып 3.000 әскер шығып келді. Олар ылғи бала әскер екен. Бір шайқасуға келмеді. 250 адамын өлтіріп, мылтық саймандарын тартып алдық. Қалғаны Үрімжіге қарай қашып кетті.

Құржаның астығын, мал-жанын олжалап алып негізгі арқа сапқа қайтып келдік. “Үй иесінен ұрысы күшті” дегендей Шынжаңға келіп байып алған қытай, қазақтарды құл орнына ұстауға әбден әдеттеніп алыпты. Қазақтардың барлығы қытай құржаларында мыңдап, он мыңдап тамағына істеп келе жатыр. Бір күн еру болғаннан кейін Қапас екеуміз Үрімжі Шонжы арасындағы көпірде отырғанымызда, алты машина келді. Машинаны бір-ақ түсіріп алып адамын қырып тастап, машинасын өртеп жібердік. Бұл жолы Қайса шәйіт болды (Жәдік Әкеми ұлы еді). Елді таратып семьяларына қайтардық. Қазақтарға астық әкеліп беріп, олардың қарнын тойғызып, әккі қытай құржаларының шотын бір рет соғып оларға ескертіп қойдық. Қазақты езіп 300 жылдан бері дәніккен әккі жаудың Үрімжідегі даутайын қойып, құржадағы қарапайым қытайларға дейін бізге билік айтып, текке істетіп дәндеп алған екен. Осы залымдарға “көзіңді аш, бұл өлке Түркістан жері. Бір күн болмаса бір күн есеп беретін уақытың келеді. Сол кезде өкініп қалмай ерте бастан жеріңе, (121) яғни өзің тұрған Қытайға жетіп ал” дегендей ишарат беріп кеттік.

Шың Сысайдан кейінгі жағдай

Пукан ауданында ұйғыр, дүнген, қытайлар аралас жасайды. Жолынғұй қарауылын түнде басып өтіп, ұйғыр мен дүнгенге тиместен, әккі қытай құржаларына басып кіріп, ат азығын сыпырып алдық. Оның бері үш жылдан бәрі тегін істеген қазақтардың еңбек ақысы. Таң ата шегініп Құмдағы қара сексеуілдің арасына келіп едік. Артымыздан 300-дей қытай әскері қуа келіпті. Бізден бір адам шәйіт болды. Бекініс біздің қолда болғандықтан 70 адамын өлтіріп, қалғанын қуалап отырып, Пуканға апарып салдық. Олжаны барлық елге бөліп беріп демалып, тамақ ішіп жатқанымызда арттағы қарауылдан хабар келді.

– Адамдар келді, – делінді.

– Қоршап ұстап әкеліңдер, – деп бұйырдым. Олар бұрын қытай ұстап кеткен Молқы Қажыбала молла, Жәдік Лұқпан және Жігіт Молқы Жықай екен. Олардан бұрын қолға алынып кеткен Татай мен Зада болып оларды үш адам ертіп келді. Олар келген соң амандасып, өздерінің өкіл болып келгендігін айтты.

– Шың Сысай кетті. Оның орнына У Жұң Шин дейтін жуши келді, – деп әкелген қағазын көрсетті.

Ол қағазда: “Өкіметіміз өзгерді. Шың Сысайдың саясатын күшін жойдық. Сан мың жұй болатын болдық. Біз сонау 1940 жылғы Ырысхан тоқтамын өз күшінде деп танимыз. Өкіметіміздің саясатын  түсіндіру үшін Әнуар мен Махмұтты жіберген едік. Олар күні бүгін хабарсыз кетті. Түрмедегі барлық адамдарды босаттық. Оспанға көп сәлем айтыңыздар. Жанымханмен сөйлесіп жатырмыз. Оспаннан хабар әкеліп беруге мына адамдарды жібердім. Қытайлар қорқып бармай жатыр. Тез жауап күтемін. Менін естуімде Оспанның қорғаныс қуат бастығы сіз екенсіз. Оспаннан кейінгі жауапты адам болғандықтан бүкіл дүниенің тыныштығын, бүкіл еліміздің (122) тыныштығын, өлкеміздің тыныштығын ойлап көрсеңіз. Ұзақ жылдан бергі соғыстың барлығы халыққа тарихта болмаған апаттарды әкелді. Тезірек жауап беріңіздер. Менін атым У Жұң Шин, Жушимін” деп жазыпты да таңба басыпты.[80]

Келген адам ішінен Жықайға Кәбілді қосып жіберіп бердім. Жықай бүкіл уақиғаны Оспанға ұқтырды. Оспан Жықайды үш бесатар беріп, біздің қарауымызға жіберіп беріпті.

– Сол жақтағы елдің де, қорғаныстың да иесі Сүлеймен, Нұрғожай еді. Солармен белдесіп іс істеп тұрыңыздар, – депті.

“У Жұң Шұнмен жақсырақ ұғысып тұрыңыздар. Оның мән жайын маған жеткізіп отырарсыздар” деп қана қойыпты.

Алтайды жайлаған ашаршылық апаты

Осы жылы Құм елі қыстан семіз шықты. Жұт жүрмеді. Ел аман әрі көңілді болды. Ал төменгі Алтайдан айдап барған 4.500 үй, Керейден 1.300.000-нан астам мал жұтқа кетті. 20.000-ға таяу адам аштан өлген.[81] Жәрдемші боламыз деп елді айдатып алған орыс пен монғолдың алдағандығы айқын болды. Сонша елге бір жың астық әкеліп сатып бермеген. Ел бастықтарына 25 кило келетін бір дорба сүйек ұнын бір атқа сатып берген. Малдан айрылған кедейлердің аштан өліп жатқан хабарлары бізге жан жақтан сауылдап ысқырып келіп жатты. Қазақ үшін өкімет құрып, жауды қуып, жер босатып аламыз деп жүріп қазақтарды жаудан бұрын олай айдап, бұлай айдап жүріп, ақыры өзіміз қырғандай болдық. Жауға ат көлік болып жатыр деп жүріп миллиондаған мал ақсүйек болып далада қалды. Орыс пен монғолдың Алтай халқын әлсірету үшін ұзақтан күткен дұшпандық торға айналып келіп мықтап түсіп отырғанымызды енді сезіндік. (123)

Алтайдағы болып жатқан ашаршылық туралы адам тыңдап тұра алмайтын жан түршігерлік сұм хабарлар бізді қатты мазалады.

– Жаудан аяп жүріп, Керейді қырып алдық-ау, Жәнтекейді қырып алдық-ау. Ел айдамауды бейшара Оспан әуелден қостаған еді. Қалқабай, Дәлелхан қайталап жүріп саяси адам болып алып, Богданов, Мәжік болмай жатыр деп жүріп ақыры Алтай қазағын бұл күйге әкеліп түсіріп қойды. Қайыр… Қаб бәлем, – дедім…

Осы жағдайды көріп тұрып Үрімжі қазақтарын Алтайға апарудың қажеті болмады. Жер тар, ел көп, мал көп. Тағы да біз ойлап көрмеген жұттар болса, онда тарихта бағы болмаған сорға жолығамыз деп У Жұн Шұнға өзі жіберген қажыбаланы қолына хат беріп қайта жібердім. Хатқа: “Біз ұзақ тарихтан бері Үрімжі құржа қытайларының істеген зорлық зомбылығына қарата бір соққы бердік. Бір рет ащы сабақ берген едік. Бір қанша залым құржаларды қырып тастадық. Бандит Шың Сысай жіберген армияларын да аяусыз қырғындадық. Оның бәрі үш жүз жылдан бері жүзгізілген ұлттық езгінің бір ғана қайта соққысы болатын. Үш жүз жылдан бері Манчу қытай зорекерлерінің қазақтарға, ұйғырларға жүргізіп келген зорлығын білеміз. Осы жараны қалай жазып, қандай тоқтам жасау керек?

Бандит Шың Сысай кетті. Татулассақ депсіздер. “Қандай істеу арқылы татулықты қолға келтіру керек?” депсіз. Осы сөзіңіз шын болатын болса, Үрімжі аймақтарының төрт аудан қазағын жер жеріне, мекен мекеніне қайтарамыз. Сонымен қатар, қытай құржалары ісін даулау, мал даулау, өш алу, жасырын кісі өлтіру істері жүргізілмейтін болса” деп жазған едік.

Осы кезде төрт аудан елін Ханоба, Қаратау, Қызылшалы Белге жинадық. Осы кезде Бәйтік елінен хабар келді. Бәйтік елін Дәлелхан, Кәмел, Қуанышбай Алтайға айдаған екен. Ел ішінен бұзылып шыққан Сарбас Әбікей мерген, Кәмел мен Қуанышбайды (124) атып кетті.[82] Әбікей төрт адаммен олар да соғысып шәйіт болды деп естідім.

Үрімжідегі Өкіметтен жазған хатымызға жауап алдық. Онда:

“Тарихи дауларды сіздер де қумаңыздар. Өткен жылғы дауды құржалар қумайды. Өлтірілген әскери дауды қуатын Шың Сысай өкіметі болса құлады. Барлық іске сәлемет. Ел мекеніне қайтып келсін. Біз жер-жердегі аудандық үкіметтерге, әскери орындарға бұйрық түсірдік. Өздеріңіз келіп, Сан Мың Жұй өкіметімен келіссөз жүргізіңіздер. Алтайдағы Жанымханмен сөйлесіп тұрыңыздар. Барлық хабарды Жанымхан арқылы сөйлеселік. Сүлеймен, Нұрғожай екеуіңізді де Алтай өкілі деп танимыз. Және екеуіңді Алтайдың Аймақтық Әскери Комитет бастығы деп танимыз. Құржадан алған барлық малды біздің өкіметімізге тапсырып беріңіздер. Мылтық сайман өздеріңіздің қолда тұрсын. Елдеріңізге қайтып келіңіздер” депті.

Сонымен төрт аудан жерін еліне қайтарып жібердік. Елден алынған 10.000 қой, 2.000 жылқы, 1.000 сиыр бар еді. Оны бізге жинап берген еді. Біз Алтайға көшетін болған соң оның бәрін өткізіп бердім. Қажыбалаға Кәбіл мен Шонайды қосып беріп, Үрімжіге жібердім. Бұл екі адам У Жұң Шұнға амандасып болған соң оларды Кау Жоянмен Жанымханға жіберіп беріпті. Біз ол кезде Бурылтоғайға қарай көшіп кетіп едік. Артымыздан Кәбіл мен Шонай келді. Оларға берген хатында У Жұң Шұн былай деп жазады:

“Сүлеймен, Нұрғожай екеуің Алтай өкілі боласыңдар. Оспан мен Жанымхан арасында жүріп қандай үкімет құру жөніндегі пікірлерді біліп, екеуінің арасын қосып бір тоқтамға келесіздер. Бұдан былайғы келіссөздердің мазмұнын Жанымхан арқылы ұғынармыз” Сонымен бірге маған өкілсің деп таңбалы қағаз жіберіпті. (125)

Мен сол бойы көшіп Оспандікіне келдім. Елдің берген сауғаларын Оспанға да, Дәлелханға да, Ақ Үй азаматтарына да таратып бердім. Кешке Оспан үйіне келіп едім, Қасаңбай кіргізбеді. Оны итеріп жіберіп кіріп барсам, Оспан мен Қалқабай отыр екен. Оспан сәлемді алды да ұшып түрегеліп, құшақтасып амандасып жылады. Мен кеткеннен кейінгі соғыстарда бір қанша батыр азаматтардан айрылғандықтан, екі жағымыз бірдей жыладық. Әсіресе Кәмел мен Қуанышбайдың өлгені бізге үлкен қайғылы хабар еді. Екеуі де Сүлеймен, Сұлубайдан кейінгі аса бір қайраттың иесі болып жетілген адамдар еді. Сөйтіп жыласып тұрғанда Қалқабай:

– Рұқсатсыз неге кірдің? Әдепсіздік, – деп еді. Мен тұрып:

– Сен әдепсізсің. Көп жолдастан айрылып қалдым. Мен рұқсат сұрап тұрмадым. Сен күн түн демей Оспанды қозғалтпай, боқ жеп іште отыратын болыпсың. Біз де елміз. Сендер жоқта да бір күрекпен жауды жапырған біз едік, – дедім.

Қалқабай қатты ыза болды. Оспан күліп:

– Қалқабай сыбағаңды алдың ғой. Енді тыныш отыр, – деді.[83]

Сол дыбыр үстінде бір қанша адамдар келіп кірді. Оспан Қалқабайға

– Сіздер мекемеге барыңыздар. Нұрғожай бүгін осында жатсын, – деді.

Күн кешкіреп қалды. Оспан үлкен әйелін ертіп, далаға шығып, бір ақ сарбас малды алып кіріп “Бата бер”, деді.

Оспан үйіне екі көзі қызыл бір шал келіп кірген еді. Ол адам төр алдына отырған еді. Мен оған қарап:

– Малға бата істеңіз, – дедім.

Сонда Оспан:

– Мен құт қонған Жәнтекейдің баласы сенің батаңды аламын. Малға сен бата қыл. Екеуміз қар жастанып, мұз төсеніп, бірге жүріп бірге өстік. Сені сағынып қалдым, – деді.

Мен малға бата қылдым. Ол шал Молқы Мамажан қажы екен. Оспан:

– Осы қажының батасын алмай, жүрегім саған өте жақын болғандықтан, әдейі сенің батаңды алып тұрмын, – деп тағы да бір рет қайталады.

Ет пысқан кезде Жылқыайдар, Ләтіп келді. Олармен амандасып жаттық. Жылқыайдар қалжыңдап

– Сені елдің бәрі қытайға кеткелі жатыр деп еді. (126) Өтірік болды ғой, – деді. Мен де қалжыңдап:

– Қарның ашып жүр ғой, қытайдың ақ момасына тойғызайын деп жүрмін. Менің артымнан ер. Жәнтекей мен Жәдіксіз басқа Керей күнің жоқ. Жол бастап көрген емессіз, – дедім.

Оспанмен оңаша Әңгімелесу

Тамақ ішіп болғаннан кейін барлығы кетіп қалды. Оспан екеуміз жалғыз қалдық. Бәйбішесі отауына кетіп қалды. Оспанға барлық ахуалды айтып таныстырдым. Бұрын да хат арқылы айтып келген сөздер еді. Оспан да өткен жылы бізді қарауылға жібергеннен кейінгі болып өткен уақиғаларды айтып өтті.

Оспанның әнгімесінің мазмұны мынау болды:

– Генерал Мәжік келіп тұрады. Қазір Ақ Үй Соғыс Комитетінің жұмысы тоқтап қалды. Ақ үй жұмысы Қалқабайдың билігінде, Дәлелхан Қалқабайдың билігінде. Қалқабай – Дәлелхан бір адам. Қалқабай күндіз түні менің жанымда. Аузымды аңдып отырады. Сөйлетпейтін болды. Ақ Үйді қорғайды деп Қалқабай Монғолиядан 300 әскер әкеліп, жанына қондырып алды. Менің үйіме ешбір қазақ кіре алмайтын болды. Кірген қазақ маған өз пікірін айта алмайтын болды. Сонау 1943 жылғы тоқтамдарды орыс – монғол бізден бұрын өздері жыртатын секілді. Бір кезде өзіміз Шын Түркістаны болсақ дегенімізді бұлар “Ой Құдай-ау ол не деген сөз. Онда қытай сендерден мәңгі айрылама деп еді. Коминтерн сіздерді тәуелсіз ел деп, Шығыс Түркістан өлкесі деп танып қойғандықтан осы жарнама сіздерге баянды тәуелсіздік әкеліп береді” деп сендірген еді. Қазір Ақ Үйдегі Қазақстаннан келген профессорлардың аузынан Коминтерн жоғалып бара жатыр. Қасеннің ақырын баяндауына қарағанда қазір Коминтерн жоқ. Ол ІІ Дүние соғысының кеселінен тарап кетіпті. Сондықтан істі уақытша Мәскеу басқарады. Мәскеу жақын жерден Монғолияның жәрдемде болуын тапсырып отыр дейді. Осылардың Коминтерні тарап кеткендіктен біздің ісіміз шала қалар ма екен? Егер, Қалқабайдың әрекетін бақсақ, бұл адам жасынан Құңанжұй болып Қобдадағы Шерушінің түбіне жеткен деседі. (127) Қалқабайдың ойы бізді ептеп Монғолияға да қаратып әкетпекші ме екен?

Оспан Қалқабай үшін ойы бөлек, ары бөтен дей келіп, сөзін былай деп жалгастырды:

– 1942 жылдағы тәуелсіз ел деген жарнама, 1943 жылдағы тәуелсіздік тоқтамы бойынша біз тәуелсіз ел болып кете алатын емеспіз. Оның бер жағында өткен жылы бес аудан малын айдауды Ақ Үй күштері, әсіресе Қалқабай, Дәлелхан күштеп еді. Бұдан қандай нәтиже шығып отыр? Алтай халқы малдан айрылды. Аштан өлді. Орыс кіріп алып үш аймақтағы шикізатты ақшасыз жесе болды. Орыстың арманы осы. Ал монғолда ондай да арман жоқ. Орыстың пайдасына жұмыс істеп отыр. Халықарадан үміт жоқ. Қырым, Кавказ, Түркістан бір адам туғызып бере алмады. Түркиядан бір саяси қайраткер туып, бізді сүйей алмады. Жағдайға қарай өмір сүру үшін біресе орысты, біресе монғолды, біресе қытайды жақтауға мәжбүр болдық. Қазақты азат етеміз деп жүріп, аяғы өзіміз оларды ең алдымен малы мен көп адамдардан айырып қойдық. Алтай халқы бас көтеріп, мылтық ата алмайтын болды. Шаруашылық мүмкіншіліктерінен айрылды. Бұның сыртында мылтық берген көп бұзақылар жау алмай, жер-жерде қазақты шауып әкелді. Оның бұлардың бәріне мен бұйрық бергеңдей көрінемін. Ел шапқандардың бір қаншасын атсақ жөн еді. Бұл мұрсаттан айрылып қалдық. Монғол мен орыс ең аяғында қол байлап қойды. Орыстар естуімде, Құлжа, Тарбағатайда өзі өткізіп жасырын сауда жүргізген. Ол жақты құрту үшін бұзық адамдарды құтыртып, жергілікті бұқараны дәулеттен айырудың тәсілін жүзеге асырып жатыр. Не үміт бар? Орыс пен монғолда сонау 1920 жылдан бері қойдың басын көрсетіп, иттің етін сататын әдет бар. Біздің осы тоқтамымыздың соңғы нәтижесі осы болды. Бірақ мен қозғалмай істеп тұрайын, – деді. (128)

Мен де өз жұмысымды баяндап өттім.

– 1942 жылы бізден ауып кеткен 80 ауылды қырған Жемсары қытай құржаларының сазайын тартқыздым. Төрт аудан ес жиып алды. Кедейлерді қытай құржаларының астығымен бағып шықтым. Малдары семіз шықты. Екі рет өкіл келді. Екеуін де өзіңізге жіберіп бердім. Шың Сысай Нанжинге кетіп, оның орнына У Жуши деген адам келді. Жолымыз Сан Мын Жұй дейді. Өткен заман уақиғаларына, кешегі уақиғаларға саламат деп жариялады. Елді өзінің мекен мекеніне жіберіп бердім. У Жұй Ши мені Алтай өкілі деп белгілеп таңба берді. Әскери әкімшілік өкілі депті. Сізге көп сәлем айтты. Қандай өкімет, қандай мемлекет құрғысы келеді? Жанымханмен келіссөз жүргізсін. Мүмкін болса Алтайдағы Кау Жоян қайтып келсін. Әскердің барлығын шегіндіріп алайық. Алтайдың әкімшілігін Оспан өткізіп алсын деп жатыр. Бұны қайтесіз? Басқа жұмыстардың барлығы қыс бойы өзіңізге жазып жіберген баяндамадан тысқары ерекше айтар табысымыз жоқ. Тек ерекше табысымыздың У Жушидің осы жаңа саясаты екенін айттым. У Жуши Шынжаң түрмесіндегі адамдардың бірін қалдырмай босатты, – дедім.

Оспан:

– Олар әскерін шегіндірсе, Кау Бауи Алтайдың уәлилік міндетін маған өткерсе, осы орыс пен монғолдар үлкен шатақ салады ғой. Қазір қазақ қолында қару көп болғандықтан Монғолия басымдылық істете алмайды. Мен бір қанша адамдарды құрылыстырып сақтандырып қойдым. Ел айдауым пайдалы іс болмады. Орыс пен монғолдың қазған орына барып түстік. Әскерлеріміз ішінде жасырын ел шауып кәніккен адамдар да көп шықты. Оның әуел баста бір нешеуін атсақ жөн еді, – деді.

– Кейіннен іс билігі Ақ Үй Соғыс Комитетіне өтіп кеткеннен кейін біздің өзімізге қайда бар десең, сонда барып жүрдік. Былтыр күз кетіп, биыл жаз әрең келіп отырмын. Екі аймақ арасындағы қарауылды тостым. Үрімжі Шонжы арасындағы қаражолды тосып, жоғарғы үш аудан жақтан асып, мың армияға азық-түлік жүргізбей қойдым. Істегенім сол. (129) Әкелген жаңа хабарым У Жужидың пікірі. Қалғанын жолдастарыңыз бен ақылдаса жатарсыз, – дедім.

Оспан:

– Істі өзіміз біліп, өзіміз шешуіміз керек еді. Біздегі ел айдау, ел шабу саясатымыздан басқа ұлттарды қойып, қазақтардың өзі жиреніп кетті. Біздің қазіргі жұмысымыз 1940, 1941, 1942 жылдардағы үш жылдық қозғалысымыздан әлдеқайда төмен түсіп кетті. Соңғы істеген жұмыстарымыз қазаққа опалы болмады. Қайта қазаққа опасыз істерді істеп отырмыз. “Кемпір араласқан ертек оңбайды” дегендейін орыс пен монғол араласқан жұмыстың оңбайтындығын сонау ертеде дұрыс ойлаған едік. Бірақ жағдай бізді алдады. Ең болмаса Монғолия тектес ел болып кетеміз деп ойлаған едік. Дәл осындай ел болып шыға алмаймыз. Енді демалып тынығуды ойлау керек. Халықаралық жағдай бізге тағы басқа мұрша бере ме, жоқ па? Соны күтелік. Дәлелхан келгенде қуанып едім. Саяси қайраткер болар деп ойлаған едім. Одан үміт жоқ. Мен Дәлелханнан, ішкі жақтан үмітті үзіп қойдым. Әріпбай полковник әскер алып барып, партизандарды құтыртып, Қобық елін шапқызып, бәрін Ресейге өткізіп берді. Жайыр, Дөрбелжін, Шәуешек елдерін шапқызып, бар малды Ресейге өткізіп беріп, аштан өлгелі жатқан орысты етпен бақты. Жеменей елін айдап барып, бір атқа бір мүшек қара ұн сатып берді. Қаби полковник Қаба елін Қазақстанға айдап өткізіп, бір атқа бір мүшек қара ұн сатып беріп, малды сыпырып алды. Әлихан полковник Сарсүмбе елін айдатып келіп, ұрынған жағдайымыз осы болды, – деді.

Оспан екеуміз бұл адамдардың сырын түсіндік деген жағдайларды ортаға қойдық. (130) Қазіргі күрес созылып қазақтардың өз арасын жіктеп алдық. Жау біздің ішімізге кіріп алып қамқоршы болып еді. Осы досымыз енді жау болып, ішімізден өзімізді өзімізге салады. Бұл орыс пен монғолдың әдісі еді. Бұлар тәуелсіздік алып береміз деген атты атап жүріп, ішке енді. Немістер жеңілді. Орыстар жеңді. Шаян бақаны мініп, көлден өтіп алды.

Ақмолла мен Қапас өз алдына рұқсатсыз Құтыби, Манас елдерін барып шапты. Одан соң қытай құржаларын шапқан бұлар кеткен соң, қытай құржалары өзінде бірнеше жылдан бері еңбекші болып отырған қазақ шаруалардан 305 адамды өлтіріп тастап, бір қанша адамды олжалап кетті.

Тоқтыбай, Қариға, Мапян, Рахымдар Баркөл елін шауып, қынадай қырып қазақтың дүниесін алып келді. Біз халыққа қарсы емеспіз. Бандит өкіметке қарсы едік. Ертең біз өкімет болсақ, біздің бұқарамыз кім болады? Мен:

– Біз басқаша ойлап көрелік, – дедім.

Оспан:

– Әзірше тұрып тұрыңыздар. Қазір Қалқабай мырзаның қамағында отырмыз, – деді.

Генерал СүгірбаевтЫ жаудан құтқарғаным

Дәл осы кезде Қалқабай мен Дәлелхан Сарсүмбе қаласын аламыз деп 700 әскер жинады. Мен қарсы шықтым.

– Қазір мал арық, ел аш. Керек десең әскер мінетін тың ат та жоқ. Аштан өліп жатқан қазақ әлі бар. Кім ат береді? – дедім.

Сонау ең бірінші құрылымдағы тоғыз комиссардың бәрі өліп, жалғыз мен қалған едім. Сөзім Қалқабай мен Дәлелханға ұнамады. Әскерді құрап алып, олар жүріп кетті. Мен Сұпты Күртідегі үйіме барған едім.

Он күнге жетпей Оспан 30 бесатар, көптеген оқ артқызып бұйрық жіберді:

“Қалқабай Дәлелхандарды Сарсүмбеден қытай армиясы, Борбыжап армиясы, Манат армиясы, ақ орыс болып төрт жақтан қоршап алыпты. Алынып кету қаупінде тұр. Сен өз әскеріңді алып, күн-түн демей жүріп, оларды құтқар!”

Мен дереу 150 адамды іріктеп алып жүріп кеттім. Жолға шығып Қандытай құйғанына барғанда Қатыранды (Шыбарайғыр) бір хат жазып Жанымханға (131) жібердім.

“Жанымхан Кау Жоянмен сөйлесіп Алтайды Оспанға өткізіп беру жағдайы болатын болса Ошырқажы тамынан екі жақ екі ақ боз атпен үш сағат сөйлессек” деп едім.

Олар да сөйлесуді талап етіп еді. “Маған Дәлелханды құтқару бұйрығы берілген. Бұл жолы сөйлесе алмаймыз. Егер Абитаннан адам жіберіп тілдесу қажет болса, бір сағат, көп болса екі сағат уақыт табармыз” деп белгі жіберіп бердім.

Қатран ақшамға дейін келмеді. Таң атқан соң Абитаннан жүріп кеттік. Біздің берген белгіміз көрінбеді. Шеміршектегі Ұйғыр Бақты Тамына барғанда демалып тамақтандық. Сонда Қатранды ертіп Жанымханның күйеу баласы Уақит келді. Жанымхан былай депті:

“Дәлелханды соғыстырмай алып қайт. Соғыс біртірдеп тоқтасын. Осы кезде Коминдаң өз ішінде ала болып тұр. Манат өздігінен бағынған. Онда да қорқыныш бар. Борбыжап да жаман қорқынышты жағдайда тұр. Кау Жоян Уаң Силиңмен соғыса алмай, Сан Мын Жұйды қабылдап, Алтайды Оспанға бере салып кеткісі келіп тұр. Олар елден айрылды. Бір ғана қаланы иелеп тұр. Азық-түлік торабы кесіліп қалды. Сондықтан У Жуши де барлық қысымнан құтылу үшін Алтайды Оспанға бергісі келіп тұр.”

Уақитқа бір бесатар, мың оқ бердім.

– Дәлелханды ептеп шегіндіріп алып кетейін. Сіздер партизан соғысын жүргізбеңіздер. Уаң Силиң ескі Шың Сысайдың құйрығы болғандықтан бізбен соғысуды талап етсе, онда ондық күшіміз бар. Арадағы қатынасты үзіп алмаңыздар, – дедім.

Мен Қуанбайға барсам, Буыршыннан қалың арбамен астық келеді екен. Жаудың негізгі армиясы атақты Көз Ян полкі екен. Оларды төрт жақтан қоршап алып, аяусыз соғыс жүргіздім. Олардың тау жағында Дәлелхан жатыр. Ой жағынан біз келдік. Олармен тіресіп соғысып, Көз Янды қолға түсірдім. Полковник екен. “Ат па” десем де қоста қалған әскерлер оны атып тастапты. Қорын бірақ түсіріп алдық. (132)

Монғол Борбыжап әскерлері Көз Янды құтқаруға келді. Олармен бір төбеге таласып барып, ақыры біз алдық. Ол жалт беріп құржаның тамына кіріп кетті. Жаныма таңдап он адам алып арық ішімен еңбектеп отырып, тамның жанына таяп барып едім. Қалқажанға оқ тиіп кетті. Оны қайтарып жібердік. Және бір Қыстаубай бала оққа ұшып кетті. Оны да қайтарып жіберіп, терең жыраның ішіне кіріп алып жақындадым. 71 атар автомат бар еді. Қақпаны атып едім. Қақпаның тас талқаны шықты. Есік ашылып кетті. Ат пен адам көрінеу қалып еді. Автоматты құйғалы тұр едім. Тамның артынан шығып алып қашты. Он адам, 15 ат өлігі қалыпты. Күн батып кетті. Әскерлермен Қуанбай мешітіне жиналдық. Тексерсек екі адам жаралы екен. Басқалар дін аман. Арба, өгіз, түйе, астық сыймады. Астықты тастың арасына апарып тығып қойдық. Арбаны өртеп жібердік. Жанымханға хат беріп “Астықтарды халыққа алғызып бөліп бер” дедік.

Дәлелханды қоршаған Көз Ян, Борбыжап қиратылған соң ақ орыс пен Манат қашып кетіп, оларды аман-есен жаудан айырып алдық. Оларды құтқарып қалғандығым үшін Монғолия да, Дәлелхан да маған сеніп кетті. Дәлелхан:

– Ертең Қарашілікке келіңіздер. Сіздердің бізді құтқарып қалғандықтарыңыз үшін той жасаймыз. Ұланбатырға, Богдановқа, Мәжікке, Оспанға телеграм жолдадым. Олардан құттықтау келеді, – деді.

Жаралы адамдарды елден түскен олжамен қайтарып жібердік. Ертеңінде Қарашілікте жиналып, көп өгіз сойып, той қылдық. Оспаннан, Генерал Мәжіктен құттықтау телеграм келді.

“Нұрғожай батырдың 150 адамдық күшпен жеті жүз адамдық Көз Ян полковникті жойғандығы, сатқын Борбыжаптың 300 адамдық күшін талқандап тастағандығы, он мыңдаған қытай әскерінің азық қорын тартып алғандығы үшін ең жоғарғы атақ Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитетінің І- орынбасары деп белгіледік”,  деген әмір келді. (133) Сол жолғы соғыс линиясының орынбасары да мен болып қалдым. Оспан, Мәжік қол қойыпты.[84]

Ертеңінде ақылдастық. Мен тұрып:

– Қайталық, ат арық. Көлік семірсін, – дедім.

Дәлелхан:

– Шұңқырды басып, Қалутанға шығып, Үштас жайлауына шығып кетелік. Ат көлік сонда семірсін, – деді.

Үрімжі үкіметімен келіссӨз

Мақұл болып жүріп, Таралаңға барып қонып, ертеңінде Бұғыатарға бардық. Шабуыл жерлерін тексердік. Өткел аузында әскер бар екен. Уарыс әскерлері, Манат, Борбыжап әскерлері түгел сол жерге барып алыпты. Сонымен Жуантерекке ойысып түсіп судан өтіп, Түнкені басып, Әміраштайға жетіп бардық. Бірақ алдымыздан ақ орыс әскерлері өткізбеді. Қасейін батыр оққа ұшты. Азық та азайғандықтан ол жерден қайтып, Алағақ Шәку бейітіне келдік.

Қасейін, Кенен, Қали Буыршынға жер шалып барып, 200-ден астам әскер атын алып келді. Қасейінді жаназалап Түнкеге қойып кеттік. Жолдан Жылқыайдар, Ақмолланы жүз адаммен Әріпбайға жібердік. Елге барып ат семіртіп, бір айдан соң қайтып келетін болып жүріп кеттік.

Біздің артымыздан жүрген қытай қарауылдары Бурылтоғайдан келе жатқан Смағұл молланы атып кетті. Және астық-азық іздеп шыққан Ақылбай баласы Сұлтания ішінде 11 адамды атып кетті.

Алағақты басып Сайырдан асып, Көз Ян өлген жерге келдік. Қаратасқа келіп Ақтеке адырларын басып, Тұлтының аяғындағы Сарқамысқа келіп қондық. Артымыздан Манат, Борбыжап, ақ орыс әскерлері қуып келіп, Қарағаш маңында тоқтап қалды. Тәңертең біздің әскерлер жүріп кетті. Мен 40 адаммен артында қалып едім. Тастембай айналып еді.

– Жүре беріңдер, азырақ кешігіп жүремін, – дедім.

Жанымда Кенен, Нәби, Көкей, Жылқышыбай, Сансызбай бар еді. Біздің хабарымызды естіген соң үкімет адамдары да алдымыздан шықты. (134)

– Тастембайға ат айдап қайтамын, – дедім де Борбыжап пен Уарысқа Қатранды жібердім. Біз-қару жарағымызбен сақшының ішіне келіп түстік. Атты бағуға әкетті. Мылтықтарды бір үйге жинадық. Ер тоқымды бір үйге жинадық.

– Ісіміз асығыс. Бізді шақырғанда үш сағат деген еді. Жауап алып қайтсақ – дедім.

Қала ішіндегі қазақ бастықтарынан Әлен Уаң, Шәмси, Мұқаш, Қажнәби, Кау Жұ Ян мекемесінде екен. Бізді сол жерге апарды. Ол жерге хат жазып жүрген Жанымхан келмеді.

Мен ол адамдарға мынаны айттым.

– Нанжиң үкіметі Шынжаңға У Жушиді жіберген екен. Маған У Жуши Алтай өкілі деп таңба беріп сіздерге сөйлесуге бұйырған еді. Әскеріміз жүріп кетті. Қағаз жіберген Жанымхан қажы келсе екен, – деп талап еттім.

Кау Жоян тұрып:

– Бұл болса – мемлекет ісі. Үш сағат ішінде қандай жауаптасуға болады. Болмаса үш күн қалыңыздар, – деді.

Оған да мақұл болдым. Нәби, Жылқышыбай, Кенен, Көкейді мен жатқан үйге жатқызды. Әскерлерді алып кетті. Екі күн жаттық. Жолдастарымды кезек-кезек апарып, сұрақ қылады. Түн ортасында Көкейді алып кетіп, екі сағаттан соң әкеліп тастады. Оларға мен ренжідім.

– Сендерді кім шақырып жатыр, – деп сұрадым. Олар маған ренжіп:

– Торға жаңылып түсіппіз. Сендер қаланы іштен бұзғалы отырсыздар. Нұрғожай өтірік айтып отыр деп тергеу жүргізіп жатыр. Ұрмаса да ұрғаннан артық, Шәмси тергеу жүргізіп жатыр, – десті.

Тәңертең есік қағып Шәмси кірді. Ол сәлем берді. Мен алмадым.

– Менің шешем бір қой қалжа жеген. Сен Базарқұл болсаң, менің Шақабай жолдастарымды не үшін тергеуге аласың? Мені шақырған кәрит Жанымхан қайда? Мен екеуіңнің біріңді атамын. Мені өлтірсен қазақтың бір қатыны буаз. Оспан да құрып қалмайды, – дедім.

Шәмси кетіп қалды. Бір сағаттан соң (135) Жанымхан келді.

– Сіз бізді шақыртып алып, сұраққа тартқызып қойғаныңыз не? Не үшін шақырдың? Екі күннен бері неге келмедің? Мұндай болғанда сіздер Сан Мын Жұйды қабылдамаған екенсіздер. Кәменосқа ұқсап тұрсыздар, – дедім.

Жанымхан ойланып тұрып:

– Шәмсиға кәменос деген сөзіңді айттын ба? – деді.

– Айттым, – деп едім.

– Бұл адамдарда әлі де Шың Сысайдың әсері бар болып отыр. Ертең сағат онда бір адам шақырады. Сол адамға барлық пікіріңді қорғанбай айт, – деді.

Сағат онда Кәрманбай ертіп, Кау Жоянға апарды. Сөзімді дұрыс аудара алмады. Осыған байланысты ренжіп едім.

– Кім аудару керек? – деді.

– Мұқаш аударса, – дедім.

Дереу телефон соғып Мұқашты алғызды.

– У Жуши бізге әмір беріп, қан төкбей келісім арқылы іс істеуді тапсырған еді. Он аймақ өлке Үрімжіде болмақ. Кау Жоян өзі келсін. Алтай уәлиі міндетін Оспан өткізіп алсын дейді деген еді. Біз үш сағат сөйлеспек едік. Қазір үш күн болды.[85] Тез жауап бермесеңдер, менің семьяма қиын күндер туылады. Оспанды бақылап отырған Қалқа әскерлері бар, – дедім.

Осыдан кейін Кау Жоян:

– Біз өз ішімізде келісе алмай жатырмыз. Уан Силиң біздің пікірімізді қабылдамады. Оның қолында әскери күш болғандықтан, біз сіздерге жауап бере алмай отырмыз. Мен У Жушидің пікірін қабылдаймын. Ақылдасып көрелік, – деді.

– Оспанмен тіл алысу шарты бола ма, жоқ па? – дейді.

– Уақыт өтіп кетті. Біз қазір бір жұма жатып қалдық. Артқы жақты білу үшін Кененді жіберелік, – дедім.

Олар мақұл көрді. Кененді жібердік. Кенен төрт күнде барып, қайтып келді.

– Жұрт жатыр, адам жоқ. Мал-жан жоқ, – деп келді.

Енді екі күннен кейін Сүлеймен мен Сарыбай қашып келді. Нұрғожай бағынып кетті деп Қалға әскерлері мен Молқы әскерлері (136) Сүлеймен ауылдарын, Сарыбай ауылдарын түк қоймай малдарын талап алып, ауылдарын шауып кеткендіктен төрт кісімен Кәбіл, Қажыбай қашып шыққан екен.

Ол екеуі Қандығатай жолымен Жаң Жұн бұлақ басына келіп түскенде, қытай әскерлеріне кезігіп қалғандықтан қытайлар ол екеуін атып кетіпті. Ауылдан 17 адамды қолға алып оның ішінен менің баурым Шаймардан және Ермекұлы Шаймардан, Келесұлы Әбілмәжін қатарлы төрт адамды Монғолияға әкетпек екен. “Оспан малдарын шауып алыңдар. Адамдарына тиіспеңдер” деп алып қалыпты. Егер біздің ауыл шабылмай тұрған болса, онда Әлен Уаң бастық бір қанша ел бастықтары алып, Оспанға баратын едім. Жоспар бұзылып кетті. Осындай қайғылы уақиғалар болып жатқанда мені Кау Жоян шақырып

– Не ойлап тұрсың? Қандай жоспарың бар? – деді.

– Бауырларым өліпті. Малым шабылып кетіпті. Өкілдік алып келген істерді уағында шеше алмадыңыздар, – дедім.

– Сіздердің барлық залалдарыңызды өкімет өз үстіне алады. Оларды біз төлейміз, – деп көңіл аулады.

– У Жуши маған берген қағазында Алтайға барып осыны жеткізе білсең, қайтып Алтайдан айырпланмен Үрімжіге алғызамын деген еді. Енді менің қарарым Үрімжіге кету, – дегенімде қуанғанынан ұшып түрегелді.

– Уаң Силиң екеуміздің арамыздағы қайшылықтан сіздің жұмысты қалай шешуді білмей отыр едім. Мен Үрімжіге телеграмма берейін, жауабын ертең алыңыз, – деді. Ертеңінде Үрімжіден хабар келді.

1945 жылы 8 мамыр күні айродромға жетіп барсам, Әлен Уаң баласымен, Жанымхан баласы Хамитпен келді.[86] Менің жанымда Нәби бар еді. Сүлеймен өзінің Бұқар деген баласын ертіп келді. Сарбай зәңгі қосылып сегіз адам айырпланға отырып бір сағат 55 минутта аман-есен Үрімжі қаласына жетіп бардық.[87] (137)

Бұлғын Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетінің бұйрығына сай 1944 жылы  қыркүйекте шеру тартып Буыршын, Алтай, Бурылтоғай елдерін жинап айдап, Шіңгіл ауданына әкеліп орналастырған едік. Жеменей, Қаба аудандарының халықтарын Шығыс Қазақстанға айдап өткен болатынбыз. Онымен Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай, Алтай, Сарсүмбе, Буыршын, Жеменейдегі қытай өкіметтері мен қытай армияларын ашықтырып барып қырып тастауды жоспарлаған едік. Алтайға келетін екі үлкен жол, оның бірі Шонжы арқылы Сартоғай жолы, енді Тарбағатай арқылы келетін Қобық жолы болып, бұл жолдарды әскери күшпен кесіп тастаған едік.

Әсіресе күшті жол Бәйтік жолын Кәмел батыр, Қуанышбай әскерлері күзеткен. Онан соң Үрімжіден төтелеп келетін Үш Бұлақ Құм жолын мен күзетіп едім. Көктоғай мен Шіңгіл арасындағы қарауыл, Көктоғай мен Қаратүңке арасындағы қарауыл, Сарсүмбе мен Көктоғай арасындағы қарауылдар жіберіліп, қытай күштерін бір-бірінен хабарсыз тастаған едік. Көктоғай, Қаратүңке – Сартоғай Келең аузы, Дабысын, Қарамайлыдан Шонжыға дейін бес жүз километрлік қытай қорғаныстарының барлығын кесіп-кесіп тастап отырдық. Үрімжі Бурылтоғай арасында Үш Бұлақ Отын Қозы жолдарына да мықты күзетшілер қойылды.

Біздің әскерімізде қор болмайды. Бүкіл дүниеде мұндай қарапайым әскерге ие болған басқа бір де бір мемлекет болмаған екен. Азығымыз бір ағаш арпа талқан ғана болатын. Қойдың бір құйрығын ерітіп, сол талқанға араластырып, тұлыпқа салып алып айлап жылдап соғысып келдік. Ат, ертоқым әскердің өзінен. Киімі әскердің өзінен. Мылтықты жаудан тартып алып отырдық. Алтай тауының сұрапыл суықтары, қаһарлы қатты борандары, торғайдай болып түсетін қарлары, бұршақ болып жауып тұратын жауындары, дүрілдеп сілкініп (138) тұратын таулары, бүкіл тауларды қаптаған мың жастан екі мың жасқа келген қарағайлары сияқты өзіндік ерекшеліктері бар. Тіпті Қайсадан бұрын туған қарт қарағай самырсындары талай ғасырдан бергі көрген-білгендерін бізге жеткізіп отырғандай сезілетін. Жер бауырының шалғайлықтары, ол жазықтарда жүгіріп бара жатып ұшып өліп жататын иттер де табиғаттың Алтайдағы қатал мінезін бізге түсіндіріп тұратын.

1944 жылдың қысы, міне осы қыстың өзі болды. Дабысын, Сартоғай, Қаратүнке, Көктоғай қатарлы төрт орында және Монғолия шекарасы  Жарынтыдағы 60 мыңнан артық жатқан Шың Сысай әскерінің азыққа жиған қой, өгіз, мінетін аттарын түгелдей тартып алып, олардың қолын тазалап жібердік. Жолдармен машиналар жүре алмады. Әрі біздің қарауыл, әрі жауған қалың қар оған бөгет болды.

Қытай армиясына ауыр соққы

Жұт ағайынды болғандықтан, сол жылы жеті жұт бір-ақ келген еді. Қытайлар қолда бар азықтарын жеп болды. Қытай қашуға айналды. Алтайдағы соншама қытай армияларының жейтін түгі қалмады. Ондай қалың күшке айырпланмен де азық тасу да қиын болды.[88] Ал айырпланды да атып түсіріп тоқтатпадық.

Дәл осындай ауыр жағдайда тұрғанда екі метрге дейін қар жауған Көктоғай қаласын қоршап алып, зеңбірек астына алғалы тұрдық. Жау жер астынан шығып алып, жаяулы, атты болып Сартоғайға қарай қашты. Ол қырылып отырып Қаратүнкеге келді. Ол жерден түре соғысып Сартоғайға алып келдік. Сартоғайда төрт күн шайқас болып жау армиясы Дабысынға қарай қашты. Соғыстың алдың, ашып қойдық.

Қытайлар Дабысынға келгенде ол жалтаң жер болып, қытай шыдап соғыса алмады. Дабысында 12.000 әскери күш болып, ол күнде ол жерді қытайлар “Зұң бұ” деп атайтын. Осы Зұң бұдан айдап шықтық.

Екінші жақтан Бұлғындағы 7.000 жау  әскерлері Жарынтыны иелеп алып, (139) көп уақыттан бері бізге ауыр зиян кетіріп тұрды. Олардың да азық-түлігі таусылды. Екі күндік шайқастан соң қашып Дабысынға келді. Дабысынды тас-талқан қылғаннан кейін, бұл армия Шонжыға шегінуге мәжбүр болды. Сол жылы У Жуши келіп, ауыр жағдайда тұрған Шынжаңды жөнге саламын деп “жоғарғы Көктоғай, Шіңгіл, Бурылтоғайдағы 60.000 армия шегініңдер. Алтайды Оспан өзі билесін. Алтай уәлиі Кау Жоянды қайтып келжін” деген еді.

Соншама қалың күш азықсыз қалып, У Жушидің нұсқауын қабылдаған болатын. Біз солай болса да бұл армияны оқпен ұзатып салуды дұрыс көрдік. Алпыс мың армиядан Шонжыға не бары 7.000-ға таяу армия өтіп, 53.000-нан астамын қырдық.

Қытай бандиттері бізді, Шығыс Түркістан мұсылмандарын үш жүз жыл өлтірген болса, біз не бары 17-ақ күн сұрапыл соғыс жүргізіп, осыншалық санға ие Шың Сысай бандит армияларын қырып тастадық.

Біз елді айдап, жауды қоршағанда осыншалық зор нәтижеге қол жеткіздік. Біздің шығын да аз болмады. Талай ерлеріміз құрбан болды. Монғолия бізді алдап малды жұтатып, 18.000 адамды аштан өлтіріп, 1.300.000-нан астам мал ақ сүйек болып қалды. Көшпелі ел қазақ үшін ауыр зиян болды.

1945 жылы 5 тамызда “Екі жақ бітім жасадық. Жендет Шың Сысай кетті. Демократиялық жаңа өкімет құрамыз. Жолымыз Сан Мын Жұй. Алтайдағы қытай армиялары шегініп, Алтай құқығын Оспан өзі өткізіп алсын” дегендіктен мен өзімнің күрес жолымды уақытша қайырып қойдым.

Өйткені көшпелі ел қазақтардың малы жұтап, адамдары аштан өліп, жер-жерде қазақтар үшін болатын зиян өте ауырлай бастады. Оның үстіне бізге Шығыс Түркістан құрып беретін орыс пен монғол жасырын (140) тәсіл қолданып, қойдың басын көрсетіп, иттің етін сата бастады. Оспанды да ептеп ептеп жоғалтуды, Оспаншыларды да ептеп атып тастауды ойластырып, өзіміз сенген Дәлелханды қолдарына қондырып, басқаша жұмыс істей бастағандықтан біздің бір бөлім адамдарымыз жіктеле бастады.[89] Осы жағдайды көре отырып мен ең алдымен тыныштық бітім дегенге мақұл болдым. У Жушимен болып жатқан әңгімені біртіңдеп Оспанға білдіріп отырдым.

Сол себепті мен өлкелік өкіметке тағы бітім жолын іздеп барған едім. 1945 жылы 7 шілдеде “Шын Силиң шақырып жатыр” деді. Машина келген екен. Сол машинаға отырып генеральный соғыс мекемесіне барсам, сап-сарала бір адам отыр екен. Жанында аудармашы болып Бұрхан Шахиди отырыпты. Аман-сәлем болмады.

– Шіңгіл – Көктоғай – Бәйтік жеріне барған 60.000 армиядан Шонжыға 7.000 адам әрең келді. Қытайды осынша қыратын бізде не әкеңнің құны қалған еді? Онша қытайды кімнің күшіне сүйеніп өлтірдіңдер? Қандай бітім жасағың келіп жүр? Сенің бітім дегенің жалған іс. Біздің ішкі сырымызды білгің келіп жүр, – деді.

– Мен Алтайға бітім іздеп барғанда, ондағы Уаң Силиң да осы идеяда болып, елден маған хабар әкеле жатқан бауырым Кәбілді жолдасымен қала сыртында атқызып тастаған еді, – деп жауап қайырдым.

Бұрхан аударды.

Мен сөзімді жалғастырып:

– Біздің қазақтың мынадай мақалы бар: “Қонағым артыңа қарап сөйле!” дейді. Сіз де артыңызға қарап сөйлеңіз. Ең әуелі 1940 жылғы бітім қайда? 1940 жылы Монғолиямен бірлесіп алып, 4.500 үйді Бұлғын жалпағында қырып, 11.000 қатын-баланы қырып тастағаныңызды білемін. 1738 жылдан қазірге дейін Шығыс Түркістан мұсылмандарынан қазіргі тірісінен көбірегін, яғни 6 миллион мұсылманды өлтіріп отырсың. Ал арғы тарихтан алып айтқанда, сонау Ғұн түрік тарихынан бері бүкіл Түркістанды қыз беріп, бірін бірін салып қырып (141) келесің. Қазіргі Бейжин, сол кездегі Ханбалық түріктің сұлу патшасының астанасы еді. Олардың ұрпағы қайда? Естемидің Тардұш дейтін ұлы Күшардан бір миллион адамымен қашып барып пана іздеген еді. Соның ұрпағы қайда? Сенің жерің ұзын қорғанның іші еді. Бұл жерге осыншалық күшпен бізді жаулап алатын сенің не әкеңнің құны бар? Егер екі жағымыз ата құн даулайтын болсақ, онда менің ата-бабамның құны сенде. Сенің ата-бабанның менде құны жоқ. Бұл тұрған жерін тарихтағы Түркістан жері. Орта Азия Түркістан елдерін баса билеу, оны өлтіріп құрту құқығын сен кімнен алдың? Түркістан қазақтарын сатып алып па едің? Не үшін сен бізге ұлттық билік құқығын бермейсің? Адам өлтіруді кім бастап келеді? Сенің үш жүз жылдық езгіңе біз 17 күн ғана қарсылық істедік. Осыны көп көріп отырсың ба? Осы Жұнғарияда дәуіріміздің І ғасырында 630.000 қазақ бар едік. Сол кезде қытай ішкі өлкеде 150.000 адам едің. Қазір сен қанша? Біз қанша болып отырмыз? – дедім.

Бұрхан аударды. Жеткізе аударды. Бұл генерал басыла берді. Ары-бері жүріп келіп күлді де:

– Бітім жасау дегеніміз орынды пікір екен. Жанымхан, Әлең сіздермен бірге келді ме? – деді.

– Бітім болса деген пікірді Әлен, Жанымханнан бұрын, У Жушиге мен айтқан едім, – дедім. Бұл іс осымен тоқтап қалды. (142)

Қосымша айтатындарым

1. Біз “Шығыс Түркістан Бұлғын Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетінің” бұйрығы бойынша 1944 жылы қыркүйекте Буыршын Алтай елдерін айдап, Шіңгіл ауданына апарғанбыз. Кейін елді қорғау үшін Манат әскерлері Өндірқара қарауылын ұстауға жіберілген болатын. Ол адам өзі Жәнтекей, оның ішінде Есентай руынан шыққан еді. Бүкіл Жәнтекей елінің Шіңгілге барып, малдан айрылып жұтағанын көріп, Ақ Үй Соғыс Комитетіне де, Оспанға да өкпелеп Сарсүмбеге бағынып кеткен еді. Кейін оның орнына Әсербай қарауылы жіберілген еді.

2. 1943 жылдың ақырында Оспандар көшіп шекараға барып орналасып, Соғыс Комитеті құрылғаннан кейін Үрімжіден Құрман, әкесі Құсайын, Шәри, Қалман үш адамды өкіл етіп қызмет беріп жіберді. Бұлар Дөңтідегі Лу Зы Қойға барған соң Қалманды алып қалып, қалған екеуін Қалел тәйжі аулына жіберді. Шәри Келестің үйіне келді. Олар келіп:

– Монғол жерінде тұрмаңыздар. Түбінде монғол, орыс билігінде болғандықтан опасыздық істейді. Күнәларың сұралмайды. Өзіміздің жерге көшіңіздер, – деп Үрімжі өкіметі қағаз жазыпты. Қалел тобы Қарақастар кетпекші болды. Сондықтан ел ішіндегі алалық кеселінен үкімет құруымыз біраз шегінді.

Оспанның Жәнібек орнына бармағандығы, Ырысхан орнына бармағандығы және бір жесір дауы болып Оспанға тағы бір наразылық көтеріліп тұрған еді. Мен Шәри мен Құсайынды қонақ қылдым. Шәри Шың Сысай мен орыстың айрылған хабарын алып келді. Құсайынды Шіңгіл ауданына шән, Меркіт Қабиды аударушы деп белгілеген екен. Біз бағынбайтындығымызды айттық.

Олар бізге мынаны айтты.

– Құмылда ішкі өлкеге апаратын бір миллион 400 мың ат дайын болып жатыр. Осы атты айдап әкеліңдер.

Осы атты айдап әкелуге Монғолиядан жол беруін талап етіп едік. Олар мақұл (143) болып жол берді. Оспан:

– Алдымен үкімет құрып алайық. Сондықтан қыс бойы тыныш жат, – деп бұйрық берген болса да мен таңдап жиырма адам алдым да қазақтың малын қытайдан айырып қалайын, қытай мінген ол аттарды өзіміздің әскер мінсін деп жүріп кеттім.

Зейнел батыр да артымнан төрт адаммен келді. Бұлғыннан шығып, Көкадырға бардық. Одан Намжыққа барып, Бәйтік пен Кіші Қаптық арасындағы Торанғылы Қобымен Көк Серкеге шықтық. Ол жер Қуанышбай батырдың мекені еді. Одан шығып алып, Шабылған Бастауға бардық. Онда бір түн тынығып алып, ертеңінде Боз Бастауға барсақ, онда жүз сиыр баққан үш үй қазақ қонып жатыр екен. Қатын-баласын бір үйге жинап алып, бір құнажын сиырды сойып жедік. Сегіз адамды сол жерге қарауылға тастадық. 18 адам Ақбұт Талдықта жатқан жылқыға бардық. Үш үйдің бірі Молқы екен. Соның біреуін ертіп алдық. Қар қалың жауыпты. Ол жерден жылқы жөткеліп кетіпті.

Кенерелеп жүріп Пиязы Сасық Бастауға келдік. Онда Абдолда ауылы деген 20 үй Керей Ителі бар екен. Бұл бастау суы сор болып, бірнеше атымыздың іші ауырып қалды. Ол жерге тілсіз етіп қарауыл тастап кеттік. Ланшор, Құмшорда 2.000 жылқы жатыпты. Бастығы бар, Мұғал деген мал докторы бар екен. Таң ата ауылды қоршап алдық.

– Мұғалда мылтық бар, үйде екен. Мұғалды шақыр, – дедік. Ол үйден:

– Мені кім шақырады? – деп дауыстап еді. Біз тұрып:

– Қожаң шақырады, – дедік. Кәбіл мен Боранбай тас арасында аңдып отырған еді. Келе жатып найзаны көріп қойып қайта қашқан Мұғалды Кәбіл мен Боранбай ұстап алды. Мұғалды, Зәки дейтін Найманды қолға алып 40 жылқышыны ақысын беріп жеріне қайтардық. Зәкиді Зейнел таниды екен. Тегінде Алтайлық екен. Зәки Қонтан жағасында:

– 1.000 ат бар. Елу ат жайлауда, – деді.

Ол аттарды айдап келдік. Қонтанға қарай жүргенде Қабдолда Хайбардың 500 жылқысы жатыр екен. Одан көк ала атты Зейнел ұстап алды. Зәки бастық 15 адамға 15 ат және қосар беріп қайтарып жіберіп, 3.000 атты айдап елге қайттық. (144)

Секел Еренқанды қытай ұстап кетіпті. Онан із-түс жоқ екен. Біз Шолақ дөңнен асып, оларға келдік. Қуанышбайға келіп ол жерде Хайбар тәйжінің үйі бар екен. Қабдолланың Сара дейтін әйелі бар екен. Машан дейтін баласы аң аулап кетіпті. Олар Алтай ахуалын білмейді екен. Бір кесек киіз берді.

Одан жүріп таң ата Боз Бастауға келдік. Сиырдың еті асылып жатыр екен. Етті жеп алып, көмір жолымен жүріп отырып, кеш бата Әліп шабылған бастауға келдік. Азырақ ұйықтап алып таң ақтанша жүрдік. Көксеркеден асырып, Айдар Құмға келдік. Одан жүріп отырып үлкен Қаптықтағы Ұланбәйшінге келіп түстік. Онда демалып, бие сойып жедік.

Ертеңінде Ұланбәйшіннің тар сайында жылқыны санап өткізсек 2.600 жылқы болыпты. Ламжықтан төрт құлан атып, етін тығып кеткен едік, соған келдік. Жер қалың ши болып, шөп жетіліп түсіп кетіп еді. Сол жерге келіп сауға бөлдік. 100 атты Ақ Үйге, 100 атты Мәжік генералға, 30 атты Оспанға, 15 атты Қалелдің үйіне, 15 атты Келес пен Шәриге, 15 атты Жанболсын ауылына, 15 атты Кәріп, Әбдірасұл, Манаттарға бөліп қойдық. 100 атты жүлдеге мен алдым. 100 атты Қуанышбайға, 50 атты Зейнел алды. Қалған атты 24 адамға 50 аттан тең бөлдік. Таңдап бестен ат алдық. Бәйтік Қаптық арасында жоғалып 300 ат қалды. Атқа таңба басып болып қос атпен үйге жүріп кеттім. Көк адырдағы Қала қарауылына жолығып, белгіні беріп жүріп кеттім.

Біз келсек Шың Сысайдан Монғолияға телеграмма келіпті. “Сіздің адамдарыңыз бізден 3.000 ат алып кетіпті. Сол аттарды Құсайын мен Шәриге қайтарып беріңіздер” деп жазған екен. Атты бөлік бойынша бердім. Оспан мен Қалелдікі алмай қойыпты. Ақ Үй азаматтары бізді таншон істеп қойыпты. Оспан Жәнібек пен Ырысхандікіне барып, Құран оқыдым. Мен бар елді шақырып, әкемнің қырқын бердім. Бұл пакіттің [мәтіннің] орны жоғарыда қалған еді. (145)

Әлихан бір кезде Оспанға жазған хатында “Сақ болыңыз – орыстар бізге шынайы Шығыс Түркістан мемлекетін құрып бергісі келіп отырған жоқ. Жын ойнатып отыр. Сіздің жасаған тоқтамыңыз бойынша, мен де іс көремін. Жарнама мен тоқтамды мықты ұстаңыз. Коминтерн тарап кетті. Алтайдағы қазақтардың қолындағы малынан айрылсақ, Алтайдың шаруашылық күші кетсе, онда құрудан басқа жол қалмайды” деген екен.[90]

Орыс пен монғол істі енді қайдан бастайды? Алтайды әбден тоздырды. Алтай елін Қазақстанға айдатып барды. Монғолияға айдатып барды. Шіңгілге айдатып барды. Бір қалта сүйек ұнын (жиырма бес килограм) бір атқа берді. Халық малдан айрылды. Адамдардан айрылды. Осы кезде орыстар Құлжа мен Тарбағатайдың шаруашылығын құрту үшін шекарадан жасырын сауда ашты. Бір мылтық елу оғымен маңдай алды бір ат болды. Бұл мен шайды шығарып, кім мал қуып апарса, ол кімнің малы деп сұрамады. Ұрыдан арзан сатып алып әкете берді. Ақырында Қалибек, Хамза тобы да орыстың ұрлық қылығына шыдай алмады. Алтайды әбден тоздырды.

Ысқақбек, Дәлелхан, Ахметжанды жасырын қолдарына қондырып алды да оларды “социализмшіл, данышпан алдағыны көре алады. Алысты болжайды. Коммунизм адамзаттың еркінен тыс келіп қалған қоғамдық түзім екенін Ахметжан, Ысқақбек, Дәлелхан болжайды” деп оқымаған үш надан адамды мақтап, алдап қолдарына қондырып алып, іштен бізді жіктеді. Оспанның, Қалибектің басына саяси қастаңдық істеуге ұрынды.

– Алтай жұтап, халыққа обал болды. Енді қозғалысты Құлжадан басталық, – деп соқты. Онда да көңілде үлкен арамзалық салды. Құлжадағы Тараншының, Қызайдың надандығынан ақымақтығынан онда Лөкшек көп алдын да, артын да ойламайтын адамдардан мықтап пайдаланды. (146)

Оспанның Алтайға уӘли болып келуі

Ресей 1944 жылы 7 қараша күні Құлжа Нылқы шек арасынан Қазақстанның Әнуар полковник армиясынан 2.000 адамын жасырын өткізді. Осыдан кейін Ресей үкіметі бандит Шың Сысайдың орнына келген У Жушиге:

– Бізден 2.000 адам қашып өтті. Олар, соғыстан қажыған әрі қашқан отан сатқындары қылмысты элементтер еді. Осы адамдарды ұстап беріңіздер, – деп талап етті. Бұл не деген ептілік!

Құлжа қорғанысы дейтін қозғалыс міне осында, Шығыс Түркістан Бұлғын, Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетінің 1943 жылы 6 қантарда Түркістан Соғыс Комитеті қарауындағы Соғыс Комитеті Алтай Соғыс Комитеті, Тарбағатай Соғыс Комитеті, Іле Соғыс Комитеті болып ұйымдастырылған үш соғыс комитетінің бірі болатын. Ұзақ уақыттан бері Оспан Іле жайында Әлиханды танып онымен байланыс жасап тұрды. Тарбағатай жайында Қалибек қозғалысын ғана өзек етіп келгенбіз. Ол кезде Коминтерн тірі еді. Ол тарамаған құқықты орган еді. Екінші дүние соғысының салдарынан Коминтерн тарап кеткендіктен орыстардың бұл уақиғаны өз қажетіне орайластырып, “бұлар аз ұлт, оның дүниелік рөлі жоқ, осыны сатсам шығыстан үлкен олжаға қарық боламын” деп ойлады.[91]

“Пәлен жерде бақыр бар, іздеп барсаң жауша жоқ.” Орыстар олжаға салмақшы болған ұлттар әрі көп, әрі тарихи орны, әрі оның Коминтерн мазмұнын түсінетін ақылды адамдары болғандықтан “Лаумаузыны” бір теуіп лақтырып жіберді.

Коминтерннің тарап кетуін пайдаланған орыстар да монғолдар да 1942 жылы жарнамамен қаулыны лақтырып тастады. 1932 жылғы Шығыс Түркістан деп жариялаған жарнамасын сырт айналып келіп бандит Шың Шысайды тәрбиелен,[92] нәтижені Шың Дубанға аударған еді. Шың Дубан орыстың тәсілін түсінгеннен кейін (147) одан қол үзіп кетті. Мұндай жағдайда орыс пен  монғол 1942 жылы тағы да Коминтерн тонын жамылып “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жарнама шығарып, Оспанды келіп тапқан еді. Біз, Оспан тобы да бұл кездегі халықаралық жағдайдан пайдалануды ойлап, осы жарнаманы мақұлдап, ең болмаса сыртқы Монғолия сияқты ел болып кетеміз деп үміт артқан едік.

Орыстар немістердің жеңілу орайынан пайдаланып бақаны мініп көлден өтіп алды. Жалт беріп 1932 жылғы Қожаниязға берген жарнаманы қалай құртқан болса, 1942 жылғы 20 қарашадағы жарнаманы да солай құртатындығы дәл осы кезде жарыққа шыға келді.

Іле аймағының елі тарихта қозғалыс жасамаған, қозғалысты істей алмайтын момын ел еді. Қазақстан армиясы Ілені азат етіп, Іледе Шығыс Түркістан уақытша үкіметін құрып берді. Іле армиясы Қалибек армиясымен бірлесіп Тарбағатайды босатып алып, 1944 жылы 16 қыркүйекте Алтайдың Буыршын қаласына жетіп келді. Ондағы армия бастығы Ресейден келген Байнов, Мажаров екі орыс генералы еді.

1944 жылы 17 қыркүйекте Іле армиясы Алтай қаласына келіп кірді. Үш аймақты Құлжаның сарты азат еткен қылып қойды. Бірақ басшылары тіпті он адамдық группа бастықтарына дейін Қазақстан әскерлері еді.

Олардан Алтай қаласына Бекторов полковник келіп жатып алды. Артынан генерал Мәжік келді. Халықарадан 370 адам бар болатын.

Оспанды Алтайдың уәлиі, орынбасарларына Әріпбай полковник, Дәлелхан тәйжі болып, Ақ Үй адамдары басқа мекемелердің бастығы болып орналаса кетті. Сол кезде Оспан қала ішіне келмеді. Әлиханның уақытша Шығыс Түркістан орталық үкіметіне басшы болуы да Оспанның ықпалы еді. Оспан бұл адамды таңдап алған болатын. (148)

1942 жылғы жарнама, 1943 жылғы тоқтам бойынша Шығыс Түркістан Бұлғын Ақ Үй Соғыс Комитеті тұңғыш рет құрылған кезде Шығыс Түркістан ең жоғарғы қолбасшысы Оспан делініп белгіленген.

Ал, 1945 жылы қыркүйектің ішінде Алтай азат болып үкімет құрылғанда, Оспан Алтайдың уәлиі болып қалды. Кешегі үлкен қаташ, бүгін кішкене қаташ болып қалды. Бірақ Оспан бұл сайламға разы болмады. Қала ішіне келіп, міндет тапсырып алмады. Дәл осы кезде Қазақстан Қаба ауданынан өтіп Сарсүмбеге келген еді. Доскенов Сарсүмбеге келгеннен кейін 20 адам ертіп, Қу Үйдегі Оспан аулына барып сәлем беріп, ол жерде бірнеше күн жатып Оспанды қалаға келуге көндірді.[93] Доскенов:

– Сол кездегі жарнама, тоқтам барлығы өз күшіне ие. Бүкіл Шынжаң азат болғаннан Шығыс Түркістан Халық Республикасы құрылғаннан кейін сонда сол кездегі жарнама, тоқтам бойынша сол орынға барасыз. Қазір Іледе құрылған үкімет, уақытша өкімет болып отыр. Және өзіңіздің келісіміңіз бойынша уақытша үкіметтің бастығына Әлиханды белгіледік, – деді. Осындай қиюластырған тәтті сөздер арқылы Оспан қала ішіне көшіп келген еді.[94] Және Іледен Әлихан төренің де:

– Әзірше Алтайды ұстап тұрғаңыныз жөн болар, – деп айтқан ақылына мақұл болды.[95]

Оспанның үш үймақшылардан безуі

Оспанның негізгі мақсаты Шығыс Түркістан төңкерісінен қол үзу емес. Оспанның ең соңғы мақсаты Шығыс Түркістан Халық Республикасын құрып алу еді. Бұл мақсатты жеке болсам да құрам деп ойлады. Кейін бір жаққа сүйенгеніміз жөн деп орыс-монғол пікірлерін де мақұл көрді. Жарнама тоқтамдарға разы болып барып, ол екі елден көшіп келген соғыс комитетінің барлық пікірін мақұлдаған еді.

Бүкіл осы жағдайлар, Шың Сысай орыстар мен монғолдардың басына күн туғанда жалт беріп Ресейден (149) қол үзгенде, орыстардың Шың Сысайдан өш алу үшін істеген бір шарасы ма екен? Оспан:

– Онда оған да көзім жетсін, – деді.

Әлихан полковник, Дәлелхандар жеті жүз адаммен Сарсүмбе қаласын аламыз деп барғанда олар қоршауда қалып, “өлдік” деп телеграмма келгенде Оспан дереу маған бұйрық берді. Мен баруды қаламадым.

– Олар бір жау алып көрсін. Батырлықтарын, саясатшылдықтарын сынасын. Өздерін данышпандар орнына қойып отырған адамдар болғандықтан мен бармаймын. Өз атын ерттеп міне алмайтын, мылтық ата білмейтін адамдар өзін сынасын. Біз сонау 1940 жылдан бері соғысқа қатынасқанда бір тұлып талқанды бір жыл азық етіп, бір тонды үш жыл киіп соғысқан едік. Әлихан мен Дәлелхан жүз түйеге ақ нан артып кетті. Айналасын үйден шығып көрмеген мырзалармен көмкерген. Осындай мырзалық жүріс пен тарихта жау алған батыр болған емес, – дедім.

Оспаннан қайта-қайта бұйрық келді.

– Ерлік істе. Олар бізді надан деп шетке қақса да, біз адалдық істелік. Әлихан, Қалқабай, Дәлелхан дамбалдың сыртынан не қылар дейсің. Бар! – деген еді.

Сондықтан мен өз әскерімді алып барып, қытайдың атақты батыры Көз Ян полковникті полкімен жойып, Борбыжап әскерін қуып қалаға апарып тығып, оларды құтқарып келген едім.

Оспан:

– Дәлелхан бізді надан санайды. Ал Дәлелханның өз басы мектеп көрмепті. Соғыс білмейді. Құрал да ұстай алмайды. Мұндай тәкаппарлыққа не шара? – деп бізге үнемі әңгімелеп отыратын. Ол сонымен қатар:

– Біз арыз айтатын Коминтерн тарап кетті. Орыс пен монғол арыз тыңдамайды. Көңіл қалғанша бірлесіп тұралық, – дейтін.

Сол жылы қыста Құлжадағы уақытша үкімет Оспанды жиынға шақырды. Оспан өзі бармай, Ләтіп пен Шәмсиді жіберді. Қалибек өзі бармай, Хамзаны жиынға жіберді.[96] Дәл осы кезде орыс-монғол адамдары Әлиханды ішіне алып, (150) жасырын жиын ашты. Онда “Оспан да, Қалибек те қауіпті жағдайда тұр. Оспандар қытайдың Үрімжідегі жаңа әкімдерімен жасырын кеңес өткізіп жатыр. Сондықтан Оспан Алтай уәлиі, Қалибек Тарбағатай уәлиі болған соң екеуін сырттан атып тастау керек” деп қаулы алады.

Бұл қаулы Әлихан арқылы Оспанға да, Қалибекке де жеткен соң, 1946 жылы 6 наурызда Оспан Қапас батыр әскерін Жан Жұн бұлақ жанына әкеліп қойып бір түнде көшіп кетіп қалады.

Оспан уақиғаның ең соңғы сырына көз жеткізген соң, ғана осы істі істеген болатын.

Біз уақиғаның соңы осындай боларын сезіп, Оспанға ерте айтқанда, оның “Асықпаңдар. Қытаймен қырылысып отырғанда жақсы іс табамыз деп істі бүлдіріп алмалық. Орыс, монғолдан жарнама, тоқтам негізі бойынша көңіл қалғанша бірлеселік. Қазір көзіміз жетпейді. Жамандық істегісі келсе, алдымен осылардың өздері істеп көрсін. Айрылысқан болса, онда бір-бірімізге өкпесіз болармыз” дегені бойынша жүрдік. Ең ақырғы шот соғылатын болғанда, Оспан жалт беріп көшіп шығып кетті.

Көптен бері күзетіп келген пікіріміз шынға айналды. Орыс пен монғолдар қойдың басын көрсетіп, иттің етін сатты. Үш ғасырдан бері орыстар осындай алдау тәсілдері арқылы Қырым, Кавқаз, Түркістанның түбіне жеткен еді. Бұл жолы орыстар өзінің тарихтан бергі фашистік тәсілдерін Коминтерн тонына ораса да жасырып қала алмады.

Шығыс Түркістан тәуелсіз ел болады деген жарнаманы бүгін кім бұзған болып отыр?

ІІІ. Интернационалдың жарнамасы мен тоқтамдарын бұзып отырған соғыс қылмыстыларын қай жақтан іздейміз? Бүкіл дүниеде ұлттық тәуелсіздік бар деген шын сөз бе? Әлде жоқ сөз бе? (151)

Біздің Түркістанның бөлініп ел болмайтын себебіміз неден? Ел ішінде “Оспан барлық қаулы қарарды тастап Сан Мын Жұйға шығып кетті. Оспан және оның тобы сатылып кетті” деп жүргендер бар.

Біздің адал еңбегімізді жеп сатылып кеткендер, жарнаманы, тоқтамдарды күшінен қалдырып опасыздық істегендер кім болар екен? Оқырмандардың ақыл-таразысына салып, өлшеп көруін сұраймын.

Кейбір ағайындарымыз болса:

– Қозғалыстың басы дұрыс еді. Аяғы қате болды, – деседі.

Расында да қозғалыстың басы дұрыс әрі ғылыми еді. Оның аяғын кім бұзып отыр? Оспанмен бастан ақыр бірге болдым. Ең алғашқы тоғыз комиссардың бірі едім. Оның сегізі өлді. Жалғыз мен қалдым. Менің саяси талқыларға араласпаған, соғысқа қатынаспаған күнім болған емес. Жаудың 60.000-нан астам армиясын жойдық. Соңғы кезде ішімізден алалық туды. Қайтадан өзімізге қауіп төнді. Бұл кезде қайту керек? Не өлу керек, не орыс пен монғолдың түрмесінде шіріп жату керек еді. Жоқ, әлде болса, күн көру керек еді. Үш жыл үш тұлып талқанмен соғыстым. Осындай қажырлы қайрат бізді жауды тез жоятын қайратқа иелендірген. Жаудың көктегі айырпландарын да атып түсірдік. Кешегі дос, бүгін бізге жау болды.

Біз орыстарға “Кең қазба, тоқтам болсын” дедік. “Жасырын сауда қылмаңыздар, біз құримыз” дедік. “Адамыңды әкет, әскеріңді әкет, өзімізді өзіміз басқарамыз” дедік.

Бұл сөздердің барлығы 1942 жылы 20 қарашада ұлт-азаттығы және тәуелсіздігі жөніндегі жарнамаға қарама қарсы істер емес еді. Барлығы да ғылыми ақылға сыятын пікірлер еді. Біз орыс пен монғолға құлдарша бодан болуды қаламадық. Бұл жеріміз олардың көңіліне жақпады. Ақ үрпек балапан болып жасау қиын деп сезінген едік. (152)

Сол кездегі халықаралық жағдай 1941 жылы маусым айында басталған ІІ дүниежүзілік соғыс 1945 жылы маусым айында тоқтады. Біріккен Ұлттар Ұйымы “Адамзат қатты күйзелді. Қан көп төгілді. Экономика құру алдында тұр. Дүниежүзіндегі үлкенді кішілі соғыстар тоқтасын” деп қарар шығарды.

Сонда да кейбір жерлердегі соғыстар тоқтамады. Шығыс елдерінің соғысы тоқтамаған соң, 1945 жылы 24 тамызда Америка Жапонияға атом бомба тастап, Жапонияны берілуге мәжбүр етті. Жапония мен Германия ІІ дүниежүзілік соғыстың қылмыстылары делініп жатты.

Бұл кездегі біздің үш аймақтағы соғыстар да тоқтамаған болатын. Үш аймақ соғысы Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарынан кейін үш ай артық созылды. Осы соғысты тоқтату үшін Америка, Англия, Ресей, Қытай қатарлы елдердің сыртқы істер өкілдері 1945 жылы  3 қарашада Манас көпіріне ту әкеліп тікті де, бұдан соң қарулы соғыстар болмай, саяси соғыстар болып отырады деп тоқтатты.

Үрімжіде Алтай Өкілі ретіндегі қызметім

Бұл кезде Үрімжіде бандит Шың Сысай үкіметі аударылып, оның орнына У Жу Шұң Шынжаңға жуши болып келіп жатты. Үш аймақ пен Шынжаң арасындағы келіссөзді басқаруға Жаң Жежұң[97] келіп жатты.

Мен осы кезде Үрімжіде мемлекеттік мейманханада жатқан едім. Үрімжіде сан-санақсыз құбылыстар болып жатты. Мен бұдан бір жыл бұрын, яғни 1945 жылы 5 тамызда У Жушидің келіссөз бастау жайындағы пікірі бойынша, Оспанның Алтай атынан жіберген өкілі болып Үрімжіге келген едім. Мен сол бойда бір жыл жаттым. У Жуши үкіметі Шынжаңның он аймағынан өкіл шақырды. Үш аймақ өкілі менмін деп Құлжадан Ахметжан, Тарбағатай аймағының өкілімін деп Әбілқайыр төре келді. Олармен еріп Рахымжан Сабыр Қажиёв келді.

– Алтай өкілі сен емессің, – деді.

– У Жуши мені Оспанға жіберген. “Біздің әскер (153) шегінсін, кәдірлер де шегінсін. Алтай уәлиі Оспан сен бол” деп айтқаннан кейін Оспан мені демократиялық өлкелік үкіметті құрысып келуге жіберген, – деп мен айттым.

Екі жақ талас болғандықтан Жаң Жежұң жиын ашып, Алтай өкілі кім болу керек? деген сұрақты ортаға қойды. Лан Қаншау:

– Екі жағына да күмәнмен қараймыз. Оспаннан барып қағаз әкелетіндерің бар ма? – деп сұрады.

– Мен барамын, – деп қол көтердім.

Отырған 1.500 өкіл мақұл болды. Маған Молқы Жүніс дегенді қосып, қос атпен Құмнан шығарып салды. Мен екі күн, екі түн жүріп, Құмдағы Қапас аулына жетіп бардым. Ауылға бармай, Ыбырәкімге кезіктім. Ыбырәкім арқылы Қапасты шақырып алдым. Барлық мән жайды Қапас ұғынып алып, қос атпен Оспанға кетті. Төрт күн дегенде “демократиялық өлкелік үкімет сайлауына қатынасатын құқықты өкіліміз Нұрғожай, Сүлеймен, Сарбай” деген таңба ұрған қағазды әкеліп берді.

1946 жылы 2 қаңтар күні, яғни ІІ шаған мейрамында өкілдік қағазды алып жетіп келдім. Түнімен Оспанның қағазы қытай тіліне аударылды. 1946 жылы 4 қаңтар күні тәңертең үлкен жиын ашылып, Оспанның қағазы барлық өкілдерге оқып берілді. Сол күні Үрімжі қаласында 12.000 адамдық ереуіл жүрді. Бізге Алтай өкілі деп өлкелік киім кигізді. Белгі тақты. Барлық өкілдерді Чүйдалуға апарып қонақасы берді.

Ахметжан Іленің, Әбілқайыр Тарбағатайдың, біз Нұрғожай, Сүлеймен, Сарбай Алтай өкілі болып орын алдық.

Сол күннен бастап Алтай ерекше танылды. Оспан қолындағы шетелдердің 350 адамы 1946 жылы 13 қаңтар күні сағат 9-да еліне қайтып кетті.

Бұл жолы демократиялық өлкелік үкімет құрылды. Демократиялық үкімет мүшелігіне, оның бірі Оспан болып, 25 адам сайланды. (154)

Қосымша Оспанға Алтайдың уәлиі болып таңба жіберілді. Үш аймақ иесі Оспан батырдың, І нөмірден 8 нөмірге дейін сегіз бөлік мың қарулы армиясы болады. Оны мемлекет қамдайды деп жазылды. Солтүстіктегі Оспанға қарасты үш аймақтың орынбасар уәлилерін өлкелік өкімет жіберіп береді. Оңтүстік Шынжаң аймақтарына орынбасарларды үш аймақтан Оспан жіберіп береді деп жазылды. Басқа тармақтарға тоқталмадым. Қағазға қол қойылып, жиын тарады.

1946 жылы ақпан айының орта шенінде барлық ахуалды Оспанға жеткізу үшін мен жүріп кеттім. Жанымда Доғдыр дейтін Қарақас жігіт бар еді. Екі күн, екі түн жүріп, Құмдағы Қапастың үйіне келдім. Оспан мені Қызылшалы белде тосып отыр екен. Менің осыдан бір ай бұрын келгенімде Дәлелхан тобы біліп қойып, осы жерге Қалелдің інісі Қабиды 20 адаммен қарауыл қойған екен. Олар мені аңдып жүріпті.

Мен бірінші жолы келгенімде, бауырым Кененге 20 түйе астық, бұл, шай артқызып жіберген едім. Кененнен менің ахуалымды сұрағанда “Келеді” деп қойғандықтан олар күзетіпті. Мен Ханобаның желкесіне шыға келгенде Қаби мені қоршамақшы болып еді. Біз де екі мауазер, екі бесатар, екі наған бар еді.

– Жақындама! – деп айғай салдым. Бұлардың бізді ұстағалы жүргенін сезіп, 30 адаммен Қапас та келе қалды. Екі жағы атысуға әзірленді. Мен екі жағына да айғай салдым.

– Атыспаңдар! Екі жағың бірдей жүріп мені Алтайдағы Оспан мен Дәлелханға апарып беріңдер, – дедім.

Қабидан Мұқаметжан келді. Қапастан Ыбырәкім келді. Қапастың үйіне барып түстім. Қабилар:

– Үрімжіге қайтарамыз, – деді. Мен:

– Алтайға барамын, – дедім. Сол жерді қыстаған елдің үлкендері түгел келді. Қажақын келді. Қажақын тұрып:

– Нұрғожай Оспанның адамы. Қалқа оларды шауып кетті. Туыстарын өлтіріп кетті. Халыққа зияны жоқ. Ұлтқа келтірген пайдасы бар. (155) Дәлелхан ренжімейді. Алтайға барсын. Өз еркімен барсын. Байлап матамайсыңдар, – деді.

Сәйпіл басшылығында 18 адам жүрді. Сол түні Қарабұлғындағы Кешікбай аулына келіп қондық. Ол үйде бала оқытып жатқан Ержан молла бар екен. Онда бір күн еру болды. Ол жерге Қасен зәңгі, Зал зәңгі, Сағатай зәңгі, Қажбай зәңгі, Шеруші Мұштари зәңгі, Қарақас Жанат келді. Бүкіл Бурылтоғайдағы ел адамдары жиналды. Олар пікірлесіп:

– Нұрғожайды Сарсүмбеге жібермейміз. Қайтадан Үрімжіге қайтарып жібереміз, – десті.

Сонымен төрт күн еру болды. Бүкіл ел адамдары Оспанға қағаз жіберді. Оспан:

– Нұрғожай менің кісім еді. Жіберіп беріңдер, – депті. Сол бұйрыққа сай 18 адаммен Сарсүмбеге жүріп кеттім. Орта жолда Татандікіне бір қонып, Мұсақанның үйіне бір қонып, Қыранды өрлеп Тұлтыға бір қондым. Тұлтыға қонған күні Дәлелханның екі адамы келіп:

– Байлап алып жүреміз, – деді.

Сәйпіл тұрып:

– Байлатпаймыз. Оспан мен Дәлелханға барамын деп өзі келе жатыр, – деді.

Осыдан кейін байланбай еркіммен жүрдім. Базарға кіре бергенде Дәлелхан Жанымханұлы кезікті. Дәлелхан қырдағы аулына бара жатыр екен. Қысқаша амандастық. Әкесінің ахуалдарын қысқа қысқа айтып қойдым. Сұрамаса да үкімет ахуалын қысқа болса да баяндап бердім.

Алтайда абақтыға қамалуым

Мені алып келіп сақшыға түсірді. Ол жерде азықтандық. Дәлелхан қайтып кетті. Сақшыда отырғанымда Мұқаметов дейтін сұрақ бөлім бастығы келді. Келді де мылтық сұрады. Екі мылтықты беріп қойдым. Киімдерімді дамбал бауына дейін алды. Мені алып жүрді де әкеліп абақтыға кіргізді.[98] Мен тұрып:

– Сен неге абақтыға кіргіздің? Мен жоғарғының өкілі едім, – деп едім.

– Сен өкіл емессің, қашқынсың, – деп соқты. Содан 12 нөмірлі түрмеге қамап қойды. Жолдасымды айырым бір түрмеге қамап қойды. Үш күн жаттым. Үш күннен кейін темір пеш әкеліп орнатты. (156) Дәретке құман әкеліп берді. Кешінде бір кісілік тамақ келді.

Оспан:

– Абақтыға кіргізбе! – депті. Дәлелхан:

– Болмаса үш ай жатсын. Орыс консуліне аз да болса көз қылалық, – деп келісіпті.

Сол үйде 27 күн жаттым. Бір кісілік тамақ келіп тұрды. 27 күні кеште бір бала келді. Ол бала әскерден қашқан Құл Молқы Нұршыбай деген бала екен.

– Базарқұл Құсманның қолынан қашып, Оспанға барып едім. Өзі көшіп жатыр екен. Абақтылап қой деп айдатып жіберді, – деді.

Сөйтіп ол баладан Оспанның қырға көшкенін түсіндім. Демократиялық өкімет Іледе Әлиханның ұсталғанын сездіріп,[99] “Оспан сақ болсын” деп мені жіберген еді. Әлихан хабарын ұғып, Оспанның көшіп шығып кеткеніне қатты қуандым.[100] Менің келген себебім де осы болатын. Орыстар мен монғолдар Оспанды алып кетіп қалмасын деп асығыс жіберген еді.

Оспанның да Әлиханның алғашқы хал-ахуалын біліп аман-есен тез шығып кеткені жақсы болды. Жүрегім орнықты. Міндетім орындалды. Бір күннен кейін есік ашылды. Тастембай мен Шертиман келді. Сәлем берді.

– Сізге амандасайын деп келдім, – деді. Мен тұрып:

– Әкең Оспан мен Дәлелхан менің еңбегімнің пайдасын өздері алды да, маған тиетін енші осы деп абақтыға салып қойды ғой, – дедім.

Шертиман Тастембайға қарап күлді де:

– Біздің батыр қалай сөйлейді? – деді.

– Батырыңыз ашуланып жатыр, – деді. Шертиман:

– Батырды қырға көшіріп әкетіп барамын, – деді.

Алты күннен кейін басыма дорба кигізіп, екі әскермен Пазылбек алып жүрді. Сұрақ үйге барсақ Мұқаметов, Тастембай, Ахметбай, Ахмет Зәки молланың үлкен ұлы отыр екен. Тамақ іштік. Дастарқан жиналған соң Мұқаметов сұрақ қылды.

– Нұрғожай неге келдің? Сенде осы Алтайға келетін бет бар ма? деді.

– Менің егіп кеткен жемісімді сен жейсің. (157) Сен Іледе тайни болып, 67 адамды өлтірткен едің. Сен неге келіп жүрсің?

– Мен өкіметтің сақшы бастығымын. Сен отан сатқынысың. Ондай сөз сөйлеуге құқығың жоқ, – деді.

– Мен отан сатқыны емеспін. Мен Алтай халқының тәуелсіздігі жолында өткендегі Шығыс Түркістан тоқтамына қол қойған, азаттық туының астында ант берген адаммын, – дедім.

– Мынадай жалған үгіт қағаз неге таратасың? – деп шкаптан суырып алды да бір топ қағазды үстел үстіне лақтырып жіберді.

– Бұл қағазды мен жазған емеспін. Және таратқан емеспін. Ол, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1945 жылы маусым айында бүкіл дүниежүзіндегі үлкенді-кішілі соғыстар тоқтатылсын деген қарары. Оған Шынжаң демократиялық үкіметтің орынбасары Ахметжан Қасыми қол қойған. Қажет болса сондай адамдарға сұрап ұғысыңыз, – дедім.

Мұқаметбай сөз таба алмай ұрып қалып еді. Мен де ұруға ұмтылдым. Тастембай мынаны айтты.

– Әй Мұқаметбай, біз сізге айтқан едік. Нұрғожай саған сөз бермейді. Жауап алғанды қойып, төбелесесіңдер деген едік. Ісің не болмақ? – деді. Мұқаметбайды шығарып жіберіп, Тастембай мен Ахметбай Тынысайбұлы менің қандай жолдармен қалай көшкенімді ғана сұрап жазып алды.

Мен тұрып:

– Дәлелхан, Тастембай сендердің алдарыңда қар жастанып, мұз төстеніп, барлық шайқаста алда болған едім. Мансапты қайырып қойып, істің алдында жүріп едім. Дайын үкіметке ие болып, енді бүгін Шың Сысай тұсындағы Іле халқының түбіне жеткен атақты кәрі шпионды бұл жерге неге әкеліп алдыңдар? (158) Сендерге беретін жауабым жоқ. Ұзақ жыл төңкеріс істедім. Халыққа қарсы емес едім. Фашистік саясатқа қарсы болып келдім. Бүгін сол фашистік саясаттың шпионың әкеп іске салып, мені абақтыға қамап отырсыңдар, – дедім.

Ол күні қайтып түрмеге барып жаттым. Тамақты қысқартып тастаған еді. Дәрет төгуге, демалуға бес минуттық уақыт беретін еді. Бір күні дәрет төккелі бара жатыр едім. Қарауылдың мылтығын төсегіне іліп жатқанын көрдім. Жүгіріп барып мылтығын оғымен тартып алдым. Дарбазаға барып едік, қарауылдағы екі адам мылтық ұстай алды.

– Мен сендерді өлтірмеймін. Тастембайды шақыр, – дедім.

Тастембай келді. Бес оқты мылтықтың таңдайына салып қойдым. Тастембай дірілдеп жақындай алмай қорқып:

– Не болды сізге? – деді.

– Мені аштан өлтірмексің бе? Үйімнен тамақ алғызып бер. Сұрағың болса, сұра! Қылмысымды мойныма қой! Ататын болсаң, ат! – дедім.

– Күнәң жоқ. Мылтығыңды маған бер, – деді.

Мылтықты бердім. Тамақ молайды. Күндіз жарық үйде отырдым. Түнде барып түрмеде жататын болдым. Жиырма күннен кейін мені қайта шақырды.

– Сен Үрімжіге барарда 85 адамның мөр басып бергені рас па? деді. Мен:

– Рас. Бүкіл қазақты, яғни бес аудан халқын бір ауданның жеріне апарып қамап қойса, мал жұтаса, қазақтар аштан өлсе, қазақ жейтін кебек ұнды орыстар да, монғолдар да сатып бермесе, сондай қиын жағдайда тұрған халық үшін мен тыныштық көкседім. Орыс пен монғол қазақтың қырылғанын күтіп отырғанын түсінгеннен кейін тағы да қазақ өкініштікке ұрынбасын деп ойладым, – дедім.

18 күннен кейін түнде шақырды. Бұл жолы жалғыз ерікті едім. (159) Бір үйге енгізіп жіберді. Барсам Дәлелхан, Тастембай екеуі отыр екен. Дәлелхан түре келіп сәлем берді.

– Ағарып алда жүруші едіңіз. Ат құйрығын бермей кеткеніңіз қалай? – деді.

– Өзің Ресейге кеткенде кімге айтып кетіп едің? – дедім.

Дәлелхан Тастембайға қарап

– Батырың баяғы қайратынан әлі қайтпаған екен, – деді.

Үшеуміз сырластық. Барлық жағдайды бастан ақыр айтып өттім. Дәлелхан осы жағдайлардан хабарсыз екендігін айтты.

– Ертең той жасап сізді қайтарамыз. Барлық адамдармен қол алысып амандасасыз, – деді.

Ертеңінде абақтыдан шығып, Тастембайдың үйіне келдім. Көп адамдар отырыпты. Әбдірасұл мен Келес батыр отыр екен. Көпірде 30 адаммен келе жатқан Дәлелханға тағы да амандастым. Аралға барып, мал сойып той қылды. Менің шығуыма ең бірінші себеп бүкіл Жәнтекей жиылып, 1.500 адам мөр басып қағаз жазып, Дәлелханға тапсырыпты.

– Нұрғожайды босатыңыз. Болмаса қару-жарақ күшімен тартып аламыз, – деген екен. Сондықтан орыстар да мені түрмеден босатуға мәжбүр болыпты.[101]

1946 жылы 3 шілдеде аман-есен үйіме жетіп бардым. Ауылым Бала Ертістің екі ашасында отыр екен. Дәл отырған жұрты Шұлғау дарасының аузындағы Бала Ертіске құйған жеріндегі жазық екен. Барлық туыстарым арасан басында, жол үстінде тосып отыр екен. Оларға амандасып, үйге бардым. Екі күннен кейін той жасадым. Оспан аулы Ала Айғырда екен. Тойға Оспанды да шақырдым.

Менің малымды Қалқа шауып кеткен болатын. Бүкіл туысқандар 60 жылқы (Оспандікі екі ат), 200-ден астам қой,  төрт түйе әкеліп берді. Бүкіл халыққа рахмет айттым.

Үш аймақшылдар туралы Оспанмен пікірлесу

Бір жұмадан кейін Оспан шақырған еді. Сонда бардым. Оспан ақ сарбас айтып, мал сойып той жасады. Барлық мәселені бастан ақыр Оспанға баяндап өттім. (160) Оспан:

– Орыс үкіметі мен монғол үкіметі бізді келістіріп бір алдады. Оның алдайтының сонау 1942 жылдың өзінде-ақ түсінген едім. Ол кезде орыстар мен монғолдар герман-жапон соғысының ауыр күндерін басынан өткізіп жатыр еді. “Осындай қиын жағдайда бізге бір мүмкіндік туа ма?” деп ойлаған едік. Олардың мақсаты ауыр кезеңде шикізат тауып алу және Шың Сысайдан өш алу еді. Сол үшін жын ойнатты. Шығыс Түркістан тәуелсіз ел болады деп бізді түсіріп кетті. Оның үстіне Шынжаңда орыс пен монғолға бергі елу жылда жауаптасып келген Алтай қазағы еді. Сондықтан осы қазақты ептеп құртуды ойлаған екен. Елді айдау саясаты Алтай халқын мол дәулеттен айырып қойды. Дәл осы жерден бізді тақырға отырғызып кетті. Ал екінші жақтан кенді қазірге дейін тегін әкетіп жатыр. Мұнайды тегін алу үшін Ахметжан, Ысқақбек, Дәлелханды қолдарына ұстап алды. Олар да қанша жасайды дейсің, орыс екеш орыс екені рас болса, – деді.[102]

– Мен сіздерге жарнамамен тоқтамды қолға ұстап отырып қалған жерде қалайық деген едім. Бүгін сол қалған жерге келіп тірелдік, – дедім. Оспан:

– Орыстан да, монғол үкіметінен де Дәлелханнан да, үш аймақ атты үкіметтен де қол үздім. Аса сенімді ақыл беретін Әлиханнан айрылдық. Бұл бізді Іле үкіметінен айрылуға әкеп соқпай қоймайды. Сарт қашанда табанының қышыры жоқ халық еді. Әкбар қозғалыс бастаса, оны сарттар қызғанып, сыртынан атып тастапты. Керей жиналып Дәлелханмен тату болыңыздар деп жатыр. Бірақ Дәлелханның не істегелі отырғанын бұл Керей жете түсіне алмай отыр. Орыстар да Құлжада жасырын жиын ашып, Оспан мен Қалибекті сыртынан атып тастау туралы қаулы алды. Оның ішінде Дәлелхан бар екен. (161) Мұны мен сенген Дәлелхан емес, бөгде ағайын хабар беріп отыр. Осындай адаммен қайтіп ағайынның тату болуы керек? Мен де орыстарға “Әлиханды қайтарып алып кел. Татулықты сонан басталық. Кең қазатын болсаң, тоқтам жасалық. Жердің жаратылыс байлығының иесі бізбіз. Шаруашылық қимылды біз өзіміз жүргіземіз.[103] Қолымызда әскери өкімет болады” дедім.

– Осының бәрін өзің жақсы білесің, – деді.

Мен тұрып:

– Сіз қайтадан Сарсүмбеге кіріп алсаңыз, ептеп Дәлелханды тұғырға қондыралық. Бүкіл халық бізді жақтайды. Тіпті орыстардың консулын айдап шығалық. Консул алып беру жөнінде біздің орыспен жасаған тоқтамдарымыз жоқ қой, – дедім. Оспан:

– Дәлелханға күшіміз жетеді. Консулды айдауға болмайды. Оның келуі жөнінде мемлекеттік тоқтамдар бар екен. Енді бітім жасаймыз деп отырғанда қытай мен орыс арасында қайшылық туып, іс тағы да бұзылады. Халық күйзеліп кетеді. Халықаралық жағдайды күзетіп тұралық. Саясатшылардың дүниедегі ең біріншісі болып орыстар біздің пайдамызды басқаларға айырбастап отыр. Болашақта сол досы, орыстың сазайын тартқызатын болады. Сен жайында орыс консулы “Нұрғожайдың бітім іздегені, тыныштық іздегені қате іс емес. Оның айтпай кеткені қате. Қашып кеткені қате. Ол үшін бір жылдық түрме жазасын берсе болады” депті. Ең ақырда бүкіл Жәнтекей ұран салған соң, олардың да шарасы қалмады, – деді.

11 тармақты бітімнің біреуінде үш аймақтың орынбасар уәлилерін демократиялық өлкелік үкімет белгілейді. Оңтүстіктегі жеті аймақтың уәли орынбасарлары үшін үш аймақ адам жібереді делінген.[104] Алтайдың орынбасар уәлиі міндетіне Ноғайбайұлы Түркістан жанында бір жолдасымен келе жатса, Дөрбелжін (162) қаласында орыстар ұрғызып өлтіріпті. Шәмсидін ұлы Нұсратты ғана өлтірмей алып қалған. Осының барлығына Дәлелханның тікелей қатынасы бар. Жалғыз мылтықпен жүргенде де жаратқан Құдай сақтаған. Ұзақтан бері бағы жанбаған қазақтарды осындай аламестер құртып келе жатыр. Қазақстан мен Монғолиядағы қазақтарға да орыс, монғол бандиттері білгенін істетіп келеді.

“Ит ала болса, бөрі азығы” деп Абылай сонау ертеде айтқан еді. Сол қазақ қазірге дейін бөрі азығы болып келе жатырмыз. Біз қазақтар өзімізге қашып келген өзбек, ұйғыр, татар, сібе, солаң қатарлы адамдарды сіңіріп алып едік. Сол адамдарының барлығы бүгін орысқа жағымпазданып отыр. Әсілінде Тары Би айтқандай, ондайларды келсе ішке араластырмай, жолатпау керек екен. Құлжадағы тараншы, татар, өзбек, ұйғыр, сібе, солаң арамызда қандай іс істеп отыр? Басқа күн туғанда Абылай “Алаш туған болмас, ағаш құман болмас” деп өте тура айтқан екен.

Оспанның Алтайдан кетуі

1946 жылы 3 маусымда Қу Үйде Оспан мен Дәлелханды татуластыру шарасы ойластырылды. Дәлелханды жиырма адаммен әкеліп, Оспанның аяғына жығатын он екі Абақ Керей билерінің кеңесі болып өтті. Бұл уақытта мен түрмеде болғандықтан кеңестің мазмұнынан азырақ Оспанның өзі айтқан сөздерінен ғана мәлімет бере кетейін. Сол кезде Қу Үй жиналысында басқа да болған кеңестерден сөз қозғамадым. (163)

Мен бірнеше уақыт Оспан үйінде әңгімеде болдым. Сонау 1930 жылдан бері болып жатқан ахуалдарды бір рет зерттеп қорытындыладық. Әсіресе 1932 жылғы сәуір айында Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп жариялаған кездегі халықаралық жағдайдың туу себептерін еске алдық.

Сол жылдары Ресей әлі күшейе қоймаған. Қытай Күн Сандаңы[105] қашып орыс шекарасына келген еді. Коминдаң Америкаға сүйеніп, батыс терістік бес өлкені “сен биле мұсылмансын” деп Ма Пұпаңды белгіледі. Ма Пұпаң Коминдаң Нанжиң өкіметінің 36 дивизиясы деп Ма Жұң Юңды Шынжаңға өткізгенде, осы күштен Шынжаңды сақтап қалу үшін орыстар Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп жариялап, Қожаниязды тапқан еді. Бұл арада Жын Шурын қашқан соң Шың Сысайды қолына қондырып алып, Қожаниязды құлатып жоғалтып жіберді де Коминдаңға Шың Сысайды қарсы қойды. Сөйтіп бір көпірден орыстар ептеп өтіп өз шаруашылығын оңдап алды. Шың Сысайды Шынжаңдағы таптық күреске салып айналдырып қойды да шикізаттарды тауыса алмай жұтып жатты. Шың Сысай Ресейліктерге “Шынжаңның шикі затын, кен байлықтарын неге алып жатырсыздар?” дей алмады. Өйткені орыстар Шың Сысайды бір түрлі қиын жағдайда қалдырып, қарсақ жортпас қара адырға салып жіберген еді.

Сонау 1921 жылдың өзінде Коминтерн Шынжаңда Шығыс Түркістан елі болу үшін олардан бір “социал демократтар атты партия құру керек” деп қаулы алған болса да, оны орыстар іске асырмай қойды. 1942 жылғы 20 қарашада жарияланған Шығыс Түркістан жарнамасының күйі мен жайы осы. Міне бүгін біз соның ең соңғы нәтижесін көріп отырмыз.

Ал десе аясына алады Алтай,

Көргенде көңілге күй салады Алтай.

Сұлудай торғын киіп бұлт жамылып,

Арқаға әлденеше қарады Алтай. (164)

Арқадан тәуелсіздік келеді деп Арқаға үш рет қарады. Қайыр қазақтарға тәуелсіздік алып беретін қайраткерді тарих бізге орыстан да, монғолдан да, қытайдан да туғызып бере алмайды. Біздің қорытындымыз енді осы. Ондай болса, қытайдың Сан Мын Жұйын да көрелік.

Оның пайда зияны айрылған соң барып, оның да қортындысын шығаралық. Сан Мын Жұйдың партиясының күйі де халықарада үстем болып отырған жоқ. Ұлттық ақыны (құқықты) танимын депті ғой. Дей келіп өз пікірімізді қорытындылап, “Біз орыс өкіметінен де, монғол өкіметінен де, уақытша Іле өкіметінен де, тіпті Дәлелханнан да іргемізді аштық. Бізге енді сіздермен байланыс жасау қажет. Сондықтан телеграмма аппаратын адамымен жіберіп берсеңіздер.” деп Сарбас Нүсіпбайға үш жолдасын беріп, Үш Бұлақ жолымен барып, Жан Же Жұңнан хабар әкелуге жіберілді. Екі ауыл көшіп Жебетіге келдік. Осы жұртта Оспан шешесінің асын берді. Нүсіпбай барып, Жан Же Жұңнан хабар ала алмай, дәл сол кеткен жұрттың өзінде қайтып келді. Дәл сол жерде жанына екі адам қосып, Қанатбайды қайта жібердік. Бұлар да қос атпен Үш Бұлақ жолымен Жан Же Жұңға барды. Жан Же Жұң:

– Сендердің орыс пен монғолдан айрылғандарың рас па? – деп сұрапты. Қанатбай:

– Айрылмасақ неге келеміз? – депті.

Жан Же Жұң Яң Кайшын дейтін радиосисты қосып жіберіп беріпті. Оспан аулы Күртіде отырғанда алып келді. Осы жерде Қалман әкесі Ақыт, шешесі Үкіжанға ас берді. Дәлелханды асқа шақырған еді. Оның орнына Тастембай келді. Ас тарады. Қанатбайдан Түркістанның өлтірілуінің мән-жайын ұқтық. Түркістаннан жіберілген Алтайдың уәлилік таңбасын орыстардың Дөрбелжін ауданындағы шпиондары тартып алып қалыпты.

Ендігі таңба Бәйтік жолы арқылы жіберіледі деп гүңсе жіберілген екен. “Таңбаны алып Әлен Уаң, Сүлеймен Сарыбай барады. Және бірнеше жүз түйе (165)әскери қажетті заттар, бұл, шай жіберіледі. Шонжы – Бәйтік арқылы барады. Бірақ Бәйтік тауында Қалқаның қарауылы бар. Сіздер Бәйтік тауына қарауыл жіберіңіздер” депті.

Мен Оспаннан:

– Осы қарауылға мен барайын. Мал-жанымды Қалқа шауып кетті. Бір рет өш алсам, – деп талап қойдым. Бұдан бұрынырақ талап етіп өтініш жазғанымда Оспан мақұлдамаған

– Тыныш тұралық. Жақсылық істейміз деп бір кезде жабысқан Қалқаның өзі еді. Бүгінгі жамандық ойлаған да өзі. Алладан күтсін. Бір таудан айрылдық. Тағы бір тауға арқа сүйейміз деп тұрғанда одан да айрылып қалып жүрмелік, – деген болатын.

Осы жолы менің талабымды бекітіп, 24 адам алып жүріп кеттім. Құсайұлы Зарлықан қатарлы сенімді адамдарды таңдап алдым. Күртідегі Оспандікіне барып, рұқсат қағазыма таңба басқызып алдым. Үш күн, үш түн жүріп Бәйтікке бардым да Оранбұлақтың шатына бекіндім. Қойыртақыда қарауыл бар ма деп тексерген едік. Ол жер иен екен. Жаныма үш кісі алып, Нарын Қарағайты және Қожыртыға бардым. Қожыртының теріскейіне қар жауған екен. Онда жайылған жылқы ізі көрінді. Жерді шалып, қайтадан қосқа келдім.

Сегіз адамды сол шатқалға тастап, қосар аттарды баққызып Қожырты мен Үлкен Қарағайтының арасындағы дөңнің үстінде алты үй бар екен. Қожыртының суына жақындап, кезеңге шыға келсек, 300 ат, 40 түйе баққан әскерлер енді ғана аттарын жинап қосқа кетіп бара жатыр екен.

– Жасырын жағынан тосып отыр, – деп Зарлықанды жібердім.

– Оқ атпа, сездіріп алмалық, – дедім. Бір қанша адаммен барып, малды айдап шықтық. Малдың енді бір шетінде қарауылдап жүрген бес әскерге кезігіп қалып, қоршап алып, бесеуін де өлтіріп, мылтығын, аттарын қоса алдық. Үйден бір әскер қорқып шыға алмады. (166)

Біз малды алып шыққаннан кейін Зарлықан қарауылды тастап, бізге қарай жүргенде артқы жағынан атқан оқ оның атына тиді. Және менің атыма да оқ тиді. Адам аман болып, Қожыртыны өрлеп, малды айдап жолға шығып едік. Артымыздан 12 адам қуып келді. Олармен атысып, төртеуін өлтірдік. Қалғаны қашты. Жиыны 9 мырыш, 300 ат, 40 түйені алып, Оранбұлаққа қайтып келдік те тоқтамастан Өндірқараға түсіп кеттік. Жолдастардың мылтық түсіргендерін өзіне бердім. Екі түйе, бес аттан олжа бердім. Қалған малдарды Қалқа менің малымды талап алып кеткендіктен өзім алдым.

1946 жылы қыркүйекте Дәлелхан Алтайдың азат болған тойына Оспанды шақыртып Тастембайды жіберіпті. Өткен жылы сол базардан Оспан көшіп шыққанда өзінің орнына Уатқанды қойып кеткен болатын. Осы жолы да, Оспан өзі бармай, “Менің орныма Уатқан қатынассын” деп Тастембайды қайтарып жіберді.

Оспан ауылының жанындағы Ақ Үй Соғыс Комитеті кетіп қалғандықтан тағы да іс жүргізетін бір комиссариат құрдық. Екі үй кеңсе тігілді. Қапас мүпти, Әбдірахман Би, Қасен зәңгі, Ақмолла, Сұмғазы сол кеңседе отырып іс жүргізетін болды. Оспанды қорғайтын бір гарнизон әскери күш, 200 адам шығарылып, оның бастығына Жылқыайдар белгіленді.

Үрімжіден келген радиосист қытайға бір үй тігіліп берілді. Үрімжімен қолма қол сөйлесіп отырдық. Үрімжі – Шонжы Алтай сауда жолын аштық. Оспанға өкімет таңбасын Әлен Уаң әкелмекші еді. Әлен ауырып қалып, таңбаны Сарбай, Сүлеймен, Жанымханұлы Хамит алып келді. Осылармен бірге 500 түйе бұл, шай келді. Ел мен ел арасында сауда болып жатты. Жаңа құрылған іс басқару комиссариаты той жасады.

Сонымен қыс болды. Қар жауды. Оспан өкімет таңбасын тапсырып алып, Өндірқараға (167) көшіп келді. Алдыңғы келген қытай қашып кетіп, оның орнына Жүніс Дүнген келіп орналасты. Оспанға аударушылық қызметіне Құрманбай Тиянақұлы, Татай Қасымұлы орналасты. Оспан аулы Өндірқараға қонғаннан кейін комиссариат мекемесінде Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл ауданындағы бізге қарасты болып жіктеліп отырған халықтардың тұрмыс күйлерін, қорғаныс күйлерін зерттедік.

Ел ішінде екі беткей болып отырған Уатқан, Ләтіп, Нәзір тәйжі, Қалман қазы қатарлы адамдарды қайту керек деген мәселе туралы кеңестік. Кейбіреулер:

– Қолға алып кісендеп қамап тастау керек, – деді. Енді біреулер:

– Ұзақ жылдар өзімізбен бірге қар жастанып, мұз төсеніп төңкеріс істеді. Сонымен бірге олар өзімізбен бір туған, ет бауыр туыс. Жау жағадан алғанда, бөрі болып олар етектен ала қоймас. Оларда қазіргі жағдайдан біраз қорқу бар шығар. Өйткені біз орыс өкіметінен, монғол өкіметінен, Құлжадағы уақытша өкіметтен де, Сарсүмбе қаласындағы Дәлелханнан да қол үзіп қалдық. Төрт жағымыз бірдей жау. Бізде қазір белгілі сүйеніш жоқ, – деді.

Сонымен Шың Сысай кетіп, У Жу Шүн келген соң, Сан Мын Жуимен бітім жасадық. Бұл қытай тарихтан бері үлкен керекке жарамай келген осал халық. Сол жақтан орыс-монғол келіп әскери күшпен соғатын болса, онда қытайдың айырып алатын күші жоқ. Қытайдың он жылдан бергі соғысу ахуалын өзіміз жақсы біліп алған едік. Енді біз осы адамдармен сырластық істерін жүргізелік деп кеңестік.

Комиссар мекемесі мен Оспан аулын қорғау әскерін молайтып, полк етіп құрдық. Оның сыртында үш аудан халқының бәрінде мылтық бар. Монғол шекарасына, атап айтқанда Дәлелханмен екі ортаға шекара руларын әскерге алмай солардың өзін сол жерге қарауыл етіп белгілеу керек деп қаулы алып, оларды орналастырдық.

Мен Жанымханұлы Хамит, Өмірзақұлы Жанатты алып, Нәзір тәйжіге жүріп кеттім. Ол адамға барып жоғардағы ел өміріндегі тоқталып отырған барлық жағдайды айттым.

– Енді қайтеміз? Қайту керек? Тағы да бұғып қөру керек пе? Әлде болса, болмағанда үш аудан халқы өлсек бір шұнқырда, тірі болсақ бір төбеде боламыз ба? (168) Біз үш аудан халқы ұлы бірлік істеген уақыттарда, жаудың 50-60 мың құралды армиясын жойып, жүздеген самолеттерін, мыңдаған танкілерін қиратып, бүгінгі бауырластарымызды сақтаған едік. “Төртеу тең болып, төбедегі бақытты түсіріп алған да едік”. Кәнеки бізге не ақыл айтасыз? Мені сіздерге Оспан батыр жіберді, – дедім.

Ақыры Нәзір тәйжі барлық жақтан мақұл болып Оспанды қорғауға уәде беріп, інісі Сұлтанды маған қосып берді. Уатқан, Ләтіп олар да түгелдей жолдастарын ертіп, Оспан жанына келіп серт беріп қайтты. Бол жолы жалғыз Қалман келмей қалды. Манат та Дәлелханнан шығып Оспанға оралды. Уатқан, Ләтіп елдеріне жылқы айдап барып келген болатын. Салық тәйжі бір жиын ашқан кезінде өзі бірге болып Оспанды қорғауға мақұл болды. Туысқандық, сырластық бізді аз болса да тағы да бір рет бірлестірді. Шәри зәңгі әуелден берекенің ішінде болатын.

Оспан маған:

– Қалманды ұстап әкелуге кетемін. Нұрғожай өзі аттанып маған келе қойсын, – деп адам жіберіпті.

Мен дереу келсем, Оспандар аттанып Ақыт аулына барған екен. Қалман қашып кетіпті. Біз Оспанға:

– Туыс емес пе? Қаттылық істемеңіз, – деп сабасына түсіріп, Ақыт мешітіне апарып бесін оқыттырдық. Енді бір жағынан Ақыт туыстарын әрекеттендіріп үш сиыр, бір қанша қой сойдырып қойдық. Сонымен Оспан Ақыт үйіне келіп түсіп, түстік тамақ жеді. Оспан отырып:

– Қалман мен шақырсам келмеді. Әкесінің орнын бұлдады ғой. Мен өзім сәлем берейін деп келдім, – деп қойды.

Оспан бұл жолы қатты кәр төгіп келген еді. Біз ол кісінің бір жолғы ашуын тілеп алдық. Оспан жүрерде:

– Қалманның мені сыйламағаны, әкесі Ақытты сыйламағаны шығар, қайыр. Қашып кеткен екен. Қазез мешіт имамы сен бол, – деп Қазезді аулына ертіп қайтты.

Біз жиын ашардан бұрын Өмірұзақ залың Манатпен өкпелесіп 20 адамымен қашып, Оспандікіне келіп жатқан еді. Артынан Манат өзі келіп Оспанға қосылған еді. Сөйтіп үш аудан арасындағы қайшылықтар сырласу арқылы реттелді. (169)

Жаз шыға Дәлелхан соғыс бастайды екен деген сыбыстар ел ішін аралай бастады. Манатты 200 әскер беріп, Дәлелханмен екі ортаға қарауылға жіберді. Қапас батыр Бурылтоғай елімен Сарсүмбе ауданының екі арасына қарауылға жіберілді. Көп өтпей “Бес жүз әскермен Бәделхан шығыпты” деген хабар дүңкілдеп тұрды.

– Біз үш аудан елі соғыстан қорықпаймыз. Он жыл соғысып, соғыс дегеніміз әбден әдеттегі істерге айналып алған. Өлтіріп тұрсақ, өліп тұрсақ, ол біз үшін “қазылық пен шәйіттік” – деп қоятын едік.

Бұл жердегі ең жаман іс мынау болды. Екі жағымыз да қазақ едік. Бауырдың бауырды өлтіруі біздің санамыздан өтпеді. Оның ішінде менің санамнан тіпті өтпеді. Мен жатсам-тұрсам да “Енді не істеу керек? Жау десе жарғақ құлағым жерге тимейді. Жауды құртып, жеңіп болғанша тамақ ішпейтін әдетім бар еді. Мына жау деп отырғанымыз қазақ еді. Қазақ ішінде өзімізбен бірге туған Абақ Керейдің ұл-қызы еді. Япырай орыс пен монғолдың өзімізді өзімізге салып кеткені неткен сұмдық еді!

Неткен жадыгерлік!

Неткен аянышты тірлік!

Неткен бақытсыздық!

Неткен надандық!

Неткен қараңғылық!

Он жыл соғысып, қазақ үшін қан кешілгенде енді бауырдың оғынан өлеміз бе деген ойлардың бірі кіріп, бірі шығып тыншымды кетіріп жатты.

Дәл осы кезде 30 адаммен Бәделқан алдын тосып жер шалып кел деп маған бұйрык келді. Мен бұйрық бойынша жетіп келсем, екі аудан ортасында Меркіт Ыбырайхан үкірдай елі бар екен. Және Есіргеп Тыштай ауылдары бар екен. Сол жылы Мұсахан өлген еді. Алдымен Мұсахан үйіне барып сәлем беріп сол үйге Құран оқыдық. (170)

Мүрсәлім қыстан құр шыққан қарагер атын Қапасқа берді. Ыбырайхан үкірдай қарала атын маған берді. Екі ат бит домалап түсетіндей тойынған екен. Ол елге:

– Кеуделеп барып  малдарыңды қоздата беріңдер, – дедім.

Сол ауылдан шығып, жер шалып екі тұмсық айналсақ, үш адаммен Ежен Бейсі кезіге кетті. Амандасып болған соң жөн сұрадым.

– Ертіске баратын ретің көрінбейді. Жер шалып Дәлелханға шпион болып, тың тыңдап жүрсің ғой. Атаң істемеген істі Оспан істесе жаман болмаған еді. Ең аяғы Дәлелханың болып, Мәми аулың болып Оспанның кәдірін көре алмадыңыздар. Мен қазақты қазақпен соғыстырмай Оспан мен Дәлелханды татуластырсам, – деп жүрмін дедім.

Олардан айрылып қайта келіп Қапасқа айттым.

– Қазақ өзімізбен өзіміз соғыспалық. Қазақтың қанын төкпелік. Бұл елдер қашанда біздікі. Қойларын қоздатып жата берсін. Дәлелхан елдің ылғи соғыс көрмеген жас баласын алып келеді. Олар біздің бір шарпуымызға келмейді де босқа қырылады, – дедім.

Қапас мақұл болды. Біз қайтып кеттік. Бәделхан ілгерілеп келмеді. Қайтып елге барсам “Бекторов, Могтонов саяси комиссарлар болып, Іледен Түсіпқан жынды шпион әскер бастап, Бурылтоғайдан түсіп өрлеп келеді” деген хабар келіп жатыр екен.

Оспан 200 әскермен Түсіпқан шпионды қарсы алуға тағы да мені жіберді. Мен әскерлер мен аттарын ыңғайлап алып, өзенді құлдап жүріп кеттім. Мен әскерді алып Сойтыға барсам, ондағы қарауыл Манат ел қыдырып ойын-күлкімен жатыпты. Ат-көліктерін де қырға шығарып жіберген екен.

Сол жерде алдымыздан шыққан Өмірұзақ залыңның әйелі, жанында Қыстаубай Бұрынбай молланы ертіп Манат жатқан жерге келдік. Түсіпқан шпион Манатқа хат жазыпты. “Манат талай қарабет болған едің. Осы жолы біз келдік. Тағы қарабет боласың ба? Қай жолмен жүресің? Жолыңды таңдап ал. Біз келдік. Осы жолы қолға түссең, атқа сүйретіп өлтіремін” деп жазыпты. Хатты оқыдық та:

– Мына сатқын тыңшы, кәр шпионның күшін қара. Тәуекел Алла. Қазақты қазаққа әкеп салу әлгінің ісі ме екен? (171) Ол да орыстың сұмдығы қой, – дестік.

Біз әскерлерді алып, Бітеудегі Мақан молланың аулына бардық. Құсайынбай, Әділхан би, Әбдірахман би, Расұл залың, Мұштәри, Шарбақбай, Сарбай, Сағатай қатарлы ел адамдары Мақан молланың үйіне жиналды. Кейін Тиянақбай, Қажыбай зәңгі де келді. Оларға ашық айттым:

– Оспанмен соғысқалы орыстар Түсіпқан полкін әкеліп, Бурылтоғайға төгіпті. Мен осымен соғысқалы келдім. Алтай тауы жақта Қапастар атысып жатыр. Енді біздің бұл өзен бойынан атыс бермеуге мүмкіндік болмай қалды. Дәлелхан жақ болсаңдар рұқсат. Құлдай көшіңдер. Оспан жақ боламын десеңдер, өрлей көшіңдер, – дедім.

– Барлығы Оспанға барамыз, – деп уәде беріп, өрлеп кетті.

Мен әскерімді алып, түнделетіп жүріп Деңнің керішіне бардым. Сол жерге барғанда ел арасы сұйықтап үзіле бастады. Әскерді кейін тастап 30 адаммен жер шалып ілгеріледім. Өрлей көшкен Қыстаубай Сабыр қажының қыстауына барып түстік. Аздан соң бір Қыстаубай молла құлдап кетіп бара жатып:

– Жау өрлеп келе жатыр, – деп жетектеген түйесі бар қайта қашып келді.

Сол керіштің Алтай жағында жүретін тағы бір жол бар еді. Соны қарауылдап, жаудың алдын алып тұра қалдық. Жер шалып келе жатқан екі әскер көрінді. Оларға мылтықтың құндағын жоғары көтеріп едік.

– Өз адамдарымыз, – деп жетіп келді. Олар жанымызға келгенде ұстап алып қосқа жібердік. Байжұма деген збот бастығы екен. Жиыны 13 адам бірінің артынан бірі келіп, барлығы қолға түсті. Оларды артқы шепке қоя бердік. Ол адамдардан келе жатқан әскердің ахуалын сұрадық.

– Абайсызда басамыз деп Құм жақтан келе жатыр, – деді.

Біз де Құмға шықтық. Біз оларды бұрын көрдік. Әбден жақындап қалғанда бізді көрді де:

– Ойбай құйыршық мұнда екен, – деп жалт берді.

Сол қойнауда өзенге жақын тұрған бір ескі қорған бар екен. Сол қорғанның ор жағына біз барып: бұрын қарауыл орнын алып қойдық. Біз аз адам болғандықтан бір үлкен қорғанның ығына сиып кеттік. Олар қалың әскер болғандықтан кіші-кірім жерге симайды. Қарауыл бізде болғандықтан елу атар пулеметті төгіп-төгіп жіберіп едік. Бүкіл бір үлкен қойнау жарым сағат ішінде адам мен ат өлігіне (172) үйіліп қалды. Қырылғаннан қалғаны қайта қашты. 80 адам өлген екен. 80 адамды тірідей қолға түсіріп алдық. Бізден бір адам, Ителі Дәлелхан Қасенұлы жаралы болды.

Біздің артымыздан Оспанға бағынып келген Борбыжап әскерлері жәрдемге келді. Түн бойы шпион сатқын қызай Түсіпқан әскерін өзенге де, жыраға да, тоғамға да қамап алып, аяусыз қырдық. Бастықтары орыс екен. Таң ата қашты. Жау қашқан соң біз шегініп, Дүреге келіп бас-аяғымызды жинап, адамдарды түгендедік. Елден келген хабарда:

– Ақдалаға қарай көштік. Шауқарға барамыз, – депті.

Қолға түскен 80 адамды атын, азығын беріп, жеріне қайтарып жібердік. Қазақ бен қазақтың соғысқаны, соншама қазақ жастарының қырылғаны менің идеяма сыймады. Мен Оспанға барып:

– Бәйтікке шығып кетелік, – деп едім. Оған көнбеді. Сұпты Күртіге қарай көшті. Мен елге хош айтып өзіме қараған туыстарымды алып Үрімжіге қарай көштім.

Жол бойы Ішбенін қағы, Отау Керіш, Шөмішбай, Көкбастау, Ханоба, Аштысу, Үшқұдық қатарлы жерлерді басып Пукан ауданының Өлеңді қобы деген жерінен барып шықтық. Үшқұдықтан су құйып алып үш күн көштік. Сонда барып Өлеңді қобыда суға іліндім. Ташанға барып жерлестім. Оспан:

– Нұрғожай біздің жанымызда жоқ, жау қырып кетті ме? Жоқ сіздер жаққа кетті ме? – деп Жанымханға телеграмма беріпті.

Алдымыздан Жанымхан адам шығарып іздеген болса да олар шөлден қорқып ілгерілеп бара алмапты. Өзіміз аман-есен жетіп барып орныққаннан соң Сүлеймен екеумізді Жанымхан шақырған екен. 30 адам ертіп Үрімжіге бардым. Алтайдағы болған уақиғаны демократиялық өлкелік өкіметке баяндадым. (173)

Басымыздан Өткендерге шолу

Мен жоғарыда өз басымнан өткен уақиғаларды жазып шықтым. Мен Алтай қозғалысы атты осы қозғалыстың бастан ақыр ішінде болдым. Сондықтан менің осы реткі жазып отырған тарихтарыма естіген сөз бен әрекеттерді қоспадым. Тек өзім сөйлеп өзім істеген істер, Оспанның айтқандары, Оспанның маған берген жарлықтары, “Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитетінің” бастан ақыр ахуалын, оның мен арқылы болған көптеген іс-әрекеттерін ғана баяндап шықтым.

Мен ең бірінші рет, Оспан ішінде, құрылған тоғыз комиссардың, яғни тоғыз полковниктің бірі едім. Ең жоғарғы әскери қолбасшы Сұлубай батыр шәйіт болғаннан кейін барлық әскер құқық Кәмел екеуіміздің қолымызда болды. Ал Кәмел батыр шәйіт болғаннан кейін барлық әскери соғыс қимылдары негізінен менің қолымда болды. Тоғыз полктің адамдары, сол адамдар туып өскен рулардың өз елінен алынды. Шеттен келген қаруларды бөліп беріп отырдым. Ал жаудан түскен қаруларды да теңшеп бөліп беріп отырдым. Әскери азық-түлік жеке адамдардың өзіне міндеттелді. Біздің жауды көп алып отырудағы басты себептеріміз осыдан болды.

Әркім бір тұлып талқан алып, айлап соғыс жүргізді. Онан басқа жаудың әскери қорын тартып алып бөліп беріп отырдық. Жау қаруларын, оның басқа олжаларын түсірген адамдардың өзіне бердік. Ер, әйел, жастарға дейін мылтық үйретіп, бүкіл елді жаппай мылтық ата білетін етіп шығардық. Жаудан мыңдаған, он мыңдаған түскен жәшік-жәшік оқтарды машықтанушыларға үлес беріп отырдық. Бүкіл олжа, оқтың үштен бірі машыққа жұмсалды. Соңғы кезде мал бағатын жылқышылар, қойшылар, түйешілер, сиыршылар да қолына мылтық алып кезіккен жаумен атысып малды қорғай алатын дәрежеге жеткен еді.

Әрбір рулар өз алдына қарауыл ұстай алатын болды. Жаудың ұзақ уақыт атқылап күрес отында түрткілеп жүріп нығайтуы бізді талай-талай соғыс қабілеттеріне ие етті. Өралтай аталған үш аудан халқында бөлінушілік болмады. Осындай ұлы бірлік күш бізді өз кезінде көптеген нәтижелерге қолымызды жеткізді.

Оспан оқымаған адам еді. Бірақ шын батыр еді. Оның тоғыз орынбасары да оқымаған немесе сауатты ғана адамдар едік. Бізді заман мылтықпен ер жеткізді. (174)

Бізді бандит Шың Сысай өлтірмекші болды. Біз оның қолында әсте арам өлмекші емес едік. Олар бізді қуалады. Біз қашып жүріп, ең ақырында бандит Шың Сысайды қуалап жүріп соққыладық. Шың Сысайды сақтап қалу үшін орыс өкіметі де, монғол өкіметі де барлық күшін жұмсады. Орыстар да Көктоғай Шіңгілге әскер кіргізді. Монғолдар да Көктоғай Шіңгіл жеріне талай рет әскер кіргізді. Шіңгіл Көктоғай халықтарын орыс пен монғол әскерлері аяусыз қырған. Олардың барлығын жылмен, айы-күнімен өз мәнінде жазып қалдырдық.

Шың Сысай Ресейден жалт бергенде, біз де сол кездегі жағдай қажетіне сай, қайтадан орыспен, монғолмен дос болып олардан қару-жарақ алдық. Шың Сысай бандит Шынжаңнан кеткен соң, орыс пен монғол бізге де қойдың басын көрсетіп, иттің етін сата бастаған кезде тағы да сол заманның қажетіне сай тыныштық іздеп У Жушиді келіп таптық.

Біздің еркімізден тыс дамитын құдірет-егемендік қозғалысының ауқым жағдайына бой ұсындық. Ондағы көздегеніміз қазақ пайдасы еді. Қазаққа социал-демократиялық басшылық еді. Ел болып кетудің қамы еді. Бірақ жаратқан Құдай бізге өте бір қажетті нәзік жағдайды туғызып бере алмады. Не лаж!..

Күресіміздегі қаһарман батырлар

Соғысты ұзақ жылдар жүргіздік. Әрбір адам өзінің әскери ат-көлігін, азығын өзі дайындады. Мылтықты жау қолынан тартып алдық. Жауды қарсы елді бастаған талай сансыз батырлар шықты. Оның көп бөлімі тіпті 99 пайызы жау қолынан қаза болды. Шәйіт болды. Олардың жаны жәннатта болсын. Қалған ел жұртына ағайын туғандарына қатын-балаларына қайырын берсін. Олар мыналар еді:

Есімхан, Ырысхан, Оспан, Сүлеймен, Кәмел, Қапас, Зейнел, Шамғұн, Үмітбай, Ақтеке, Ноғайбай, Зәтелбай, Мұса мерген, Ыдырыш, Жұпар молла, Ырыстан, Ақтайлақ, Сұлубай, Сүлеймен Бектұр, Қаһарман, Зал, Қопай, Қуанышбай, Шәйтғазы, Самырхан, Сайып, Есен, Алдажар, Идат, Нөнен, Қадірбай, Рақаділ, Смағұл молла, (175) Қасейін, Рақым мерген, Тоқтыбай, Шәмей, Мұқай, Жылқыайдар, Жаңбырбай, Жұмжұма, Қачыақын, Мырзакелді, Биқажы, Қымбыл, Кәмел Қажақынұлы, Кәшапат, Күпібай, Нәби, Келес, Әбдірасұл, Тілеп, Манат, Мәуітқан, Рамазан Шалапұлы, Қидар, Зарыққан, Өрдебай, Дағыстан, Зиядан, Шәймұрат, Бүркітбай, Ақмолла, Сәлиақын, Қариға, Мапян, Қалел Ыдық, Әлей, Ақыт (Қобдадан келген адам), Қасен, Түкібай, Тәжігүл, Еренқан, Молдияр, Құматай, Қаби Өзенбайұлы, Тағай (Машанұлы), Тағай Базарқұл, Құрман, Қанатбай, Жұқай, Қиса, Тоқтаған, Базар, Көпбосын, Балтабай, Сайтанкөз, Сендиков, Солтікен, Хансұлтан, Мейірбан, Тоқтамыс, Кәби Қарақасұлы, Шотман, Нұғман, Бәлібек, Нәби Тоқтағанұлы, Дәуітбай Қонқабайұлы, Оқан зәңгі, Шыбарайғыр Қапас, Қауым, Қажет Ақын, Ыбырәкім, Қабдұлбаки, Ердіқан, Қарақан, Жықай, Дәуітқан Жықайұлы, Әлпи, Сұлтан Көжебайұлы, Нәби Арынұлы, Бүркітбай Бектұрұлы, Мұса Бектұрұлы, Жағпар, Зада, Қалиасқар, Қанапия, Баттал, Байкелең, Саппай, Үкіліқат, Тәшке, Бесқажы, Қали, Кенесары, Кәбіл, Қажбай, Дәлелхан Қасенұлы, Айырбай, Ақыбай, Байтолла, Зұлжалал, Жәнкен, молла Бейіс қатарлы адамдар мыңдаған, он мыңдаған жау армиясын жоюда олардың орасан зор еңбектеріне сүйендік. Бұдан басқа да талай ерлер бар еді. Кейбіреулерінің атын ұмытып қалдым. Осы адамдардың ұрпақтарына Алла берекет берсін. Әмин.

Мен жоғарыда “Шығыс Түркістан Бұлғын Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетінің” кезінде солтүстік жолдарды қаратып алу үшін осы үлкен комитет қарауында үш соғыс комитеті құрылған еді деп айтып өттім.

І. Алтай Соғыс Комитеті

ІІ. Тарбағатай Соғыс Комитеті

ІІІ. Іле Соғыс Комитеті болған еді.

Біз соғыс жүргізумен қатар, ұдайы хат та алысып тұрдық. Ол жақтағы жүргізілген соғыстардың (176) ішкі ахуалынан көп хабарым жоқ. Бірақ сол кездегі Шығыс Түркістан Бұлғын Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетінің бізге әрбір уақыттарда ұқтырған баяндамаларында Тарбағатайдағы Соғыс Комитетінен ерекше еңбек сіңірген Қалибек, Хамза қатарлы көптеген адамдарды айтып отыратын. Тарбағатайда болып өткен шайқастарда Нұрсапа батыр жайында да және көптеген басқа батырлар жайында да естіген едім. Ол адамдарды мен бұл жерде әңгімелемедім. Өйткені төңкерістің басшысы болған Қалибек батыр қазірге дейін тірі болғандықтан өз тарихтарын өздері баяндай жатар. Іле Тарбағатай аймағына барған Генерал Қу Зыңнан армияларының топ тобымен қырылуы Қалибек қозғалысындағы жүздеген батырлардың еңбегінің жемісі еді. Қалибек және Құлжа төңкерісшілері Тарбағатай, Шиқу соғыс тораптарына тез жету үшін бандит Шың Сысай армиясының жолын бірақ кесіп тастағандықтан Іле мен Шәуешек тез алынған еді. Осы екі аймақтың тез жеңіске жетуіне Қалибек төңкерісі және ондағы жүздеген батырлар ерекше еңбек сіңірді.

ІІІ. Соғыс Комитеті деп аталған Іле Соғыс Комитетіне Әкбар, Пәтих, Қани (Тараншы) барлықтарының еңбектері сіңді. Оның ішінде Қазақстаннан Әнуар полковник армиясы партизан болып өтті. Генерал Мажаров, Генерал Палинов сол жерге тікелей басшылық етті. Бірақ оны соңғы кезде үйінен шықпаған атқа мініп жүре алмайтын, мылтық ата білмейтін саяси ұрылар иелеп кетті. Шетел шпиондары иелеп кетті. Біздің қолымызда халықаралық радио станциясы[106] болғандықтан үш аймақта болып жатқан уақиғалар естіліп тұратын. Осылайша сол кезде Оспан арқылы, Ақ Үй азаматтары арқылы естіп тұратын әңгімелерді аз болса да елестетіп қойдым.

Соңғы тарих зерттеушілердің қозғалыстың негізгі бағыты және мән-мағынасынан адасып кетпеуін үміт етемін. (177)

ДӘлелхан Сүгірбаев жайындағы пікірім

Дәлелхан тәйжі асылы Монғолияның адамы. Генерал Бәкіш 1921 жылы ауылын шауып ағасы Дөрбітханды атып кеткенде шешесін ертіп Алтайдағы Жақып ауылына қашып келген болатын. Дәлелхан тәйжіні 1942 жылы 10 қыркүйекте[107] Баймурзин орыс консулы Ресейге алып кеткен.

1944 жылы шілдеде[108] Бұлғын Ақ Үй Соғыс Комитетіне келіп қызметке араласып Алтай Соғыс Комитетінің орынбасары болған еді. Дәлелхан бұрыннан он екі Абақтың бірінің ел билеген шаңырақтың адамы еді. Әкесі Сүгірбай Шеруші елінің тәйжісі болатын.

Біз төңкерісшілер Дәлелханға үлкен сенім байлаған едік. Әуелі саяси қайраткер бола ма? – деп үміттенген едік. Бірақ оның Ресейді айналып келгендігіне қарап оған күмәніміз де бар болатын. Шаңырақты құрғанда оның айтқанына сеніп те жүрдік. Біз ол туралы күмәнімізді

– Ол қайтсе де коммунист болып келді, – деуші едік.

Өзімізбен бірге өскен адам болғандықтан Дәлелхан Оспанмен болған сырласуларымыздың ішінде бола келген еді. Ол:

– Мен елдің бәріне Коминдаң ұрлап әкетті. Үрімжіден қашып шықтым деген едім.[109] Мен шынында Алтайдың өзінен Ресейге өтіп барған едім.[110] Ресей мені жасырын зорлық қылғандай алып кетті. Мені Ресейге апарып түрмеге салып қойды. “Шың Сысай бізді алдады. Бізбен жауласты. Біз қару-жарақ береміз. Шың Сысайды құлатып Шығыс Түркістанда сыртқы Монғолия секілді бір ел болып кетіңдер”, – деді. Мен оларға мынаны айттым. “Бұл қызмет менің идеямнан өтпейді. Мен Керей жөнінен айтқанда аз ауылдың адамы едім. Менің туыстарым негізінен Монғолияда отыр. Алтай дегенде, Керей дегенде ең көп ел Жәнтекей мен Жәдік елі болады. Онан қалса Қарақас, Молқы бар. Қозғалыс бастауға ұлтанды ру адамдары болса, оның ішінде, әсіресе, Жәнтекей елінен адам болса” дедім. Осы пікірім үшін екі айдай түрмеде жаттым. Түрме жазасы жаныма батқандықтан төңкеріс істеуге мақұл болдым. (178) Совет үкіметі, Монғолия үкіметі “Шынайы көмек қыламыз. Жаң Жеші көп өтпей жеңіледі. Қытайлардың ішкі соғыстары өте көп. Олар осындай әлсіз болып тұрған кезінде қозғалыс бастап Шығыс Түркістанда Монғолия тектес ел болып кетіңдер”, – деп үгіттеді. “Ішкі сыртқы саясаттарыңды Монғолия сияқты өздерің біліңдер”, – деп пікір айтылып еді. Ақыр мен де мақұл болдым. 1942 жылы 20 қарашада, яғни мен барғаннан кейін 71 күннен кейін “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялаған интернационалдың жарнамасын алып келіп мені бірнеше күн оқытты. Сонымен қатар, 1943 жылы 2 қаңтардан бастап Шығыс Түркістан азат болғанша жүргізілетін шикізат, товар, мал саудасының тармақтарын орыстар өздері түзіп әкеліп оқып берді. Бұл тармақтарды мен табандай екі ай оқыдым. Бұдан басқа Шығыс Түркістанды ел етіп құрудың бір қанша саяси дәрістерін оқытты. Сонымен Оспан жайындағы болып жатқан қозғалыстардың ахуалын айтып тұрды. Халықаралық жағдайды әрдайым айтып одан дәріс беріп отырды.[111] Алтайдағы қозғалыстарды ұғып жатсам да оған тәуелсіз ел болуды жүзеге асыра алмайды деп қарап келдім. Өйткені оның халықаралық жақта белгілі иесі жоқ. Орыстар 1932 жылы Шығыс Түркістан жарнамасын жариялап Қожаниязды қолдаған болса да, соңғы кезде алдап кеткен еді. Сонымен бірге Алтайдағы көп ел Жәнтекей онда Көкен-Тұпан билігінен басқа орындар билік айтса Жәнтекейлер тоқтамайды. Сондықтан менің мұндай қиын жерде жұмыс істеуім қиынға түседі деп ойлап келдім. Қазір де мен ойымнан арылып көргенім жоқ. Ең ақырда жарнама, жазба тоқтамдар мен Оспан жетістіктерінің біраз ілгерілеп жатқандығын көріп істесем істейін деп келіп отырмын. Ендігі істерді сіздерге сүйеніп істеп көрелік, – деуші еді.

Бірақ кейіннен Дәлелханның алғашқы мінез-құлқынан барған сайын алшақтап Оспанды надан деп қарап[112] баса билік жүргізетін әдетке көше бастады. Міне тағдыр Оспан мен Дәлелхан арасына бұл мінез-құлықты әдейі алып келді. “Ілгері басқанның иті оттайды. Кейін басқанның келіні ұрлық істейді.” (179) Дәлелханның келіні ұрлық істей бастады. Бір кезде Дәлелхан бір сөзінде:

– Әсілінде Ресейге баратын ниетім жоқ еді. Жәнтекейдің белгілі орындарындағы белгілі адамдарының сол кезде Ресеймен байланыс жасап қазақ консулы Баймурзиннің Алтайда ұйымдастырып жүрген адамдарының күштеп араласуы арқылы кетуге мәжбүр болдым, – деп те қойды.

Баймурзин Дәлелханнан кейін Бұқатты, Қалелді айналдырған. Оны нәтижесінде оларды құртып кеткен еді. Бұқат, Қалел құрығаннан кейін Алтайда, әсіресе, Жәнтекей арасында тағы да саяси ұйым құрылғандығын көреміз. Бұл ұйым адамдары кейін бізбен байланыс жасамады. Олардың аттары бізге мәлім болмады. Сондықтан сол кезде туыстық жақтан Дәлелханға сеніп келдік.

Кейін Дәлелхан орыстар мен Монғолияның адамдарының қолына қонған. Оны біз көріп отырсақ та көпке дейін Оспан батыр:

– Тұра тұр, тұра тұр. Байқайық, – деумен көп уақыт сенісе алмай келдік. Ең ақырда Дәлелхан шын айрылуды талап қылған кезде, Оспан батыр Дәлелханнан бір-ақ күнде сырт айналып, оның есігін бір-ақ жапты.

Орыстар Дәлелханды қолына ұстап тұрып Ысқақбек, Ахметжан сияқты надан адамдардан пайдаланып үш аймақтың мұнай, асыл тас, алтын, барлық шикізатын текке қазып алып арзанға сатып алып бітеу жұтып жатты.[113] Ал біз барлық нәрседен қол үздік. Енді өз басымызға қауіп төнгенде сол мекеннен қашып шығуға мәжбүр болдық. (180)

Ресей арқылы қолға келтіреміз дейтін ұлттық ақыдан [қақ-құқықтан] үміт үзгеннен кейін Сан Мын Жушидан үміт күткен едік. Ол жағдайды мен жоғарыда баяндадым.

Бұның өзі, құтты Абай айтқандайын “бір үміт, бір қауіп” астында тұрды. Коминдаң мен Күн Сандаңның кескілескен соғысы болып жатқан қиын-қыстау жағдайды Гоминдаң өзіне бір қажетті базар тауып Шығыс Түркістан өлкесін ең болмағанда “Шын Түркістаны” деп жариялайды деп ойлаған едік. Бірақ осынау ұзақ тарихтан Шынжаңды Шығыс Түркістан өлкесі деп құрып беретін адамды жаратқан Құдай орыстан да, қытайдан да туғыза алмайтындығын түсіндік. Сондықтан уақытша жан бағу қажет болды. У Жуши Үрімжіде демократиялық жаңа өкімет құрғанда осы өлкелік үкіметтің қарауында сегізінші полк құрылған. Осы полктің бастығы Закария полковник еді. Осының І Ландойын бастығы мен болып белгілендім. Полк Пукаң ауданына орналасты. Мен сол жерге барып әскерлерге ат ойының, сынай мергендік үйреттім.

1947 жылы Қалибек тобы Сауаннан бұзылып көшетін болғанда демократиялық өлкелік өкіметтен жәрдем сұрады. Сонда мен ланыммен барып оларды шекарадан аман-есен өткізіп алып келдім.

Үрімжіден екі күн жүріп Құтыби ауданына бардым. Закария сол жерде екен. Жанымханның Дәлелханы бар екен. Біздің әскерлерге сол жерден құралды толықтап берді. Қалибектерді аман-есен өткізіп алып Шындықозыға қонған соң біз сол жерде бір ай жаттық. Онан соң Жаншетіңге келдік. Онан шығып полктың негізгі орны болған Пукан ауданына келіп түстік. 1947 жылдың ақырына дейін бұл орыннан қозғалмадық. 1948 жылы (181) орыс өкіметі мен монғол өкіметінің қуатты армиясының күшімен Ресейдің генералы Бектуров 1947 жылы маусымда Оспанды және оспаншыларды қуалап отырып Бәйтік тауына әкеп тастады. Бұл жолы орыстар үш аудан халқынан 80 мың қойды тартып алды. 1948 жылы көктемде сыртқы Монғолияның Генерал Серін армиясының күшімен Оспаншылдарды қуалап Шонжы ауданына әкеліп тастады.

Американ консулымен байланыстар

1948 жылы Шонжының Ақшиінде Оспан аулына амандасуға Үрімжіден Әлен Уаң, Закария, Хамит Жанымханұлы, мен Нұрғожай қатарлы адамдармен келдік. Оспан үйінде жиындар ашылды. Оспанмен Жан Же Жұң арасында әңгімелер болып жүрді. Оспан қашып Үрімжі тауына шықса да Сан Мын Жұйдан үлкен үміт күтпеді.

Америка консулы Мәккирнан[114] мен Оспан көп рет әңгіме өткізді.[115] Оспан Америка өкіметін дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы қуатты мемлекет ретінде көретін. Тек Америка өкіметіне сүйсенсек түбінде Шығыс Түркістан болып кете алар едік. Орыстар Түркістанның көп бөлімін жаулап алып отыр. Орыстар Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Қазақстанды жаулап алды. Шығыс Түркістанды қытаймен ынтымағын күшейтуді ойлап, екі рет алдап, екі рет сатты.

1932 жылы 5 сәуірде Коминтерн Шығыс Түркістан тәуелсіздігін жариялады. Бұл кезде қытай Күн Сандаңы өте әлсіз болып Сан Гән Ниша шекарасына қашып келген еді. Олар осал тұрған кезінде орыс бандылары Шығыс Түркістанды бөліп жіберіп сыртқы Монғолия сияқты өзінің бір базасына айналдырмақшы еді. Қытай Күн Сандаңы күн санап күшейіп Коминдаңға (182) тізе бүкпеді. Бұл жағдайды көріп орыстар Мау Зыдұң үшін Шынжаңды сақтап қалуды ойлады. Сөйтіп болашақта қытайдың өзін әкеліп түсіре салып Мауды бүкіл дүниежүзінде орыс үшін істейтін адамға айналдырмақшы болды. Сондықтан орыстар Шың Сысайды өзінің партиясына кіргізіп алып Шынжаңды уақытша алдамалап ұстап ондағы бес күшті бірін біріне салып қырдыртып отырды.

Кейін Шың Сысай Ресей, Германиямен болған  соғысында қайтсе де жеңіледі деп жалт бергенде, орыстар Коминтерннен пайдаланып 1942 жылы 20 қарашада “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялап Оспанды келіп тауып, Шығыс Түркістан Бұлғын Ақ Үй Соғыс Комитетін құрған еді.

1943 жылдың аяғында Коминтерн тарап кетті.[116] 1945 жылы маусымда Германия жеңілді.[117] Жұнғо Күн Сандаңы 19 өлкені тартып алып күшті әскери өкімет құрып алды. Осы кезде орыс бандылары да жалт беріп тағы да Шынжаңды Мауға беру үшін Оспаннан безу, Қалибектен безу, Әлиханнан безу саясатын қолданды. Оларды қолға алатын саяси сылтау іздеп Коминтерн жарнамасын екінші рет Мауға сатты.

Орыстар “Мауды сақтап қалсақ, бүкіл дүниені дүр сілкіндіреміз. Мау арқылы бүкіл дүниеде коммунизм болады да орыс болып шығады. Бүкіл дүниенің қара шаңырағы боламыз”, – деп ойлаған еді.

“Арқада қыс болмаса, ақбөкен неге ауады?” дегендей Алтайда бұрын соңды қыс болмаса Оспан алтын Алтайдан неге ауады? Оқушылардың осы төңкеріске бастан ақыр ғылыми позицияда (183) болуын, ғылыми жолмен қайта талдау жасап қорытынды шығаруын үміт етемін.

Орыс бандиттері өздерінің пайдасы үшін Қырым, Қавқаз, Түркістандағы сатқын түрік нәсілділердің бәрінен әбден пайдаланып кәніккен ескі әдетін осы жолы да тамаша іске асырды.

Осы жолы Құлжаның сатқын сарттарынан мықтап пайдаланды. Біз Оспан тобы мұсылман азаматтарын өлтіруден бас тартып, уақытша болса да Алтайды тастап кетуге мәжбүр болдық.

Оспан ауылы келгеннен кейін амандаса ерулік әкелген Әлен Уаңға он екі түйе берді. Өйткені Әлен Уаң ауылын орыстар шауып алып малдарын Жеменей шекарасынан Шығыс Қазақстанның Зайсаң ауданына өткізіп алып кеткен. Онда полковник Моготонов, Капитан Студенков сияқты адамдардың әскери күшін мықтап пайдаланды. Бұл қозғалысқа Құлжаның сарттары мықтап опасыздық істеді.

Жол-жөнекей бір мысал айта кетейін. Ахметжан 1948 жылы Ақсу аймағын ала қоямыз деп үш аймақтан еріктілер армиясын тізімдеп жазғанда бір де бір қазақ жазылмай қояды. Ақсуды сарт өзі алсын батырлығын көрсетсін деген еді. Іленің сарттары Сопақын полковникті ерікті армиялардың бастығы етіп сарттан мың баланы алып Іле тұсынан Ақсуға асып (184) барады. Ақсу Көнешарға барған соң соғысып 600-ден астам ұйғырлар дамыналға түсіп тұңшығып өліп қалған әскер үшке бөлініп қашып төрт ай дегенде батыр Сопақын Құлжаны жүз адаммен әрен тапқан еді.

Бұл турасында екінші бір мысал 1932 жылы Қожанияз қолына қару алып Коминтерн жәрдеміне иеленді. Ол ағылшын ұйымдастырған Қашқардағы Түркістан Ислам Мемлекеті деген ұйымды өзіме қосылмадың деп таратып жіберген болатын. Ол кезде ол Коминтерн жәрдемін халықарада үлкен тиянақты күш деп санады. Махмұт Мұхлисидің берген дұрыс пікірін қабыл алмады.

Сол кезде Шіңгіл ауданындағы бір бай шаруа Әміре деген кісі айтқан еді. “Көсе қара жүрген жақтан бір айғай кетпей қойған емес” дегендейін тарихта сарттар жүрген жақтан бір осалдық кетпей қойған емес еді.

Біздің қазақтар кемпір араласқан ертек оңбайды деуші еді. Сарт араласқан соң Шығыс Түркістанның оңбайтынын білген едім.

Өкінішке орай, ол қолға мың жылда келген бір мылтық еді. Бұл мылтықты Қожанияз Шың Сысайға беріп қойды. Кәриттің басын Шың Сысай алдымен мұжиды. “Әттен өзінің шашына су салмай тұрып басын өтпейтін ұстарамен қырар ма еді?” деп тұжырым жасаған еді. (185)

1942 жылғы қозғалыстарда Құлжаның сарттары дәл осы Қожанияз қозғалысының аяғын құштырды.

Мен 1947, 1948, 1949 жылдардың жазында Үрімжі тауындағы Көктал, Толы, Шоя саздарын жайладым. Оспан Шонжы тауындағы Ұлтан Ұзынқыр жайлауын жайлады. Қысында Шонжы ауданының қала маңын қыстады.

Жаң Же Жұң мырза Оспан Үрімжіге таяп келіп отыруын талай рет айтқан еді. Тіпті демократиялық-өлкелік өкімет мүшесі болғандықтан Үрімжінің ішіне кіріп алуын да ұсыныс етті. Оспан ондай пікірлердің сырын түсінген еді. Оның үстіне Жаң Же Жұңды дұрыс адам деп қарамады. Бұрхан, Тау Сионы[118] дұрыс адам деп қарамады.

1949 жылы жазда Коминдаң мен Күн Сандаң соғысының хабарлары үнемі келіп тұрды. Коминдаң әскери басшылары қаша бастады. Америка консулы да болып жатқан уақиғаны айтып тұрды. Мәккирнан:

– Мал жаныңды жергілікті өкіметке бірақ өткіз. Америкаға кет, мал сомасын біз береміз, – деп те айтты. Оспан:

– Отанымызда тұрамын. Қашпаймын жердің арғы бетінде жатқан Америка маған Шығыс Түркістан өкіметін құрып бере алмайды. Американың сөзі де өтірік. Рузвельттің екінші дүние соғысындағы әрекеті бізге белгілі. Екі тауды бірақ күйретіп дүниенің үлкен базарын іздеген. Америка қазір Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ең үлкен ел еді. Бүкіл Түркістанды орыстар жұтып отырса да, оған үш жүз жылдан бері көрсеткен көмегі жоқ, – деп (186) маған кесіп айтты.

Коминдаң шегініп бара жатыр. Күн Сандаң ілгерілеп келе жатыр. Осы кезде Емен Дамолла, Айсабек, Жанымхан, Оспан, Қалибек, Хамзалар болып өлкеде жиын ашып талқылау жүргізді.

– Күн Сандаң келеді. Біздің Жаң Же Жұңмен жасаған 11 тармақты тоқтамды тани ма? Бізге ұлттық ақы [қақ-құқық] бере ме? Ұлттық көзқарасымыз [мәдениетіміз] өмір сүре ала ма, жоқ па? – дейтін талқылаулар болып жатты.[119]

Бір ақылды қазақ бұрын “жау кеткен соң қылышыңды боққа шап” дегендей олар қылыштарын боққа шауып жатты. Қалибек – Хамзалар Көкілікке түсіп көшіп кетті. Оспан мен Ма Жұң Жаң бұрынғы мекендерінде тұра берді. Айсабек Нанжиң өкіметіне кетіп қалды.

Тау Сио мен Бұрхан:

– Кететіңдерің кетіңдер. Қан төкпеңдер. Шекарадан аман-есен шығарып саламыз, – деп үгіт айтып жатты.

Тау Сио Масғұтты өкімет бастығынан алып тастап Бұрханды әкеп қоя қойды. Үрімжідегі қалың “данышпандардың” бірі, алысты көретін социализмшіл данышпан болып түс көріп жатса, енді бірі тәуекел етемін деп өз алдына қашып кетіп жатты.

Жаң Же Жұңның Сан Мын Жуйі және оның демократиялық-өлкелік өкіметінің күлі көкке ұшты. Шым – шытырық, қым-қуыт жағдай. Енді біреулер:

– Орыстар батыр болып шықты. Бүкіл дүниежүзін алады, – деп елге суық хабар әкеліп таратып жатты.

– Тіпті коммунизм дегеніміз дүниежүзін алады. Бұл дүниенің шарығы айналып тұратын адамның еркінен тыс болатын заңдылық, – деп түстерін жорып жатты.

Ал енді біреулер

– Коммунизмге іліндің болды. Ұзағанда он жыл ішінде иттің итаяғы алтыннан болады, – екен десті.

Сөйтіп жатқанда Ланжу қолдан кетті деген хабар дүнк ете түскен күні[120], ең алдымен Айсебек батыр Қашқар жолымен қашатын қағазын (187) алып жөнеліп берді. Қалибек – Хамзалар Лобнор жолымен кететін болып олар да Қарашарға түсіп кетті. Жанымхан, Оспан, Сүлеймен, мен де осылардың ішінде болып, шырқ көбелек айналып көшіп Баркөлге бардық.

Оспан батырдың соңғы күндері

Алдымен 1 қыркүйекте Көкталдан көшіп Ұланбайға келдік. Осы жерде Жанымхан қажы қазына министрлігінің қызметін өткізіп берді. Мен, Мәжит, Әбдірейм үшеуміз Ма Жұң Жаңға бардық. Ма Жұң Жаң:

– Ма Пу Паң Күн Сандаң Ланжудан өтпейді деп еді. Алдымен өзі қашып жоғалыпты. Мен де қашамын, – деді.

– Бізге мылтық беріңіз. Біз қорғаныс істесек, – деп едім.

– Бұрынғы 8- полк есебінде, – деп 35 бесатар берді. Осы мылтықтан Әбдіреймге 14 мырыш бердім. Қалғанын Жанымханға алып келдік. Бұл жерден көшіп Боғданың теріскейі арқылы Үшбұзаумен жүріп Пуканға келдік. Одан көшіп Жым Шонжыға келдік. Одан көшіп Жемсарыға келіп ол жерде еру болмай үлкен Шонжының өзіне келдік. Шонжының жаңшанжаны Әбдіқадыр Шанжаң келді. Асылбек Хаң шанжанның тілмашы еді.

Алдымыздан “Жұнғо [Қытай] өкіметі құрылды” деген өкімет қағазы жетіп келді. Жанымхан Оспандар:

– Біз ешқайда бара алмаймыз. Малды кәсіп еткен көшпелі қазақпыз. Баркөлге барып мал семіртеміз, – десті.

Бұл жерден көшіп Нориға бардық. Норидан көшіп, Сарқамысты басып, Лотаң Жанзыны кесіп өтіп, Баркөлдегі Бәйге төбеге келдік. Осы жерде қой күземін алдық.

Осы жерден Үрімжіге баруға Уаң Жыңның 30 мың әскері басып өтіп кетті. Құмылда бірнеше күн тұрған екен. 1949 жылы 20 қарашада Пекиннен, яғни Күн Сандаңнан төрт өкіл келді.[121] Оның бірі ұйғыр Әмет, бірі дүңген, бірі қытай болатын. Оларға Оспан Жанымхандар:

– Осы жер малға жайлы екен. Осы жерде (188) қоныстанып отырсақ, – дегенді айтты.

Уәкілдер мақұл болып кетіп қалды. Оспан оларға мынаны айтты.

– Бұрынғы Шынжаң демократиялық өлкелік өкіметімен жасаған он бір тармақты тоқтам бар еді. Осы тоқтам бойынша ұлттық билік өзімізде болатын болсын, – деп талабын қойды.[122]

Өйткені Жаң Же Жұң “Шынжаң азаматтары өздеріңді өздерің басқарып кету үшін оқыңдар. 15 жылдан кейін, ел болып бөлініп кетесіңдер” деп уәде беріп тоқтамға қол қойған едік. Осы бір ауыз сөз бізге үлкен медеу болған еді. Өйткені Коминдаңның соңғы кезінде батыс терістік бес өлкенің бастығы болған, оған қосымша Шынжаңды билеген Жаң Же Жұң сол орнында қалып, оны Күн Сандаң батыс терістік бес өлкенің бастығы етіп белгілен еді. Бұл адамның орынында қалуы Оспанға үлкен медеу берді.

Осындай жағдайда Оспанды шалған бір ұшық болды. Шыбарайғыр Қапас батыр өз алдына кетіп бара жатып Үрімжіден Құмылға кетіп бара жатқан Күн Сандаңның бір соғыс генералын атып тастады.[123] Екінші ұшық Оспан Америка консулы Мәккирнанды көпке дейін қашырып жібермей қолында сақтап отырған болатын.[124]

Осы екі мәселе жайында Уаң Жың Оспанды Үрімжіге шақырды. Оспан:

– Қой қоздап болған соң барайын, – деп Шаймардан Ермекұлы мен Қанатбай …ұлын[125] жіберді.[126] Уаң Жың қайта бұйрық жіберіпті.

– Оспан келсін. Менің күш-қуатымды көрсін. Көп болсаң жаныңда мың үй бар шығар. Бір үйге бір айырпланнан жіберемін, – деп күшін көрсетіпті.

Осы сөзге қарата Оспан мынаны айтты.

– Менің ұлттық тәуелсіздік құқығымды танысаң барамын. Егер “Шынжаңның ұлттык тәуелсіздігін танымаймын. Баса билеймін. Жұтамын” десең келіп жұтып бақ, – деп жауап берді.[127]

Осы кезде Оспанға қараған елдер Тарылауды, Қобы, Көксерке, Қасаншу, Құлыншары, Сарбұлақ, Жыланды қатарлы ой тауда отырған еді. (189)

1950 жылы сәуірдің аяғында жүздей адаммен қашып Жолбарыс келді. Оның үстіне Коминдаңнан қалған үш мың армия бұзылып Оспан жанына келді. Осы армияның бастығы Жолбарыс еді. Осы ауыр жағдай үстінде Үрімжіден Закария Генерал (ол осы кезде силиң болған еді), Нәзір дейтін Найман (Бұрханның құдасы болатын) өкіл болып келді. Оспанға “Жолбарысты ұстап бер. Онда сіздердің күңәларыңды кешіремін. Егер Жолбарысты ұстап бере алмасаңдар және өздерін келуге көнбесеңдер, онда әскери күшпен жаныштаймын” деген нұсқауды әкеліпті.[128]

Осыған қарата Оспан тобы қайта бір ұйым құрды. Бүкіл армияның бастығы Оспан, оның орынбасары Жолбарыс болып белгіленді.[129] Екі полктің бастығы ретінде мен және Қапас екеуміз белгілендік. Дәлелхан Жанымханұлы әскери ат, азық, көлік дайындауға сайланды. Алтынбек, Кәбен, Қатай Баркөл елінің әскери бастықтары болып сайланды.[130]

Осылай дайындалып тұрғанда көктемде табиғат мінезі бұзылды. Жұт болды. Оның үстіне әскерлеріміз ашығып екі мың адам бағынып кетті. Қалған бір мың әскермен Жолбарыс Бағраш тауына (Атөрік тауы) шығып кетті. Біз Сарқамыста отырғанбыз. Үш аймақ атын жамылып орыс армиясы келіп басты. Олармен аяусыз соғысып көп адамын қырып тастадық. Қалған әскерлері жеңіліп Нориға шегініп кетті.[131]

Біз көшіп Көксерке Сарбұлаққа бардық. Осы жерде үш мың танкті армия келіп бізді басты. Әр жерден соғыс беріп Бәйтікке шығып кеттік. Оспан, Жанымхан ауылдарымен Шібетіні өрлеп басына барғанда алдымыздан монғол армиясы шықты. Олармен соғысып бес адамын өлтіріп бес мылтық түсіріп алып күнгей Ластыға шегіндік.

Мал қатты арық еді. Елді Шонжы, Нори, Баркөлге таратып жібердік. Оспан – Жанымхандар Тақырбастау, Сарбастауға барып орналасты. Бір жұмадан кейін орыстардың жалған Шарқи Түркістан атындағы әскерлері келіп басты. Мал мен ауылды тастап жеңілденіп алып (190) Қарамайлыны басып Қиғанқұдық, Аштысу, Қырыққұдық, Құйлық Құдығына келдік. Ылғи аққұм арасымен аралап жүріп отырдық. Оспан мен Жанымханның қазыналары Құйған Құрықта, Шарқи әскерінің қолында қалды. Бұл жерлерді тастап Кәр Торанғыны басып Қуаршаға келдік.

Олымжы, Болымжы дейтін жерлердің суын Уаң Жың әскерлері иелеп алыпты. Түнде ұрланып барып су құйып алдық. Түнде екі армия ортасынан ұрланып өтіп Болымжы суына келдік. Сол суды өрлеп Қуаршаның жонымен жүріп жіңішке суға келдік. Осы жерге келгенде Қапас, Кәшапат, Жамет өздеріне қараған әскерлерімен бұзылды.

– Жанымхан мен Оспанды қытай ұстайды. Жан бағамыз, – деді. Мен оларға:

– Кетпеңдер, – деп үгіт айтып едім. Олар көріністе мақұл болды да түн жастанып кетіп қалыпты. Біз түнімен жүріп таң ата Жасанқызылға келдік. Сол жерде екі тай сойып демалдық. Сол кезде, дәл сол жұртта 150-дей қатын-балалы адам қалдық.

Түнде көмірлік жолмен жүріп аңдулардан ептеп өтіп кеттік. Сөйтіп Сантақудың жолына келіп түстік. Ағашобаны өрлеп Бисанға шығып кеттік. Түнделетіп жүріп төртке бөлініп Сантақудағы тосқан армиядан ептеп өтіп кеттік. Ағашобадан келіп су ішіп жатқанда, жау артымызда сиыр айдап келе жатқан бір қатынды ұстап содан біздің өтіп кеткенімізді біліп қойып артымыздан қуып келіпті.

Ағашобадан Шанзының басына өрлейтін сайдың басын тау жағын Оспан алды. Дала жақ қарауылын мен ұстадым. Көш Шанзы сайын өрледі. Башанзыға еңкейгенде бір бастау болып оған қытай әскерлері келіп қалды. Біз дамылдап азықтанып алдық да пулеметті зіркілдетіп тұрдық. Жаудан көп адам қырылды. Жер берік болғандықтан шығын бермедік. Әрі жау ілгерілей алмады. Аман-есен Бисанға шығып кеттік. Одан көшіп Бұғыбастан өтіп Қарабақсыға келдік. Онда жайлап жатқан біраз ел бар екен. Бұрын Гансуге барып келген Құл Молқы, Базарқұлдың елдері екен. (191) Олардың жанына екі күн еру болдық. Олардың берген хабары мынау болды:

– Сұлтан Шәріп, Жанәбіл, Мұқаділ, Алтынбек, Кәбен, Машан, Қарақас, Қатайларды елдерімен Баркөлдің Көңірек деген жеріне жиған екен. Әр күні үгіт айтыпты.

– Тайыншаның мұрнын жұдырық пен кесіп отырған қазақтар Америкаға қалай көшіп жетпекші болып отырсыңдар, – депті.[132]

Осындай жағдайда тұрғанда бір түнде Қарабақсыдан жау келіп басты. Біз қайтып Бұғыбастауға шегіндік. Түнімен атыс болды. Таң ата Оспан жанынан Шыбарайғыр Смайыл шәйіт болды. Шертиман жаралы болды. Үлкен Дарақтыны жау тартып алғандықтан Бұғыбасты өрлеп Зынданға бардық. Мұқаділ елінен бір қанша ауыл көшіп келді. Базарқұл Бисали ауылдары, Құл Молқы Сүлеймен ауылдары бар екен. Жақыппек Қормалдың баласы, жиені Әмедолла он бір адам болып олар да бізге келіп қосылды.

Үлкен Дараққа барып дамылдадық. Кіші Дараққа барып түнде қондық. Жерді тұман басып күн жауып жер сел болып ақты. Таң ата сағат 10-11-де жау келіп басты. Біз Жанымхан тобы жаяу бетке қаштық. Бетке шыққандардың бір бөлімін әскер жинап алып кетті. Маған Алакөз Қабдұл жақсы бір ат берген еді. Оған артқан 600 оғым бар еді. Бетке өрлеп шықсам алдымда бала алып Жанымхан отыр екен. Енді бір жағында Дәлелхан басын тығып алыпты. Оның қолына оқ тиіпті.[133] Шайзаға оқ тиіп үйде қалыпты. Менің атымның бауырына оқ тиіп қоржын ауып түсіп қалды. Атты қоя бердім. Енді азырақ өрлесем қолына мылтық ұстап Сүлеймен отырыпты. Соның жанында отырған баламды тауып алдым. Әйелім, баламды Кәдірхан мен Жанымханның жанына жібердім. Соның арасында менің қалған қоржынымды әскерлер келіп тауып оғына таласып ойға түсіп кетіп қалды. Түс ауды. Менің жаныма Сейітхан өкіл болып келді. Мен Сейітқанға:

– Бізді айтпа. Бағынатын болдық деп айғай сал. Қатын-бала кетіп қалсын. Оларға өкімет тимейді. Бізді жоқ екен. Кетіп қалыпты деп бар, – дедім. Ол адам мақұл болды да айғай салып еді. Бетте жатқан қатын-бала түгелдей Сейітханға еріп кетіп қалды. (192)

Мағауия дейтін Құл Молқы Сүлейменұлы:

– Оспан бағынып кетті. Біз де бағынамыз, – деп айғай салмақ болды. Оның мылтығын тартып алдым да:

– Қозғалсаң атамын, – деп жатқызып қойдым. Көзім ілініп кеткен екен. Аяқ жағымнан келіп бір қытай:

– Мылтығыңды әкел, – деді. Оянып алып:

– Заңға, – дедім.

Тұра қалды. Атып тастадым. Әскерлер келіп Жанымхан қажыны,[134] Кәдірханды, Жақсыханды үшеуін алып кетті. Дәлелхан жаралы жатты.[135] Түнде Дәлелханның қолын орап алып жүрдім. Біраз жүрген соң екі атқа кезіктім. Оны Дәлелхан екеуміз мініп алып тағы да жүрдік. Бір атқа Нәзиман[136] мен менің балам Имам Ахмет мінді. Жаудың бекінісіне жақын келдік. Тосып едік. Сол заманда қатты боран соқты. Бұршақ жауды. Осының панасында тосқан жерден шығып кеттік.

Біраз жүріп 14 ат тауып алдық. Сірінке жоқ. Отын жоқ. Тамақ жоқ. Күн суық. Киім жоқ. Оспан қашып кеткен екен. Соның ізін тексердік. Жолмен жүру қиын болғандықтан тауға барып бекіндік. Ертеңінде күн шықты да күнге қыздырыңдық. Жанымызда Мағауия бар. Ол Гансиң[137] жолын біледі. Мен ілгерілеп жүріп жер шалдым. Дарақтыдағы елдің бәрін қытай жинап алып Баркөлге қарай айдап бара жатыр екен. Қайта келіп осы хабарды жеткіздім. Кешкісін Төсқайыңға түсіп су іштік. Түнде жатып таң ата бір атқа екі адамнан мінгізіп алып жүрдік.

Мен жайдақ атқа мініп алып, алда жүріп дүрбі салып отырдым. Белге шықсам жан көрінбейді. Сондықтан жұртқа бардым. Әскерлер орнында қалған сіріңке, от, пышақ, нан бар екен. Сейітзаданы бізді жау қамап алған жерге жіберсем, ол барып шүйінші сұрап қайтып келді.

– Мұқаділ, Сүлеймен, Кенен, Хамит, Мәжит барлығы сол елдің ішінде екен, – деді.

Біз қайтып елге келдік. 50 адам өлген екен. Оның жаназасын оқып көмдік. Тоқтаубай шешесі жаралы екен. Барқы Қойшы батырдың шоқысынан шықтық. Онда бір жұма демалдық. Бағынатындар кетіп болды. Гансуге жүруге жол бастайтын адам таба алмай отыр едік. Ол жолды білетін Құлдан Жүкей, Құлдан Жапан, Құлдан Болатқан Жасқанбайұлы, Құлдан Қазез алты адам бұлар келді. (193)

Біз  Сүлеймен, Кенен, Нәдиме, Ахмет (менің ұлым) Атшыбай Қопан 12 адам, Қарақас он кісі, бірнеше ұйғыр, Алакөз Қабдұл болып тауға бекіндік. Алакөз Қабдұл қайтатын болды. Үш күннен кейін жау келіп басты. Онан қиында құтылдық. Тоғыз сарт қолға түсіп Ғұбайдолла ғана қашып шықты. Одан жүріп Ақтікен деген жерге бардық. Молқы Жүкей баласы Жапон, Болатқан, Қазез, Атшыбай Қопан, екі сарт барлығы 18 адам болып өмір тауына шықтық. Бұл жерде тұрмастан Ноғайды өрлеп келіп Бағрашқа бардық. Біз бұл жерлерге келсек, онда мекендеп тұрған Жолбарыстар қашып кеткен екен. Олар тұрған Қызылбұлақты қытайлар иеленіп алыпты.

Қауан қарасындағы суға келдік. Бізді Қазез Қанамбарға алып жүрді. Алдымен кіші жотаға, одан жүріп Шыбардөңге, Алтынқазғанға, бұдан шығып Қарадөңге келдік. Қарадөңнен шығып Уанқуға, онда мал баққан малшылар бар екен. Ланжу көлінің аяғымен жүріп 23 күн дегенде Қанамбарға жетіп бардық. Ол жерде жер шалып жүрген Сағидолда Қайысбайұлы жүр екен. Ол адаммен бірге Қайызға келдік. Қайызда тұрмастан Мақайға келдік. Мақайда тұрғын ел бар екен. Сағидолла, Салакиттен, Қапас (Шақабай), Қәбен, Нұрғали Тұңғышбайұлы ауылдары бар екен. Біз осы жерге келместен үш күн бұрын Жолбарыс, Сұлтан Шәріп, Оспан, Жәнебіл қатарлы адамдар да осы елге келген екен.

Біз Дәлелхан, Нәзиман, Хамит, Мәжит, Сейітзада, Ахмет мен жеті адам Қалибектерге келдік.[138] Құсайын ауылдары да сонда екен. Сүлеймен, Кенен, Оспан жанында қалды. Біз Қалибектерге жеті күн жол жүріп келген едік. Олар Қызылтас деген жерде екен. Олардан ат көлік киім кешекті толықтап алдық. Одан шығып Гәскөлдегі Құсайын ауылына келдік. Бір жаз жайладық, Құсайын жақсы жәрдем беріп қуаттанып қалдық.[139] Көшіп Тәжінорға барғанымызда Сұлтан Шәріп, Қәбендер көшіп келді. Оспан мен Жәнабіл Қанамбардың етегіндегі Қайызға кетіпті. (194)

Оспанның шетелге шығудан бас тартуы

Баламды Дәлелхан қолына тастап қайтып Қайызға келдім. Жанымда Сейітзада бар еді. Қайтуға жолдас таба алмай Шақабай Қапастың үйінде тұрдым. Мен тұрған жерге 380 үйді бастап қашып Мұқаділ келді. Әйелім Жақсыхан Мұқаділ семьясымен бірге қашып келіпті. Есен-аман сол жерден тауып алдым. Оспанға барып

– Енді тұрудың қажеті жоқ. Кетелік. Жау басатын болса, жауды жарып шыға алмайсың. Бізге баруын үшін алдыңда кесіп ететін үш өткел бар: Мақай өткелі, Тәжінор өткелі, Қажыра өткелі. Осының бәрінің сыртында бір тауды қарауылға алып отырмыз, – дедім.

– Он неше күннен кейін көшеміз,  – деп Оспан қалып қойды.[140] Сол жұманың ішінде оны қытай қолға түсіріп Жанәбілді өлтірді.[141] Олардың жанында шамамен 700 үй бар еді.

Шетелдерге сапар

Мен әйелімді ертіп Тәжінорға  келдім. Сол жұманың ішінде Тәкімен қашып келді. Ырымханның әкесі Сапағай екі адаммен

– Аң қарап кетсек аулымызды жау басып айдап кетіпті, – деп келді.

Біз де дереу көштік. Артымыздан жау келіп жұртымызды басты. Дәлелхан, Сұлтан Шәріп, Құсайын, Бағси, мен қатарлы бірнеше адамдар қашып шығып Тибеттің Саржонына келдік. Ыстан көптеген адамдар қаза болды. Біз жиырма сегіз күн көшіп келгеннен кейін Қалибек, Хамза, Шүкен, Омар үкірдай ауылдарымен табыстық.

Біз Тәжінор, Гәскөлмен қашып келдік. Жол бойы Тибеттен ат азық алып жанды бағып 354 күн дегенде Үндістан шекарасына келіп жеттік. Үндістан қызыл Қытай өкіметін танып қойғандықтан бізге:

– Елдеріңізге қайтасыңдар, – деп шекара жолын бермеді.

– Саяси босқын едік. Тәуелсіздік талап етіп келеміз, – дедік.[142]

Бір рет қытай армиясы келіп басты. Әскери күшпен айдап әкетпекші болды. Аяусыз шайқас жүргізіп қытайды қырып тастадық.[143] Үндістан шекарасынан күштеп кіріп алдық. Ақыр Үндістан қабылдады. Құрал жабдықтарды бердік. (195)

Сөйтіп шекарадан өтіп алғаннан соң Дәлелханды “Түркияға барамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымына барамыз” деп Ладаққа өкіл етіп жібердік. Үндістанға үш жолмен қашып келдік. Қалибек – Хамзалар Лобнор жолымен келді. Айсабек Емен Буралар Қашқар Қарғылық Қарақұрым жолымен асып келді. Бұл ұйғырлар да бізді тосып жатыпты. Ладақта жүргенде Дәлелханға Айсабек кезігіп өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымына немесе Түркияға көшіп кету жөнінде арыз жазғандығын айтқан екен. Екі пікір бір жерден шыққан екен.

Қытай екі рет басқан еді. Екінші реткі шайқастар сұрапыл болды. Бізден Тұрды Қари (ұйғыр) шәйіт болған еді. Және екі қазақ бірі әйел болып жиыны үш адам шәйіт болды.[144] Соғысып жатқанда біздің Үндістанға қабылданған бұйрығымыз келді де өтіп шығып кеттік. 18 күн көшіп Ладаққа бардық. Малдың бәрін саттық. Өзіміз айырпланға отырып Кәшмірге келдік. Сапакәділ деген сарайға келіп орналастық. Түркиядан 40 адам өкіл келді. Олар қабылдайтын болды.

Құсман тәйжі, Хамза Жахяұлы, Беги, Кәріштай, Сауытбай, Халипа Алтай, Қайнолла[145] қатарлы адамдар басшылық істеді. Түркияға 1954 жылы Сұлтан Шәріппен мен келдім. Бір айдан соң Қалибек – Хамза келді. Сонымен сол күннен тартып түрік мемлекетінің бұқарасы болып паспорт алдық. Кәсіп таңдатты.

Бір бөлім адамдар саудамен қолөнер кәсіп алып Салихлиге орналастық. Бір бөлім адамдар мал, егін кәсіптерін істейтін болып олар да жер алды. Қазір Алтайкөй, Қайсар, Сұлтанкөй дихан болды. Салихли сол кездегі қол өнер кәсіп орны болды. Қазір қолөнерді онан да кеңітіп Ыстамбұл, Анқара  біздің мекеніміз болып туыстарымыздың жәрдемінде құлашымызды кең жайып ел болып өсіп өркен жайып отырмыз.

1984 жылы қаңтар. (196)

Өз өмірімде басымнан өткен уақиғаларды жазып кеттім. Әкем дүниеге неге келді екен? Нені істеп, нені сөйледі екен? деп арман етіп жүргенше қайратымның барында басымнан өткен уақиғаларды әдейі жазып қойдым.

Кім қаласа ала берер. Қаласа балаларым, немерелерім, шөберелеріме тарихи мұра болып қала берсін. Өз сөзім өзімдікі. Өскен ел – туған мекен – Алтын Алтай мен қартыңнан саған көп сәлем. Енді бүгін мен құтты Абай айтқандайын:

Дүние деген не деген, қыла жатсам тамаша.

Өзім аулақ өзгеден бір орында оңаша, – деп

Ыстамбұлда төрт ауызды үй салып жатырмын. Жатқанды жарылқасаң жаратқан Құдай мені жарылқа дегендей болып отырмын.

1984 жылы 9 қаңтар

Ауру жүрек ақырын соғады жәй

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай

Кейде қан басып кетеді оны

Дөнбекшіген күндерде тыншыға алмай

Қараңғы саңырау ойды қайғы женген

Еркелік пен достықты ауру көрген

Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты

Күнде көріп күл болып жиіркенген

Барлық ел бәріңе де,

Көп сәлем.

Нұрғожай Молдажанұлы

Библиография

Алтай Х. Алтайдан ауған ел. Алматы, 2000.

Alptekin İ. Doğu Türkistan Davası. İstanbul, 1981.

Әбілқасымұлы С. Оспан Батыр // Оспан Батыр. Алматы 2007, 7-18-бет.

Benson L. Osman Batur: The Kazak’s Golden Legend // The Kazaks of China Essays on an Ethnic Minority. Edited by Linda Benson – Ingvar Svanberg, Uppsala 1988.

Бүркітбай Батыр // Оспан Батыр. Алматы, 2007, 174-177-бет.

Bräker H. Çin – Sovyet ilişkilerinde milliyet hareketleri // Stratejik açıdan Sovyet müslümanları ve diğer azınlıklar. İstanbul, 1988.

Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinciang 1944-1949.

Benson L. – Svangberg I. China’s last nomads the history and culture of China’s Kazaks. New York – London, 1998.

Benson, L. Chinese style, turkic content: a discussion of chinese transliteration of turkic names // Central asian survey, Vol.7, № 1, 1998. 85-96-bet.

Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000.

Зәкенұлы Т. Шығыс Түркістанның құлауы // Атамұра. 27 Наурыз 1988.

Дорж Б. Оспанға қатысты оқиғалар // Оспан Батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 54-76-бет.

Forbes A. Warlords and muslims in Chinese Central Asia. London – New York, 1986

Gayretullah H. Altaylarda kanlı günler. İstanbul 1977.

Hayit B. Türkistan Rusya ile Çin arasında. İstanbul, 1975.

Holloway D. Stalin and the bomb. New Heaven – London 1994.

Кулмагамбетов М. Восточнотуркестанская операция // Континент. 1984, № 42, 240-244-бет.

Қайрат Б. Алтай асқан алаш арыстары // Алтын бесік. 2008, № 2, 38-39-бет.

Laird T. Into Tibet The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa, New York, 2002.

Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999.

Рахметұлы С. Оспан батыр және маршал Чойбалсан // Оспан Батыр. Алматы, 2007, 81-102-бет.

Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995.

Sheng L. Çin’in Xinjiang bölgesi geçmişi ve şimdiki durumu. Xinjiang halk yayınevi, Urumçi, 2006.

Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000.

Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995.

Шәкенұлы Ж. Алтайдың ақиық батыры // Оспан Батыр. Алматы, 2007, 121-146-бет.

Шагдарсүрэн П. Миний мэдэх маршал Х.Чойбалсан (Дурсамж). Ұланбатыр, 2000.

Тойшанұлы А. Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері // Оспан Батыр. Алматы, 2007, 76-81-бет.

Wang D. Under the Soviet shadow the Yining incident ethnic conflicts and international rivalry in Xinjiang 1944-1949. Hong Kong, 1999.

Wang D. Xinjiang of the 20th century in historiography // Central asian survey, 1995, № 2, 265-283-bet.

Сілтемелер

 


[1] Швецияда тұрады.

[2] Алтайда тұрады.

[3] Қытайлар

[4] Естелікте Россия деп жазылған.

[5] Қолжазбада “жиыр” деп жазылған.

[6] Шың Сысайдың жариялаған алты саясаты: 1. Жиһангерге қарыс тұру; 2. Кеңес Одағымен дос болу; 3. Ұлттар теңдігін іске асыру; 4. Парақорлықты жою; 5. Тыныштық сақтау; 6. Шынжаңды жаңадан құру. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 29-30-бет.

[7] Оспан батыр да осындай хабарлардың салдарынан Кеңес Одағынан төтенше қорқатынын және өлердей өш екенін 1947 жылы Шонжыда Шынжаң өлкелік гарнизонының қолбасшысы, генерал-лейтенант Сұң Чиланға былай деп атап өткен: “Біз, Шынжаңдағы қазақтар мен Кеңес Одағында, Қазақстан Республикасындағы қазақтар бұрыннан қандаспыз. Кеңес Одағы Қазан төңкерісінен кейін Ресей қарастылығындағы қазақтарды жауыздықпен жаныштады. Көп адам қырылды. Мал-мүлкі тәркіленді. Діни сенімнен жұрдай болды. Қазір Шынжаңда  жасап отырған кейбір қазақ рулары Ресейден қашып келген. Сондықтан, біз қазақтар Кеңес Одағынан төтенше қорқамыз. Және оларға өлердей өшпіз…” Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 236-бет.

[8] Естелікте ІІІ Интернационал тек осы жерде ғана Коминтерн деп аталған. Нұрғожай батыр көбінде оны қысқаша “Энтернат” немесе “Халықаралық Энтернат” деп атап өткен. Біз оларды Коминтерн деп өзгерттік. Белгілі болғанындай, Коминтерн 1919 жылы наурыз айында В.Ленин және КОКП тарапынан құрылып, 1943 жылы 15 мамырда Сталин тарапынан тарқатылды. Коминтерн әу бастан Шынжаңға көңіл бөле бастады. Ол өлке, 1919 жылы ортаға салынған “Шығыс төңкерісі теориясы” бойынша талқыланған. Ресейде Қазан Төңкерісі жеңіспен аяқталғаннан кейін, Коминтерн және Кеңестік Ресей Шынжаңдағы әскери диктатуралық басқаруға қанаушы басқару ретінде қарады. Сондықтан олар Шынжаң өлкесіне төңкеріс отын кіргізуге қарар қабылдап әлемдік төңкерістің аймағын кеңейтуде маңызды бір аймақ ретінде оны көре бастады. Олардың пікірінше, төңкеріс Ресей мен Орталық Азия аймағында қанат жаюынан кейін, Шынжаңда жаңа бір социалистік төңкерісті іске асыруға болады. Бұл стратегиялық жақтан да Кеңестік басшылар үшін аса маңызды еді. Өйткені Кеңестік үкімет үшін Шынжаң Ұлы Британияның ең ірі колонизациясы болған Үндістанға жету үшін пайдалана алатын ең төте жол еді. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu. Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 164-166-бет. Америкалық тарихшы Бенсын Кеңес Одағы үшін Шынжаңның тек идеологиялық емес, сонымен қатар бай жерасты байлықтарымен де мәнге ие екеніне көрсетуде. Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 40-бет.

[9] КСРО Компартиясы (б) Орталық Азия Бюросының хатшысы Бауман 1931 жылы қыркүйекте мынадай ұсыныс жасаған еді: “Шынжаңдағы көтеріліс енді ұлт-азаттық қозғалысы сипатына өтті. Сондықтан Шынжаңдағы төңкерістік әрекеттерді белсенді түрде бастатып осы әрекеттің ары қарай дамуына көмектесуіміз керек.” L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu. Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 154-155-бет.

[10] Көктоғай, Шіңгіл аудандары Өралтай; Алтай (Сарсүмбе), Бурылтоғай, Буыршын, Қаба, Жеменей аудандары болса төменгі Алтай деп аталады.

[11] Сұй Эрлин

[12] Дәлелхан Сүгірбаевтің ұлы Патыхан бұл уақиғаның 1940 жылы 2 қаңтар күні болғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 16-бет.

[13] Халық татар текті болғаны үшін Сарноғай деп атап кеткен. Шын аты Мұқаметқали болған.

[14] Сүгірбаев 11 адамның өлтірілгенін айтады. Сонда.

[15] Сүгірбаев, Сүлейменнің  ататегін Нүсіпұлы деп айтуда және оның әскер бастап келгенін растауда. Бірақ ол оның өздігінен көтерілісшілер жағынан шыққанын атап өтеді. Сонда, 17-18-бет.

[16] Шынай Рахметұлы Сүлейменнің көтерілісшілерге қосылуын былай деп баяндауда: “Өлгендер мен байланғандарды көргенде Сүлеймен қуанып кетті:

–          Иә Құдай, тілегeнім осы еді! – деді отыра кетіп.

–          Ел – жұртым, кешіңдер, мәртебе үшін емес, күн үшін осыларға ерген едім. Енді ел бостандығы жолында басымды бәйгеге тігемін! (Сүлеймен батыр осы сертінен таймады, көтерілістің көш басына көтерілді.) Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 19-бет.

[17] Тарихшы Линда Бенсынның пікірінше, Шың Сысайдың қудалау және зорлық-зомбылықтары Алтай аймағындағы көпшіліктегі мұсылман халықтар мен азшылықтағы мұсылман халықтар арасында бірдей қытайларға қарсы дұшпандық пиғылды туғызды. Бұл сонымен қатар аймақта түрікшілдік идеяны да күшейтті. Сондықтан көтерілісшілер арасында кейін тәулесіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды жақтайтындар көбейген. Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 29-бет.

[18] Ер Жәнібек (1714 – 1792) Абылай хан дәуірінде Керейден шыққан атақты батыр. Керей қазақтары Жәнібек батырдың туы киелі санаған. Ол ту туралы аңызда, Абылай Хан бір шайқаста үлкен ерлік көрсеткен Жәнібек батырға “ердің ері” деген атақ береді. Сондай-ақ одан қалауын сұрайды. Сонда Жәнібек батыр:

-Анамыз Абақтың желкілдеген желегін ту қып көтерген Керей елі едік. Сардар сайлап жасақ жасағанда түскен төбеме, шыққан тауыма тігетін туымды белгілеп беріңіз, – дейді. Қалың қолдың алдында Абылай Хан үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені кере құлаш қызыл сары жібек шашақты, ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады. Ақбоз атына мініп сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Абақ Керей: – Тар жол, тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жәнібектің алдынан кесе көлденең өтпейміз! – деп ант береді. Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 26-бет. Есімхан – Ырысхандардан кейін Оспан батырдың да көтерілісінде көтерілген бұл ту 1958 жылға дейін ұрпақтарында сақталып келді. Сол жылы Көктоғайда дүрбелең шығуынан алаңдаған үкімет Шінгіл ауданына арнайы адам жіберіп Ер Жәнібектің туын Алтай сақшы мекемесіне алғызды. Қазір бұл тудың қайда екені белгісіз. Шәкенұлы Ж. “Еліне ұран болған Ер Жәнібек”. Ер Жәнібек. Алматы, 2008, 8-22-бет; Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 27-бет.

[19] Бұл сандық осы күнде Шынжаң Ұйғұр Автономиялы Республикасы Шінгіл ауданында тұратын Мырзахмет отбасында сақтаулы. Ер Жәнібек кітабында сол сандықтың суреті де берілген. Шәкенұлы Ж. Ер Жәнібек. Алматы, 2008, 224-225-беттер арасындағы фото альбомда.

[20] Сүгірбаев, 3-5 соғыс айырпланының күніне екі – үш рет пулеметпен атқылап тұрғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 20-бет.

[21] Сүгірбаев Ақтекенің аяғынан жараланғанын айтады. Сонда, 21-бет.

[22] Сүгірбаев де бұл уақиғаны растайды. Ол Мұса мергеннің жаралы жатқан жау әскерінің қақ маңдайынан атып шәйіт еткенін жазады. Сонда, 22-бет.

[23] Бұл уақиғада жаудың қатты соққы жегенін Жақсылық Сәмитұлы былай деп суреттейді: “Ең соңында қамауда қалған қалың әскер басқа ешбір амал таба алмай, өздерін өзенге тастады. Сол кезде көзімен көрушілердің айтуына қарағанда, өзеннің беті қара-шобыр адам болып кеткен. Аздаған су ішері барлары өзенмен ағып барып, аяқ жақтан жағаға шыққаны болмаса, басым көпшілігі асау өзеннің адуын толқынында көміліп өлген. Тобынан бөлініп қалып, адасып,  тоғай арасында қаңғып жүрген бірен-саран әскерлерді қойшылар көріп ауылға айдап әкелген. Алғашында айқұлақтанып, қазақты қырып салмақ болып, айбынданып келген Қытай әскерлерінің кейінгі күні осыған қалған. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 113-114-бет.

[24] Бұл жерде 49 жазылған. Бірақ төменде бұл сан екі рет 47 деп аталған. Сондықтан оны 47 қып өзгерттік.

[25] Қанша айырплан екені жазылмай бос тасталған.

[26] Бұл жағдай бізге Шынжаң қазақтарының Қазақстандағы жағдайлардан хабардар екенін көрсетеді. Тіпті Ырысханның Алаш қайраткерлерінен бірқатарын көрген болуы да мүмкін. Өйткені, Алаш көсемдері 1918 жылы көктемде Семейде жиналып Шынжаң қазақтарына барып Алаш идеясын насихаттау туралы шешім қабылдаған-ды. Осы шешімге сай сол жылдың жазында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Салық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков Шәуешек және Үрімжі қалаларына барып қайтқан-ды. Қайрат Б. Алтай асқан алаш арыстары // Алтын бесік. 2008, № 2, 38-39-бет.

[27] Сұлубай батыр (1907-1944) Абақ Керейдің Тасбике руынан шыққан атақты батыр.

[28] Халифа Алтайдың айтуынша, бұл келісімге 1941 жылы 15 қыркүйекте Қаратас деген жерде қол қойылды. Алтай Х. Алтайдан ауған ел. Алматы, 2000, 96-бет. Сүгірбаевтің айтуынша алты шартқа қол қойылды. Олар мыналар: 1- Бұл жолғы көтеріліске қатысқандардан ешқашан, ешқандай жауапкерлік қузастырылмайды; 2- Түрмеде отырған барлық адам босатылады; 3- Аймақ, аудан бастықтарына және аймақтық мекемелердің негізгі басшылық орындарына жергілікті халықтардан адам қатынасады; 4- Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы сақшы мекемелерінің бастығы немесе бастығының орынбасарлары жергілікті халықтан болады; 5- Көтерілісшілер қолдарындағы қару-жарақтарын үкіметке тапсырып береді; Оның есесіне үкімет аймақ орталығында ғана белгілі әскер тұрғызғаннан өзге аудандарда, әсіресе Көктоғай, Шіңгіл аудандарында әскер тұрғызбайды; 6- Халықтан алынатын алман-салық жеңілдетіледі әрі осы жолғы көтеріліс тұсында қиыншылыққа ұшыраған халыққа үкімет көмек көрсетеді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 31-32-бет.

[29] Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы қыркүйекте басталған. Кеңес Одағы мен Германия арасындағы соғыс 1941 жылы 22 маусым күні басталды.

[30] 1942 жылдың басы болу керек.

[31] Сүгірбаев Кәдірбайдың Шың Сысай тарапынан кен қазатын жұмысшылар деп жіберілгендердің негізінде әскер екенін біліп қойғандығы үшін өлтірілгенін айтады. Сонда, 34-бет.

[32] Дәлелхан Жанымханұлы 1940 жылы 15 қыркүйекте Көктоғайға барған кезінде Ырысханның үйінде іші ісіп чемен ауруынан жатқанын айтады. 19 қыркүйекте Шың Сысай Үрімжідегі орыс дәрігерін ұшақпен жіберген. Дәрігер укол құйып жазылып кетесің деген. Бірақ Ырысхан үш айдан кейін қайтыс болады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 38-бет. Халық арасында Шың Сысайдың дәрігерінің қастаңдық жасағаны жөнінде сенім болған. Осыдан болса керек, Оспан батыр 1947 жылдың басында аяғы ауырып бірнеше ай науқастанып жүрген. Сол кезде Совет консулы дәрігерлер жіберіп батырды емдеткен. Бірақ Оспан батыр оларға сенбейтінін сол уақытты Дәлелхан Жанымханұлына былай деп мәлімдеген: “Совет консулының дәрігерлері түн жарымында басына шекпен киіп келіп, менің ауруымды тексерген болады. Дәрі жазып береді. Мен оларға сенбеймін. Қастық қыла ма? – деп ойлаймын. Берген дәрілерін ішпей төгіп тастаймын, – деді. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 63-бет.

[33] Сүгірбаев де Сүлейменнің Таршатыдағы соғыста оққа ұшқанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 37-бет.

[34] Адам аты.

[35] Қарауыл. Орысша “застава” сөзінен алынған болса керек.

[36] Генерал Мәжік 1973 жылы Ұланбатырда жарияланған “Отан үшін соққан жүрек” атты естеліктерінде 1943 жылы 30 шілдеде Сарқобының кіші асуында шекаралық қарауылды 100-ге жуық “бандылардың” қоршауға алғанын айтады. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 61-бет.

[37] Осы шайқаста Нұрғожай тобының ішінде болған Қабиқас кейін Монғолияның адамдарына 1943 жылы 30 шілдеде төрт адаммен атысқандықтарын атап өткен. Сонда, 61-62-бет.

[38] Монғолия Ішкі Істер министрлігі Оспанмен байланыс жасау үшін бірнеше дүркін адамдар жіберсе де олар Оспанға жолыға алмай келеді. Ақырында Оспан батырға туыс болып келетін Делуінде тұратын Қамқаш Исаұлын табады. Қамқаш Оспан батырдан 14 жас үлкен немере ағасы. Оспанның әкесі Ислам мен Қамқаштың әкесі Иса екеуі ағайын болып жүрген жанашыр кісілер болған. Ішкі Қорғаныс орнының Қамқашпен бірге Оспан батырға ресми хат жеткізуге міндетті кісілер ретінде Батжаргалын Дұгэр, Баатарын Чулұұндай, Паламын Раазан тағайындалған. Олар 1943 жылы 13 тамыз күні Қобда Байтаг бағытынан аттанып тамыздың 23 күні Оспан батырдың штабы орналасқан жерге жетеді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 109-бет. Бұл туралы генерал Мәжік естеліктерінде былай дейді: “Оспанмен кездесу жасап байланыс орнатқалы көп шұғылданған соң, оның лагеріне, ең бастысы – қазақтың салт – дәстүрін тамаша білетін ысықаяқ, көзі ашық, көкірегі ояу, шындықты танытуға кабілеті жететін тәжірибелі адамды жұмсаған дұрыс деген шешім қабылдадық. Біз көптеген адамды тексеріп, талқыға салып, ақырында Баян-Өлгей аймағының Делуін ауылының тұрғыны У. Қамқаш деген малшы азаматты жіберу керек деп келістік.” Сондай-ақ, Мәжік Қамқаштың 7 қыркүйек күні Оспан батырға аттағанын атап өтуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 61-63-бет.

[39] Сүгірбаев, Монғолия үкіметінің 1943 жылы шілдеде көтерілісшілерге Қамқашты жібергенін растайды. Оның айтуынша Қамқаш былай деген: “Шың Сысай өкіметіне, Қоминдаңға қарсы қару көтергендерің – беталыстарың дұрыс. Бірақ әркімге бір соқтығып, қылықсыз қимылда болғандарыңыз жөн емес. Әрине амалсыздан осылай істеп отырғандарыңды да түсінеміз. Ендігәрі дөрекі әрекеттерден аулақ болыңдар. Мылтық аузын кертартпа өкіметті құлатуға қаратыңдар. Осылай істеуге мақұл болсаңдар, сендерді қолдаймыз әрі көмек көрсетуге де дайынбыз, – дейді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-бет.

[40] Генерал Мәжік Оспанның өздеріне хат жібергенін айтады. Ол хаттың мазмұны Нұрғожай батырдың сөздерімен бірдей: “Біз 1940 жылы Қоминдаңдық қытаймен сұрапыл соғыс жүргізіп, Бұлғын өзенінің бойына шегініп келгенде, монғолдар тосқауыл жасап, бізді қуғын-сүргінге ұшыратқанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Егер сендер адал ниетпен қарым-қатынас орнатқалы отырсаңдар, ол мәселені құжат арқылы дәлелдеулерің керек.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 66-бет.

[41] Сүгірбаев Қапас, Шердиман, Тескембай секілді бастықтардан бірнеше адамның жіберілгенін айтады.  Осы өкілдер Сұлубай айтып Уақыт Қалелұлы жазып Оспан мен Қабидың мөрі басылған хатты да ала кетеді. Олар бірнеше күн жүріп разы-хош болысып қайтады. Монғолия олардың әрбіріне бірден маузер, Оспанға арнайы бір автомат, бір дүрбі, Қаби Бітімшіұлына бір маузер сәлемдеме жібереді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-бет. Монғол деректерінде бұл кездесудің 1943 жылы 14 қыркүйекте болғаны және Оспан тарапынан Жолдыбай, Жанәбіл және атқосшы Нұх деген үш өкіл жіберілгені айтылады. Осы кездесуде төрт тармақты келісім жасалған: 1. Келесі кездесу 1943 жылы қыркүйектің 30-ы күні болады. 2. Қажет болған жағдайда ұлт-азаттық күрестің сарбаздарының отбасы мүшелері монғол жеріне паналайды. 3. Келісімге келушілер ақ тумен алдын ала белгі береді. 4. Оспан батырға жіберілетін монғол өкілдері “майор Дэмбэрэлден батыр Оспанға” деген құпия “пароль” арқылы кездесу жасалады. Осы құжат монғол, қазақ тілінде екі дана жасалып, екі жақ құпия сақтауға алды. Бірақ 30 қыркүйектегі кездесуге Оспан сақтық жасап өзі бармай Жанәбіл, Шердиман және Қапас бастаған өкілдерін жіберді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 111-114–бет.

[42] Генерал Мәжік бұл кездесу 1943 жылы 30 қыркүйекте Хайыртындаваа асуында болғанын айта келе былай дейді: “Алайда бұл жолғы кездесуге Оспанның өзі келмеді. Ол ұлы мен інілерін жіберіп, өзінің 4 қазан күні жолығатынын айтыпты. Оспанның мұнысы – біріншіден сақтық, екіншіден жеке басының дүниеқоңыздығы қозып бізден әлі де мол сый-сияпат, дүние-мүлік дәметкендігі еді. Сондықтан біз оларды жылы шыраймен қарсы алып, әр адамға маузер мылтық, дүрбі, қара барқыт мата сыйлап жөнелттік.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 67-бет.

[43] Монғол деректерінде Жамба деген бүркеншік атпен аталуда. Ол, Б.Дұйнхэржав атындағы Ішкі Істер Министрінің орынбасары, шекара отряд бастығы, бригада командирі екен. Бұл туралы қараңыз Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 114-115-бет.

[44] Мұндай сұрақты кейін Оспан батырмен кездескен Монғолия президенті Чойбалсан да қояды. Кездесуде Чойбалсан Оспанға “Сіздер келешекте қандай, қалай тіршілік етеміз деп ойлайсыздыр?” – деген тосын сауал қояды. Оспан мүдірмей “Мен Алтайдай елді мекенімді сонда ұсталып Қытай түрмесінде отырған сан жүздеген бауырларымды азат ету үшін өмір сүріп жүрмін”, деді. Маршал Чойбалсан “Сіз ойыңызды қалай жүзеге асыра аласыз?” деген екінші сауалға болса Оспан батыр “Алтай жерінде қазақтар ғана емес ұйғыр, торғауыт, ұранхай сияқты ұлт-ұлыстары қазір Қытай шеңгелінен шығуға талпынып, елді мекендерін азат ету үшін, тәуелсіз еркін өмір сүру үшін ой-сана, мақсат-мүдделерін біріктіріп күреске шықты. Біз көтеріліске қатысушы бұқараға бірігіп, оларға қолдау көрсете алсақ табысқа жетеміз. Сонымен қатар, біз моңғол мемлекетімен тіл табыса келіп, келешекте ынтымақтасуды көздейміз. Сіздің елден қару-жарақ алуға көмек берулеріңізді өтініш еткіміз келеді.” Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 91-92-бет

[45] Естелікте “Шын Түркістан” немесе “Шін Түркістан” делінуде. Бұл жердегі “шын” немесе “шін” қазақ тіліндегі “шынайы, шындық” деген сөз емес, түрік тіліндегі “Чин”, яғни “Қытай” деген сөзден бұзылып айтылып отыр.

[46] 1933 жылы 12 көкекте күшпен билікті тартып алған Шың Сысай Кеңес Одағына жақтас екенін мәлімдеді. Сондықтан КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 3 тамызда “Шынжаңға байланысты жұмыстар жөніндегі ережелерді” ортаға салды. Онда үкіметтің Шың Сысайды қолдайтыны және Шынжаңды Қытайдан бөліп әкететін саясат пен ұрандарға қолдау көрсетілмейтіні атап өтіледі. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 155-бет.

[47] Нұрғожайдың бұл күдігі орынсыз емес еді. Өйткені генерал Мәжік естелігінде қазақты қазаққа қырғызу үшін байланысқа енгендіктерін жасырмайды: “МХР премьер министрі, маршал Х.Чойбалсан МХРПП ОК-нің бас хатшысы, армияның саяси басқармасының бастығы, армия комиссары Ю.Цэдэнбал жолдастар мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін дереу ұйымдастырып, олардың тікелей басшылығында Қоминдаң басқыншылары мен Оспан бандыларына қарсы күрес жүргізудің тактикалық тұрғыдан терең ойластырылған жоспары әзірленген еді. Ең алдымен қытайдың жауыз әскери билеушілері мен Оспан бандыларының өзара қайшылығын пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салып бірін-біріне құрттыру – біздің негізгі мақсатымыз болды.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 62-бет.

[48] Монғолдың Батын Дорж (1914-1982) деген генералының бүркеншік аты. Ол өзінің 1973 жылы Ұланбатырда жарияланған “Отан үшін соққан жүрек” атты естеліктерінде “менің сол кездегі бүркеншік атым Мажиг болатын” деуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 75-бет. Оның осы бүркеншік аты Монғол емлесі бойынша “Мажиг” деп жазылады. Бірақ біз қазақтар арасында кеңінен қолданылған Мәжік деген емлені қолдануды жөн көрдік.

[49] Бұл кездесу туралы генерал Мәжік былай дейді: “Бұл кездесу Бұлғын өзенінің бойында тігілген “Ақ ордада” өткен еді. “Ақ орда” дегеніміз қазақ тілінде үгіт-насихат парақтарын тарататын далалық шағын баспахана үшін тігілген үй. Біз алдымен Оспанға арнап соятын бірнеше қойды сыртқа байлап, тал қиып, мол отын дайындадық. Мұсылмандар өз қолымен бауыздамаса, бөтен діндегі адамдардың сойған малын жемейтін болғандықтан, біз осылайша қойларды тірідей дайындап қойдық. Оспан уәделі мерзімде келді. Қасында жүз шақты қарулы сарбазын ертіп алыпты. Жүрісі өте айбынды. Ал, менің қасымда тұрған 7-8 адамның бірінде де қару-жарақ жоқ. Біз ниетіміздің ақ екендігін білдіру үшін әдейі қарапайым кейіп танытқанбыз. Оспан қайын ағасы Сұмғазы мен Сүлеймен бастаған нөкерлерін ертіп, ішке енгенде, шеріктері үйді неше қабат қоршап алды. Мен Оспанға мейлінше ұғынықты қарапайым тілмен әңгімелесіп, заманның қазіргі тынысы, қазақ халқының көрген бейнеті, Қоминдаңның басқыншылығы мен езгісі, олардың басқа ұлттарды жек көріп кемсіту саясаты туралы ашық айтып, “егер сіздің тарап нағыз халық мүддесі үшін Қоминдаңға қарсы күресетін болса, біз көмектесуге дайынбыз” деп мәлімдедім. Оспан менің сөзіме сенген ниетін білдіріп, өздеріне қажетті қару-жарақ пен бұйымдарды сұрағандықтан береміз деп уәде жасадым. Ал, Оспан Қоминдаңға қарсы күресем деп серт берді. Келіссөз аяқталған соң, Оспан жағы қойларды бауыздап сойып асып жеді.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 67-68-бет.

[50] Сұлубайдың Оспанды құтқаруын Сүгірбаев де әңгімелейді: “Бала Ертістегі атыста Оспанның атына оқ тиіп қолға түсуге айналады. Осы тұста Сұлубай жаңбырша құйып тұрған оққа қарамай, тізгін ұшында Оспанды мінгестіре қашып құтылдырып кетеді. Сөйтіп ол көзге түсіп батыр атағын алады.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 47-бет.

[51] Бұл уақиғаны генерал Мәжік растап былай дейді: “1943 жылы 5 желтоқсан күні Қоминдаңның 200-ге жуық әскері шекарамыздың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп шеқара қарауылына, Оспан лагеріне шабуыл жасайды. Алайда олардың арам ойлары жүзеге аспай, 22 әскерінің өлі денесін біздің жерде қалдырып, өздері қашып-пысып жоғалды. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 69-бет.

[52] Жәді Шәкенұлы Оспан батыр туралы мақаласында бұл уақиғаны растап былай дейді: “1943 жылдың соңында Оспан Өралтайдың Бұлғын деген жерінде қосының ретке салып Жәнібектің ақ туын алып шығады. Ақ тудың алдында жүрелеген мыңдаған сарбаз қолын қызыл қанға батырып “Тірі болсақ бір төбедеміз, өлсек бір шұңқырдамыз. Халықтың кегі үшін аттан түспейміз. Жауды қуып шықпайынша, бел шешпейміз. Өлсек шәйіт, тірі болсақ қазымыз”, деп ант береді. Мойындарына ақтық байлап, жаназа оқытады.” Шәкенұлы Ж. “Алтайдың ақиық батыры”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 137-бет.

[53] Бүркітбай батыр (1906 – 1944) туралы берілген бір мәліметте оның Алтай үкіметінің бастығы Тау Бау Сыйға емес, қажынәби Досқайұлын өздеріне қосылуға Оспанның сәлемін жеткізуге жіберілгені және 1944 жылы атылғаны айтылады: “1943 жылы қараша айында көтерілісшілер өздеріне қосып алмақ болған Қажынәби Досқайұлына Оспан батырдың сәлемін жеткізуге Бүркітбайды Сарсүмбе қаласына аттандырады. Себебі Қажынәбиге Бүркітбай нағашы болып келетін-ді. Сонымен қатар Бүркітбайдың ержүрек, елпектігі, тілді-ауыздылығы ескеріліп, оны Оспан батыр осы жұмысқа таңдайды. Өкінішке орай қасындағы серіктерімен Шірікши ауданында Қоминдаңшылар қолға түсіріп, Сарсүмбедегі Шың Сысай армиясына тапсырады. 1944 жылы Бүркітбай батырды қасындағы бірнеше адаммен Сарсүмбеде атады.” “Бүркітбай батыр”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 174-бет.

[54] Мәтінде қай тіл екені жазылмапты. Бірақ кейінгі сөздерден оның қазақ тілін азырақ білетінін аңғарып “қазақ” деген сөзді біз қостық.

[55] Сүгірбаев та Коминтерннің, яғни ІІІ Интернационалдың қолдауы болғанын мойындап былай дейді: “Сол тұста Совет Одағы Коммунистік Партиясын өзек еткен Үшінші Интернационалдың (жай сөзбен айтқанда, Сталин дәуіріндегі Совет Одағының) қолдауында болғаны сияқты, Үш Аймақ Төңкерісі де бұрынғы Совет Одағының қолдап қостауы мен жан-жақты көмегі арқасында пайда болған.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 204-бет. Сталиннің Шынжаң саясаты және оның себептері мен нәтижелері үшін қараңыз: Wang D. Under the Soviet shadow the Yining incident ethnic conflicts and international rivalry in Xinjiang 1944-1949, 414-418-бет.

[56] Генерал Мәжік пен Оспан батыр 1943 жылы 5 қазан күні Қайырты асуында кездесіп келісім шартқа қол қояды. Ол келісімде Оспан өзінің баласын екі адаммен бірге (біреуі орыс азаматы) Монғолия өткізіп әскери қару-жарақты үйренеді. Осы мезетте өз адамдарын Монғол жеріне жібермей Коминдаң әскерімен күресуді жалғастырады. Бұл келісімде монғолдардың дінге шек қоймауы, коммунизм насихатын жүргізбеуі, қандай да бір жағдайда қазақтарды ұстап қыспаққа алмауы ерекше атап өтіледі. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 114-115-бет.

[57] Монғолияның Оспан батыр бастаған көтерілісшілермен ынтымақ жасау үшін бұрыннан дайындалғаны байқалып отыр. Бірақ Сүгірбаев бұл ынтымақтастықтың көтерілісшілер тарапынан бастатылғанын алға тартады. Ол сонымен қатар “Халықтың Шың Сысай Өкіметіне Қарсы Ұйымы” мен “Алтай Қазақтарының Көркейю Комитеті” атында басшылық ұйтқы ұйымдастырылғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-49-бет.

[58] Маршал Чойбалсан 1944 жылы Оспан батырмен болған кездесуде “Сіздердің әділетті күрестеріңіз табыспен аяқталатын болса, Қазақ елі де біздің тәуелсіз республикамыздай бола алады”, дейді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 92-бет.

[59] Осы кезде Қазақстаннан 150-дей адам арнайы курстардан өткізіліп жіберілген. Азаттық радиосына 1980 жылдардың басында Қазақстаннан келіп қызмет істеген Махмет Құлмағамбетовқа ағасы Кенжағараның айтуынша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бүкіл ел бойынша таңдал 150 қазақты Алматыда жинаған. Бұлар судья, прокурор, адвокат, Кеңес және партия апаратының мүшелері сияқты жауапты орындарда қызмет істейтін азаматтар еді. Олар Орталық Комитетте Шығыс Түркістанның жағрапиясы, оның халқы, ауылдардың аттары, рулық қатынастары, тіпті жеке адамдардың аттары мен олардың байланыстары туралы арнайы курстардан өткізілді.  Оларға қазақтың ескі салтына жарай киімдер тіккізілді. Қазақ ер тоқымымен монғол аттары, қоржын, қару-жарақ  сияқты заттар беріліп жүк таситын вагондармен Семей облысына жіберілді. Олар аттарына мініп сол жерден тек Кеңестік жағында күзет болған Кеңес – Қытай шекарасынан ар жаққа өтіп кетті. Кулмагамбетов М. Восточнотуркестанская операция // Континент. 1984, № 42, 242-243-бет.

[60] КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 1943 жылы 4 мамырда Шынжаң үшін осындай ұйымдастырулар турасында шешім қабылдаған еді. Онда Шың Сысайды Шынжаңдағы билік және құқықтарынан аластату үшін бірқатар шараларды қолдану қажеттілігіне көрсетілді. Төңкерістік ұйымдар мен Шынжаң үшін төңкерістік кәдірлер дайындау туралы қарар қабылданды. Сонымен бірге Шынжаңмен шекаралас Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда “ұлттық даму топтары” үшін арнайы басқарушылар мен келешекте Шынжаңдықтармен бірге жұмыс істейтін үгіт-насихат жүргізуші қайраткерлер дайындайтын бірнеше оқу орындарын ашу туралы да шешім қабылданды. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, s. 156-бет.

[61] Бұл кездесу Маршал Чойбалсанның талабы бойынша іске асырылды. Бұл туралы генерал Мәжік маршал Х.Чойбалсанның 1944 жылы 15 ақпан күні Ұланбатырдан машинамен шығып 23 ақпан күні кешкісін Қобда аймағының Бұлғын ауылынын Анагтолғой деген жердегі әскери қосынға келіп түскенін айта келіп былай дейді: “…Маршал Х.Чойбалсан шекаралық әскери бөлімшелерді аралап кездесулер өткізгеннен кейін: “Оспанға жолығайын”, – деді. Мен Оспанға “Маршал кездеспекші” деп хабар бердім. Оспан бұл пікірді ризашылықпен құптады.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 71-72-бет.

[62] Сұраған Рахметұлы монғол деректері бойынша жасаған зерттеулері бойынша осы кездесуде Оспанның өзінің толық қаруланған 10 нөкерімен көптеген оқ қағар сақшыларының қорғауында келгенін, олардың киген киімі де өте айбынды, түстері сұсты екенін айтады. Оспанның қатарында Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесшісі Сүлеймен Бектерұлы, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесшісі Келес батыр, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының әскери қолбасшысы Сұлубай батыр, Уақит Қалелұлы, Әсей Рысханұлы, Шердиман Оспанұлы, Қапас Тіркешұлы,  Шығыс Түркістан ұлт – азаттық қозғалысының бас қолбасшысының оққағары Сұмғазы, Мұхаметжан, Александр Черняев болғанын келтіреді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 87-88-бет.

[63] Генерал Мәжік кездесуде мемлекет басшысын қорғау үшін төтенше шаралар істелгенін былай деп баяндайды: “Біз мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және Оспанның сеніміне селкеу түсірмеу үшін қаруланған әскердің көзге түспеуін қалап, кездесу болатын үйдің маңына окоп қазып, оған қарулы жауынгерлерді кіргізіп, тасалап қойдық. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 72-бет.

[64] Маршал Чойбалсанның қасында Ішкі Ыстер Министрі, генерал-лейтенант Б.Шагдаржав, Ішкі Істер Министрінің орынбасары, генерал-майор Б.Дорж, Ішкі Істер Министрінің орынбасары, генерал Б.Дүйнхэржав, Әуе күштерінің командирі, генерал М.Зайсанов, Әскери маман полковник Сүхбаатарын Галсан, Қобда отрядының командирі, полковник Ж.Ламжав; Кеңес Одағының өкілдерінен Моңғол еліндегі Кеңес Одағы елшісі, КГБ генерал полковнигі И.А.Иванов, Байқал – әскери округінің командирі, генерал полковник И.Ковалев, Қорғаныс Министрінің кеңесшісі, КГБ генералы А.Рубин, НКВД барлау бөлім бастығы, генерал майор Лампанг, Ішкі Істер Министрінің кеңесшісі, генерал майор Греднеев, Ішкі Істер Министрінің орынбасарының кеңесшісі, генерал майор Ф.С.Попов; Баян-Өлгей аймағының өкілдері аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы, шекарашыларға көмектесуші топ бастығы Ш.Ноғай, Ішкі Істер бөлім бастығы О.Қалқабай, Ішкі Істер бөлімінің кеңесшісі, Қазақстан азаматы Жағыпар, Ыбырай Тоқтағанұлы, шекара офицері Мардан Маңғылұлы болған. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 87-88-бет.

[65] Бұл кездесу 1944 жылы 14 қаңтарда болған. Кездесуде Кеңес Одағының Монғолиядағы елшісі И.А.Иванов, Сталин және Молотов болды. Чойбалсан Оспанның жағдайын түсіндіргеннен кейін оған қарумен көмектесудің дұрыстығын атап өтеді. Бұл пікірді қолдаған Сталин армия генералы А.Антонов, Байқал сыртқы округінің командирі М.Ковалев екеуін шақырып мәселені түсіндіріп Оспанға деп Чойбалсан құзырына 400 винтовка, 200 ППШ, сирақты 6 пулемет, 30 қол пулемет, 5 дүрбі беруді тапсырады. Ол сонымен осы қару-жарақтарды атуды үйрететін мамандарды да Оспанға жіберілуін әмір етеді. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 76-77-бет.

[66] Маршал Чойбалсанның кеңсе ісінің бастығы және хатшысы Пунцагийн Шагдарсүрэн “Мен білетін Чойбалсан” атты 2000 жылы Ұланбатырда жарық көрген еңбегінде Чойбалсанның Оспанға берілетін қару – сайманның әрбіреуінен үстелдің үстіне қойып тамашалатып барлығы 400 винтовқа, 200 ППШ, 6.000 винтовқа оғы, 5 дүрбі табыс етіп, бұл саймандарды меңгруді арнайы мамандардың үйрететінің айтты. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 80-бет.

[67] Зайсановты осылай атап отыр.

[68] Маршал Чойбалсанның кеңсе ісінің бастығы және хатшысы Пунцагийн Шагдарсүрэн бұл уақиғаға қуә болып былай дейді: “Маршал содан кейін Оспан тобына біздің елдің әскери әуе күшінің қолбасшысы, генерал М.Зайсановтың ИЛ-16 ұшағын тамашалатты. Зайсанов ұшақтың күш – қуаты туралы мәліметтерді қазақ тілінде баян етіп, одан кейін әуеге көтеріліп, жауынгерлік неше түрлі мәнерлерді жасады. Зайсанов жерге келіп қонғанда Оспан мен оның батырлары қайран қалып, ыстық ықылас танытып мәз болысты. Маршал еліміздің жастары, оның ішінде қазақ азаматы қазіргі заманның озық техниқасын біліктілікпен игергенін көрсету үшін М.Зайсановты ұшағымен бірге бұл сапарға әдейі ертіп келген еді. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 80-81-бет.

[69] Монғолиялық зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Лхамжүрэнгийн Бат-Очирдың Чойбалсан туралы еңбегінде Чойбалсанның көмекке әкелген қару – жарақты Оспанның сарбаздары 105 түйеге артып алып кеткенін айтады. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 77-бет.

[70] Генерал Мәжік бұл кездесу туралы толық мәлімет береді: “…1944 жылы 5 наурыз күні сағат 12-де Оспанның өкілі Келес, ұлы Шердиман маршал Х.Чойбалсан қонаққа шақырып келді. Маршал бұл тілекті құптап, нөкерлерімен бірге Бұлғын өзенінің Майхантолғой деген жерінде орналасқан Оспанның үйіне барды. Олар маршалға арнайы үй дайындаған екен. Оспанның қару асынған шеріктері үйдің екі босағасына қаз – қатар сапқа тұрып Оспан өзі әскери қолбасшыларымен бірге есік алдына шығып, маршал бастаған меймандарды зор салтанатпен қарсы алды. Бұл тігілген қазақтың кәдімгі еңселі үйі еді. Үйдің ішіне айналдыра кілем – кілше төсеп, торғын – торқадан шымылдықтар құрыпты. Төрге үстел жасап, оның үстіне кілем жапқан екен. Үстелдің артына қонақтар отыратын ұзын орындық орнатып, оны да кілеммен қаптап қойыпты. Шағын төрт темір пеш бар, оларға бір адам от жағып отыр.

Маршал адамдармен амандасып үйге енген соң Оспан мүйізді ақсарбас қойды алдырып, қонақтардан ықылас сұрады. Одан кейін үстелге жайылған ақ дастарханға бауырсақ, қант секілді түрлі тағамдарды әкеліп төкті. Шәй берген шәугімге ожау батырып, шыны аяққа құйып ұсынатын әдеттері бар екен. Меймандар ауқаттанып жатқанда әнші – күйшілер алма – кезек кіріп келіп, әр түрлі дауыспен ән шырқап, тұлпардың шабысын, өзеңнің ағысын елестетіп музыка ойнады.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 73-74-бет.

[71] Генерал Мәжік естеліктерінде 1943 жылы 8 желтоқсан күні Қоминдаңның үш ұшағы шекарамызды бұзып жерімізге 28 бомба тастап, өрісте жүрген малга зиян келтірген деуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 69-бет.

[72] Шын аты Герил болған монғол. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 146-бет.

[73] Шынай Рахметұлы Монғол ұшақтарының 1944 жылы 12-13 наурызда Оспан батырға көмек бергенін айтады. Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 49-бет.

[74] Қолжазбада 104-тен кейінгі екі бет 140а және 140б деп нөмірленген.

[75] Бұл уақиғаны Сүгірбаев та растайды: “1944 жылы 5 айда партизандардың бір реткі қатты  соққысына ұшыраған Қоминдаңның Көктоғай қалашығындағы жендеттері, қала тұрғындарынан 40 неше бейуаз бұқараны қырғанда Оспанның 18 жастағы қызы Кәбире мен 14 жастағы ұлы Байдолланы Мәмейдің [Оспан батырдың әйелі – Ә. Қ.] көз алдында кескілеп өлтіреді. 11 жастағы ұлы Кәри мен 9 жастағы қызы Сапияны 20 неше метр тереңдіктегі құдыққа тірі тастайды. Онан соң кезек Мәмидің өзіне келеді. Қорлыққа шыдамай, жанынан түңілген ол тасып жатқан өзенге бір-ақ секіреді. Қоминдаң шеріктері жапа – тармағай оқ шығарғандарымен бірде – бірі дарыта алмайды. Соңынан қуа атқылауға таяу маңда бекініс алып жатқан партизандардан қорқып батылдары бармайды. Бір неше жүз метр жерге ағып барып бір иенде талықсып жатқан жерінен Мәмейді партизандар құтқарып кетеді.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 109-110-бет. Оспанның басқа балалары жөнінде Сүгірбаев мынадай мәліметтер келтіреді: “Пансия деген қызы 1942 жылы Шың Сысай өкіметі Оспанға жіберген елшілермен бірге барып сол беті әкесінің қасында қалып қойғандықтан бұл жолғы қырғынға ілікпейді. Қалған үш ұлы – Шердиман, Нығыметолла, Нәби 1941 жылдан бастап Оспанның өзімен бірге болады. Сонда, 110-бет.

[76] Сүгірбаев ел айдау саясатынын “балықты судан айыру” стратегиясы деп атап өтеді: “1944 жылы 6 айда төңкерісшілер қанатын аймақ көлеміне жаю үшін нақты қимылға кірісті. Алдымен Дәлелхан Сүгірбаевтің бастауымен төңкеріс жетекшілері әскери істер мәжілісін ашты. Тұтас Алтайдың нақты жағдайына сай қалашықтарды алуға және жау әскерімен кеңірек соғысуға асықпау, оның есесіне халық бұқарасын толық аттанысқа келтіріп, төңкеріс шебіне тарту, сөйтіп жауды “судан айрылған балықтың күйіне түсіру” стратегиясын белгіледі. Сонда, 58-бет.

[77] Сүгірбаевтың сөздері де осы жағдайды растауда: “Халық бұқарасы көптен армандап, асыға күткен төңкерістік қимыл Алтай өңіріндегі 7 ауданның бәрінде жарыққа шығады. Төңкеріс жетекшілері бұған қанағаттанып тоқмейілсіп қалмайды. “Темірді қызуында соғуды” жөн көріп Қоминдаң кертарпашыларының қанды шеңгелінде қалып отырған Сарсүмбе, Буыршын халықтарын да қатарларына алып, жауды онан әрі оқшау қалдыру үшін 1944 жылы 9 айдың ішінде Кәмел, Нұрғожай, Әбдірәсұл басқарған 500 кісілік қомақты партизан бөлімін осы екі ауданға аттандырады. Олар айналасы 20 шақты күн ішінде Сарсүмбе халқының бәрін, Буыршын халқының жартысын Алтай тауын бөктерлете көшіріп, Көктоғай мен Шіңгілдегі көтерілісшілер тобына қосады. Сонда, 67-68-бет.

[78] Оспанды өлтіруге бағытталған көптеген қастаңдық әрекеттер жасалған. Олардың барлығы Шың Сысай тарапынан емес, Оспан кейін бөлініп шыққан кейін Үш аймақшылдар тарапынан да болған. Сейітхан Әбілқасымұлы осы әрекеттердің Мәскеудің нұсқауымен Моңғолия тарапынан іске асырылуға тырысылғанын айтады. Ол мақаласында Тескенбай, Тұтан Хамитұлы, Сағадай Үбгінұлы сияқты Оспанның ауылана келіп өлтіруге ұмтылғандардың бірнешеуінің атын атайды. Әбілқасымұлы С. “Оспан батыр”. Оспан батыр. Алматы 2007, 13-16-бет.

[79] Сүгірбаев Көктоғай өңіріндегі қардың қалыңдығынын бір-бір жарым метрге дейін жеткенін және температураның минус 35-40 болғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 75-бет.

[80] Қытай орталық үкіметі 1944 жылы қыркүйекте Шың Сысайды ауылшаруашылығы министрі етіп тағайындап орынан алды. Оның орнына У Жұң Шинді сайлады. У Жұң Шин Үрімжіге келгеннен кейін Сұн Ятсеннің үш принципінің арқасында өлке бойынша тыныштық болады; демократия іске асыралады; ұлттар арасында бірлік күшейеді; түрмедегілер босатылады деп уәде берді. Жаналтай, Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 50-бет; Алптекін И. Doğu Türkistan Davası. İstanbul, 1981, 170-бет.

[81] Сүгірбаев көпшілік халықтың малы қыстан негізінен аман шыққанын айта келіп біраз адамның аштан өлгенін де жасырмайды: “Дегенімен, қары қалың, аязы қатты кейбір жерді қыстаған халықтың малы жұтайды. Осының салдарынан 1945 жылдың басында кейбір адамның тұрмысында түрліше, әдауір қиыншылық болады. Тіпті аз санды түтін “аштан өліп, көштен қаларлық” күйге түсіп қалады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 85-бет. Дәлелхан Жанымханұлы естелік кітабында Алтайда ашаршылық болғанын растайды. Тіпті мұның салдарынан үкіметке бағынулардың болғанын айтады: “1944 жылдың күзінде Оспан батырдың әскерлері Сарсүмбе және Буыршын халқын әскери күшпен Өралтайға апарған екен. Қыста Сырт Монғолияға барып қыстапты. Қар қалың жауып, жұт болып, мал қырылып, ашаршылықтан адамдар да өліпті. Сондықтан да 1945 жылы жаз шыға салысымен кембағал адамдар қашып көшіп, өз мекеніне келе бастаған. Манат батыр бағынғаннан кейін бұл кедейлердің келуіне жол ашылған. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 53-бет.

[82] Сүгірбаев, 1945 наурызда Кәмел мен Қуанышбайды Жүкейлердің өлтіргенін жазады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 84-бет.

[83] Монғолия өзінің ішкі министрлігінің Баян-Өлгейдегі бөлімшесінде қызмет істейтін Қалқабайды Оспанға ақылшы ретінде жіберіп оның барлық жағдайын жетік игерумен міндеттейді. Әбілқасымұлы бұл жағдайдан мазасыздан Оспанның кейде оны “Қалқабай, демалсаңшы, түнде жазасың, күндіз жүргізесің, жұмысың ауыр ғой” деп қағып қалатынын айтады. Әбілқасымұлы С. “Оспан батыр”. Оспан батыр. Алматы 2007, 11-бет.

[84] Патыхан 1945 жылы маусым айының ондары шамасында Дәлелхан Сүгірбаевтің 700 партизан тобын басқарып Сарсүмбеге аттанғанын растағанмен, жаудың қоршауында қалған Дәлелханды Нұрғожайдың аман алып қалғанын айтпайды. Тіпті керісінше, Дәлелханның соғыстағы сәтсіздігінің себебі ретінде Нұрғожайды көреді. Оның сөзінше Нұрғожайдың армияның әр қимылын жауға жеткізген тыңшылық әрекеті салдарынан Дәлелхан сәтсіздікке ұшыраған. Бұған дәлел ретінде сол соғыста оққа ұшып ауыр жараланып әл үстінде жатқан Қасейін батырдың ымдағанын көрсетеді. Одан әрі Қасейін батырды Нұрғожайдың өлтіргенін де алға тартады. Ол былай дейді: “Қасейін мойнынан жараланып әл үстінде штапқа келтірілгенде тілден әлдеқашан қалған еді. Көңілін сұрай келген Дәлелхан Сүгірбаевті көргенде ол ортан саусағы мен сұқ саусағын шығарып, онан соң бірін бүгіп, бірін қалдырды. Бұл ишараны өзгелер “атойлап алға шыққан екеу едік. Біріміз өліп, біріміз қалдық.” деген мазмұнда түсінеді. Осылай түсінудің де себебі бар: Соғыста екі жақ бір төбеге қатты таласады. Осы уақытта Нұрғожай мен Қасейін екеуі бірінші болып әлгі төбені алады. Басқалар артынан барғанда, Қасейін жараланып Нұрғожай оның басын сүйеп отырады. Дәлелхан Сүгірбаев бұл ишараны басқаша түсінеді. Себебі: Оқ Қасейіннің мойнының қиғаш сол жақ артынан тиген – Демек оқ қарсы алдынан емес, арт жағынан келген. Ал Қасейіннің екі саусағының бірін бүгіп бірін қалдыруы “Алдымен барған екеу едік. Біріміз бірімізді мерт қылдық.” дегені. Сөйтіп Қасейінді өлтіруші қанды қол да, Сарсүмбеге шабуыл жасаған тұста Қоминдаңмен астасып хабар беріп отырған да осы Нұрғожай деген қорытынды жасайды Дәлелхан. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 96-90-бет.

[85] Сүгірбаев Нұрғожайдың осы кезде бағынып кеткенін алға тартады: “1945 жылы 6 айда Жанымханның руластығын көлденен тартып шырғалауы арқылы төңкеріске опасыздық жасап, Қоминдаңға бағынып кеткен. 8 айда Жанымхандармен бірге “заман өзгерісінде” пайдаланатындар қатарында айырпланмен Үрімжіге келтірілген. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 123-бет.

[86] Дәлелхан Жанымханұлы да әкесі, ағасы Хамит және Әлен Уаңның У Жушидің шақырыуы бойынша Сарсүмбеден Үрімжіге ұшақпен кеткенін айтады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 54-бет.

[87] Патыхан Нұрғожайдың Үрімжіге баруына басқаша сыйпат беріп былай дейді: “…Сарсүмбедегі Қоминдаң жақ Нұрғожайға еріп кеткен Кенен, Райымжан, Шөлтек секілді адамдарды партизандар арасына “жансыз” етіп жібереді. Олардың берген мәліметі бойынша Қоминдаң мансаптылары бір жағынан қорғаныс жұмыстарын онан ары күшейтеді. Енді бір жағынан “Алтай қолдан кетер болса, қапы қалмаудың қамын жасап Әлен Уаң, Жанымхан Тілеубердіұлы [Сүгірбаев кітабында Жанымханның әкесін барлық жерде Тілеуберді деп көрсеткен. Дұрысы Тілеубайұлы – Ә. Қ.], Нұрғожай, Сүлеймен Бектұрұлы, Сарыбай сияқтыларды айырпланмен, Шәмши, Дәлелхан Әленұлын автомобилмен Үрімжіге жолға салады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 94-95.

[88] Сол кезде қалада болған Дәлелхан Жанымханұлы, қаланың қиын жағдайда тұрғанын мына сөздермен суреттейді: “Мен ертесі генерал Уаңға барып амандаса отырып жағдайды кеңестік, генерал: “Жағдай өте қиын, келешек үмітсіз, -деді. Басқа артық бір нәрсе демеді. Мен де сұрамадым. Екі күннің ішінде дайындалып, қаланы босатуға кірісті.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 54-бет.

[89] Сәмитұлы бұл жағдайға байланысты былай дейді: “Кеңес Одағы және Қытай сынды екі үлкен мемлекет өз мүдделері жолында бірлесіп алды да, Шығыс Түркістан деген республика өз жайында қалды. Енді оның қуыршақ бастықтары екі қожайынның ортасында қалып, екеуіне кезек жалпақтап, айтқандарын бұлжытпай орындамасқа шарасы болмады. Сөйтіп олар осы жолғы келісім арқылы Шығыс Түркістан респуликасын жоғалтып, оны Қытай үкіметінің қол астына бағындырып беріп бір-ақ тынды. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 143-бет. Осындай жағдайды Дәлелхан Жанымханұлы да баяндауда: “…Көтерілісшілермен 1945 жылы 10 айда келіссөз басталды. Соғыс әрекеттері тоқтатылды. Орталық Қытай өкіметінің уәкілі генерал Жаң мен Шығыс Түркістан уәкілдері арасындағы келіссөз жоғарыда айтылғандай 1945 жылы 10 айда басталған болса да Шығыс Түркістан деген атауға келіспей, ақыры Үрімжіде тұрған Совет консулының араға кіріп, жарастыруымен Шығыс Түркістан Халық Республикасы деген аттың ресми күшін жойып, “Халық Уәкілдері” деген атпен келіссөз жүргізуді шешкен. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-бет.

[90] Әлихан төре 1946 мамырда Ләтіп арқылы Оспанға жіберген хатында былай деген: “Бітім жасадық [бұл жерде Үрімжімен жасалған келісім айтылып отыр – Ә. Қ.] деп Шығыс Түркістанды қызылдар иелеп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық, күрес әлі аяқталған жоқ. Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын. Алтайда сен мықты тұр.” Зәкенұлы Т. Шығыс Түркістанның құлауы // Атамұра. 27 Наурыз 1988, 16-бет.

[91] Нұрғожай батырдың бұл ойын сол кезде жасалған Ялта келісімі растауда. Кеңес Одағы, АҚШ және Ұлы Британия жетекшілері 1945 жылы ақпан айында Ялтада құпия келісімге қол жеткізіп онда Сталиннің сыртқы Монғолияның тәуелсіз болуы жөніндегі ұсынысына қолдау білдірілді. Осы орайда Қытайдың Чан Қайшı үкіметіне қысым жасалды. 9 шілде күні Чан Қайшı Кеңес Одағының Қытайдың Шынжаңдағы егемендігіне кепілдік беруі және Шынжаң көтерілісін жаншуға қолдау көрсетуі шартымен аталған талапты мақұлдады. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 164-166-бет. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 132-133-бет. Ялта келісімінің шарттары үшін қараңыз: Wang D. Under the Soviet shadow the Yining incident ethnic conflicts and international rivalry in Xinjiang 1944-1949, 423-424-бет.

[92] Шың Сысайдың Кеңес Одағымен байланыстары 1938 жылы шарықтау шегіне жетті. Сол жылы тамыз айында жасырын түрде Мәскеуге барған оны Сталин үш рет қабылдады. Сонымен қатар оған ешкімге жасалмаған ерекшелік жасалып КОКП (Большевик) мүшелігіне қабылданды. 1859118 мүшелік нөмір берілген Шың Сысай тікелей КСРО Политбюросына қарады. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 131-бет.

[93] Сүгірбаев Доскеновты бір көнсе саған көнеді деп Оспанға әдейі жіберген еді. 1990 жылдардың аяғында Алматыда қайтыс болған Доскеновты Оспан бөлек бір үйде бірер күн күткізіп әзер қабылдаған. Әбілқасымұлы С. “Оспан батыр”. Оспан батыр. Алматы 2007, 12-13-бет.

[94] Сүгірбаев бұл уақиғаны растап былай дейді: “…1945 жылы 11 айдың орта шенінде Шаңшияу Доскенов арнайы Оспянға барып оны Сарсүмбеге келіп бастықтық міндетін тапсырып алуға үй ішімен көшіріп әкеледі. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 114-бет.

[95] Оспан батыр 1945 жылы 10 қазанда 300 атты әскермен Сарсүмбе қаласына келді. Мекеме бастықтары және ақсақалдар, жалпы халық құттықтап, қызу қарсы алды. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 57-бет.

[96] Бұл турасында Сүгірбаев былай жазады: “…үлкен мәжіліс болды. Бұл уақытта Оспан Көктоғайда өз ауылында болатын. Оны шақыртқан еді. Келмеді. Үлкен мәжіліс ашылатын болып шақыртып екі рет адам жіберді. Мұнда да оны – мұны сылтауратып келмей қойды. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 104-бет. Жақсылық Сәмитұлы болса бұл мәселеде былай дейді: “1945 жылы қыркүйектің 20-ы мөлшерінде Әлихан төре, Ахметжан Қасыми қатарлы Шығыс Түркістан республикасының басшылары Құлжадан Алтайға келіп он неше күн тұрып қайтады. Осы кезде Ахметжан Алтайдағы әр ұлт, әр сала халқымен бірнеше рет кеңес өткізіп бұқаралық жиындар ашып, Алтай төңкерісі үш аймақ төңкерісінің бір бөлегі деп қаралатынын, Алтай әкімшілік мекемесін құрып, оның Құлжадағы уақыттық үкіметтің басшылығына бойсұнатындығын және оның құрамындағы негізгі басшылардың есімдігін жариялайды. Бұл жиынға Оспан батырды ерекше ұсыныспен шақыртады. Әлихан төре мен Ахметжан Қасымидың Алтайға келуінде екеуінде екі түрлі мақсат болады.  Ахметжан Қасыми Алтайды өз қолына қарату үшін алдымен Оспан батырды шырғалап қолға түсірмек болады. Ал, Әлихан төре болса Оспанмен оңаша сөйлесіп, оны өз жағына тартып, Кеңес Одағының шеңгеліне түсіп, жоғалып құрып бара жатқан Шығыс Түркістан республикасын Оспанмен бірлесе отырып құтқарып қалмақ болады. Бірақ Оспан Әлихан төрені де Ахметжан Қасымилер сияқты Кеңес Одағының жіберген қуыршақ бастықтары санап онымен кездесуге қызықпайды. Бірақ кейін 1946 жылы наурыз айында Әлихан төрені түсіне бастаған Оспан батыр оған арнаулы адам жіберіп хат жолдайды. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 144-бет. Әлихан төре сол кездегі өзінің ұстанған саясатын Ташкенде өмірінің соңына таман бір тілшіге былай деп баяндаған: “Менің сол кездегі мақсатым – тәуелсіз Шығыс Түркістан республикасын құру еді. Кеңес Одағының соғыста көп көмек бергені рас. Бірақ кейін шұғыл бұрылыс жасады. Қоминдаң  үкіметімен бейбіт келісім жасай бастағанда-ақ ниеттері белгілі болды. Осыған қарап менің де пейілім бұзылды. Соғыстың Манас шекарасынан ары бармай тоқтап қалатынын да білдім. Сол үшін басқа шара іздедім. Алтайдағы Оспан батырға, Сауан бойындағы Қалибек батырға кісі жібердім. Солармен бірлесіп ынтымақтасуды мақсат еттім. Солардың күшімен Шығыс Түркістан Ислам республикасын аман сақтап қалуды ойладым. Бірақ уақыт, жағдай оған жар бермеді. Аяғы өзімді де үкімет басынан тайдырып әкетті. Сонда, 145-бет. Оспан батыр болса 1947 жылы Қытай генералы Сұң Чиланға айтқан сөзінде Әлиханды қолдайтынын білдірген. Ол былай деген: “1944 жылы Іле оқиғасы болған кезде мен Іледегі қазақтардың бастығы Әлиханмен біріншіден, Шынжаңды Кеңес Одағына қаратпау, екіншіден діни сенімді батыл қорғау жөнінде астыртын келіскен едім. Осы екі негізгі пікірге Әлихан мақұлдық білдірген соң ғана мен Ыле оқиғасына қатынасып, олардың қолдаушысы болдым” Сонда, 236-бет.

[97] Жаң Жежұң кейін, атап айтқанда 1946 жылы наурызда табысты бола алмаған У Жұң Шин қызметінен алынғаннан кейін оның орына қызметке тағайындалады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-бет.

[98] Бұл уақиғаны Сүгірбаев басқаша баяндайды: “Жанымхан бұл келгендерді [Өзіне Оспанның хатын әкелген Мұқаметжан Мүрсәлімұлы, Кенен, Ердіқанды айтып отыр – Ә. Қара] өз шаңырғында 3-4 күн қондырып (бұл Қоминдаңдық қожайындарына мәлімдеп, олардан нұсқау алғанша жасаған аялы еді) қайтарды. Сонымен бірге Қапаспен бетбе бет сөйлесіп жағдайды толығырақ ұғысып, жан – жақты пікір ауыстырып қайту үшін Нұрғожайды Кенендерге қосып жібереді. Бірақ Нұрғожайдың бұл жерге келгенін басқалар сезіп қалады. Қоминдаңмен астасып отырғандығы әшекереленіп қалатын болған соң Қапастар “Ел ішіне жансыздап келіп жүрген жерінен ұстап алдық.” деп Салық пен Уақыттың (бұл екеуі сол кезде Көктоғай ауданының бастығы және бастықтың орынбасары еді) жіберген адамы Сейпілдер арқылы аймақтық өкіметке тапсырып береді. Нұрғожай: “Айрылысып кеткеніме көп уақыт болды. Қатын баламның жай – күйін біліп қайтуға ғана келген едім. Ешқандай бөтен ниетім болған емес.” деп шынын айтпайды. Аймақтық сақшы мекемесі оны да тексеріп көрмек болып қамап қояды. Оспанның оған арашашы болуға батылы бармайды. Әйткенменен Оспан – Жанымхан (шынына келгенде Оспан – Қоминдаң кертартпашылдары) ортасындағы алғашқы жалғасу қысқаша осылай басталады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 123-124-бет.

[99] Кеңес Одағы өзінің саясаттарына қайшы келген Әлихан төрені 1946 жылы мамыр айында орнынан жасырын түрде алып тастайды. Бір-ақ түнде жоқ болып кеткен Әлихан төренің қайда кеткенін ешкім білмей қалмады. Үкімет адамдары болса оның Құлжаның Арасан деген жерінде демалып жатқанын айтады. Үкімет бұдан басқа мәлімет бермей уақыт өткізіп халыққа оны ұмытқызып жіберуге тырысады. Негізінде оны Кеңестік қызметкерлер Ташкенге алып қашқан еді. Әлихан төре кейін Ташкенде бір тілшіге басынан өткендерді былай деп әңгімелеген: “Бір күні кешке тамақ ішіп болып, үйімде демалып отыр едім. Күн батып бара жатқан кез болатын. Бір полковник жетіп келді де: “Өте тығыз жұмыс шығып қалды. Үкімет кеңсесіне тез жүре қойыңыз” – деді. Кителімді кидім де сыртқа шықтым. Машинада алдында бір полковник, сол жақ орындықта бір полковник отыр екен. Мен артқы орындыққа келіп отырдым. Он жағымнан жаңағы полковник келіп жайғасты. Мен күнде осылай жүретінмін. Машина қозғалды да үкімет үйіне қарай жүрді. Үш қақпаның үлкен жолына келгенде, қара жолға шыққаннан кейін оң жақта үкімет үйі болушы еді. Сол араға барғанда машина оңға бұрылмады. Солға қарай бұрылды. Бұл жол Кеңес Одағынан бір-ақ шығады. “Жігіттер, үкімет үйі былай қалды ғой” деп едім, әлгілердің біреуі: “Қария, бұйрық осы, енді түзу отырыңыз”, – деді. Сөйтті де қалтамда кішкене наганым болушы еді, соны суырып алды. Содан Жаркенттен бір-ақ шығарды. Жаркентте ұшақ тосып тұр екен. Соған отырғызды да Өзбекстанның бір жеріне әкеліп түсірді. Сонымен осы арадағы бір мешітті тапсырып, тыным қылды.” Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 144-145-бет. Ресейлік архив деректері де, КСРО Ішкі Істер Министрлігі мен Мемлекеттік Хауіпсіздік Комитетінің 1946 жылы 17 маусым күні Әлихан Төре Сабирхожаевті Кеңес Одағына кері шақырғанын атап өтеді. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 169-бет.

[100] Дәлелхан Жанымханұлы, Оспан батырдың 1947 жылы наурыз айының орта шенінде Сарсүмбе қаласынан Көктоғайдағы аулына көшкенін айтады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 63-64-бет.Сүгірбаев Оспанның көшкенін былай деп көрсетеді: “…1946 жылы 4 айда Оспан “денсаулығым жақсы емес, жайлауға шығып демаламын” деген сылтаумен Сарсүмбеден көшіп Көктоғай ауданының Күрті деген жеріне барып алады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 126-бет. Арада үш ай өткеннен кейін Дәлелхан Сүгірбаев қасына Әбілмәжін ғұң, Көкенай тәйжі, Тәстекбай, Нәби қажы үкірдай және Көксеген биді ертіп Оспанды қайта Сарсүмбеге келуге көндіру үшін Көктоғайдағы ауылына барады. Үш күн талқылау болып өтініш жасалса да Оспан райынан қайтпайды. Бармайтын себебін былай деп айтып береді: “1. Әлихан төре келгенде мені тоспастан Алтай аймағын Шығыс Түркістан Республикасының бір аймағы деп пікірлеспестен қоса салған. 2. Сабағат салмастан мекеме бастықтарын өздері меңгеріп, басқарып Қазақстандықтарды орналастырған. 3. Шығыс Түркістан Республикасының президенті Әлихан төрені кім орнынан алды? Менің хабарым болмады. 4. Естуімше, Шығыс Түркістан деген атты жойып Қытаймен 11 тармақты келісімге қол қойды. Одан да хабарым болмады. 5. Көктоғайда демалысқа келіп жацам елімді шауып, малын бұлап, Көктоғай халқын айдап көшіріп әкетті. Осының бәрін істеп отырған Совет Одағы және оның құрған қуыршақ өкіметі. Мен ешкімге қол жаулық бола алмаймын. Мен бұрыннан коммунизмге қарсы едім. Және бұл күресімді соңғы демім біткенше алып барамын. Мен Қытайға қарсы емеспін. Алдымен сендер Қытайды тауып, бірлесіп отырсыңдар. Мен де бірлесіп отырмын. Ол коммунист емес. Мен де кім коммунизмге қарсы тұрса, соған қосыламын. Маған шен керек емес. Қысқасын айтқанда, қалаға қайтып бармаймын, – деді.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 64-65-бет. Бұдан соң Оспанды қайта Сарсүмге келуі үшін Генерал Ысқақбек, Генерал Сүгірбаев және Алтайдағы Совет консулы да әрекет жасайды. Бұл туралы Дәлелхан Жанымханұлы былай дейді: “Оспанның демалысқа шыққан кезінде үш аймақтың әскери қолбасшысы генерал-лейтенант Ысқақбек, Алтайдағы қолбасшы генерал-майор Дәлелхан Сүгірбаев және Алтайдағы Совет консулы Оспан батырдың Сартоғайдағы ауылына барады. Оспан үш күнге дейін бұларды үйіне жолатпайды. Төртінші күні дегенде жолығуға рұқсат етеді. Совет консулы сөз бастап:

–          Арада кейбір түсініспестіктер бар. Оның үшін ағат кеткен істерді кешіріңіз. Жаңа келісімге келейік. Жалпы Алтай халқына, әсіресе Айтуған табына ерекше жәрдемде боламын, бұған сөз беремін, – деп портфеліндегі бір алтын медальді шығарып, батырға ұсынады. Батыр қолына алып:

–          Мен моншақ тағатын қатын емеспін. Сен тағып ал, – деп жанында отырған зайыбы Баянға береді. Сонымен сөз кесіліп, үшеуі қонақ үйге шығып кетеді. Арада Қанатбай бастық және бірнешеуі батырға келіп:

–          Бұларды жібермейік немесе атып өлтірейік немесе ұстап Үрімжіге әкетейік, – дейді. Батыр олардың ешбіреуін қабыл көрмейді:

–          Елшіні ұстауға да, өлтіруге де болмайды, – дегендіктен үшеуі сол күні келген жеңіл машинамен Сарсүмбеге қайтып кетеді. Сонда, 62-бет.

[101] Сүгірбаев, Нұрғожайды абақтыдан босатқанның Оспан екенін алға тартады. “Көшерінде [Оспанның Сарсүмбеден Көктоғайға көшуі айтылып отыр – Ә. Қ.] қоярда қоймай жүріп Нұрғожайды түрмеден босаттырып әкетеді. Дәлелхан Сүгірбаев оның мұнысына бірлікті, ынтымақты көздеп амалсыз жол береді.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 126-бет.

[102] Расында да Үш Аймақ Төңкерісі табысқа жете бергенде Дәлелхан Сүгірбаев, Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов, Ысқақбек Мононов және Шынжаң Демократиялық Төңкеріс Партиясы Үрімжі Аймақтық Комитетінің өкілі Лу Жи сынды оның жетекшілері бір айырплан апатында қаза табады. Ол уақиға туралы Сүгірбаев былай деп мәлімет береді: “Шынжаң бейбіт жолмен азат болар қарсаңында Жұнғо [Қытай] Халық Республикасының дүниеге келуін әлемге жариялау тұрғысынан ашылмақ болған 1- кезекті мемлекеттік саяси мәслихат кеңесінің бірінші мәжілісіне қатынасу үшін Үш Аймақ Төңкерісінің Ахметжан бастаған басшыларымен бірге Дәлелхан Сүгірбаев “Жұнғо Халық саяси мәслихат кеңесіне дайындық комитетінің” меңгерушісі Мау Зыдұңның ұсынысы бойынша Бейжинге бара жатып 1949 жылы 8 айдың 27 күні бұрынғы Совет Одағының Байқал өңірі әуе кеңістігінде айырплан шырғалаңымен бақытқа қарсы 43 жасында қаза болды. Шырғалаңның мән – жайы былай болған.

Дәлелхан Сүгірбаевтар 8 айдың 22 күні Құлжадан автомобильмен аттанып Алматыға барады. Одан соң Совет Одағы Үкіметі жақ дайындаған арнаулы айырпланға отырып Иркуцки қаласына барғаннан кейін әуе райы өзгерісімен үш күн аял болып қалады. Бейжинде ашылатын мәжілістің уақыты таяп қалғандығы себепті әуе райының нашар болғанына қарамай 4- күні өкілдер: алдағы бекет Ұланбатыр аэродромының әуе райы ашық болса, бүгін аттансақ деген пікірді айтады. Ақырында олар Иркуцкиден көтеріледі. Байқал көлі өңірінің әуе кеңістігіне ілінгенде жаңбырлы тұманға жолығады. Оның үстіне тағы бір қырсыққа жолығады – айырпланның компасы жұмыс істеуден қалады. Бағдарды айыру мүмкіндігінен айрылған айырплан алды – артындағы аэродромдарға “қатерге жолықтық” деп хабар береді. Екі жақтан дереу бірнеше шарлаушы айырпландар шығып, оларды іздейді. Амал не? Соқыр тұманда біріне бірі жолыға алмайды. Жолаушы айырплан тұманды жарып шығу үшін барынша әуелеп ұшып, екі сағаттан аса уақыт әрекеттенсе де еңбек зая кетеді. Оның үстіне Ұланбатырға жететіндей ғана құйылған жанар зат әбден таусылады. Айырплан Байқалдың батыс оңтүстік жағындағы таудың бір заңғар шоқысына соғылады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 227-228-бет. Үш аймақ жетекшілерінің қазасы не себептен екені белгісіз жұртшылықтан үш бойына жасырылды. Бұл турасында Жақсылық былай дейді: “Сол жылы күзде, яғни қараша айында Сейпиден Әзези Құлжа қаласына келді. Ел жиылып аэдромға шығып қарсы алды. Және онан бірінші сұралған сұрақ: “Біздің көсемдеріміз қайда?” – деген сауал болды. Оған Сәйпиден: “Кешкі сағат бесте ОҚАҚ-ы клубына келіңдер, – деді. ОҚАҚ-ы дегеніміз сол кездегі Құлжадағы ұйғыр, қазақ, қырғыз клубы еді. Кешке қарай ел сонда жиналды. Клубқа жиналған қалың елдің алдында Сәйпиден көз жасын ағызып жылап тұрып: “Біздің көсемдеріміз – сүйікті адамдарымыз Пекинге кетіп бара жатқан жолында 28 Тамыз күні ұшақ апатынан қазаға ұшырады” – деп қаралы сөз сөйледі. Олар жөніндегі тұңғыш хабар халық жұртшылығына үш айға жақын уақытта осылай естіртілді. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 157-158-бет. Шетелдік ғалымдар осы апаттың табиғый ма, қастаңдық әрекеті ме екендігінін таласты екенін айтады. Forbes A. Warlords and muslims in Chinese Central Asia. London – New York, 1986, 221-222-бет. Баймирза Хайит Кеңес Одағының жақтасы Дәлелхан Сүгірбаевпен жолдастарының Кытай Коммунистік үкіметін тану турасында көңілсіздік сыңай байқатқандықтарын, өйткені олардың өздерінің өз алдына бір үкімет құру ойларының болғанын айтады. Міне сондықтан олар 1949 жылы 15 тамызда Алматыға шақырылған. Хайит Б. Türkistan Rusya ile Çin arasında. Ыстамбұл, 1975, 330-бет.

[103] Сүгірбаев та Оспанның Кеңес Одағының өздерімен келісім – шартшыз кен қазуына үзілді – кесілді қарсы шыққанын атап өтуде: “1936 жылы Шың Сысай өкіметінің ұсынысы бойынша Совет Одағының кен барлаушылары жұмыс жүргізген 1937 жылы 7 айда Шың Сысай Москваға барғанда Сталинмен тікелей қол қойысқан келісім бойынша, 1941 жылы 5 айдан бастап Совет Одағы үкіметі машина – жабдық, инженер – техник, қаржы шығарып ашқан, кейін Шың Сысай Нанжиң үкіметінің қойнына кіріп, Совет Одағынан бет бұрғандықтан Шың Сысай өкіметінің әр алуан қысымына ұшыраған, сонымен бірге дүниежүзілік екінші соғыс шиеленісіп, Совет үкіметі адам күшін, заттық күшін неміс басқыншыларына қарсы алдыңғы майданға жұмылдыруға тура келген соң 1943 жылы 7 айда уақыттық тастап кеткен Көктоғай кеніне 1946 жылы 6 айдың басында Совет Одағының кен ашушылары қайта оралып орналасады. Бұдан хабар алған Оспан көсемсіп абырой таба қалу мақсатымен өзінің жемтіктестеріне, сойыл соғуларын, басқа да кейбір жұрт беделділерін шақырып жыйын ашып:

– Жер менікі тұрса, орыстар бұл жерге менің рұқсатымсыз неге келеді? Оларды қуалап жіберу керек! – деп тұлан тұтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 129-130-бет.

[104] 1946 жылы 6 мамырда орталық өкімет уәкілі Жаң Жежұң, халық уәкілдері Рахымжан, Әбілхайыр төре (ұйғыр), Ахметжан Қасыми қол қойған тоқтамның тармақтары: 1. Сайлау құқығын тану; 2. Дін еркіндігі құқығын тану; 3. Жалпы қатынас істері қытайша және ұйғырша болып жазылады; 4. Бастауыш және орта мектептер ұлттың ана тілінде тілінде болуы; 5. Ұлттық мәдениет және көркем өнерді еркін дамыту; 6. Баспасөз, жиналыс өткізу еркіндігі болуы; 7. Баж істерін тәртіпке салу; 8. Халықтың ел ішінде және шетелде сауда істеу еркіндігін тану; 9. Өлкелік өкіметті қайта құру. Өкімет мүшесі 25 болып, Орталық өкімет оның 10 мүшесін тікелей сайлай алады. Қалған 15 мүшесін аймақтағы халық сайлайды; 10. Ұлттық армия құруға жол беріледі; 11. Екі жақ қолға түскен тұтқындарды тоқтамға қол қойғаннан кейін 10 күн ішінде еліне қайтарады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-60-бет. Түпкі нұсқасы Тайван Тарих Институтының архивінде сақтаулы осы келісімнің толық мәтіні үшін қараңыз: Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 185-187-бет.

[105] Қытай Компартиясы

[106] Бұл радиостанциясын маршал Х.Чойбалсан Л.Берия арқылы алғызған-ды. Монғол деректерінде аталып өтілуінше, Чойбалсан 1944 жылы қаңтар айында Оспан батыр мәселесімен Мәскеуге барғанда, Сталин 22 қаңтар күні кешкісін оның құрметіне қонақасы берді. Оған В.И.Молотов, Г.Маленков, Л.Берия, А.Микоян, елші И.А.Иванов қатысты. Осы кеште Чойбалсан Бериямен кездесіп байланыс апараты (радиостанция) қажет екенін айтты. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 84-бет.

[107] Сүгірбаев Генерал Дәлелханның Кеңес Одағына өткен уақыты туралы түрліше жылдар береді. 1942 жылы қазан айында, 41-бет, 1941 жылы күзде, 50-бет және 1941 жылы қазан айында, 222-бет, 1941 жылы 224-бет, өткенін жазады.

[108] Сүгірбаев, Дәлелханның Кеңес Одағынан Алтайға оралу уақтын 1944 жылы үшінші айдың басы екенін атап өтеді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 50, 222-бет. Дәлелхан Жанымханұлы Кеңес Одағының оны 1944 жылдың аяғында Оспанмен бірге іс алып жүруі жөнінде тапсырмамен жібергенін айтады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 55-бет. Ал Баян Өлгейлік саяси қайраткер Жеңісхан Дүзелбаюлы болса Сүгірбаевтің Кеңес Одағынан Алтайға оралған кезінде көргенін айтады: “1943 жылы күз аяғында Ақкөл жақпен Баян Өлгейге келді. Сол кезде аймақ бастығы мен едім. “Бірер ай мол айлық бер” деп Чойбалсаннан жеделхат келді. Одан Оспанға жеткіз деген бұйрық келді. Атпен Бұлғынның Үлкен Жырғылтысындағы Оспанның қолына ертіп барып табыс еттім.” Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлгей, 1995, 57-58-бет.

[109] Бұл сөзді Сүгірбаев де растайды. Ол бұл турасында былай дейді: “Дәлелханның екі жылдан аса уақыт із-тозсыз жоғалып кетуі адамар арасында Шың Сысай оны да қолға алған болса керек деген ұғым тудырған еді. Сондықтан Дәлелхан да алғаш келген кезде:

– Мен Шың Сысайдың түрмесінен шықтым. Ол – шектен асқан жендет, жиренішті зорекер, саяси алаяқ, ол Шынжаңдағы әр ұлт халқының мойнынна мініп лаған қанашуы, ол бүкіл Шынжаң халқының ортак жауы. Оған қарсы өліспей-беріспей, батыл ниетте қарулы күрес жасағанда ғана, оның озбыр үкіметін жойғанда ғана еркін, бейбіт, бақытты тұрмысқа кенелетін боламыз, – үгіт жүргізді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 51-52-бет.

[110] Патыхан да кітабында әкесінің Сарсүмбе – Жеменей арқылы шекарадан өткенін айтады. Сонда 41, 50-бет. Дәлелхан Жанымханұлының келтіруінше, Дәлелхан Сүгірбаевты 1942 жылы Сарсүмбедегі Совет консулы ұрлап әкеткен. Оны жүк машинасының арасына қол-аяғын байлап жатқызып Жеменей шеқарасынан өткізіп алып кеткен. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 55-бет.

[111] Сүгірбаев әкесінің Қазақстандағы күндері туралы былай деп жазады: “Дәлелхан Сүгірбаев Совет Одағына барғаннан кейін Алматыда екі жыл болып, ондағы “Шығыс Дашосында” [Шығыс Университеті] білім асырады. Төңкерістік назария [теория] үйренеді. Әскери тәлім-тәрбие алады және бірнеше рет келелі кеңестерде болады. Төңкерсітік бо – уғандарды, өнеркәсіп, кен кәсіпорындарын, колхоз, совхоздарды, экскурциялайды. Сөйтіп, төңкерістік идеямен, әскери өнермен қаруланады. 1943 жылы 9 айда ол Совет Одағы өкіметіне өзінің отанына қайтып төңкеріс жасамақшы екенін, олардың бұл жөнінде интернационалдық көмекте болып, жан-жақтылы қолдауын үміт ететінін білдірді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 51-бет.

[112] Оспанға осындай көзқарасты Патыхан да байқатады. Ол еңбегінде Оспан үшін “білім жақтан алғанда, әліпті таяқ деп білмейтін нөл сауат” деп сипаттама береді. Сонда, 106-107-бет. Ал онымен көп уақыт бірге жұмыс істеген Дәлелхан Жанымханұлы болса Оспан батырды басқаша суреттейді: “Оспан батыр қарапайым бір адам емес. Тума қабілеті күшті, зерек еді… Бұрын өкімет істеріне қатынаспаған, іс-тәжрибесі болмаған болса да, аймақтық әкімшілік мекемесін басқарып, меңгеруде артықша іскерлігі бар еді. Бір нәрсені алдын ала түсініп, кең ойлайтын және қайратты, бар іске батыл кірісетін анық батыр еді.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-бет.

[113] Сүгірбаев Оспан мен Дәлелхан арасының алшақтап кетуінің себебін талдағанда, екеуінің арасындағы осынау саяси көзқарас айырмашылығын ескермейді. Ол мұны тек екеуінің жеке бастарына қатысты мәселелермен түсіндіруге тырысады. Бұл туралы Сүгірбаев “Дәлелхан мен Оспанның жеке бас араздығы деген мәселеге келейік: Оспанның Дәлелхан жөнінде бүгіп жүрген қандай кегі бар – бұл жағы маған қараңғы. Бірақ Дәлелханның Оспан жөнінде пәлендей жеке басымдық наразылығы болған емес. Қызғаныш етті дейтін мүмкіндіқ тіпті жоқ. Оны жасы, жолы үлкен деп барынша құрмет етуші еді: “Оспан” демей “Ошаға”, “батыр” деп атайтын. Қызмет жөнінде болса, үнемі ырықтылықпен оның қасына барып пікір айтып, мәслихат көрсетіп, нұсқау сұрап тұратын” деп, – Дәлелханның Оспанға әрқашан сыпайылық және құрмет көрсеткенін айта келіп екі қайраткер арасындағы келіспестіктің, Оспанның үш аймақ төңкерісінен бет бұрып онымен жауласуының себебін былай деп түсіндіреді: “…Оның [Оспан айтылып отыр] надандығы, діншілдігі, құрапаттығы, атақ құмарлығы, теріс азу – тоңмойындығы, шегінен асқан мүддешілдігі сияқты нұқсандарды қамтыған табиғаты себеп болды.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 220-221-бет. Оспан батыр 1947 жылы Қытай генералы Сұң Чиланға айтқан сөзінде Дәлелхан тобынан алшақтап кету себебін олардың басым көпшілігінің Кеңес Одағына жақын болғандығы екенін айта келіп былай деген: “Ахметжан қатарлы адамдар менің Әлиханмен болған ара қатынасымды және өздерін қолдамайтындығымды білгеннен кейін, мені өздерінің айтқанымен жүрмейді ойлап, көзімді жоғалтып жібермекші болды. Олар Алтай аймағындағы қазақтардың тағы да бір бастығы Дәлелханды маған қарсы қойып, оны менің орныма шығаруға ұрынып көрді. Сондықтан мен орталық үкіметтен жәрдем талап еттім. Мен, сөзсіз, олармен ең соңына дейін күресемін” Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 237-бет.

[114] Нұрғожай батыр Мәкінан деп атаған Дағлыс Маккирнан (Douglas Mackiernan) (1913-1950) 1947-1949 жылдарында Үрімжі қаласында АҚШ консулының орынбасары қызметін атқарған. Оның аты еңбектерде “Мекернан, Мәкнан, Макернен, Мәккернан, Мәкінан” деп түрліше аталуда. Дұрысы Мәккирнан болуы керек. Біз сондықтан осы есімді қолдандық.

[115] Бұл туралы Дәлелхан Жанымханұлы былай дейді: “Сонымен үрдіс көшіп Шонжы қаласына жақын келгенде Оспан батыр хабар алып отыр екен. 30 кісімен әкемді қарсы алды. Ертесі бір көшіп Шонжыдан өте шығып қондық. Ақшамға таяу Оспан батыр жалғыз өзі әкемнің үйіне келді. Шай ішіп отырғанда Америка консулының орынбасары Мекернан [Мәккирнан] Сентайдағы орыс әскерлерімен бірге біздің ауылға келді. Батырмен бірге барып Мекернанмен амандастым. Үрімжідегі Америка консұлханасында бас консул Факстон бұл кісіні маған таныстырған болатын. Және: “Келешекте сіздермен бірге болады” деген. Мекернан орысша біледі. Жанында Бисақ деген Америкалық жігіт бар. Ол монғолша және қытайша білетін доктор еді. Бұлар тегінде Алтайдан бірге келген орыс әскерінің бастығы Иосиф Самойловпен тілдес еді.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 84-85-бет. Сүгірбаев та мұны растайды: “…қасында өзінің Ханзу [Қытай] тілі аудармашысы бар Манат қосып берген Мәжит дейтін жігітпен бірге Мәкинан таң шеті сөгілмей жолға шығып Бәйтіктегі Оспанның ауылына барады. Мәккирнан ол арада төрт күн тұрады. Оспанмен күндіз-түні құпия әңгімеде болады. Оспанға хансушаны қазақ тіліне Құрманбай Тиянақұлы аударып беріп отырады. Екі күннен кейін Мәккирнан Жұнғо-Монғолия жақтың жер түзілісін суретке алады және картаға түсіреді. Осылайша Оспан әмерикандық достарына да елеулі еңбек көрсетіп олардың сенім-құрметіне иеленеді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 161-162-бет. Америқан деректерінде Мәккирнанның Оспан батырмен алғашқы кездесуі 1947 жылы маусым айының орта шенінде болады. Оның машинасын айдап Бәйтік Боғдадағы Оспанға апарған айдаушысы Эрвин Контесченидің айтуынша, олардың арасындағы әңгімеде басты тақырып Көктоғайда орыстардың кен қазуы болған. Оспан батыр Мәккирнанға сол Көктоғайдағы қандайда бір кенге орыстардың өлердей қызығып алып, тасып жатқанына мән бере алмағанын, сол тастардың не екенін шеше алмағанын айтады. Сонымен ол тас-кен тасыған бір жүк машинасына шабуылдап қолға түсірген тастардан консулға береді. Мәккирнан сол тастарды Үрімжіге қайтқаннан кейін арнайы апараттармен зерттесе онда радияциялық белгілер табады. Бұл жағдай АҚШ-тың Үрімжіде қызмет атқарған бұрынғы консулы Едмунд Клаптың 1943 жылы орыстар Алтай тауларында уран кендерін қазып тасығаны жөніндегі орталыққа білдірген күдіктерін растады. Мәккирнан Оспанмен болған әңгімелесуді Вашингтонға толық білдірумен қатар сол тастардан да сондағы Ядролық Энергия Комиссиясына да жөнелтеді. Орталық Барлау Агенттігі мен АҚШ Сыртқы Істер Министрлігінің деректеріне және қуәгерлердің сөздеріне негізделіп Мәккирнанның Үрімжідегі іс-қимылдары жан-жақты баяндалған “Тибетке қарай” атты кітапта аталғанындай бұл жағдай Сталиннің Кеңес Одағының алғашқы ядролық қаруын жасап жатқандығы жөніндегі мәліметтерді қуаттайды да, Мәккирнан бұл турасында көбірек мәлімет қолға түсіру үшін барлау жұмыстарын бастатады. Laird T. Into Tibet The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa, Newyork, 2002, 30-35-бет. АҚШ ІІ. Дүниежүзілік соғыстың ақырында атап айтқанда 1945 жылы 6 тамызда Жапонияға ядролық бомба тастап үлкен үстемдікке жеткен еді. Енді оның сыртқы саясаты қолында ядролық қаруы бар дара мемлекет ретіндегі үстемдігін мейлінше ұзақ уақыт сақтап қалуға бағытталды. Бұл үшін АҚШ саясат белгілеушілері осындай қаруды басқа ешбір елдің жасап шығармауы үшін бүкіл күш-қуатты жұмсауға шешім қабылдады. Олар тым болмағанда осы монополияларын мүмкіндігінше ұзартуды ойлады. Бұған қарсы Сталин де 1946 жылы 25 қантарда қандай да ауыр құнға түссе де, осы қаруды жасап шығаруды бұйрық берді. Көп кешікпей Кеңестік қызметкерлер АҚШ-тың ядролық жоспарларын ұрлап қолға түсіріп қару жасауға кірісті. Бірақ сол қару жасаудағы ендігі үлкен қиыншылық ол үшін қажетті көлемде уранның Кеңестік территорияларда табылмауы болды. Мәселен Кеңес Одағының ядролық қару проектінің директоры Игор Курчатов 1943 жылы шілде айында Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасының Орынбасары Михаил Первукинге жазған баяндамасында атом қаруы жасау үшін 50-100 метрика тонна уран қажет екенін, бірақ қолда небары 1-2 метрика тонна ғана уран бар екенін айта келіп 50 метрика тонна уранды қайдан табатындықтарының белгісіз екенін атап өтеді. Holloway D. Stalin and the bomb. New Heaven – London 1994, 100-бет. Сондықтан Сталин өзінің ықпалы астындағы Шығыс Еуропа елдері мен Шынжаңнан да уран іздете бастайды. Кеңестік алғашқы ядролық қарудың жасалу процесін егжей-тегжейлі баяндалған “Сталин және Бомба” атты кітапта алғашқы атомдық қаруда қолданылған уранның небары 33 пайызы ғана Кеңестік кендерден қамтамасыз етілгені келтіріледі. Қалғаны Шығыс Германия, Чехославакия, Бұлғария, Польша сияқты елдер және ықпалы астындағы Шынжаңнан әкелінген. Сонда, 177-бет. Осындай жағдайда Оспан батырдың орыстардың Алтайда кен қазуына рұқсат етпеуі Мәскеудің Дәлелхан Сүгірбаевқа қолдау көрсетуіндегі себептердің бірі болғаны анық. Неміс ғалымы Ханс Брекер Бәйтік Боғда уақиғасының да уранға байланысты болу ықтималына меңзейді. Оның айтуынша, Оспан және үзенгілестерінің Кеңестік саясаттың бақылаудан шығып кетуі “Пейташұн уақиғасы” яғни “Бәйтік уақиғасы” деп аталады. Оспан батыр Бәйтік тауын паналап бекініс алғаннан кейін Сыртқы Монғолия қосындары шабуыл жасады. Осы қосындарға Монғолия әуе күштері де көмектесіп 1947 жылы 5 мамырда Бәйтіктегі Қытай бекіністерін де бомбалады. Осы уақиғаға Қытай Сыртқы Істер Министрлігінің наразылық білдірді. Кеңес Одағы бұл уақиғаны мойындамай кері қақса да, ол халықаралық үлкен уақиғаға айналды. Брекер шекарадағы бекіністерге таластан туындаған “Бәйтік уақиғасының” сол аймақтағы бай уран кендеріне байланысты болу ықтималына меңзейді. Bräker H. “Çin – Sovyet İlişkilerinde Milliyet Hareketleri”. Stratejik Açıdan Sovyet Müslümanları ve Diğer Azınlıklar. İstanbul, 1988, 203-бет. Шынжаң тарихы жөніндегі зерттеулерімен танымал Линда Бенсын да Қытайдың осы уақиғаларға байланысты Кеңес Одағына айыптағанын айтады. Benson L. Osman Batur: “The Kazak’s Golden Legend”. The Kazaks of China Essays on an Ethnic Minority. Edited by Linda Benson – Ingvar Svanberg, Uppsala 1988, 170-бет Сүгірбаев та “Бәйтік уақиғасына” естеліктерінде кең көлемде тоқталып ол турасында түрлі көзқарастарды егжей-тегжейлі ортаға салады. Қараңыз: Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 159-163 және 208-217-беттер. Бұл турасында шетелдік ғалымдар егжей-тегжейлі мәлімет береді. Қараңыз: Forbes A. Warlords and muslims in Chinese Central Asia. London – New York, 1986, 206-215-бет; Wang D. Under the Soviet shadow the Yining incident ethnic conflicts and international rivalry in Xinjiang 1944-1949, 271-277-бет; Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 122-125-бет. Мәккирнанның Үрімжіде Кеңес Одағының ядролық қару жасауы мәселесінде тағы бір құпия қызметі болған. Ол осы қызметін Оспан батырлар түгіл, қасында оққағар болып жүрген орыс азаматтарына да айтпаған. АҚШ барлау органдары 1948 жылы шілде айында Кеңес Одағының атом қаруын жасайтынына көзі жетеді де, оны ең ерте дегенде 1953 жылы іске асырады деп межелейді. Holloway D. Stalin and the bomb. New Heaven – London 1994, 220-бет. Ендігі мәселе Кеңес Одағынын сол қаруды қашан іске асыратынын дәл кезінде білу еді. АҚШ ядролық алғашқы сынақтың да Орталық Азияда бір жерде орындалатынын мөлшерлейді. Бұл жағдайды барлау үшін ең ыңғайлы орын деп Үрімжі консулдығы деп табылады. Мәккирнанның әркімнен жасырған құпия қызметі міне осы еді. Ол әуедегі радияция деңгейін өлшейтін арнаулы аппараттарды белгілі жерлерге көміп орналастырады. Сөйтіп 1949 жылы 29 тамызда Семейде алғашқы жарылыс жасалғанда АҚШ-тың Аласқа мен Жапонияның тынық мұхитындағы Кеңес Одағы шеқарасы әскери ұшақтарының әуе сүзгіш апараттары 3 қыркүйекте желмен келген радиоактивтік ұшқындарды белгілейді. Сонымен қатар Мәккирнанның апараттары да радиоактивтік белгілер береді. Сөйтіп АҚШ, тағы басқа текресулерден кейін Кеңес Одағының атомдық қаруға қол жеткізгеніне көзі жетеді. Бұл туралы 21 қыркүйекте президент Труманға мәлімет берілді. 23 қыркүйекте президент мәлімдеме жариялап “бірнеше апта бұрын Кеңес Одағында атомдық сынақтың жасалғанын” әлемге хабарлайды. Laird T. Into Tibet The CIA’Şıncañ first atomic spy and his secret expedition to Lhasa, Newyork 2002, 82-89-бет.

[116] Коминтерн 1943 жылы 15 мамырда тарады.

[117] Мамыр болу керек.

[118] Шынжаң өлкелік Қоминдаң армиясының қолбасшысы.

[119] Хасан Оралтай бұл жиындарда негізінен екі мәселе талқыланғанын айтады. Біріншіден: Қытай коммунисттері суыт түрде жақындап келеді. Олар Шығыс Түркістанға басып кіргенде не істеу керек? Екіншіден: Оған қарсылық көрсете аламыз ба? Бұл жөнінде әркім әртүрлі пікір баяндады. Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 88-91бет.

[120] Ланжу 1949 жылы 26 тамызда қолға түсті.

[121] Үш аймақ үкіметі 1949 жылы қыркүйекте бірқатар шешімдер қабылдап Кытай Компартиясына ұсыныстар жасады. Олардың бірінде Жанымхан, Оспан, Қадуан, Қалибек, Жолбарыс және Айсебек қатарлы адамдардың тұтқындалып, мал-мүліктерінің тәркілену керектігі айтылды. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 181-183-бет.

[122] Бұл туралы Сүгірбаев былай дейді: “Уаң Жын Халық Азаттық Армиясын бастап Шынжаң шекарасынан өтіп Құмылға келе сала Уақыт сияқты адамды Баркөлдің көл маңындағы  “Тоқтар Сайы” деген жерінде отырған Оспанға партияның саясатын түсіндіріп хат жазып сәлемдемемен жібереді. Олар барғаннан кейін хатты таныстырып беріп халықпен ендігәрі жауласпай дұрыс жолда жүруін, Алтайға немесе Үрімжіге қайтып барып, үкімет жүктеген міндетті осылай істейтін болса, оның өткендегісінің бәрі қузалмайтынын айтады. Бірақ Оспан бір ауыз лебіз білдірмеген бойы жолға салады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 194-195-бет.

[123] Сүгірбаевтің айтуынша, Қапас Тіркешұлы бастатқан бірқатар адамдар Жеті Құдық деген жерде жол тосып Шының орынбасары, Командир Лу Шауыйды төрт жауынгермен Құмылдан Үрімжіге келе жатқан жолында атып өлтірген. Сонда, 197-бет.

[124] Тибетке қарай кітабының авторы Томас Лерддің атап өтуінше, Мәккирнан 27 қыркүйекте Баркөлдегі Оспанға барды. Оның қасында Васили, Леонид, Стефан және Орталық Барлау Агенттінің қызметкері Франк Бесак (Frank Bessac) болды. Мәккирнан да түрлі мылтықтар, екі пулемет, қол гранаталары және он килодай алтын бар еді. Мәккирнан Оспан қасында бір айдай болып 30 қазан күні, қасында төрт жол бастаушы қазақпен Тибетке қарай аттанды. Laird T. Into Tibet The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa, Newyork 2002, 112-120-бет. Сүгірбаев естеліктерінде Оспан Мәккирнанды қасына төрт жігіт беріп 1969 жылы тамыз айында қашырып жібереді, дейді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 192-бет. Ол төрт қазақ жігіті Зәлебай, Қиса батыр, Қариға және Зиратбай. Оспан батыр Мәккирнанды соларға тапсырып Гаскөлдегі Құсайын тәйжі ауылына жеткізулерін әмір етті. Солардың бірі болған Зәлебай бірнеше күн жүріп америқалықтарды аман-есен Құсайын тәйжі ауылына жеткізгендіктерін және сол жерден маусым айында Тибетке қарай жолға салғандықтарын айтады. Gayretullah H. “Altaylarda Kanlı Günler”. İstanbul 1977, 96, 99-бет. Лерд жолаушылардың Гаскөлге 29 қараша күні жеткендіктерін атап өтеді. Ол жерде төрт айдай болып қыстың өтуін күткен Мәккирнан мен жолдастары 20 наурызда Тибетке қарай аттанып кетеді. Олар көлік ретінде Гаскөлдегі қазақтардан ет жейтін 15 түйе мен 2 ат сатып алады. Өйткені Тибет жолында жазға дейін мал жейтін өсімдік болмайтын. Laird T. Into Tibet The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa, Newyork 2002, 145-153-бет. Сондықтан Гаскөлдегі қазақтар шөптің ішіне тілімдеп ет салып ат-түйе секілді көліктерді ет жеуге үйреткен. Бесак пен Звансов кейін Лердке егер ет жейтін түйелер болмағанда, Тибетке жетулерінің екіталай екендігін айтқан Сонда, 161-бет. Хасан Оралтай өмірінде тұңғыш рет түйе мінген америкалықтар көріп таң қалғанын “Гаскөлде түйе мінген америқалықтар” деген сөзбасымен былай деп суреттеуде: “Гаскөлге барған күніміздің ертеңінде 1950 жылдың ақпан айында, біздің аулыға қарай түйеге мінген бірнеше бөгде кісінің келе жатқанын көрдік. Олар не қазаққа, не қытайға ұқсайды. Алдында келе жатқан біреуі, мінген түйесін шөгерген бойда, қарғып түсіп құшағын ашып Қалибек Хакімге қарай ұмтылып барып құшақтады. Ол 1949 жылдың көктемінде Үрімжіде Қалибек Хакіммен кездесіп, үйдің шамын сөндіріп қойып қараңғыда отырып сөйлескен. Кейін Оспан батыр, Жанымхан қажы және Қалибек Хакіммен Көктал – Толы жайлауында жиналыс өткізбек болған. АҚШ-тың Үрімжідегі вице консулы, яғни бас консулдың орынбасары Mr. Douglas Mackiernan еді. Жанындағылар консулдың хатшысы Mr. Frank Bessac және атшы ретіндегі антикоммунист екі орыс. Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 126-бет. Жолаушылыр 1950 жылы 29 көкек күні Тибеттің Шеғар Кұнлұң деген жерінде тибеттік тонаушылардың шабуылына душар болып Мәккирнан, Стефан және Леонид қаза тапты. Тек Бесак пен Звансов аман қалып тұтқынға түсті. Кейін оларды Американ үкіметі құтқарып алып кетті. Laird T. Into Tibet The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa, Newyork 2002, 171-177-бет.

[125] Қолжазбада Қанатбайдың әкесінің атының орны бос тасталған.

[126] Дәлелхан Жанымханұлы 1949 жылы 15 желтоқсанда Қанатбай және Шаймардан Ермекұлынан Үрімжідегі Коммунисттік Партияның бастығы Уаң Эңмао, Бұрхан Шаһиди, Тау Сио және генерал Фиң Дехұй атына арналып бір хат берілгенін айтады. Ол хаттың мазмұны: “Хаттарыңызды алдық. Қыстың қатты суық күндерінде жолға шыға алмадық және Үрімжіге бара алмадық. Солай болса да орнымызға уәкіл етіп екі кісі жібердік. Сіздермен бет көрісіп, жағдайларымызды түсіндірумен бірге берген нұсқауларыңызды алып қайтады.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 88-бет.

[127] Сүгірбаев та Оспан мен Уаң Жын арасында болған осы байланысты атап өтеді: “1950 жылы екінші айда Шынжаң Өлкелік Халық Үкіметі Оспанға Уақит Қалелұлын, Құрманбай Тиянақұлын және бұрын Шонжыда тұрған 5 атты әскерлер шысынын ақиқатқа қайтқан туанжаңы Ма фамилиялыны т.б. өкіл етіп жібереді. Олар атпен бір жексенбі жүріп Баркөлдің Бисан деген жерінде отырған Оспанға барады. Оларда Оспанға халықпен, халық үкіметімен жауласып өкініште қалмауды, дұрыс жолға оралуды насихаттайды. Оспан а дегенде өліспей-беріспейтінін айтып сес көрсетеді. Соңына келгенде, Жанымханның ақыл көрсетуімен зымияндыққа басып: “Бағынсақ – бағынайық. Бірнеше талабымыз бар. Өлкелік өкіметтің бастықтарына ауызба-ауыз айтып қайтсын” деген жауапты беріп Қанатбай мен Шаймардан Ермекұлын өкіл етіп қосып Уақиттарды қайтарады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 195-196-бет.

[128] Сүгірбаев осындай өкілдер келгенін растап басқаша сипатта былай деп әңгімелейді: “Өлкелік Халық Үкіметі Қанатбайларды шын ықыласпен күтеді. Олардың талаптарын негізгі жақтан қанағаттандыратынын білдіреді. Сонымен қатар партия саясатын толық түсіндіріп, көптеген сәлемдеме беріп жолға салады. Тағы ілгерілей түсінісу мақсатымен бұрынғы өлкелік қауіпсіздікті сақтау қолбасшылығы бастығының орынбасары Зәкария мен қуыршақ Шынжаң газеті мекемесі бастығының орынбасары Нәзір Омаровты Өлкелік Халық Үкіметі атынан Қанатбайларға қосып жібереді. Бұл тұста Оспан “шарт – жағдай пысып жетті. Мен үшін ең ұтымды орай осы” деген жерге келіп болған, сондай-ақ Жолбарыс та жиырма неше адаммен Құмылдан қашып шығып, Оспанға қосылып алған еді. Сонда, 196-бет. Дәлелхан Жанымханұлы Қанатбайлардың қайтып келуі туралы былай деп жазады: “Үрімжіге кеткен азаматтар да келген еді. Олар Үрімжіде Алтайдан барған кісілермен сөйлесіпті. Және басқа аймақтардан да қазақ бастықтарының жиналысқа қатынасқанын айтты. Үрімжідегі өкімет орындары жаңадан қайталап Жолбарысбек, Оспан батыр, Жанымхан қажы және Дәкей қажының Үрімжіге келулері керек. Бір дастарханда отырып сөйлесеміз және келісімге келеміз депті. Сонымен қабат “Халыққа үлестіріп беріңдер” деп пұл және шай жіберіпті.” Дәлелхан Жанымханұлы осы мәселеге байланысты сөзін жалғастырып былай дейді: “Үрімжіден полковник Зәкария және Нәзір екеуі келді. Қолдарында генерал Фиң Дехұйдың жазған хаты бар. Мазмұны: “Үрімжіге келіп келісімге қол қойыңдар. Болмаса әскери шара қолданамыз” деген. Бұл хат батыр мен қажыға (Жанымханға) арналған екен. Осылайша күш көрсетіп келуге мәжбүр етіп отыр.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 89-90-бет.

[129] Оралтай бұл жиналыстың 1950 жылы қаңтар айында болғанын айтады. Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 130-бет.

[130] Сүгірбаев осы жиналыстың 1950 жылы көкек айында болғанын растайды: “1950 жылы 4 айдың басында Бисанның “Тарсу” деген жерінде Жолбарыс, Сұлтан Шәріп – бәрі бір жиын ашады. Онда  қарулы бүлік тудыру жөнінде бекімге келіп тарасады. 196-бет.

[131] Сүгірбаев бұл соғыста керісінше үкіметтік армияның жеңіске жеткенін алға тартады: “…1950 жылы 6 айда “Тарсу” деген жердегі бандылар ойнағының төбесінен түсіп олардың тас-талқаны шығарады. Оспан, Жанымхан, Жолбарыс, Сұлтан Шәріп тағы басқалар жандарын қоярға жер таба алмай, торғайдай тозып Бисан тауының шығыс жақ сілеміндегі жыныс орманға кіріп кетеді. Қапас Тіркешұлы, Кәшапат бастатқан жиырма неше адам Пуқаңға, ал Қанатбай, Құсайын Ұяң, Құрман бастатқан отыздай адам Шонжыға келіп қару тастап бағынады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 197-бет. Нұрғожай батыр, бірнеше жол төменде, Қапас Тіркешұлы, Кәшапат бастатқан адамдардың бұл жерде емес, кейін Болымжы дейтін жерде бағынып кеткеткенін айтады. Дәлелхан Жанымханұлы да үш аймақ әскерлерінің жеңіліс тапқанын айтады: “Сөйтіп отырғанда “Дашытуға жау келіпті” деген хабар алдық. Полковник Талғатбек басшылығындағы Үш аймақтың атты әскері екен. Елді басып қалмасын деп дереу әскер жіберілді: Нұрғожай батыр, Жәмет батыр, Қапас батыр, Кешәпат батыр, Шыбарайғыр Қапас батыр, Әсен үкірдай және ағам Хамит. Сонымен бірге полковник Хаңның басшылығындағы дүнген әскерлері және Иосиф Самойлов қарамағындағы орыс әскерлері жауды қамап алып қатты соққы берген. Соңында олар Шонжыға қарай қашқан.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 90-бет.

[132] Хасан Оралтай осыған ұқсас бір сөздің “Ей байқұс қазақ! Түйеге мініп Америкаға қалай кетпекшісің! Түйе мұхиттан өте алмайды” деп айтылғанына көрсете келіп, кейінгі жылдары Түркияда осы сөзді еске алған және Америкаға барып келген бір қазақтың “Құдайға сенген қазақ түйемен Құмылдан шығып міне Америкаға да барып келді!” дегенін атап өтеді. Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 130-бет.

[133] Дәлелхан Жанымханұлы қолына оқ тигенін былай деп әңгімелейді: “Менен 100 метр төмендегі жартастың ар жағында Нұрғожай батыр бар. Менің қарсы алдымда Нұрғожайдың ұлы Ахмет және Нәзимен бар. Жартастың арасында жатырмыз. Сол кезде оң жақ қолымнан минометтің оғы тиді.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 95-бет.

[134] Сүгірбаевтың атап өтуінше, Жанымхан Тілеубайұлы қыркүйектің жиырмаларында Ақбұлақ деген жерде қолға түседі. 1950 жылы желтоқсан айының соңында Үрімжіде оған өлім жазасы берілді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 197-бет.

[135] Бұл уақиғаны Дәлелхан Жанымханұлы былай деп әңгімелейді: “Біраздан соң Нұрғожай батыр:

–          Төрт әскер келе жатыр, атайын ба? – деді. Мен:

–          Атпа! Көп әскер бар, бізді басып кетеді, – дегенімше болған жоқ, ол “тағы екеуі жақын қалды” дегенде: “Ат!” дедім.

Біреуінің қолынан оқ тиіп төмен қарай сырғып кетті. Енді біреуі, қарсыдағы жартастың түбінде жасырынып отырған әкемді көріп қалып мылтығын оқтап: “Тұр” дегенде, әкем орнынан тұрған еді. Әкемді танып қойған әскер “жүр” деп айдап кетті. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 95-96-бет. Қолға түскен Жанымхан қажыны алдымен Құмыл, одан кейін Үрімжіге апарып екі қолын байлап, мойнына ажырғы салып көшелерді аралатып халық алдында айыптатады. 1951 жылы 4 көкекте Үрімжіде атылады. Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 131-бет.

[136] Естелікте Нәзима деп жазылған. Нәзиман болуы керек. Дәлелхан Жанымханұлының зайыбы

[137] Гансу болу керек.

[138] Дәлелхан Жанымханұлы Қалибектерге барған алғашқы күнді былай деп әңгімелейді: “Қалибек үйінде жоқ екен. Жолбарысбектің хабарын естіп жолығып қаламын деп Есекбаттыға кетіпті. Ертесі ақшамда келді. “Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін” дегендей Үрімжіде хош айтып кеткен Қалибекпен бүгін көрісіп отырмыз. Көңілім босап, көз жасымды тыя алмады. Қалибек те жылағандай болды. Нұрғожай батыр:

–          Бір Жанымханнан айрылсам да, үш Жанымханды алып келдім. [Жанымханның үш ұлы Хамит, Дәлелхан және Мәжитті айтып отыр – Ә. Қ.] Жанабы Алла қалғандарына ұзақ өмір берсін. Адам өзі мың жасамайды. Ұрпағы мың жасайды, – деп бізді уатты. Төрт күн жатып, кір-қоңымызды жудырып, сергіп қалдық. Қалибек:

–          Іргелі ел ғой, Құсайын тәйжінің еліне барғандарыңыз жөн болар, – деді.”

Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 100-101-бет. Қалибекұлы Хасан Оралтай осы кездесу туралы былай дейді: “1950 жылдың тамыз айының аяғында біз Гаскөлге жақын Қызылтас деген жерде отырғанда, Жанымхан қажының ұлдары Дәлелхан, Хамит, Мәжит және Нұрғожай батыр, Дәлелханның әйелі Нәзима келді. Әкемді көріп бәрі жылады. Жанымхан қажылар да Абақ Керейдің Жәнтекей ішінде Есентай руынан. Біз қыз алыспайтын жақын рулас, ал екінші жағынан әкем Үрімжіге барғанда көбінесе ол кісінің үйіне түсетін. Әкем Жәкең қажыны өте сыйлайтын.” Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 132-бет.

[139] Дәлелхан Жанымханұлы бұл туралы былай дейді: “…Үш көшіп Гаскөлдегі Құсайын тәйжінің еліне келдік. Әбубәкір деген ақсақалдың үйін әзірлеп қойған екен. Сонда жаттық. Ел сау болсын, қазақ сау болсын. Өз ауылымызға келгендей болдық. Әңгімеге жалықпайтын Нұрғожай батыр, Сүлеймен батыр бастан өткен уақиғаларды күндіз-түні айтып жатты. Ел жиналып басымызға алты қанат үй тікті. Қорамызға 500-дей қой қосты. Біреуі ат, біреуі түйе жан-жақтан әкеліп жатты. Үйге төсейтін сырмақ, кілем және шай, шәугім әкеліп, керекті заттармен қамдады. Өз алдымызға бір ауыл болып қалдық. Аллаға сансыз шүкір!” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 101-бет.

[140] Далелхан Жанымханұлы Мақайда Оспан батырға амандасып бірге кетуді ұсынады. Оспан батыр “Күш-қуат қалмады. Аз күн болса да демалайық. Жанәбіл батырдың 30-дай адамы, ішінде өзі де бар, жортуылға кетті. Соларды тосып алсақ, жақсы болар ма екен? Олардың ішінде Сұлтан Шәріптің азаматтары да бар. Халықтың оларды тастап кеткісі келмейді” деп ермей қалып қояды. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 99-бет. Оспан батыр шетелге көшіп кету жөніндегі бір ұсыныс та Қалибек Хакім тарапынан жасалған. Гаскөлде тұрған ол 1950 жылы қазан айында қолына бір хат, қасына бірнеше жігіт беріп ұлы Хасанды Қанамбал тауының етегінде Мақай деген жерде тұрған Оспан батырға жіберді. Хасандар бір апта суыт жүріп Оспанға барып Қалибек Хакімнің сәлемін және хатын жеткізді. Бірақ Оспан батыр Қалибектің ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы Хасан Оралтай былай дейді: “Сонымен Оспан батырды бізбен бірге Гаскөл жаққа көшуге көндіре алмадық. Марқұм әкеме бір хат берді. Алдағы күндерде үлкен ұлы Шердиманды бізге жіберетінін айтты. Соған Шердиманға қарап:

– Биыл елу бір жастамын. Біз қартайдық, яғни Қалибек екеуміз. Жәкең қажы жау қолына түсті. Енді кезек сендерде. Дәлелхан, Хамза сен үшеуің елді құтқарындар… Шердиман ештеңе демеді жөн жымиып күлді. Ошың сөзін жалғастырды: “Сендер ештеңе істей алмайсыңдар. Бірдеме істесек әлі де біз қарттар істейміз” – деді. Оралтай Х. Елімай-лап өткен өмір. Ыстамбұл, 1999, 139-141-бет.

[141] Бұл туралы 1951 жылы 21 ақпан күні радио хабарында былай делінген: “Америка ипериалистерінің қол жаулығы, Чан Қайшıдің шпионы Оспан осыдан үш күн алдын азаттық армиясы тарапынан Хынхай аймағында тірі қолға түсіілді” Алптекін И. Doğu Türkistan Davası. İstanbul, 1981, 262-бет.

[142] Дәлелхан Жанымханұлы шеқараға келгендері туралы былай деп мәлімет береді: “1951 жылы 8 айдың 15-і күні Үндістанның Чүчіл шекарасына келдік. Шекара әскер бастығы майор Нарансиң жалпылай жағдайымызды сұрады.

– Көп шығынға ұшырадық. Қаһарман батырларымыз: Оспан батыр, Қапас батыр, Кәшапат батыр, Жәмет батыр, Шынжаң өлкелік Қазына министрі Жанымхан және мыңдаған кісілер мал-мүлкімен қолға түсті. Шынжаңнан қатын, бала-шаға барлығы – 25 мың кісі және 5 мың әскермен коммунисттерге қарсы күрес жасаған едік. Амал қанша, жеңіліске ұшырадық. Олардың әскерлері соңымызға түсіп Рудокқа дейін келді. Жол-жөнекей Гирце, Гирже және Тинчо деген жерлерде алдымыздан тосты. Шабуыл жасады. Ат-көлік және азықтарымызды алып қалса да, мойын бүгіп бағынбастан бүгін Үндістан шекарасына келіп отырмыз. Бізге рұқсат беріңіз, Үндістан шекарасынан өтіп отырайық, – дедім.

Майор Нарасин:

– Мен шекарадан кіруге рұқсат бере алмаймын. Бірақ өтініштеріңізді жоғарыға жалғастырамын. Әзіргі жағдайларыңызды жазып беріп, қару-жарақтарыңызды тапсырыңыздар, – деді.

Біз де мал-мүлік және адам санын жазып бердік:

Адам саны           174 (Қатын, бала ішінде)

Түйе                      125

Ат                         97

Қотазы                  253

Қой                       2000

Есек                      2

Мылтық               31

Тапанша               2

Пулемет               1

Маузер                  1

Біз бұларды қолма-қол тапсырып бердік. Олар алып кетті. Бірақ ертеңінде қаруларымызды алып келіп, бізге қайта берді.

-Өздеріңізді қорғап тұрыңдар. Біздің аумағымызға кіргеннен кейін тапсырасыңдар. Сендерді қарусыз тастауға болмайды екен, – деді.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 107-108-бет.

[143] Дәлелхан Жанымханұлының айтуынша ол шайқас былай болған: “9 айдың 27 күні коммунистердің әскерлері Пангур көлінің солтүстік жағынан тауды жағалай келіп басып қалмақшы болғанда біздің қарауылдар көріп қалып атысыпты. Келген 100-дей әскер екен. Олар ілгерілей алмай тауға қарай ығыса бергенде, көлдің басындағы жазықтан Нұрмұхаммед молла оларды мылтықтың астына алып, алға бастырмай бірнешеуін жаралапты. Тасалап тауға шыққанда Нұрғожай батыр, Хамза, Сабихан, Қиса батыр және Тұрды қариялар баспалап отырып, қаша бергенде біреуін атып өлтіріпті.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 115-116-бет.

[144] Дәлелхан Жанымханұлы бұл шайқастың 1951 жылы 10 айдың 10 күні болғанын айтады. Сонда, 116-бет.

[145] Қайымдолла болу керек.

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *