ҚАРЖЫ МИНИСТРІ ЖАНЫМХАН ТІЛЕУБАЙҰЛЫ АТАТҮРІКПЕН НЕГЕ КЕЗДЕСПЕДІ?

Шынжан Өлкелік үкіметінде қаржы министрі болып сол үкіметте қызмет атқарған 1947-1949 жылдары арасында көптеген қағаз ақшаға төте әріппен “Жанымхан” деп қолын қойып қазақ тарихында заманауи ақшада қолы болған тұңғыш қазақ қаржы министрі атанған Жанымхан Тілеубайұлы 1937 жылы қажылық сапардан қайтқан кезде Ыстамбұлда Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Қамал Ататүрікпен кездесуе оқталды. Бірақ кейін бұл ойынан қайтты. Неге ол Ататүрікпен кездеспеді? Кездескенде қандай мәселелерді қозғамақшы еді? Екінші сұрақтың жауабы туралы ешқандай дерек кездестірмедік. Бірақ бірінші сұраққа деректі 2017 жылы Ыстамбұлда жарық көрген Қазыбек Исламбектің “Анатолиядан Атажұртқа руһани жетекші Халифа Алтай” атты кітабында кездестіріп отырмыз.

Оның айтуынша, Жанымхан Тілеубайұлының қажы жолдастарды оның Ататүрікпен кездесуінің жақсы болмайтынын, өйткені Шығыс Түркістанның қазақ билері мен атқа мінер азаматтарын тұтқындау үшін сылтау іздеп жүрген озбыр генерал губернаторы Шың-Ши-Сайдың елге барғаннан кейін өзін түрмеге жабуының, тіпті аттырып тастауының әбден мүмкін екенін айтқан. Бұл пікірге Ыстамбұлдың Қаракөй деген порттық ауданында олар жатқан “Румания” атты қонақ үйінiң түрік иесі Мехмет Гүл мырза да қосылған. Содан кейін Жанымхан Тілеубайұлы Ататүрікпен кездеспей елге қайтқан. Кітапта бұл кездесу оқиғасының қажылыққа бара жатқанда ма, әлде қайтар жолда ма болғаны айтылмайды.

Оны анықтау үшін сол қажылық сапар туралы Тілеубайұлының өзімен бірге 15 жасар кезінде қажылық сапарға барып келген ұлы Дәлелхан Жанымханұлы Жаналтай ақсақалдың естеліктеріне жүгінейік. Өзінің Алматыда 2000 жылы жарық көрген “Қилы заман – қиын күндер” атты естеліктерінде Жаналтай ақсақал қажыға бара жатқанда Ыстамбұлдағы күндерін былай деп әңгімелейді:

Бесінші күні түрік кемелері бізді Ыстамбұлдың Қаракөй портына тасыды. Жаңа дүние, Ататүріктін; демократикалық дүниесіне келген болдық. Қаракөйдегі үш қабат Румыния қонақ үйіне орналастырды. Оның иесі Мехмет Гүл әпенді бізді қарсы алды. Тамақтарымызды өзіміз істеп жейміз.

Ыстамбұл жаннат бақшасындай боп көрінді. Базар деген жәйнап тұр. Қалаған нәрсені ала білесің. Айтары жоқ.

Кемені тосып 15 күн тұрдық. Арапат уағына аз қалды. Асығыс сауда кемесімен жолға түстік. Кемемен Бәйрут, Хифаны басып, Александрия портына бардық. Александриядан пойызбен Исмаилиге барып, одан Қызыл теңіз арқылы Жиддеге жеттік.

Қажылық парызды өтеп елге қайтар жолда Ыстамбұлдағы естеліктерін болса, Жаналтай ақсақал былай деп келтіреді:

Мен сыркаттанып қалдым. Оның үшін бірнеше күн дем алып, Халеп арқылы пойызбен Торос тауынан өтіп, Анкараға келдік. Бір түнеп ЬІстамбүлдағы Хайдарпашадан кемемен бүғаздан өтіп өзімізге бүрыннан таныс Қаракөйдегі Румыния конак үйіне түстік.

Орыстың консулы өлген екен. Визаны жаңа консул келгеннен кейін беретін болды. Орыстың кемесі де келмеді. Бір айдай тосып калдык. Бүрынғыдай емес, түрікше сөйлейтін болдык. Сонымен кабат шымкенттік Хамза деген жігітпен таныстык. Бұл азамат Қазакстаннан Сауд Арабиясына келіп кайта алмай калыпты. Хамза Алтайдағы каракас Қуанбай кажының баласымен Риязда окыған екен. Қуанбай өзі кажыға келгенде баласын окуға тастап кеткен. Кейін ол жігіт кайтыс болып, Хамза жалғыз калыпты. Одан кейін келген казак қажылары да жок. Қолында ақшасы болмағандықтан ебін тауып Түркияға келіп, Ыстамбұлда бір түрік кызына үйленіпті. Газеттен казак кажылардың келгенін ұғынып, бізді іздеп шыккан екен. Біз де колымыздан келгенінше жөрдем қылдык. Келіп кетіп тұратын болды. Туристік жерлерді кездірді. Атақты мешіттерді, Сұлтанахмет, Аясофия, Топқапы сарайы, Қапалы шаршы (Жабык базар), Жүлдыз сарайы жөне тағы басқа жерлерді бірге жүріп аралатты. Дүниенің жәннетін көргендей болдық.

Осы деректерге қарағанда бұл кездесу туралы әңгіме қайтар жолда болған болуы әбден ықтимал. Өйткені сонда әрі бір айдай уақыт тұрған, әрі қажылар біраз түрік тілін үйреніп қалған. Жанымхан Тілеубайұлы озбыр әкім Шың-Ши-Сайдың Ататүрікпен кездесулерін сылтауратып өзіне және жолдастарына қанды шеңгелін салмауы үшін бұл ойынан қайтқан.

Дегенмен бұл сапар 1937 жылы Елісхан батыр бастаған қазақтардың Шынжаңнан Түркияға үдере көшуіне себеп болған. Өйткені Жанымхан Тілеубайұлы мен қажы жолдастарының Түркия туралы айтқандары Елісхан батырдың ұрпақтардың тілін, дінін және ділін сақтау үшін еркін бір елге, түбі бір туысқан Түркияға көшу қажет деген пікірге келген. Мұндай қорытындыны Халифа Алтай туралы зерттеуінде Қазыбек Исламбек келтіреді.

Оның айтуынша, 1937 жылы Алтайға қайтқан қажылар Түркияның еркін ұлттық мемлекет екенін баяндаған сөздері Елісханға ой салған. Осы сөздерді естігеннен бастап Елісхан өзіне ерген қазақтарды бастап Түркияға баруға бекінген.

Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан
көркем өнер университетінің профессоры