Қазақты түрiк бiле ме?

Осы еңбектен кейiн ұзақ жылдар бойы Түркияда қазақ тарихы турасында мол мәлiмет беретiн қомақты дүние жасалмады, аталған кiтап 1990 жылдарға дейiн тек қана қайта басылып отырды.

Одан кейiнгi айта қаларлықтай зерттеу “Азаттық” радиосының қызметкерi Хасен Оралтайдың 1973 жылы Ыстамбұлда жарық көрген “Алаш – Түркiстан түрiктерiнiң ұлттық тәуелсiздiк ұраны” деп аталатын кiтабы болды. Осынау шағын зерттеуде Алаш қайраткерлерiнiң өмiр деректерi айтылды. Сондай-ақ “Азаттық” радиосының қызметкерi Мұхабай Енгiннiң осы радионың татар редакциясының қызметкерi Ферит Әгiмен бiрге жазған “Қазақ және татар түрiктерi” (Ыстамбұл, 1976) деп аталатын еңбегiнде баяндалды. Онда Мұхабай Енгiн ел тарихын “қазақ” атауын тергеуден бастап, 1970 жылдарға дейiн тарқатады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн қазақ халқының тарихы жөнiнде бiрқатар кiтаптар дүниеге келдi. 1993 жылы Ыстамбұл университетiнiң профессоры, доктор Мехмет Сарайдың “Қазақ түрiктерiнiң тарихы — қазақтардың оянуы” деген еңбегi жарық көрдi. Бұл кiтап Қазақстан аумағының жағрапиялық ерекшелiктерi, климаты, өсiмдiктерi және кен орындары туралы мәлiметтен бастап, Қазақ хандығының құрылуынан тәуелсiздiк кезеңiне дейiн баяндайды. 2001 және 2002 жылдары Анкара және Ыстамбұлда Мұстафа Шоқай туралы екi кiтап жарық көрдi. Оның бiрi Қазақстаннан келiп Егей Университетiнде мастерлiк (магистрлiк) диссертация қорғаған Дархан Қыдырәлидiң “Мұстафа Шоқайдың өмiрi, iс-әрекеттерi және пiкiрлерi” деген еңбегi болса, екiншiсi осы жолдар авторының “Түркiстан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмiрi және күресi” деп аталатын зерттеуi. Алғашқы зерттеу Шоқайдың жастық шағы және шетелге шығар алдындағы саяси қызметi, шеттегi iс-қимылдары, Шоқайдың рухани мұрасын жалғастырушылар, шетелдердегi түркiстандықтардың Шоқай туралы жарияланымдары, Шоқайдың интеллектуалдық өмiрi мәселелерiн қамтыды. Екiншi кiтапта Шоқайдың отбасы, жастық шағы, 1916 жылғы көтерiлiстен бастап саяси қызметi мен шығармашылығы айтылды.

2003 жылы Түркияда қазақ тарихы турасында екi бiрдей кiтап жарық көрдi. “Қазақстан: кеше, бүгiн және болашақта” атты кiтаптың авторы – Түркия қазақтарынан шыққан Әбдiқаюм Кесiжi. 304 беттен тұратын кiтапта қазақ хандығынан бүгiнгi Қазақстан тарихына дейiнгi жайттарды баяндайды. Ал, “Қазақ түрiктерi” деген кiтаптың авторы — Зейнеш Исмайыл. Анкарада жарық көрген осы зерттеуде қазақ тарихымен қатар, салт-дәстүрлерi де қамтылған. 2006 жылы Ыстамбұлда Мұстафа Қалқанның “Қазақтар мен қырғыздар” деп аталатын зерттеуi жарық көрдi. Бұл еңбек этникалық тарих тұрғысында жазылды. Ал 2006 жылы Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығына орай Ыстамбұлда осы жолдар авторының “Қазақстанның қайта түлеуi. 1986 жылғы желтоқсан уақиғалары” атты кiтабы жарыққа шықты. 2006 жылы жарық көрген “Жазушы Шыңғыс Дағжы. Свастика мен Қызыл жұлдыз арасында” атты кiтабымда II дүниежүзiлiк соғыста нацистер тұтқынына түскен түркi тiлдес әскерлердiң қайшылықтарға толы өмiрi баяндалды. Кiтаптағы оқиғаларға Түркияда көптеген романдары жарияланған белгiлi жазушы Шыңғыс Дағжының өмiрi арқау етiлдi. Өйткенi, Дағжы Түркiстан легионында бастан кешкендерiн соғыс бiтпей тұрып, 1944 жылы-ақ жаза бастағандықтан, көптеген жәйттер нақты суреттеледi. Сонымен қатар 2007 жылы жарық көрген осы жолдар авторының аударуымен “Көне дәуiрлерден қазiрге дейiн қазақтар және Қазақстан” деген кiтапты осыған дейiн Түркияда Қазақстан тарихы туралы жарияланған ең көлемдi еңбек деуге болады.

Қазақ қоғамы, мәдениетi мен тарихы жөнiндегi зерттеулер 1985 жылдан берi қарай қолға алынды. Бұл саладағы еңбектердiң жүз алпыс төртi мастерлiк, отыз екiсi докторлық диссертация болып саналады. Осынау жұмыстардың денi Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн жасалды. Ал 1985-1991 жылдар арасында небәрi үш-ақ мастерлiк диссертация қорғалған.

2001 жылы жиырма, 2002 жылы жиырма жетi, 2003 жылы он үш, 2004 жылы жиырма мастерлiк диссертация қорғалыпты. Басқа жылдарда бұл сан он үштен аспаған. 1999 жылы жетi, 2000 жылы бiр, 2002 жылы бес, 2003 жылы алты докторлық диссертация қорғалған. Басқа уақыттарда бұл сан үштен аспаған.

Мастерлiк еңбектер:

Ислам Жеменей, “Қазақстандағы туризм”, 1989; Әбдiқайым Кесiжi, “Халықаралық байланыстар тұрғысынан алғанда Қазақстандағы ядролық сынақтар мен оның табиғи ортаға кесiрi, 1994; Әбдiуақап Қара, “Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан уақиғаларынын шындығы және салдары”, 1997; Мұстафа Садық Өзжан, “Қазақ тiлi мен түрiк тiлiндегi ортақ сөздер”, 2004; Метiн Көсе, “Мұқағали Мақатаевтың әлеуметтiк тақырыптағы өлеңдерi”, 2004; Сертан Әлибекiроғлы, “Қазақ ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының өмiрi мен еңбектерi”, 2005;

Докторлық еңбектер:

Ферхат Тамiр, “Мағжан Жұмабаев өлеңдерi”, 1992; Әли Аббас Шынар, “Қазақ және түрiк халықтарының өмiрiндегi жылқының рөлi, мәдениетi”, 1996.; Мерием Кырымлы, “Тәуелсiз Қазақстан және қазақ ұлтшылдығының түп тамыры: Ресей және Кеңестiк саясаттарға қарсы жергiлiктi реакцияның тарихы”, 1999; Осман Йорұлмаз, “Кiшi жүз қазақтары мен патшалық Ресей арасындағы саяси байланыстар” (1730-1790), 2002; Гүлжанат Сәкенова, “Қазақстандағы Алашорда ұлт азаттық қозғалысы мен Түркиядағы ұлт-азаттық қозғалысы (1917-1923), 2002; Әбдiуақап Қара, «Мұстафа Шоқайдың өмiрi және Орта Азияның түрiк тектес халықтарының тәуелсiздiк жолындағы күресi», 2002;

