«Ақ балапан» Еуропаға қанат қақты

Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай аймағында туып, атажұртына оралған қандасымыздың қаламынан бұған дейін «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні» сияқты кітаптар жарық көрген. Тарихи тақырыппен қоса бүгінгі таңдағы ақтаңдағы арылмаған балалар әдебиетінің де дамуына зор үлес қосып келе жатқан жазушының бір топ әңгімелері бастауыш сынып оқулықтарына енсе, былтыр ғана Астанада жарық көрген «Ақ балапан» мен «Балқаймақ» та өрендердің сүйікті кітабына айналған. Бұл жолы тілі жеңіл, оқиғасы қарапайым әрі тәрбиелік мәні аса зор «Ақ балапанның» Түрік елінде латын әліпбінде жарық көруі ондағы және бүкіл Еуропадағы қазақ диаспорасы үшін өте маңызды екені анық.

Бұл күнде Астананың іргесіндегі Қоянды бастауыш мектебінің директоры қызметін атқарып отырған жазушы ағамыз өзінің балалар тақырыбына бұрыннан қалам тербеп жүргенін айта келіп, – менің ең алғашқы еңбек жолым ұстаздықпен басталған. Сол ұлы жолды биыл Қоянды мектебінде қайта жалғастырып жатырмын. Бүгінгі жаһандану дәуірінде бала тәрбиесінің мән-маңызы күн сайын артып келе жатқанын барлығымыз білеміз. Еліміздегі балалар әдебиеті де тым дамымаған жанр. «Ақ балапанға» өлең, жаңылтпаш, мысал әңгімелерді көптеп енгізгенмін. Ал, Түркияда жаңадан жарық көріп жатқан латын нұсқасына қазақтың салт-дәстүрін және туыстық атауларды қамтыдым,-деді.

«Ақ балапанның» алысқа қанат қағып, оны шеттегі ұрпақтың руханиятына үлес қостыруға күш жұмсаған Ыстамбұлдағы тарихшы, ғалым Әбдіуақап Қара былай деді: «Балаларға арнап еңбек жазу қыйынның қыйыны. Бауырымыз Жәди Шәкеннің қаламынан туған тілі мен мазмұны жағынан балалардың түсінуіне жеңіл және тәрбиелік маңызы зор «Ақ балапан» сияқты балаларға арналған туындыларды Түркия мен Еуропа елдеріндегі қазақ балалары да оқыса жақсы болар еді деп ойлайтынмын. Өкінішке қарай, кирилл харпінде шыққан кітаптарды балаларға оқыту өте қиын. Сондықтан автормен ақылдаса келіп бұл еңбекті латын әліпбиімен шығаруды жөн көрдік. Өткен жылы Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен Ыстамбұлдағы Қазақ қорында балаларға арналған бір мәдени орталық ашылды. Бұл Түркия мен Еуропа қазақтары үшін ашылған тұңғыш орталық. Осы орталықта балаларға қазақ тілі мен мәдениеті үйретілуде. Бірақ орталықтағы мұғалімдер латын әріптерімен жазылған қазақша еңбектерді табуда қыйналатындықтарын жиі айтатын. Бұл еңбектің осы сұранысты қанағаттандыруға титтей де болса өзіндік үлесін қосатынына сенімдімін. Сондай-ақ, Түркі әлемі, әсіресе қазақ балалар әдебиеті туралы зерттеулер жүргізген ғалымдарға, қазақ тілін үйреніп жетілдіруді армандаған әр түрлі жас пен кәсіптегі адамдардың ынта-ықыласына бөленеді деген ойдамыз».

Майгүл СҰЛТАН

http://baq.kz/kk/diaspora/847

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *