Ақын Арғынбек Апашбайұлы Өлеңінде Жыл Аттары

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының “Шетелдегі қазақтар” сериясынан 2013 жылы шыққан Уақап Қыдырханұлының “Арғынбек Апашбайұлы Жыр-Ғұмыр” атты еңбегінен осы өлеңді қыстартып назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Әбдіуақап Қара

“Жыл өлеңі”

Әуелі жылдың басы болар Тышқан,

Адамзат бір-біріне неге дұшпан?

Әбіл – Қабыл таласып қыз серікке,

Бірін-бірі өлтіріп көрге тыққан.

Екінші жылдың аты болар Сыйыр,

Найман елім Жайсаңда қалды қиыр.

Қолыма қалам алып талап етіп,

Өрнектеп ақ қағазды салдым шиыр.

Үшінші жылдың аты болар Барыс,

Тірлік жолы адамға алыс-жарыс.

Бес күншілік жалғанға ғапыл қалмай,

Болыңдар, ағаларым, дінге таныс.

Төртінші жылдың аты болар Қоян,

Алладан шын қорықсаң шошып оян.

Іс қылма ақыйқатсыз, азаматтар,

Пенденің бар қылығы тәңірге аян.

Бесінші жылдың аты болар Ұлу,

Ажал жеце мүлде жоқ өмір сүру.

Шын жарлық бір Алладан келген шақта,

Оп-оңай дария-көлдің суы құру.

Алтыншы жылдың аты болар Жылаң,

Мағлұм тәңір алдында ақ пен құлаң.

Өзіңнен медет тілеп сөз сөйледім,

Бере гөр өзің жарым, Аллаһұ тағалам.

Жетінші жылдың аты болар Жылқы,

Қызығы бұл жалғанның ойын-күлкі.

Ағалар, киіп-ішіп қызығып көр,

Жігіттің қалар бір күн жыйған мүлкі.

Сегізінші жылыңыз, білсеңіз, Қой,

Тірлікте күліп-ойнап жүрсеңіз ғой,

Бұл жалған көрген түстей өте шығар,

Ағалар, құлшылық қыл – күнәнді жой.

Тоғызыншы жылдың аты болар Мешін,

Мешінді кісі деме болса есің.

Алланың ақ жолына адал жүрсең,

Дүниеде артық болар елге десің.

Оныншы жылдың аты болар Тауық,

Сөйлейін мәселенің ебің тауып,

Ерлік қыл, ағаларым, өз нәпсіңе,

Ауыздықта, тізгінде, қылыш шауып.

Он бірінші жыл аты ит болады,

Жақсы адам жамадықтан сырт болады.

Құдайдан шын қорыққан әр пенденің,

Қолында жақсы жолға кілт болады.

Он екінші жылдың аты Доңыз болар,

Адамға бақ пен сор егіз болар.

Ағалар, қуанғанда қайды да ойла,

Пенденің гүл көңілі бір күн солар.

Өлең қылдым он екі жылды осылай,

Жылды өлең қылу да бір жосындай.

Еріккеннің ермегі демеңіздер,

Мұнда да мағына көп біл, досым-ай,

Тер төгіп іздегенге Алла берер,

Марсиып мардамсыңсан жұрт қомсынар.

Жазғаным көңілімнің мінажаты,

Арғынбек пақыр молла һикаяты.

Ағалар, дұға қылсаң қабыл болып,

Алланың тиер ме екен мархабаты!

Арғынбек өлеңдері Қазақстан, Қытай, Монғолия, Түркия елдеріндегі қазақтар арасына кең тараған.  Оның бірқатар туындылары ҚР ҒА-ның Орталық Ғылыми кітапханасында қолжазба қорында сақталған. Туған жерге деген күңіреніске толы Арғынбектің жыр-мұрасы  әлі толық зерттеліп, оқырмандарына жете қойған жоқ. Ақынның шертілмей жатқан шерлі шежірелері, қазылмай жатқан қазыналары аз емес. Арғынбек Апашбайұлы 1946 жылы Қытай Халық Республикасы Шыңжан өлкесінің Алтай аймағында қайтыс болды.

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.