Қазiргi уақытта он бес мыңның үстiндегi Түркия қазақтары бұл елге 1952 жылдан келе бастады. Түркия қазақтарының тарихы туралы алғашқы зерттеудi Анкара университетiнiң ғылыми қызметкерi Сағдат Шағатай жасады. Сағдат ханым 1952 жылдың қазан айында Кәшмiрден бiр топ қазақтың Ыстамбұлдағы босқындарға арналған үйлерге орналасқанын естiп, өзi Анкарадан әдейiлеп iздеп келiп, Хұсайын Тәйжi бастаған қазақтармен танысты. Тiл-әдебиет зерттеушiсi Сағдат ханым олардың көш тарихынан гөрi, ауыз әдебиетiне көбiрек көңiл бөлдi. Ол осы жиғандарын 1961 жылы “Қазақша мәтiндер” деген атпен кiтап қып жариялады. Сағдат ханымның қазақ әдебиетiне көңiл бөлуi тектен тек емес едi. Ол, қазақтың бiртуар мемлекет қайраткерi Мұстафа Шоқайдың жақын досы Тахир Шағатайдың зайыбы болатын. Тегi татар Сағдат ханымның әкесi Ғаяз Исхақи да Мұстафа Шоқаймен замандас саяси қайраткер едi. Сондықтан, Сағдат ханымның зерттеуi оны Түркиядағы алғашқы қазақтанушы ретiнде танытты.

Осы кезеңде Түркиядағы қазақтарға көңiл бөлген екiншi зерттеушi ағылшын журналисi Iлияс Годфрей болды. Ол 1954 жылы қазақ көшiн Қайсары қаласына бастап келген Хұсайын Тәйжi, Маниса қаласында Қалибек Әкiм және Ыстамбұл қаласында Сұлтан Шәрiппен кездестi. Iлияс 1956 жылы Лондонда жарыққа шыққан “Қазақтардың босуы” деген кiтабында Шығыс Түркiстан қазақтары жайында жалпы мәлiмет берiп, Бөке батыр мен Оспан батырдың күрестерi туралы әңгiмелейдi. Содан кейiн қазақтардың Түркияға жасалған көшiн, әсiресе Қалибек Әкiм туралы көбiрек мәлiмет бередi. Бұл кiтап 1977 жылы “Көш” деген атпен түрiк тiлiне аударылып басылды.

Арада аз өткенде Түркия қазақтарының өздерi де өз тарихы жайында жаза бастады. Түркия қазақтары арасынан шыққан алғашқы зерттеушi Хасен Оралтай әкесi Қалибектiң көшi туралы “Азаттық жолындағы Шығыс Түркiстан қазақтары” деген кiтап жазып, оны 1961 жылы басып шығарды. Кейiн бұл кiтабын толықтырып, Оспан батыр мен Шығыс Түркiстан уақытша үкiметiнде қаржы министрi болған Жанымхан Тiлеубайұлы туралы мәлiметтермен қанықтырып, екiншi рет жарыққа шығарады (“Қазақ түрiктерi”, 1976 ж).

Осыдан бiр жылдан соң, 1977 жылы Қызырбек Ғайратолланың “Алтайдағы қанды күндер” деген кiтабы жарық көрдi. Белгiлi ұйғыр жетекшiсi Иса Юсұф Алыптекiннiң басқаруындағы “Шығыс Түркiстан босқындар қоғамының басылымдары” сериясымен жарыққа шыққан кiтап Алтайдан Анадолыға көшкендердiң естелiктерiнен тұрады.

Түркиялық қазақтар арасынан шыққан бiлiмдар зерттеушiлердiң бiрi — Халифа Алтай. Оның алғашқы еңбегi 1977 жылы “Қазақ шежiресi” деген атпен Ыстамбұлда жарық көрдi. Осы шежiреде Түркия қазақтарының 15-16 атаға дейiнгi түп-тұқияны тарқатылады. Халифа Алтайдың екiншi кiтабы 1980 жылы “Естелiктерiм” деген атпен қазақша жарияланды. Өлеңмен жазылған кiтапта, бала күнiнен бергi өз басынан кешкенiн баяндайды. Түркияда латын әрiптерiмен қазақша жазылған тұңғыш кiтап болып табылатын осы еңбекте Алтай қазақтарының, әсiресе, Үндiстан және Пәкiстандағы өмiрлерi туралы құнды мәлiметтер бередi. Халифа Алтайдың үшiншi және ең қомақты еңбегi “Атажұрттан Анадолыға” деген атпен 1981 жылы Түркия Мәдениет министрлiгiнiң ұйытқы болуымен жарық көрдi. 1999 жылы екiншi басылымы жарық көрген бұл кiтапта автор қазақтардың көш тарихына қоса салт-дәстүрi мен мәдениетi туралы баяндайды. Бұл еңбек қазақшаға да аударылды.

Түркия қазақтарының тарихы Еуропа тарихшыларын да қызықтырды. Бұл туралы алғашқы ғылыми-зерттеудi швециялық ғалым Ингвар Сванберг жүргiздi. 1979-1986 жылдары Түркия қазақтары арасында болған ол көрген-бiлгенiн 1989 жылы Упсалада “Түркиядағы қазақ босқындары” деген атпен жарыққа шығарды. Ағылшын тiлiндегi бұл еңбекте автор Түркия қазақтары жайында жан-жақты мәлiмет бердi. Түркиялық қазақтар жайында докторлық диссертация жазған екiншi еуропалық зерттеушi, немiс ғалымы Марк Киршнер. Ол негiзiнен қазақтардың тiлдiк ерекшелiктерiн зерттедi. Марк Киршнердiң 1992 жылы жарыққа шығарған екi томнан тұратын кiтабы “Қазақ тiлiнiң фонологиясы. Ыстамбұлдағы қазақ босқындарынан жазып алынған әңгiмелер туралы зерттеулер” деп аталады.

1990 жылдардың соңында атамекен Қазақстанда Түркия қазақтары туралы нақты мәлiметтердiң болмауы, белгiлi жазушы және журналист Хасен Оралтайдың естелiктерiн қазақша жазуға себеп болған көрiнедi. Оның 1999 жылы Ыстамбұлда жарық көрген еңбегi “Елiм-айлап өткен өмiр” деп аталады. Оралтай балалық шағынан бастап көрген бiлгендерiн жазумен қатар, қазақтардың көш тарихынан, әсiресе әкесi Қалибектiң төңiрегiнде өткен уақиғаларға және “Азаттық” радиосы туралы мәлiметтерге тоқталады.

Түркия қазақтары жайлы жазылған әзiрше соңғы кiтап — “Нұрғожай батырдың естелiктерi” (2006). Кiтап Мимар Синан университетiнiң профессоры Гүльчин Чандарлыоғлының 1974 жылы Ыстамбұлда Нұрғожай батырмен болған кездесулерiнде айтылған деректерге негiзделiп жазылды. Оспан батырмен етене жақын жолдас болған Нұрғожай батырдың естелiктерi сол кездегi саяси уақиғалар туралы құнды мәлiметтер беретiнiн баса айтқан абзал.

Тәуелсiздiктiң алдында қазақ тiлiнен түрiк тiлiне екi-ақ аударма жасалды. Оның бiрiншiсi 1980 жылы Ыстамбұлда жарық көрген Қабдеш Жұмадiловтың “Соңғы көш” романы едi. Екiншi аударма — қазақ тiлiнiң екi томдық түсiндiрме сөздiгi. Хасен Оралтай, Нұри Юже және Сағдат Пынар аударған бұл кiтап 1984 жылы “Қазақ түрiкшесi сөздiгi” деген атпен жарық көрдi. Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiн Қазақстан саясаткерлерi, ғалымдары және жазушыларының еңбектерi түрiк тiлiне де аударыла бастады. ҚР Президентi Н.Назарбаевтың, ақын-жазушылар Ә.Кекiлбаев пен М.Шахановтың, ғалымдар Р.Бердiбай мен Ә.Нысанбаевтың кiтаптары жарық көрдi.

Түркияда қазақ елi туралы зерттеулер мен қазақ жазушыларының еңбектерiнен жасалған аудармалар соңғы уақыттарда молайып келедi. Дегенмен Түркиядағы бұл турасындағы басылымдар, Қазақстандағы Түркия және түрiктер туралы зерттеулер мен аудармаларға қарағанда әлдеқайда көбiрек.

Әбдiуақап ҚАРА, 2007-12-13,  http://www.anatili.kz/?act=readarticle&id=428

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *