БЕШІР АХМЕТ КӨСЕ: ҚАЗАҚША ӘН ҮЙРЕНУІМЕ «ДОС-МҰҚАСАН» ТОБЫ ӘСЕР ЕТТІ

1955 жылы Түркияның Салихли қаласында туған әнші, ақын, композитор, жеке кәсіпкер Бешір Ахмет Көсе қазақ әнінен білім алған адам емес. Өйткені Түркияда домбыра немесе басқа қазақ музыка аспаптарын үйрететін мектептер жоқ болатын. Оның қазақ музыкасына көңіл бөлуіне Измир қаласында 1977 жылы өткен халықаралық жәрмеңкеге Қазақстаннан «Дос-Мұқасан» ән тобы келуі түрткі болған. Олардың «Той жыры» әні Ахмет Көсені қатты толқытып, әсерлендірді. Содан кейін домбыра шертуді үйрене бастайды. Стамбұлдың Зәйтінбұрын ауданында тұратын әнші мен Бағиланың отбасында 2 қызы мен немерлері бар.

–           Бешір мырза, сіз бүгіндері Қазақстанда да танымал болған сияқтысыз, әрі Түркия қазақтарының мақтанышы болып жүрсіз. Осы өнерге, домбыраға қалай келдіңіз? Түркияда қазақ музыкасынан мектеп, консерватория жоқ қой.

–           Музыкадан білім алған адам емеспін. Не үйренсем де өз бетіммен үйрендім. Домбыраға, қазақ әндеріне көңіл бөлуіме Измир қаласында, 1977 жылы өткен халықаралықжәрмеңкеге Қазақстаннан «Дос-Мұқасан» ән тобының келуі түрткі болды. Олардың «Той жыры» әні ерекше толқытып, әсерлендірді. Сонда 22 жаста болатынмын, жаңа ғана үйленген уақытым, бал айына да «Дос-Мұқасан» тобын тыңдау үшін барғанбыз.

Үйленгенімізден кейін бір ай өткен соң «Дос-Мұқасан» келеді деді. Келіншегіме: «Бал айында Измирге барып келейік», – дедім. Измирде «Дос-Муқасан»тобының өнерін көрдік. Ол кісілермен сол жерде таныстық. Ол кісілер қазақша көп сөйлемеді, бізбен де көп сөйлеспеді. Совет үкіметінің уақыты. Үгіттеп жіберген сияқты, шетел қазақтарына жолама деп. Біз оларды айналсоқтап, бір ауыз әңгімесін естиік деп тырмысып жүрміз. Көп қазақтар сол жерге барды. Қазақстаннан жәрмеңкеге арнайы топ келіпті, әншілер де бар екен дегеннен кейін Ыстамбұлдан автобус- автобус болып қазақтар келді. Измирде Балчова ауданында жұбайым Бағиланың туыстары бар екен. Солардың үйінде қонақ болдық. Сөйтіп ертесі күні тағы бардық. Екі күн сол кісілермен жүздестік.Сол уақыттан бастап «Той жыры» әнін жақсы көріп, жаттап алдым.

–           Нағыз сіздің тойыңыздың үстіне келген ән болды ғой.

–           Иә, дәл меніңтойыма келген шашу ән болды. Одан кейін «Жұлдызым» деген ән бар. «Қамажай», «Базар-Назар», «Жеңеше-ай» деген ғажайып әндерді үш ай, мүмкін, бес ай жалықпай күн сайын тыңдап жүрдік. Сол тыңдағаннан бұл әндерді жаттадым. Ол уақытта қазақшамыз өте нашар болатын. Мағынасын білу, тілді қазақшаға үйрету үшін көп уақыт өтті. Алдымен тілді қазақшаға үйреттік. Одан кейін бір домбыра таптым. Ол кезде Түркияда домбыра жоқ еді.

–           Қайдан таптыңыз домбыраны?

–           Бір ағам бар еді. Сол кісіде домбыра бар болатын. Мүмкін, көшкен уақытта елден алып келген домбыра шығар. Домбыраны іздеп-іздеп таба алмадым. Ағайым Стамбұлға келгенде біздің үйге қонып жататын, сөйтіп бір келгенінде: «Аға, маған домбыра керек. Сіз домбыраңызды маған берсеңіз. Күтіп ұстап, сындырмай, үйреніп алған соң қайтарып берсем, қалай болады?» – дедім. Жәрмеңкеден қайтып келгеннен кейін айтқаным ғой. Ол «Келесі келгенімде домбыраны алып келейін», – деді. Бірде домбыраны алып келді. Мен балаша қуанып, тағы екінші рет үйленгендей болдым. Бір домбыраның қуаты, әсерін айтып жеткізе алмаймын. Қатты қуандым. Домбыраны қолға алып, шертейін десем, өмірімде бұрын домбыра шертіп көрмегем. Ешқандай аспапта ойнап көрмеппін. Одан кейін «Жұлдызым» деген әнді домбырамен шерте бастадым. Құдай куә, бір кісіден үйренбедім, бір кісі маған «мынау былай болады» деп көрсетпеді. Бір қызығы әйелім бір жақта, домбырам бір жақта. Түнде төсектің үстіне шығарып қоямын. Неге десеңіз, таңертең сағат 6-7- де тұрып, домбыраны қолға алам да, әйелім оянып кетпесін деп, басқа бөлмеге кіріп, дыңғырлатып шерте бастаймын. Әйелімнің мазасын алмайын деп ақырын шертемін. «Мына кісі тек домбыра шерте бере ме?» деген әңгіме болмасын деп, таңертең шай дайын болған уақытқа дейін 1-2 сағаттағы да домбыраны дыңылдатып отырамын. Одан кейін жұмысқа кетеміз. Кешке сағат 9-10- да, түнделетіп жұмыстан келеміз. Жұмыс жеріміз де ұзақ.

–           Қандай жұмыс еді?

–           Тері жұмысы. Әкеміздің ательесі бар. Жұма деген үлкен ағамыздыңтері киім дүкені бар. Сол кезде Еуропада мода болған «Шибискин» деген қойдың аққа боялған терісінен киімдерге тігін машинасы арқылы кесге саламын. Сөйтіп, кешкі сағат 9-ға дейін жұмыс істеп, жүгіре келіп, тамақжеп алғаннан кейін ешқайда шықпай үйде отырып, дереудомбыраны құшақтай алып, жатқанша домбырамен әңгімелесетінмін. Бір жылым солай өтті. 1978 жылға дейін бір жыл ішінде 2-3 әнді шертуді үйрендім. «Базар-Назарды» шерте бастадым, «Жұлдызым» әнін шерте бастадым, «Қамажай» қолайыма жаққан сияқты. Одан кейін 1979-1980 жылдары қолым домбыраға әбден үйренді. Енді домбырада жақсы ойнайтындай болып, бір-екі домбырашы жолдастармен кездестім. Олардың бірі – Әбдуғани Мәкин еді. Әбдуғани Мәкин сол кезде университетте оқып жүрген. Ол кісі де домбыраны әдемі тартатын. Ол кісі алдымен гитара ойнауды үйренген. Гитараны үйреніп, сосын домбыраға ауысқан. Әбдуғани екеуміз 1-2 жыл домбыра шерттік, бірге ән айттық. Сөйтіп шілдеханалар мен тойларға барып, өлең айта бастадық. Біздің домбыра шертіп, ән айтып жүргенімізді көрген кісілер үйлеріне де шақырып, домбыра шерткізетін болды. Домбыра шерткен түгіл, қолға устағанды білмейтін адамдар 1-2 жылдан кейін ел қолқалап шақырып, ән айтқызатын жағдайға жеттік. Сонда өте шебер де емеспіз. Бірақ Стамбулда домбыра шертетін адам жоқ ол кезде. Сонда айтатынымыз төрт-бес ән. Халық соның өзіне мәз-мейрам болып, «жарайсыңдар» деп мақтайтын болды. Әсіресе, егде кісілер жастардың ұлттық домбыраға қызығып, өлең айтып жүргеніне дән риза.

–           Сіздің достарыңыздың арасында түркиялық қазақтардың атақты өнерпазы Зейнел де бар ма еді?

–           Зейнелмен кейінірек таныстық. Зейнел ол кезде Стамбұлда тұрмайтын, Анкараның арғы жағында, Нигде қаласына қарасты Алтай деген ауылда тұратын. Оның шығарған әндері барын еститінбіз. Дегенмен ол тым алыста тұратын. Жылына бір-екі рет қана келіп кететін. Сосын Стамбұлға көшіп келгеннен кейін Зейнелмен жете танысып, жақсы араластық. 1982 жыл ғой деймін. Зейнелдің 3-4 әні бар еді. Әндері әсем. Бәрімізге ұнайтын. Сонсоң, әр тойға, шілдеханаларға, Ғани, Зейнел үшеуміз бірге бара бастадық. Кейінірек Зейнел Нигде жақта ән таспасын шығарды. Түріктердің бір мәдениет қоғамының бастығы Зейнелді қолдап, қазақша әндерін ің бәрін студияда жазып, таспа жасатып берді. Сөйтіп, Зейнелдің жолы бола бастады. Негізі Зейнелді ән жолына бір қызға ғашық болуы жетеледі. Шығарған әндерінің арқасында ғашық қызына үйленді. Өйткені қайынатасы бастапқыда қыздарын бергісі келмепті. Ол сонда сүйген қызын әнге қосты. Сөйтіп, ол қызға арнап 4-5 әнді бірден шығарып жіберген болатын.

–           Ғашықтық қиялына қанат бойлап, арқаландырып жіберген екен ғой…

–           Қалай еді, сол әндердің бірі былай басталатын:

Біреуің ғой жүз мың дейсің,

Біреуің ғой сөз білмейсің.

Шариғатты айтып тұрып,

сіз біздерге қыз бермейсің.

Сен, сен, сен қара көздім,

Көзәйнектер салғыш көзін.

Біржігіттің жүрегін ғой,

Өртеп кетті осы сөзің…

Сөйтіп Түркияда өсіп, ана тілде мектеп көрмеген, газет оқымаған жастар арасынан Зейнел деген қазақша өлең жазатын бір ақыны шықты. Содан соң:

Қиылған қасыңды, қара көзіңді,

Төгілген шашыңды, сұлу реңіңді,

Сайраған тіліңці, тәтті сөзіңді,

Әсіресе, жақсы болған

сеніңөзіңді.

Сағындым, сағындым, сені сағындым,- деп әнге басты қазақ жастары.

Сосын қызды бермей қойғаннан кейін, өлеңге «күлгенді» қосып, «ха- ха-ха» деп күлкілі қызық бір әнді де шығарды.

Осылардан кейін Зейнелдің аты шықты. Елдің бәрі «Зейнел, Зейнел» деп кетті. Зейнел бізден бұрын домбыра шертетін. Сондықтан да ол бізден бір қадам болса да алда болды сол уақыттарда. Елдің бәрі Зейнелді жақсы көріп, атағы шығып кеткеннен кейін қыздың әке-шешесінің де беті қайтты. Қыз да барамын деп отырып алғаннан кейін, Зейнел мақсатына жетті.

–           Жұрт та қолдаған шығар…

–           Иә. Халық та қолдады, қыздың әке-шешесіне қысым жасады. Сөйтіп, Зейнел сүйген жарымен үйленіп, мұратына жетті. Мен ойлаймын, екінші жақтан бұл домбыраның құдыреті шығар деп. Сөйтіп, қалың малын төлемей қызды алды ғой. Қазір ол Францияда, Парижде тұрады. Бала-шағалары бар, тіпті бала-шағаларының алдын үйлендіріп, немерелі болып отыр.

–           Сіз композиторсыз. Өзіңіздің шығарған әндеріңіз туралы айтсаңыз. Алғашқы әнді қалай шығардыңыз?

– 1982-83 жылдары еді, әке-шешеміздіңжас кезі. Кешке дейін үйде отырғанда, жиылыста туған жерлерін айтып, сағынып әңгіме етіп отыратын. Сол кездегі құлағымда қалғаны, көп айтатыны -Алтай тауы. «Қайран Алтай жері», – дейді. Сөйтіп, ол кісілердің екі сөзінің бірі – Алтай болатын. Енді оны көреміз бе, көре алмаймыз ба деп, кешке дейін Алтай жайында айтатын. Ол кезде жас баламыз, Алтайдың қайда екенін білсекте өзіміз көрмегенбіз. Әйтеуір әке-шешелеріміздің туған жері деп сыйлап жүрдік. Бір күні әке-шешеміздіңтуған жеріне деп, Түркияға келген барлық қазақтардың, Алтайдан келген қазақтардың құрметіне сол Алтай тауын әнге қосайын, осы кісілердің ризашылығын алайын деп, армандарын әнге айналдырайын деп, «Алтай тауы» деген әнді шығардым. Өзім ақын болмасам да, жүрегімнен шыққан сөзімді ұйқастырып жазып, домбыраға салдым. 1983 жылдан бастап «Алтай тауы» деген әнімді ақырын-ақырын айта бастадым. Одан кейін алты айдай уақыт өткен кезде бір күні шілдеханаға шақырды. Егде кісілердің көбі шілдеханада отыр екен. Сол үлкендер екен бізді шақырған, домбырамен бір-екі ән айтып берсін деп. Ғани екеуміз бардық. Бір-екі ән айтып болғаннан кейін: «Сіздер үшін, Алтайдан келген бабаларымз үшін, аталарымыз үшін бір ән шығарып, домбыраға салдым, жақсы-жаман демеңіздер, осы әнді сіздерге бірінші рет айтып беремін. Ұнаса немесе ұнамаса өз пікірлеріңізді айтарсыздар” дедім. Сөйтіп, «Алтай тауы» деген әнді сол жерде айтып жіберіп едім, ән бітісімен әлгі кісілердің бәрі жылап, құшақтап сүйді. Сол кеште 5-6 рет қайта-қайта айттым ғой деймін. Сол кезде олар Түркияда туып, елді, Алтайды көрмеген жігіт қалайша мұндай ән шығарды деп таң қалған екен. Алтайды бұрын көрмегенмін. Солай болса да осы әнді естіген бүкіл қариялар жылап жіберді. Өзім де қатты қуандым. Өте толқыдым. Халықтың көңілінен шықтым. Мен сияқты домбыраны көрмеген, әнді біл мейтін, қазақшаны еш түсінбейтін, шетелде туып өскен қазақтың баласы үшін күндердің күнінде қазақша ән шығару деген адам сенгісіз үлкен оқиға ғой. Бұл мен үшін үлкен бір мақтаныш, абырой еді.

–           Қарап тұрсам, домбыраны алғаш қолға алғаннан алты жылдан кейін ән шығарыпсыз. Бойдағы таланттың тепкіні ме?

–           Әйтеуір осылай ән шығарып кеттім. Содан соң осы әнді барлық жерде айтып жүрдік. Одан кейін жастар үшін әндер шығару керек болды. Жастар ән шығаруымды сұрады. Жас жігіттер «бізге де жақсы бір әндер шығарсаңыз, біздің де айтқымыз келеді» деді. Сөйтіп, оларға деп ән шығардым.

–           Қандай әндер шығардыңыз?

–           Алдымен өзімнің құрдастарым үшін ән шығардым. Сосын үзіліс болды. 15-20 жылдай. Неге десеңіз, сыртқа шығып кеттік. Сауд Арабиясында 5 жыл жұмыс істеп келдім. Қайтып оралсам, Түркияда тері жұмыстары жақсы өріс алып жатыр екен. Жұмыстан бас көтере алмадық. Тынымсыз түнгі сағат 2-3-терге дейін жұмыс істеп, таңертең ерте түрып тағы жұмысқа кеттік. Солай өнерден көпке дейінқолүзіп қалдым. Өнерден бұрын алдымен жан бағу, үйді асырау керек болды. Өйткені бала-шағамыз бар еді. Оларға ақша, үй керек. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін тұңғыш рет 1993 жыл Қазақстанға бардым. Алғаш барғанда төрт ай болдым. Одан кейін сауда ісімен Қытай жаққа барып келдім. Бейжіңге, Гонконгқа дейін қыдырып, Мәскеуден бір-ақ шықтым. Осылай бірнеше жыл саудамен айналыстық. Тіккен тері киімдерді басқа елдерге апарып сатамыз. Кейінірек, жағдайымыз жақсара түскеннен соң Қазақстанда жақсы әндер, күйлер тыңдап жүріп, жүрек қайта домбыра деп соға бастады. Түркияда тағы да домбыраны қолға алдым. Бұл бір жағынан маған ұлттық міндет ретінде де көрінді. Өйткені артымыздан келе жатқан жастар арасынан домбыра үйреніп жатқан ешкім жоқ. Зейнел болса Еуропаға кетіп қалған. Ғани да Германияға кетті. Мұстафа Қасанту деген жігітіміз бар еді, ол да Германияға аттанды. Барлығы тарап кетті. Домбыраны тартатын адам болмай қалды. Одан кейін, домбыраны қолға алып, жастарға мұра қалдырайық, бірнеше ән шығарайық, Қазақстанның жақсы әндерін айтайық деген ой келді. Осылайша «Замандас» деген топты қурдық. Сөйтіп, он-он бес жыл осы домбыраны шертіп тойларға, қонақтарға, шілдеханаларға бардық. Өзімнің шығарған әндерім: «Алтай тауым», «Көктем» деген бір әнім бар. Сөзі мен әні өзімдікі. «Мен шетел қазақтың баласы» деген жастарға арналған бір әнім тағы бар. Сөзі мен әні де өзімдікі. Және билеу үшін музыка шығардым. «Бұрынғы күндерді ойлап кеттім, сен мені шындап тасгап кеттің, іздесең де таба алмайсың мендей адам» деген бір ән шығардым жастар үшін. Одан кейін, «Жалғыз көңілім», «Жалғыз қалған көңілімнің иесін таба алмадым» деген әндер дүниеге келді. «Жаным гүлім, маралым» деген бір ән шығардым.

–           2009 жылы Седат мырзамен бірігіп, жастарға домбыра үйреттіңіз деседі…

–           Ия, 2009 жылдан кейін Седат деген інімізбен біріктік. Седатпен бірге осы хорларда жұмыс жасадық. Седат Солахоғлу деген Қазақстанда, Түркістан қаласындағы Х.А. Ясауи университетінің консерваториясын 5 жылда бітіріп келген азамат. Сол жігітпен жолымыз бір болды. Стамбұлдағы қазақтардың құрған хорларында жұмыс істедік. Седат домбыра мұғалімі. 2010 жылдан кейін балаларға сабақ бере бастадық. Осы уақытқа дейін сол іс-шара, жұмыстармен айналыстық. Қазіргі күнге дейін жиырма бала домбыра үйренді. Соның ішінде жақсы үйреніп шыққан 5-6 бала болды. «Қазақ қоғамында» да мәдениет бастығы болып, Наурыз тойларында концерттер ұйымдастырдым. Сол кездерде Бекболат Тілеухан да Түркияға келген. Үйде қонақ етіп, концерт бұрын сахнаға мен шықтым үй иесі болып. Содан соң сөзді Бекболат ағамызға бердік. Естен кетпес кеш өтті. Оның арасында көп кештер өткіздік. Қазақстаннан келген топтар болды, әншілер болды, бишілер болды. Түркияға қазақтардың келгендігінің 64жылдығы болды. Осыдан басқа Қазақстан тәуелсіздігіне арналған концерттер де ұйымдастырдық. 2014 жылы алғаш рет Астана қаласында «Түркия-Қазақстан достық кеші концерті» өтті. Оны белгілі таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толуына арнадық. Біз үшін бұл тарихи оқиға болды. Атамекенде алғаш рет Түркияның қазақтары ұйымдасып барып, сол жерде өздерінің әндерін шырқады. Сол үш ән айтылды. «Атажұртым», «Сағындым», «Сені қалай ұмытайын» деген әндер. «Сағындым», «Сені қалай ұмытайын» Зейнелдің әні, «Атажұртымның» әні менікі, сөзі Ибрахим Ақсел ағамыздыкі болатын. Астанаға шашу ретінде сол әнді бірінші рет апардық.

«Түркия – Қазақстан достық кеші» дедік. Неге десеңіз, бұл жерден түріктің бір әнін апардық. «Ескі достар» деген. Менің «Алтай тауы» деген әнімді концертте берген уақытта, Түркияда тұратын композитор Бешир Ахмет Көсенің әні «Алтай тауым» деп айтқанда қатты толқып, сезімге берілдім. Сахнаның артында тұрғанмын. Өтірік айтпайын, жылап жібердім. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Бұл біз жете алатын жеңіс емес еді. Құдай тағала бізді осы күнге жеткізді. Және үлкен жаңалық болды. Түркия қазақтары үшін мақтаныш болды. Сол күні ең соңғы болып біз сахнаға шықтық. Халық бізді өте қатты бауырына басты. Концерт біткен соң бәрі риза болып, тележурналистер, композиторлар, бізбен танысып, сұхбат алып, бізді қуанышқа бөледі. Атамекенге барып-келіп тұрамыз. Сол сапарда 2 күн болдық Астанада. Өтірік айтпайын, ұйықтамадым десем де болады. Ұйықтамай, ұшып-қонып жүрміз. Естен шықпайтын, тарихи күн болды.

–           Аталарыңыз да риза болды ғой, «Алтай тауым» деп жылап еңіреп, Атамекенге жетіп отыр.

–           Шынын айтсақ, сол кісілердің дұғасымен болды барлығы. «Алтай тауым» сол кісілердің дұғасымен…

–           Сосын Астанаға тағы бір ән апарған сияқты едіңіз…

–           Иә, Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған, Абдулғани Мәкім деген жолдасым әнін жазған еді. Ол Мұстафа Өзтүріктіңтуған әкесіне арнап жазған әні екен. Бұрында бірге жүргенде сұрағанбыз, «бұл әнді қалай шығарып жүрсің? Кімге жаздың?» дегенде. «Мынау әкем үшін арнағаным, әкемді өте жақсы көремін» деген еді. Әкесі үшін ән жазатын Түркияда жігіттер шықты.

–           Көрген түстей болып өтті десеңізші!

–           Түсімізді айтсақ сенбейміз ғой. Біреу айтса сенбейміз. Соның бәрі, шынға айналып, рас болды. Енді тағы бір ән, Ә.Қара бауырымыздың жазған бір әнін домбыраға түсіріп жатырмын. Әннің аты «Атамекен». Сол «Атамекенді» домбыраға салып жатырмыз қазіргі уақытта. Мүмкін 2 айда көпшілік қауымға ұсынамыз деп ойлаймын. Құдай қаласа, Алла аманшылық берсе, осы жылы осы ән шығады. Әзірге осы жұмыстармен шұғылданып жатырмыз.

–           Көп рахмет сізге.

Әңгімелескен Әбдіуақап Қара,

тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры

Түркістан газеті, 2017 жыл, 30 наурыз, https://turkystan.kz/article/27356-beshir-ahmet-k-se-aza-sha-n-jrenuime-dos-m-asan-toby-ser-etti