Шоқай туралы шындық

Мұстафа Шоқайды «халық жауынан» халық қаһармандығына көтерген процесс қазақ зиялыларының батыл әрекеттерінің арқасында жүзеге асты. Жоғарыда айтылғандай, ресми тілде жазылған басылымдарды оқыған адам «Шын мәнінде Мұстафа Шоқай кім?» деп екі ойлы болары анық. Осы сұрақты Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қараға қойған едік. 
– Шоқай – Қазақстан ұлттық мемлекетінің тарихи тұлғаларының ішіндегі ең көрнекті есімдердің бірі. Шоқайдың күресі мен идеялары Қазақстанның тәуелсіздік тарихының маңызды бір бөлегін құрайды. Кеңестік Қазақстанның ресми тарихында тыйым салынған тек Шоқай мен ол құрғысы келген Түркістан автономиясы ғана емес, Алашорда қозғалысы мен жетекшілерінің қызметтерін айтуға да тыйым салынды. Алаш қозғалысының жетекшілері билік большевиктер қолына өткеннен кейін Шоқай секілді шетке шығып күрес жүргізген жоқ. Олар большевиктермен бір жолды таңдап, Қазақстанда кеңестік басқару жүйесінің ұлттық сипат алуына маңызды үлес қосты. Алашордашылар, әсіресе оқу-ағарту, ғылым және өнер салаларында үлкен еңбек сіңірді. Соған қарамастан 1925 жылдан бастап, Алашорда мүшелері кеңестік әкімшілік органдарының қудалауына ұшырай бастады. 1930-1932 жылдарда Алашорданың белсенді мүшелері халық жауы немесе шетелдердің тыңшылары деген айыптармен жер аударылды немесе өлім жазасына кесілді. Бұл нәуметтен аман қалғандары 1937-1938 жылдардағы репрессияға ұшырап, қырылды. Алашорда қозғалысы мен оның жетекшілері туралы зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазуға да 1935 жылдан бастап тыйым салынды. Мұстафа Шоқайға қарсы кеңестік насихат 1968 жылы шарықтау шегіне жетті. Сол жылы КГБ офицері Серік Шәкібаевтың Шоқай туралы жазған «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты повесі жарық көрді. Деректі мазмұндама ретінде жарық көрген бұл шығарма Шоқайды басын сауғалаған, шен-шекпен үшін елін нацистерге сатқан опасыз ретінде көрсетуге бағытталды дейді Әбдіуақап Қара. 
Кеңес дәуірінде Шоқай туралы тыйым салынбаған дара басылым болып табылатын бұл повесть Шоқайдың нацистердің түрмесінен фашистік Германияның Шығыс министрі Альфред Розенбергке хат жазуымен басталады. Хатында Шоқай Түркістанды тек Германияның құтқара алатындығына сенетіндігін, сол себепті тұтқынға түскен түркі тектес кеңес әскерлерінен көмекші отрядтар жасақтап, неміс армиясына көмектескісі келетіндігін білдіреді. Осылайша, Шоқайды фашистік билік астындағы Түркістанға басшы болу үшін елін нацистерге бодан етуге тырысқан сатқын ретінде көрсетуге бағытталған оқиғалар тізбегі өрбиді. Повесть бойынша Шоқай жақын серігі Уәли Каюм Хан берген удан өліп, «сазайын» тартады. 
Шәкібаевтың повесін құжаттарға сүйене отырып жазғандығы рас болғанымен, пайдаланған деректеріндегі қателіктер оны жаңсақ оқиғалар құрастыруға жетеледі. Шәкібаев күмәнді кеңестік деректерді қолданды. Бұл деректердің көпшілігі соғыстан кейін кеңестерге қайтарылған легион мүшелерінің МҚК тергеуіне берген жауаптарының хаттамалары еді. Тергеуде қысым астында әскерлерден алынған мәліметтердің көпшілігі шындыққа сай келмейді. Повесте шындыққа қайшы келетін көптеген мәліметті кездестіруге болады. Мысалы, повестің басында Розенбергке хат жазған Шоқай бір жылдай түрмеде отырады. Алайда Шоқай ешқашан түрмеге отырмаған. Шоқай тек үш аптадай Париж маңындағы Компиен лагерінде тұтқында болған. Ол жер де түрмеден гөрі оқу лагеріне ұқсайтын. Сонымен қатар ол кезде әлі Шығыс министрлігі құрылмаған болатын және Розенберг де министр емес еді. Повесте Шоқайдың Петербургте заң факультетінде, Керенскиймен бірге оқығаны айтылады. Шындығында екеуінің бір уақытта студент болулары мүмкін емес. Шоқай Петербургке келгенде Керенский оқуын бітіріп кеткен болатын. Өйткені 1881 жылы 22 сәуірде туған Керенский Шоқайдан 11 жыл бұрын Петербург университетіне түскен. 
Кітапта Шоқайдың ағылшын тыңшыларымен жұмыс істегені алға тартылады. Шоқайдың ешбір елге тыңшылық істемегені белгілі. Автор Мұстафаның Еуропаға жұбайы Марияның қалауы бойынша келгенін алға тартады. Ал оның Еуропаға өз ықтиярымен саяси күрес жүргізу үшін келгендігі Шоқай туралы зерттеулерде бүгінгі күні нақты мәлім болып отыр. Аталған кітапта Уәли Каюмның Шоқайға «Яш Түркістан» журналын шығаруға көмектескені айтылады. Бұл сөздің де қисыны жоқ. Өйткені Шоқай «Яш Түркістан» журналын шығарып тұрған жылдарында (1929-1939) Уәли Каюмды танымайтын. Олар журнал тоқтағаннан кейін, соғыс жылдарында танысады. Түркістан легионы туралы Шоқайдың айтқандығы туралы ешқандай мағлұмат жоқ. Керісінше Шоқайдың нацистік тұтқын лагерлерінде алғаш рет болғаннан кейін тұтқын әскерлердің майданнан қайтарылуы және оқуға жіберілуі туралы ұсыныстар жасалғандығы жөнінде мәліметтер сақталған. Сондай-ақ Шоқай легион жобасына қарсы болған. Сол себепті қайтыс болады. Автордың пікірінше, Шоқай ағылшындармен келісе алмағандықтан тұтқындалған. Бұл да қате. Шоқайдың тұтқындалу себебі – тек кеңестерге қарсы болуы еді. Шығармада Шоқайдың легионерлерді ұйымдастыру ісіне бар жан-тәнімен кірісіп, бұл істің жауапкершілігін мойнына алғаны жазылады. Ал дерек бойынша, Шоқай фашистермен әскери салада ынтымақтасуға үзілді-кесілді қарсы болған. 
Шығармада Зәки Уәлиди Парижге алғаш рет 1937 жылы келеді және оны Берлинге алып барып, Ғалимжан Идрисимен бірге «Яш Түркістан» журналын шығару ісін тапсырады. Уәлиди Ыстамбұлға кеткенге дейін Идриси екеуі журналды шығару ісіне жәрдемдеседі. Бұл пікірлердің шындықпен ешқандай байланысы жоқ. Уәлиди Парижге алғаш рет 1937 жылы емес, 1922 жылдың соңында келген. Кейін Түркияға кетіп қалады. «Яш Түркістан» журналына оның қатысы жоқ. Кітапта Шоқайдың өлімінен кейін түркістандық босқындардың Зәки Уәлидиді Түркістан Ұлттық Комитетіне жақындатпағаны туралы пікір айтылады және 20 мамыр күнгі (жылы көрсетілмеген) ТАСС хабар агенттігінен үзінді алынып, түрік полициясының фашистік ұйым мүшелері Нихал Атсыз, Оғуз Түрккан және Зәки Уәлидидің үйлеріне тінту жүргізгеніне тоқталады. Жазушы бұл жерде де шындықтан алшақтаған. Уәлиди соғыс кезінде Германияда мүлде болмаған. Бұл жерде жазушы жылын көрсетпей, тек 20 мамыр деп атаған оқиғасы 1944 жылы болған. Сөйтіп, ол оқиғаның жылын көрсетпеу арқылы оқырманға Түркістан Ұлттық Комитетімен Зәки Уәлиди арасында байланыс болғандығын көрсетуге тырысады. Идрис Ғалимжанға қатысты жазғандары да шындыққа жанаспайды. Оның не Шоқаймен, не «Яш Түркістан» журналымен байланысы болған жоқ. 
Егер деректерге сүйенсек, бұлардың барлығы легионда қызмет атқарған адамдардың ойдан шығарған аңыз-әңгімелері ғана. Бұлар Шоқайдың қашан өлгендігі туралы да нақты ештеңе білмейді. Сол себепті Шәкібаевтың романында 1941 жылы желтоқсанда қайтыс болған Шоқай 1942 жылдың наурызында әлі тірі жүреді. Тұтқындар лагерьлерінде болған Қарыс Қанатбай Шоқайдың өлімі туралы хабардың өздеріне сәуір айында жеткендігін айтады. Қысқасы деректі повесть деп көрсетілген шығармада пайдаланған деректердің қате болуына байланысты жазушы шындықтан алыстап кеткен. Жазушының Шоқай қызметтеріне кеңестік идеология тұрғысынан баға беруге тырысуы оның адасуын одан әрі тереңдете түседі. Шәкібаевтың кейіннен орысшаға аударылған повесінің Шоқайдың нацистермен ауыз жаласқан сатқын екендігі жөнінде халық арасында жаңсақ ұғым қалыптасуына елеулі қызмет атқарғаны күмәнсіз. Сонымен, Шоқайдың саяси қызметтері мен басылымдарынан Түркістан халқына қарсы ешқандай бір мін таба алмаған кеңестік үгіт-насихат аппараты Шәкібаевтың жалған деректерге негізделген шығармасы арқылы діттеген мақсатына қол жеткізді деп айтуға негіз бар. 
– Мұстафа Шоқайдың «екінші отаным» дейтін Францияның астанасында өткен жылы туғанына 110 жыл толуына байланысты саябақ ашылып, мүсіні қойылды. Бұл елдің өркениеттілігінің белгісі. Енді, оның бірінші Отаны Қазақстанда да халқы құрмет көрсететін уақыт жеткен сияқты. Бүгінде Қазақстан тәуелсіздігінің және дамуының символына айналып отырған Астанада Шоқай және бүкіл Алаш тұлғаларына арнап мұражай ашу, бір даңғыл көшеге Мұстафа Шоқайдың атын беру және қайраткерге ескерткіш орнату әділеттілік пен өркениеттіліктің белгісі болар еді, – дейді Әбдіуақап Қара. 
Шоқайдың отаны үшін жасаған қызметтерінің анық көрініп тұрғанын және ешкімнің қорғауына мұқтаж еместігін Әнуар Әлімжанов кезінде «Мұстафа Шоқай!.. Ол кім?» деген мақаласында мына сөздермен жеткізген екен: «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығармаларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде». 

Әлия ИБАКОВА

 

 

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=12160

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *