ҰЛЫ ТАРИХШЫ ЗӘКИ УӘЛИДИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН
Біз наурыз айынын 3-і күні Еуразия ұлттық университетінің Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференцияда Зәки Уәлидинің шығармаларындағы Әлихан Бөкейхан және Алаш тарихына қатысты баға жетпес мәліметтер туралы бір баяндама жасаған едік.
ХХ. ғасыр түркі дүниесі тарихнамасында келешекте аты алтын әріптермен жазылуға тиіс ұлы ғалым Уәлидинің еңбектері қазақтар үшін екі тұрғыдан маңызды.
Біріншіден, ол кезінде Әлихан және өзге Алаш қайраткерлерімен өте тығыз байланыста болды. Бұл 1912-1923 жылдарға сәйкес келеді. Осы себепті сіз басқа дереккөздерде жоқ ақпаратты оның шығармалары мен естеліктерінен таба аласыз.
Екіншіден, өзінің саяси тұлғасынан гөрі ғылыми тұлғасы басымдырақ және әлем мойындаған ғалым ретінде Уәлидинің жазғандары ерекше құнды, Оның естеліктері мен қатар “Түркелі, Түркістан және таяу тарихы” атты шығармасында тарихшы ретінде қазақ пен Алаштың тарихына қатысты жазғандары баға жетпес құндылыққа ие.
Біздің ойымызша, Әлихан Бөкейхан мен Алаштың тарихы оның шығармаларын зерттемей толыққанды болмақ емес.