Түркияда “Тұрғыт Өзал және түркі дүниесі” кітабы жарық көрді

Ғалым Әбдіуақап Қара кітаптың “Өзалдың түркі республикаларына соңғы сапары және дүниеден қайтуы” деп аталған соңғы тарауында саясаткердің өз ажалынан да, не біреудің қолынан да өлуі  мүмкін екенін жазады. Ғалымның пікірінше, Өзалдың өлімі әсіресе түркі дүниесінің ынтымақтасуына қарсы болғандардың мүдделеріне сай келген. Бірақ бұл жағдай оның қастаңдықпен өлтірілгенін аңғартпайды.

Өйткені Өзал кезіндегі Түркияның сыртқы саясаты ХХІ- ғасырды “түркі ғасыры” етуге бағытталған еді. Өзал осы мақсатқа бұрынғы Кеңестік түркі халықтар мен өз елін өзара экономикалық ынтымақтастық пен коммуникациялық желілерді дамытып, жақындастыруға  сенген еді.

Негізінен, Өзалдың сырқатқа шалдыққаны рас және өмірінің соңғы күндерінде қажығаны байқалған.  Оған денсаушылығына байланысты түркі республикаларына сапарды кейінге қалдыру жайында кеңес берілген. Бірақ ол оны қабылдамаған. Зайыбы Семра Өзал, Өзбекстан сапары кезінде ажалға жақын екенін президенттің өзі сездіргенін айтады.

Өзбекстанға барғанда Өзал бір журналистке тапсырма беріп, Бұхара қаласында Шахы Накшибендінің кесенесінен анасының бейітіне қоюға топырақ алуын сұраған. Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовпен кесенеге келген Өзал бейіттен топырақ алып жатқан журналисті көргенде “Ұлым, топырақ алдың ба? Біраз көбірек ал, керек болады.” деген. Міне, осы жерден алынған көбірек топырақ Түркияға қайтқаннан кейін екі күннен кейін Өзалдың өзінің бейітіне бұйырған. Бұл жағдайды бір қатар түрік зиялылары Өзалдың жақын арада мәңгілікке аттананатынын сезгендігі деп тұжырымдауда.

Ғалым Қара кітапқа жазған алғы сөзінде Өзал туралы осы еңбекті жазуға мемлекеттік қайраткердің түркі дүниесімен байланыстары туралы бұған дейін бірде-бір кітаптың жазылмағаны себеп болғанын айтты. Оның атап өтуінше, бүгінге дейін Өзал туралы шыққан жиырмадан астам кітап Өзалдың Түркияның ішкі саясатына сіңірген еңбегі мен өмір белестеріне арналған.

270 беттік кітапта Тұрғыт Өзал билікке келген 1983-жылдан  1991- жылға дейінгі  Түрік-Кеңес байланыстары, Түркия – түркі республикаларының қарым-қатынасы кеңінен сөз болған. Әсіресе, 1991-1993 жылдардағы Түркия мен тәуелсіз түркі республикалары арасында алғаш байланыстар орнаған сәттегі тебіреніс пен қуаныш нақты көрсетілген.

Бұған қоса, Кеңес Одағының қатал режимін алғашқы болып шайқалтқан қазақ жастарының 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісі сол кезде түрік баспасөзінде қалай хабарланғаны және түрік журналистері мен зиялыларының осы оқиғаға қатысты реакциясы туралы жазылған. Осы оқиғадан кейін Кеңес халықтарының тәуелсіздікке баратын іс-қимылдарының белең алғанына тоқталған.

Кітапта кейінгі тараулар “Мәскеудегі 1991-жылғы төңкеріс әрекеті”, “Кеңес Одағының тарауы және  ТМД құрылу процесі”, “Ядролық күш –  Қазақстан”, “Түркия мен түркі республикалар арасындағы алғашқы байланыстар”, “Жаңа тәуелсіз түркі республикалар туғызған жаңа мүмкіншіліктер”, “Түрік моделі”, “Президент Демирелдің түркі республикаларға бағытталған сапары”, “Түркі дүниесінде ынтымақтастық құру жайындағы алғашқы қадамдар”, “Түркі тілдес елдер мемлекет басшыларының алғашқы саммиті”, “Өзалдың түркі республикаларына соңғы сапары және дүниеден қайтуы” деп аталады.

Батыс елдерінде және Түркияда 1983-1993 жылдары арасында жарияланған материалдарға негізделе отырылып жазылған кітапқа Тұрғыт Өзалға қатысты талқылаулар мен тың зерттеулер жүріп жатқан тұста қызығушылықтың жоғары екені сөзсіз.

Мақсат Асылбекұлы

http://ult.kz/kz/article/view?id=566

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *