ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ КОММУНИЗМ

Вячеслав Артемьев: Жеке көзқарасын айтуға, баға беруге әркімнің құқығы бар. Өз басым саясаткерлердің сөзіне көп мән бермеймін. Елең қылмаймын. Егер мынадай бір жайт болмаса… Меніңше, интернациона­лис­тің аузынан осындай сөздің шығуы – біршама түсініспеушілік тудыратын жайт. Бұлай деуге не түрткі болуы мүмкін? 1991 жылғы оқиға Қазақстан үшін бірінші рет қол жеткізілген тәуелсіздік, егемендік емес. Өйткені, КСРО құлап, онсыз да егеменді, дербес 15 мемлекет тарап кетті. Бірақ есепті неге 1991 жылдан бастап бастау керек екенін мен түсінбеймін. Неліктен 1920 жылдың тамыз айынан немесе Қазақ АКСР-нің өз алдына дербес мемлекет болуының құқықтық-заңдық негіздері қаланған 1936 жылдан бастамасқа?

Айдос Сарым: Қазақстан КСРО-ның да отары болды деген пікірмен келісесіз бе?
Вячеслав Артемьев: Жоқ.
Айдос Сарым: 1917 жылға дейін ше? 
Вячеслав Артемьев: 1917 жылға дейін патшалық Ресейдің құрамында болғанын қалайша жоққа шығарасың? 
Айдос Сарым: Мен сізбен жалғыз ғана келісетін тұсым – біздің тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміз  1991 жылмен өлшенбейді. Қазақ халқының тәуелсіздік тарихы 1456 жылы қазақ хандығы құрылғаннан бастап есептесек, экономистеріміздің айтып жүргенінен, тіпті Ресей империясының тарихынан да көнерек. 
Қазір біз басымыздан өткеріп жатқан түйткілдер коммунистік кезеңмен тікелей байланысты. Сол кездегі құндылықтар, әдіс-тәсілдер, психология әлі күнге дейін бізге еркін тыныстауға кедергі жасап отыр. Елімізге тарихи тұрғыдан жағымсыз салдарын тигізіп келеді. Қазақстан ХХ ғасырда ашаршылық және басқа да тарихи оқиғаларға қатысты нәубетті басынан кешірді. Сондықтан коммунистердің, жалпы коммунистік идеологияның саяси және тарихи жауапкершілігі туралы мәселе күн тәртібіне қойылуы керек. Коммунизмнің қазіргі келбеті фашизммен тең. Осы тақылеттес баға алуы қажет. 
Егер сіз Президенттің «Қазақстан түркі халықтарының конфедерациясы немесе одағы ретінде дамуы керек» деген сөзіне қарсы шықпайтын, дау айтпайтын болсаңыз, онда еліміздегі коммунизм туралы, «Тәуелсіз ел ретінде қалай дамуымыз керек, Ресеймен қандай қарым-қатынас орнатуға тиіспіз?» – деген сауалдар төңірегінде пікір таластыруға болар. 
Вячеслав Артемьев: Ресеймен арадағы жағдай саяси ортада немесе қоғамда кері пікір туса, онда бұл міндетті түрде бағытымызды түркі әлеміне бұру керек деген сөз емес. Өйткені, 70 жылдық тарих қарапайым қазақстандықтардың санасында мықтап бекіген. Сол кездегі құндылықтар мен артықшылықтарды жоққа шығаруға болмайды. Ол тайға таңба басқандай айқын. Оның жемісін әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. Кеңес Одағы тұсындағы 70 жылдық кезеңді бірыңғай қара түспен, түнек, қасірет ретінде қарастыру – әділетсіздік.   
Социализм Қазақстанды «ғарыштық» биіктікке көтерді, гүлденді, табысты болды. Мәдени, экономикалық, саяси, әлеуметтік құндылықтар әлі күнге дейін адам үшін маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақстандықтардың көпшілігі социализм жағдайында өмір сүргісі келеді. Онысын жасырмайды да. Ресеймен де, өзге де бұрынғы кеңестік республикалармен де тығыз қарым-қатынаста өмір сүруді жақтайды. 
Біріншіден, түркі әлемімен одақ құрудың шынайы сұлбасы – неғайбыл нәрсе. Екіншіден, ол одақ құрылған күннің өзінде бауырлас кеңестік республикалардың одағынан оның артықшылығы бола қояды дегенге сену өте қиын.  
Айдос Сарым: Мен жеке басыңызға қатысты бір сұрақ қояйын. Мәселен, мен сіздің туыстарыңыздың жартысын өлтіріп, қолымды қанға боядым дейік. Сосын мен сізге университетке түсуге, әжеңіздің құяңын емдеуге, балаңызды Мәскеуде оқуға көмектестім дейік. Айтыңызшы, сонда сіз мені жақсы көрер ме едіңіз?


Вячеслав Артемьев: Нені меңзеп тұрғаныңды білемін. Бірақ Қазақстан аумағында болған тарихи нәубеттерді жеке басқа бұлай көшіріп әкелу жарамас. Ашаршылық жылдардың қасіреті кеңестік билік пен коммунистік партияның саналы, мақсатты түрде жүргізілген саясатының жемісі емес деп есептейміз. 
Айдос Сарым: Партияңыз «сталинизмді» айыптады ма?
Вячеслав Артемьев: Біздіңше, айыптайтындай дәнеңе жоқ. Әрине, мінсіз билеуші, мүлтіксіз мемлекет болмайды. Кеңестік билікке ауыр айып тағуға болар. Алайда, жаңа өркениеттің алғашқы қарлығаштарының қателіктерге ұрынуы – қашып құтыла алмайтын дүние. 
Айдос Сарым: Миллиондаған халық аштықтан қырылып, түрмеге қамалып, өлтіріліп жатса, оны статистикалық қателік деп атау барып тұрған оңбағандық емес пе? Өз басым социалистік идеяларды теріске шығармаймын. Қажетті нәрсе. Көп елдерде, мәселен, Швецияда жақсы нәтиже берді. Бірақ Швеция дені дұрыс қоғам құру үшін жергілікті халықтың 60 пайызын қырып тастаған жоқ. Буденныйдің рейдтері болды, бүкіл бір отбасы, бүкіл бір ауыл жер аударылды, пулеметпен атты. Мұны керемет саясат деп ойлайсыз ба? 
Коммунизм, қандай кейіпте болсын, Қазақстанда өмір сүруге тиісті емес. Өйткені, идея ретінде бастапқыда дұрыс та болған шығар, бірақ идеология ретінде ол – қылмыстық идеология. Мәселен, мен сіздің үйіңізді сырлаймын деп байқамай өртеп жіберсем де, мен қылмыскер болып есептелемін. Түрмеге отырғызады. 
Бұл қырғынның түп төркіні мынада: 1935 жылға дейін кеңес өкіметі қазақ жерінде сенімді билік құрған жоқ. Көтеріліс көп болды. Жұмысшы-шаруа инспекциясының 1930-34 жылдары Мәскеуге жіберген құжаттарын оқысаңыз, қазіргі Шешенстанды есіңізге түсіреді. 
Ал түркі бірлігіне келсек, алдымен мынаны түсініп алайықшы. Қазақ-орыс қарым-қатынасы ежелден бар. Иә, тамыры терең. Ал түркі бауырластығы болса, бұдан әлдеқайда көне. Біз неге 80 жылдық тарихқа ғана сүйеніп, мың жылдық тарихты ұмытуымыз керек? Біздің бәріміз бір тамырдан өрбігенбіз. Тіліміз, дініміз бір. Қазақстан мен Ресей – құдай қосқан көрші. Қандай жағдайда да, қарым-қатынас жасауға мәжбүрміз. Бірақ Ресеймен қарым-қатынас жасау үшін неге басқа мүмкіндіктерді жоққа шығаруымыз керек? 
Біздегі мәселе – еліміздегі орыстілді тұрғындар мен ресейлік қоғамдық пікір тарихи, геосаяси, қисынды қарым-қатынас орнатуды өзіне қарсы шығу ретінде бағалайды. Ресей саясаты үлкен дертке шалдыққан: «менімен дос болсаң, жақсысың, менімен дос болмасаң, жаусың». 
Вячеслав Артемьев: Ресей саясатына қатысты қаупіңізді айтып жатырсыз. Оған біздің қатысымыз қанша? 
Айдос Сарым: Сіздер де соны айтасыздар. Түркі одағы неғайбыл дейсіз. Неге? Мен де Қазақстан мен Ресей одақтастығы бұлыңғыр нәрсе деп те айта аламын. 30-40 жылдан кейін еліміздегі орыстардың саны 3-4 пайыздан аспайды. Сонда, не болмақ?  
Вячеслав Артемьев: Қорқатын түк те жоқ. 1917 жылы да орыстар соншалықты көп болмаған. Социалистік идея жеткенде, әрине, қазақ ойшылдары оны қабылдамаған еді. Бұл – түсінікті жайт. 30-жылдардағы көтеріске келсек, фактілер сенің айтқандарыңа кереғар. Ол рас болса, 1941 жылы сен айтқан көтерілісшілердің айы оңынан туар еді. Онда неге 500 000 қазақ көтеріліске емес, соғысқа аттанды. Неге олардың бәрі Мұстафа Шоқайдың отрядтарына барып қосылып кетпеді?

Айдос Сарым: Қалай қосылмады дейсіз? Онда 100 000 адам болды. 
Вячеслав Артемьев: Олай болса, бергі жағындағылардың санын айтып жіберіңізші? 
Айдос Сарым: Тұтқынға түскендердің көбі Мұстафа Шоқай жағында болды.

Вячеслав Артемьев: Көбі емес. Солардың өзі алғашқы мүмкіндік туғанда бергі жаққа қайтып оралды. 
Айдос Сарым: Қазақстан қайда? Майдан қайда? Қазақстан Украина секілді жақын тұрса, бәрі басқаша болар еді.
Вячеслав Артемьев: Мұстафа Шоқай географияны жақсы білді. Лагерьлерден өз пікірлестерін тапқысы келді. 
Айдос Сарым: Тапты!
Вячеслав Артемьев: Саусақпен санарлықтайын ғана. Қазақстанға десант ретінде түсірілгендерді қазақ қойшыларының өзі ұстап берді. Халықтан қолдау тапқан жоқ.  Меніңше, қарапайым қазақ кеңес билігін өз билігі ретінде қабылдады. Ең бастысы – осы.
Айдос Сарым: Қашан?
Вячеслав Артемьев: 70 жыл бойы. Қарапайым қазақтар өз еркімен шетелге кеткен жоқ. Байдың жетегінде кетті. Шетелге ауылдың бар малын айдап кетті. Қазақ халқын аштыққа ұшыратқан осы – байлар. Ең басты себебі де сол. 
Айдос Сарым: Тарихи құжаттар, айғақтар бар. Мәселен, Мирзоянның телеграммасы, Сталин мақұлдаған партия бюросының шешімі бар. Малын тартып алып, ешқайда көшпейсіңдер деп әмір етті. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар». Олар жайлы өмірден қашқан жоқ. Жаппай канибализм көрініс берді. 
Вячеслав Артемьев: Ашаршылық жылдары бір бес жылдықта үш жыл қатарынан құрғақшылық болды. Бұл түбегейлі шаруашылық өзгерісімен, отырықшылыққа көшу кезеңімен тұспа-тұс келді. Табиғаттың да кесірін тигізгенін айта кеткен жөн. 
Айдос Сарым: Шешендерді, қырым татарларын міндетті түрде көшіру керек пе еді?
Вячеслав Артемьев: Бұл жеңістің кепілдерінің бірі болды. 
Қоғамда біздің ұстанымды қабылдай алмайтын өзің сияқты тұлғалар аз емес. Біз өз көзқарастарымыз бойынша қоғамда өмір сүреміз. Біз қазір азбыз. Сіздер бізді айыптайсыздар, түсінбейсіздер, жек көресіздер. Оған да мақұл дейік. Бірақ біз өз көзқарасымызға берікпіз. Бір ғана сот бар. Ол – уақыт пен тарих. 
Айдос Сарым: Иә, 3-4 жыл ішінде өмір өзгереді. Еліміз де өзгереді. Ешкімді ешкім қуғындамайды. Бірақ, парламент деңгейінде осы идеология қылмыстық идеология ретінде танылған шешім қабылданады. Бұл еліміздің бодандықтың, тоталитаризмнің сарқыншақтарынан құтылып, дертінен айыға бастағанының бір нышаны болмақ. 
Шешендердің, қырым татарларының бәрі бірдей фашизмді қолдаған жоқ. Кеңес Одағының батыры атағын алған ұшқыш қырым татары бар. Онда неге «мына адам фашистерге көмектесіп жүр, мына адам – комсомол» деп аражігін ажыратпады? 
Вячеслав Артемьев: Ел тағдыры тарихтың таразына түскенде, сол елді құтқарып қалу үшін құрбандыққа баруға тура келеді. Аталған халықтардың арасында адал, патриот адамдар болды. Бірақ ол кезде аражігін ажыратып отыруды уақыт көтермеді. Мүмкіндік болмады. 
Айдос Сарым: Отар елдің шарттарын атап беріңізші?
Вячеслав Артемьев: Әкімшілік сырттан тағайындалады. 
Айдос Сарым: Қазақ КСР-інің басшыларын Мәскеу тағайындаған жоқ па?  
Вячеслав Артемьев: Қазақстанның конституциясы, әнұраны, жоғарғы органдары, шекарасы, салығы болды. Өз бюджетін өзі игерді. 
Айдос Сарым: Онда неге Қонаев пен Назарбаев әр иілген сым темірдің, әр салынып жатқан аурухананың мемлекеттік жоспарын алып, Мәскеуге барып жүрді? Сіз айтқан нәрселер жай бүркемелеу ғана еді. Кеңес Одағы патшалық Ресейдің отарлық саясатын жалғастырды. 
Вячеслав Артемьев: Экономика, мәдениет, өнер, спорт, денсаулық сақтау саласы, ағартушылық, білім, ғылым барынша өркендесе, бұл қалайша патшалық Ресейдің отарлық саясатын жалғастыру болмақ?    
Айдос Сарым: Патшалық Ресей теміржол мен аурухана салмаған ба екен? 
Мәселен, Оңтүстік Қазақстандағы темір жол стансалардың дені сол патшалық дәуірде салынған.
Біріміз – қазақ ұлтшылы, екіншіміз – коммунист ретінде ешқашан тіл табыса алмайтынымыз анық.  
Вячеслав Артемьев: Дұрыс айтасың. Біздің дүниетанымыз жағынан мүлде үйлеспейміз. Тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде солай. Коммунизм басқа қоғамдық пікірлермен мүлде қабыспайды.
Айдос Сарым: Оның секта болғаны ма, сонда?
Вячеслав Артемьев: Неліктен секта дейсіз? Коммунизмнің ерекшелігі осында. Біз – әлемдік ағымның өкілдеріміз. Көп елде социализм ешқашан болған емес, болмайтын да шығар. Әйтсе де, ол жақта ондаған жылдар бойы коммунистік партия өмір сүріп келеді. Тіпті, кей елдерде қатты қуғындалып жатыр. Сонда да коммунистік идея, партиялар құрдымға кеткен жоқ. Жасырын болса да, жұмыс істеуде. 
Айдос Сарым: Бұл жерде өзімнің арманымды айта кеткім келіп тұр. Шын көңіліммен сізге ұзақ өмір, мықты денсаулық, бақыт тілеймін. Және сіздің іс-әрекеттеріңізге, коммунистік жобаларға заң жүзінде тыйым салынған саяси соттың куәгері болғаныңызды көргім келеді. 
Вячеслав Артемьев: Жүз жасағаныңды қалаймын. Бірақ сен оны мүлде көрмейтін боласың.  
Айдос Сарым: Бұл сотта куәгер, айыптаушы болып қатысамын. 
Вячеслав Артемьев: Оған күмәнім бар. Бір ғана шек келтірмейтін нәрсе – түбі бір интернационалдың салтанат құратыны.

Жазып алған Шадияр Өстемірұлы

“Жас қазақ” газеті

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *