«Қараоғлан» фильміндегі қазақтар
– Қазақтар 1952-1954 жылдары Алтайдан Гималай, одан Пәкстан арқылы Түркияға көшіп келген. Олар әрқашан тарихын, тілін, салт-дәстүрін түріктерге таныстыру үшін кез келген орайлы сәтті пайдалана білген, – дейді ғалым. – Соның бірі кино саласы болған көрінеді. Оған 1965 жылы түсірілген “Қараоғлан” киносы дәлел бола алады. Аталмыш туынды 1965-1972 жылдарда 7 серия боп түсірілген. Соның екеуінде қазақтар қосымша рөлдерде ойнаған екен. Олар «Алтайдан келген жігіт” және “Жамұқаның кек қайтаруы” деп аталады.
Менің таң қалғаным, жаңағы аттары аталған фильмдердегі кішігірім рөлдерде жүргеніне қарамастан аталарымыздың сол картинаға өздерінің ұлттық бояуларын сіңіре білуі. Оған дәлел – кинодағы қазақ киімдері мен киіз үй, би және әндер.
«Қараоғлан» түркиялық жазушы Суат Ялаз шығармасының қаһарманы ретінде өмірге келген фильм. Ол кейіпкер ХІІІ ғасырдағы Шыңғысхан уақытында өмір сүреді. Ширақ, ақылды, батыл, мықты жас батыр ретінде сомдалған Қараоғлан әділетсіздікке қарсы күресуші тұлға. Атақты Жамұқаның зұлымдықтарына тойтарыс береді. Бұл кейіпкерді түрік халқы қатты ұнатады. Осыны байқаған жазушы Суат Ялаз шығармасын киноға бейімдейді. Сөйтіп, оның алғашқы сериясы – “Алтайдан келген жігіт” 1965 жылы өмірге келеді. Одан кейін алты серия өз жалғасын табады.
Суат Ялаз өзіміз сөз етіп отырған киноға Ыстамбұлдағы қазақтарды көп пайдаланған екен. Фильмге қарап отырсақ, ондағы актерлердің киімдері біздің ұлттікі. Керей тымақ, бешпет, шапан. Сондай-ақ онда бір киіз үй көзге түседі. «Бұл қайдан келген?» деп сонда фильмде қатысқан ағаларымыздан сұрағанымыз бар. Сөйтсек ол Түркияда бір ай ішінде жасалған екен. Оны Қобдабай деген ақсақал өзі жасапты.
Әже-апаларымыз киіз басқан. Оған бір түрік байы демеуші болыпты. Оның жағдайын тағы да жоғарыдағы фильмде болған кісілерден сұрасақ: «Көп ақша алғамыз жоқ. Мақсат – киноға қатысып, қазақты таныту болды. Және басты рөлдерде емес, қарапайым, ұсақ-түйек фигурант ретінде түстік қой. Сондықтан күніне 5 лирадан ғана алдық», – дейді.
Иә, солай. Аталарымыз атақ үшін емес, ел қамы мен салт-дәстүрді түріктерге таныту үшін қатысқан ғой киноға. Сөйтіп, мұнда жасы егде тартқан ақсақал, жас бала, бәрі киноға түсіп қалған. Мәселен, өзімнің нағашы атам, осыдан жиырма жыл бұрын қайтыс болған Қаһарман қажыны фильмнен көріп ерекше сезімге бөлендім. Қазір сол адамдардың көбі қайтыс болған. Сондықтан Түркиядағы көптеген қандастарым фильмде аталарын немесе әкелерін, әжелерін көріп, олармен кинобейне арқылы жүздесуде. Сондай жандардың бірі әйгілі спортшы Мұстафа Өзтүріктің әкесі Кәбен (шын аты Кәкімбай) Өзтүрік дер едім. Ол кісі көш бастаған жетекші, домбыра тартатын және өлең жазатын бесаспап адам болған. Ағамыз фильмде осы өнерлері арқылы қалып қойған.
Бір эпизодта Кәбен қажы домбырасымен әйгілі «Қаражорға» биінің күйін шертіп отырғаны байқалады. Ал биді Қабылақат деген ағамыз орындап берген. Келесі көріністе қазақ әні де естіледі. Онда ер адамдар мен әйелдердің сыбызғы және домбырамен қосылып “Жетіарал жерім-ай” әнін шырқап отыр. Алматыдан келген бір музыка зерттеушісі мұның қазақта аз кездесетін үрдіс екенін көрсете келіп: “Сыбызғы мен домбыра екеуін біз қазіргі күнде енді-енді пайдаланып келе жатырмыз. Ал оны түркиялық қазақтар бұрын да жақсы пайдаланған екен”, дегенді айтты.