«Түркі тілдес, түгел бол!» – деп ұран тастаған Тұрар Рысқұлов туралы екі кітап Түркияда жарық көрді

Ыстамбұлда биыл тамыз айында жарық көрген Қақынштың кітабы «Қызыл жебе» Рысқұлов. «Ұлттық коммунизмнің» Сұлтанғалиевтен кейінгі екінші ұлы жетекшісінің шынайы өмірі» деп аталады. 416 беттен тұратын кітап В.Устинов, О.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин, Ш.Мұртаза сынды рысқұловтанушылардың еңбектеріне негізделгенмен, басқа да көптеген зерттеушілердің еңбектері мен архив деректері пайдаланылған. Автор қазақша еңбектерді түрік тіліне аударып бергені үшін ТАСАМ (Түркия – Азия Стратегиялық зерттеулер орталығы) үйлестірушісі, Орталық Азия маманы, қазақ қызы Алмагүл Исинаға ризашылық білдіріпті.

 

Қақынш кітабының кіріспесінде осы еңбекті жазу себебіне тоқтала келіп, түркі дүниесінде Мирсаид Сұлтанғалиев атының жақсы мәлім екенін, бірақ онымен бір деңгейдегі Рысқұловтың Түркиядағы социалистік көзқарастағы зиялыларға беймәлім болып келе жатқандығын айтады. Түркі дүниесіндегі ұлттық коммунизм ағымының Молланұр Вахидов, Мирсаид Сұлтанғалиев, Нариман Нариманов сынды жетекшілерімен бір қатарда тұрған қазақ қайраткерінің өмірін, саяси іс-қимылдарын, сондай-ақ, трагедиясын кейде тарихи деректермен, кейде роман тілімен баяндамақ ниетін білдіреді.

Түркияда Рысқұлов есімі Мирсаид Сұлтанғалиев, Нариман Нариманов және Мұстафа Сұпхимен бірге аталады. Бұлар сенімді коммунист бола тұра, түркі дүниесімен ынтымақтастық туған халықтарының тағдырына оң әсер етеді, жақсылық әкеледі деген ойдың жетегінде болды.

Коммунизмді шығыс халықтарын империализм бұғауынан құтқарудың бірден-бір тиімді жолы ретінде таңдаған М.Сұлтанғалиевтің пікірінше, түркі елдерінде өндіріс дамымағандықтан, жұмысшы табы қалыптаспаған. Сол себепті түркі елдерінде езілген жұмысшы табы жоқ, бірақ езілген түркі халықтары бар. Демірхан Фахри Ердемнің «Езілген халықтардың теоретигі және стратегі Сұлтанғалиев» деп аталатын мақаласында атап көрсетілгеніндей, Сұлтанғалиев марксизмнің Еуропа қоғамындағы буржуазия мен пролетариат арасындағы күресінің орнына түркі халықтары мен шығыс халықтарының қоғамдарындағы отаршылдар мен отар¬ланушылар арасындағы күресін жүргізуді ұсынған. Осы орайда езілген және отар болған түркі халықтары тек ынтымақтастық жағдайында ғана империализмнің қыспағынан құтыла алады. Осы мақсатта түркі елдерінің одағы құрылғаннан кейін, оның ықпалымен Ислам елдерінің одағы, Ислам елдерінің одағының ықпалымен Шығыс елдері одағы құрылады. Ең ақырында Шығыс елдері батыстық капитализмді жеңеді, сөйтіп, әлемде социалистік қоғам салтанат құратын болады.

Тарқатып айтсақ, М.Сұлтанғалиевтің пікірінше, алдымен Еділ мен Жайықта, Түркістанда, Кавказда, тіпті, Түркияда социалистік мемлекеттер құрылуға тиіс. Одан кейін осы мемлекеттердің бірігуі арқылы Тұран Федералдық Социалистік Республикасы құрылмақ. Осы идеяға сәйкес Еділ – Жайықта М.Сұлтанғалиевтің өзі, Кавказда Н.Нариманов, Түркияда М.Сұпхи, Түркістанда Т.Рысқұлов социалистік түркі республикаларын құруға ұмтылды. Тұрар Рысқұловтың Түркістан Түрік Коммунистік партиясы мен Түрік Социалистік Республикасын құру туралы идеялары мен саяси іс-қимылдары осыны аңғартады.

Бірақ Ленин мен Сталин Тұрар Рысқұловтың ұлтының көсегесін көгерту жолындағы саяси іс-шара¬ларын іске асыруына мүмкіншілік бермеді. Түркістан халықтары ішінен шыққан социалистік қайраткерлердің көшін бастаған Т.Рысқұлов кеңестік жүйенің туған жерінде қанат жаюына жасаған қызметтеріне қарамастан, сұлтанғалиевшілдікпен идеялық, идеологиялық байланыс жасағандығы үшін саяси тұрғыдан айыпталды. Осындай айыптаулардан кейін коммунистік идеологияға адал қызмет етіп келе жатқан Т.Рысқұлов және басқа ұлт қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырады.

Кеңестік билік социалистік идеяға берілген түркі зиялылары арасында қалыптаса бастаған Түрік одағын немесе Ислам одағын құру жөніндегі ойлардың тамырына балта шапты да, олардан «заманауи» ұлттар шығару жоспарын жүзеге асырды. Осыдан кейін Түркістан АКСР-і, Бұхар және Хорезм Кеңестік Республикалары арасындағы шекаралар жойылды. Олардың орнына ұлттық негіздерде төрт республика құрылды. Бұлар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан. Батыстық кейбір зерттеушілердің айтуларына қарағанда, Орталық Азияны ұлттық республикаларға бөлшектеу – кеңестік режімнің ең үлкен табыстарының бірі. Ал белгілі кеңестанушы А.Бен¬нингсеннің айтуынша, осы республикалар ішінде Орталық Азияда түрік нәсілінде емес, парсы тілді республика ретінде Тәжік КСР-ін құру Мәскеудің Рысқұловтың бұл аймақты толықтай Түрік республикасына айналдыру идеясына берген үлкен соққысы еді.

Қақынш Т.Рысқұловтың тек түркі дүниесі тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар, Кеңестер Одағы туралы зерттеулер мен социалистік тарих тұрғысынан да маңызды тұлға екенін айтады. Оның пікірінше, Т.Рысқұлов И.Сталинмен бірге аяқталған «ұдайы төңкерістің» анти-колониалист жетекшілерінің ішіндегі ең маңыздыларының бірі. Осы теорияны 1904-1906 жылдары ортаға салған Троцкийден оның айырмашылығы бар. Өйткені, төңкеріс ұлттық аренада басталады, халықаралық аренада жалғасады, әлемдік аренада аяқталады деп сенген Троцкий төңкерісті өндірісі дамыған, қалың пролетариат табы бар, озық батыстық елдерде жалғасатынын алға тартқан еді. Рысқұлов пен Сұлтанғалиев болса, бұрынғы отар елдердегі төңкерісшіл ұмтылыстарға көбірек мән берді. Рысқұлов бұрынғы отаршыл аймақ Түркістандағы төңкерістің тұрақты сипатқа ие болып, алдымен көршілеріне, одан кейін барлық бұрынғы отар елдерге таралуын қалады.

Сондықтан, Халит Қақынштың пікірінше, Рысқұловты Түркістанда пантүрікшілдікті жақтады деп айыптау орынсыз еді. Ол әрқашан сенімді коммунист болды. Ол Мұсылман коммунистік ұйымдарын құру кезінде де, Түрік Кеңес Республикасын құру идеясын ортаға салғанда да шовинистік емес, идеологиялық негіздерді басшылыққа алды.

Біз сөз етіп отырған еңбегінде Қақынш тек Рысқұловтың өмірі мен пікірлері туралы ғана емес, сонымен қатар, сол кездің басқа маңызды оқиғалары мен идеялық қозғалыстары туралы да сөз қозғайды. Осы орайда кітап авторы Мирсаид Сұлтанғалиев, Түркістандағы ұлттар мәселесі, Алашорда, Мұстафа Шоқай туралы түрік оқырмандарына мол мағлұматтар ұсынады.

Кітаптың екінші бөлімінде Рыс¬құловтың сөйлеген сөздері, хаттары мен мақалалары түрік тіліне аударылып берілген. Сонымен қатар, бұл бөлімде Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан үзінділер де орын алған. Кітаптың осы қосымшалар бөлімі Түркияда Рысқұловты жақынырақ танып білгісі келетін оқырмандар үшін құнды материал болып табылатыны даусыз.

Халит Қақынштың бұл еңбегі – Түркияда Рысқұлов туралы жарық көрген екінші кітап. Бұған дейін, 2005 жылы Хұсейін Атыгүзелдің «Ұлттық коммунизмнің жетекшісі Рысқұлов» атты кітабы жарық көрген болатын.

Атыгүзелдің бұл еңбегінде Рысқұловтың Түркиядағы ұлт-азаттық күресінің жетекшісі Мұстафа Кемал Ататүрікті жоғары бағалайтыны айшықты берілген. Рысқұлов Ататүрік жетекшілік еткен түрік халқының ұлт-азаттық күресін жіті қадағалап отырған.

Түркия үшін шпиондық жасағаны жөнінде өзіне тағылған айыптауларға Рысқұлов былай деп жауап берген: «Біздің айтайын дегеніміз  –  ендігі жерде, империалистік Түркия жоқ. Шығыстың орасан зор халқын соңынан ертетін жаңа Түркия бар. Біздің қолымызда Кавказда, Азияда, Түркістанда бұқараны кеңес құрылысына тартуда орасан зор маңызы болған кемалдық қозғалыстың тәжірибесі бар. Бұған көз жұмып қарауға болмайды әрі пантүрікшілдікті ескі көзқарас тұрғысынан қарастырудың қажеті жоқ».

Оқырман Атыгүзелдің аталған еңбегінен Тұрар Рысқұловтың Ататүріктің жеке тұлғасына қатысты: «Мұстафа Кемал бүкіл отар елдердің, бүкіл шығыс халықтарының алдында ұлы және жасампаз төңкерісшіл жетекші. Оны аса құрметтеймін. Бір өкініштісі – мен ондай ұлы тұлғамен байланыста бола алмадым және кездесе алмадым. Бұл менің тұрғымнан үлкен олқылық болып табылады», деген сөздерін де келтіреді.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Түркияда Тұрар Рысқұловтың социалистік пікірлеріне және түркі халықтарының ынтымақтастығы туралы жүргізген саяси қимылдарына қызығушылық бар. Түрік зиялылары мен зерттеушілері тек қазақ халқы үшін ғана емес, сонымен қатар, жалпы түркі халықтарының қамын ойлап, солар үшін жанын құрбан еткен Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқайды ұлы мемлекет қайраткері деп біледі.

Әбдіуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы,

Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры.

Egemen Qazaqstan gazeti (12.12.2013)

http://www.egemen.kz/kz/lem/30328-t-rki-tildes-t-gel-bol-dep-

ran-tasta-an-t-rar-rys-lov-turaly-eki-kitap-t-rkiyada-zhary-k-rdi

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *