“ХАЛЫҚ ЖАУЫНАН” ХАЛЫҚ БАТЫРЫНА АЙНАЛҒАН

 

– Атақты тарихшы, ғұлама ғалым, түркі дүниесін жетік білген Лев Гумилев кешегі сауаты жоқ, жабайы, бұратана деген халықтың – жабайы да бұратана да емес, қыр басында қой бағып жү­ріп-ақ ой бағатынын: “…моңғолдардың немесе қа­зақ­тың ойы әрқашан еркін, кең, ол шаршап-шал­ды­ғып жатқан жоқ; сондықтан дүниені сырттай қарап, барлап, меңзей отырып ойға шомады… Көш­пелі мәдениет еуропалық мәдениеттен әл­де­қайда биік тұр”, – деп алады да қазақтың да­рын, қарымының мол екенін айтып: “Егер елде та­лант­ты адамдар көптеп пайда бола бастаса, мәде­ниет дүр сілкініп, жанданып, асқақтайды. Бұлай болмаса, ел құриды”, – деп түйін жасайды. Иә, сол ой қуған қазақ өткен ғасырдың басында қыран­дай түлеп, дүр сілкінген. Ұлтым деп ұйысып, хал­қым деп қабырғасы қайысқан. Сол тұс Алаш арыс­тарын өмірге әкелді десек, сіз бұған не дер едіңіз?

– Бұған менің де, өзгенің де шүбәсі бола қоймас. Қанша су құйсаң да қу таяқтан тамыр шықпайды. Даралығы мен даналығы таразы басын тең ұстаған ұлтымыздың сол ұлыларын біз әлі толық зерттеп, түсініп болғамыз жоқ. Себебі, олардың бәрі кез келгеннің құшағы жете бермейтін алыптар еді ғой.

Табиғаттың төрт мезгілі секілді, адам өмірінің де ыстық-суығы аз болмайды ғой. Мен Алаш арыстарының бірегейі Мұстафа Шоқайға ықылас аударғалы осыны көріп-біліп келемін. Жалпы, ұлы тұлғаны өзімше зерттеп-зерделеуге 15 жылымды арнадым. Әлі де ізденіс үстінде жүрмін. Бірден ай­­тайын, біз Алаш қозғалысының тарихын Алашорда үкіметі жұмысын тоқтатқан 1918 жылмен түйіндеп жүрміз. Мен бұған қосыла алмаймын. Тереңнен үңілер болсақ, ол күресті Шоқай 1939 жылға дейін “Жас Түркістан” арқылы жалғастырды. Ендеше, Алашорда үкіметі, “Қазақ” газеті, Мұстафа Шоқай және Түркістан автономиясы, Шоқайдың Еуропа­да­ғы саяси іс-қимылдары, “Жас Түркістан” жур­на­лы – бәрі де бірімен бірі ұштасып жатқан ха­лық­тық іс болатын. Осыған қарап, Алашорда қай­раткерлері мен Шоқайды қатар атамау орынсыз бола­тындай көрінеді. Көбіміз терең мән бермей жүр­ген Алаш қозғалысына рухани дем берген Әли­хан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқай арасындағы байланыс әріден бастау алады. Мұстафа Петербург университетінде студент болған күннен Әлихан­мен араласқан. Мұстафаны Мұстафа Шоқай дәрежесіне жеткізген Әлихан десек, артық айтқандық емес. Бірі – ұстаз, екіншісі шәкірт деп кеңдік жасасақ жарасады. Қай кезде де екеуі байланысын үзбеген. Әлихан идеясын Шоқай алға дамытып, өзіне өмір бойы серік етті.

– “Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заманда” (Ә.Бөкейханов) бәрінің ту етіп көтергені ұлттық бостандық, теңдік дейсіз ғой.

– Солай. Шоқайдың жары Марияның естелігін оқып отырсаңыз, Отанға қызмет етудің сан жолы болатынын ұлы тұлға өмірінің соңғы сәттерінде жиі айтып жүріпті. “Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы тамаша кітаптар жазумен шұғылданар едім”, – деп асыл арманын алға тартыпты. Ол Түркістан автономиясы дегенде етек-жеңін жиып, бөлектеніп кетуді ойламаған. Оған жоғарыдағы сөздері дәйек болады. Және “Тәуелсіздікті аңсаған түркістандықтарға тек өз елі мен халқын сүюмен шектелуге болмайды”, – деген байламы жоғарыдағы ойымызды бекіте түседі. Ол тәуелсіздікке, өзге халықтармен қоян-қолтық араласа жүріп жетуді мақсат еткен. Шоқай біртұтас Түркістан идеясын көтерсе, төрт құбыласын жіті болжаған, қазақ жұртының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы халыққа Жолдауында “Мен Орталық Азия елдері одағын құруды ұсынамын”, – деген еді. Бұл идеяның иесі Мұстафа Шоқай екенін де атап айтқан болатын. Ұлықтар сабақтастығы деген осы болар.

– “Біз – құл болып тұра алмаймыз. Біз – ұлт азаттығымызды аламыз!” – деген М.Шоқай сөзі барлық Алаш рухы, Алаш қайраткерлерінің айтар ұраны болғанын енді біліп жүрміз. Сол аталы ойдың иесі М.Шоқай – туған топырағына қазақ тәуелсіздік туын тігіп, қазақ бақытты күн кеше бастағанда жетті. Аға ұрпақ ол туралы азды-көпті білетін. Олардың ізін басып келе жатқандар түс көргендей кейіпте болса, жастар жағы мүлде “мақұрым” қалған еді. Сырттағы отандастарымыз Шоқайды, жалпы Алаш, Алаш қайраткерлерін бізден ерте танып, білді емес пе?

– Біз бала кезімізден Алаш арыстарының атын естіп өстік. Тіпті, олардың артына қалдырған мұрасымен де ерте таныстық. Егер Мұстафа Шоқай секілді ұлт зиялысы шет ел асып кетпесе, Алаш идеясын КСРО саясаткерлері бесігінде “тұншықтырдық” деуі мүмкін еді ғой. Ұлт асылы бүгінгі тәуелсіздігімізді жат жұртта жүріп-ақ қалғып-шұлғымай, ажарын түсірмей айтып жүрген. “Жас Түркістан” журналының 117 нөмірін шығарып, сонда жан-жақты жазған. Өзге елдер ұлтымыздың ұлыларын, ұлы жолдағы ұлы істерін осы басылымнан біліп отырған. Басқаны айтпағанда, Шоқайдың сондай елдік ісіне қазір мен өмір сүріп жатқан түркиялық бауырлар ерекше құрметпен қарайды.

– Мұстафа Шоқай отбасы, ошақ қасында қал­май ұлттың ұлысы, түркі жұртының қадірлісі бо­лып қалыптасуына тек тамырының да септігі аз бол­мағанын зерттеу еңбектерінен оқып жүрміз. Қоғам дамуында да, адам өмірінде де тек тамыр­дың орны бөлек. Ұлтымыздың осы күнге жетуінің арғы жағында сол тек тамырдың тазалығы жатыр. Оған біздің кіндігіміз мықты байланған. Егер оны үзіп алмасақ, жаһандануға оңай да күш бере қоймаспыз…

– Ойыңызды түсіндім. Тақырға шөп шықпай­ды, татырға мал тоқтамайды. Мұстафаның атасы Торғай шен тағып, шекпен киген, датқа (генерал) дәрежесін алған адам болған. Торғайдан туған ұл Шоқай би болып, билік құрса, одан туған Мұстафа қазақ жұртының ұлттық жұлдызына айналды. Тегі жарымаған ­қанша жерден тепсінсе де түк бітіре алмайды. Қылайған қылпық өскенімен, оның құ­на­ры ешкімді жарытпайды. Шоқайдың одан кей­інгі ортасы да кілең мықтылар еді. Қазақ ұлтының саяси көзқарасының ұйытқысы болған Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев бастаған зиялылардың бәрі де Петербург универ­­ситетінен білім алғандар. Шоқай ұлтына, мұсылман жұртына қысым көрсеткендердің қай-қайсымен де келісімге келмеген, бітіспес күрес ашып отырған. Мұны біз өткен ғасырдың басындағы аласапыран оқиға­лардан айқын көреміз. Мысалы, Түркістан кеңестік мәжілісінің жиналыстарында Шоқайдың төраға­лығындағы Ұлттық орталықтың өкілдері 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске, Жетісудағы қайғы­лы оқиғаларға ерекше мән берген. Генерал-губер­натор Куропаткиннің қанқұйлы жазалау шарала­рын әшкерелеу үшін Шкапский мен Тынышбаевты тексеру жүргізу және шаралар қарастыру үшін Жетісуға жіберген. Үстемдіктің тепкісіне шыдама­ған Жетісу қазақтары мен қырғыздары Қытайға жап­пай көшуге мәжбүр болған. Олардың саны жүздеген мыңнан асып кеткен. Шкапский мен Тыныш­баевтың жүргізген тексеруі­нің қорытын­дысына қарап отырсаң, төбе шашың тік тұрады. Ол екеуі бұл озбырлықты Петербург өкіметіне жіберген баяндамасында нақты көрсеткен. Жетісудан бас сауғалап Қытайға кетуге мәжбүр болған қазақтар мен қырғыздың саны екі жүз мың шамасында екен. Олардың жартысы аштық және басқа себептерден қырылған. Тоқсан мыңдайы қайта оралған. Ал қалғандары сол жақта қалып қойған. Шкапский мен Тынышбаев бұл апатқа ұшыраған кінәсіз жұрт үшін Петербургтан жәрдем берулерін өтінген. Бірақ жауап келе қоймаған. Ұлттық орталық 1917 жылдың шілдесінде уақытша өкіметке жедел хат жолдап, Жетісудағы жағдайдың күрделенгенін мына сөздермен білдіріпті: “…Қытайдан қайтқан қырғыздарды (қазақтарды) өз жерлеріне жібермей, аңдай қыруда. Қырғыздар (қазақтар) өте ауыр жоқшылықты бастан кешуде. Аш-жалаңаш. Әйел мен балаларын сатуда. Бірін-бірі жеуге дейін жетіп отыр. Жетісудағы орыс келімсектер қарулы. Қырғыздар болса қарусыз. Қырғыздардың (қазақтардың) ауыр жағдайын айтып жеткізерлік сөз табу қиын. Қайғы таудай. Көз жасы көлдей. Жедел шаралар қажет”.

Міне, қайырымсыз патшадан кейін қайырым жасаймын дегендердің қыл үстіндегі қылығын Шоқай осылай әшкерелеген. Бұл табанының бүрі жоқтардың қолынан келетін іс пе? Жоқ, нағыз ұлтын сүйген ұл­дың ұлы жұмысы осылай басталып, ол кейін екінші дү­ние жүзілік соғыстағы тұтқындарды арашалауға жалғасқан.

– “Түркістан легионы” туралы не айта аласыз?

– Бұл жайлы көп айтуға болады. Бірақ басы ашық бір жай, Мұстафа Шоқайдың соғысқа қарсы болғаны тарихи шындық. Немістің де, орыстың да жыртысын жыртпаған, Түркістан жұртының ел болуын, тәуелсіздікке жетуін ойлаған. Сол жолға бүкіл саналы ғұмырын арнаған. Халқының ұлттық мемлекет құру арманына большевиктердің тосқауыл қоюына шыдамай шетке кетсе, немістердің арам пиғылын сезіп, “Сіздер жеңіске жетсеңіздер, Орта­лық Азияға тәуелсіздік бересіздер ме?” – деген. Бірақ сұраққа жауап ала алмаған. Лагерьде болғаны анық. Онда ол нацистерге емес, азап лагерьлерінде жатқан мұсылмандардың көрген қасіретіне ара түскен. Бұл туралы нақты деректерге жүгініп көрелік.

Еуропада ұйытқыған соғыс өрті Парижге қауіп төндіре бастағанда, Мұс­тафа Шоқай үнемі кезде­сіп тұратын ре­сейлік эми­г­ранттар қаланы тастап кете бастайды. Көбі АҚШ-ты бетке алады. Жақын араласып жүр­ген достары оған да кету керектігін айтады. Бірақ ол қандай жағдайда да өзіне пана болған Францияны, Парижді, тұрып жатқан қаласы Ножанды жан сау­ғалап, тастап кете алмай­д­ы. Шоқайды немістер Ко­м­пиен лагеріне қамай­ды. Шығыс ел­дері ми­нистр­лігі құрылып, тұт­қын­дармен айналысатын комиссия жасақталады. Оның құрамына ұл­тына қарай жеті адам тартылады. Мұсылман және түркі тектес тұтқындармен бай­ла­нысты жұмыс Шоқайға тапсыры­лады. Мұстафа осында жүріп нацистердің Орта Азияға деген көзқарасын байқап көреді. Олар­дың: “төменгі сатыда­ғы азиялықтар тобы”, славяндар­дан да төмен нә­сіл, тіпті “мақұ­лық” деп білетінін естігенде, тәуел­сіздігін алмаған халқы қандай үс­т­ем күштің қол астында болса да азаптан құтыл­майтынына көз жеткізеді. Лагерьге келгенде оның бұл ойы нақтылана түседі. Тұтқын­дардың жағдайы жан түршігерлік екенін, дәлірек айтқанда өмір мен өлім арпалысып жатқанын көреді. Азық-түліктің, сусынның тап­шы­лы­ғы, нацистік әсіре нәсілшілдік, қан­құйлы озбырлықтардан тұтқын­дар­­дың тартқан азабы оның жанын түр­шіктіреді. Қит етсе татарлар мен түр­кістандықтарды атып тастайтын бол­ған. Осындай қорлаулар Шо­қай­дың жүрегін сыздатады. Жұ­байы Марияға жазған хатында: “Мы­на сұмдықты көргенше өл­генім артық еді ғой”, дейді. Тағы бір жасырын жол­даған хатында соғыс тұтқындарының ауыр жағ­дайын егжей-тегжейлі баяндап, неміс лагерьлерінде мұсылмандарды мазақ етіп, болмашы нәрсе үшін оққа байлап жатқанын ашық айтқан. Аштық әбден өзекке түскенін, міскіндер өл­ген жолдастарының жүрегі мен бауырын жеп тірі қалудың амалын жасап жатқанын өзегі өртеніп отырып жеткізген.

Осыдан кейін Түркістанның саяси құқылары үшін Кеңес еліне қарсы нацистермен бірігіп күресудің мағынасыз, тіпті зиянды екенін аңғарған. Бұл кезде өзі де толық еркіндіктегі адам болмағандықтан, тұтқындар комиссиясындағы қызметінен бас тарта алмайтыны да белгілі еді. Бірақ еркінен тыс атқарған қызметіндегі өзі алға қойған басты мақсаты – неміс әскерінің Кеңес одағына қарсы соғысында жеңіп шығуын қамтамасыз ету емес, тұтқындардың ауыр жағдайын сәл де болса жақсартуға қолұшын созу болады. Шоқай лагерьлерде азап шегіп жатқан мұсылман тұтқындарды нақақтан-нақақ атып тастамауды қадағалайды. Әсіресе, сүндетті болуларына байланысты оларды еврей екен деп оққа байлау оқиғалары Шоқай лагерьге келгеннен кейін азая бастапты. Соның бір дәлелі, ол лагерьді аралап жүргенде 35 мұсылман тұтқынының тек сүндетті болғандығы үшін атылғалы жатқанын көреді. Дереу араша түсіп, оларды ажал аузынан алып қалады.

Неміс қарулы күштері қолбасшылығы қатысқан бір жиналыста мұсылмандарда да сүндетке отырғызу дәстүрі бар екені туралы айтып береді. Осыдан кейін ондай белгісі бар тұтқындарды оққа байлау оқиғасы тыйылады. Әрине, Шоқайда тұтқындардың ауыр халін бірден жеңілдетіп жіберетін билік жоқ еді. Қолынан бар келетіні, немістің басшылық орындарына баяндама хат жіберу, сұрау салу ғана болған. Бір баяндамасында ол былай дейді: “Сіздер, немістер, өздеріңізді Еуропаның ең өркениетті және мәдениетті халқы ретінде көресіздер. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің осы көргендерім болса, мен де сіздердің дәл осы тұтқындарша ауыртпалық көріп және апатпен әдіре қалуларыңызды тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда Шыңғыс ханның ХІІ ғасырда жасағанынан да бетер зұлмат жасап жатырсыздар.”

Ол бұл хатын Уәли Каюмға неміс тіліне аудартып, тиісті офицерлерге тапсырып тұрып: “Егер осыған байланысты мені атып тастайтын немесе дарға асатын болсаңыздар, мен дайынмын. Мұндай өркениетті қоғамда өмір сүргеннен, өлгенді артық санаймын. Мен осы сұмдық көріністерден кейін өмірге деген үмітімді үздім”, – депті. Жан күйзелісін осылай қасқайып тұрып айтқан Шоқайдың атына теріс пиғылды сөз айту жараса қояр ма екен? Жақсының шарапаты пендесін өлімнен құтқаратынын неміс зерттеушісі Мюхленнің еңбектерінен жан-жақты оқуға болады. Ол Мұстафаның жігерлі ісінің арқасында кеңестік мұсылмандарды топ-тобымен оққа байлау азайды деп жазып қалдырған. Ал бір тұтқын естелігінде ол лагерьге келіп кеткеннен кейін жағдайдың жақсарғанын айтқан.

– Сіз Мұстафа Шоқайдың Парижде тұрған үйін, мұрағаттағы хаттарын тауып, үйге белгі қоюға, мұрасын айналымға енгізуге ұйытқы болыпсыз.

– Иә, ұйытқы болып, алғаш рет орайлы ой таста­ғаным бар. 2000 жылы Францияның Париж қаласын­дағы Шығыс тілдері және өркениет институтында болғанымда, Шоқай мұраларын кездестірдім. Ол – оның хаттары мен өзге де жазбалары болатын. Көбі ор­ыс, француз және шағатай тілдерінде жазылған екен. Мұстафа әр жазған хатын үш дана етіп, кө­шірмесін өзіне сақтап отырыпты. Осыған қарағанда, ол кісінің ұқыпты болғаны көрініп-ақ тұр. Кейбір хаттардың арасынан Тбилисиде, Петербургте жазылған өлеңдері де болды. Көбі реттелмеген, ашық-шашық жатқаны мені ойлантып тастады. Содан кейін Шоқайдың 1921 жылдан бастап, қайтыс болғанға дейін Парижде тұрған үйлерін анықтауға тырыстым. Бұл жұмысым нәти­жесіз болған жоқ. Үш үй табылды. Ендігі жерде мұрағаттағы мұраларды елге қай­тару, үйлердің біріне ескерткіш тақта қою мәсе­лесін көтердім. Мұрағат қызметкерлері: “Бұл дүниелер саяси мұраға жатады, сол себептен жеке қолға берілмейді”, – деді. “Кімге бере­сіз­дер?” – десем, “Мемлекеттік келісімге сай, бізге үкіметтен бір сұраныс хат келсе ғана беруге болады”, – деді. 4-5 айдан кейін ата жұртыма жолым түсті. Біраз ағайындарға бардым. Ақыры таныс-білістігім бар журналист Саясат Бейісбаймен ақылдасуға тура келді. Ол бірден келісіп, менімен әңгімелесіп, өзі қызмет атқаратын “Егемен Қазақстан” газетіне “Мұстафа Шоқай мұралары” деген материал жариялады. Бұл Отанымызда үлкен қозғалыс туғызды. Сөйтіп, 2001 жылдың қазан айында Парижге қарасты Ножан Сур Марн ауданында қазақ халқының аяулы перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай тұрған Скуаре де ла Фонтан көшесіндегі 7 үйдің алдына ескерткіш тақта орнатылды. Сонымен 60 жыл өткеннен кейін ұлы отандасымыздың есімі Францияда қайта жаңғырды. Сол рәсімнің ашылу салтанатына сол тұстағы Қазақстан Республикасының вице-премьері Иманғали Тасмағамбетов бастаған делегация, Франция Үкіметінің мүшелері, Ножан қаласының басшылығы, сонда тұратын қазақтар қатысты. Әрине, мұндай игілікті істің жүзеге асуын тәуелсіздіктің арқасы деп білуіміз керек. Осы тақта орнатқанға дейін ондағы жұртшылық Мұстафаның сонда тұрғанын білмейтін болып шықты. Бір замандары Шоқайдың француз достары осы қалаға онымен әңгімелесу үшін жолға шыққанда: “Түркістанның уақытша астанасына бара жатырмыз”, – деп Алаш арысының күрескерлік қызметіне жоғары баға беретін болған. Мен бұл арада қала халқы оны неге білмейді деп кінәлай алмаймын. Өйткені, Шоқай 60 жылдай бұрын қайтыс болған ғой. Мен Германияда 1988-1995 жылдары арасында 7 жыл тұрдым. Қай ұлттан екенімді сұрағанда “қазақпын” десем, көбінде олар ойланып, “Қазақ деген моңғол ма?” ­деп сұрайтын. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оларға қазақ деген ел танымал болды. Қазір Францияда Шоқайдың бейнесі танылған сайын қазаққа деген ілтипат көбейіп келе жатыр. Мәселен, біз 2007 жылы Мұстафа Шоқайдың туған күніне орай Ножан қалашығына бардық. Біз Шоқайдың сұрапыл соғыс кезінде Франция жерін де, Париж қаласын да тастап кетпеуге бел байлағанын айтқанымызда, қала әкімі Жак Мартан мырза: “Бұл неткен адалдық, азаматтықтың тіл жетпейтін үлгісі ғой, Мұстафа Шоқай – ұлы тұлға екен, біз алдағы уақытта мұндай адамнан құрметімізді аямаймыз. Енді ғана Шоқайды да, қазақ халқын да түсіндім”, – деген еді. Бұл жерде атап өтер­лік жайт, Жак Мартан мырза 2001 жылы Ножандағы ескерткіш тақта орнатқандардың бірі болатын. Сол жолы біздің қазақ және француз тілде­рінде жасалған “Мұстафа Шоқай және Франция” тақыры­бындағы баяндамамыздан кейін қала әкімі: “Мен қалалық музейден Шоқайға орын беремін”, – деді.

Оларда екісөзділік жоқ, уәде бермейді, берсе орындайды. Осы, былтыр, атап айтқанда, 2008 жылы барып қала мұражайына арнаулы тақта орнаттық. Францияда өздері аса құрметтейтін адам болмаса, кез келген басқа елдің азаматына мұрағатынан орын бермейді. Егер жоғарыда айтқан Шоқай тұрған үйлердің бірін сатып алып мұрағатқа айналдырсақ, сонда бүкіл қазақ тарихы, руханияты шет жерде де бір биікке көтеріліп қалар еді. Оны айтасыз, ол қазақ жұртына шеттегі тұрағы болары сөзсіз. Оның үстіне Париж әлем өркениетінің соңғы дәуірдегі алтын діңгектерінің бірі ғой.

– Дамыған елдерде ұлтқа керекті істі тек мемлекеттің мойнына салып қоймай, халқым десе қабырғасы қайысатын жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, қалтасы қалың азаматтар өздері іске асырып, аруақ алдындағы қарызы мен парызын адалдықпен атқаратындарын естіп жүрміз. Әрине, аз да болса мәрттік танытып, еліне қолұшын беретіндер бізде де бар. Ал сіз тұрып жатқан Түркияда қандай?

– Елдік іс бөлініп, жарылмайды. Әр нәрсе ниетке байланысты. Шынында, біз ұлттық мәселелерді көбінде мемлекеттен күтеміз. Неге өйтпейді, неге бүйтпейді дейтініміз бар. Иә, мемлекет түркі халықтарында әке ретінде бағаланады. Баланың да әрдайым әкеден күтетіні көп. Бірақ бала өспей ме? Әкесіне көмектеспей ме? Әрине, әкенің бары жақсы. Дегенмен бар екен деп алақан жая беру жөн бе? Мемлекеттің шамасы қайсыбіріне келеді. Ұлтжанды азаматтар әр саладан мемлекетке көмектессе, әсіресе рухани құндылықтарды жаңғыртуға, мектеп салуға, тәрбие орындарын тұрғызуға қолұшын созса, бітпейтін іс бар ма? Жоқ. Түркияда бұл жөнінде жақсы үрдіс бар. Мемлекеттің таяуда игере алмайтын жұмысына бизнесмендер, қаржыгерлер араласып, өз аттарынан төрт құбыласы түгел мектептер салып, оны халыққа сыйға тартады. Бұны Алла алдындағы бір парызымның өтелгені деп біледі. Артынан мен өстідім деп міндет жасамайды. Мемлекет тек мұғалім жібереді. Олардың айлығын төлейді. Олар сонымен қатар, қайырымдылық ұйымдарын ашып, жағдайы келмеген студенттерге стипендия төлейді. Ғалым­дардың ғылыми еңбектерін жарыққа шығаруға қаржылай көмектеседі. Ұлттық мәні бар киноларға, басқа өнер туындыларына демеушілік жасайды. Жеке уни­верситеттер ашады.

– Біздің елімізде қазір мешіт салу бә­секеге айналып бара жатқандай. Оның өте қажет екеніне шүбәміз жоқ. Бірақ алдымен сол Алла үйіне баратын ұрпаққа білім беріп, бойына тәрбие дарыту керек секілді. Түркиялық бауырлардың игілікті ісі үйренетін үрдіс екен.

– Мешіт те салынады. Дегенмен Түркияда барлық істің атқарылуы ыңғайына байланысты. Басы мен аяғы жинақты болады. Жалпы, жерден шығатын кен байлығы, тағы басқа байлық деп жатамыз. Мен айтар едім, басты байлық – адам, оның ішінде елінің ертеңі саналатын – жастар. Бұған ешбір байлығыңыз жетпейді. Ендеше, қай-қайсымызда сол ұрпақтың түзу өсуіне, мемлекеттің мызғымас беріктігінің діңгегі болуына күш салсақ, жаһандануға төтеп береміз. Бұл жерде Алаш арыстарының ертеңшілдігін естен шығармасақ екен. Мен мұны неге бөліп айтып отырмын. Көріп жүрміз, Еуропа халқы қартайып барады. Ал түркі дүниесінде жастар мөлшері көп. Бұл бір жағынан – байлық, екінші жағынан – қауіп-қатер. Біз жастарды заманауи ұлттық біліммен қамтамасыз етіп ер жеткізсек, бой жеткізсек – онда бұл үлкен жақсылық болып саналады. Керісінше, оларға сондай толық білім, тәрбие бере алмасақ, қатер. Олар әрқандай жағымсыз әрекеттерге, қылмыстарға еріп кете береді.

Түркияда да, Еуропада да елдік іске сала-сала бойынша зерттеу орталықтары ашылған. Себебі, әлемді бес саусақтай біліп отыру керек. Соған қарай тірлік етуің қажет. Қазіргі заман ақпарат, мәлімет заманы. Оның тамырын тап басып отырмасаң, көп нәрседен құр қаласың. Ісің ілгері баспайды, басу былай тұрсын тоқырайсың. Ендеше, алдын ала зерттеулер жүргізіп отырған жөн. Осындай зерттеу орталықтарын шет елдерде ақшалылар ашады. АҚШ-та мыңдаған сондай орталықтар бар. Ата жұртымызда ондай зерттеу орталықтары онша көп емес секілді. Әлемде қаншама мәселелер бар. Соның бәрін аз орталық қалай зерттеп, зерделеп үлгереді. Менің топшылауымша, жүздеген орталықтар болу керек. Жоғары білім алған жастар сол жерде қызмет етіп, болжамдар жасауға үйренуі керек. Зерттеу орталықтарынан шыққандар ширақ келеді. Себебі, төрткүл дүниенің дамуы мен құлдырауын алақанындағыдай көріп отырады ғой. Ол оның әлемге деген көзқарасын қалыптастырады. Пікірін орнықтырады. Келешекке үңіледі. Оның ар жағында елдік іс жатады. Зерттеу орталығы бір жағынан тәрбие орны да. Ондай орталықта саясат, экономика, мәдениет қайнап жатады. Универси­теттік білім, теория тәжірибе орталығында піседі, жетіледі. Тың мәліметтермен толығады. Ақыл-ой жұмыс істейді. Жан-жақты ойлайтын азамат көбейіп, экономика да, саясат та дұрыс жүреді. Сондай зерттеу орталық­тарының мәліметімен ой санасын өсірмеген жас қарайып, қуыс кеуде болып қалады. Әлемдік дең­гей­дегі саясатты жүргізу – сол зерттеу орталық­тарының сұрыпталған мәліметіне тәуелді. Бұл барлық жағынан қателесуден сақтайды. Мемлекеттің де мықты болуы соған тікелей байланысты. Жалған мәлімет, айтыла салған негізсіз сөз бүгін жөн көрін­генмен, ертең шикілігі шығып сенімнен айырады. Ұятқа дұшар етеді. Ел тағдырын артқа сүйрейді.

– Тарих, тарихи дерек туралы не айтасыз?

– Тарихшы қолға қалам алып, тарих туралы ой толғағанда елімді танытсам, жоғын іздеп тапсам, кемін толтырсам дейді. Қазіргі мәлімет кезеңінде ең маңызды мамандықтың бірі – тарихшылық. Француз оқымыстысы Вольтер тарихшыларды жазғандары үшін емес, жазбағандары үшін соттау керек деген екен. Ұлтымыздың тарихын, мәдени құндылықтарын күндіз-түні тынбай жаза беруіміз, өзге елдерге таныта беруіміз керек. Мен дерексіз еш нәрсе айтпаймын. Шындығына келгенде, біз жазатын тарих та, тұлға да қазақтікі. Оны шынайы жазып танытпасақ, сенімнен айырыламыз. Жалған мақтау, өсіріп жазу опа бермейді.

– Сонда табылған деректің зердеден өткенін ғана қолданысқа енгізу керек дейсіз ғой.

– Әрине, дұрыс аңғарып отырсыз. Жалпы, жаңа табылған дерек шикі дүние. Оны алдымен танып, зерттеп, айналымға енгізу керек. Сол үшін біз студенттерге деректану деген сабақ оқытамыз. Онда дерек жалған ба, шынайы ма, соны айыру тәсілдері көрсетіледі. Екіншіден деректі қолдану, тұжырымдау бар. Онсыз дерек – шикі мұнай секілді. Өңдемей шикі мұнайды ұшаққа құйсаңыз, ұшақ ұша ма, ұшпайды. Тарихи дерек те сол секілді. Тарихшылар арасында әртүрлі пікірлер болып жатады. Ол қайдан туады? Деректі дұрыс танымаудан, тұспалмен қолдана салудан болады.

Шын тарихи зерттеу – тарихта қалады, тіпті классикалық шығармаға айналуы да мүмкін. Жалған атақтың да, жалған тарихтың да ғұмыры қысқа.

– Көп тіл білу туралы ойыңызды білсек деп едік. Өзіңіз қанша тіл білесіз?

– Мен қазақ, түрік, ағылшын тілдерін жақсы білемін, орыс, француз, неміс тілдеріне сөздіктерді қолданамын. Тарихты зерттеуге бет бұрдың ба, онда тіл үйрен. Мәселен, жоғарыдағы тілдерді білмей Шоқайды зерттеу мүмкін емес. Кейде біз белгілі тарихшылар неге ол кісіні зерттемеді деп кінәлаймыз. Оларда еш кінә жоқ. Орыс тілі мен қазақ тілін ғана білген адам Шоқайды толық зерттей алмайды. Оған қосымша түрік, француз, неміс, ағылшын тілін білуің керек. Онсыз Шоқайды толық білем деп тағы айта алмайсың. Және де араб әрпін де білуің керек. Өйткені, “Жас Түркістан” журналы араб әріпімен ортақ түркі тілімен шыққан. Сол тілді ұғу үшін қазақшаға қоса түрік, өзбек және ұйғыр сынды бір неше түркі тілдерін де білуің қажет.

ХХІ ғасырда жағдай біршама өзгеріп, тұрмыс жақсарады. Өйткені, бұрынғы заманда, яғни ХVІІ, ХVІІІ, тіпті ХХ ғасырда әлемнің ең бай адамдары зауыт, фабрика, бір сөзбен айтқанда, өндіріс иелері болатын. Қазіргі бай адамдар – шығармашылық саланың мамандары, ақыл-ойдың иелері. Бір мысал келтірсем, дүниежүзіндегі ой еңбегімен миллиардер болған Билл Гейтстің өзі неге тұрады. Сол сияқты ақыл-ойдың бастауымен жұмыс істейтін тарихшының да орны бөлек.

Осы орайда тағы бір мәселе, түркі елдерінде шығыстану институттары, зерттеу орталықтары бар. Оның да үлгісі батыс елдерінен алынған. Оған да қарсылық жоқ. Бірақ бізге керек “батыстану институттары” неге жоқ? Батыста жоқ нәрсе, бізде де жоқ болу керек пе?!

– Алдағы уақытта зерттесем, зердемнем өткізсем, сөйтіп қазақ халқына қажет тарихи дүниелерді жеткізсем деген мақсат-міндеттеріңіз аз емес шығар.

– Әрине, болады ғой. Менің бір арманым, қазақ халқының өткен ғасырдың 40-шы, 50-ші жылдары басқыншылыққа қарсы күрескен көрнекті батырлардың бірі – Оспан батыр өткен жолды жазып шықсам деген ой еді. Құдайға шүкір, бір жарым жылдай үздіксіз жұмыс істеп, ондай бір кітапты қазақ тілінде жазып шықтым. Бұл менің қазақ тілінде жазған тұңғыш кітабым. Бұған дейін шыққан 10 кітабым түрік тілінде жарық көріп еді. Оның бірегейі саналатын “Мұстафа Шоқай: өмірі, күресі” деген еңбегім 2004 жылы қазақ тілінде аударылып, Алматыда жарық көрді. “ Оспан батыр” атты кітабым таяуда Астанадан жарық көреді. ­

– Алдағы ой-жоспарыңыз?

– Түркі дүниесінің тағы бір тұйғыны Тұрғыт Өзалды жазып шығу. Ол – Түркия президенті ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне жасаған келелі істерімен танымал тарихи қайраткер.

Иә, абыроймен атқарсам деген бір мақсатты жұмысым және бар. Ол – ұлы жазушы, қазақтың кім екенін Кеңес заманында-ақ әлемге танытқан, Абайдың данышпандығы мен даралығын жеріне жеткізе сомдаған Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясын түрік тіліне аудару.

– “Абай жолы” бұрын түрік тіліне аударыл­ған ғой?

– Аударылған. Асығыстықтан ба, жұрт көңілінен шықпай қалды. Егер аударма жақсы болмаса, шығарма құнының төмендейтіні ақиқат. Бұл эпопея – біздің әдебиет пен мәдениеттің шыңы. Оның сондай екенін өзіміз танытпасақ, кім танытады. Түрік бауырлар кейде “Абай жолы” дейсіздер, аты дардай болғанмен онша емес қой”, – деп қалады. Ондай кезде құр сөзбен мынандай еді дегенмен кімді сендіре аласыз? Басында ұлы жазушының бұл дүниесін аудару жақсы ниеттен туған. Кейін аудару барысында кемшілік кеткен. Енді оны түзеп, ұлы эпопеяның ұлы екенін түрік туыстарға бүгін танытпасақ, кейін кеш болып қалады. Өзім бір жағы тарихшы болғанмен, екінші жағынан аудармашылықпен де айналысып келемін. Сол тәжірибемді қазақ жазушыларының классикалық туындыларын өзге жұрттарға таныту үшін пайдалансам деймін. Мәселен, өткен жылы “Қазақстан тарихы” деген кітапты түрік тіліне аударып, жарияладым.

– Дін бүтіндігі туралы ойыңызды білсек деп едік. Көп тіл, көп дін мемлекетке қауіп төндірмей ме?

– Сұрағыңыз өте күрделі екен. Көп тіл, көп діннің тамырын тап басып ұстап отыру, тек кемеңгерлердің ғана қолынан келетін іс. Тәуелсіз Отанымыздың іргесін мықты ұстау жолында қазақтың рөлі ерекше екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты айтып жүр. Мен соған қосыламын. Жер иесі, мемлекет иесі – қазақ халқы. Ол мейлі өз туған топырағында жүрсін, сыртта жүрсін мемлекетінің алтын діңгегі бола білуі керек. Діннің де діні бар. Өзге діндерді былай қойғанда, мұсылман дінінің ішінде де әртүрлі ағымдардың бел алып келе жатқанын көріп жүрміз. Бұған да аса сақтықпен қарау қажет. Ең қауіптісі, өзге дінге өтіп кеткен өз ұлтыңның өкілдері дер едім. Өйткені, олар ашулы келеді. Бір мысал келтірейін, өткен ғасырда баяғыда христиан дініне өтіп славяндық болып кеткен бұлғарлар (1967-1970 жылдары) түрік бауырларына қысым көрсетіп, ата тегін өзгертуге күштегені бар. Міне, өз дінінен кеткендер ашулы болады деуім сондықтан. Дін өзгерген жерде ұлттық ерекшелік те өзгереді. Өзге дінді қабылдаған адамдар сол елге бейімделіп кетеді. Сондықтан дін мәселесі мен тіл мәселесіне еш уақытта солқылдақтық жарасқан емес. Егер сондай былық-сылыққа барсақ, оның аяғы зардапқа ұрындыруы мүмкін. Қазір орыс тарихшылары өзі бетімізді тырнасақ, арғы жағынан татарлардың беті көрінеді дейді. Олар қалай орыстанды, алдымен христиан дінін қабылдады. Одан арғысы белгілі.

Әлемдегі соңғы дін – мұсылман діні. Бұл діннің тазалығы жөнінде әлемге әйгілі ұлылар айтқан да, жазған да. Тіпті, арылу үшін осы дінге кірген де. Қазір ең кәміл дін мұсылман діні болып отыр. Мен Түркиядағы дін жайынан айтар болсам, онда арнаулы дін басқармасы, оның бюджеті, имамы, арнайы оқу орындары бар. Дін иелері иманды, ибалы болуы керек. Оларға қарап, жұрт бой түзесін, үлгі алып жүрсін. Аңқау елге арамза молдадан мүлдем құтылу керек. Сонда діннің қадірі артады, мәңгілігі сезіледі.

– Данышпан Абайдың: “Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады. “Һай-һай!” менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді” деуі тегін болмаса керек.

– Абайға мен не алып-қосамын, тура айтып отыр. “Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?” дейтіні және бар ғой.

– Бір отбасының адамдары әр түрлі дінге кіріп, бүлініп жүргендер бар. Оны жолға қоюға бола ма?

– Ондай болып жатса, ол – ұлтқа қасірет, ұрпаққа сор болады. Олар күні ертең бір кіндіктен жаралғанымен, бір-біріне ата жау болып шығып, атысып-шабысуы мүмкін. Ондайдан сақтану керек, бауырлар! Олар қазір елеусіз көрінгенмен, тамырын терең жайса күш бермей, ырық бермей әуреге салады. Сыртыңды көрсеткенмен ішіңді ешқашан беруге болмайды. Ішіңе кірсе, талқандауға талпынады, Құдай оның бетін аулақ қылсын. Сондықтан біздер, Шәкәрім қажы мен Ахат қажының мұсыл­маншылық жөніндегі еңбектерінен сабақ алып, ұрпақты түзу жолға салып, түзең жерге топтастыруымыз керек.

– Шеттен келген миссионерлерге өзге елдердің көзқарасы қандай?

– Еуропада таза өз дініңді ұстасаң еш қарсылық жоқ. Мектепте де кең қарайды. Егер мектепте христиан діні уағыздалатын тұста мұсылман балаңның сабақтан шығып кетуіне құқысы бар. Ол балаға тамағын бөлек береді. Дегенмен, дін уағызына тәртіп бөлек. Мешіт салудың өзіне оңай-оспақта келісім жоқ. Азан шақыртпайтыны және бар.

Иә, ұлтты жат қылықтардан құтқаратын – рухани құндылықтар. Дүние жүзіндегі өркениетті елдердің ізгі ниеттілері осы рухани құндылықтарға арқа сүйеп отыр.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Авторы: Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *