ӘТТЕН ЖАСТАЙ ҮЙРЕНУ КЕРЕК ЕКЕН ДЕГЕН 15 НӘРСЕ

Ыстамбұлда дүниеге келдім. Еуропада біраз жыл еңбек еттім. Электроника мен тарих саласында көп жылдар жұмыс істедім. Бүгінде жасым орта жастан асып барады…
Өмірде адам кейде артына бұрылып қарап:
«Әттең, осыны жас кезімде білгенімде ғой…» деп ойлайды екен.
Тіпті кейбір сәттерде: «Неге мұны маған ешкім ертерек айтпады?» деп іштей ренжитін кездер де болады екен.
Сол себептен бүгінгі жастар ертең дәл осылай өкінбесін деп, өмірден түйген кейбір ойларымды қағазға түсіруді жөн көрдім.
Бұл — ақыл айту емес.
Өмірдің үйреткен сабақтары…
Адам жас кезінде өмір ешқашан бітпейтіндей көрінеді. Қуаты әрқашан сақталатындай, ата-анасы үнемі жанында болатындай, денсаулығы ешқашан бұзылмайтындай сезінеді.
Бірақ уақыт өте жылдам өтеді.
Бүгінде қырық жастан асқан көптеген адамдардың айтатын ортақ сөзі бар:
«Кейбір нәрселерді жас кезімде үйренуім керек еді…»
Өйткені адамның мінезі, әдеттері және өмір жолы көбіне жастық шақта қалыптасады.
Міне, жас кезде үйрену керек ең маңызды нәрселердің кейбірі:
1. Уақыттың қадірін үйрен

Өмірдегі ең қымбат нәрсе ақша емес. Уақыт.
Жоғалған ақшаны қайта табуға болады, бірақ өткен уақыт қайта оралмайды.
Сондықтан жас кезден уақытты дұрыс пайдалануды үйрену керек. Үнемі кейінге қалдыру, мақсатсыз өмір сүру және уақытты бос нәрселерге жұмсау адамның өмірін білдірмей тауысады.
Өмір ұзақ сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде өте тез өтеді.
2. Денсаулығыңа мән бер
Жиырма жастағы қателіктер бірден байқала бермейді.
Дұрыс тамақтанбау, қимылсыз өмір, ұйқының бұзылуы, күйзеліс және жаман әдеттер адамның алдынан жылдар өткен соң шығады.
Қырықтан кейін көптеген адам:
«Жас кезімде өзіме көбірек қарауым керек еді» дейді.
Денсаулық — жас кезде қадірі толық сезілмейтін, бірақ жоғалғанда бәрінен маңызды болатын ең үлкен байлық.
3. Спортты әдетке айналдыр
Жас кезінде спортпен айналыспаған адам оның жоқтығын кейін қатты сезінеді.
Өйткені қырықтан кейін спортқа үйрену әлдеқайда қиын болады.
Спорт тек денсаулық емес; ол тәртіп, сабыр және рухани төзімділік береді.
Жаяу жүру, жүзу, велосипед тебу немесе тұрақты жаттығу — қайсысы болса да, қозғалысты өмірдің табиғи бөлігіне айналдыру керек.
4. Кітап оқуды үйрен
Кітап оқу әдеті кішкентай жаста оңай қалыптасады.
Жас кезінде көп оқыған адамның ой-өрісі кеңейеді. Сөздік қоры артады, оқиғаларға әртүрлі қырынан қарауды үйренеді.
Кітап тек білім бермейді; адамның мінезін, қиялын және ойлау қабілетін де дамытады.
Бүгінде көптеген адам әлеуметтік желінің әсерінен ұзақ мәтін оқуға қиналады. Ал кітап оқитын адам тек дүниені емес, өзін де жақсырақ таниды.
5. Ағылшын тілін, тіпті екінші шет тілін меңгер
Тіл үйрену тек мансап үшін емес. Бұл — әлемге ашылған жаңа есік.
Жаңа тіл үйренген адам басқа мәдениеттерді, қоғамдарды және ойлау жүйелерін таниды.
Бүгінде ғылымнан технологияға, академиядан саудаға дейін шет тілі үлкен артықшылық береді. Әсіресе ағылшын тілі енді артықшылық емес, қажеттілікке айналды.
Мүмкін болса, екінші бір тілді де үйрен. Өйткені әрбір тіл адамға жаңа бір әлем ашады.
6. Ақша табуды және басқаруды үйрен
Жас кезден еңбек етіп, ақша табуды үйрену адамға сенімділік береді.
Өз еңбегімен тапқан адам өмірге шынайы қарайды. Ақшаның қалай келетінін білген адам оны ұқыпты жұмсайды.
Бірақ ақша табу ғана емес, оны дұрыс басқару да маңызды.
Сондықтан жас кезден инвестиция жасауды және қор жинауды үйрену керек.
Тек еңбекпен ақша табуды емес, ақшаң сен ұйықтап жатқанда да жұмыс істейтін жағдай жасау қажет.
Аз болса да тұрақты түрде ақша жинау, ұзақ мерзімді ойлау және уақыт өте пассив табыс қалыптастыру адамға сенім мен еркіндік береді.
Қаржылық тәуелсіздік адамға еркін әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
7. Өзің қандай болсаң, солай көрін. Табиғи және қарапайым бол
Бүгінде көптеген адам өзінен бай, күшті немесе табысты болып көрінуге тырысады.
Ал шын мәнінде адамды бағалы ететін нәрсе — көрсеткіш емес, мінезі.
Табиғи болу, өзің сияқты өмір сүру және қарапайым қалу — үлкен кемелдік.
Көп адам шын мәнінде жоқ өмірі бардай көріну үшін қарызға батады. Несиеге алынған қымбат заттар қысқа уақыттық мақтаныш береді, бірақ ұзақ уақыттық күйзеліс қалдырады.
Қарызға алынған нәрсемен мақтану адамды бірте-бірте қарыздың құлына айналдырады.
Көрсету адамды аз уақыт жарқыратады. Ал шынайылық ұзақ уақыт құрмет әкеледі.
Адам өзінен басқа болып көрінуге тырысқан сайын шаршайды. Ал өз қалпында өмір сүргенде тыныштық табады.
8. Өзіңе өзің жеткілікті болуды үйрен
Тамақ пісіруді үйрен.
Кір жууды үйрен.
Үйіңді жинауды үйрен.
Бұлар ұсақ нәрсе сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде адамның есейуінің негізі.
Өз ісін өзі істей алатын адам өмірде мықты болады.
Сонымен бірге өз еңбегімен өмір сүретін адам басқалардың еңбегін де көбірек бағалайды.
9. Ата-анаңмен уақыт өткізуді үйрен
Жас кезде ата-анамыз әрқашан жанымызда болатын сияқты көрінеді.
Бірақ уақыт өте тез өтеді.
Бір күні олардың шашы ағарып, жүрісі баяулап, бұрынғыдай қуатты емес екенін байқайсың…
Өмірдің ең ауыр шындықтарының бірі — ата-аналан көз жазып қалу.
Сондықтан жас кезден олармен бірге уақыт өткізуді үйрену керек.
Өйткені уақыт өте келе адам ең алдымен сол әңгімелерді сағынады.
10. Дұрыс дос таңдауды үйрен
Кейбір адамдар сені көтереді, кейбірі төмен тартады.
Үнемі шағымданатын, мақсаты жоқ және сені менсінбейтін адамдармен уақыт өткізу адамның күш-қуатын тауысады.
Ал еңбекқор, адал және мақсаты бар адамдар керісінше сені дамытады.
Кіммен араласатының бірнеше жылдан кейін қандай адам болатыныңды анықтайды.
11. «Жоқ» деп айтуды үйрен
Жас кезде көптеген адам бәрін қуантуға тырысады.
Сол үшін қаламайтын нәрселерге де «иә» деп, өз уақыты мен күшін жоғалтады.
Ал шын мәнінде есейу — шекара қоя білуді үйрену.
Өзіңе зиян келтіретін адамдарға, жаман әдеттерге және уақытыңды босқа алатын істерге қажет кезде «жоқ» деп айта білу — үлкен күш.
12. Бір мамандық пен қабілет иесі бол
Диплом маңызды, бірақ жалғыз өзі жеткіліксіз.
Адам міндетті түрде өзіне тән бір қабілет дамытуы керек.
Жазу, оқыту, сауда жасау, бағдарламалау, дизайн, музыкалық аспапта ойнау…
Өйткені әлем тез өзгеріп жатыр. Бүгінде тек жаттап алған емес, өндіретін және іске асыратын адамдар алға шығады.
13. Есте сақтау және оқу техникаларын үйрен
Көп адам:
«Мен ұмытшақпын» дейді.
Ал шын мәнінде көбіне ұмытшақ адам болмайды; жаттықпаған жады болады.
Адам миы дұрыс әдістермен дамытылса, ойлағаннан әлдеқайда күшті.
Сондықтан жас кезден есте сақтау техникаларын үйрену үлкен артықшылық береді. Конспект жазу, байланыстыру, қайталау жүйесі, жылдам оқу және зейінді шоғырландыру әдістері оқу мен жұмыста адамды алға шығарады.
Әсіресе қазықтау әдісі, ой карталары және жады сарайы сияқты тәсілдер ақпаратты тез меңгеруге және ұзақ есте сақтауға көмектеседі.
Бүгінде көптеген адам жаңа танысқан кісілердің аттарын тез ұмытады. Ал есте сақтау техникалары арқылы есімдерді, жүздерді, даталарды және маңызды мәліметтерді оңай есте сақтауға болады.
Бүгінде ақпаратқа жету оңай, бірақ оны реттеу, есте сақтау және дұрыс пайдалану қиындап барады.
Күшті жады тек емтихан үшін емес; ойды дамыту, өнімді болу және өмір бойы үйрену үшін де маңызды.
Өйткені мықты сана — адамның өмір бойы алып жүретін ең үлкен байлығы.
14. Әлеуметтік желіде емес, шынайы өмірде өмір сүруді үйрен
Бүгінде көптеген адам өмір сүруден гөрі, өмірін көрсетумен айналысады.
Үнемі телефон экранына қараған адам шынайы өмірді өткізіп алады.
Ал өмір экранның ішінде емес; отбасыңда, достарыңда, кітаптарда, сапарларда және шынайы естеліктерде.
Туыс, дос және таныстармен дастарқанда отырып әңгімелесудің орнын ешқандай экран баса алмайды.
Бірге ішілген шай, ұзақ әңгіме, бір дастарқан басындағы сұхбат адамның жанына жақсы әсер етеді. Өйткені адам тек ақпаратпен емес, шынайы қарым-қатынаспен де күшейеді.
Бүгінде адамның көп ортасында жүріп жалғыз сезінуінің бір себебі — шынайы жүздесулердің азаюының салдары.
Кейбір сәттерді көрсету үшін емес, шын мәнінде өмір сүру үшін жина.
15. Жасанды зердені дұрыс қолдануды үйрен
Біздің заманымыздың ең үлкен технологиялық өзгерістерінің бірі — жасанды зерде.
Бүгінде жасанды зерде оқу-ағартудан ғылымға, өнерден саудаға дейін өмірдің барлық саласына ене бастады. Дұрыс қолданылғанда ол адамға уақыт үнемдейді, зерттеуді жеңілдетеді және өнімділікті арттырады.
Бірақ мұнда маңызды бір нәрсе бар:
Жасанды зерденің шәкірті немесе құлы емес, ұстазы болу керек.
Өйткені ойланбай, тексермей және бақыламай қолданылған жасанды зерде адамды жалқаулыққа, үстірт ойлауға және қате ақпаратқа жетелеуі мүмкін.
Технология адамның орнына ойламауы керек; адамның ойлау қабілетін дамытуы керек.
Машинаны басқарған адам күшті болады.
Ал машинаға басқарылған адам уақыт өте тәуелді болып қалады.
Сондықтан жасанды зердені саналы түрде қолдануды үйрену — болашақтағы ең маңызды қабілеттердің бірі болады.
Міне осындай нәрселер бүгін ойға келді.
Назарларыңызға рақмет
Әбдіуақап Қара