«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы»

Махмұт Қасымбековтің Қазақстан Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған кіта­бының тұсаукесері Ыстамбұлда 27 наурыз, сейсенбі күні өтті. Оған Ыстамбұл қаласындағы мемлекет қайраткерлерімен қатар ғалымдар мен азаматтық ұйымдардың, ақпарат құралдарының өкілдері қа­тысты.

Тұсаукесер рәсімі жоғары деңгейде өтті. Оған қатысқандар жиырма жылда Еуразияның асқақтаған жұлдызы атанған Қазақстанның же­текшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың көпшілік біле бермейтін адами ерекшеліктерімен таныс­ты.

Біз де осы жиналысқа қатыстық. Өзім 7 жыл «Азаттық» радиосында журналист болып қызмет атқарғандықтан осындай алқалы жиналыстарды қағазға түсіріп, дүйім жұртқа әңгімелеп беруді әдетке айналдырған жағдайым бар. Осы жиналыста да сол әдетіме басып, кімдердің қандай пікір айтқанын қағазға түсірдім. Мақалада алдымен соларды әңгімелеп, соңынан жиналыста айтылғандардан тарихшы ретінде түйген ойларымды ортаға салмақпын.

Бірінші болып мінберге осы кітап тұсаукесе­рін ұйымдастырып отырған ДА платфор­ма­cы­ның төрағасы Харұн Тоқақ көтеріліп, түркі дүниесіне қатысты көптеген іс-шаралар өткізіп жатқандарын, бірақ солардың ішінде өзіне ең қатты ұнағаны кітап шығару ісі болғанын айтты. Ол түркі дүниесінен 100 кітапты түрік тіліне аударып шығару жобаларының бар екенін айта келіп, былай деді:

“Махмұт Қасымбековтің бүгін тұсаукесерін жасап отырған кітабы да осы жобадағы еңбектің бірі. Бұл кітап Қазақстан Президентінің жанында жылдар бойы бірге жүрген мемлекеттік қайраткердің қаламынан шығуымен де құнды. Әр елдің мықты президенттері болады. Ал Назарбаев болса, тек мықты президент қана емес, ол, сонымен қатар, дана тұлға және ұлағатты ұстаз. Бір адамның бір елді осыншама жыл табысты басқаруының басты себебі осы болуы керек.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы көп кітап оқыдым. Қасымбеков кітабының солардан өзіндік айырмашылығы бар екен. Өйткені, ол бұл еңбекте ең алдымен Президенттің адамдық қасиеттерін әңгімелеп отыр. Мұндай кітапты жазу үшін Президент Кеңсесінің бастығы болу жеткілікті емес. Сонымен қатар, өмір құбылыстарына терең талдау жасайтын ғалым, сезімтал қаламгер де болу керек.

Ел басшысының адамдық қасиеттерін көр­сететін нақты мысалдар бұл кітапта көп. Соның бірі мынандай: Рим Папасының Қазақстанға сапары кезінде жасы егде тартқан рухани жетекші сөзін оқып жатқанда қолындағы қағазын түсіріп алады. Қағаз сусып барып, анадай жерге түседі. Өте ыңғайсыз бір жағдай болады. Мұндайды протоколдық кризис деп атайды. Сол сәтте Президент орнынан тұрып, жердегі қағазды алып, Рим Папасына береді. Сол сәтті кейін бүкіл әлемнің ақпарат құралдары көрсетіп шықты.

Менің кітапта жазылғандар туралы көп сөй­леуіме болады. Бірақ уақыт шектеулі, басқаларға да уақыт қалдыру керек. Бірақ кітапта көзіме түс­кен маңызды бір жәйтке тоқталуыма ұлықсат етіңіздер. Елбасы тәуелсіздіктің бастапқы кезе­ңінде маңызды бір үндеу жариялап, шетелдер­дегі қазақтарды тарихи отанына оралуға шақыр­ды. Сөйтіп, шетелдерден көптеген қазақ туған Отанына қайтуға мүмкіндік тапты. Сонда Өз­бекстандағы бір ақсақал Қазақстанға көшіп бара жатқан қазақтарға: “Барыңдар, жолдарың болсын! Туған Отандарыңа барыңдар. Менің кәрі жүрегім сезеді, сендердің дана жетекшілерің бар. Ол келешектің жарқыраған жұлдызы болады. Сендер ол басқарған елде шат-шадыман, бақытты өмір кешесіңдер”, деген екен. Айтқаны келгенін көріп отырмыз”.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев былай деді: “Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы елімізде және шетелдерде көптеген кітап жарияланды. Олардың барлығы Елбасын тек мемлекет қайраткері тұрғысынан таныстырады. Ал Махмұт Қасымбековтің кітабы болса, Елбасын оларға қоса көпшілікке беймәлім қырлары­мен көрсетеді. Кітапта баяндалғандай, Қазақстан халқы қиын-қыстау бір кезеңде ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Президент ел сенімін ақтап, Қазақстанды биік белес­тер­ге көтерді. Бүгін әлемде “Қазақстан жолы” деген ұғым орнығып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тек аймақ көлемінде емес, жаһан­дық көлемде де күшті мемлекетке айналдырды.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елба­сы­ның қасында болып келе жатқан Махмұт Қасымбеков белгілі ғалым. Ол еңбегін тек қазақ оқырмандары үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі оқырмандар үшін жазып отыр. Автор Қазақстан Президентінің Кеңсесінде ұзақ жылдар жұмыс істеді. Өзім сол Әкімшілікте хаттама ісіне жауапты жетекші болып 7 жыл істе­ге­нім­де, Махмұт Қасымбековтің қандай жан­қияр­лықпен еңбек еткенін өз көзіммен көрген едім.

Махмұт Базарқұлұлы бүгін тұсаукесері жасалып отырған кітаптан басқа Елбасының сөздері­нен құралған 16 томдық еңбектің жарық көруін де қамтамасыз еткен. Оның Президенттің жеке архиві мен музейін құруда да еңбегі зор. Бұлар ел тарихы үшін аса маңызды жұмыстар. Өйт­кені, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі сондай-ақ Қа­зақстан Республикасының да тарихы. Сон­дық­тан оқырман М.Қа­сым­бековтің кітабынан тек Елбасының ғана өмі­рімен емес, сонымен бірге, республика тарихымен де танысады.

Келесі сөз Қазақ­стан Парламенті Сена­ты­ның депутаты, академик Ға­рифолла Есім­ге бе­рілді. Ол Қазақ­стан Пре­зиденті жайлы жа­зылған кітаптар ішінде Қасымбеков кі­табы­ның орны ерекше дей келіп, сөзін былайша сабақтады:

«М.Қасымбеков кітабына “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” деп жақсы ат қойған. Расында да, Президент елін сүйеді, елі де Пре­зидентті сүйеді. Жалпы алғанда, Қасым­бе­ковтің кітабын оқып отырып, Елбасы туралы мынадай қоры­тын­дыға келдім.

Біріншіден, Елбасы – мемлекет құрған саяси тұлға. Мұндай саясаткерлер әлемде аз кездеседі. Бұл тұрғыда оны Ататүрікпен са­лыс­тыруға болады.

Екіншіден, Елбасы астана салды. Мұның маңызы зор. Өйткені, бір кезде Горбачев, Сол­женицын сияқты баз­бір қайраткерлер Қа­зақстанның солтүс­тік облыстарының бізге тиесілігіне күмән кел­тірген еді. Мұндай сыпсың сөздер Астана са­лынғаннан кейін сап тыйылды.

Үшіншіден, Елбасы Қазақ елінің айнала­сын­дағы мемлекеттермен шекараларын анықтады. Бұл – керемет табыс. Мұнда Елбасының қызметі мен талантының рөлі зор.

Төртіншіден, Президентіміз халықаралық қоғамдастықта Қазақстан мемлекетінің беделін адам сенгісіз дәрежеге көтерді.  Мұның барлығы Елбасының ерен еңбегі арқасында болып жатқан істер.

Бесіншіден, Қазақстан әлем тарихына ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болып енді. Сөйтіп, әлемдегі ядролық қарусыздану дәуірінің есігін алғаш рет ашты. Дүние жүзіндегі бір ғана мемлекет – Қазақстан, бір ғана саяси қайраткер – Нұрсұлтан Назарбаев мұндай шешімге бара білді.

Алтыншыдан, Елбасының ұзақ жылдардан кейін қайта табысуға мүмкіндік алған түркі мем­лекеттері мен халықтарының саяси, мәдени және ғылыми тұрғыдан ынтымақтасу іс-шараларында рөлі зор болғанын әркім мойындап отыр. Сон­дықтан Түркия президенті Абдолла Гүл мырза оған «Түркі әлемінің көшбасшысы» деген атақ берді».

Сенатор сөзінен кейін мінберге «Егемен Қа­зақстан» республикалық газеті» акционерлік қо­ғамының президенті Сауытбек Абдрахманов ша­қы­рылды. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітаптың шетелдерде алдымен түрікше жарық көруі әрі жарасымды, әрі заңды, деді ол. Құдай қосқанды адам ажырата алмайды. Көк түріктерінің ұрпақ­тарын тарих жан-жаққа жұлқылап әкеткенімен, әсіресе, кейінгі үш ғасырда біз бодандықтың бұ­ғауында өмір сүргенімізбен, сәт сағаты соққанда қайта табыстық. Біз Тәуелсіздік жариялаған күні бірер сағаттан кейін-ақ Қазақстанды Түркия таныды. Милли Меджлис жұмысын тоқтата тұрып, күн тәртібіне қосымша мәселе енгізіп, аз уақыт­тың аясында шешім шығарды. Бұл әлемдік дип­ломатия тарихында сирек оқиға болса керек. Байқап қарасаңыздар, Түркия мен Қазақстанның тарихында ғана емес, тағдырында да ортақ­тас­тық көп. Біз де сіздер сияқты екі әлемнің, екі құрлықтың, екі мәдениеттің тоғысқан тұсында тұрмыз. Бүгінде Еуропадағы алтыншы, әлемдегі он алтыншы экономиканың иесі болып отырған Түрік Республикасының өміршеңдігінің бір сыры осында. Біздің басшымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың феномені дегенде біз Елбасының екі әлемнің, екі құрлықтың, екі мәдениеттің ғана емес, екі қоғамдық құрылыстың – басымыздан кеш­кен социализм мен жаңа басталып жатқан капитализмнің, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің – жоспар мен нарықтың ортасынан қайнап шыққан, сол от пен судай кереғар жайлардан өзінің металлург мамандығына сай жаңа қоғам, жаңа жүйе, жаңа ел құйып жатқан бөлек бітімді тұлға екендігін айтамыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы саясаткер екендігі жайында көп айтуға да, аз айтуға да болады. Аз айтар болсақ, оның нақты дәлелі – біздің Елбасымызға Түркия астанасы Анкарада қойылған ескерткіш. Есілдің жағасында бар түріктің атасы Ататүрік бейнесін асқақтат­қанда біз де ұлы тұлғаға осындай құрметімізді таныт­қан едік. Нұрсұлтан Назарбаев – Мұстафа Кемал Ататүріктің елі үшін жасаған ерлігін жал­ғас­тырған жасампаз саясаткер. Махмұт Қасым­бе­ковтің кітабын оқып шыққан түрік азаматтары осындай ойын орнықтыра түсетіні талассыз.

Кітап авторы – егемендіктің елең-алаң шағы­нан бері Елбасының сенімді серіктері қатарында келе жатқан көрнекті қайраткер, белді ғалым, қарымды қаламгер. Ең бастысы – мемлекетшіл тұлға, елшіл азамат. Махмұт Базарқұлұлымен осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын партияның Орталық комитетінің аппаратында қатар жұмыс бастаған, содан бері қанаттас келе жатқан адам, дос ретінде мен мұны сеніммен айта аламын. Елбасы­ның Кеңсесін басқару, күнбе-күн алдын көріп, үздік үлгісінен үйрену, өрелі өнегесінен тағылым алу, талай-талай маңызды шешімдердің қабылдануына куәгер болу авторға мемлекет тарихының қалай жасалатынын нақты бақылау, сол тарихқа хал-қадерінше қатысу мүмкіндігін берген. Махмұт Қасымбеков ол мүмкіндікті қа­пы­сыз пайдаланған. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы әрбір қазақстандықты ел үшін, жер үшін, ел мен жердің игілігі жолында басын бәй­геге тігіп, аттан түспей жүрген ер үшін мақта­ныш сезіміне бөлентеді. Осы арқылы отаншыл­дығымызды күшейтеді, болашаққа сенімімізді арттырады. Бұл кітапты оқу арқылы түрік жұрт­шылығы алыстағы ағайынның тәуелсіз мемлекет құру жолындағы жанқиярлық жұмысымен танысады, сол жолда елін бір асудан кейін бір асуға бекем бастап бара жатқан Елбасының еңбегін бағалай түседі. Кітап артықша ғылы­миландырыл­май, жөнсіз саясаттандырылмай, өте шынайы, жүрекпен жазылған, оның өн бойында Президенттің дара тұлғасын айшықты ашатын жанды мысалдар көп. Мұның өзі автордың саясаттанушылық пен қаламгерлікті әдемі қабыстыра білетіндігінің белгісі.

Бұдан соң мінберге Ыстамбұл қаласының губернаторы Бүлент Қарашал көтерілді. Ол: “1991 жылы Кеңес Одағы келмеске кетіп, 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды. Солардың бірі – Қазақ­стан. Міне, осыдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздық шеруі бас­талды. Бұл кітап оның іс-қимылдарын жан-жақты баяндайды. Кітап Назарбаевтың неге бөлекше лидер екендігін бізге нақты көрсетеді. Кітапта Назарбаевтың 1991 жылғы төңкерістік әрекетке табанды қарсы тұруы баяндалған. Мұның аса зор және батыл демократиялық қимыл екені анық. Сонсоң оның Қазақстандағы барлық этностық топтарға ұлттық мәселелерде, әсіресе ана тілдерін үйренуде, қолдануда еркін­дік беруі – Батыс елдерінде де болмаған демо­кратиялық қадам. Нұрсұлтан Назарбаев – нағыз демократияшыл лидер. Астананың ел ордасы жасалуы да ерекше іс. Жетекші өзіне өзі бек сенімді болмаса, бұған бара алмайды. Семейдегі ядролық қару полигонын жабу да нағыз ерлік. Ол әлемдік бейбітшілікке, экологияны қорғап сақтауға үлкен үлес”, деп сөзін аяқтады Бүлент Қарашал.

Осы арада мына бір жайға назар аударт­пақ­пын. Біз әуелде губернатордың төралқадан неге орын алмағанына таңданып қалып едік. Сөйтсек, ол кісі тұсаукесердің басына ғана қатысып, сәлден соң басқа жұмыстарына кетпекші болған екен. Айтылған әңгімеге қызығып, іс-шарада сөз беруді сұрап қана қоймай, соңына дейін қызыға қатысып отырды.

Қара теңіз аймағындағы экономикалық ын­ты­мақтастық жөніндегі Парламенттік Ассам­блея­ның түрік тобының жетекшісі Исмайыл Сафи кітап туралы пікірін былай өрбітті: «Кітапта Мемлекет басшысының өмірі ғана емес, мем­лекеттің тарихы да таныстырылады. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің адами қасиеттері мен беймәлім қырлары ашып көрсетілген. Бұл кітап екі елдің байланыстарының нығаюына да үлес қосады. Бүгінгі таңда түркі дү­ниесінің аспанында жарқыраған екі жұлдыз бар. Біреуі – Азияның ең батысындағы Түркия, екіншісі – Азияның ең шығысындағы Қазақстан. Екі мемлекеттің жарығы Нұрсұлтан Назарбаев­тың есіміндегідей бүкіл түркі халықтарына нұр шашады деп ойлаймын”.

Жиналыста соңғы пікір айтушы ретінде мінберге көтерілген Ыстамбұл уәлиі Ауни Мұтлы: “Бізді бүгін осындағы айтылған сөздер ғана емес, сонымен қатар бауырластардың басқосуы да толқытып отыр. Осында айтылған “Құдай қосқанды адам ажырата алмайды” деген сөз маған қатты әсер етті. Шынында да, Алланың қосқанын ешкім айыра алмайды. Біздің бауырластығымыз, достығымыз мәңгілік болады. Бүгінгі кітапты жазған және бізге аса құр­метті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың адами қырларын таныстырған Махмұт мырзаға алғысым шексіз. Кітаптың бас жағында айтылған “Қаншама мықты болсаң да, бір бауырыңның болуы бәрінен маңызды” деген сөз біздің бүкіл сезімдерімізді, ойларымызды қоры­тын­дылағандай. Бауырластықтың бүкіл күштер­ден маңызды күш екенін айтқан бұл сөз өте мәнді», деді.

Жиналыстың аяғында толқу мен тебіреніс үстінде екені байқалып тұрған кітап авторы Махмұт Қасымбеков мінберге шақырылды. “Дәл мұндай кездесу болады деп күткен жоқпын. Қарапайым шағын топпен кездесіп, кітап туралы әңгімелеп беремін деп ойлағанмын. Түрік бауырларымыз бізге ыстық ықыласын тағы да көр­сетті. Сол үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Кітабымды түрік тіліне аударып, тұсау­кесер жасап жатқандарыңыз үшін ең алдымен ДА платформасына, демеуші Туркуаз фирмасына, еңбек еткен бүкіл азаматтарға алғысымды айтамын. Бұл ең алдымен қазақ халқына, ел басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіп отырған құрметтеріңіз деп білемін», деген автор мұнан кейін кітаптың жазылу себебіне тоқталды.

Мемлекеттік қызметте, Елбасының жанында жүріп осындай кітап жазғаныма кей адам таңданыспен қарайды. Ал дұрысында мұндай кітапты біз жазбағанда кім жазуы керек? Мен Елбасының қарамағында 1990 жылдың 4 сәуірі­нен бері жұмыс істеп келемін. Осы күндерде оған дәл 22 жыл толады. Әуел баста Президент Аппаратын құру жайында шешім қабылданғанда қатты қиналғанбыз. Оған дейін біздің барлық тап­сырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен отыратынбыз. Керек қағаздарды Қазақстан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік институтты енгізу арқылы Нұр­сұлтан Әбішұлы елді дербес мемлекет болуға дайындай бастады. Сол тұста басшы­мыз­дың іскерлік қасиеттеріне талай рет куә бол­ған­быз. Одан бері талай су ақты, аппаратта да көп адам жұмыс істеді. Талайлар келді, талайлар кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен аппаратта жұмыс істеп жүргендерден қазіргі Әкім­ші­лікте мен-ақ қалған сияқтымын. Басқалар түрлі жұмыстарға ауысты. Содан бері тапжылмай бір жұмыста отырмын. Сіздер осынша жылдың ішінде Түркияға алғаш келіп отырмын десем, таңданатын шығарсыздар. Шындығы солай. Менің қызметім сондай. Сыртқа шығатын, шетте жүретін жұмыс емес. Жұрт алдында суырылып сөйлеп жату да біздің міндеттің сипатына келе бермейді. Мен ата-бабаларымыздың көшпелі өмір сүргені, соған байланысты қағазға жазыл­ған құжаттар көп сақталмағаны, мұның өзі елдің тарихын жазуға қиындық келтіретіні жөнінде көп ойланған едім. Сондықтан да өз билігіміз өз қолымызға тигенде мемлекеттілігіміздің деректі жазбаша тарихын қалыптастыру жөніндегі жұ­мысты ұйымдастыру қажеттігін анық сезіндім.

Ат жалын тартып мінген жылдарым егемен­діктің елең-алаң шағына, тәуелсіздіктің таңсәрі ша­ғына тұстас келгені, осы кезеңде жас мем­лекетіміздің қаз басып, қалыптасуына хал-қаде­рімше араласқаным, тәуелсіз Қазақстан атты ғи­ма­раттың бір кірпіші болып қалануға ұмтыл­ғаным, сол жұмысты халқымыздың бағына біткен дара да дана тұлғаның – еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен, үйрене жүріп, тағылым ала жүріп атқару мүмкіндігі маңдайыма бұйырғаны – баға жетпес бақытым. Мен сол бақыттың бағасын білдім дей аламын. Президенттің табал­дырығында қызмет етуден басқа мақсатты алдыма қойған да емеспін. Өйткені, мен ол кісінің жай адам еместігін, шын мәнінде ұлы тұлға екенін өз көзіммен көріп келемін. Көптеген жылдар бойы Президент Кеңсесін басқарғандықтан, соған байланысты Елбасының алдына жиі кіре­тіндіктен, ол кісінің айтқан әңгімелерін көкірек­ке түйе жүрдім, жүйелі жазба жасап отырдым. Ақыр аяғында оларды жинақтап, жүйелеп, қалың жұртшылыққа жеткізуді парыз санадым. Президент үлгісінен үйренетін жайлар өте көп екеніне менің кітабымдағы нақты мысалдар дәлел болады деп ойлаймын. Осы жылдар ішін­де мен Елбасының адамдық қасиеттерін жақын тани алдым. Ол кісінің де жан-дүниесінде алай-дүлей бұрқаныстар болып жататынын, тәуелсіз­діктің тағдыры үшін қандайлық сынақтарға түсетінін, қиналатынын, қуанатынын көрдім. Пре­зидент өзінің көрегендік саясатымен Қазақ­станды ырысы артық, ынтымағы жарасқан елге айналдырды. Халықаралық саясатта үлкен жеңістерге қол жеткізді. Қазір қарап отырсаңыз, КСРО-ның бұрынғы республикаларының Қазақ­станнан басқа бірде-бірінің көршілермен шекара мәселесі толық шешілмеген екен. Ал Қазақстан бұрынғы одақтас республикалармен ғана емес, Қытаймен де шекарасын дау-шарсыз шегендеп алды. Ресеймен шекара бекіту де оңайға түскен жоқ. Осының бәрінде Нұрсұлтан Әбішұлының даналық дипломатиясы жатыр. Елбасымыздың Астананы салуы өз бетінше бөлек ерлік. Пре­зи­денттің жаңа қала тұрғызу жолындағы ізденіс­те­рі, қиналыстары, ондағы әр құрылысқа қуануы да көз алдымда өтті. Мемлекеттің болашағын ай­қындайтын осындай ұлы істердің қалай атқа­ры­латынын да оқырманға айтып бергім келді.

Менің бұл кітабым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасаған тең­десі жоқ ерлігін халыққа шынайы жеткізудің тағы бір талпынысы. Бұл туынды көпшіліктің, со­ның ішінде түрік ағайындарымыздың да көңі­лі­нен шығып жатса, азын-аулақ еңбегімнің ақталғаны деп білемін, деді Махмұт Қасымбеков сөзінің соңында.

Тұсаукесер түйінделер тұста шағын бір рәсім өткізіліп, Ыстамбұл уәлиі Ауни Мұтлы және бір­қатар азаматтарға Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты медальдар тапсырылды.

Сонымен, қорыта айтар болсам, тұсаукесер рәсімінен жеке өз басым да көп әсер алдым. Жалпы, бұл шара туралы түрік баспасөзіндегі және интернет сайттарындағы ақпараттардан түрік жұртшылығында кітапқа деген қызығу­шы­лық жоғары екені байқалды. Өйткені, Қазақ­стан­ды жиырма жылда үлкен жетістіктерге бастаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы әркімнің-ақ білгісі келеді, Әсіресе, жетек­ші­нің жеке қасиеттері, адами ерекшеліктері жайлы сөз болғанда мұндай қызығушылықтың арта түсетіні анық. Түрік тарихшылары арасында “түркі халықтары тарихты жасаған, бірақ тарихты жаза алмаған” деген мәтелге айналған сөз бар. Автор тарихты жазған дей аламыз.

Екіншіден, француз ойшылы Вольтер “тарихшыларды жазғандары үшін емес, жазбағандары үшін жазалау керек” деген екен. Бұл – өте дұрыс сөз. Меніңше, тек тарихшыларды ғана емес, ұлы істердің басы-қасында жүріп, көрген-білгендерін жазбаған мемлекет қайраткерлеріне де сондай жаза қолдану керек. Бұл кітап Франция немесе Гер­манияда жазылса, оған ешкім таңданбас та еді. Сондықтан бұл еңбек Қазақстанда жазылуымен құнды. Өзім кітапты оқыған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қасиеттерінің ашылмаған қырларының көп екеніне көзім жетті. Осы себепті, мұндай кітаптар әлі де жазылуы керек деп білемін. Бұл – тарихи жауапкершілік.

Мен Елбасының төңірегінде Махмұт Қасым­бе­ков сынды мемлекет қайраткерлерінің жүр­гені­не қуанамын. Мәселен, Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың көптеген қырлары ашылмай жатыр. Ал М.Қасымбеков Елбасының көпші­лік­ке беймәлім қырларын кітапқа түсіру арқылы Қазақстанның тәуелсіздік тарихын зерттеушілер үшін баға жетпес құнды деректер қалдырып отыр.

Босфор жағасындағы бұл тұсаукесер осын­дағы қазақ қауымының мерейін көкке көтерді. Еліміз үшін мақтана түстік. Елбасымыздың қадірін бұрынғыдан да біле түстік. Рахмет!

Әбдіуақап ҚАРА, Егемен Қа­зақстан (31.03.2012), http://www.egemen.kz/?p=330871

Әбдіуақап ҚАРА, Айқын газеті, (3.04.2012), http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=13344&Itemid=2

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.