Түркия қазақтарының еркіндік жолындағы ұлы көші

Екі көш

Түркия қазақтарының аталары өткен ғасырларда Шығыс Қазақстан мен Қытай қол астындағы Шығыс Түркістан аймағында өмір сүрген. 1864 жылы Қытай мен Ресей патшалығы шекараны белгілегенде, олар Шығыс Түркістан жақта қалып қойған. Олардың аталары 1930 жылдардан кейін Шығыс Түркістандағы Қытай губернаторларының саяси қысымы мен қудалаулары салдарынан жалпы алғанда екі дүркін үдере көшті.

Бірінші көш – Елісхан және Зайып батырлардың жетекшілігінде 1938 жылы басталды. Арттарынан үдере қуған қытай әскерлерімен шайқасып, Тибет, Гималайды асып, 1941 жылы Үндістанға жеткен.

Екінші көш – бұдан он жылдан соң Мау Зыдұңның төңкерісінен кейін қозғалған. Бұл көшке Қалибек әкім, Сұлтан Шәріп Зуқа батыр ұлы, Құсайын Тәйжі, Дәлелхан Жаналтай сынды төрт адам басшылық жасады. Бұлар 1951 жылы Кәшмір қаласына келіп орналасты.

Осы екі көш бір мезгілде Түркияға қоныс аударды. Бірінші көштегілер Үндістан – Пәкістанда жүрген кезде “Шығыс Түркістан Қазақ босқындар қоғамын” құрып, соның атынан Түркияға қоныс аударуға арыз берген еді. Олардың бұл арызы 1952 наурыз айында қабылданды. Сөйтіп, соңынан жеткен көш алдыңғысына ілесіп, Түркияға жетті. Түркияға қазақтар көші 1952 жылдан 1954 жылға дейін созылды. Олардың жалпы саны – 2 мыңға тарта адам еді.

Көштің жолын салған Бөке Батыр

Негізінде жоғарыда айтылған осы екі көштің де ізін салған Шығыс қазақтарының әйгілі батыры Бөке батыр еді. Орта жүздегі керей руының молқы тармағынан шыққан Бөке батыр өздерін нақақ қырып салуға келген қытай әскерлерінің жаншып тастаған еді. Сонысы үшін қытайлар жан жолдасы Мыңбай екеуін тұтқындап түрмеге тықты да тастады. Ретін тауып, түрмеден қашып шыққан Бөке енді қайтып жау қолына түспеске, бағынбасқа бел буды. Саны жағынан өте көп жаумен жағаласып жеңіске жете алмайтынын білген соң, азамат бостандығы үшін туған жерін тәрк етуден басқа амалы қалмады. Сөйтіп, 1898 жылы Бөке батыр 1500 үйлік руластарын тік көтеріп, Алтайда әрекет бастады. 1903 жылы Тибеттің Нақша ауданына келгендеТибеттің биік таулы табиғатына көндіге алмай және ауа аздығынан пайда болған “ыс” ауруына шалдығып қайтыс болды. Міне оның салған көш жолы Алтай қазақтарында аңыз болып айтылып 1930- жылдараға дейін келді.

Алтай, Баркөл өңіріндегі барлық қазақтар сияқты Бөке батыр бүлігін Зайып Тәйжі де жақсы білетін. Гоминдаң басқарған Шынжаңдағы шырғалаң таусылады, зорлық-қорлық басылады дейтін үміт жоқ. Сондықтан ол да өз қауым- халқын бастап, тауқыметті көш жолына түсті. Тибетке келгенде Зайып Тәйжі де дауа қонбас дертке шалдығып  қайтыс болды. Демек, бұл көсемнің тағдыры да Бөке батыр тағдыры сияқты тиянақталды. Бір шүкірлігі — көш кідірмей, әрі қарай жалғаса берді. Көштің ендігі тізгінін Елісхан Тәйжі мен Оспан Зайыпұлы қолға алып, оны Түркияға дейін жеткізді.

Қазақтарға қысым жасаған губернатор Шың-Ши-Сайдың билікке келуі

Шынжаң ХІХ-ғасырдың екінші жартысында Қытай және Ресей империяларының «бөліп алып, билей беруге» жанталаса кіріскен өлкесі болды. Екі мемлекеттің шекарасы Шынжаңның батыс бөлігінде тоқайласты. Бұл шекара Қытай мен Ресейдің 1860 жылы Пекинде жүргізген келіссөзі және 1864 жылы Шәуешек хаттамасы (протоколы) арқылы белгіленді.

Осы келісімдерге сәйкес Шынжаңға Қытайдың Мәнжу үкіметі саяси билік жүргізе бастады. Бірақ, 1911 жылы Пекинде Сунь Ятсеннің буржуазиялық-демократиялық төңкерісі бұрқ ете қалды да, ол республика құрумен тынды. Бұл жағдай Шынжаңды орталықтан бөліп әкету көзқарастарын туғызды. Іле аймағында дербес өкімет құрыла бастады. Түркі халықтармен бір мезгілде Құмылдағы басқа мұсылман халықтар да орталық езгіге қарсы ту көтеріп шықты. Өлкені тұтас қамтыған жалпы халықтық бұл қимылды Ресей де барынша пайдаланып қалуға тырысып бақты.

Пекиннің республикалық режимі өлкенің бас уәлилігіне (генерал-губернаторлыққа) Яң-Зың-Шинді ұсынып отырып алды. Кейін Үрімжі қаласының уәлиі болған Яң-Зиң-Шин халыққа өзін жақсы көрсетуге тырысты. Ел ішіңегі кейбір ала-құла жағдайды пайдалана отырып, Іле көтерілісшілермен бір келіссөз өткізудің ретін келтірді. Құмыл дүрбелеңі біржақты бола қоймады, осы қым-қуыт хал, ақыры, өлкеде Гоминдаң әкімшілігін қайта сақтап қалуға алып келді. Сайқал саясаткер, әккі әкім Яң-Зың-Шин өзінің басты бағдарында жергілікті “Халыққа қиянат жасалмайды. Оларды түрмыстық тығырықтан алып шығатын зкономикалық шаралар жүзеге асырылады” деген сөздермеи алдарқатты.

Сірә, орыстар жағынан болды-ау деген қастандықпен 1928 жылы Яң-Зың-Шин атып өлтірілді. Оның орнына Жың-Шорын өзін өзі өлке өміршісі етіп жариялады. Бірақ, Жың-Шорын дәуірі де дүрілдеп кете қоймады, керісінше, Шынжаңда зұлымдықтың барынша асқындаған кезеңі болды. Болымсыз бірдеңе үшін адамдарды атып, асып елтіру, түрмеге тыға салу сияқты сойқандармен халықтың зәре-құтын ұшырды. Ол аз болғандай Орталық үкімет 1931 жылы Қытай босқындарын Құмыл аймағына әкеп қоныстандыруға өмір түсірді. Жергілікті халықтың жер-суын соларға үлестіріп берді. Жүрт наразылығы қайта күшейді. Ақыры, Құмыл халқы атқа қайта қонудың орайын күтті. Міне осындай жағдайда, қабақта араққа тойып алған бір қытай офицерінің Құмылдағы беделді адам Салық Дорғаның қызын зорлап, тартып әкеткені  жөніндегі хабар бүліктің бұрқ ете қалуына себеп болды.

Көш жетекшісі Елісханның әкесі Әліптің қиын тағдыры

Құмыл аймағы уәлиінің орынбасары Қожанияз бастаған ұйғырлар мен Әліп Тәйжі мен ЗайыпТәйжі бастаған қазақтар ашумен атқа қонды. Тұтқиыл басталған тегеурінді соққыға төтеп бере алмаған Гоминдаң әскерлері Құмылдан қашып шығуға мәжбур болды. Құмыл қаласы енді жергілікті халықтың қолына өтті. Бірақ Шыңжаңның жаңа билеушісі — Жың-Шорын бүлікшілерді біржола құртып тастау үшін әскери күшінің көбін осында әкеп төкті. Қала маңындағы Жасаңқызыл деген жерде болған жойқын шайқаста Әліп батыр 80 жасағымен бірге шәйіт болды. Әліптің інісі Қожақын мен ұлы Елісхан кекті шабуылға қайта шығып, жауды кері қуып тастады.

1933 жылдың тамыз айы келгенде Іле, Тарбағатай, Үрімші аймақтарында Гоминдаң үкіметі билік жүргізіп тұрды. Құмыл, Баркөл, Нори, Шонжы, Санжы, Алтай, Қашқар, Ақсу, Қарашәр, Жаркент жәнеХотан ұлттық күштердің қарамағына өтті. Бірақ олардың арасында үйлестіруші бір үйым болмады. Тек Қарашәрдегі Сәбит Дамолла ғана ұлттық аймақтардың біртүтас «Шығыс Түркістан Ислам Республикасы» туының астында біріктіру қамын қарастырып жүрген еді.

Сонымен, бүкіл өлкесін қозғалыс қамтыған Шынжаңды «көркейтуге» бағытталған Жың-Шорын бағдарламасы нағыз құлдырау түсқа келді. Жың-Шорын дел-сал күйде қалды. Ақыры Жың-Шорынның бір армиясының қолбасы Шың-Ши-Сай 1933 жылдың 14 мамыр күні оп-оңай үкімет басына шыға келлі. Шың-Ши-Сай да қазақты беделді адамдарың қамауға алып түрмеге салып жоқ қылудың амалдарын іздеді.

Көштің басталуы

Жағдайды ақылдасу үшін Зайып Тәйжі 1935 жылы тамыз айында Қөйсу деген жерде жиналыс шақырды. «Шын-Ши-Сайға қарсы шықпай болмайды. Ғансу мұсылмандарынан көмек сұрайық» — деп келісті. Жауға күдік тудырмау үшін жиналысқа елдің екінші дәрежелі басшыларын да шақырлы.

Үкімет әскерлері 1936 жылы көкек айында Құмылға жойқын бір жорық жасады. Елісхан мен Қожақын басқарған қазақ қолы бұл шабуылға Тасбұлақта тойтарыс берді. Солан бір апта кейін кытайлар әуекүштері және зеңбірекпен сүйемелленген екінші шабуылын жасады. Елісхан бастаған қазақтар дүшпанмен Шолпан Құдық деген жерде айқасты. Сұрапыл айқас үш күнге созылды. Зеңбірек қанша зіркілдесе де жау жағы ілгерілей алмады. Төртінші күні оларға орыс ұшақтары көмекке келіп, көтерілісшілерді төбеден төмпештеді. Ұшақ, бомба дегенді бұрын кормеген көтерілісшілер үрейленіп қалды. Сонан соң Елісхан жасақтарын орманға шегеріп әкетті. Неге екені белгісіз, қытайлар да өңмеңдемей, кейін қайтты…

Баркөл мен айналасындағы қазақтардың Ғансуға көшуі Алтай аймағы қазақтарын да дүр сілкінтті. Шың-Ши-Сайдын қанды тырнағы бұл тұста оларға тіпті қатты батып түрған-тын. Тұтқындалмаған басшы, жазаланбаған қазақ қалмаған. Соған орай олар да Шың-Ши-Сайға қарсы ту көтеріп шықты. Көтерілісшілер жауға қарсы алғашқы соққыны Бәйтік бөктерінде берді. Ертеңінде Монғолияның шекара әскерлеріне арқа сүйеп, қытайлар қайта шабуылдады. Қаруы әлсіз, саны аз қазақ бұл жолы тауға ығысып кетті. Гоминдаң қолдарының енді оларды Алтай аясында тыныш қоймайтынын білген ауылдар Баркөлге қарай босып берді. Баркөлге келгенде қытай әскерлері тағы да қоршауға алды. Бұл шеңберді бұзып шыға алмайтын болғасын, келісіп, аттары мен қаруларын тапсыру шартына еріксіз көнді.

1937 жылы қараша айында Нұрғали байдын үйінде Әйімбет, Құсайын Тәйжі, Сұлтаншәріптер бас қосып, қазіргі хал-ахуалға болжау жасады. Мұны біліп қалған үкімет әскерлері бүгін түнде-ақ бассалатыны туралы хабар жетті. Осыған байлаңысты тығулы мылтықтың бәрін шығарып, мұқият дайындық жасалды. Түн ортасында тарпа бассалған жауға бұлар да түтқиыл қарсы соққы берді де үдере көшіп жөнелді. Ертеңінде таңертең көшті ұшақпен қуып жетіп, төмпештеп ала жөнелді. Көтерілісшілер тауға барып тасаланды.

Қуғынды қайтарып, қан төге отырып, Ғансуге бұлар да өтіп шықты. Елісхан, Зайып қауымы бұларды Ұйырқын-Ырқа қаласының кіре берісінде қарсы алды. Босқан бауырлардың бөгде жердегі бұл табысуы қисапсыз қуанышты болды. Сөйтіп, аспан астынан азат өңір іздеген Баркөл, Құмыл, Алтай қазақтары Ұйырқын-Ырқаға жиналып, шоғырлана берді.

Қазақтардың Ғансуға көшуі

1937 жылдың соңына таяу Елісхан Тәйжі генерал Ма-Бу-Фаңмен кездесу үшін Шынхайға бармақ болды. Мұсылманша аты Мүхаммед Хұсайын деп аталатын Ма-Бу-Фаң (1949 жылы Мао Цзэдунның төңкерісінен кейін Сауд Арабиясына қоныс аударды. 1975 жылы сонда өлді.) Шынхай аймағының уәлиі еді. Немере туысы Кәсілің Шынжаңда жоғалып кеткесін Ғансуды да қоса билеп тұратын. Бастыпқыда Гансуда өмір тыныш болғанмен, кейін тыныштық бұл жерде де бұзыла бастайды. Қазақтар тұратын аймақтың коменданты Ма-Лу-Жан өлке бастығы Ма-Бу-Фаннын айтқанын тындамай, қазақтарға қорлық көрсете бастайды.

Қазақтардың дүнген әскерін қырып салуы

Бұған төзбеген қазақтар Елісхан басшылығында 1939 жылы маусымда жолға шықты. Босқын тобырдың бұл «еркіндігіне» Орталық ашу шақырды. Генерал Ма-Бу-Фаң полковник Ма-Лу-Жаңды өкіл етіп, Елісханды қайтарып әкелуге жүмсады. Елісхан тобының тілге көнбейтінін, шайқасудан да тайынбайтынын білген Ма-Лу-Жаң Долашанда тұрып жатқан қазақтардың бірнеше басшысын ертіп алды. Көшті Алтыншоқыда қуып жетті де, оларға ең алдымен қазақтарды жіберлі. «Ғансуға қайтып, Ұйырқын-Ырқасында тұра берсін, мал-мүлкіне тиіснейміз» — деген уәде ұстатты. Аталастарының ақылды адамдарын жіберіп отырғасын Елісхан Тәйжі олардың меселін қайтармай, Ұйырқын-Ырқаға қайта көшуге көнді. Уәденің аты уәде. Ма-Лу-Жаң оны құран ұстап тұрып айтты. «Қару-жарақтарыңды да өткізе тұрыңдар, мекен-жайларыңа барған соң қайтарып береміз» деп те ант-су ішті.

Қару тапсырылды, көш Ұйырқын-Ырқаға қайта бұрылды. Бірнеше күннен кейін көш Сәдім ойпатына келіп қонды. Берілген уәденің, құран үстаған анттың өтірігі осы жерде аңғарылды. Елісхан Тәйжі, Қойшы батыр, Идрис муфтилерді әлгі Ма-Лу-Жаңның өзі үстап, кісенден тастады. Бұлардан басқа тағы да 18 адамды қамаққа алуға, 4 адамның атылып өлтірілуіне бүйрық түсірді. Ма-Лу-Жаңның қара ниеті қазақтарды қойдай қырып, Сәдімның сары даласына тастап кету еді.

Қолбасының құран үстаған антынан таюы оның қол астынлағы мұсылман әскерлердің намысына тиеді. Солардың бірі Елісханның ағасы Қожақынға жақында тірі қазақтың бәрін қырып тастайтынын айтып қояды. Қожақын жолдастарын тез жннап, ақылдасады. Сойыл-шоқпар, балта-күрек дейсің бе, қолдарына не түссе сонымен қаруланын, Ма-Лу-Жаң жендеттеріне түн ортасында, шырт ұйқыда жатқанда тап беріп, жайпап тастауға келіседі. Бір топ жігіт Ма-Лу-Жаңның шатырын бас салып, тапап тастайды да, енді бір тобы кісендеулі Елісхан жатқап шатырды жарып, құтқарып алады. Ашуланған азаматтар ешбір қаймықпай Ма-Лу-Жаңды да, оның жендеттерін де қырып тастайды. Елісхан Тәйжі мен Идрис мүфти аман қалады да Қойшы батыр жағаласып жүріп, шәйіт болады. Айқаста жан қиғандар жерленген соң, ел бас-аяғын жинап, үдере көшіп жөнеп береді.

Ма-Лу-Жаңды әскерімен қоса қырып, қазақтардың қашып кеткенін естіген дүнген Ордасы жынданып кете жаздайды. Олардың қуа жасаған шабуылына бір рет тойтарыс береді де, көш әйтеуір, Алтыншоқыға ілінеді. Дүнген жасағы қайтып барып, мән-жәйды өлке бастығына баян етеді. Бұл оқиғадан соң қазақтардын Ғаңсу төңірегіне тұра алмайтыны айқын болады.

Тибеттегі қиыншылықтар

Алтыпшоқыда бірер ай ес жиған соң Елісханның елі Тибетке қарай бет түзейді. Қараша айында Тибеттің шекарадағы қаласы Нақшаға келіп жетеді. Елісхан Тәйжі тибеттіктерге өтініш жазып, қоныс сұрайды. Олар бұл жайды Лхасадағы Далай Ламаға, Орталық үкіметке хабарлайтынын, сопың жауабын күтулері керек екенін айтады.

Тибеттің қатал табиғатында, Гималайдың шың- құздары мен шатқалдарынан жол тауып жүру қиынның қныны. Ұшы-қиырсыз қарлы адырлардан малға өріс, адамға азық табылмайды, түп-түгел мүз құрсаған әлем. Өлгендерді көме алмайсың. Қара жерді жарты қарыс қазуға күш жетпейді. Жер қатты суықтан мұүздап жартас сыяқты болған. Жер қазып емес, тас қашап жатқандайсың.

Осыдан тозақ азабын тартып жүрген босқындарды одан әрі жүдетіп бір жайсыз хабар жетті. Көш көсемі Зайып Тәйжі дауа қонбас “ыс” деген “тау” дертіне шалдығыпты. Күркесінде күйзеліп жатқан жарықтық өсиет қалдыру үшін жамағаттарын жннап алады. Мынау көшті көздеген жерге жеткізе алмай, Бөке батыр сияқты жолда қалдырып бара жатқанына екінеді. «Зайып өлді, басшысыз қалдық деп Бөкенің жігіттері сияқты кері қайтпаңдар, ынтымақтарыңды бұрынғыдан да нығайтып, бұрынғыдан да бекініп, көшті жалғастыра беріңдер» — дейді. Ел-жүрты мен жолдастарына Елісхан мен Оспанның соңынан еріңдер деп тапсырады. Одан әрі қарулас достарымен қысқа-қысқа қоштасады да 61 жастағы ержүрек жетекші, қайсар қайраткер қас қарая тынысы тоқтап, қайтпас сапарға жүріп кетеді.

Қазақтардың Үндістанға жетуі

Көш Үнді жерінің Ладақ қаласына келіп түсті. Бірақ, қиындық пен қырсық артта қалып қоймапты. Көлденеңдеген кесапат, бой бермес бөгет кезіге кетті. Табаныңда көбіктенген асау өзен ағып жатқан, екі беті тіп-тік, құз-жартасты Кәргіл өткелі бар еді. Оны ат, түйемен көшіп-қону мүмкін болмады. Содан барып, сонау Кұмыл, Баркөлден бері қазақтардың қасіретін өздерімен қоса арқасында көтеріп келе жатқан ат пен түйені сатып, тау-тасқа бейім қашыр сатып алуға тура келді. Орғыған арғымақтан түсіп, типыңдаған қашырға мінген қазақтардың еңселері басылып кетті. Басқа шара жоқ. Сөйтіп қорланып, зорлана жүріп Кәргілден өтіп, әуелі Кәшмирге, одан Хайдарабатқа жетті.

Е… Аштық пен ауру бұл жерде де алдарынан шығады. Лагерь әкімшілігіне өкпе жоқ. Теқ оба мен сүзектен күн сайын оншақты адам өледі. Сол обадан Қожақын батыр да қайтыс болады.

Бір күні, Осман империясының соңғы халифасы — Әбдімәжиттің қызы Дүррихшехвар Сұлтанға үйленген, Хайдарабад қаласының низамы Мир Осман Хан келіп, лауазымды адамдарға сөз арнады. «Мұсылманға қамқор болыңдар. Үй беріңдер, жүмысқа пайдаланыңдар»,- деді, Хайдарабад өлкенің ең ыстық жері. Ашық аспан астында ол ыстыққа төзу мүмкін емес еді.

Бишара босқындарға жаны ашыған Бопал низамы Хамидолла Хан оларды басқа жерге ауыстыруға тікелей көмектесті. Хайдарабадқа қарағанда көғалды, орман-тоғайлы Бопал төңірегі әлдеқайда жақсы еді. Оспан Тәйжі 500 кісілік ауылын алып, Бопалдың Матар ауданына барып орналасты. Бұл да жер жаннаты емес екен. Жылан-шаян, құрт-құмырсқа сияқты улы жөндіктерінің көптігі өз алдына, күні-түні шелектеп құятын жаңбыры көз ащтырмайды. Сағат сайын сел жүреді. Қалың нөсерден шаруа қамдау қайда? Қазақтар енді Матардан безе бастады.

Мән-жай Хамидолла Ханға баяндалды. Хан бұл жолы Бопал қаласының іргесіндегі бір махалланы босатып берді. Осы махалла кейін «Қазақабад» — деп аталады.

Босқындардың басқа топтары Лахор, Пешавар, Равалпинди, Таксила сияқты қалаларды жағалап, сауда-саттықпен айналыса бастады.

Тіршілік соңында тырбанып жүрген қазақтар үшін 1943 жыл қаралы жыл болды. Ұлан көштің үлы басшысы қаһарман қайраткер Елісхан Тәйжі Дерневаб деген жерде 36 жасында қайтыс болды. Жас басшы, көкөрім косемін отандастары көл болып аққан көз жасымен жерледі.

Өмір Үндісғанда осылай өтіп жатты. Елісхан қазасынан соң да төрт-бес жыл өтіп кетті. Жалтақ қазақтар жат жерге көндіге бастады. Айтайын дегендерін ұқтыра аларлық тіл де үйренді.

Бұл түста Үндістан екіге бөлініп, мұсылмандардан Пәкстан Республикасы құрылып жатқан. Мұсылман болғандығы үшін қазақтар Пәкстан тарапында болды. Жаңа құрылған Пәкстан мемлекетінде қазақтардың да мәлім дәрежеде орны болды.

Отан сағынышы қазақтарды қатты сарғайтты. Қара күштен қансырап жатқан Шынжаңдағы жер жаннаты Алтай мен Баркөлге қайта оралудан енді үміт жоқ. Әттең, түркі, әлде басқа бір туысы жақын мұсылман елі болса ғой!… Ондай ел бар, ол — Түркия. Әрине, Пәкстан да мұсылман мемлекеті. Оның құрылғанының басы-қасында болған қазақтардың онда тұра беруге еркі де бар, тек тілі, мәдениеті алшақ. Пәкстанда қала берсе, келер үрпақ қазақтығынан да, тілінен де айырылады. Жылдар бойы жұлқыласқан күрес, теқкен қан, щеккен бейнет босқа кетеді. Құдай-ау, ана Елісхан, Зайыптардың аруақтарын риза ету үшін де келер ұрпақ бойында дінге сенімін, ұлтгық сезімін сақтап қалуымыз, әдет-ғұрпын, мәдениетін, рухани әлемін үмыттырмауымыз керек емес пе?! Оның бір ғана жолы —Түркияға жету, сонда тұру. Сол үшін қазақтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ұйымдасый “Шығыс Түркістан Қазақ босқындар қоғамын” құрды.

Оспан Батыр Исләмұлы

Бұл арада Елісхан мен Зайып Тейжі елден кеткеннен кейін басталаған екінші дүрбелең және артынша қозғалатын екінші көш туралы сөз қозғайық. Қалибек, Құсайын, Сұлтан Шәріп, Дәлелхан және Нұрғожай сынды жетекшілердің бастауында Түркияға жететін бұл көштің ең маңызды тұлғасы әрине Оспан батыр. Ол шетелдердегі кітаптарға “Қазақтың алтын аңызы” деген сипатқа ие болды.

Жалпы, Оспан батыр жайлы бұған дейін шетелдерде көптеген шығармалар жазылды. Батырдың күрескерлік даңқы туралы дастандар өмірге келді. Еуропалық ғалым Линда Бенсон қаһарман атамыз жайлы «Қазақтың алтын аңызы» дейтін көлемді еңбек жазыпты. Онда: «Оспан батыр – өзінің бұрынғы өткен бабалары Шыңғыс хан, Әмір-Темірлер сияқты аса құдіретті қолбасшы. Егер ол орта ғасырда өмір сүрген болса, сөзсіз әлемді жаулайтын жиһангер болар еді» депті.

Сол сияқты ағылшын ғалымы Годфри Лиас өзінің «Kazakh Exodus» атты көлемді еңбегінде Алтай қазақтарының көтерілісі және Оспан батырдың ерлігі жайлы тамаша танымдық дүниелер жазып, күллі «тұманды альбион» елін құлағдар еткен екен.

Одан басқа 1954-55 жылдары америкалық журналист Мильтон Дж. Кларк Кашмирге келіп қоныстанған қазақтардың ортасында бір жыл болып, Алтайда өткен көтерілістің тарихы жайлы АҚШ-тың баспасөздеріне көп сериалды мақалалар жазған. Соның арқасында бұндағы қазақтарды Түркияның көшіріп алуына мұрындық болған.  Кейін1960 жылы Оспан батыр туралы түрік ақыны Гемол Оғыз Окал көлемді дастан жазыпты.

Бүкіл қазақтың көсемі Әлихан мен Ахмет

Тарих үшін реті келген айта кеткен жөн болар. Оспан батыр және одан алдыңғы Ырысхан – Есімхан көтерілісіне қатысқан және 1952 жылы тірі Түркияға жеткен Нұрғожай батырдың естелігінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынның тек Қазақстан емес, бүкіл қазақ халқының көсемдері екенін көрсеткен бір фактині ортаға салады. Оспан Батырдың көтеріліс кезінде қасында болған тоғыз комиссарының барлығы шәйіт болып, солардың ішінде тірі қалған дара қолбасшы Нұрғожай батыр болған. Оның төте жазумен жазылған естелігін біз Ыстамбұл Зейтінбұрын ауданында тұратын Нұрғожай батырдың зайыбы, апамыз Жақсыханнан сұрап алып 2008 жылы Алматыда “Азаттықтың өшпес рухы” деген атпен жарыққа шығарған едік.

Нұрғожай батыр сол естеліктерінде өзінің Оспан батыр қозғалысындағы орнын былай деп атап өтеді:

“Мен ен бірінші рет, Оспан ішінде, құрылған тоғыз комиссардың, яғни тоғыз полковниктің бірі едім. Ен жоғарғы аскери қолбасшы Сұлубай батыр шәйіт болғаннан кейін барлық әскери құқық Кәмел батыр екеуіміздің қолымызда болды. Ал Кәмел батыр шәйіт болғаннан кейін барлық аскери соғыс қимылдардыы негізінен мен бастап отырдым.”

1912 жылы Алтайда туылған және өрт алып жалындап жатқан киіз үйге іркілместен кіріп анасы мен қарындасын алып шыққаны үшін 11 жаста бала кезінде батыр атанған Нұрғожай 1940 жылы Көктоғайда Ырысхан – Есімхандардың жетекшілігінде көтерілістің де ішінде болды. Сол кездегі көрген білген уақиғаларын естеліктерінде егжей-тегжейлі баяндайды. Осы көтерілістер нәтижесіне Қытай губернаторы Шың Шы Сай қазақтардың талаптарын қабылдағаннан кейін тоқтам жасалып, қарулар табыс етілді. Бірақ Оспан батыр осы тоқтамнын шарттарын залым губернатордың орындалмайтынын сезгендіктен, қаруын тапсырмай тауға шығып кетті. Сонда Оспан батырға алғаш қосылғандардың бірі Нұрғожай Батыр еді. Нұрғожай батыр 1951 жылы Оспан батыр жау қолына түскенге дейін оның қасында қолбасшылық қызметте жүрді. Түркияның Ыстамбұл қаласында 1986 жылы, 29 қазанда 74 жаста дүние салды.

Нұрғожай батыр естеліктерінде  Алаш көсемдерінің тек Қазақстанда емес, Қытай қазақтарының да саяси басшы ретінде көретіндіктерін мына сөздермен ортаға салуда:

“Орыс генералы Банкені он адамымен оңашада атып тастадық. Соңғы Ышқынты шайқасында  Генерал Разборов өлтірілді. Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан: “Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсының басын әкеліп беріндер” деді.

Бұл сөз сонымен тынышталып қалған еді… Бір кезде залым Мадарин Ырысханға “жауға біткен көзін бар, дауға біткен сөзін бар” дегендей, Ырысхан осы жолы жауға біткен көзінің де, дауга біткен сөзінің де пайдасын көрсетті. Орыстар генералдарының басын сұрағанда, оған да Ырысхан ұтымды жауап таба білді. Қазақтың ен сонғы көсемі Бөкейханның басын сұрады. Бұл неткен табылған жауап.”

Қырдан қытай, ойдан орыс, маңдайдан моңғол шапты

1945 жылдан кейін Оспан батырға қарсы – жаңадан орнаған Шығыс Түркістан Республикасының армиясы, Кеңес Одағы тарапынан барған әскерлер, Моңғолияның арнаулы бөлімдері үш жағынан тықсырды. 1947 жылға дейін 3 елдің әскерімен алма-кезек соғысқан Оспан алдырмай қойды. Алтай тауының құлама құзына барып бекінген қазақтардың 8 жастағы баласынан бастап қолына мылтық ұстауға жарайтын қарияларына дейін соғысты.

1947 жылы Оспан сарбаздары күллі Алтай аймағына шабуыл жасап, Шығыс Түркістан және Кеңес Одағының әскерлерін қуып шықты. Сасқалақтаған әскерилер Қазақстанның шекарасын асып қашты. Осылай екінші рет Алтайды азат еткен Оспан сарбаздары бұл жерде көп тұрақтай алмады. Себебі, 1949 жылы қазіргі коммунист Қытай үкіметі орнап, оған Кеңес елі қосылып, аса ірі күшпен Оспанды Алтайдан ығыстырды. Оспан болса өзінің бұрынғы ата жауы гоминдандықтармен бірігуге мәжбүр болды.

1951 жылдың басында еріксіз ығысып, Тибет шекарасындағы Қанамбал тауына барған соң бірге жүрген серіктерін Үндістанға асырып жіберіп, өзі қасында қалған аз ғана әскерін бастап қайта бұрылады. «Жаттың жерінде тірі жүргенше, туған топырақта сүйегім қалсын!» деп бекінген Оспан батыр ақыры осы жылы қолға түсіп, Үрімжі қаласында атылды.

Екі қазақ көшінің бірігуі

Бірақ оның үзенгілес серіктері бұғау астында емес, еркіндікке өмір сүру үшін елден көшуге мәжбүр болды. Сөйтіп олар өздерінен бұрын жүріп өткен Елісхан мен Зайіп Тейжінің көш жолын қуып отырып, әрине бұл арада жау әскері мен табиғаттың қиындықтарымен күресіп құрбандар бере отырып 1950 жылы Үндістанның Кәшмір қаласына жетті.

Олардан он жыл алдын Үндістанға келген қазақтар 1940 жылы Оспан бастаған қарулы күрестерден бейхабар еді. Оның жолдастарының ұлы көшті бастап Үндістанға келген 1950 жылы Пәкстан гәзеттерінде орын алған бір ақпараттардан білді. Бұл хабар Пәкстан қазақтар арасында толқу мен тебіреніске түрткі болды. «ШығысТүркісғанның ауған қазақтардың бірңеше тобы Кәшмирге келді» деген хабар газет беттерінде орын алып жатса да, бірақ, бұл қазақтардың кімдер екені туралы мәлімет берілмеді. Мұндағы ағайындар мән-жайды біле алмай алты ай аласұрды. Сөйтіп жүргенде Хайдарабадта тұратын Ыдырыс Молладан хат келді. Онда «Сұлтаншәріп, Құсайын Тәйжі, Дәлелхан Жанымханұлы, Қалибек Хакімдер бастаған қазақтар келді», —делініпті.

ЬІдырыс молла арқылы дереу аталған қазақ көсемдерімен байланыс жасалды. Үндістан мен Пәкстанда тұратын туыстарының ахуалдары мәлімделді. “Шығыс Түркістан Қазақ босқындар қоғамын құрдық, Түркияға кәшудің қамын ойластырып жатырмыз”, – делінді. Түркия мәселесін олардың да ойластырулары керектігі сұралды.

Қазақтардың Түркияға қабылдануы

Осыған орай Кәшмірге жаңа келген қазақтар мен бұрын келген қазақтар сыяқты Үндістанның Жаңа Дели қаласындағы Түркия елшілігіне өтініш хаттарын берді. Түркияның Басминистр Мендерес жетекшілігіндегі үкіметі 1952 жылы 13 наурызда арнайы қаулы қабылдады. Президент Жәлел Баяр бекіткен сол қаулы бойынша Пәкстан, Үндістан, Кәшмирдегі қазақ босқындар Түркияға қабылданды.

Осыдан кейін босқындар топ топ болып Түркияға қоныс аудара бастады. 1952 жылы шілде айында Түркия топырағына түңғыш табанын тигізген Құсайын Тәйжі бастаған топ болды.

Сонау Алтайдың күн бетінең 1930- жылдары бостандық іздеп көтерілген көштің алғашқы санын ешкім анық білмейді. Осы орайда 18 мыңнан  50 мыңға дейінгі аралықта түрлі сандар келтіріледі. Жүрт білетін анық сан — Алтайдан Түркияға аман жеткен қазақтардың саны. Ол — 1850 адам. Сонда азаттық үшін арпалысқан он қазақтың ең көп дегенде бірі ғана арманына жеткен ғой! Еркін өмір сүру, қазақтық қалпын сақтау, мұсылманшылығын жалғастыру үшін он мыңдаған адам құрбан болған.

Түркия Үкіметінің үйғаруы бойынша көшпенді қазақтар елдің бірталай өңіріне- бытырап орналасты. Нигде-Үлықышлаға 160 үй, Нигде-Ақсарайға — 60 үй, Қайсары-Девелиге 75 үй, Қайсары-Яхиялаға — 15 үй, Қайсары-Жасылхисарға — 25 уй, Кония-Исмилге — 60 үй, Кония-Ереглисиге — 15 үй, Маниса-Салихлиға — 180 үй орналастырылды. Түркияның жағдайында бейімделген қазақтар 1950 жылдың соңынан бастап Ыстамбұлға шоғырлана бастады.

Түйін

Шүкір, құдайға шүкір! Бөке батырдың көші сияқты көп қазақ күңіреніп жолда қалмай, кейінгі қазақ көштері көздеген жеріне жетті. Бұл түркі тарихы, тіпті әлем тариқында ғұндар, көктүріктер, қыпшақтардың аттылы жаяу шығыстан батысқа қарай сан ғысырлар бойы жасаған тарихы көштерінің ең соңғысы ретінде өтті. ХХ- ғасырда қазақтан басқа ешбір халық еркіндік және бостандық үшін ақыры беймәлім осы көшке бара алмас еді. Бұл қазақ халқының жасы керісі, еркегі әйелі, бала-шағасы демей барлығының еркіндікке деген зор құштарлығының дәлелі. Бүкіл қазақтардың ең үлкен қуанышы әрине атамекен Қазақстанның 1991 жылы, 16 желтоқсан күні тәуелсіздігін жариялауы еді. Қазақ халқында бүгінгі таңда бұдан үлкен қуаныш, бұдан үлкен той, бұдан үлкен мейрам жоқ. Өйткені қазақ халқы үшін тәуелсіздік пен еркіндік жаннан қымбат құндылықтар!

 

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем

өнер университетінің профессоры

 

http://qazaq-alemi.kz/more?page_id=37&id=357