ТҰРҒЫТ ӨЗАЛ ЖӘНЕ ТҮРКІ ДҮНИЕСІ

Қазіргі таңда Ататүріктен кейін елде ірі реформаларға мұрындық болған екінші ұлы мемлекет қайраткері ретінде түрік халқы тарапынан жоғары бағаланып отырған Тұрғыт Өзал – туысқан түркі республикаларға ерекше көңіл бөлген сая­саткер. Тіпті ол Түркия мен түркі елдер арасындағы байланыстардың дамуы үшін өзін құрбан етті десек артық айтқандық бола қоймас. Өйткені ол 1993 жылы 4-15 сәуір күндері Әзірбайжан және Орталық Азия елдеріне бағытталған ресми сапарынан қайтқаннан кейін екі күннен соң, атап айтқанда 17 сәуір күні дүние салды.

Өзал осы сапарға шықпас бұрын денсаулығы жақсы емес екені, өңінің солғындығы және әлсіздігі белгілі болып тұрған. Ол кісі қасындағылардың, “осы сапарды кейінге қалдырсаңыз қайтеді?” деген кеңестеріне үзілді-кесілді қарсы шығып “Жоқ, бұл сапар өте маңызды, бармасам болмайды” деген.
Түрік журналистері Өзалдың Орталық Азия сапарында түркі елдер мемлекет басшыларының жоғары ілтипаты мен қошеметін көргенін, бірақ тығыз бағдарламадан әбден шаршағанын айтуда. Осы сапары кезінде кейбір қызметкерлердің белгіленген бағдарламаларды қысқартып, тезірек Түркияға қайту жөніндегі ұсыныстарын да Өзал қабылдамаған.

Тіпті бірқатар журналистер осы сапары кезінде Өзалдың көп жасамайтынын сезіп жүргенін де алға тартуда. Өзбекстанға барғанда Өзал журналист Серует Қабақлыға тапсырма беріп, Бұхара қаласында Шахы Накшибендінің кесенесінен анасының бейітіне қою үшін топырақ алуын сұраған. Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовпен бірге кесенеге келген Өзал бейіттен топырақ алып жатқан Қабақлыны көргенде: “Ұлым, топырақ алдың ба? Біраз көбірек ал, керек болады”, – деген. Міне, осы жерде айтылған және алынған көбірек топырақ Түркияға қайтқаннан кейін Өзалдың өзінің бейітіне бұйырған.
Жүрек талмасымен ауырған Өзал расында да өз ажалынан қайтты ма? Әлде, оған бір қастандық жасалып, у беріліп өлтірілді ме деген күдік Өзал дүниеден қайтқалы 19 жыл ішінде сейілмей келеді. Жақын туыстары және саяси кеңесшілері Өзалдың түркі дүниесінде ынтымақтастықты күшейту үшін маңызды келісімдер мен жобаларды іске асыру барысында соңғы сапарында бір қатар жұмыстарды атқарғандығына назар аударуда. Түркі дүниесінде ынтымақтастық мүдделеріне қайшы келген күштердің Өзалды өлтіруге әрекет жасауының мүмкін екендігін көрсетуде.

Мұндай күдіктердің шындығын тексеру үшін 2010 жылы Президент Абдолла Гүл Мемлекеттік Тексеру Комитетіне нұсқау беріп, оның анық-қанығын анықтауды сұрады. Аталған комитет тексеру жұмыстары 2012 жылдың 15 мамыр күні аяқталып, бұл күдіктердің орынсыз емес екенін, сондықтан Өзалдың бейітінің ашылып, оның сүйектеріне медициналық тексеру жүргізілуін ұсынды. Бас прокуратура осы кеңес бойынша тиісті орындарға нұсқау берді. Осы нұсқау бойынша Өзалдың бейіті ашылатын болды. Оның сүйегі және бейіт ішіндегі топырақ соттық медициналық тексерулер орталығына апарылады. Сүйек сосын орнына қойылады. Ал тексерулердің нәтижесі болса, 2 айда белгілі болмақ. “Ұлы адамның сүйегін қазбалаудың керегі жоқ”, “Удан өлгені анықталса, не болады?” деген сөздер де айтылуда. Дегенмен тарихта еш нәрсе күдікті болмауы керек.

Әбдіуақап Қараның “Тұрғыт Өзал және түркі дүниесі” атты кітабы 1983-1993 жылдары арасында Түркияның түркі республикаларымен байланыстарын сөз еткен. Негізінен Түркияның түркі республикаларымен байланыстары 1990 жылдардан кейін басталады. Олай болса кітап неге 1983-1990 жылдарды ғана қамтып отыр деген сұрақ ойға оралады. Мұның басты себебі Тұрғыт Өзалдың 1983 жылдың қараша айында Түркияда билік басына келуі. Екіншіден 1983-1991 жылдары арасындағы түрік-кеңес байланыстары Өзалдың есімімен тығыз байланысты. Ғалым зерттеуінде Түркияның түркі республикаларымен байланыстарынан бұрын Кеңес Одағымен байланыстарының тарихын аша түсуді жөн көрген. Өйткені бұл кезде Өзалдың Мәскеумен байланыстарды достық негізде күшейтуі, 1990 жылдарда егемендіктерін жариялаған түркі республикаларымен байланысқа ене бастауына және 1991 жылы жариялаған тәуелсіздіктерін бірден тануына қолайлы жағдай туғызған.

Сыртқы саясатты экономикаға негіздеп жүргізетін Өзал 1983 жылы билік басына келгеннен бастап Мәскеумен байланыстарды күшейтуді басшылыққа алды. «Қырғи қабақ соғыс» салдарынан ол кезде түрік-кеңес байланыстары дамымай мешеу қалған еді. Өзал екі ел арасындағы байланыстарды экономикалық негізде күшейту үшін 1984 жылы қаңтар айында Мәскеуге Болгарияны кесіп өтетін газ құбырлары арқылы табиғи газ сатып алуды, қарымтасына тауар мен қызмет беруді ұсынды. Шеттен сатып алған товар және қызметке валюта төлеуде қиыншылыққа душар болып отырған Мәскеуге бұл ұсыныс ұтымды көрінді. Өзалдың пікірінше, саудалық және экономикалық байланыстары күшейген сайын, саяси пікірлердегі айырмашылықтар да азаятын еді. 1984 жылы жасалған келісімдер нәтижесінде шамамен 300 миллион долларға салынған 842 шақырым газ құбырлары арқылы Түркия 1987 жылдан бастап жылына 5 миллиард доллар көлемінде газ ала бастады. Сөйтіп 1984 жылы сауда көлемі күрт өсіп, 600 миллион доллар көлеміне жетті. Шетелдік компаниялар Түркияда зауыт салып, кәсіпорын ашып, төлемде қиыншылыққа түсіп отырған КСРО-ға Түркияның алған газының қарымтасына тауар сата бастады. Сөйтіп Түркияға шетелдік инвес­тиция да көбейе түсті.

1980 жылдар сонымен қатар Кеңес Одағында Горбачевтың қайта құру, ашықтық саясаттарын жүргізген жылдар болды. Осы жылдарда бір қатар түркі халықтары демократиялық құқықтарын Мәскеуден талап ете бастады. Бұлардың ішінде ең бірінші болып қазақ жастарының 1986 желтоқсан уақиғасы бұрқ ете түсті.

Желтоқсан уақиғалары туралы хабарлар ертеніңе түрік газеттерінде орын алып, түрік халқын елең еткізді. «Миллиет» газетінде 1986 жылы 20 желтоқсан күні шыққан мақаласында Сами Кохен “Кеңес Одағында да болады” атты мақаласында “Көшелерде студенттердің ереуілі… Магазиндерге, жеке машиналарға шабуылдар… Милициямен қақтығыстар… Кеңес Одағында да мұндай нәрселер болатын ба еді? Болмайтын еді. Бірақ енді болады екен, міне. Тіпті елдің орталығында, Орталық Азияның стратегиялық Қазақстан Республикасының астанасы Алматыда… Уақиғалардың қызықты және маңызды жағы, студенттердің Компартияның шешіміне қарсы ереуілге шығуы. Бұрынды соңды КО-нда Компартияның аймақтық жетекшісінің ауыстырылуына осылайша қарсылық білдіру болып көрмеген. Екінші қызықты жағдай, мұндай бір ереуілді Кеңестік хабар агенттіктері мен теледидардың тіпті сол күні мәлімдегені”.

Бұдан кейін Қырымдық татарлардың Отандарына қайту үшін жасаған ереуілдері, Әзірбайжандағы таулы Қарабах жанжалы, Месхеттік түріктер мен өзбектердің қақтығысы, ғағауыздардың автономия талаптары, Татарстанның Ресейден тәуелсіздік алуға ұмтылуы сынды маңызды уақиғалар түркі халықтары арасында пайда болды. Алғашқы тарауларда бұл туралы түрік газеттері мен зиялыларының жазғандарына тоқталған. Өзалдың саяси жетекші ретінде бұл туралы реакциялары бар болса, көрсетуге тырысқан.

Бұдан кейінгі тараулар “1991 жылы Мәскеудегі төңкерістік әрекет”, “Кеңес Одағының ыдырауы және тәуелсіз мемлекеттер достастығының құрылуы”, “Ядролық күш Қазақстан”, “Түркия мен түркі республикалар арасындағы алғашқы ресми сапарлар”, “Жаңа түркі республикалармен пайда болған мүмкіншіліктер”, “Түрік моделі”, “Демирелдің түркі республикаларына сапары”, “Түркі дүниесінде ынтымақтастық туралы басылған алғашқы қадамдар”, “Түркі республикалары мемлекет басшыларының алғашқы жоғары дәрежелі кездесуі”, “Өзалдың түркі республикаларға соңғы сапары және дүниеден қайтуы”, “Қорытынды” деп аталыпты.

Негізінен алғанда Өзал 1983-1993 жылдардың барлығында Түркияда толық билікте болмаған. Ол 1983-1989 жылдары арасында бас министрлік, 1989-1993 жылдары арасында президенттік қызметті атқарған. Өзал тек бас министр болған кезде ғана толық билікке ие болды. Өйткені Түркияның саяси жүйесінде толық билік бас министрдің қолында. Президент болса көбінесе парламентте қабылданған заңдарды мақұлдаушы қызмет атқаруда. Дегенмен Өзал 1989-1991 жылдар арасында президенттік орында бір шама әсерлі болды. Өйткені өзі президент болғанымен, оның партиясы “Анаватан” (Атамекен) партиясы парламентте көпшілікте болып, басминистрлікте оның төрағасы алдымен Йылдырым Ақбұлыт, кейін Месұт Йылмаз болды. Ал 1991 жылдағы депутаттық сайлауларда «Анаватан» партиясы біріншілік орынды жоғалтты. Оның орнына үкіметті Сүлеймен Демирел басшылығындағы “Тура Жол Партиясы” мен Ердал Инөнү басшылығындағы Социал демократиялық халықшыл партия иеленді. Демирел үкіметте басминистрлік қызметті атқарды.

Сөйтіп Түркия үкіметінің ішкі және сыртқы саясаты 1991 қарашадан Өзал қайтыс болған 1993 сәуірге дейін Демирел басшылығындағы коалициялық үкіметте болды. Солай болса да, саясатта тәжірибесі мол, сұнғыла президент Өзал кей кездері өзінің билік шегінен асып, ішкі және сыртқы саясатқа араласып, ықпал етіп отырды.

Бұл жағдай көбінесе президент Өзал мен басминистр Демирелдің өзара бәсекелестігін одан әрі күшейе түсуіне себеп болды. Екі лидердің бірін-бірі мойындамауының өзіндік себептері бар еді. Өйткені Өзалды саясатқа баулыған, 1965 жылы өзінің басминистрлік қызметіне кеңесші қылып алған Демирел еді. Содан бастап Өзал, 1980 жылғы әскери төңкеріске дейін Демирелдің қасында түрлі мемлекеттік орындарда қызмет атқарып келді. Әскери үкімет Демирел және өзге бұрынғы саяси жетекшілерге саяси салаға араласуларына тыйым салғаннан кейін, Өзал өзінің «Анаватан» партиясын құрып билікке келген еді. Саяси тыйым-шектеулері жойылғаннан кейін қайта саясатқа араласқан Демирел 1991 үкімет басына келгеннен кейін өзінің бұрынғы “саяси шәкірті” Өзалмен көп салада бәсекелестік танытты. Тіпті Демирел Өзалдың 1989 жылы парламент сайлаған президенттік қызметін де бастапқыда мойындамай, жоққа шығарысы да келді.

1993 жылы 17 сәуірде Өзалдың кенет дүние салуына бүкіл дүниежүзі қайғырды. Оның 21 сәуір күнгі жаназасына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар, көптеген ел президенттері, бас министрлер, парламент төрағалары және басқа да лауазымды адамдар қатысты.
Ол туралы әлемнің көптеген елдерінде газеттерде мақалалар мен тұжырымдар жарияланды. Мәселен Ұлыбританияның алда келген газеттерінен Файнэншл Таймс 1993 жылы, 19 сәуір күні шыққан нұсқасында Өзалды Түркияның Ататүріктен кейінгі екінші реформаторы ретінде жоғары бағалады. Газеттің пікірінше, Ататүрік Батыс жақтасы және зайырлы Түркияның әлеуметтік және саяси негізін қаласа, Өзал елдің экономикалық жандануының сәулетшісі, сондай-ақ Еуропалық одаққа қосылу саясатының негізін салушысы еді.

АҚШ-тың «Уолл Стрит Джорнал» атты газеті 22 сәуір күнгі санында Өзалдың көрегендігі, харизмасы және талантымен елдің ішкі және сыртқы мәселелерінде өзгерістер жасай білген аз ғана жетекшілер қатарында екенін көрсетті. Газеттің төрт күннен кейінгі санында орын алған басқа бір мақалада, Өзалдың ақырғы мақсат-нысанасының ХХІ ғасырды “түрік ғасыры” ету екендігі айтылды. Газеттің келтіруінше, Өзал мұның бұрынғы Кеңестік түркі халықтарды экономикалық ынтымақтастық пен телекомуникациялық желілермен бір-біріне жақындастыру арқылы іске асатынына сенген.

Мақсат АСЫЛБЕКҰЛЫ

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *