Орта Азиядан шыққан дара диссидент Махмет Құлмағамбетов: Мен Қазақстан тәуелсіздік алған соң ақталдым!

Махмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов Қостанай облысының Меңдіқара ауданында 1930 жылдың 20 шілдесінде дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіріп, жоғары оқу орындарында өз мамандығы бойынша дәрісберген. Еңбек жолын Түркімен ССР-нің Чарджоу қаласындағы педагогикалық институтта философия пәнінен сабақ беруден бастайды. Жасынан алғыр, зерек, саналы Махмет өмірде болып жатқан оқиғаларға әр кез сын көзбен қарайды. Тіпті советтік«шындықтың» философия мен саяси экономиканың кейбір теориялық жағдайларына сәйкес келмейтінін өз сабақтарында ашық айтып та жүреді. Осыдан соң Кұлмағамбетовті саяси негізде қудалау басталады. Жергілікті биліктің қитұрқы айтыс-тартысына жаны төзбеген ол Чарджоудан «өз еркімен» кетуге мәжбүр болады. Содан кейін оны тағдыр Қырғыз ССР-нің астанасы Фрунзе қаласына жөнелтеді. Қазіргі Бішкектегі медициналық институтқа философия пәнінен оқытушы болып орналасады. Соңына ерген қоңыраудың салдарынан Махмет Ибадоллаұлы мұнда да қудалауға ұшырайды. Сонымен 1962 жылдың желтоқсан айында КГБ-ның Қостанай облыстық басқармасы Құлмағамбетовті Қылмыстық кодекстің 56-бабы 1-тармағымен жауапқа тартып, 7 жылға бас бостандығынан айырады. Осылай кеңес өкіметіне қарсы пікірі үшін, өзгеше ойы үшін Махмет өмірінің жеті жылы Мордовиядағы саяси тұтқындар лагерінде өтеді. Жаза осымен бітпепті. Одан кейін Коми автономиялық республикасында және Харьковте ең ауыр қара жұмыстарға жегіледі. Абақтыдан шығып, ара-тұра Алматыға да келіп тұрған. Алайда сталиндік жүйе салтанат құрған елде өмір сүру аса қауіпті екенін сезген, тіпті оған жаны төзбейтін Махмет Құлмағамбетов 1979 жылдың аяғында біржолата шетел асып кетеді. Ол кезде КСРО азаматтарының шетелге оңайлықпен шыға алмайтыны белгілі. Құлмағамбетов мақсатына жету үшін Харьковте саналы түрде еврей әйелге үйленген. Кешікпей оған Израильден шақырту келеді. «Әйелі» мен оның кәрі шешесін ертіп, Махмет Израильге жол тартады. Шекара асқан соң Құлмағамбетов Вена қаласында қалып қояды. Одан ары Германияға өтіп кеткен. Мюнхенде орналасқан «Азаттық» радиосында 15 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, 1995 жылы зейнеткерлікке шығады. Қазақтан шыққан көрнекті диссидент Махмет Құлмағамбетов 2008 жылы 11 қараша күні Мюнхен қаласында көз жұмды.

Өзім ол кісімен етене жақын араластым. «Азаттық» радиосында 1988 жылдан 1995 жылға дейін бірге жұмыс істедім. Мұның соңғы бес жылында екеуміз бір бөлмеде отырдық. Тіпті аға-бауыр болып кеттік. Шынын айту керек, арда туған асыл азаматтың қадірін тірі кезінде көп пенде білген жоқ. Өзім жақын араласқан соң Махмет ағаның өмірбаянына, шығармашылығына қатысты деректерді жинап жүрдім. Оның орыс тілінде жазған мақалалары мен «Азаттық» радиосынан қалың тыңдармандарға жетіп жатқан қазақ тіліндегі жүз шақты мақаласын өзінен және қайтыс болғаннан кейін Мюнхен қаласында тұратын қазақ азаматы Әлихан Жаналтай арқылы зайыбынан сұратып алдым…

Махмет Құлмағамбетовті өз басым ХХ ғасырдағы қазақ халқының бетке ұстар батыры деп санаймын. Елі үшін саналы өмірін ұлтының азаттығына арнаған зиялы азаматты дәріптеп өз еліне және өзгеге таныту бүгінгі ұрпақтың басты парызы деп білемін. Сөз жоқ, Махмет аға өзінің қайсарлығымен қатар ұшан-теңіз білімі арқылы жат елде қазақтың интеллектуалды ой-өрісінің биік екенін танытып кетті.

Сөз соңында көп қазақ біле бермейтін тағдыры қым-қиғаш оқиғаларға толы, көпке ұқсамайтын дара қазақ диссиденті Махмет Ибадоллаұлынан алған сұхбатты «Қазақ альманағының» ойлы оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім. Сұхбат 2004 жылы 24 мамыр күні Мақаңның Мюнхендегі үйінде алынған. 6 жыл бұрын таспаға түссе де бұл сұхбат әлі еш басылымда жарық көрген жоқ.

Құрметті Мақмет аға, өзіңіз және туған жерініз туралы қысқаша мәлімет берсеңіз.

– Елім – Қостанай. Ол жерден Алматыға ашаршылық жылдары келдік. Қостанайда бүкіл ауыл аштан қырылып жатты. Сол кезде әкемнің Есмағанбетов Әбдуәли деген  заңгер  туысқаны Алматыда қызмет етуші еді. Сол кісі әкеме хат жазады да “Үй іштеріңмен көшіп келіңдер, бұл жерде жұмыс табылады” дейді. Сөйтіп 1937 жылы Алматыға көшіп келдік. Осылайша, аштықтан аман қалдық.

– Дегенмен елмен байланыстарыңыз үзілмеген болар?

– Әкем тірі кезінде соғыстың алдында, атап айтқанда 1937-1939 жылдары елге барып тұратынбыз. Әкем темір жолшы болатын. Жыл сайын отбасына тегін темір жол билеті беріледі. Соны алып біз елге барып тұратынбыз.

– Атаңыз және туысқарыңыз кімдер еді?

– Атам Құлмағамбет, Нұрмағамбет, Есмағамбет атында үш ағайынды кісілер еді. Құлмағамбет менің атам. Әкем Ибадолла. Мен, Қабдыраш деген ағам, шешем және әкем төртеуіміз Алматыға көшіп келген едік. Алматыда бізге тұратын жай берді. Осы күні әйелім Наташаға айтсам, сенбейді, 4 кісі 6 шаршы метр жерде тұрдық. Шамасы 5-6 жылдан соң 12 шаршы метр жер тауып алдық. Одан кейін 8 жылдай уақыт өткеннен соң 17 шаршы метірлік жай алдық.

– Мектепті қайдан оқыдыңыз?

– Мектепті Алматыдан оқыдым. Ол, 22-қазақ мектебі. 1937 жылы ма, әлде 1939 жылы ма, мені мектепке апарды. Бірақ, оқымадым. Тентек болдым. Келесі жылы қайта мектепке барып, бірінші класты бітірдім деп өтірік айттым. Сөйтіп мені екінші класқа жазып қойды. Мен бесіншіні бітіргенде соғыс басталды. Алтыншы класқа бармадым. Нан үшін жұмыс істеу керек болды. Ол 1942 жылы болатын. Сенбессіздер, ол кезде 12 жаста едім. Темір жол училщесі деген бір мектеп бар. Оның аты оқу орны болғанмен, іс жүзінде жұмыс істейтін жер еді. Соған бардым. 400 грамм қара нан орнына, 700 грамм алатын болдым. Сонымен екі жыл сонда жұмыс істедім. Кейін оны тастадым. Содан бір күні, көрші тұратын бір қыз жақын маңда бір интернат барын айтты. “Тамағы, киімі бар, әрі мектепте оқисың” деді. Ол жерге барып 6 сыныптан оқуымды жалғастырдым. Алайда, қазақ мектебінен мені “бұзақысың” деп шығарып тастады.

– Қалайша?

– Ол былай болды. Соғыстан кейін мектепке оқымаған жасы үлкен балалар келе бастады. Оларды мектепке де қабылдады. Олар келген соң жасы кішкене балалар сабайтын болды. Мен араша түсіп кіші балаларды қорғап біреуімен төбелесем, екіншісімен төбелесем. Сөйтіп жүргенде мені мектептен шығарып тастады. Сосын қайда барам? Ақыры Алматыдан 98 шақырым жерде Калинин атындағы колхоз бар екен. Сонда келдім. Сол жерде интернатта оқуымды жалғастырдым. Пайдасы не, ештеңе оқымаймын. Ал мұғалім сұраса тықылдатып жауап беремін де «5» аламын. Сосын ойладым. Бұл жердің беретін білімі жоқ. Мұғалім таңертең шашы үрпе-шүрпе, бетін де жумай келеді.

Осыдан соң ойланып, үйге барайын, орыс мектебін көрейін деген шешімге келдім. Алматының № 27 орыс орта мектебіне бардым. Партаға отырғызды. Бірақ, бұл оқу орнында оқи алмайтынымды білдім. Сосын Бірінші Алматыда  кешкі мектепке бардым. Ол Жұмысшы жастардың кешкі мектебі деп аталады. Мен барып зауытқа үйренуші токар болып жұмысқа орналастым. Күндіз жұмыс істеп кешкісін мектепке барамын. Осылайша, 10 сыныпты орысша бітірдім. Сосын университетке дайындық ретінде кітаптар алып оқып жүрдім. Философияны ұнаттым. Ел қатарлы Марксисизм мен Ленинизмді сүйсініп, қатырып оқыдым.

– Сөйтіп университетке түстіңіз бе?

– Иә, Алматыда мемлекеттік университетке түстім. Күніне бес жарым сағатты ұйқыға, қалғанын оқуға жұмсадым. Түнгі үш жарымда жатамын. Күнделікті ережем осы. Сөйтіп бестікпен оқып жүрдім. Тек соңында бүлдіріп алдым. Әскери кафедра бар ғой, содан төрт, тағы бір сабақтан төрт алдым.

– Университетте сізбен бірге оқығандардан кімді айта аласыз?

– Мен Әнуар Әлімжановпен бірге оқыдым. Есімде қалғаны, ол Сталиннің өлгеніне қатты қайғырды. Сталин өлген 1953 жылы біздің институтта үлкен жиналыс болды. Сонда Әлімжанов екі көзіне жас алып тұрып, өлең оқып тұғраны есімде. Өзім Сталиннің өлгеніне қайғырмадым, бірақ, оның өлгенін аядым.

Ол кезде күшті үгіт насихат салдарынан Сталин туралы мынадай мазмұнда өлеңдер оқылатын. “Бүкіл совет одағы ұйықтап жатыр. Қорылдап жатыр. Барлық үйдің шамдары өшкен. Тек қана Мәскеуде, Сталиннің терезесінде жарық сөнбеген. Себебі, Сталин – біздің бақытымыз. Біз үшін қайғырып, қам жеп отыр.” Тура осындай тәрбие алған едік. Әкең өлсе өлсің, Сталин өлмесін дейтін едік.

– Сонымен университетті қай жылы бітірдіңіз?

– 1954 жылы бітірдім. 1955-1957 жылдары үш жыл Түркменстанда сабақ бердім. Онда беделім болдым. Түркменстанда Чарджоу қаласында мұғалім болып тұрғанда жыл сайын бізді Ашғабадқа жинап тұратын. Қоғам ғылымдарының мамандарына арналған мәжіліс  өтетін. Оған біз арнайы шақырумен баратынбыз. Бір жолы сонда Түркменстанның орталық комитетінің бірінші хатшысы Бабаев шығып сөйледі. Яғни, Түркменстанның басшысы.  Мен мәжілісте отырмын, ол бір ауыз сөйлейді, одан кейін екіншісі сөйлейді. Сөйтіп адамдар сөйлеп жатты. Бір кез мен де қол көтеріп сөз алдым. Мен айттым:

– Мінеки жолдастар, естіп отырсыңдар. Жыл сайын Мәскеуде философиядан, саяси экономикадан кітаптар шығып тұрады. Алайда оларды Түркмен тіліне аударып болғанша 3-4 жыл уақыт өтеді. Бұл уақыт ішінде аталмыш кітаптар ескіріп қалады. Сондықтан бір тұжырымға келу керек. Я аударуды тездету керек, не болмаса, орыс тілінде қалдыру керек. Сондықтан орыс тілінде философиядан, саяси экономикадан сабақ берілсе, дұрыс болар, – дедім.

Сонда мәжіліске төрағалық жасап отырған әлгі Бабаев:

– Сіз түркмен тілін білесіз бе? – деді.

Мен:

– Білемін, бірақ нашар білемін, – дедім.

– Олай болса, сіздің ұсынысыңыздың себебі сонда жатыр екен ғой, – деп жауап берді.

Мен оған тесіле қарап тұрып:

– Мен сізден сұрап тұрған жоқпын. Мәжіліске жиналған мұғалімдерден сұрап тұрмын. Сіздің пікіріңіз маған қажет емес, – дедім.

Сол кезде бізбен бірге келген институттың директоры, орталық комитеттің бұрынғы бастығы басын шайқады. Кейін 1980 жылы Мюнхенде Америкалықтарды таңқалдырған оқиға осы болды. Бабаевқа қарсы шығуым оларға бейне құдайға қарсы шыққандай болып көрінді ғой.

-Осы оқиғадан кейін қудалана бастадыңыз ба?

– Жоқ, бұл оқиғадан соң Бабаев маған бірден тимеді. Бірақ, екі жылдан кейін барып шығарып жіберді. Мүмкін Бабаевтың өзі талап еткен шығар. “Бұл кім? Қайдан шыққан тентек?” деп. Қайта мені дереу шығарып тастамаған. Мен орталық комитеттің асханасында мұғалімдермен отырмын. Тамақтары сондай тамаша, әрі арзан. «Осындай асхананы неге студенттерге салып бермейді” деймін тағы да. Сосын тағы бір байқағаным, орталық комитет ауласынлда дүкені бар. Бәрі арзан. Қаладағыдай емес, арнайы бағамен сатылады. Кейін естігенім 1929 жылғы бағамен бірдей екен. Әдейі өздеріне жеңілдік жасап алған.

– Бабаев сізді шығарып жібергеннен кейін қайда кеттіңіз?

– Одан кейін, яғни 1957 жылы Бабаевпен теке-тірестен кейін мұғалім болып қазір Бішкек деп аталып жүрген қырғыз астанасы Фрунзеге келдім. Ол бір қызық кезеңдер еді. Политехникалық институт студенттері мені қатты жақсы көрді. Сабақтан соң үйге дейін шығарып салатын. Таусылмайтын сауалдар қояды. Мен соларға жауап берумен уақытым өтетін. Сол жерде тех инситутта қызық уақиға болды. Мұғалім Маркс, Ленин туралы айтса, студенттері оған керісінше, қарсы пікір айтады. Дәлелдер келтіріп көнбейді. Сосын саяси экономика мұғалімі партбюроға барады. “Студенттер бұндай түсініктерді қайдан алған? Оны кім үйретіп жүр? Себебі болу керек?” дейді. Сосын іздестіре бастайды. Оны мен де сездім. Арыз беріп жұмыстан шықтым. Еңбек кітапшамды алып келе жатсам, оқу ісінің проректоры профессор Саянка деген кісі кездесіп “Дұрыс істедіңіз. Құжаттарыңызды алып бара жатқаныңыз дұрыс болды. Себебі, қалалық партия комитетінен нұсқау келіп отыр. Сіздің мәселеңізді анықтап, шара қолдану жөнінде. Осыдан соң қолыңызға тиген құжатпен (Мақанның айтуынша ол құжат «қасқыр билеті» «волчий билет» деп аталады екен) ешқайда жұмысқа қабылдана алмайтын едіңіз” деді. Бұл 1958 жыл болатын.

– Содан қайда бардыңыз?

– Менің істеген жаман істерім есепсіз ғой! Мұғалімдікті тастап, Алматыға бардым. Алматыда тағы құқық және философия институтында үш ай қызмет еттім. Жолдастарым мені кіргізіп жіберді. Бір орын уақытша бос екен. Үш айға жұмыс істеуге тура келді. Үш айға тамақ керек қой. Сол академиядан үш айдан кейін шығып Мәскеуге келдім.

– Неге Мәскеуге бардыңыз?

– Ол кезде Оразақ Мәскеуде аспирантурада еді. Яғни, докторлық диссертациясын жазуға барған. Оның стипендиясына бірігіп күн көрдік.

– Кейін Қазақстанның атақты антропологы болатын Оразақ Смағұлов. Ол кісімен туыстығыңыз бар ма еді?

– Менің естуімше, Оразақтың әкесі мен менің шешем жетім қалғанда, Оразақтың атасы асырап алған екен. Онда бір жылдай болдым. Одан орыстың облыстық қаласы Кострама деген жерге бардым. Сонда геологтар тобына қосылып кеттім. Бір маусымдық жұмыста болдым. Қыста жұмыс істемейді. Одан кейін Ленинградта болдым. Сол қалада қызық кездесулер өткіздім. Ол кезде Ленинградта қазіргі Петербургте Даниил Гранин деген атақты жазушыны іздеп тауып алдым үйінен. Екеуіміз әңгімелесіп ұзақ отырдық. Әйелі сығалайды да кетіп қалады бір жаққа. Менің жат адам екенімді көреді де кетіп қалды. Сөйтіп ол әңгімемізге араласпады. Сонда әлгі жазушыға мен айттым. Мұғалім болып істегенім туралы, жұмыстан шыққаным туралы, батысқа кететін ойым бар туралы. Мақұлдады да “Не деймін, сіздің жағдайыңызды түсінем. Осы жол дұрыс болар” деді. Осыдан он шақты жыл бұрын Кеңес Одағы күйрегеннен кейін әлгі жазушы Мюнхен қаласына келгенде, мен ол кісіге әзілдеп “Сіз мені кезінде он жылға айдатып жібергенсіз” дедім күтпеген жерден. Ол, таң қалып «қалайша?» деп сұрады. Мен үйінде болғанымды айттым. Оны ұмытып қалған. Атақты жазушы, көп адамдармен жолығып, әңгімелескен. Кіммен не әңгімелесті оны ұмытты әрине. Сасып қалды өзі де. Ленинградта тұрдым да талай адамдармен сөйлестім. Партия қызметкерлерімен де. Илья Эренбург деген жөйт жазушысы бар еді. Сонымен жолығып сөйлесейін деген ойым бар еді. Ол ойым іске аспады.

– Сіз онымен не туралы сөйлеспекші едіңіз?

– Онымен кездесіп шетелге қашу туралы ойымның дұрыс, бұрыстығын анықтап алу еді. Алайда, оған жолыға алмадым. Граниннен бұрын Борис Пастернак деген атақты ақынмен кездесуді ойлаған едім. Қазір оның қайтыс болғанына көп жыл болды, шамасы 30 жыл болған шығар. Соның үйін іздеп таптым. Онымен де ұзақ әңгімелестім. Сонымен атақты жазушылардың ішінен осы екеуімен ғана әңгімелескем. Олармен бұрын кездеспегем. Тек адресін біліп алғам.  Егер Шыңғыс Айтматовпен кездесудің сәті түскенде, онымен де әңгімелесер едім. Менің олармен кездесудегі мақсатым – совет жүйесін қарсылығымда қателесіп қателеспегенімді ақылдасу еді. Алайда екеуі де мені ашық қолдады. Олар “Ойың дұрыс” деді. Өзі бар ғой, совет идеологиясы деген ғылым бойынша, ақша – тауар, жұмысшы күші тауар емес. Ал сонда қалайша тауар емес нәрсе тауарға ауысады. Совет ғылымы бойынша, ол солай. Ал оны мен түсінбеймін. Мұны зерттей берсем, бірнеше кітап болып шығады.

– Ленинградтан кейін қайда кеттіңіз?

– Одан кейін Қостанайда қара жұмыстарда істедім. Өйткені Марксизм, Ленинизм философиясынан, яғни, диалектикалық және тарихи материализм деген пәннен сабақ беріп жүргенде, ақыры көзім жетті, бұның барлығы, біздің беріп жүрген сабағымыз шылғи өтірік, тек қана алдау, халықты алдау амалы екенін. Осыдан соң мен мұғалімдікті тастадым да, фабрикалардың біріне қара жұмысшы болып орналастым.

Рудный қаласында монтер болып жүрдім. Болаттың рудасын таситын электро пойызда жұмыс істедім. Монтер дейді. Жалақы жақсы болды. Онда бір жылдай болым шамасы. Еңбек кітапшамда бар соны қарау керек. Кейін Германияда жүргенде оны КГБ агенттері қолға түсіргісі келді. Америкалықтарға дер кезінде ескерттім. Ол агент бақылауға алынды. Ол немістің мақсаты мен туралы мәлімет жинау, сосын кітапша шын ба, әлде өтірік пе тексеру екен. Бір жерден өтірігімді шығару болды. Білдің бе? Сол кітапшам баспасөз беттерінде де шықты ғой.

Мен Германияға келгенде үлкен шу болды. Себебі, мұнда мұнай-газ саласында істеген тұтқындар болды. Ол кезде Кеңес Одағы тұтқындарды біз жұмысшы күші ретінде пайдаланбаймыз деп сарнап жатқан болатын.

Содан соң менің соңыма төрт жыл бойы КГБ түсті. Бақылап жүрді, ақыры Қостанайда тұтқындады. Сонда таққан айыбы – біреулердің айтуы бойынша, мен Сталин мен Гитлерді теңеппін. Совет Одағында жұмыссыздық бар деппін.  Еңбекшілердің еңбегін жеу бар деппін. Яғни, капитализмге тән қанау бар деппін. Сондай айыптар болды.

– Сөйтіп бас бостандығыңыздан айрылдыңыз ба?

– Иә, Қостанайда мен қараша айында 62 жылы қамалып, содан кейін келесі жылы наурыз-сәуір айында сотталып, 7 жыл лагер, 3 жыл сүргін көрдім. Осылайша, он жыл арқалап, Мордовия деген жерге айдалдым. Ол жер қақап тұрған суық Сібірдің өзі емес. Ол кезде саяси лагерлердің орны жиі ауысып тұратын. Бір кездері ондай лагерлер қиыр шығыстағы Магаданда болушы еді. Одан кейін Терістік деп аталады Воркута деген жерге ауысты.

Сонымен сізді қай түрмеге жіберді?

– Мордовия түрмесіне келдім. Оның тағы бір басқа аты бар. Дубровлаг дейтін. Лагерде отырғанда біздің әлгі қулар жасанды арақ ішеді. Ол былай жасалады. Мөбелде лақ болады ғой. яғни сыр. Сол сыр кейде ағаштан жасалған спирітпен қосып жасалады. Кейде жемістен жасалған спиріттен жасалады. Оны өзі ішуге жарамайтын сапасыз бір спирит. Оны сыр жасауға жұмсайды екен. Сол сыр келгенде біздің қулар шелекке құйып алады екен. Оның ішіне су қосады, соңсоң аздап тұз тастайды. Осыдан соң кішкене тақтай алып оны араластырады. Араластырғанда шайыры ағашқа жабысып қалады да шелекте лай бір су қалады. Оны ішкен адам кәдімгідей мас болады. Ана бақылаушылар бар ғой, бізді күзетіп тұрған. Солар келіп әлгі  лагерде отырғандар, не дейміз?

– Қылмыстылар.

Иә, қылмыстылар, қылмыскерлер. Қылмыскерлерсымақтар ғой енді олар.

Тұтқындар деп айтуға да болады.

–        Иә тұтқындар. Тұтқындардан сұрап лагердің күзетшілері де ішеді. Бүгінде бұған сену әрине қиын. Сөйтіп арақ жасайды да ішеді. Бірақ кезінде лагерде отырғандар осындай жолмен арақ жасап іштегі шерін шығаратын болған. У қайнатып ішетін. Ол жерде отырғандар тіптен не ішпеді дейсің? Сол жерде істеп жүргенде біздің бір бастығымыз, бригадиріміз болды. Бір бригадада 6-7 адам болады.  Сол адам неше түрлі нәрсені ішеді-ау. Ақшасы таусылып қалса, ақшасы жоқ болғандықтан, арақ іздемейді. Алкоголік болған адамның ішпейтіні жоқ екен. Бет сүртетін сулар болады, одеколон, туалет сулары дейміз бе соларды ішеді. Алкогол қосылған майлар болса, соларды да ішеді екен. Әйтеуір спирті бар сусындардың барлығын іше береді. Бірақ, денсаулығы мықты, өлмейді.

– Түрмедегі өмірініз жайлы айта кетсеңіз?

– Сонда мен қамауда отырмын. Күнде қазақ жігіттері келеді. Тінтуге. Абақтының дәстүрі сондай. Сенде өткір нәрсе болмауы керек. Қалам, қағаз, қарындашың болмауы керек. Не бар, не жоқ барлығы түрменің ережесі бойынша болуы керек. Сонда мен қазақ жігіттерін сықақтаймын. Менен жасы үлкендеу бір бақылаушы жігіт бар еді. Оларды бақылаушы дейді, тұтқындарды бақылап жүреді. Сол айтады

– Әй, қарағым-ау! Сен есіңнен ауысқан сияқтысың?

– А, неге аға?  Не бопты? деймін мен.

– Сен қай жерде отырғанынды білмейсін. Бұл жер қараңғы көрмен бірдей. Сен осыны түсінбейсің, жағдайыңа қарамай, күлесің. Сең, күлетін жағдайда емессің, – дейтін. Сөйтіп мені аяушы еді.

-Сонда сіз тұтқындамын, түрмеде отырмын деп ойламайсыз ма?

– Ойлаймын, бірақ, мен тұтқындағы өмірді жеңіл қабылдадым. Оны үйреншікті жағдай секілді көріп жүрдім. 32 жасымда Қостанайда қамалдым. Мен лагерге 7 жылға қамалған едім. Бірақ сол 7 жылым бітпей жатып, мені лагерде тағы соттады. Сонда таққан айыбы “тәртіпке бағынбайсың, жұмыстан жалтарасың, саяси сабақтарға бармайсың” дейді. Саяси сабақтар деп сол кездегі біздің бақылаушыларымыз бар ғой, полковник, майор атағымен жүргендер, яғни «қызыл жағалыларға» бармайсың, бағынбайсың деп жаза уақыты бітуге соңғы 2 жыл 4 ай қалған кезде Мордовия лагерінен Владимир түрмесіне айдады. Владимир қаласы Мәскеуден шамамен 200-300 шақырым жерде болды.

Екеуін салыстырып қарағанда мен жатқан Мордовия лагері Владимир түрмесіне қарағанда курорт сияқты болды. Өмірде өзі періштелер бар ма жоқ па? Олар өмірде бар екен. Сол жерге періште ретінде түрмеге бір дәрігер әйел келді. Түрмедегі қара нан мен қара судан менің асқазаным ауырды. Сол әйел мені қарап аяды да түрмедегі госпиталға ауыстырды. Оған өкпесі ауыратын туберкулез адамдар ғана жатқызылатын. Ал басқа ауруларға, ішінен қан кетіп жатса да, не болса да, қарамайтын. Есепке алмайтын. Содан сұлу да, тамаша сол орыс әйелі, не себепті екенін білмеймін, мені аяды да, өкпесі туберкулез деп жазды. Сөйтіп, 9 ай госпиталда жаттым. Шыққан соң қалған 2 жыл 4 айды өтедім. Одан соң мені алып сүргінге жіберді. 3 жылға Комиге Итжеккенге жіберді.

-Сонда жалпы қанша жыл қамалдыңыз?

-62 жылы қамалдым. 1969 жылы Владимир түрмесінен шықтым. Итжеккенде 3 жыл болдым, 1973 жылы босап шықтым. Барлығы 10 жыл айдауда болдым. Алайда мен өз тағдырыма қайғырмадым. Комиде темір жолда істедім. Жүк тасушы болып. Сонымен жүк тасушыдан аға инженер дәрежесіне дейін көтерілдім ғой. Себебі, сауатты адам жеткіліксіз. Менің сауатым бар. Университетте математика, физикадан күшті болатынмын. Алдымен жүк тасушы, одан кейін слесарь болдым. Слесарь деген темір саймандармен жұмыс, оны түсіру, түзету болатын. Менің жұмысым компрессор станциясы дейді. Жерден газ шығады, мұнай шығады. Соны темір, болат түтіктермен орталыққа айдау, Батысқа сату. Осыдан соң кеңсеге инженер-экономист болдым. Осыдан соң темір жол релстерін жасайтын шағын зауытта мастер-бастық болдым. Сөйтіп-сөйтіп тамақ тоқ, көйлек көк дегендей тамаша тұрмысқа ие болдым.

Комиден кейін қайда бардыңыз?

– Комиден кейін Алматыға бардым. Бірақ онда тұру мүмкіншілігі болмады. Жақын туысым жоқ болған соң ондағылар паспортыма қарады да “сізге бұл жерде қиын болады” деді. Себебі, паспортымда саяси іске қатысты қамауға алынды деген белгі бар болатын. Паспорт ережесіне қатысты деп бірнеше цифрлар қойылған болатын. Содан кейін не істеу керек? Оразақтың үйінде тұрдым. Онда қанша тұрасың? Жұмыс істеп, табыс табу керек. Жұмыс іздей бастадым. Қай жерде мұнай бар, газ бар деп. Қай жерден жатақхана беріледі, жұмысшы керек пе деп екі чемоданымды көтеріп жүріп, Сургут деген жерге келдім. Сургут деген нағыз Сібірдің өзі. Сонымен өз еркіммен қайта Сібірге келдім. Ол жерде 50-60 пайыз ақша көп төлейді. Түркменстан немесе Қазақстанда ондай табысы көп жер таба алмайсың. Осылайша, мен жаңадан басталған Байкал көлінен қиыр Шығысқа дейін созылатын Байкал-Амур темір жолына барып жұмыс істедім. Онда айына 300-400 сом алып тұрасың. Бұл көп ақша. Алматыда мұндай жұмысқа 100 сом ғана төлейді. Харьковта 8 сағат дірілдеп түтінге тұншығып жұмыс істеп келгенде айына 100-130 сом әрең алатын едім.

Харьков Украйндағы қала. Мен онда былай болдым. Сүргіннен босаған соң өз еркіммен жүре бердім ғой. Анда бардым, мында бардым, Кавказ бен Азербайжанға да бардым. Каспи теңізінде де болдым. Түркменстана барып бір түркменді таптым. Менімен лагерде отырған бір түркменннің жақын досы. Бір шал екен. Одан

– Мені шекарадан өткізе аласыз ба? – деп сұрадым.

Ол:

– Өткізем, – деді.

Ондағы ойым – Түркменстан арқылы Иранға өту. Сосын мен ойланып келейін деп кеттім. Ойладым: ол олай етпейді. Еткен күннің өзінде басқаша етеді. Аларын алған соң, мені оңаша бір жерге апарады да атып тастайды. Өйткені, кеңес шекарашыларының қолына түссең “Сені кім әкелді?”, “Қалай жеттің?” деп тексереді. Ол түркмен өзі үшін қорқады. Сондықтан оған ақшаны алу, одан соң адамды құмға апарып атып тастау тиімді.

Осыдан соң Қара теңізге бардым. Ол жерде бір қырдың басына шығып алып дүрбімен күні бойы теңізді бақылап отырам. Мен сездім. Тезірек кету керек. Кетпесем тағы да отырғызады.  Осылай түрмеде жатып өлемін. «Есің барда еліңді тап» дейді қазақ. Ал керісінше мен елден кетіп барамын. Керек бір жерді табу керек болды. Осылайша, Дагамыс деген Ресейдің Қырымындағы жерде дүрбі салып қарап отырамын. Мен түрмеде отырғанда ақылымнан адаспау үшін бір ермек тапқан едім. Бір қағаз алып бір адамға арналған сүңгуір қайықтың жобасын жасадым. Шыққаннан кейін теңіз арқылы шетелге қашу үшін.

Таудың басында қарап отырсам, теңіздің ішінде жағалаудан шамамен 15-20 шақырым жерде күнде барып бір қайық тұрады. Балықшыға ұқсамайды. Менің түсінгенім ол жерде теңізді бақылау үшін антенна секілді бірдеңе құрып жатыр. Мен теңіз арқылы ешқайда кете алмайтынымды түсіндім.

Басқа жол іздеу керек.  Мәскеуде өзіммен бірге отырған бір жөйт ақыны бар еді. Соның үйіне барып қонатын болдым. Анда-санда барып жүргенде. Бір жолы барсам, үйінде бір әйел отыр. Ол жөйт әйелі екен. Досым өзінің қонағына менің жайымды түсіндірді. Әйел сұрады: «Сіз қайда жұмыс істеп жүрсіз» деп. Мен «Ухтада» дедім. «А, Ухтада ма? Бізге Харьковке келіңіз. Онда келіп жатқандар көп. Сол жерден сізге бір әйел табамыз. Сіз оған «үйленесіз», сосын кетесіз». Мен тура солай істедім. Бұл туралы орыс тілінде әңгімелерім де бар. Қалай кеткенім туралы.

– Сөйтіп бір еврей әйелге үйлендіңіз бе?

– Иә, жөйт әйелге «үйлендім». Ол былай болды. Үйлендім, тіркелдім. Осыдан соң менің атыма Израильден шақыру қағазы келуі тиіс болды. Көп күттік. Ақыры біреуі келді. Сөйтсек, одан бұрын төртеуі келген екен. Тек бесіншісін ғана тапсырыпты. Олар КГБ-дан тексеруден өтіп отырады ғой. Содан мені шетелдіктердің виза мәселесін шешетін бір әйел:

– Қазір біреуді шақырамын отырыңыз, – деді. Бір еркек келді. Ол айтты:

– Израильде не бар сізге? Қазақсыз, әйеліңіз болса украйн.

Мен айттым:

– Мәселе кімнің кім екендігінде емес. Мен кетейін деп отырмын. Мен Совет үкіметіне сыймайтын адаммын. Не мені қамаңдар, не болмаса жіберіңдер, – дедім.

Сонымен, күрес басталды. өзімнің атыммен жүрмін. Мені олар жақсы білді. Сонымен не керек, Совет үкіметінен бас тарту үшін адам басына 700 сомнан төлеу керек екен. Мен 2100 сомды бердім де виза алдық. Үш адамға өзіме, «әйеліме» оның әкесі орыс та шешесі украйн, бірақ олар некеде болмаған. Үшіншісі «әйелімнің» кәрі шешесі. Ал шамамен 10 жастағы баласына ештеңе керек емес. Осылайша, мен Венада қалып қойдым да олар ары қарай Израильге кетті. Бұл 1979 жылдың қысы болатын. Сол жылы желтоқсанның бесі күні Венаға келіп түстім. Сен бұл күнді Совет адамы болғанда ұмытпас едің. Бұл күн Сталиндік конституция күні болатын.

– Ал сол жерден Мюнхендегі Азаттық радиосын қалай таптыңыз?

– Азаттық радиосын бұрын естімеген едім. Итжеккенде жүрген адамға ондай радио тыңдау қайда. Әйткенмен, кейін оны орыс тіліндегі хабарларым естігенім бар. Бірақ, қазақ тіліндегі хабар тарататынын білмейтінмін. Сонымен мен Венаға келіп түстім. Венада Америка визасын күтіп жаттым. Елден кеткенде жоспарым бар еді. Шетелге щығамын. Бір теңіз портына жетемін. Сонда Америкага баратын кемеге жұмысшы болып жалданамын. Ол мені сонда апарып тастайды. Америкада фабрикага жұмысқа орналасамын. Ағылшын тілін үйренемін, үйренген соң өз жолымды өзім табамын деген. Мюнхеньде Азаттық радиосы, оның үстіне қазақ тілінде хабары бар деп өмірі естімегем. Сонымен қалай екенін білмеймін, сол жердегі қазақтар арқылы «Азаттық радиосына» келдім.

– Америкаға неге кетпедіңіз?

– Америкаға кету жоспарымды өзгерткенім былай болды. Келіп радиомен таныссын деп арнайы Венадан Мюнхенге шақырды. Танысу ретінде көрейін деп келдім. Келген соң радиоға арнайы сұхбат бердім. Сосын Кук деген кісі осында қызмет істеуім туралы ұсыныс жасады. Алдымен ойландым, сосын Наташаны кездестірдім. Ұнады, осылай қалып қойдым. Яғни арнайы Азаттық радиосынан жұмыс іздеп келген жоқпын мен. Бұл 1980 жылдың маусым айы болатын.

– Сіздің Кеңес Одағынан қашып шыққаныңыз туралы Еуропалық баспасөзде шықты ма?

– Жалпы, мен туралы аз жазылған жоқ. Францияда шығатын баспасөз кеңесінде де  шықтым. Онда тіптен өз мақалаларым да шықты. Француз тіліне аударылып. Орыс тілінде де басылды.

Сіз үйленіп пе едіңіз?

– Мен 28-ге дейін үйленбедім. Қалайша үйленесің, одан кейін үйленуге жағдай болмады. Қырғи қабақ салқын соғыс кезінде шетелдердегі бұрынғы Совет азаматтарына қауіп қатер бар еді. Америкалықтар олар үшін ешқандай қауіпсіздік шарасы көрмеді ғой. Мәселен, орыс-казактарының шетелде қалған Власов деген әскері болған. Бұлар коммунисттерге қарсы соғысқан. Америкалықтар соларды совет одағына тұтас беріп жіберді ғой. Соғыстан кейін батыста советтерден қалған қазақтар болсын, өзбектер болсын оларды өлтіру оп-оңай нәрсе болды ғой. Күзет не болмаса олардың жанын сақтау, жалпы совет босқындарын аман алып қалу жағын ойламады. Радиоға жаңадан келіп орналасқан кезімде бір күн Наташа екеуіміз, сонау Чехословакия шекарасынан өтіп бара жатсақ, шекара белгісі тұр екен. Мен көрейін деп жақындап көріп едім, неміс шекарашысы шығып айтты:

– Сіз мына жерден әрі барсаңыз біз сізге жәрдем көрсете алмаймыз. Себебі, бұл Чехословакия жері. Жақында осындай болған. Бір адамды қызылдар келіп сүйреп алып кетті.

Ал енді Берлинге бардық. Батыс Берлинді француздар, ағылшындар, америкалықтар бөліп алған. Сол жерде тілесең шеқарадан өтіп советтер жағына бара бер. Америкалықтар:

– Ей, қайдабарасың? – деп сұрамайды да сенен. Құжат көрсет деп те айтпайды. Егер өзің керек қылсаң:

– Мен ар жаққа кетіп барам, құжатым міне. Пәлен күні қайтам, – деп айтасың. Егер “Келмесем мені іздеңдер” деп айтпасаң америкалықтар кімнің кетіп жатқанына мән бермейді. Сонымен Шығыс Берлиннен Батыс Берлинге КГБ тыңшылары емін-еркін өтіп жататын. Олар осыны пайдаланып соғыстан қалған адамдардың көбісін өлтіріп кетті. Керек қылғандарын қайтарып алып кетті. Берлинде “Қайда барасың?”, “Кімсің?” деп тексеретін тек қызылдар жағы ғана болды.

Бұрын Оразақ Алматыда тараған бір сыбыс туралы маған айтқан болатын. Қазақстаннан екі КГБ қызметкері Германияға келген. Олардың біреуі Қамалиддинов, екіншісі бір жас қазақ офицері дейді. Олар берілген тапсырма бойынша, мені алып кетпек болған. Ол кезде Еуропаға келіп адамды алып кету түк емес болатын. Адамды кабинаға тығып жіберді ме, бітті. “Кімді, қайда апара жатырсың? Документі қайда? Ол кім?” деп сұрамайтын. Еуропаға өту үшін Берлинге бару та қажет емес. Мына Чехословакияға бар да өте бер. Қай жерде қызылдармен шекара бар, сол жерден адамды алып жүре бересің. Олар Германияға келді ме, білмеймін. Бірақ мен оған сенемін. Себебі, «Правда», «Избестия» газеттері мен туралы жазып жүрді ғой. Ол газеттер бар, сақтап қойдым.

Мен қазір аурумын, бірақ тәуір болам деген үмітім бар. Денсаулығым жақсарса, соларды бір тәртіпке келтірем бе деген ойым бар.

Маған келген зақым ауыр. Көпке шыдайалмаймын. денсаулықты түзеуге арналған нұсқаулықтар бар екен. Соны меңгеріп алу керек. Талай дәрі алмасты ғой. Күшті-күшті дәрілер.

–        Қазіргі күнде денсаулығыныз қандай?

Жасыратыны жоқ, аурудың аты ауру. Шынын айтқанда, мен о дүниеге дайындалып жүрмін.

-Құдай сақтасын!

-Ә, енді мен саған айтайын, тірі қалу мақсат емес. Мюхенде мына тау жақта атын атамай-ақ, қояйын. Көп адам өзін-өі өлтіріп жатады. Ауа ауысқанда немісше “фөн” дейді ғой, әсіресе ыстық күндерде бір түрлі ауа болды, сонда адам оны көтере алмайды екен де, өзіне-өзі қол салады екен. Кейде мен де ондай ойға оралатын едім. Бірақ кейін аурудың қысымы басылып, жеңілдегенде өлуге әлі ерте екен деп, оны істемей-ақ, қояиын деген ойға келемін.  Қайтесің енді, оның үстіне әйелім Наташаны жалғыз қалдырғым да келмейді. Оның көзінің ауруы бар. Жақсы көрмейді. Оған ем іздеп, Америкада тоғыз рет болдым. Өкінішке орай емі табылмады. Алайда, ауруды басатын, көздің ауруын ары асқындырмайтын біраз ем-домдар бар. Соған қарап, келешектен үміт етіп отырмын. Бұл әрине, адам еріккеннен істемейді, о дүниеге өз ерікмен кім кетсін!  Бірақ, кейде аурудың қысымы өте қатты болса, оны көтеру қиын болады екен.

– Тағдырыңызға өкінесіз бе?

– Оған еш өкінбеймін. Мен мұғалім болып жұмыс істей бергенде жүйкем тозар еді. Неге? Себебі, мен өзіме-өзім айтып жүрдім. «Сен мұғалімдікті қой! Сен өз ұжданыңды сатып, асыранба. Оданда фабрикага барып жұмыс істе, адал еңбек ет. Ешкімнің алдында ұялмайсың қызармайсын. Адал еңбегіңмен адал наныңды тауып жейсің», – деп. Ақыры  мұғалімдікті тастадым.

– Сіз Кеңес Одағы кезінде нақақтан айыпталдыңыз, сотталдыңыз, қамалдыңыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ақталдыңыз ба? Бір кезде сіздей айыпталып сотталып тіпті атылып кеткен Алаш қайраткерлері ақталған еді?

– Алматыда болсаң, осыдан бір оншақты жыл деймін бе, «Юридический вестник» деген газет шыққан. Сонда барлығы жазылған. Не үшін, қандай айып тағылды. Газеттің қорытындыснда “Мақмет Құлмағамбетов жазықсыз айыпталып, 10 жылға қамады, енді Жоғарғы соттың үкімімен ақталды” делінген. Белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ақталуымда еңбегі болған деп естідім. Ол, апырмай деймін, күшті адам. Беделді, шетелге шығып жүрген адам болғаннан кейін оның айтқанына құлақ қойды.

Комунистердің әдеті де баяғы, алдымен адамды айыптап, атып тастайды да, сосын барып ақтап жатады. Сол сияқты мені 10 жылға отырғызды да кейін ақтады. Қазір мен ақпын. Ақталдым. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ақталдым.

Әбдіуақап Қара «Қазақ альманағы» №3(7), Мамыр-маусым 2010 жыл

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *