Мұстафа Шоқайға Қазақстанда тиісті бағанын әлі берілмей келе жатқанынан кім жауапты ?

Азаттық радиосының хабарына қарағанда, белгілі ақын және «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын деректі фильмнің авторы Қасымхан Бегманов өскемендік «Флеш!» газетінің бас редакторы мен журналисін Мұстафа Шоқай туралы теріс пікір таратқанын айтып, сотқа берген.

Өйткені аталған газеттің бас редакторы Данилевский 2011 жылдың 26 шілдесіндегі мақаласында Мұстафа Шоқайды «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы» деп көрсеткен.

Өскемен қаласында Бегмановтың Шоқай туралы деректі фильмінің тұсаукересі болғаннан кейін аталған газетте басқа бір журналист, атап айтқанда Сергей Михеев Шоқай туралы «Мұстафа Шоқай – Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы,  «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі» деп сеніп және мұны жазып отырса, бұл, тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақстан үшін үлкен сын болса керек.

Өйткені екі журналисттің айтқандарының барлығының Кеңестік идеологияның негізсіз жалалары екенін Шоқайтану ғылымы нақты деректер және бұлтартпас фактилермен әлдеқашан айғақтаған. Біз оның фашисттермен ешқашан біргестеспегенін осыдан 10 жыл бұрын Ыстамбұлда жарық көрген « Мұстафа Шоқай өмірі мен күресі » деген еңбегімізде неміс және француз деректері негізінде ортаға салған едік. Ол еңбегімізде тіпті керісінше, нацисттердің біргестесу жөніндегі ұсынысын қабылдамағаны үшін у беріліп өлтірілгеніне де көрсеткен едік. Міне осы нақты фактині өкінішке орай Қазақстанның зиялылар қатарына жататын бір қатар журналистері білмей отыр. Мұны қалай түсінуге болады ?

Бізден кейін Шоқай туралы зерттеулер жүргізген ғалымдар да Шоқайдың « сатқын » емес екені жөніндегі көптеген басқа дерек-айғақтарға қол жеткізді. Мәселен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры және Польша мен Германия архивтерінде жұмыс істеген Гүлжаухар Көкебаева сол архивтерде Мұстафа Шоқайдың нацистермен бірге істескен сатқын екенін көрсететін бір де бір құжат-дерек болмағанын, бірақ керісінше оның нацистерге қарсы болғанын көрсететін көптеген деректердің бар екенін зерттеулерінде ортаға салып отыр.

Демек Шоқайға « сатқын » деп отырған журналисттер бұл еңбектерді оқымаған. Негізінен алғанда орыс текті азаматтар, Қазақстан тарихшыларының жазғандарынан көрі, Ресейлік тарихшылардың жазғандарын көбірек оқып жүрген болса керек.

Өйткені Ресейлік тарихшы ғалымдардың Шоқай шындықтарынан әлі  де болса бейхабар болып, Шоқайға сатқын ретінде қарап отырғандықтары бізге мәлім. Өткен жылы, атап айтқанда 2011 жылы қарашада Алматыда Шығыстану институты тарапынан өткізілген халықаралық Мұстафа Шоқай симпозиумында Астанадағы Мемлекеттік тарих институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған Ресейлік тарихшылардың Шоқайға сатқын ретінде қарап отырғанын айтқан еді.

Бұған қарағанда, ресейлік тарихшылар Шоқай туралы зерттеулерде соңғы жылдарда қазақ ғалымдарының қол жеткізген жетістіктерінен хабарсыз көрінеді. Мұның басты себебі Ресей ғалымдарының қазақ тілін білмеуінде жатса керек. Сондықтан қазақ тіліндегі Шоқай туралы маңызды зерттеулерді орыс, ағылшын, неміс және француз тілдеріне аударып отыру қажет сияқты.

Негізінен тарих ғылымы басқа ғылымдарға ұқсамайды. Өйткені оның ұлттық сипаты басым болады. Сондықтан осы ғылымның әсіресе ұлттық сипаты зор және ұлттық сананы күшейтетін соны жаңалықтары басқа елдердің ғалымдарын қызықтырмайды. Әр салада болғанындай, тарих ғылымында да ірі табыстары бар Ресей ғалымдары егер Шоқай ақ болмай « сатқын » болғанда, әлдеқашан түбіне дейін зерттеп том том кітап қып « сіздердің мақтаған Шоқайларыңыз мынау » деп ортаға салар еді. Бұған ешкім күмән келтірмесін. Ресейде ондай зерттеулердің болмағанының өзі Шоқайдың ұлы тұлға екенін белгісі.

Сонымен орыс ғалымдарының Шоқай сатқын емес, ұлы тұлға, тіпті әлем сыйлаған нағыз патриот болғаны анықталғаннан кейін ол туралы зерттеулерге қызықпағанын айта аламыз. Тіпті олар Шоқайдың сатқын емес екенін білсе де, білмеген болып бұрынғы көзқарастарын жалғастыруда.

Олай болса, Ресей ғалымдарының Шоқай туралы шындықтармен танысуына көмектесу қазақ ғалымдарының, қазақ мемлекеттік орындарының міндеті. Шоқай туралы ғылыми кітаптарды орыс тіліне аударып оларды шындықтардан хабардар етуіміз қажет.

Негізінен алғанда орыс ғалымдарының бағыты дұрыс. Олар өздері мүдделі болмаған, тіпті мүдделеріне қайшы келетін тақырыптарды әрине зерттегісі, көргісі, үйренгісі келмейді. Олардын осындай тақырыптарда сауатын ашып шындықтарды көрсетіп беру Қазақстан үшін аса маңызды. Өйткені Ресейлік ғалымдардың пікірлері мен еңбектері, тіпті ақпарат құралдарының әсер ықпалының Қазақстанда, бір көрші елдің басқа бір көрші елдегі ықпалынан әлдеқайда жоғары екені мәлім.

Сондықтан Ресейлік ғалымдар мен журналисттердің Қазақстан туралы жаңсақ ой-көзқарастары Қазақстандағы әсіресе қазақ тілін білмейтін орыс тілді азаматтарды да адастыруда. Мұны Өскемендегі журналисттің қазақтың бір туар, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғасы Шоқайға шімірікпестен « сатқын » деуі нақты көрсетіп отырған жоқ па?

Тегі кім болса, сол болсын, барлық Қазақстан азаматтары Қазақелінің тәуелсіздігін, тәуелсіздік тарихының ұлы тұлғаларын жоғары бағалап сыйлауы керек. Яғни Қазақстанда оларды сыйлау тек қазақ халқына тиесілі емес. Өзге ұлт өкілдері де сыйлауға міндетті.

Демократиялық және пікір бостандығы болған елдерде, әрқандай бір пікірді айтқаны үшін бір адамды сотқа беруге болмайды. Бірақ бұл бостандық, ешбір азаматқа елдің құрметтеген тарихи тұлғасына  « сатқын » деп балағаттауына да мүмкіндік бермейді. Сондықтан аталған журналисттің сотқа берілгені дұрыс. Бірақ ақпараттарға қарағанда, Өскемен қалалық соты «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын деректі фильмнің авторы әрі режиссері Қасымхан Бегмановтың өскемендік журналистерге қарсы түсірген талап-арызын қабылдамаған.

Бегмановтың адвокатының сөзіне қарағанда, судья «мақаладағы теріс пікір – фильмнің авторына емес, кейіпкеріне қатысты» екенін айтып, Бегмановтың арызын қанағаттандырмаған.

Бұл жерде өкінішке орай соттың бұл үкімі де әділетті емес. Өйткені бұл үкімімен сот фильм авторына сатқын деуге болмайды, бірақ Мұстафа Шоқайға сатқын деуге бола береді деген мазмұнда үкім шығарып отыр. Бұл жерде фильм кейіпкері делініп отырылған бір көркем фильмнің кейіпкері емес, деректі фильмдегі өмірде болаған шынайы және бір елдің ұлы тұлғасы екені ескерілмеген.

Сондықтан Мұстафа Шоқайдың туыстары туысымызға, немесе ұлт жанашырлары қазақ ұлтының ұлы тұлғасына тіл тигізді деп сол журналисттерді қайта сотқа беруге хақысы бар.

Сотта сол журналисттер Шоқайға « сатқын » деп берген бағаларын дәлелдеулері керек. Егер дәлелдері жоқ болса, онда бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраулары тиіс. Мәселен « Шоқай туралы ортаға шыққан соны деректерден қазақ тілін білмегендіктен хабарым жоқ еді, қателік жіберіппін, бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраймын », деуі қажет.

Өйткені Шоқай тек қазақ халқының ғана ұлы тұлғасы емес, ол бүкіл Қазақстан халқының ұлы тұлғасы. Бүгін Қазақстан және өзге Кеңес халықтары тәуелсіздікке қол жеткізіп отырса, мұнда Шоқай сынды тарихи тұлғалардың рөлі зор.

Бірақ егер ол журналисттердің басқа уәж айтып қателігін мойындағанмен кешірім сұраудан бас тартуы да ықтимал. Мәселен олардың бірінің былай деуі мүмкін :

« Осы сот және мақалама жасалған сындардан кейін қана Шоқайдың фашисттермен біргестеспегенін анықтаған деректерден хабардар болдым. Сөйтіп Мұстафа Шоқайдың ұлы тұлға екеніне енді көзім жетті. Бірақ одан бұрын мен оны сатқын деп білетіндігім рас. Менде қазақ халқының ұлы тұлғасына қасақана жала жабу деген ой ешқашан болған емес. Алайда қазірдің өзінде кейбір ғалымдардың еңбектерінен, мақалаларынан басқа, Шоқайдың ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлға болғанын көрсететін Қазақстанда ешқандай белгі – ескерткіш көріп отырғаным да жоқ.

Тағы ол туралы істеліп жатқан халықтық үлкен іс-шаралар да көрмедім. Сондықтан менің Шоқай сатқын деген көзқарасым қазірге дейін өзгермей келе жатқан еді. Сіздер мені сотқа беріп жатқандарыңызбен, Шоқай құрмет көрсетіп отырған қазақтарды мен көріп отырған жоқпын. Шоқай ұлы тұлға болса, Қазақстанның бас қаласында Астанада оған арнап бір көшеге неге аты берілмейді ? Астанада оған арналып бір ескерткіш қойылып музей неге ашылмайды ? Тіпті Қазақстанның 20 жылдығы құттықталып аталып өтілген көптеген шаралардың ешбіреуінде Мұстафа Шоқайдың атын да естімедім, затын да көрмедім. Ондайларды көрмегендіктен, кейде қазақтар арасында Шоқай ұлы тұлға деген сөздердің әшейін қана айтылған негізсіз сөздер екен деп ойлап жүрдім. Сондықтан Шоқай туралы Кеңес уақтындан бері айтылып келе жатқан және санамда « сатқын » деп қалыптасқан көзқарасыма ешқашан күдік келтірмедім.

Сол себептен Шоқай туралы Қасымхан Бегмановтың деректі фильмін Өскеменде қала әкімшілігінің қолдауында көрсетілгенде әрі таң қалдым, әрі бір « сатқынға » орынсыз құрмет көрсетіліп жатыр деп ашуым келді. Сонымен саналы бір журналист ретінде мұндай « жүгенсіздікті » сынға алып мақала жаздым. Мұның кінәлісі мен емес Шоқайдың ұлы тұлға екенін бізге сездірмеген қазақтардың өзі. Сондықтан мен ақпын. Шоқайға сатқын деп жазғанымның қателік екенін мойындаймын, бірақ кешірім сұрамаймын. Оның кінәлісі мен емес басқалар. »

Міне бұл журналист осылайша ақталып шықса, бұл мәселеде оның « басқалар » дегені кім болады ? Кейін осылай басқа оқиғалар болып жатпасына кім кепіл ? Қазақстанда Шоқайдың тиісті бағасын әлі күнге дейін ала алмай келе жатқанынан кім жауапты ?

Жалпы айтқанда, осы мәселеден кінәлі болуы ықтимал үш топ бар.

Біріншісі, Шоқай шындықтарын бүкіл Қазақстан азаматтарына жеткізе алмаған тарихшылар.

Екіншісі тарихшылардың адам аз оқитын ғылыми еңбектерін көркем шығармаларына арқау етіп дүйім жұрттын санасын ашпаған жазушылар, журналисттер мен басқа көпшілікке әсер ететін салалардың мамандары.

Үшіншісі тәуелсіздік тарихының ұлттық тұлғалары мен құбылыстарын зерттеуге, халыққа жеткізуге, Қазақстан Республикасының әр тарапында   көшелерге, саябақтарга олардың аттарын беруге, ескерткіш орнатып музей ашуға жағдай жасамаған жауапты мемлекеттік орындарда отырғандар.  Бұл үш топтан қайсысы жауапты ? Менің ойынша, осы айтылғандардың барлығы да жауапты.

Себебі, бұлардың көбісі Қазақстан тәуелсіздік тарихы дегенді, тәуелсіздік тарихының ұлы тұлғалары дегенді, көбінесе Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңі деп түсінеді. Негізінен отарлық езгіден құтылып тәуелсіздікке қол жеткізген әр елдің тәуелсіздік тарихы тәуелсіздіктен алдынғы және кейінгі болып екі кезеңнен тұрады. Бұл екі кезең бірінбірі толықтыра түседі. Бірі кем болса, тәуелсіздік тарихы мәнін жоғалтып алады.

Сонымен қорыта айтар болсақ, Шоқайды « сатқын » деп балағаттап мақала жазған журналисттер бүгінгі танда соттың ол туралы арыздарды қанағаттандырмауымен соттың үкімінен құтылып отыр. Бірақ тәуелсіздік тарихының көрнекті тұлғасы Шоқайға Қазақстанда тиісті баға берілмеуінен жауапты азаматтар өздерінің ар-ождан соттарының үкімінен еш-қашан құтылмақ емес.

Әбдіуақап Қара – Стамбул

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *