ҚАЗАҚ КӨШІНІҢ 65 ЖЫЛДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮРКИЯДА ҚАЗАҚ САЯБАҒЫ МЕН МУЗЕЙІ САЛЫНУДА

Түркияның Ақсарай қаласына қарасты Сұлтанханы аудан әкімдігінің қазақ тарихы мен мәдениетінің таныстырылуы үшін арнайы бөлген 3500 шаршыметрлік саябаққа бетоннан салынатын қазақ үйі пішіміндегі Қазақ Музейінің ірге тасы 2017 жылы, 15 қыркүйек күні қаланды.

Орталығы Ыстамбұлда болған Қазақ білім және зерттеу қоғамының төрағасы Серқан Дініштүрік пен Сұлтанханы аудан әкімдерінің орынбасарлары Хасан Темел мен Фатих Ағыр да қатысқан ірге тасын қалау рәсімінен кейін құрылыс машиналары жұмысқа кірісіп кетті.

Қоғам төрағасы Серқан Дініштүріктің айтуына қарағанда, Сұлтанханы аудан әкімі Фахри Солақтың қамқоршылығында Қазақ саябағы мен музейінің құрылысы бір ай ішінде бітіріліп Түркия Республикасының 94. жылдығы мерекеленетін 29 қазан күні тұсаукесері жасалмақ. Тарихи жібек жолы бойындағы Ақсарай қаласында 1229 жылы Селчұқ мемлекеті кезінде салынған атақты Сұлтан Хан керуенсарайына 250 м. жердегі саябаққа шетелдік туристтердің көптеп келуі күтілуде.

Музейде әсіресе Түркия қазақтарының көш тарихы мен мәдениетіне қатысты бұйымдарға орын берілмек. Белгілі болғанындай, осыдан 65 жыл алдын, атап айтқанда 1952 жылы Пәкістаннан Түркияға қоныс аударған қазақтардан 60 отбасы Ақсарай Сұлтанханына қоныстанған болатын. Күн көрудің қамымен қазақтар кейін Ыстамбұлға және Францияның астанасы Парижге көшіп кетуге мәжбүр болған. Алайда Сұлтанханында қазақтардың 1968 жылы салған “Түркістандықтар Мешіті” 1974 жылы жан жақты жөндеуден өткеннен кейін қазірдің өзінде мұсылмандарға қызмет көрсетуін жалғастыруда.

Саябақ пен музейдің бүкіл шығындарын Түркия мен Франциядағы қазақтар көтеруде. 29 қазан күнгі тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Анқара елшісі Абзал Сапарбекұлы сондай-ақ Қазақстаннан мәдени орындардың өкілдері де қатысады деп күтілуде. Осында игі іске мұрындық болған, еңбегі өткен бүкіл азаматтарға алғысымды білдіремін.

Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан
көркем өнер университетінің профессоры