ТҮРКИЯ 16 ТҮРІК ИМПЕРИЯСЫН ҰЛЫҚТАУДА

12 қаңтар күнгі қабылдау рәсімінде Президент Ердоған екінші қабаттан түсетін баспалдақтардың екі жағына тізіліп тұрған және 16 түркі мемлекетінің әскери киімдерін киген 16 солдаттың арасынан өтіп, төменге түсіп, құрметті қонағын қарсы алды.

 

Баспалдақтың екі жағына сегіз-сегізден тізілген 16 әскер Түркияның президент гербіндегі 16 түрік ұлы мемлекетін бейнелеуде. Ол герб Түркияның тұнғыш президенті Мұстафа Қамал Ататүрік тарапынан 1922 жылы белгілеген бір күн және айналасындағы 16 жұлдыздан тұрады.

Гербтегі 16 жұлдыз,  ежелгі дәуірлерден қазірге дейін түркілер құрған 16 ұлы мемлекетті бейнелейді делінген Түркия президентінің ресми сайтында. Бұл мемлекеттер түркілер  құрған үлкенді-кішілі 120-дай мемлекет ішіндегі ең ұлылары. Олар:

Ұлы Ғұн империясы (б.з.д. 204 – б.з.к. 216)

Батыс Ғұн империясы (б.з.к. 48-217)

Еуропа Ғұн империясы (б.з.к. 375-469)

Ақ Ғұн империясы (б.з.к. 420-552)

Көктүрік империясы (б.з.к. 552-745)

Ауар империясы (б.з.к. 565-835)

Хазар империясы (б.з.к. 651-983)

Ұйғұр мемлекеті (б.з.к. 745-1368)

Қарахан мемлекеті (б.з.к. 940-1040)

Ғазнауи мемлекеті (б.з.к. 962-1183)

Ұлы Селжұктар мемлекеті (б.з.к. 1040-1157)

Хорезмшаһ мемлекеті (б.з.к. 1097-1231)

Алтынорда мемлекеті (б.з.к. 1236-1502)

Ұлы Тимұр мемлекеті (б.з.к. 1368-1501)

Бабыр мемлекеті (б.з.к. 1526-1858)

Османлы мемлекеті (б.з.к. 1299-1922)

Түркия президенті Ердоғанның бұл бастамасы түрік тарихшылары арасында дау-дамай тудырмай қойған жоқ. Біреулер қолдап жақсы бастама екенін көрсетсе, екінші біреулер мұның керексіз дүние екенін меңзеді. Ал басқа біреулер болса, осыдан қаншама ғасыр бұрынғы түрік жауынгерлерінің қалай киінгенін анықтаудың мүмкін еместігіне орай,  солдаттар киген тарихи киімдерін сынға алды.

Өнер тарихшысы профессор Нұрхан Атасой “ХІІІ-ХІУ- ғасырлардағы түркі мемлекеттер туралы миниатюраларда суреттер бар. Кейбір солдаттардың киімі осындай миниатюраларға қарап жасалғанға ұқсайды. Бірақ киімдер заманауи маталардан жасалғандықтан түстері дәл келмеген. Маған ұнамады. Мәселен Османлы армиясы атласты мата қолданған, бүгін оған сатин мата дөп келеді. Өйткені түстер атласта күнгірт, сатинде жылтырақ келеді. Бұлар жіңішке дүниелер. Сонсоң ол кездің солдаттары мұндай баспалдақтарда өмір сүрмеген. Сондықтан баспалдақта тұрған әскерлер мені қынжылтты. Егер сіз көне түркілердің мемлекеттерін елестетуді мақсат етсеңіз, онда ескі түркілердің салт-дәстүрлерін назарға алғаныңыз жөн болар. Бұл жағдайды жақсы зерттеу керек. Тарихтағы ұлы мемлекеттерімізді еске салу өте жақсы идея, бірақ оны нақты іске асыру керек, сонда ол көбірек әсерлі болады” деді.

Османлы тарихы туралы зерттеулерімен танымал профессор Ерхан Афйоншы болса, киімдердің соншама жаман емес екенін айта келіп шетелдік мемлекет қайраткерлерін тарихи костюмдермен қарсы алудың әлемде өркениетті бір қатар елдерде бар салт екенін атап өтті. Шетелдік құрметті қонақтарды Францияның Наполеон кезінің әскери киімдерімен, ал Моңғолияда Шынғыс Хан жауынгерлерімен қарсы алуда екенін айтқан ол сөзін былай деп жалғастырды: “Османлы армиясынан өзге түркі мемлекеттері жауынгерлерінің киімдерін нақты білмейміз. Мәселен Көктүрік армиясының киімдерінің қалай екенін бүгінгі таңда кім біледі? Білгендер бар болса, айтсын біз де білейік. Президент әкімшілігі осы киімдерді дайындау барысында, ішінде өзім де бар, көптеген тарихшылардан пікір алды. Қолда бар мәліметтерге қарай костюмдер жасалған. Дегенмен ол костюмдер жаман емес.”

Түркияның “Хүрриет” газеті Ердоғанның Палестина Президентін 16 әскери киімді солдатпен қарсы алуын “маскалы бал” деп сынға алса, оппозициялық Ұлтшыл қозғалыс партиясының депутаты, тарих ғылымының докторы және Ұлттық тарих институтының бұрынғы директоры профессор Юсұф Халачоғлы да, 16 жауынгердің костюмдерінің шынайы емес екендігін алға тартты.

Бұл мәселе шетел баспасөз беттерінде де түрлі тұжырымдарға себеп болған. Мәселен, Австрияның “Дер Стандарт” газеті Түркия Президентінің Палестина президентің жаңа рәсіммен қарсы алуын ұнатпағандық сыңай байқатып оны “Аббасты қабылдауда костюмдік ойын-сауық” деп сипаттаса, “Ел Арабия” газеті “Ердоган Аббасты сарайында жауынгерлермен қарсы алды” деді. Бір басқа газет, атап айтқанда Блумберг газеті де “Жаңа мемлекеттің рәсімінде Ердоған көне түркі империяларын еске салды” деп тұжырымдаса, Гардиан газеті “Аббас Түркияның президенттік сарайында Ердоған және 16 жауынгерімен қарсы алынды” дегенді айтты.

Шетелдік ел бастықтарын 16 тарихи түрік армияларының жауынгерлерімен қарсы алу идеясы президенттің күзет қызметіндегі сарбаздардан шыққан. Идея қабылданғаннан кейін тарихтағы түрік мемлекеттердің армияларының киімдері туралы зерттеулер жүргізілген. Зерттеулер нәтижесінде қол жеткізілген мәліметтерге сүйене отырып киімдер тігілген. Бұдан былай осы 16 жауынгер президент сарайындағы рәсімдердің  барлығына қатыстырылып президенттік гербтегі 16 ұлы түрік мемлекетін бейнелейтіні айтылуда.

Ердоғаннан алдынғы Президент Абдолла Гүл де атты жауынгерлерді шетел президенттерін қарсы алу рәсімдеріне қатыстыру үрдісін бастатқан еді. Бұл алғаш рет, 2014 жылы, көкек айында Латвия Президенті Андрис Берзинсті қарсы алу рәсімінде құрлық күштеріне қарасты атты әскерлердің орын алуымен жүзеге асқан еді. Бұл үрдіс Президент Ердоған кезінде де жалғасты.

Палестина Президенті Махмұд Аббастан кейін 15 қаңтар күні Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевті қарсы алу рәсімінде 16 ұлы түрік мемлекеттерінің бейнелеген жауынгерлер де орын алды. Тіпті олардың артында сол мемлекеттердің туларына да орын берілді.

Сонымен қорытып айтар болсақ, Түркия Президенті Ердоғанның президенттік сарайда тарихтағы 16 түрік мемлекетінің жауынгерлерін бейнелеген костюм киген солдаттармен қарсы алуы Анқара үшін әсіресе сыртқы саясатта жаңа бір кезеңнің ишарасы сыяқты.

Президент Ердоған бұл арқылы шетел президенттеріне Түркияның сан мың жылдық тарихы бар іргелі ел екенін және ұлы империялар құрған құдыретті бір ұлттың мемлекеті екеніне меңзеуде.

Екінші жақтан Ердоған туысқан ел президенттеріне де ортақ тарих пен мәдениетке ие екеніндіктерін байқатып бүгінгі жаһандық дәуірде түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейткісі келетінін көрсетуде.

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем

өнер университетінің профессоры

http://turkystan.kz/articles/view/63773

Bir Cevap Yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *