Түріктердің Орта Азия халықтарына сүйіспеншілігі олардың түріктерге деген сүйіспеншілігінен жоғары

Маған отыздан астам сұрақ келіп түскен екен. Бұларға жеке-жеке және сұраушылардың аттарын атап емес, салаларға бөліп жауап берсем деймін. Олар: Түркия (7 сұрақ), тарих ғылымы (5 сұрақ), Түркия және өзге шетел қазақтары (5 сұрақ), жеке басым (5 сұрақ), дін (3 сұрақ), ұлттық сана (3 сұрақ), зерттеу тақырыптарым (2 сұрақ), Латын әліпбиі (1 сұрақ).

Түркия туралы сұрақтарга жауап

Түркияның бас министрі Режеп Таййіп Ертуғанның Шығыс Түркістан сапары Түркияда жоғары бағаланды. Ол сол елде халықпен араласты. Дүкендер мен базарларды аралады. Ұйғұырлармен бірге болды. Әр жетекші мұндайға бармайды. Ресми сапарын жасап қана еліне қайта береді. Ертуғанның халықпен бұлайша араласуы, әрине, құптарлық жағдай. Ел жетекшісі көңіл бөлгенге ақпарат құралдары да міндетті түрде көңіл бөледі. Түрік газеттері мен телеарналар бір апта бойы ұйғырлар, олардың салт-дәстүрлері туралы хабар таратты, мәлімет берді. Бұл түркі халықтарының бауырластығы үшін қажет. Қазіргі таңда жаһандану дәуірінін талаптарына сай түрік-қытай байланыстары достық негізде дамып келе жатыр. Осыған сай, Түркия халқы мен ондағы қытай және әсіресе ұйғыр, қазақ, қырғыз сынды бауырлас халықтармен де жан жақты байланыстарды дамытқан жөн.

Түркияда азаматтық алуды сұраған оқырманға, ол оңай емес. Ешбір ел кез келген шетелдікке азаматтықты оп-оңай бермейді. Бұл дұрыс. Өйткені қазір бір елден бір елге саяхат жасау оңай, әрқандай бір ел кез келген адамға азаматтық бере берсе не болады?

Түркия қазақтары басқа халықтардан қыз алыспайды. 60 жыл болды бұл үрдіс жақсы сақталды. Дейтұрғанмен әлі де болса көбінде өз ішінен қыз алысып беріседі.

Түркия үлгі алуға бола ма деп сұраған екен. Жаңа тәуелсіз болған бір  ел әрине алдымен басқа елдерден модель іздейді. Осы орайда Түркия модель бола алады. Әсіресе оның тарихы, тамыры, мәдениеті бір болуы бірінші кезекте Түркияны Қазақстан және өзге түркі республикаларға үлгі ел етеді. Дегенмен бұл үлгі толық, жүз пайыз бола алмайды. Өйткені қанша ұлттық мәдениеттерде ұқсастықтар болғанымен геосаяси және басқа жағдайлар мүлдем ұқсамауы мүмкін. Сондықтан керекті жерін алып, Қазақстан сияқты елдердің өзіндік моделін қалыптастырғаны дұрыс.

Ал, Түркиядағы қазақ баспасөзі дегенде, өкінішке орай Түркия қазақтарының ешқандай басылымы жоқ.

Түркия ұйғыр мен қазақтың арасында кімге көбірек көңіл бөліп тұрады деген сұраққа, бұл турасында түріктердің жалпы алғанда бүкіл түркі халықтарға тең қарайтынын айта аламыз. Түріктердің осынысы жақсы. Түріктер, әсіресе зиялы қауым назарында тек ұйғыр, қазақ емес, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт сынды бүкіл түркі халықтардың барлығын ұқсас және тең көреді. Барлығына сүйіспеншілікпен қарайды. Бірақ Орталық Азия елдеріне келсек, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен сынды халықтардың бір-бірін менсінбей қарайтынын байқаймыз. Тіпті түріктерді де менсінбей қарайтындары болады. Бұл енді көрші отырғандықтан тарих бойынша пайда болған келеңсіз оқиғалардың және алпауыт елдердің аймақты оңай уыстарына түсіру үшін әдейі оларды бір-біріне ынтымақтастықта емес, күресте, қырқысуда болуларын  қалауларынан туындаса керек.

Міне осы тұрғыдан қарағанда, түріктердің өзге бауырлас халықтарға сүйіспеншілікпен қараушылығы үлкен жетістік деп білемін. Осы жерде айта кететін бір жәйт, саяси жағдайлар және екі ел арасындағы достық қарым-қатнастарға байланысты Түркияда Қазақстан және қазақтарға деген ықыластың жоғары екенін айта аламыз. Сонымен қатар түрік зиялылары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өте жоғары бағалайды, жақсы көреді. Тіпті ұлтжанды  азаматтардың                                 көпшілігі      Назарбаевты өздерінің президенттері Абдолла Гүлмен бас министрлері Режеп Ертуғаннан да жақсы көретінін айтсақ асырып айтқандық бола қоймас.

«Азірбайжан мен түріктер қазаққа ең жақын халық естептеймін, дұрыс па» деген сұраққа жоғарыдағы фактілер бойынша алып қарағанда бұл Қазақстан тұрғысынан айтқанда қисынды. Мүмкін бұл сөзді, өзбек, қырғыз, түрікмендер де айтса орында болады. Орта Азия халықтары әсіресе таяу тарихтарында бір-бірлерімен қырқысып немесе тайталасып келгендіктен өзара сүйіспеншіліктері аз болғаны жасырын емес. Ал түріктер мен Азірбайжандар арасында немесе түріктер мен қазақтар және өзге Орталық Азия халықтары арасында тарихта ешқандай шиеленісті жағдай болмағандықтан екі жақты сүйіспеншілік бар десек болады. Бірақ бұл ретте түріктердің Орталық Азиялық халықтарға деген сүйіспеншілігі Орталық Азиялық халықтарыныңтүріктерге деген сүйіспеншілігінен жоғары екенін айта аламыз. Себебі түріктер ешқашан бодан болмаған, басқа бір халықтың бөгде идеологиясы күшпен таңылмаған халық. Сондықтан еркін және ұлттық мүдде-мақсат тұрғысынан ойлайды. Ал Орталық Азия халықтарында әсіресе Кеңестік дәуірде Түркияға дұшпандық үгіт-насихат жүргізілгені белгілі. Мұның әсері, Қазақстаннның бодандықтан құтылғанына 20 жыл өткен мезгілде толық жойылды деп ешкім айта алмайды.

«жалғасы бар»

http://www.qamshy.kz/?p=1224

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *