Мұсылман халық екенімізді ұмытпасақ екен

Мысалға, бүгінгі таңда кейбір азаматтар баласын бала бақшадан бастап ағылшын тіліне үйретіп жатқанын естіп жүрміз. Бұл олардың өз халқына сенбей, баласының келешегін ағылшын немесе немесе американ халқымен байланысты көретінін байқатады. Жалпы сана тәуелсіздігі бір күнде көктен топ етіп түсе қалмасы анық, ол біртіндеп қалыптаспақ. Қазақ жұрты алды екі ғасыр, арты жетпіс жылдай бодан болды. Саяси тәуелсіздік алған күннің ертеңінен бастап сана өздігінен өзгеріп қалпына келмейтіні белгілі. Бәлкім, ұлттық санамызды қайта қалпына келтіру үшін саясаткерлер, зиялылар, саналы азаматтар тағы да бір 20 жыл жұмыс істеуі керек. Халқымыз біртіндеп соған карай келе жатыр. Қазір қазақ тілінің аясы біршама кеңейгенін көреміз. Бұл не? Ұлттық сананың біртіндеп толыға бастағаны. Бұл бізге ел азаматтарының жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Ал мұндай жұмыс істелмесе ел қанша тәуелсіз болса да, арадан ғасырлар өтсе де халық санасының басқа ұлттардың мәдениетіне деген тәуелділігі жалғаса береді. Сөйтіп біртіндеп тіл де, халық та жоғалып кете барады.

Ал енді сана тәуелсіздігі үшін ең маңызды құрал ретінде тарихты айтуға болады. Ол сана тәуелсіздігі үшін басты құрал. Егер қазіргі техникалық тілмен айтар болсақ, санамыздың тәуелділігін компьютердегі вирусқа ұқсата аламыз. Ол, өзіңізге белгілі, компьютердегі кейбір процестерді баяулатып, кейбір мәліметтерді сыртқа беріп жатады. Тіпті компьютерді істен шығаратын кездері де болады. Ал біз көбінесе компьютердегі осы ақаулықты, онда вирус барын парықтамаймыз. Бізге барлығы да дұрыс болып көрініп тұрады. Бұндай жағдайдан құтылу үшін антивирус қолдану қажет болады. Сол секілді сананы да тәуелсіз ету үшін антивирус керек. Ол антивирустың өзегі ұлттық тарихымыз болмақ. Оны жан жақты қып зерттеп оқуымыз, білуіміз керек. Содан кейін ұлттық тарихымызды өзге халықтарға таныстырумыз керек. Екіншіден, басқа елдердің тарихын да жақсы зерттеуіміз керек. Өзге елдердің тарихын білмей өз тарихымызды бағалай алмаймыз. Бұл жерде қиын жағдай, өзге елдердің тарихын сол елдің ғалымдарының зерттеулерінен емес, өзіміздің қазақ тарихшыларының еңбектерінен оқып білу керектігі. Мысалға, Ресейдің тарихын Ресей ғалымдары басқаша, қазақ ғалымдарының басқаша сипатта тұжырымдауы заңды. Мәселен Ресей тарихында маңызды орынға ие Алтынорда тарихына екі жақтың екі бөлек, тіпті қарама-қайшы баға берері сөзсіз. Сондықтан кез-келген тарихты ғалымдарымыз тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде ұлттық көзқараспен жазып шығулары қажет.

– Ел өз мемлекеттілігін сақтап қалу үшін ұлтшылдық қасиет қажет секілді көрінеді де тұрады. Ал, біздің елде “ұлтшыл” дегенді “халық жауы” деген сөзбен үндес көріп қабылдап жатады. Оған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Бұл өзі барынша жақсы зерттелген басы ашық дүние ғой. Милләтшілік деп те аталады, оны ұлтшыл деген сөздің баламасы ретінде түсінуге болады.  Сіз дұрыс айтасыз. Кеңес уақытынан бері ұлтшылдык деген сөзге үрке қарап, оны нәсілшілдік сияқты жауыздық әрекет деп таныды. Ал, нәсілшілдік дегенге келсек, бұл жаман нәрсе. Ол өзге ұлттарға дұшпандық пиғылды қамтиды.

Түріктерде ұлтшылдықты ұлтын сүюді мақсат етушілік деп алға қояды. Алайда, басқа ұлттарды кемсітушілікке жол берілмейді. Ұлтшылдар өзінің жеке мүддесін ұлттан жоғары коймайды, ұлты үшін барын салып кызмет істейді. Қашан да бірінші орында ұлттың қамы, халыктын мүддесі тұрады. Ұлтшылдық дегенімізді мен ұлтымды сүйемін, халқымның жолында жанымды құрбан етуге бармын деген мағынада түсіну керек. Ал, басқа халықтарды кемсітпей, оларды жек көрмеу керек. Олжас Сүлейменов айтады ғой, “тауларды аласартпай-ақ, даланы асқақтатайық” деп. Біртіндеп халыққа ғылыми негізде түсіндіріп, ұлтшылдық деген ұғымды шын мәні бойынша қалыпқа келтіруіміз керек.

– Мұстафа Шоқай ұлт қана емес, бүкіл түркі әлемінің тұтастығы үшін күрескен тарихи тұлға. Оның өнегелі өмірі үлгі алуға тұрарлықтай. Сөйте тұра осы бір ірі қайраткер тұлға Қазақстанда неге өзінің биік дәрежесінде ұлықталмайды?

– Оған басты себеп манағы мен айтып кеткен сана тәуелсіздігі. Санамыз тәуелсіз болмаған жағдайда, біз халқымыздың шынайы тарихына сенбеуіміз, оған тіпті күмәнмен қарауымыз мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, халқымыздың ұлы тұлғаларына да күмәнмен қараушылық болады. Мысалға, тек Түркі халықтары емес, Еуропа халықтары да жоғары бағалаған Мұстафа Шоқайды ұлы тұлға деп өзіміздің қазақтар арасында мойындамаушылардың астарында сананың тәуелсіз болмауы жатады. Өйткені ондайлар ұлы адамдардың тек өзге халықтардан шығатынына сенеді де, өз халқынан, әсіресе, таяу тарихта шығатынына сенбейді. Бейне “Біз нашар жұртпыз, бізден ондай тұлға шығуы мүмкін емес” деп ойлайды. Сондықтан, олар Мұстафа Шоқай сатқын делініп келген отаршыл кеңестік идеологияның үгітіне әлі күнге дейін сенеді. Неге ұлы адамдар міндетті түрде неміс немесе орыс немесе Еуропа халықтарынан болуға тиіс екен? Неге қазақтан ұлылар тумайды? Қазақ халқы қай халықтан кем? Міне мұндай сұрақтар төңірегінде ойлана білу үшін халықтың өзіне сенуі, яғни сананың тәуелсіз болуы керек.

Дегенмен, Шоқайды жоғары бағалаушылар елімізде күн санап көбейіп келеді. Бұл әрине, бір жағынан, ұлттық сананың біртіңдеп қалпына келе жатқанын көрсетеді. Елде шоқайтанушылардың шығып жатқаны, солар арқылы жұрттың көбі оның өмірінен хабардар болғаны, көркем фильмнің көрерменге жеткендігі ұлы тұлғаны халықпен қауыштырғаны көңілге медеу, шүкір дейміз.  Алдағы уақытта Мұстафа Шоқайды танушылар, зерттеушілер көбейе берсе екен деп тілейміз. Фильмде қайшылықтар, кейбір кемшін тұстары болса да, әйтеуір алғашқы бір қадам жасалды. “Көш жүре түзеледі” дейді ғой. Алда әлі талай кинолар түсірілер деп үміттенеміз. Түрік газетінде жарық көрген бір мақала есімде. Неміс профессоры мен түрік азаматының арасында болған әңгімеде бір түрік ғалымы неміс әріптесіне “Сіздер не деген бақытты халықсыздар! Өйткені сіздердің Гете сияқты ұлы акындарыныз бар” дейді. Сонда неміс ғалымы “Сіздерде  де Гете сияқты ұлы ақындар бар. Бірақ сіздер оларды бағалап отырған жоқсыздар. Гетені біз неміс халқы мақтап әлемдік тұлға денгейіне шығардық. Сіздер де өздеріңіздің талантты ақындарыңызды осылай бағаласаңыздар, сіздерден де көптеген Гетелер шығады” деген екен. Расында, өркениетті елдер ұлыларын асқақтата біледі, оларды әлемге де мойындата біледі. Ұлттық тұлғаларымызды мақтаныш етіп өрістете білсек, өзге әлем бізді мойындайды. Қазақта сөз бар ғой, “өзіңді өзің сыйласаң жат жанынан түңіледі”.

– М.Шоқайдың алға қойған мақсаты түркі әлемінің тұтастығы болса, онда қазіргі таңда көп айтылып жүрген Орта Азия елдерінің Одағы жайында не айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда Қазақстанға Орталық Азия елдерінің одағы кажет деп білемін. Себебі, қазіргі кезде әлем тұтасып жаһандану процесі жүріп жатқаны белгілі. Еуропадағы ежелгі өркениеті мен мәдениеті жоғары дамыған оншақты ел бірлесіп бір одақ құрып алды.  Олай болса, Орталық Азия елдері неге бірлеспеске? М.Шоқайдың бір тұтас Түркістан идеясы да Орталық Азияның түркі халықтарының басын қосып, ірі мемлекет құру еді ғой. Осы жолда ол өзінің өмірін қиды.

– Қазіргі таңда бар қазақтың үштен бірі шетелде тұрады екен. Ата жұртта туып өссек те сол бауырларымыздың жайы бізді алаңдатпай қоймайды. Енді бір сәт шетелдегі қазақ диаспорасының бүгінгі тыныс тіршілігіне тоқталсақ?

– Рахмет, айналайын. Қанына тартпайтын қазақ бар ма. Соңғы санақтың қорытындысы бойынша қазақтың саны он миллионнан асқанын естігенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Әлем қазақтарының ең көп шоғырланған жерлері Қытайда, Монғолияда, Ресейде және Өзбекстанда. Әрине, дәл осы елдердегі қандастарымызды тез арада көшіріп алу керек. Себебі, аталмыш елдердегі қандастарымыз жергілікті ұлттарға сіңіп, жойылып кету қаупі анық байқалып отыр.

Оның сыртында, атамекенде қазақтың саны көбейгені күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Жеріміз кең, қойнауы қазба байлықтарға толы. Бәрін қазақ өзі игеріп, туған жердің игілігіне жұмсауы бәрінен де маңызды. Шерхан Мұртаза айтқандай, “Оралман мұнайдан қымбат”. Қазақ өз жерінде сан жағынан өспейінше, мұнайға және басқа байлықтарына ие бола алмас. Шетелдегі қазақ диаспорасы жайында қазақ мемлекеті екі түрлі басты саясат ұстанғаны абзал болады деп ойлаймын. Біріншіден, оларды тарихи Отанына мүмкіндігінше көптеп қоныс аудартып әкеліп орнықтыру. Екіншіден, қазақ диаспорасын қазіргі тұрған жерінде сактап қалу. Жай ғана сақтап қалу емес, күшейту. Өйткені, әлсіз диаспораның ешкімге пайдасы жоқ. Диаспора мәдениет, саясат, бизнестің барлық саласында тұрған жерінде аса ықпалды ірі күшке айналуы керек. Арасынан сол елдің беделді де айтулы тұлғалары шығуы керек. Сонда ғана тұрғылықты елдерінің саясатына елеулі ықпал етпек. Шет жұрттың басшылық орындарына көтерілсе, мықты саясаткері, үкімет министрі болса, елдің саясатына әсер ете алады. Сонда олар тарихи Отаны Қазақстанға да пайдасын тигізеді.

– Бірде сіз қандастарымыздың ұлттық қақ-құқықтарын сақтап қалу жайлы айтып өткеніңіз есімде. Оны қалай жүзеге асырамыз?

– Әрине бұны жасауға әбден болады. Бірақ біз бұл жерде дияспораны қорғау барысында солар тұрған елдердің ішкі істеріне қол сұғуды айтудан аулақпыз. Бірақ Қазақстан олардың тұрған елдерінде адамша өмір сүрулерін қадағалап отыруға мүдделі. Мысалы, Еуропада Адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдар бар. Біз сол ұйымдар секілді істеп шет елдегі қазақ бауырларымыздың мүддесін қорғауымыз керек. Айталық ҚХР-да тұратын қандастарымыздың құқықтары бұзылып жатқаны туралы үнемі айтылып жатады. Қытайлар аз ұлт өкілдері үшін бастауыш мектептерде ғана ана тілінде оқуына мүмкіндік береді екен де, орта мектептерден бастап қытай тілінде ғана білім береді екен. Сонда ол жастардың келешегі не болмақ? Олар ана тілінен жұрдай болып қалмай ма? Бұл адам құқығына қайшы келетін әрекет. Міне бұл жағдайды Қытай елінің ішкі істеріне араласу мақсатында емес, бірақ сондағы қандастарымыздың адами құқықтарын қалпына келтіру мақсатында қарау керек. Екінші жақтан, Қытай “Қазақстанмен доспыз, стратегиялық әріптеспіз” дейді. Бірақ Қазақстанның негізгі халқымен туыс келетін өз азаматтарының мәдени құндылықтарынан көз жазып қалу қаупіне немқұрайды қарайды. Бұл сонда достық қарым-қатынастарға сай келе ме? Бұл жақсы көршілік пе? Мұны Қытай үкіметіне айтатын бір азаматтық ұйым керек-ақ.

Екі елдің достығына қайшы келетін осындай мәселелерді қытай үкіметіне ескертіп отыратын болсақ, олар да оған өркениетті түрде қарап санасады. Себебі, Қазақ елімен қарым-қатынасты дұрыс жолға қойып отыруға Қытай да мүдделі. Шетелдегі қазақ диаспорасына көмектесу, қолдау көрсету деген осы іспетті дүниелер.

– Сіз еуропалық үлгіде жоғары білім алған ғалымсыз. Біздің елде кеңестік ғылым мен жаңа заман ғылымы қатар айналымда жүр. Соның салдарынан өзара қайшылықтар да жоқ емес. Ғылымды бір ізді ету үшін не істеу керек?

– Иә, дұрыс айтасыз. Оны мен де аңғарып қаламын. Дамыған елдерде ғылыми мамандар даярлаудың қалыптасқан стандарты бар. Ол, бакалаврлық базалық білімнен кейін, магистратура мен докторантура арқылы ғылыми дәреже алу. Қазақстанның жоғары білім және одан кейінгі білім беру жүйесі жоғарыда аталған стандартты қабылдаған. Алайда, ғылым кандидаты, докторын даярлайтын кеңестік үлгі әлі де қатарласып қолданылып отыр. Қайшылық осыдан туындап отырған болар.

Ал, шетелде білім алып доктор (Ph D) дәреже алып келген мамандар мұнда келген соң не ғылым кандидаты емес, не ғылым докторы емес, дағдарып қалған жағдайы бар. Бұл болмайды деп ойлаймын. Өйткені үкімет миллиондаған доллар қаржы жұмсап шетелдерге білім алуға азаматтарын жібереді. Бірақ олар қайтып келгенде елдің ғылыми жүйесімен қабыса алмайды. Ақыры, әлемдік стандартты қабылдаған екенбіз, ендеше кеңестік кезеңнен қалған ескі ғылыми жүйені тарату керек қой. Бір кезде бір кеңестік жүйемен доктор болған бір ғалым маған былай деп мақтанған еді: “Еуропада доктор болу оңай екен. Екі жыл магистрант, төрт – бес жыл докторант болдың ба, бітті. Доктор атағын алады екенсіз. Бізде олай емес. Мен кандидаттықта 6-7 жыл сүріндім. Докторлық да солай. 15 жылда әрен доктор атағым алдым.” Менім ойымша, ғылымда сүрініп жығылу мақтан емес. Ғылымда жаңалық ашу мақтан. Сіздер мейлі 50 жыл сүрініп жығылыңыз, егер ғылымда жаңалық аша алмаған болсаңыз, бәрі бос. Мейлі бір жылда докторлық диссертация қорғаңыз, бірақ ғылымда жаңалық ашыңыз. Демек өркениетті елдерде ғылыми жолда пәлен жылдай ұзақ уақыт жүру емес, ғылымда қаншама жаңалық аштыңыз сол мақтан. Сондықтан біз ғалымдық жолды мейлінше қиындаттырып ұзартқан кеңестік жүйеден ғылымда жаналық ашатын талантты ғалымдарға мол мүмкіншілік беретін өркениетті елдердің жүйесіне неғұрлым тезірек өтсек, соғұрлым көбірек ұтатын боламыз.

– Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесі кеңінен қозғалған болатын. Алайда, әлі күнге дейін “жабулы қазан жабулы күйде қалды”. Осы жайында сіздің көзқарасыңызды білгіміз келеді…

– Иә, солай бір бастама басталып кейін тоқтап қалды. Бүкіл адамзатқа тән әріптер жүйесі қазақ халқының бауырлас халықтарға жақындауына септігін тигізеді. Түркі халықтары латын әліпбиіне көшті. Түркия, Азарбайжан, Өзбекстан мен Түркменстан латын әліпбиін қолданып келеді. Екіншіден латын әріптері компьютерлік жүйеде, интернеттік байланыста қолайлы. Осыған қарсы пікір айтатындарды түсінбей-ақ қойдым. Олар, “латын әліпбиіне көшсек, кирилицадан ажыраймыз. Бұрынғы жазылған дүниелерімізден көз жазып қаламыз” дейді. Бұл мүмкін емес. Өйткені Қазақстанда орыс тілі ұлтаралық келісім тілі болғандықтан, қазақ халқы ешқашан кирилицадан ажырамайды. Қазіргі таңда Қазақстанның латынға қашан көшетіні белгісіз болып отыр. Бірақ ақыр соңында көшетіні анық. Енді Қазақстан бұл шараға көшетін болған соң, тіпті ешқашан көшпейтін де болса, қазірден бастап өзінің латын жүйесін белгілеп қоюы аса қажет. Өйткені, Қазақстан азаматтары қазіргі таңда интернетте латын әріптерін пайдаланып отыр. Шетел азаматтары Қазақстанға жіберген құжаттарында қазақша мәтіндерді латын әріптерімен жазады. Қазақстан азаматтарының паспорттарында латын әріптерімен аттары жазылады. Туризм саласында қазір көбірек турист тарту үшін күш жұмсауда. Сол үшін көшелер, туристтер баратын орындарға латын әріптерімен де жазу керек болады. Сонда әркім өз бетінше әр түрлі жүйеде латын әріптерін пайдаланып жүр немесе ағылшындардың латын стандартын үлгі алады. Неге өзіміздің латын қазақ стандартымыз жоқ? Біздің тіл ғалымдарымыз қазақтың латын әліпбиін жасай алмайтындай нашар ма? Сондықтан, Қазақстан үкіметі латын әріптерінде бір қазақ стандартын қазірден белгілеуі тиіс. Қазақстан ресми түрде латынға өтпегенмен, Қазақстан азаматтары және ресми орындар латын әріптерін қалай болса солай қолданып отыр. Осыны бір стандартқа әкелу латын әріптерінің Қазақстанда дұрыс қалыптасуы үшін қажет. Әйтпегенде кейін Қазақстан ресми түрде латынға өткенде, әртүрлі жазыла бастаған латын әріптерін ретке келтіру үшін де ерекше уақыт және қаржы жұмсалары анық.

Зарина Қозыбаева

http://qogam.kz/subhat/musyilman-halyik-ekenimizdi-umyitpasak-eken/

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *