Түркияда Қазақ тарихшыларының кездесуі

Қазақстанның Cтамбұлдағы консулдығы мен Қазақ қорының ұйымдастыруымен өткен кездесуде қазақ тарихы туралы зерттеулердегі соңғы даму мәселелері әңгіме етілді. Қор төрағасының орынбасары Фазыл Топлы мен Зейтінбұрын аудан әкімінің орынбасары Ильяс Сақалар кездесуді ашты.  Қа­зақ­станның  Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мырзаның қазақ та­рихы туралы зерттеулерде жаңа көзқарас пен методика керек деген сөз­деріне қосылатынымызды айтып, осы орайда кеңестік кезеңде қа­лып­тасқан қазақ тарихына қырын  қа­раудан бұдан былай ада болуымыз ке­ректігіне назар аудардық.

Мәселен соңғы жылдарға дей­ін Алашорда автономиясы мен Түр­кістан автономиясы екі бөлек тарих ретінде қарастырылды. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай мен Алашорда қайраткерлері екі бөлек зерттелді. “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” дегендей ұлттық та­рихты бөліп зерттеуден қол жет­кізетін қорытындының да жартыкеш болары даусыз.

Осындай зерттеу арқылы бір­тұтас Түркістан идеясын бірінші Тұрар Рысқұловтың ортаға сал­ғанын, одан кейін оны Еуропа ел­дерінде Мұстафа Шоқайдың ту ет­кенін көреміз. Ал сол идея жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы жолдауында “Орталық Азия Одағы” ретінде көрініс беріп отыр. Демек тарихи тәжірибе аймақтағы елдердің егемендігінің баянды болуының олардың ынты­мақ­тастығында жатқанын бізге әйгілеуде.

Тарихи тұтастықтың ауқымын тіпті Орталық Азияның өзге халықтарын да қамтитындай кеңейте алсақ, одан ұтпасақ ұтылмайтын сияқтымыз. Өйт­кені біздің осы күндері жасап жатқан жаңа зерттеуіміздің қорытындысы бізді осындай ойға жетелеп отыр. Айтайын дегеніміз, қазақ тарихын Орталық Азияның өзге халықтарының тарихынан да бөліп қарамау керек. Бұл әсіресе ХХ ғасырдағы қазақ тарихының мәні мен мазмұнын толық ашу үшін қажет. Қазақстанда Кеңестік билік және түрікшілдік ту­ралы жасаған зерттеуімізде Кеңестік билік немесе өктемдікке қарсы күрес жүргізген Алашорданың ұлтшыл қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұстафа Шоқайдың, сондай-ақ революционер бағыттағы қайраткерлер Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасовтың тарихи қызметтерінің толық қыр-сыры жалпы Орталық Азия халықтарының тарихымен бірге қолға алғанда анық көрініс беруде және олардың өзге халықтардың тағдырына ықпал жасағаны байқалуда.

Стамбұлда қазан айының  5-і күні өткен тарихшылардың басқосуында белгілі филолог, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қолдауында 23 ғалымның Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Түркия және Моңғолия елдеріне аттанып, қазақ тарихына қатысты құнды деректермен отанға оралғанын атап өтті.

Осыдан кейін мінбеге көтерілген Әлкей Марғұлан археология инсти­ту­тының профессоры Зейнолла Самашев Қазақстанда тарих саласында үлкен серпіліс басталғанын көрсете келіп, 1996-1997 жылдары шыққан бес томдық қазақ тарихының миссиясын орындап, енді ескіргенін, қазір 40-тай тарихшының 10 томдық қазақ тарихын жаңа көзқараспен жазып жатқанына тоқталды. Ол сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ жерінде 4-5 алтын адамның тағы табылып, тарихтың атасы болып саналатын археология саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін де атап өтті.

Осыдан кейін сөз кезегі келген профессор Талас Омарбеков қазақ тарихының негізінен алғанда ру-тайпалар тарихы екеніне баса көрсетті.  Омарбеков сөзін былай деп жалғастырды: “Қазақ халқы 45 ру-тайпадан құралады. Қазіргі Қазақстан аумағы да осы ру-тайпалардың жайлаған жері. Сондықтан ру-тайпалардың шығу тарихы зерттелсе, қазақтың тарихы да зерттелген болады. Қазақ халқы жеті атасын білмеген жетесіз деп бекер айтпаған. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осы бағытта бізге жол ашып беріп отыр.”

Сонымен қатар Омарбеков қазіргі таңда ҚазҰУ-да қазақ тарихын зерттеу жайында үкіметтің қаржылай қолдауында төрт орталық құрылып отыр­ға­нын атап өтті.

Талас Омарбеков: “Бұрын Кеңестік кезеңде тарих­шы­ларды идеоло­гия­лық тар шең­берде жұмыс істеуге мәж­бүрлеп “ананы жаз, мы­на­ны жазба” деп, бағыт беріп отыратын. Ал қазір болса, егеменді Қазақстанда ор­та­лықтарды құрып қаржы беріп отырған үкімет жүгенімізді де бос қоя беріп отыр”, – деді.

Осыдан кейін мінбеге көте­рілген түркиялық қазақтардан шыққан және өткен жылы Мармара университетінде тарих саласында докторлық диссертация қорғаған Ибрахим Қалқан түркиялық қазақтардың көш тарихы мен 1986 жылы құрылған түркиялық қа­зақ­тар­дың мәдени қоры туралы баян­дама жасады.

 

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем

өнер университетінің профессоры

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *