ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫН ӨРКЕНДЕТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстаннын символы болған Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Назарбаев университеті сынды ғылым ордалары бой көтерді. Осы университеттерде шетелдерден мықты ғалымдар келіп сабақ беруде.

Дегенмен бүкіл осы игі шараларға қарамастан Қазақстан ғылымда көздеген мақсатына жете алмай келеді. Неге?

Қазақ халқы ақыл, ой және зерде жағынан еш бір халықтан кем емес. Олай болса неге біз ақыл мен ойға сүйенетін ғылымда алға шыға алмай келеміз? Демек мұншама жұмыстарға қарамастан бір жерде кемшілік әлі де болса бар. Мұны мойындағанымыз дұрыс. Дұрыс диагноз қоймаса аурудың сауықпайтыны сияқты, қазақ ғылымының кемшіліктерін де нақты айтқан дұрыс. Қазақ қалауы келсе қар жанады дейді. Демек қалауы келмей тұрған дүниелер бар.

Біздің ойымызша, қалауы келмей тұрған жағдайдың бірі “адам факторына жеткілікті инвестиция” салынбай отырғаны.

Қазақ ғалымдарының білімін арттыру үшін бүкіл жағдайлар жасалған. Шетелге білім алуға жіберілген. Жақсы ғимараттар салынған. Мемлекеттен қолдау зор. Бірақ ғалымның мүмкіншіліктері шектелген, қолы қанаты оталып тасталған сияқты.

Мұны былайша түсіндіруге болады. Әдемі жол жасалған. Ең үздік машина алынған. Бірақ шофердың қол аяғы байланған. Өзге машиналар озып озып кеткенде, қазақтың машинасы жүрмей орнында тұрып қалған. Бұл машина неге жүрмей артта қалады деп тағы машина ауыстырамыз, тағы жол жасаймыз. Бірақ шофердың байланған қол аяғын шешіп еркіндік бермейінше бұл ауыстырулар, реформалардың нәтиже бермейтіні анық.

Сондықтан бүгінгі таңда қазақ ғылымының өркендеуі үшін ғалымға “еркіндік”, “сенім”, “жағдай” қажет сияқты.

Еркіндік үшін ғылым ордаларында Кеңестік кезеңде қалыптасқан және бүгінгі демократиялық тәуелсіз Қазақстанның ғалымдарына қол байлау болып отырған қағазбастылықты азайту керек. Бұл, мұғалімдердің сабақ беруіне тұсау болып отыр. Бүгін не сабақ бердің жаз. Келесі апта не бересің жаз. Бір семестр бойы не бересің жаз. Осы жазбалардан ғалымдар бас көтере алмайды. Ал солар дұрыс жазып жатыр ма деп ректоратта тағы қаншама адам жұмыс істеп жатыр десеңізші. Мұндай дүниелер Еуропада мүлде жоқ. Бұл Кеңес Одағында Компартияның ғалымдарды бақылауда ұстаудың бір амалы еді.

Магистранттар мен докторанттарға да осы қағаз бюрократиясы кедергілік жасап отыр. Докторанттардың қорғау кезінде жинаған құжаттарының кейде жазған диссертациясының беттерінен көп болып кететіні рас. Мұндай қағазбастылық дамыған ешбір елде жоқ. Сол елдердің Ph D жүйесіне өттік, бірақ жүйенің мазмұның толықтай қабылдадық па? Осы сұраққа көңіл бөлу керек.

Ph D жүйесінде докторанттар мен магистранттарға қол байлау болып отырған ен үлкен кедергіліктін тағы бірі “импакт фактор” шарты болды. Әрине ондай журналда ғалымдарымыздың, әсіресе жастардың мақаласы шықса, еліміздің ғылымы үшін үлкен жетістік болар еді. Бірақ мұндай журналдардың саны әр елде аз болады, әсіресе әлеуметтік ғылымдар саласында. Мәселен Түркияның өзінде мұндай үш-ақ журнал бар. Ал Қазақстанда мұндай бір де бір журнал жоқ. Мұндай аз сандағы құнды журналдарға әр ғалымның мақала шығарғысы келеді. Сол журналға мақала беру үшін жергілікті атақты ғалымдардың өзі кезекте тұрғанда, Қазақстандағы жас докторанттың мақаласына қалай кезек келсін. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстанда докторанттар қатты қиналып отыр. Бұл шартты жеңілдеткен дұрыс. Мәселен Түркияның жүйесінде бұл былай шешілген. Импакт фактор журналында шыққан мақаланың құны ұлттық журналда шыққан мақалаға қарағанда үш есе көп. Яғни сіздің импакт факторда шыққан бір мақалаңыз болса, бұл ұлттық журналдарда шыққан үш мақалаға тең келеді. Сонымен қатар импакт фактор емес, бірақ халықаралық журналда шыққан бір мақалаңыз болса, бұл ұлттық журналда шыққан екі мақалаға тең келеді.

Еркіндік үшін ғалымдардың жылдық сабақ сағаттарын азайту қажет. Көп сағат сабақ беруден ғалымдар зерттеуге уақыт таба алмай қиналуда.

Ғалымға сенім арту үшін оларға сабақ келді ме, келмеді ме деп жабайы тексеру болмауы да керек. Сабақ берген кезде, ректораттан бір қызметкердің келіп есікті ашып қарап кетуі ғалымға деген үлкен сенімсіздік және құрметсіздік. Шетелдерде сабақ берген кезде дәрісхананың есігін жөн жорықсыз ашу болмайды. Осындай жағдайларды көрген шетелдерден келген атақты ғалымдар Қазақстан университеттері үшін не ойлап жүр екен?

Ал ғалым тексерілмей ме? Әлбетте тексеріледі. Бірақ оның тексерушісі қарапайым бір қызметкер немесе басқа бір ғалым, тіпті ректор да емес. Оның тексеруші ғалым сабақ беріп отырған студенттер. Студенттер бір ғалым жақсы сабақ өтей алмай отыр немесе үнемі кешігіп келіп уақытымызды зая жіберіп отыр деп кафедра меңгерушісіне шағымданса дереу тексеру басталады.

Ғалымға сенім арту үшін ғалымның өткізген емтихандарына және қойған балдарына, сол арқылы студенттің оқуын бағалауына араласпау керек. Егер ғалым әділетсіз баға беріп жатса, оны даулайтын және студенттің өзі. Сонда ғана ғалымның студенттің емтихандарын қалай бағалағаны талқыға түседі. Сондықтан ғалымдар емтихан қағаздарын төрт жыл бойы сақтап отыруға тиіс. Төрт жылдан кейін студенттін шағым жасауына, сотқа беруіне болмайды.

Сөз реті келгенде, он жыл бұрын студенттердің оқуын бағалау жөніндегі Еуропалық жүйені қабылдаған Түркияның жүйесі туралы айта кетейін. Сол жүйе бойынша, біз ғалымдар бір студенттік оқу жағдайын бағалауда, жазбаша немесе ауызша емтихан аламыз ба, әлде әрі жазбаша, әрі ауызша аламыз ба, сондай-ақ бір тоқсанда қанша рет емтихан аламыз, қай кезде аламыз, тіпті еш емтихан қабылдамай тек үй жұмысы арқылы ма бағалаймыз? Барлығын ғалым өзі шешеді. Бірақ мұны семестрдің алғашқы сабағында студенттерге нақтылап түсіндіріп беруге тиіс.

Енді мұндай жүйеде парақорлық, тамыр таныстық болмай ма? деген сұрақ туындайды. Әрине болуы мүмкін. Бірақ ар, абыройы бар ешбір ғалым әділетсіздікке жол бермейді.

Екінші жақтан бүгінгі қатаң бақылау жүйесінде емтихандарда парақорлық болмай жатыр ма? Жоқ, болып жатыр. Демек мәселе жүйеде емес. Мәселе ғалымда. Сол үшін ғалымды жетімсіз айлықтармен пара алуға ұрындыратын жағдайлардан ада болу керек.

Жалақысы аз мұғалімдер арасында өкінішке орай, бүгінгі таңда студенттердің қалтасындағы ақшалармен күн көруді әдетке айналдырғандар бар. Мұндай ғалымдар жақсы азамат тәрбиелей алмайды. Бұл елімізге үлкен қауіп. Парақор мұғалімдердің әділеттілік, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, адамға жанашырлық деген адами құндылықтар жөніндегі үгіт-насихаттарының ешбіреуі студентке әсерлі болмайды. Өзі парақорлыққа ұрынған ғалымның айтқандарының барлығы да студентке өтірік болып көрінеді де тұрады.

Сондықтан мұғалымдардың жалақылары олар адам құсап күн көретіндей жақсы болуға тиіс. Сол себепті ғалымдардың айлықтарың өсіру ауадай қажет. Бұл жағдай біріншіден жоғарыда айтылғандай мұғалімдерді пара алушылыққа ұрындырмау тұрғысынан қажет. Сонда ғалымның беделі болады.

Қазір айлығы төмен ғалымның беделі де жалпы алғанда студенттер арасында төмен. Сондықтан үздік студенттер арасында ғалым боламын деушілердің саны жоқтың қасы. Ақылды да еңбеккор студенттер келешекте күн көруде қиналмау үшін басқа мамандықтарды бірінші орынға қояды. Үздік студенттер ғалым болуға көңіл бөлмеген елдерде ғылым қалай дамиды?

Сонсоң ғалымдарға университеттерде жеке бөлме беру керек. Бүгінгі таңда Түркияда университеттерде бүкіл ғалымдардың сабақтан кейін отыратын жеке бөлмелері бар. Ол жерге зерттеу және сабақтарының мазмұның байытатын кітаптар мен басқа материалдарын әкеп қояды. Қонақтарын қабылдайды. Студенттері сабақтан кейін сұрағы болса, сол жерде жауап алып қайтады. Ғалым сабақ арасында сол жерде демалады. Бірақ мен Қазақстанда университеттерде кафедра менгерушісінен басқа ғалымдарда жеке бөлмесі болғанын көрмедім.

Сонымен қорыта айтқанда, Қазақстан мемлекеті және қазақ ғылымы өркендеу үстінде. Бірақ қазақ ғылымының Қазақстан экономикасы мен халықаралық аренадағы беделімен бір деңгейде өспей артта қалып отырғаны назардан тыс қалмауда. Қазақстан үкіметі қазақ ғылымының көсегесін көгерту үшін қолдан келген барлық жағдай жасауға күш жұмсап отырғаны анық. Бірақ осы орайда тек адам факторына, яғни ғалымнын өзіне инвестиция салу ескерусіз қалған сыңайлы. Атап айтқанда, ғылымның жүрегі, моторы болған ғалымдарға қол байлау болған факторларды анықтап оларды жойып ғалымның жолын ашу керек. Тіпті өзге елдердегі әріптестерінен озуы үшін ғалымдарға қанат бітірген дұрыс. Сол үшін ғалымдарға еркіндік беріп, сенім артып, жағдай жасау қажет. Бұл жасалмаған жағдайда өзге реформалардың барлығының нәтижесіз қалары хақ.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының

докторы, Мимар Синан көркем өнер

университетінің профессоры

Түркістан газеті: http://turkystan.kz/kz/articles/view/29937

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *