АЛТАЙДА АТОЙЛАҒАН ОСПАН БАТЫР

Бұл естелiктi Нұрғожай батыр 1984 жылы Алтайдан ағайыншылап келген туысы Сұлтан Омарұлына ауызша айтып берiп, жаздырған көрiнедi. Айтушы мен хатқа түсiрушi өзара келiсе отырып, жазылған оқиғаларды екi еселеп көшiрген. Бiрiн – хатқа түсiрушi Сұлтан Омарұлы қоржынына жасырып, Қытайға алып өткен. Барғаннан кейiн оны жергiлiктi әкiмшiлiк бiлiп қойып, қолжазбасын тартып алған. Қолжазба сол күйi ұшты-күйлi жоғалған. Сұлтекең қолды болған дүниесiн көп жыл iздестiрiп, ақыры 2004 жылы өзi дүниеден өтiптi.

Ал, Түркияда Нұрғожай батырдың қолында қалған екiншi қолжазба 1986 жылы батыр дүниеден өткен соң оның қара шаңырағындағы қара сандықта жата берген. Арада 20 жылдан кейiн, 2006 жылы қолжазба зерттеушi-ғалым Әбдiуақап Қараның қолына тиген. Өткен жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң араласуымен қолжазба «Руханият» орталығында сараптаудан өтiп, кейбiр оқиғаларға қатысты сiлтемелер жасалып, мiне бүгiн жеке кiтап болып, жарық көрiп отыр.


Қазақтың алтын

аңызы

Жалпы, Оспан батыр жайлы бұған дейiн шетелдерде көптеген шығармалар жазылды. Батырдың күрескерлiк даңқы туралы дастандар өмiрге келдi. Еуропалық ғалым Линда Бенсон қаһарман атамыз жайлы «Қазақтың алтын аңызы» дейтiн көлемдi еңбек жазыпты. Онда: «Оспан батыр – өзiнiң бұрынғы өткен бабалары Шыңғыс хан, Әмiр-Темiрлер сияқты аса құдiреттi қолбасшы. Егер ол орта ғасырда өмiр сүрген болса, сөзсiз әлемдi жаулайтын жиһангер болар едi» дептi.

Сол сияқты ағылшын ғалымы Годфрейс Лиас өзiнiң «Гезкоп жауыздығы» атты көлемдi еңбегiнде Алтай қазақтарының көтерiлiсi және Оспан батырдың ерлiгi жайлы тамаша танымдық дүниелер жазып, күллi «тұманды альбион» елiн құлағдар еткен екен.

Одан басқа 1954-55 жылдары америкалық журналист Мильтон Дж. Кларк Кашмирге келiп қоныстанған қазақтардың ортасында бiр жыл болып, Алтайда өткен көтерiлiстiң тарихы жайлы АҚШ-тың баспасөздерiне көп сериалды мақалалар жазған. Соның арқасында бұндағы қазақтарды Түркияның көшiрiп алуына мұрындық болған. Бұдан басқа 1960 жылы Оспан батыр туралы түрiк ақыны Гемол Оғыз Окал көлемдi дастан жазыпты.

Бұл реткi тұсауы кесiлiп отырған кiтап – жеке адамдардың демеушiлiгiмен жарық көрген туындыларды қоспағанда бiздiң тәуелсiз мемлекет тарапынан шығарылып отырған тұңғыш туынды.

Қолжазба қазақ тiлiнде, төте жазумен жазылған

Осы орайда қолжазбаны тауып, оның мәтiнiн қазiргi қазақ әлiпбиiне түсiрiп, ғылыми түсiнiктемелер жазған Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдiуақап Қара мырзамен жүргiзген шағын сұхбатты ұсынып отырмыз:

– Әбдiуақап мырза, қолжазбаның табылғаны жайлы қазақстандық зиялы қауымды қалай хабардар еттiңiз?

– Өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетi мен Астана қаласының әкiмдiгi бiрлесiп ұйымдастырған, елорданың 10 жылдық мерейтойына арналған «Астана – мемлекеттiк тiлдiң тұғыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға келiп қатыстым. Осы алқалы жиын барысында алғаш рет тарихи, аса құнды қолжазба табылғанын жария еттiм.

Оқиғадан құлағдар болған ұлтжанды азаматтар – М.Құл-Мұхаммед, Д.Мыңбайлар туындының жеке кiтап болып шығуына көмектестi.

– Оспан батыр туралы әлi жарыққа шықпаған осындай дүниелер түркиялық туысқандардың қолында бар шығар. Өйткенi, батыр ұсталардың алдында қасында болған қазақтардың көбi Түркия асып кеттi. Олар өздерi куә болған оқиғалар жайлы жазып, сызды ма?

– Оспан батыр туралы жарты ғасырдан астам уақыттан берi жазылып, зерттелiп келе жатыр. Ол туралы көптеген кiтап, мыңдаған мақала жарық көрген болуы керек. Бiрақ әлi де болса ашылмаған шындықтар, жазылмаған дүниелер баршылық. Бұл заңды. Өйткенi, тарихи оқиғаның немесе тұлғаның нақтылы зерттелуi үшiн кемiнде 50 жыл өтуi керек екен. Мiне осы тұрғыдан алғанда Оспан батыр қаза тапқаннан берi 50 жылдан жаңа асты.

Бүгiнге дейiн түркиялық қадiрлi ақсақал Дәлелхан Жаналтай атамыз Оспан батыр және сол кездегi оқиғалар туралы «Қилы заман, қиын күндер» дейтiн кiтап жазды. Онда көп мәлiмет бар. Одан басқа Хасан Өр-Алтай ағамыз жазған «Шығысты дүрлiктiрген дара тұлға» атты көлемдi еңбек көптеген шетел тiлдерiне аударылды. Өз басым 1990 жылдардан бастап шетелдiң баспасөздерiне Оспан батыр туралы мақалалар жазып жүрмiн.

Қысқасын айтқанда, Оспан батыр туралы алғашқы деректер әлемге 1960 жылдардан бастап Түркия қазақтары арқылы тарады. Өйткенi, батырмен үзеңгiлес жүрген, тiптi ол кiсi қолға түскенге дейiн қасында болған адамдардың көбi Түркияға көшiп келген болатын. Соның бiрi – Нұрғожай батыр. Бұл адам 1950 жылдың шiлде айында аса қуатты жаудың шабуылы кезiнде жан серiгi Оспан батырдан айырылып қалған. Батыр қолға түскенiн бiлген соң елiн бастап Үндiстанға өтiп кеткен.

– Нұрғожай батыр бұдан бұрын Оспан батыр туралы түрiк тiлiнде тағы бiр кiтап шығарғаны жайлы дерек бар. Онда не айтылған?

– Нұрғожай – 11 жасында батыр атанған адам. Жалындап жатқан отқа тайсалмай кiрiп барып, өртке оранған анасы мен қарындасын алып шыққан. 1970 жылы осы Нұрғожай батырға түрiктiң ғалымы Гюльчин Чандарлыоғлы жолығып, бастан кешкен оқиғаларды айтып беруiн өтiнген екен. Батыр барлық оқиғаларды айтып берген. Бұл айтқандары соңында Ыстамбұл қаласында түрiк тiлiнде жеке кiтап болып, баспадан шықты. Көлемi – 230 бет.

Өкiнiшке қарай, осы кiтапта бiрқатар адам аттары мен жер-су атаулары қате жазылған. Кiтапты жазған ғалым қазақ тiлiн, Нұрғожай батыр болса, түрiк тiлiн жетiк бiлмегендiктен орын алған жағдай сияқты.

– Бүгiнгi тұсауы кесiлiп отырған кiтаптың қолжазба нұсқасы қай тiлде, қандай әрiппен жазылған екен?

– Естелiк қазақ тiлiнде жазылған. Қолжазба төте жазумен 200 бет көлемiнде. Кiтаптың соңғы жағына осы қолжазба нұсқасы да қоса берiлiп отыр. Төте жазуды оқи алатын адамдар қарап шығуына толық мүмкiндiк бар. Бұл, әсiресе, Қытай елiндегi қандастарымыздың қолайы үшiн жасалған дүние.

Батыр адамдар әдетте сөзге шорқақ, шешен болмайды. Бiрақ Нұрғожай батырға тағдыр батырлықты да, шешендiктi де аямай берген. Естелiктiң тiлi жатық, оқиғалары өте тартымды баяндалған. Отыз жыл өткеннен кейiн жазылса да, оқиғалары күнi кеше болғандай анық та қанық.

– Бұның себебi неде?

– Бұның екi үлкен себебi бар. Бiрiншiден, естелiк иесiнiң зердесi мықты, әрi көкiрегi ояу. Екiншiден, Түркиядағы қазақи ортаның ықпалы оқиға сорабын есте сақтауға зор септiгiн тигiзген. Өйткенi, Түркия қазақтары Ыстамбұл, Анкара және Маниса секiлдi үлкен қалаларда өмiр сүрсе де, қазақы салт-дәстүрiн 1990 жылдарға дейiн жақсы сақтап келдi.

Әсiресе той-томалақ, қонақ күту, жаназа секiлдi басқосулар жиi болып тұратын. Осындай жиындарда мол дастархан жайылып, ет желiнiп, сорпа iшiлiп, ақсақалдар арасында әңгiме қыза түсетiн. Дастархан басында Нұрғожай батыр сияқты азаматтар бастан өткен тарихи оқиғаларды үнемi айтып жүрдi. Сондықтан да ұмытылмай есте сақталды.

Тiрiдей жаназа шығартқан сарбаздар

Ендi кiтаптағы оқиғаларға қарай ойыссақ, жоғарыдағы Ә.Қара айтқандай, кiтаптың шынында да тiлi шұрайлы, оқиғалары шынайы жазылыпты. Алғаш көтерiлiсшiлер бас қосып, азаттық үшiн ант қабылдап, атқа қонып, барлық сарбаздарды тiзiп қойып тiрiдей жаназасын шығартқан оқиға жайлы былайша баяндапты: «Молла алғызып бүкiл әскерге жаназасын оқыттырдық. Жаназа оқыған күнiмiз 1940 жылы наурыз айының 19-ы болатын. Дәл сол күнi жылаған қатын-баланың дауысы әлi күнге есiмнен кетпейдi. Бүкiл Алтай тауы иман айтқандай дүр сiлкiндi, Сартоғайдан Жетi Аралға дейiн көсiле ағып жатқан Бурылтоғай өзенi ақ қырау мұз жамылып, ормандарды ақ сүңгi тұман басты. Шалқая сырғып ағып жатқан қос Шiңгiл өзенi де аза бiлдiрiп тұрған сияқты. Ит ұлып, ай тұтылып, жылқы атаулы қыл құйрығын сүзiп, алда болатын ауыртпалықтардың барлығын көз алдымыздан өткiзiп жатты. Бiз тәуекелдiң атына мiндiк. Иесiз жатқан қазақпыз – құрып алған мемлекетiмiз жоқ, жинап қойған қорымыз жоқ, салып қойған қаламыз жоқ, жаратқан Құдай бiзге экономикалық табысты да жазбаған екен. Бiздiң бар байлығымыз – төрт түлiк мал. Бiз осылай майданға кiрдiк» – дейдi.

Тiрiдей жаназасын шығартып, соғысқа кiру дәстүрi бұдан бұрын да ислам тарихында болған. Атақты қолбасшы Уалид Халиди өзiне қарсы шыққан мүшрiктерге (жауларына) қаратып: «Сендер менiң сарбаздарыммен соғысып жеңе алмайсыңдар. Мың жерден күштерiң басым болса да жеңiлесiңдер. Өйткенi, менiң туым астында жаназасын шығартып, Алла жолында шейiт кетудi аңсаған сарбаздар тұр. Олар үшiн өлiм – бұл дүниедегi ең қымбат нәрсе. Сендер өлiмнен қорқасыңдар, менiң сарбаздарым оны аңсайды, қалай жеңбексiңдер!» дегенi сияқты Оспан батырдың сарбаздары да өздерiн туған жердiң азаттығы мен ислам жолындағы шейiттермiз деп атқа қонған. Сондықтан да болар, олар қару-жарақ жетiлген, танк пен автоматтың заманында 5 мың жылдық тарихы бар империя армиясымен 11 жыл соғысты. Бұл – өткен ХХ ғасыр тарихында болуы мүмкiн емес құбылыс.

Қытай әскерлерiмен кезектi соғыс жайлы кiтапта: «Күнi бойы атыстық. Жау алдырмады. Ақшамнан кейiн ұран салып төбенiң төрт жағынан бiр-ақ қоршадық. Жауды түгел қырдық. Бiр адам ғана қашып құтылды. 30 бесатар, 300 түйе және әскердiң азық-түлiгi мен киiм-кешегiн қолға түсiрiп алдық. Сонымен қатар бiрер мың әскери жабдық қолға түстi. Осы жерде бүкiл ел бастықтары жиналып, кеңес ашып, Соғыс Комитетiн құрдық. Соғыс Комитетiне 3 адам: Ырысхан, Есiмхан Кәдiрбай бастық болып сайланды. Әскери азық- түлiк дайындауға Ақтеке, Ноғайбай, Салық тәйжiлер белгiлендi. Төрт жақты қорғайтын 400 адамдық қарауыл әскерлер белгiлендi. Оң жақ қарауылды Сүлеймен батыр, сол жақ қарауылды Мұса мерген, артқы шеп қарауылды Шамғұн мерген, алдыңғы шептi Үмiтбай мен Қаһарман мергендер басқаратын болды. Ұйымдастыру iстерi аяқталғаннан кейiн Керей Ер Жәнiбек батырдың ақ туы сандықтан шығарылып, мәулiт оқып, көк қасқа тай, ақ сарбас қой сойып, бүкiл жiгiттер бiртұтас әскери мiндет өтеуге тiзiмделдi. Азаматтар қызыл қанға қолын батырып, айнымасқа серт бiлдiрдi» – дейдi.

Осылай серттескен сазбардар соғыс басталған төрт айда iрiлi-ұсақты 47 шайқасқа түсiп үлгерген. Төрт айдың iшiнде Қытай армиясының 7 мыңнан астам әскерiн қырып тастаған. 4000 түйе, 7000 ат, 7000-нан артық әртүрлi қару-жарақ олжалапты. Оспан батыр болса, 14 адамды бастап барып, Қарақора қарауылында тұрған бiр батальон орыс әскерiн қырып тастап, 1700 түйенi жүгiмен қолға түсiрген.

Әлихан мен Ахметтiң басын әкелiп берiп, орыс генералдың басын алыңдар

Тарих үшiн айта кеткен орынды болар. Алтай қазақтары алғаш көтерiлiс бастағанда гоминдандық қытай билiгiне қарсы шыққан. 1943-44 жылдары гоминдандықтарды ұнатпай қалған Кеңес үкiметi Моңғолия арқылы Оспан батырға үйiп-төгiп қару-жарақ берiп, айдап салған. Әрi моңғолиялық партизандар тобын жасақтап, күш бiрiктiрген. 1945 жылы Оспан батыр Алтай өлкесiн гоминданнан толық тазалап болып, жеке дара қазақ мемлекетiн құрып жiберейiн десе, мына жақтан Кеңес елi келiп килiккен. Оспанға жеке мемлекет құрғызып қойып, қарап отыратын Кеңес елi жынды емес. Алтай аймағының билiк басына Қазақстаннан адамдар әкелiп отырғыза бастаған.

Оспан батыр болса, «Мен қызылдар үшiн қан төккем жоқ» деп, сарбаздарын алып, тауға шығып кеткен. Оспанды жойып жiберу үшiн Кеңес Одағы екiншi дүниежүзiлiк соғыста немiстермен шайқасып әбден шыңдалған жауынгерлерiн әкелiп Оспанға қарсы салған. Осындай бiр кезектi соғыс туралы кiтапта: «генерал Банкенi он адамымен оңашада атып тастадық. Соңғы Ышқынты шайқасында генерал Разборов өлтiрiлдi. Соңғы бiтiмде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенiң сүйегiн бердiк. Разборовтың сүйегiн бермедiк. Өйткенi ол соғыс қылмыстысы едi. Көктоғайдағы орыс елшiлерiне Ырысхан: “Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтiрген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың басын әкелiп берiңдер, сонда бiз генералдың басын беремiз» дедi. Сөз сонымен тынышталып қалды» деп жазыпты.

Қырдан қытай, ойдан орыс, маңдайдан моңғол шапты 1945 жылдан кейiн Оспан батырға қарсы – жаңадан орнаған Шығыс Түркiстан Республикасының армиясы, Кеңес Одағы тарапынан барған әскерлер, Моңғолияның арнаулы бөлiмдерi үш жағынан тықсырды 1947 жылға дейiн 3 елдiң әскерiмен алма-кезек соғысқан Оспан алдырмай қойды. Алтай тауының құлама құзына барып бекiнген қазақтардың 8 жастағы баласынан бастап қолына мылтық ұстауға жарайтын қарияларына дейiн соғысты.

1947 жылы Оспан сарбаздары күллi Алтай аймағына шабуыл жасап, Шығыс Түркiстан және Кеңес Одағының әскерлерiн қуып шықты. Сасқалақтаған әскерилер Қазақстанның шекарасын асып қашты. Осылай екiншi рет Алтайды азат еткен Оспан сарбаздары бұл жерде көп тұрақтай алмады. Себебi, 1949 жылы қазiргi коммунист Қытай үкiметi орнап, оған Кеңес елi қосылып, аса iрi күшпен Оспанды Алтайдан ығыстырды. Оспан болса өзiнiң бұрынғы ата жауы гоминдандықтармен бiрiгуге мәжбүр болды.

1951 жылдың басында ерiксiз ығысып, Тибет шекарасындағы Қанамбал тауына барған соң бiрге жүрген серiктерiн Үндiстанға асырып жiберiп, өзi қасында қалған аз ғана әскерiн бастап қайта бұрылады. «Жаттың жерiнде тiрi жүргенше, туған топырақта сүйегiм қалсын!» деп бекiнген Оспан батыр ақыры осы жылы қолға түсiп, Үрiмжi қаласында атылды.

Түйiн сөз

Қазақ тарихында 1789 жылы Сырым батыр Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiс 17 жылға созылды. Одан кейiн 1836-37 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерiлiсi, 1837-1847 жылдары өрiс алған Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдары Жанқожа батыр, 1855-1858 жылдары Есет Көтiбарұлы бастаған көтерiлiстер, ең соңғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты бәрiмiз бiлемiз. Жоғарыдағы Алтай қазақтарының 11 жылға созылған көтерiлiсiн қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың заңды жалғасы деп таныған дұрыс.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

26 мамыр 2009, Almaty Akshami

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.